Читать книгу Француз-герман қарым-қатынастары (ХХ ғ. 50-60-жылдар) - Амангелді Әліпбаев - Страница 6
ІІ ТАРАУ
ЕУРОПАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ САЯСИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ ФРАНЦИЯ МЕН ГЕРМАНИЯ ФЕДЕРАТИВТІК РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ САЯСИ ҰСТАНЫМДАРЫ
1. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі еуропалық қауіпсіздік және саяси ынтымақтастық мәселелеріндегі Франция мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы қарым-қатынастар
ОглавлениеЕкінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарда еуропалық мемлекеттер құрылықтағы қауіпсіздік мәселесіне өте зор көңіл бөлді. Еуропадағы соғыс өртіне кінәлі Германия толығымен талқандалғанымен, еуропалық мемлекеттер тарапынан алаңдаушылық та байқалып жатты. Саяси өмірде еуропалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті еді. Қауіпсіздік мәселесін біріге отырып шешудегі алғашқы қадам, 1947 жылғы Францияның Англиямен өзара көмек жөнінде “Дюнкер келісім шартына” қол қоюы, шын мәнінде сол жылдары одақтас мемлекеттер тарапынан басып алынған Германияға қарсы бағытталған еді.
Топтық көлемде, келешек еуропалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық және мәдени қатынастарды дамыту мақсатында бес батысеуропалық мемлекеттер, 1948 жылдың 17 наурызында Батыс одағының негізін қалаған Брюссель пактісіне қол қояды [39, с.132]. Ұлыбритания, Франция, Бельгия Люксембург және Нидерланды қол қойған он баптан тұратын бұл халықаралық пактінің толық атауы: ”Әлеуметтік-экономикалық, мәдени ынтымақтастық және топтық түрдегі өзін-өзі қорғау жөніндегі келісім шарт”. Сол жылдардағы халықаралық алаңдағы социалистік жүйе мен капиталистік жүйе арасындағы “қырғи-қабақ соғысының” кең етек ала бастауына орай, бұл келісім шарт тікелей Кеңестер одағына бағытталған деп айтып келді. Шын мәнінде де батыс еуропалық мемлекеттер үшін басты “басқыншы мемлекет” Кеңестер одағы деп есептелінгенімен, келісім шарттың кіріспе бөліміндегі тармақта: “Германияның басқыншылық саясаты қайта қалыптасқан жағдайда, қажетті деп есептелінетін шаралар жасалынуы мүмкін”, – деп атап өткен [39, с.132]. Осы келісім шартқа келген мемлекеттердің барлығы да екінші дүниежүзілік соғыста фашистік Германия тарапынан тікелей жапа шеккен мемлекеттер. Сондықтан да олардың германдық саясаттан қатер күтуі, соғыстан кейінгі жылдарда түсінікті де. Соғыс зардаптары әлі ұмытыла қоймаған еді. Екінші жағынан германдықтардың қайта қарулануына тежеуші ретінде де көрінді.
1948 жылғы мамырдың 8-10 аралығында өткен еуропалық мемлекеттердің Еуропалық конгресінде қол қоюшы мемлекеттер басқа қарарлар қатарында осы мемлекеттер арасында саяси-экономикалық одақ құру туралы шешім қабылдап, өздерінің егеменділік құқықтарын осы одаққа беруге келіскен болатын [40]. Сөйтіп, 1949 жылы сәуір айында өткен Вестминстрдегі мәслихатта Батыс Еуропаны федерализациялау қозғалысы, бейүкіметтік ұйымдар көмір және энергетика, қара металлургия және транспорт салаларында еуропалық мемлекеттер мүше бола алатын ортақ ұйым құру ойын ұсынған болатын.
