Читать книгу Француз-герман қарым-қатынастары (ХХ ғ. 50-60-жылдар) - Амангелді Әліпбаев - Страница 2

І ТАРАУ
ФРАНЦУЗ-ГЕРМАН ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ САЯСИ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ТАРИХИ НЕГІЗДЕРІ
1. Француз-герман қатынастарының тарихи ретроспективалары

Оглавление

Халықаралық қатынастар тарихында әлемді экономикалық, саяси және экологиялық, сонымен бірге мәдени байланыстардың шырмай түсуі, мемлекеттерді, халықаралық ұйымдарды және жеке тұлғаларды күрделі өзарақатынас шеңберіне тарта түсетіндігі хақ. Яғни, мемлекеттер халықаралық қатынастар жүйесінде ақырындап өзара тәуелділік күйіне түсері айқын. Жалпы, өзара тәуелділік – соңғы кезеңдегі жаңа құбылыстардың бірі болып табылады. Соның негізінде кең етек алған жаһандану үрдісі ешбір мемлекеттің, мейлі әскери және экономикалық қатынаста қуатты болғанымен, жеке дара күйде дамуы мүмкін емес. Өйткені бүгінгі күнгі дамудың күн тәртібіндегі басты мәселе ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Сол негізде, жалпы жаһандану үрдісіне орай, ендігі жерде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жаңа геосаяси тұрғыдан қарағанда әлде қайда өзгерген, бүгінгі саяси дамудағы халықаралық қатынастар жүйесінің келбеті, өткен кезеңдегі жүйемен үйлеспейді десе болады.

Мәселен, бұрын халықаралық шеңбердегі билік пен ықпал үшін күрес, ең алдымен қатысушы мемлекеттердің қарулы күші және идеологиясы арқылы жүзеге асса, енді бұл негізінен саяси-экономикалық тетіктерді, әлемдік деңгейдегі халықаралық ұйымдарды қосу барысында іске асуда. Соған қарамастан, халықаралық қатынастар жүйесіндегі бүгінгі құбылыстың дамуын, оның ішінде мемлекетаралық шиеленістерді бастан кешіре отырып, ынтымақтастыққа ұмтылуын түсіну үшін, оның шыққан түп-тамырын, өткен тарихын және мәнін жан-жақты сараптау, өзінің маңыздылығын жойған жоқ.

Сондай мемлекетаралық шиеленістер, ғасырлар бойы француз-герман ұлтын қарама-қайшылыққа, бақталастыққа итермеледі. Осы орайда, Еуропа құрылығындағы Рейн өзенінің алқабы – көптеген ғасырлар бойы саяси және әскери қатынаста, Еуропадағы ең мазасыз аудан болып келді. Сол себепті де Рейн бойындағы көршілес мемлекеттер десе, еуропалықтардың көз алдына ең алдымен Франция мен Германия мемлекеттері елестейді. Ал негізінде, бүгінгі күні, Рейн өзені алты мемлекет – яғни, Швейцарияның, Лихтенштейннің, Австрияның, Францияның, Германияның және Нидерланды мемлекеттері арасындағы шекара рөлін атқарады.

Халықаралық қатынастар тарихына үңілетін болсақ, Рейндік көршілестік әр кезде де Германия мен Франция үшін оңай болмағандығын көреміз. Мұның өзі тарихи тұрғыдан алғанда, мемлекеттердің даму барысында, әлемдік қоғамдастықтың бір-біріне экономикалық жағынан да, саяси тұрғыдан да басыбайлы болғанымен, және келешек мемлекетаралық үйлесу парқы жоғары деңгейде тұрғанымен де, бұл өз кезегінде мемлекетаралық қатынастағы бақталастық пен бәсекенің болуын жоққа шығара алмайтындығының дәлелі.

Франция мен жеке неміс мемлекеттері арасындағы шиеленістер еуропалық тарихтың бір бөлігі болып, сонау прусстықтардан жеңілген француздардың жүрек тұсы іспеттес Версаль сарайында, 1871 жылы Бисмарктың “екінші рейх” құрғанын жариялағанға дейінгі уақыттан көп бұрын басталғандығы белгілі.

Франция үшін сонау 1870-1871 жылдардағы француз-прусс соғыстарының қайғылы нәтижесі салдарынан бері өзінің халықаралық саяси беделін нығайтуда, әсіресе өзінің әскери-экономикалық мүмкіншіліктерін белсенді дипломатиялық құралдармен толықтырып, халықаралық одақтастар жүйесін таңдай білу мен сыртқы саясаттағы негізгі бағыттарды айқындай білу мәселелері ерекше орында тұрды. Францияның халықаралық қатынастағы бүкіл беделі мен рөлі ғана емес, сондай-ақ оның қауіпсіздігі, ең соңында француз ұлтының тағдыры мен тәуелсіздігі негізгі мәселелердің жауабын табумен өте тығыз байланысты еді. Германия да өз кезегінде еуропалық құрылықтағы алдыңғы қатарлы мемлекет болып, мүмкіндігінше басқа мемлекеттерден үстем болуға ұмтылғаны аян. Осы тұрғыдан алғанда, нақтылы мезгілде, қандайда бір деңгейде, мемлекетаралық бақталастық пен бәсекенің тууы болмай қоймайтын жайт, әсіресе, бұл халықаралық қатынастар жүйесі өзінің ішкі құрылымында қайта құру кезеңін басынан өткерген шақта айқын білінеді.

Көптеген француз-герман тарихшылары Рейн бойындағы шиеленістің түп-тамыры – сонау біздің эрамыздың бірінші ғасырларында жатқандығын айтады [2, s.50].

Әрине, қандай қоғамда болмасын, мемлекеттік ішкі жүйелік байланыстарды ұйымдастырудың жаңаша түрлерінің тууы, жеке мемлекеттердің саяси-экономикалық жағдайын өзгертіп, әскери деңгейінің күшейе түсуі, халықаралық қатынаста қалыптасқан тепе-теңдік күшін өзгертуге әкелетіні анық. Өз кезегінде мұндай жағдай мемлекетаралық бақталастықтың асқынуына, бәсекенің күшеюіне жетелеп, қайшылықтың аса зор тамыр алуы, ең соңында ашық дау-дамай мен шиеленістерге соқтыратыны халықаралық қатынастар жүйесіндегі белгілі ақиқат.

