Читать книгу Француз-герман қарым-қатынастары (ХХ ғ. 50-60-жылдар) - Амангелді Әліпбаев - Страница 3

І ТАРАУ
ФРАНЦУЗ-ГЕРМАН ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ САЯСИ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ТАРИХИ НЕГІЗДЕРІ
2. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы француз-герман өзара байланысының негізі

Оглавление

ХХ ғасырдың алғашқы ширегі бойында француз-герман өзара қарым-қатынастары аймақтық шеңберде, сондай-ақ еуропалық көлемде, тіпті жалпы халықаралық қатынастар жүйесіндегі қайшылықты дамудың басты бағыттарының бірі ретінде көрінді. Франция мен Германияның өзара қарым-қатынасындағы ерекшелік, екі мемлекеттің экономикалық, әскери, мәдени саласындағы өрісі ғана емес, сондай-ақ тек осы екі мемлекетке тән кейбір арнайы сипаттамамен айқындалды.

Француз-герман өзара әрекеттестігіндегі жүйелі маңыздылығы мен мәнін түсінудегі қажеттілігі, халықаралық қатынастар аренасында екі мемлекеттің әрқайсысы өзіндік парықты ерекшелікке ие болуында. Сол кезеңдегі себептерге орай, халықаралық қатынастардың нақтылы тарихи құрылымын сақтау және нығайту бағытындағы Францияның сыртқы саясаттағы іс-әрекеттері, сонымен бірге негізінен өзінің ұлттық мүддесін жүзеге асыру мүмкіндіктерін кең көлемде пайдалануға да арналды. Сол ретте, мұндай құрылым Германияның халықаралық аренадағы еркін іс-әрекет жасауына шектеулік сынай көрсетіп, бұл елдің рөлін арзан қолды мемлекет деңгейіне шығарғандай. Осыған орай сол кезеңдегі Германияның сыртқы саясатының басты мақсаты да мемлекетаралық қатынаста қалыптасқан құрылымды бұзып, германдық сыртқы саясатқа қолайлы жағдай тудыру еді.

Яғни, халықаралық қатынастардың субьектілері ретіндегі Франция мен Германияның іс-әрекеттеріндегі соншалықты айырмашылық, француз-герман өзара қарым-қатынастарының қаншалықты шиеленісті екендігінің айғағы, және де жалпы халықаралық қатынастар жүйесінің дамуындағы олардың тигізетін әсерін көрсетеді. Бұған дәлел ретінде бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс өртінің тұтануына себепші болған француз-герман бақталастығын айтуға болады.

Өткен ғасырлар тарихындағы екі мемлекет арасындағы, тіпті еуропалық құрылықтағы саяси немесе әскери оқиғалар екі ұлттың дамуында өзіндік із қалдырғандай.

Бұған дейін Германия екі рет біріккен еді: саксон королі І-Оттон 962 жылы Римде герман ұлтының Қасиетті Рим империясының құрылғанын жарияласа, 1871 жылы жеңілген Францияның жүрек тұсы, Версаль сарайында Герман империясының біріккені жарияланады. Осы екі уақыт арасында бытыраңқылықта болған мыңдаған жыл жатты. Германия сауда жолының ғана емес, сонымен бірге әулеттік тартыстың, әскери қимылдардың, дипломатиялық сауданың да табиғи түйіскен жол торабындай болған еді. Еуропа құрылығында өрістеген оқиғалардың барлығына жуығына қатысқан Германия өзінікімен қатар өзге монархтардың талан-таражына түскен құрбаны болғандай. Мұның барлығы бос кетпей, ұлттық санада кемсітушілік сезімін, қорланған намысты ұзаққа қалдырды. Соның салдарынан бұл ұлт басқа, яғни, француз ұлтының намысын да жермен-жексен ету мақсатында Берлинде емес Париждегі Версаль сарайында германдық бірігуді бүкіл әлемге жария еткені мәлім.