Батысеуропаның қауіпсіздік мәселесін шешудегі келесі қадам, 1949 жылдың 4 сәуіріндегі алғашқы он екі мемлекеттің, яғни Бельгияның, Данияның, Исландияның, Италияның, Канаданың, Америка Құрама Штаттарының, Люксембургтың, Нидерландының, Норвегияның, Ұлыбританияның, Францияның және Португалияның Вашингтон қаласында Солтүстік Атлантикалық келісім шартына қол қоюы болды. Солтүстік атлантикалық ұйымға қатысушы мемлекеттер де өздеріне: “БҰҰ-ның Жарғысына беріктігін сақтай отырып, өз күш-жігерлерін топтық түрдегі өзін-өзі қорғауға, қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға, экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, демократиялық парықтарға негізделген жеке тұлғалардың еркіндігі мен құқық үстемдігін, өз халықтарының еркіндіктерін, өркениеті мен ортақ мұрасын қорғауға жұмсайтындарына” міндеттеме алады [41, s.17]. Сонымен қатар, қауіпсіздік мәселесінде Одақтың Жарғысындағы 5-ші бапта: “мүше-мемлекеттің біреуіне немесе бірнешеуіне қарулы шабуыл жасалынса, ол барлық мүше мемлекетке қарсы жасалынған деп есептелінеді”, мұндай жағдайда “әрбір мүше-мемлекет тез арада әскери қатер төнген мемлекетке немесе мемлекеттерге көмекке келіп, Солтүстік атлантикалық аудандағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қарулы күштерін қажетті деңгейде біріге отырып пайдалануға тиіс”, – деп көрсетілген [41, s.17].
Әрине, батыс мемлекеттерінің еуропа құрылығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы әскери одақтары социалистік жүйедегі мемлекеттер жағынан қарсылыққа тап болған еді. Бұл ұйымдарды құруда мүше-мемлекеттер арасында геосаясат та өзіндік қайшылықтар туғызып жатты. Осы, Солтүстік атлантикалық ұйымды құрудың алғашқы сатысында ағылшындар мен американдықтар арасында мүше-мемлекеттердің саны жөнінде бірауыздық болмады. Ағылшындар Солтүстік атлантикалық ұйымға мүше-мемлекеттердің санын жетіден асырмауды ұсынады, бұл жердегі басты көзделген мақсат, бір жыл бұрын құрылған Батыс Одағы негізінде, яғни оған мүше бес мемлекетке АҚШ пен Канаданы қосса, келешек ұйымдағы жетекшілік ағылшындардың қолында болады. Американың Еуропадағы саяси ықпалы да шектеулі ғана болар еді, бірақ бұған американдықтар келісе алмай, мүше-мемлекеттер санына шектеулік жасамауды ұсынады. Осындай талас-тартыстардан кейін мүше-мемлекеттердің саны “он екі” болуына екі жақта келіскен еді. Ұлыбританияның Еуропадағы ықпал үшін жанталасуы да тегін емес еді, өйткені АҚШ мемлекетінің германдық, австриялық аймақтағы ықпалы саяси ықпалымен қатар, жалпы “Маршалл жоспары” негізінде Еуропадағы экономикалық ықпалы да күшейіп келе жатқан болатын.
Ал әскери салада осы жылдың наурызында еуропалық топ – Батыс одағы құрылғаны мәлім. Жалпы деректер бойынша еуропалық ұйымдар құруда Франция өте белсенді ат салысқанына көз жеткізуге болады. Яғни, келесі қадам да француздық шенеуліктер П.Рейно мен Э.Бондудан шығады, олар 1948 жылы еуропалықтардың Гаага конгрессінде саяси федерация құрудың алғашқы белесі ретінде еуропалық парламент ұйымдастыруды ұсынады [33, с.135].
Тек, бұл ұсыныс та ағылшындар тарапынан қарсылыққа тап болды. Құрлықтың солтүстік батыс жағында жатқан ағылшындар үшін француздар мен немістердің белді екі мемлекеті, шын мәнінде тіл табысып, күшейе түсетінінен сезіктенетіндей. Өйткені, осы кезеңдегі Ұлыбритания үкіметінің ұстанған сыртқы саясатынан осындай тұжырым жасауға болады. 1948 жылдың шілде айындағы Батыс одақтың сыртқы істер министрлерінің мәжілісінде Ж.Бидо алдымен “бес ел көлемінде, кейін басқа да еуропалық мемлекеттердің қатысуымен саяси және экономикалық ұйым“ құру үшін шара жасауды ұсынған.