“Қақтығыстар – жалпы айтқанда, бұл қарама-қайшылықтың ең шыңына жеткен түрі”, – деп жазады бірқатар авторлар [3, с.96.]. “Байқалған қайшылық – тараптар жағынан – қарама-қарсы мүддені көздегендерден – оның шешімін табатын әрекет жасауды талап етеді. Егер бір тараптан немесе екі тарап та… қайшылық бағытын таңдап алатын болса, онда түбі қақтығысқа әкеп соқтырары хақ” деген тұжырым бар [3, с.96]. Ал ғалым П.А.Цыганков өзінің халықаралық қатынастарға арналған еңбегінде: “Қақтығыстар мен ынтымақтастық халықаралық қатынастардың үрдіс ретінде қарастырылатын аса мәнді сипатына жатады, сонымен бірге, өн бойында осыған қатысушылардың өзара әрекеттерінің үздіксіз байланыс жақтарын білдіреді”, – деп көрсетеді [4, с.242]. Сол орайда мемлекетаралық бақталастық пен бәсеке осы шиеленістердің қайнар көзі болып табылатындығына еш күмән жоқ.

Француз-герман қайшылықтырының мәні еуропалықтарды ғана емес, бүкіл дүние жүзі халықтарын мазалаған мәселе еді. Әсіресе, бұл қайшылықтар осы екі мемлекеттің сыртқы саясатына тікелей әсер еткендігі дау туғызбайды. Еуропалық құрылықтағы саяси жағдайдың дамуына, яғни, соғыс және бейбітшілік мәселесін кең көлемде шешуде, Франция мен Германия маңызды рөл атқаратыны белгілі. Сол себепті де, бүгінгі күннің мәнін түсіну үшін, тіпті ертеңгі күнге көз жіберу үшін қандайда бір шиеленісті мәселенің шешілу тарихын білуге ұмтылудың өзі, халықаралық қатынастар жүйесі тарапынан алғанда қажеттілік болып табылады. Осы халықаралық қатынастар жүйесіндегі жалпы қағидадан француз-герман қатынасы да тыс қала алмайтыны айқын.

Мемлекетаралық қарым-қатынастар ежелден бері адамзаттың даму барысында, әрбір мемлекеттің өмірінде, әрбір қоғам өмірінде елеулі орын алып жатқаны белгілі. Тарихи заңдылыққа сай, әрбір мемлекет өзіне тән жолмен дамып, ілгері жылжуда. Осы жолда әрбір мемлекетке бірнеше себептер өзінің әсерін тигізіп жататындығы белгілі. Солардың ішіндегі маңыздыларының бірі – ол мемлекеттердің жағрапиялық тұрғыдан орналасуы.

Француз-герман өзара қарым-қатынасының өткен тарихына сараптамалық талдау жасау барысында, ең алдымен осы екі мемлекеттің жағрапиялық-саяси жағдайына тоқтала кеткен дұрыс. Өйткені халықаралық қатынастар жүйесінде әр мемлекеттің жағрапиялық орналасуы, оның келешек мемлекетаралық қатынастарына, ішкі саясаты негізінде сыртқы саясатын қалыптастыруына тікелелей ықпал жасайтындығы сөзсіз. Осының барлығы жиналып келіп, сол мелекеттің халықаралық қатынастар жүйесіндегі келешек көздейтін мүддесін қалыптастырады.

Жалпы алғанда, геосаясат тек жағрапиялық өлшемдер мен саяси құбылыстарды ғана қамтып қоймайды. Егер біз француз-герман қарым-қатынастарын сараптау барысында тек геосаясат негізінде осы елдердің жағрапиялық орналасуы мен олардың саясаттарының үйлесуіне ғана бағыттайтын болсақ, онда ойымыз кеңістіктік себептерден шыға алмай, екі ел ішіндегі, өзара қарым-қатынас жүйесіндегі көптеген өзгерістер мен құбылыстар ескерусіз қалатыны сөзсіз. Сондықтан да, “Жаңа геосаясат – бұл шектеулі уақыт пен кеңістікте, салалы бағыты бар, нақтылы құнды байымдау тұрғысынан саяси, экономикалық, идеологиялық және жағрапиялық шарттар арасындағы өзара әрекеттің ерекше түрі“, – деген қағиданың негізінде сарапталғаны тиімді [5, с.37].

Әлеуметтік құрылымның ең маңызды бөлшектерінің біріне – мемлекет орналасқан жағрапиялық қозғаушы күш жатады, яғни мұны жағрапиялық жағдай деп түсіну қажет.

Расында да, осы мемлекет орналасқан жағрапиялық жағдай мен сол мемлекеттің тұрғындарының арасында қашанда өзіндік байланыс орнауы – бұл табиғи заңдылық екені белгілі. Осының нәтижесінде, яғни, “адам күрес немесе үйлесу арқылы табиғи ортамен өзара қарым-қатынасқа түсе отырып, сонымен бірге осы жолда өз құндылықтары мен ілімін басшылыққа ала отырып, жер бетінде еңбек өнімі мен қорғаныс тәсілін құрап, қоғамды өркениетке және дамуға жетелейтін барлық мемлекеттік құрылымның қызмет жасауын қамтамасыз етеді [6, с.30]. Жалпы қорыта айтқанда, мұның өзі мемлекеттің қоғамдық және табиғи дамуының нәтижесі. Заманына сай, осы жағрапиялық жағдайдың өте ықпалды болған кезеңі деп, қоғамның, өнеркәсіптің, қорғаныс тәсілдерінің жеткілікті дамымаған кезеңіне саюға болады. Нақтылы айтсақ, осы жағрапиялық қозғаушы күш бұрынғы ғасырларда көптеген мемлекеттердің геосаясатына елеулі ықпалын тигізгені хақ. Яғни, ежелгі Франция мен Германия мемлекеттерінің көршілес елдерге, әсіресе бір-біріне бағытталған сыртқы саясатына осы жағрапиялық қозғаушы күшінің тигізген әсері ұлан-ғайыр деп айта аламыз. Тіпті, сонау мемлекеттік құрылымға ұмтылған шақтағы осы аймақтағы елдердің көршілестеріне қатысты ұстанған сыртқы саяси бағытының өзі осы жағрапиялық жағдайға негізделгендігі түсінікті. Наполеон айтқан екен дейді,”өз жағрапияңды білу, өзіңнің сыртқы саясатыңды білу”– деп. Осыған орай, жер әлемінің картасына үңілетін болсақ, Германия мемлекеті жалпы алғанда Еуропа құрылығының орталығында орналасқанын көреміз. Германия Шығыс пен Батыс арасындағы, сондай-ақ Скандинавия мен Жерорта теңізі аймағы арасындағы байланыс торабының орталығы іспеттес. Жалпы Германия мен Франция мемлекеттері арасындағы өзара қарым-қатынас мәселесіне көңіл бөлген кезде, осы екі мемлекеттің жағрапиялық орналасуына аса зор мән берген жөн деп жоғарыда айтып кеттік. Өйткені басты шиеленістердің көзі де осы мемлекеттердің жағрапиялық орналасуымен тығыз байланысты екендігіне еш күмән жоқ. Сол ретте, Германия мемлекетінің аумағындағы табиғи-жағрапиялық тосқауылдарға көз салатын болсақ, елдің солтүстігінде Солтүстік теңіз бен Балтық теңізінің жағалаулары қоршап жатса, Солтүстік және Балтық теңізі аралығында “Гольштейндік Швейцария” деп аталатын ойпатты-таулы аймақ созылып жатыр, Германияның оңтүстігінде неміс Альпі таулары Боден өзенінен Берхтесгаден Альпі таулары қоршауда.