Ж.Бидоның бұл ұсынысы 1949 жылы 5 мамырда Англия, Франция, Италия Бельгия, Голландия, Люксембург, Норвегия, Дания, Швеция, Ирландия, кейін Германия Федеративтік Республикасы, Исландия, Грекия, Түркия және Австрия мүше болған Еуропа Кеңесі түрінде іске асқаны белгілі [42, s.204]. Ол өзінің басты мақсаты деп Еуропаның экономикалық және әлеуметтік дамуы барысында жан-жақты демократияның, адам құқықтары мен заңның биік тұруы жүзеге асуы үшін еуропалықтар арасында бірлікке жету екендігін мәлімдеген болатын. Жарты ғасырлық уақыт ішінде екі дүниежүзілік соғысты басынан кешірген еуропалықтар ендігі жерде Еуропада бірыңғай тарихы мен мәдениетін мұра еткен ортақ тағдырлар құрлығын орнатуға талпынды. Бұл заманның өте өзекті мәселелерінің бірі еді.
Бұл мәселе кейін 1949 жылы Старсбургте өткен Еуропалық Кеңестің Ассамблеясының бірінші кеңестік мәжілісінде қаралады. Ассамблеяның тапсыруы бойынша оның Экономикалық комитеті сол жылы экономика саласында, ең алдымен көмір және металлургия саласында халықаралық дәрежеге ие бола алатын еуропалық Қауымдастық құру туралы келісім шарт жобасын дайындайды. Дайындалған жоба қатысушы мемлекеттердің барлығына таратылғанымен, мемлекеттер өз тараптарынан жобаға қатысты жауап-ұсыныстарын беруге асықпайды.
Еуропалық құрылықтағы келешек бейбіт қатар өмір сүру қағидасын алға тарту негізінде 1947 жылдан бастап француз билеуші тобы немістерге қатысты “татуласу” бағытын ұстағаны мәлім. Яғни, бұл бағыт Францияның Еуропада экономикалық қайта құруды қарастырған “Маршалл жоспарын” қабылдап, кейін Солтүстік атлантикалық пактіге қосылуымен аяқталған еді [43].
Сол кездегі “Қырғи-қабақ соғыстың“ ықпалы Францияның да сыртқы саясатына елеулі өзгерістер әкелді. Ендігі жерде Франция мен Федеративтік Германия арасындағы қатынас жаңа арнаға түскендей болды. Соғыстан кейінгі Германиядан алуға ұмтылған төлемақы талабын да француз үкіметі өзгертіп, Батыс Германияның “Маршалл жоспарына” қатысуына өз келісімін бергені белгілі. Осының нәтижесінде Германия Федеративтік Республикасының мемлекет болып құрылуына қолайлы жағдай туғызылды. Бірақ, көп жағдайда байқалып жатқандай, кейбір француздар саяси-экономикалық жағдайда қайта қуаттана түсетін германдықтардан сескенетіні де айқын еді. Өйткені жалпы қоғамдық құрылымда жағрапиялық жағдайдан кейінгі орынды экономика алады. Бұл – мемлекеттің дамуының маңызды қозғаушы күші болып табылады. Яғни, елдің экономикасын сараптау – қоғамның экономикалық қызметін зерттеумен тең. Шын мәнінде, саяси құрылымның сипатына қарамастан, мемлекеттердің экономикалық мақсаттары біргелкі деуге болады. Ол – шектелген табиғи, қаржы және адам ресустары негізінде күннен-күнге өсіп жатқан мемлекет тұрғындарының қажеттілігін өтеу. Ал бұл жағдай екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі уақытта екі ел үшін де оңайға соққан жоқ. Шығу жолы – экономикада өндірістің тиімділігін арттыру және өндірген өнімді бірқалыпты бөлу. Жаңаша қалыптаса бастаған еуропалық құрылықтағы саяси-экономикалық жағдайға орай, мұның шешімін басты еуропалық мемлекеттердің бірлесе дамуында екендігін заман талабына сай мемлекет шенеуліктері де түсіне бастайды.