Табиғи тосқауылдарсыз шекаралас мемлекеттердің ішіндегі елеулісі – Франция мемлекеті еді. Ежелгі ғасырларда құрылымы жағынан Германия жеке-жеке аймақтарға бөлініп жатқандығы белгілі. Ғасырлар ішінде германиялық аумақтық көлем бірнеше рет өзгерістерге түсіп отырғаны халықаралық қатынастар тарихынан айқын. Соңғы ғасырлардағы осы екі мемлекеттің дамуына елеулі әсер еткен құбылыстардың бірқатары – бұл ХІХ ғасырдың басындағы Наполеон соғыстарының салдары, сонымен бірге 1866 жылғы австро-прусс соғыстары, 1870-1871 жылдардағы француз-прусс соғыстары, ХХ ғасырдағы бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстары. Осындай соңғы соғыстың нәтижесінде Германияның ең ірі аймақтарының бірі Пруссия жері жойылғандығы аян.

Жалпы, Германия жерін жан-жақты қорғауда табиғи тосқауылдар өзіндік рөл атқарса, сонымен қатар, табиғи байлықтар қашанда көршілес мемлекеттерді қызықтырып, өзіне тартып та келді. Германияның батыс аймағындағы жер қойнауының байлығын айтпағанда, сол батыстағы Рейн өзенінің өзі солтүстік пен оңтүстікті жалғастырып жатқан елдегі ең ірі жол көлік ағымы болып табылады. Оңтүстік батысындағы Шварцвальд қалың орманы, Франция мен Германия мемлекетінің шектескен аймақтағы жер қойнауының байлығы екі елдің арасындағы ғасырларға созылған шиеленістің қайнар көзіне айналып келді десек қателік болмайды. Яғни, екі мемлекеттің қарым-қатынасында жағрапиялық-саяси жағдай басты рөл атқарғандығы ешқандай дау туғызбайды. Жалпы халықаралық қатынастар жүйесінің тарихына сараптама жасайтын болсақ, мемлекеттер арасындағы шиеленіс, аумақтық басып алу, бүгінгі күнмен салыстырғанда, өткен ғасырларда өте жиі болғандығын көреміз. Өйткені қандай да бір мемлекет өзінің саяси-экономикалық жағдайын жақсарту үшін көрші мемлекеттің жерін, елін басып алуға ұмтылып отырғандығы айқын. Өткен ғасырлардағы мемлекет аралық шиеленістерге сараптама жасайтын болсақ, ол кезеңде қашан да жер қойнауының байлығы мол аудандарда мұндай тартыс өте елеулі орын алды. Осы кен байлықтары мен қолға түскен тегін жұмысшы күшінің молдығынан мемлекеттің экономикалық-саяси жағдайы, әскери күштілігі нығая түссе, бүгінгі күні мемлекеттің экономикалық дамуы әсіресе сол мемлекеттің ішкі жағдайындағы өнеркәсіп өндірісінің дамуының қуаттылығына қатысты.

Ал осы орайда, Франция мемлекетінің не себепті Германия бағытындағы қарым-қатынасы тым шиеленісті жағдайда өтті деген сауалға да жауап беру үшін, ең алдымен Франция мемлекетінің жағрапиялық қалыптасуын саралау қажет. Бұл мемлекетті де негізінен жан-жағынан табиғи тосқауылдар қоршауда, яғни, батысы мен солтүстік батыс жағын алатын болсақ, Атлант мұхиты, оңтүстік батысында Пиреней таулары, оңтүстігінде Жерорта теңізі, оңтүстік шығысында Альпі таулары, шығысында Рейн өзені. Тек, мұндай табиғи тосқауылдың солтүстік пен солтүстік шығыста болмауынан, бұл ел ғасырлар бойы осы бағытта шет елдіктердің шапқыншылығына жиі-жиі ұшырап отырды.

Атап айтқанда, тарихи деректерге жүгінетін болсақ, б.э. ІІІ ғасырында әртүрлі жауынгер герман тайпалары осы жағынан Галли аймағына (б.э.дейінгі І ғасырдан осы аймақта үстем болған негізгі кельт тұрғындарын римляндар галлалар деп атаған) баса-көктеп кірген. Ал 4-5 ғасырларда Галлидегі бақталастықта болған герман тайпаларының ішінде үстемдікке ие болғандар – франктер [7, с.51]. Франк корольдерінің елеулі үстемдікке жеткен кездері Ұлы Карлдың (768-814 жж.) бүтіндей дерлік Батыс Еуропаны өзіне бағындырып, император деген рим лауазымына ие болған тұсында екені тарихи деректерден бәрімізге мәлім [2, s.97]. Бірақта, Ұлы Карл империясы бүгінгі біздің түсінігіміздегі “біріккен Еуропа” ұғымынан әлдеқайда алыс еді. Сол кезеңнің даму үрдісіне орай, империя ішіндегі тайпалар арасындағы қайшылықтар мен шиеленістердің тым күрделілігі, ақырында империяның ыдырауына әкелгені тарихи заңдылық болды. Осы арада айта кететін бір жәйт, геосаясат тұрғысынан алғанда, мемлекетаралық шиеленіске итермелеген басты қозғаушы күштердің бірі – олардың жағрапиялық орналасу кеңістігін кеңейтуге ұмтылуы мен осы бағыттағы сыртқы әскери-саяси ұстанымының нәтижесі.