Осыған орай, 1949 жылдың 23 мамырында қабылданған батысгермандықтардың Негізгі Заңының 26 бабында: ”Бұрынғы тоталитарлықты жеңуге ұмтылу барысында, екінші дүниежүзілік соғыс зардабын ескере отырып, халықтардың бейбіт өмір сүруіне кесірін тигізетін және осы мақсатта басқыншылық соғысты дайындау үшін жасалынған іс әрекеттің конституцияға қайшы екендігін және ол қатаң жазалануға тиіс екендігін Негізгі заң нақтылы жариялайды”, – деп көрсетеді [44]. Фашизм үстемдік еткен Германия үшін ендігі жерде демократиялық және құқықтық мемлекет орнату, соның негізінде негізгі еркіндіктер мен адам құқықтарын бекіту және нығайту ауадай қажет еді. Ал осы жолдағы нығаюға, Германия Федеративтік Республикасының Еуропа Кеңесіне мүше болуы өте тиімді әсер ететіні айқын. Сондай-ақ осы Еуропа Кеңесі көлемінде басқа да еуропалық мемлекеттермен, әсіресе Франциямен қарым-қатынасқа түсуінің сыртқы саяси астары да өте маңызды.
Өйткені осы екінші дүниежүзілік соғыстан кейін табиғи кен байлығы мол Саар мен Рур аймақтары да Француз Республикасының бақылауына өткен еді. Ал 1949 жылы АҚШ пен Ұлыбританияның қысымымен Франция Рур ауданын басқаруға қатысты халықаралық мекеме құруға келіскені аян. Соған байланысты Франция, Германия Федеративтік Республикасы, Ұлыбритания, АҚШ, Бельгия, Нидерланды және Люксембург мемлекеттері мүше болған Рур жөніндегі Халықаралық ұйым 1949 жылдың сәуір айында құрылады [45, s.45]. Бұл мекеменің негізгі міндеті де – Рур аймағының кен байлықтарын келешек қандай да бір мемлекет өзінің басқыншылық саясатына орай пайдаланып кетпеуін қадағалау болатын. Әрине, мұндай мекеменің құрылуы осы аймаққа тікелей көзін тіккен Франция мен Германия Федеративтік Республикасының көңілінен шықпады. Өйткені бұл ұйымда аз дауысқа ғана ие болған Германия Федеративтік Республикасы Рур аймағына толық бақылауды өз қолына алып, Рур аймағын толығымен өз аумағына қосуды көздеді. Франция болса осы Рур аймағындағы көмір мен болат өндірісінің кеңейе түсуіне шектеулік жасауда АҚШ пен Ұлыбританияның ешқандай белсенділік көрсетпеуіне наразы болды. Жалпы, экономиканың осы саласы Францияны өте мазасыздандырды, өйткені бұл – келешек германдық әскери саладағы негізгі шикізат көзі, оған қалай да ұлттық мемлекеттен тыс органның бақылау жасауы қажеттіліктің белгісі болды. Рур мен Саардың мәртебесі жөніндегі мәселе, сондай-ақ француз-герман қатынастарын реттеу, келешекте германдықтардың қайта қарулануын болдырмау мәселесі тек осы көмір мен болат өндірісін халықаралық тұрғыдан реттеу арқылы ғана қандай да бір нәтижеге жетуі мүмкін екендігі ойластырылды. Бұл кезеңде бүкіләлемдік деңгейдегі халықаралық жағдай да шиеленісе түскені белгілі.