Кейіннен, ІХ ғасырдағы Верден келісім шарты (843 ж.) бойынша, империя аралық алқаппен бөлініп жатқан батыс және шығыс бөліктерге айналуы, жеке француз мемлекетінің дүниеге келуі болып табылатындығын білеміз [2, s.108]. Ал германдықтар орын тепкен шығыс бөлігі Х ғасырда “Герман ұлтының қасиетті рим империясы” (962 ж.) деген атқа ие болуы [2, s.117], осы кезеңнен бастап, алғашқы герман рейхы мен Франция арасындағы аумақтық, саяси бақталастық шиеленісі көп жағдайда еуропалық құрлықтың келешек тағдырын айқындады.

Әрине, өз ықпалын нығайта түсудегі екіжақты күрес аумалы-төкпелі болып отырды. Империяның кең байтақ аумағы мен адам саны француз мемлекетінің ерте орталықтануын теңестіріп отыруы, бұл мемлекеттің шешуші жағдайлардағы қабілеттілігін арттырды. Француз корольдерінің бірте-бірте жан-жақты күшейе түсуі, олардың жақын тиіп жатқан империя иеліктерінің есебінен өз жерін кеңейте түсуіне қолайлы болды. Бірнеше ғасырлар бойы екі ел арасындағы шиеленістердің толастамауы, келешек өзаралық қарым-қатынаста өз ізін қалдырып келді. Өмірдің желісіне орай, кей сәттерде бұл екі ұлт, үшінші қарсыластарға қарсы біріге қимыл-әрекет жасап, өздерінің көздеген саяси-экономикалық, әскери мақсаттарына жетіп жатты. Сондай өзара ынтымақтастық нәтижесінде, 16 ғасырдың ортасында католиктік Франция неміс князьдеріне католиктік императорға қарсы күресінде көмектесуіне байланысты Мец, Туль және Верден шіркеулігіне ие болса, ал герман жерін тоздырған отыз жылғы соғысты аяқтаған 1648 жылғы Вестфаль бітімі, еуропалық істегі Францияның ықпалының өсуін бекітті [8, s.164].

Яғни, осы соғыстың қорытындысы болған Вестфаль бітім шарты бойынша Францияға Жоғарғы және Төменгі Эльзас өтті, сондай-ақ француз шекарасы Рейн өзеніне жетіп қана қоймай кейбір жерінде одан да асып түсті. Яғни, сонау ХҮІІ ғасырдағы Францияның осы Эльзас аймағын өзіне қаратуға ұмтылуы, өзінің мемлекеттік қуаттылығы мен беделінің арқасында кен байлығы мол аймақты қамтып қалуы, геосаясат тұрғысынан алғанда, мемлекеттің жан-жақты күшейе түсуіне негіз болса, Рейн өзенін өзіне қарата алуы, оның қарым-қатынасын, яғни, жол қатынасын кеңейте түсті. Бұл өз кезегінде мемлекеттің нығая түсуінің негізгі көзі болатын.

Франция мемлекеті осындай жағрапиялық кеңістікті кеңейту арқылы, экономикасының дамуына мүмкіндік туғызып, Еуропа құрылығындағы ең беделді мемлекетке айналғандығы белгілі. Ал Рейн өзені, Эльзас аймағы кейінгі ғасырларда француз-герман шиеленісіндегі басты мәселелердің біріне айналатындығын біз халықаралық қатынастар тарихынан жақсы білеміз. Амалсыздан, әлсіздіктің шарасынан мұндай құнарлы аймақтардан айырылған неміс княздіктері өздерінің келешек сыртқы саясатын толығымен қарымта қайтаруға бағыттайтындығы сөзсіз еді. Өйткені бұл аумақтағы жер қойнауының байлығы қай мемлекетті болмасын қызықтыратыны хақ. Сондықтан да, екі ел арасындағы бірнеше ғасырға созылған бақталастық пен бәсеке осылай біртіндеп қалыптаса бастаған еді. Империяның әлсіреуіне Швейцария мен Голландияның құрамынан шығып, өз алдына жеке мемлекет болуы, Швейцарияға кейбір аймақтардың өтуі, Бранденбург курфюстысының әлде қайда күшеюі, келешекте неміс мемлекеттерінің арасындағы үстемдік үшін күресте Габсбургтердің бәсекелесі болуына өте зор әсер етті.

Отыз жылғы соғыстың келешек Еуропа тарихына тигізген ең басты салдары, ол империяның көптеген тәуелсіз мемлекеттерге ыдырауы еді. Вестфаль бітім шарты бойынша неміс князьдері ендігі жерде өз бетінше сыртқы саясатын жүргізуге, келісім шарттарға қол қоюға, соғыс жариялауға және бітім жасасуға құқық алған болатын [2, s.250-253]. Заманның дамуына сай, ірі неміс князьдіктерден басқа, сондай-ақ көптеген ұсақ князьдіктер де орталық биліктен тәуелсіз болуға ұмтылды. Өз кезегінде олардың кейбіреуі өз мақсаттарына жету барысында қашанда көрші, Франция сияқты күшті мемлекеттерден қолдау іздейтіндігі белгілі еді.

Людовик 14-тің билік құрған кезінде (1661-1715) Еуропа құрылығында француз билігі үстем болды [9, s.192]. Франция королі көршілес жатқан неміс корольдіктерінің ісіне дөрекелікпен араласып, оларды бір-бірімен өзара шағыстырып, қалай да Францияға қосу әрекеттерімен айналысты. Бұл халықаралық қатынастар жүйесінде ежелден қалыптасқан әдіс еді, қандайда мемлекет өзінің көздеген мүддесіне жету үшін қарсылас мемлекетін іштей ыдыратуға тырысып, ежелгі ғасырларда бәсекелестікке ұмтылған аймақтар арасына от тастап, сол арқылы өздерінің жеңіске жетуін жеңілдетеді. Яғни, өткен ғасырлардағы Францияның сыртқы саясаты толығымен оның жағрапиялық жағдайы негізінде, геосаясат тұрғысынан қаралды. Осы бағытта Франция мемлекеті өз пайдасына орай, жеке-жеке ұсақ неміс корольдіктерінің арасындағы төреші қызметін атқаруды көздеді.

1658 жылы Франция Майн, Кёльн курфюстігі, Гессен-кассель графы, Брауншвейг герцогінің қатысуымен императордың ықпалын әлсірету мақсатында Рейн одағын құрады [9, s.192-193]. Өзінің аумақтық саясатында Франция бұған дейінгі сияқты, кейінгі кезеңдерде де “Рейнге қарай қозғалысын” толастатпайды. Бұл саясатын олар Париж қаласының шығысы мен солтүстік шығысын басып алған аумақтармен кеңейте түсіп, келешек қауіпсіздігі үшін шет елдік шекарадан алыстату деп түсіндіреді. Әрине, олар шекараны кеңейту нәтижесінде, келешек мемлекеттің қауіпсіздігін өзгенің үлесі негізінде, өзінің қуатылығы арқылы қамтамасыз етуге талпынды. Бұл тікелей геосаясатты қолбасшылыққа алу еді.

Сол кезгі геосаясаттың негізгі құрамдас бөлігі – ол жағрапиялық жағдай екендігі сөзсіз. Мемлекеттің халықаралық аренадағы беделіне, сол мемлекеттің тиімді немесе тиімсіз табиғи орналасуы басты себепкер болды. Осындай қайшылықты саясаттардың нәтижесінде Франция 1681 жылы Страсбургті өз құрамына қоса алды [9, s.192]. Басты мақсат келешек қауіпсіздік. Әрине, мұндай іс-әрекеттер келешек ұрпаққа тыныштықтың орнына, тек қане беймазалану күйін әкелетіндігі айқын еді, және ол солай болды да. Бұған тарихтың күрделі соқпағындағы талай-талай айғақтармен көз жеткізілуде.

Толастамаған француз басқыншылығы неміс княздері жағынан қорғаныс қозғалысын туғызған болатын. “Пфальц мұрагерлігі” үшін соғыста (1688-1697 жж.) Франция өкіметі Император мен неміс мемлекеттерінің топтасуына тап болады. Бұл топқа сондай-ақ Испания, Швеция, Англия және Голландия да кірген еді [9, s.193]. Өз кезегінде мұны топтық қақтығыс деп атауға болады. Мұндай халықаралық шиеленісті белгілі американдық ғалым Л.Козер: “билік үшін, құндылық үшін, дәреже үшін, сирек бағалы шикізат үшін топтық қатысушылар арасындағы әр елдің өзінің бақталасын бейтараптандыру, әлсірету немесе жою мақсатындағы қақтығысы”, – деп айқындаған [4, с.243]. Яғни, осы шиеленіске қатысқан әр мемлекет өзінің одақтасына әскери көмек беруі, сол мемлекетке жаны ашығандықтан емес, өзінің алдына қойған түпкі мақсатына жетуді ойлауынан, өзінің мүддесін қанағаттандыру жолындағы іс-әрекеті екендігі күмән туғызбайды. Ол тарихи заңдылық та. Сол орайда, бұл соғыста Франция көздеген мақсатына жете алмады. Пфальц аумағы Империя құрамында қалып, Франция Люксембургті және Рейннің оң жағалауынан бас тартуына мәжбүр болса да, бұл жолы таласты аудан Эльзас пен Страсбургті өз құрамында алып қала алды [2, s.268].

Ал “испан мұрагерлігі” үшін болған соғыс Франция мемлекеті үшін өте нәтижесіз аяқталған болатын. Бұл соғыста Франция жағында Бавар және Кёльн курфюстілері соғысса да, Бранденбург курфюстісі Императорды қолдағаны үшін одан прусстық королі деген лауазымға ие болған еді [2, s.270]. Бұл да бір көздеген мақсат. Халықаралық қатынастар тарихында өкінішті жайттардың бірі – кей сәттерде жеке билік басындағылардың мүддесін қорғауда жай қарапайым халықтың қаны төгіліп, жаны пида болады. Сонымен, Людовик 14-тің билік құрған соңғы жылдары толассыз болған соғыстарда титықтаған Францияның еуропалық құрылықтағы ықпалының әлсіреуі, Пруссияның күшеюімен сабақтаса келді. Бұл, өз кезегінде, Пруссия елінің австриялық Габсбургтерге ашық қарсы тұра бастауына қолайлы жағдай туғызды. Яғни, К.Боулдингтің көзқарасы бойынша, бұл – “әр тараптар өз кезегінде басқаның көңілінен шықпайтындай деңгейді басып қалуға ұмтылатын бақталастық жағдайы болатын” [4, с.243]. Басқаша айтқанда, халықаралық өзара қарым-қатынастарға қатысушылардың бір сәтте жүзеге асыруға ұмтылған мүдделерінің қарама-қайшылығы іспеттес.

Кейінгі ғасырларда, әсіресе Людовик 15-тің тұсындағы Франция неміс мемлекеттеріне байланысты дәстүрлі “қуатта да биле” саясатын жалғастыруға тырысты. “Австрия мұрагерлігіне” байланысты соғыста (1740-1748 жж.) Франция басында Пруссияны қолдаса, 1756-1763 жылдардағы “жеті жылдық” соғыста Австрияны қолдағанымен, екі соғыстың нәтижесі де француздар үшін тиімсіз болды [2,s.281-282]. Ақырында, француз монархиясының экономикалық және саяси дағдарысы 1789 жылғы бұржуазиялық революцияға әкелді. Француз революциясын тұншықтыруда басты қимыл жасаған Пруссия екені белгілі. Оның басты себебі өзінің көршілес бақталас мемлекетінің дағдарысқа ұшырап, әлсіреген тұсын пайдаланып қалуы, саяси-экономикалық тұрғыдан алғанда өте қолайлы сәт еді. Француз конвентінің “табиғи шекараны”орнату жөнінде ұран тастауы, революциялық соғысты ақтау әрекеті екендігі аян. Яғни, бұл Рейннің сол жақ жағалауындағы аймағын – Бельгияны, Голландияның бір бөлігін және Рейнге таяу жиегіндегі неміс мемлекеттерін Францияға қосу еді. Әрине, бұл бір жағынан француз халқының неміс ұлтына деген жағымсыз жақтарын оятып, соғысқа тарту барысындағы саяси көзбояушылық ұраны.