Еуропа құрылығында саяси-әскери жағдайға байланысты, екі жүйе арасындағы “Қырғи-қабақ соғысының” үдей түсуінің нәтижесінде еуропалық қорғанысты қамтамасыз ету үшін Солтүстік атлантикалық топ құрылғаннан кейін, жалпы Германияға қатысты 1949 жылдың 25 маусымында Францияның сыртқы істер министрі Р.Шуман Ұлттық жиналыс алдында: ”Көп рет маған Германияны Атлантикалық пактіге қатысуға рұқсат етуге болады ма? деген сұрақ қойған еді. Мұндай сұрақ бүгін ғана емес келешекте де қойылуы тиіс емес. Германияда әлі бейбіт келісім шарт жоқ. Германияның әскері жоқ және болуға да тиіс емес. Ол қару-жараққа да ие емес, ие болмайды да… Франция үшін және оның одақтастары үшін де Германияны Атлантикалық пактіге қатысуға жіберу ойға да келмейтін іс,” – деп мәлімдеді [33, с.17].
Уақыттың талабына сай, қоғамның көкейінен шығу мақсатында да ел билеушілері өз сөздеріне астарлы салмақ сала сөйлегені айқын. Шын мәнінде де, әлі соғыстың зардабы ұмытыла қоймаған кезеңде, Германияны қандайда бір әскери топқа мүшелікке қабылдау жөніндегі мәселе мемлекет билеушілерінің көкейінде болса да, ол сол елдің қоғамы жағынан қарсылыққа ілінері сөзсіз еді. Яғни, дәл сол сәтте оның уақыты әлі келе қоймағандай. Тек, тез қарқынмен дамыған еуропалық саяси өмірде мемлекет басшыларының германдықтарға қатысты ұстанған саясаты да қажетті жағдайда өзгеріске түсіп жатқаны тарихи заңдылық деп айтуға болады.
1949 жылдың 11 шілдеде сөйлеген сөзінде француз шенеунігі Рене Мейер Солтүстік атлантикалық пактінің қандайда болмасын әскери шапқыншылыққа қарсы бағытталғандығын, тіпті Германияға да қарсы бағытталуы мүмкін екендігін тұжырымдайды [33, с.17]. Әрине, мұндай тұжырымдар әрқашанда мемлекет басындағылардың көздеген мақсаттарымен үйлесіп жатты деп айту өте қиын. Олардың кейбір әрекеттері қоғам алдында жасалынып жатқан мәлімдемелеріне қарама-қайшы да болып жататындығы белгілі. Дегенмен, іс жүзінде мемлекеттік деңгейде екі елдің бейбіт шақта ынтымақтастыққа ұмтылуы да қажеттіліктен туындаған еді.
Жалпы француз-батысгерман одағы жөніндегі идея тек қане француздар жағынан ғана шығып қойған жоқ. Бұл одақ туралы 1950 жылдың қаңтарында Батыс Германияның канцлері К.Аденауэр де ұсыныс жасаған болатын. Бұл таңғаларлық жәй емес. Өйткені сол сәттегі халықаралық қатынаста қалыптасқан жағдайға орай, Германияға Франциясыз, тіпті Францияның ырқына қарсы Батыс Еуропада қандай да интеграцияға түсу мүмкін емес еді. Сонымен бірге интеграция көлемі тарыла түскен сайын, ұйымдастыру құрылымында ұлттық мүддеден тыс сипаты кеңеюі, Германия Федеративтік Республикасының үлес салмағының ауқымдана түсуіне әкелсе, соғырлым ол басқа әріптестерінікіндей құқықтық тепе-теңдікке жетуге үміттене алады.
1949-1955 жылдарды Германия Федеративтік Республикасының сыртқы саясатының дамуының бірінші кезеңі деп айтуға болады. Батыс Германияның құрылуымен бірге, Негізгі заңның 59 бабына сәйкес халықаралық құқықтық қатынаста мемлекетті білдіретін және шет мемлекеттермен халықаралық шарт жасау билігіне федералды президент ие болды [44, s.177]. Алғашқы президент болып Еркін демократиялық партия өкілі Теодор Хойс (Т.Heuss) сайланған еді. Ал федералды канцлер Негізгі заңның 65 бабына сай саясаттың негізгі бағыттарын айқындап соған жауап береді [44, s.179]. Бұл қызметте Христиан демократиялық одағының өкілі Конрад Аденауэр бірінші канцлер болғанын білеміз.