1789-1798 жылдардағы революциялық соғыс нәтижесінде Франция өзіне қосып алған неміс аймақтарына толық сіңісе отырып, өзінің ажырамас бөлігіне айналдырды [2, s.305-309]. Бұл өз кезегінде келешек екі мемлекет арасындағы саяси шиеленістің жаңа ұрығын еккенмен тең еді. Сол ретте, Париж шет елдік басқыншылықтың жаңа қаупінен арыла алмады. Өйткені мұның өзі халықаралық қатынастар жүйесінің заңдылығы, бөгде елге қиянаттық жасасаң, өзің де басқалар жағынан сондай күйге түсетіндігің. Рейннің бүкіл солтүстік жағалауына деген француздардың басты ұмтылысының негізгі себебі де, қалай да өз қауіпсіздігін бекіте түсу мақсатында жатқан болатын. Ал оның астарында, осы аймақтың кен байлығын иелену үміті де жатқаны белгілі. Тек осы аймақты басып алған жағдайда ғана, Париж өзінің жалаңашталған табиғи шекарасын жабуда өзен бойын пайдалана алатынына сенді. Айналып келгенде, екі мемлекет арасындағы басты қайшылықтардың барлығы да осы аумақтық мәселеде түйіседі.

Наполенон тұсында “табиғи шекара” ұраны ұмытылып, француз билеушілерінің одан да әрі тәбеті ашылып, 1804 жылы “француздар императоры” деген атақ қабылдаған Наполеон, бүкіл Еуропаға үстемдік жасауға үміттенді [10, s.228]. Бұл жерде енді заманның дамуына сай, геосаясат құрамындағы жағрапиялық қозғаушы күш қатарына саяси мәселе де қосыла бастайды. Сол мақсатта ол Ұлы Карл мемлекеті үлгісінде “ұлы империя” орнатуды іске асыра бастаған еді. Наполеонның қысымымен көптеген ұсақ неміс мемлекеттері бірігіп, Бавария, Вюртемберг, Баден, Насау сияқты орташа неміс мемлекеттері нығайып, Австрия мен Пруссияға қарсы Наполеон жағында саяси-әскери салмақ құрды. Әрине, орталықтана бастаған мемлекеттерді пайдалану, кіші мемлекеттердің қасында әлде қайда пайдалы еді, бірақ оның қауіптілігі қажетті жағдайда олар әлі де біріге түсіп, өзіңе қарсы тұрмасына кім кепілдік береді. Ал бірігу – сол кездегі ыдырап жатқан ұсақ неміс мемлекеттеріне ауадай қажет еді, біріккен жағдайда ғана өз аумақтарын сақтап қалуға мүмкіндік алары сөзсіз екендігін түсінеді. Соның нәтижесінде ғана өз қауіпсіздіктерін қамтамасыз ететін халге ие болары хақ.

Француз императоры Австрияны талқандағаннан кейін, рейх құрамындағы 16 неміс мемлекетінен өзіне тәуелді жаңа Рейн одағын құрғаны белгілі. Осыған орай “Герман ұлттарының қасиетті рим империясы” күйрейді. 1806 жылғы тамыз айында Австрия императоры ІІ-Франстың Рейх басы деген аттақтан бас тартуы, Еуропадағы көптен келе жатқан Францияның бақталасының жойылуына әкелді [11, s.40].

1806 жылдың күзіндегі Пруссияның жеңілуіне байланысты, Наполеон көптеген аймақты тартып алып, жаңадан құрылған Вестфаль корольдігі мен Ұлы Варшава герцогствосын Рейн одағына кіргізеді. Австрия бірнеше дүркін, француздарға қарсы топпен бірге, неміс мемлекеттерін өз қолында мықтап ұстаған Наполеонға қарсы шыққанымен, нәтижесіз болып, 1813 жылға дейін Орталық Еуропада француздердің үстемдігі даусыз болды. Бұл өз кезегінде немістердің француздарға деген өшпенділігін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, ұлғайта түсті.

Бонапарт Наполеонның Ресейге қарсы жорығының алдында, көкейдің тұңғиығына француздерге деген өшпенділікті уақытша жасыра тұрып, Австрия мен Пруссия өздерінің жағрапиялық-саяси талаптарына сай Франциямен келісім шартқа отырған еді. Бұл келісім шарт бойынша, Австрияға Ресейдің Волынь аймағы, ал Пруссияға Балтық жағалауы аймағының өтуіне айырбас ретінде соғысқа қатысу үшін олар әскери күш бөлуге тиіс болды. Француз тарихшысы А.Дебидур еуропалық көптеген мемлекеттер еркіне сай болсын-болмасын жеңімпаз наполеондық әскерге қосылғандарын айта келіп, “Наполеон Мәскеуден шегінген кезде, ескі реніштері үшін кек алуды тосқан Пруссия Ресей жағына шығу мақсатында 1813 жылдың 28 ақпанында Калишеде келісімге қол қояды. Соңынан өзінің бет пердесін жұлып тастаған Австрия да Ресейге қосылады”, – деп жазады [12, с.19]. Еуропалықтар үшін, соның ішінде немістер үшін наполеондық биліктің салдары бір жақты ғана болды деп айтуға болмайды. Осымен байланысты оқиғалар құрылықтағы еуропалық елдерде терең ішкі өзгерістердің басталуына мүмкіндік туғызып, ең соңында жаңа саяси-экономикалық қоғамдық құрылысқа жол ашты.

1815 жылғы Вена трактаты бойынша Пруссия Вестфаль мен Рейн провинцияларын өзіне қосып, соның барысында ең алғаш рет Францияның тікелей көршісіне айналды [12, с.31]. Неміс мемлекеттерінің ішінде басты орынға ұмтылған Пруссия, ендігі жерде жеңілген Франция жағынан “Рейнді қорғаушы” рөлін өзіне қабылдағандай болды.

Тарихтың тәлкегі ме, әлде заңдылығы ма, жеңген мемлекеттер арасында Еуропа құрылығын жаңа бөліске салған осы 1815 жылғы Вена конгресі өтіп жатқан кезеңде Отто Эдуард Леопольд фон Бисмарк дүниеге келген еді. Вена конгресінің шешімі неміс ұлтының келешегімен өте тығыз байланысты болды. Германия баяғыдай ыдыраған мемлекет күйінде қалды. Отыз жеті монархия мен төрт еркін қала Герман одағын құрды [12, с.66-67]. Талай уақыт өткеннен кейін, нақты осы веналық жүйені және оның нәтижесі болып табылатын Герман одағына басты соққы берген Вена конгресінің замандасы Отто фон Бисмарктың өзі деп айтуға болады.

Вена конгресінің нәтижесінде еркін, бірыңғай ұлттық мемлекетті аңсаған көптеген немістердің арманы орындалмады. Ескі империяның орнын ауыстырған Герман одағы, жеке егеменді мемлекеттердің еркін бірлестігі ретінде ғана болды. Бір ғана органы – Франкфурттегі бундестаг, сайланған парламент емес, елшілер конгресі ретінде жұмыс жасады [2, s.336]. Одақ тек екі ірі мемлекет, Австрия мен Пруссия ғана пікірлес болғанда іс-әрекет жасай алды. Келешек кезеңдегі одақтың басты мақсаты бірлікке жол бермеу болды. Соған қарамастан, экономика алға жылжыды. Экономика дамыған сайын, жұмысшы күші де өсе түсті, адам санының көбейе түсуі, артық жұмысшы күшінің пайда болуына әкелді. Ал әлеуметтік заңның болмауы, халықтың тұрмыс-жағдайының нашарлауына әкелді. Ішкі жағдайдың шиеленісуі, революцияларға әкелді. 1848 жылғы Француз революциясы, 1789 жылғыдай емес, Германияда да өз үндеуін тапты. Тек жеңіліс тапқан революция нәтижесінде, 1850 жылы Герман одағы қайта қалпына келтірілді.

Пруссия тарихында 50-ші жылдар экономиканың қарқынды дамуымен сипатталады. Германия өндірісті елге айнала бастаған болатын. Экономикалық жағынан Пруссия Германияда үстемдікке ие бола бастайды. 1862 жылы Пруссияның жаңа премьер-министрі болып Отто фон Бисмарк тағайындалды [11, s.157].

Ол өзінің билік құрған кезінде, ішкі саяси дағдарысты, сыртқы саяси табыстар негізінде бекітуге тырысты. Халықаралық қатынастар тарихынан білетініміздей, 1864 жылғы Дат соғысында Пруссия мен Австрия Даниядан Шлезвиг-Гольштейнді алды [10, s.285]. Бұл соғыста Бисмарктың жеңіске жетуіне, сол кезеңдегі халықаралық қатынастағы қолайлы жағдай себепші болды. Бұл сәтті Бисмарктың өзі де қадағалап, күтті десе болады. Өйткені Франция мексикалық жорығымен шырмалып қалса, екінші жағынан пруссиялық Кедендік келісім шарт бойынша өзіне тиген саудалық тиімділікпен қанағаттанды [13, с.236]. Шығыстағы Ресей болса, Қырым соғысынан кейін еуропалық құрылықтағы іске араласуға шамасы келмеді. Ағылшын үкіметі герман мемлекеттерінің бірігуін іштей құптады, өйткені ол Еуропа құрылығында өзінің бақталасы Францияға қарсы тұратын мемлекеттің құрылатындығын көрді. Ағылшын өкіметі өзінің геосаясатын қалайда өзіне тиімді пайдалануға тырысты. Еуропалық құрылықта шеттеу жатқан Англияға, көрші жатқан Франция мен Герман мемлекеттерін бір-біріне қарсы қою өте қолайлы еді, және біріккен Герман мемлекеті Франция үшін қашанда тежеуші күшке айналатыны сөзсіз.

1866 жылғы Австриямен болған соғысында Пруссия үстемдікке жетіп, Австрияны германдық алаңнан жылжытады [10, s.288]. Тек осы соғыс барысында, Франция да өзіне үлес алып қалу саясатын ұстап, екінші жағынан геосаясат тұрғысынан алғанда Германияның нығая түсуі Франция үшін де өте қауіпті еді. Сол мақсатта Франция шамасы жеткенше Бисмаркты тежеуге тырысады. Бисмарк Австрияға қарсы соғысын бастамастан бұрын, өзінің дипломатиялық қабілеттігі арқасында Францияның осы соғыста бейтараптық күйде болуын қамтамасыз ету үшін, ІІІ Наполеонға Бельгия мен Люксембург үлесі есебінен аумақтық жер бөлуге уәде берген болатын. Тек Пруссия мен Австрия арасындағы соғыс кең етек алып, Пруссияның үстемдігі басым бола бастағанда, Франция өзінің көздеген мүддесін, қалыптасқан жағдай негізінде өзіне әлде қайда тиімді пайдалану үшін Бисмаркқа жаңа шарт қояды. Бұл Франция мен Германия арасындағы қатынастың өте күрделі беттерінің бірі – Саар көмір бассейнін беруді талап етеді. Әрине, бұған Бисмарктың келісуі мүмкін емес еді. Бисмарк өз естелігінде осы сәтті былай жазады: “…егер француздар соғысқа араласатын болса, онда бізге тез арада Австриямен орташа бітімге келіп… Францияға соғыс ашу керек. …Францияға қарсы соғыс бізге жеңіл түспейтіндігіне көзіміз жеткенімен…француздық шабуыл жасайтын әскери күш те шамалы… тек өз жерінде қорғанысқа көшкенде… оларда басымдылық болып, соғыс көпке созылып кету қаупі бар“ [14, с.33-34]. Мұның өзі сол кезеңде, әлі германдық мемлекеттер бірікпей жатып-ақ, өздерінің мемлекеттік мүдделері үшін соғысқа негіз барын көруге болады. Түбінде екі ел арасындағы соғыстың болуы сөзсіз екендігін көрсетеді. Осы жолы француз-герман қақтығысы дипломатиялық жолмен шешілсе де, екі ел де басынан көздеген мүдделеріне толық жете алмады. Австрия-прусс соғысы нәтижесінде, Герман одағы таратылады. Оның орнына Солтүстік-Герман одағы пайда болып, федералды канцлер болған Бисмарк, Майнның солтүстігінде жатқан барлық герман мемлекеттерін біріктіреді [15, s.300-301].

Ендігі жерде Бисмарк бүкіл қызметін кішігерман жоспары бойынша герман бірлігін аяқтауға ат салысқаны аян. Өйткені ол француздардың араласуының нәтижесінде Майнның оң жағындағы герман мемлекеттерін біріктіруге мүмкіндігі болмады.

Франция мен Германияның арасындағы Еуропадағы үстемдікке таластың ашық сипат алған кезеңі де осы уақытқа сай келеді. Олардың саяси ұстаған бағыттарына негізгі әсер еткен жағдай, олардың ішкі дамуы, әсіресе экономикалық тұрғыдан алға жылжуы. Сол сәттегі әлемдік экономикалық дағдарыс, Францияға кері әсерін тигізіп, оны өте қиын жағдайға тап қылса, керісінше Пруссия бұл кезеңде Францияға қарағанда әлде қайда мықты болды. Франция үшін 60-шы жылдардың аяғы қуаңшылық жылдарға әкелді, өнеркәсіп, сауда өнімділігі төмен болды, өнеркәсіптік пайда нашарлап кетті, соның салдарынан еңбек ақы да төмен түсті, ақша нарқы бұзылды, Француз банкінің қызметі қысқартылып, ақция құны құлдырады. Ал немістің металл өндірісі француз деңгейімен тең келді, тас көмір өндіруде алға кетіп, өнеркәсіп үшін негізгі көмір жеткізетіндердің біріне айналды. Француздармен салыстырғанда неміс саудасы тез жетіліп, қауіпті бақталасқа айналды. Әскери қарулы күштер саласында Пруссия бір жүйеге топтастырылған әскер құруға бар күш-жігерлерін жұмсаса, француздар жағынан ондай белсенділік байқалмады. Сол кезгі ел басындағы ІІІ Наполеон әскер мәселесінде де қажетті қабілеттілік таныта алмады. Сыртқы саясаттағы қадамдары да Францияға халықаралық тұрғыдан тек беделінің төмендеуіне ғана себеп болды. Барлығы қосыла келіп, елдің ішінде мемлекет басшысына деген сенімсіздік туғызып, ішкі саяси жағдайға іріткі болды.

Осындай ішкі және сыртқы жағдайлар тұтаса келіп, Францияны, әсіресе ІІІ Наполеонды 70-ші жылдары Пруссияға қарсы соғыс ашуға итермеледі. “Қалыптасқан күштердің ара-салмағын француздарға мұқият соққы беруге және оларға қарсы жаңа соғыс бастау үшін пайдалану керек“, – дейді Бисмарк сол кездерде [14, s.187]. Екі ел арасындағы бақталастық, француз-прусс соғысына итермелеп, соңында Франкфурт бейбіт келісім шартымен аяқталды.

1871 жылғы Франкфурт бейбіт келісім шартынан кейін де Германия мен Франция арасындағы қарым-қатынас тым шиеленісті күй кешті. Соғыс болмаса да , қақтығыс әр сәтте туып кетуі мүмкін болатын. 1870-1871 жылғы француз-прусс соғысынан әлі есін жиып үлгірмеген Францияны Германияның әскери топтары әр уақытта да толығымен қиратуды аңсағаны сөзсіз еді. Өз кезегінде француздар да немістерге кеткен кенді аймақтарын қайтаруды бір сәтте естерінен шығармады.

Ежелгі кезеңнен ХХ ғасырға дейінгі уақыттағы француз-герман өзара қарым-қатынастарын қорыта келіп, қай кезеңде болмасын бір-біріне тәуелді дүниеде, қандай да болмасын халықаралық кейіпкердің рөлі мен саяси-экономикалық бағытын айқындау үшін және оның саяси дамуына тиісті болжам жасау үшін, мемлекеттердің барлық саяси, идеологиялық және экономикалық дамуының астарлары мен оның басқа да халықаралық кейіпкерлермен өзаралық қарым-қатынасын ескеру қажет. Яғни, жеке мемлекетті бүкіл халықаралық қатынастар жүйесінен жеке-дара бөліп алып қарау мүмкін емес. Өйткені бұл мемлекеттің сыртқы саяси бағыты оны қоршаған мемлекеттердің жағрапиялық жағдайына, саяси-экономикалық деңгейіне, идеологиялық іліміне және әскери қуаттылығымен өте тығыз байланыста болатындығы әйгілі. Әлемнің дамуы барысында екі ел арасындағы қарама-қайшылық та күрделене түсіп, оған әсер ететін қозғаушы күштер қатары да өсіп отырды.

Жалпы айтқанда, екі мемлекеттің қарым қатынасына әсер еткен қозғаушы күштер қатарына ең алдымен халықаралық қатынастар жүйесінің құрылымдық өзгерістері, нақтылы айтатын болсақ, саясат және идеология саласындағы, мемлекеттің экономикалық даму саласындағы, соған орай олардың бүкіләлемдік аренадағы өзара қарым-қатынастары жатады. Яғни, осы мәселені жан-жақты қарастыруды жаңа геосаясатпен үйлестіре отырып сараптағанда, біз қай кезеңде Франция немесе Германия мемлекетінің Еуропалық құрылықта саяси үстемдікке жетуді көздеген мақсатына ұмтылғандығын ашуға мүмкіндік алдық.

Осы орайда, жеке ел билеушілерінің ұстаған сыртқы саясаты мемлекеттің халықаралық қатынастар жүйесінде өз орнын табуына елеулі ықпал етті. Сол ретте, ХІХ ғасырдың аяғындағы сыртқы саясатта герман канцлері Бисмарк “парасатты неміс саясатын” қалыптастыру мақсатында, “басқа ұлттарға олардың қажеттілігі мен мүддесіне сәйкес билік жүргізу керек” деген ұранды ұстайды [16, s.38].

Қорыта айтқанда, француз-герман бақталастығының түп-тамыры тереңде жатқандығы, оның бір күнде немесе бір жылда емес, ғасырлар бой қалыптасқандығы. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың жүйелік үрдісіне көңіл бөлетін болсақ, сол кезеңнің өзінде-ақ олардың өзара қарым-қатынасы толқын тәріздес сипатта, яғни, екі мемлекет арасындағы қатынас нашарлағанда төмен құлдырап, енді сол шиеленісті басуда жоғары ұмтылады. Сондай-ақ оқиғаның дамуына ішкі және сыртқы әсердің салдарымен қоса, дипломатиялық қатынастың өзгеру сипатына билік басындағы жеке тұлғалардың (Наполеон Бонапарт, Отто Фон Бисмарк) әсері де өте айқын ықпал еткен. Осы кезеңде француз-герман қарама-қайшылығы өз шешімін табуы үшін де, екі мемлекет жағынан халықаралық қатынастар жүйесінде біршама тер төгуді қажет етті.

Француз-герман қарым-қатынастары (ХХ ғ. 50-60-жылдар)

Подняться наверх