Осындай бір-біріне деген өшпенділікпен олар жиырмасыншы ғасырға да аттаған еді. Ал бұл өз кезегінде, жиырмасыншы ғасырдың басында-ақ, айналып келгенде бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына қандай да бір өзіндік ықпал етті.

Алғашқы уақытта француз-герман қарым-қатынастарындағы бақталастық пен бәсеке екі мемлекет арасындағы аумақтық тартыс көлемінде болса, халықаралық қатынастар жүйесінің даму сатысына орай, екі мемлекеттің бір-біріне қатысты ұстанған сыртқы саясатына саяси және экономикалық факторлар өз ықпалын тигізіп, ендігі жерде француз-герман қатынастарына алыс жағрапиялық ортада жатқан отар елдер үшін күрес мәселесі де басты орынға шыға бастады. Жалпы айтқанда бұл мемлекеттік қауіпсіздік пен ұлттық мүддені қамтамасыз ету мақсатындағы міндеттемені іс жүзінде шешуге арналған саяси-әскери бағыт. Ал бұл бағыт, өз кезегінде, халықаралық шиеленістің бір түрі – мемлекет аралық әскери қақтығысқа әкелетіндігі сөзсіз еді. Осы көзқарас тұрғысынан алғанда, қандай да бір тарап қарама-қайшылықты әскери деңгейде қарастырса, сол сәт мемлекетаралық қақтығыстың да басталуы.

ХХ ғасырдың басында қалыптасқан халықаралық қатынастар нәтижесі, француз-герман қатынастары арасында ежелден келе жатқан талас-тартыспен қоса, отар елдер төңірегіндегі жанталас, ғасыр басындағы дүниежүзілік соғысқа итермеледі.

Бірінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы күндері-ақ Францияның Германияға қарсы тұруына тек Ұлыбритания ғана емес Ресеймен де одақ құрғандығының маңыздылығы зор болды. Осы одақтың мүшесі болған Ұлыбритания да француз-герман қатынасында өзіндік орын алып келгендігі белгілі. Еуропаның солтүстік-батысында орналасқан кәдімгі аралдық мемлекет Ұлыбритания, ежелден осы аймақта маңызды стратегиялық жағдайды қалыптастырған. Еуропалық құрылықта басқа мемлекеттердің үстемдігін болдырмауға ұмтылған Ұлыбритания тежеу саясатын қалап алған еді. Осыған орай, бірнеше ғасырлар бойы Германия мен Франция арасындағы қатынаста тікелей немесе жанама түрде екі мемлекет қайшылығында төреші рөлін атқаруға ұмтылған Ұлыбританияға да байланысты болды. Өмір бойы Ұлыбританияның ұмтылғаны Еуропа құрылығында “күштердің тепе теңдігін” құру болды, тек, ешбір мемлекеттің онда үстемдік жағдайында болуын қаламады.

Гарольд Никольсонның айтуынша: ”Британдық саясат қашанда сол сәт Еуропада күшті деп есептелінетін, қандай да болмасын бір елге қарсы топты ұйымдастыруға бағытталды; Егер Еуропадағы ағылшын саясатының мақсаты – күштердің тепе теңдігі – Англияның тікелей қатысуынсыз іске асатын болса, онда олар “араласпау”, “әдемі оқшаулану” саясатын ұстауға әзір. Ал егер олардың қатысуынсыз іс жүзеге аспайтын болса, олар еуропалық іске ашық түрде араласып, әрине, мүмкіншілікке қарай, өздеріне аз міндеттемелер алып, “күштердің тепе теңдігін” сақтауға тырысады” [17]. Яғни, Ұлыбританияның да жалпы сыртқы саясаты жағрапиялық негізде құрылған геосаясат тұрғысынан қаралған. Сондықтан да, өзінің саяси мақсатына жету барысында Ұлыбритания француз-герман қатынасын тиімді пайдалануды көздеген болатын. ХХ ғасыр басындағы осы ағылшын-француз жақындастығы халықаралық қатынастар тарихында “Антанта” (“келісім”) деген атпен белгілі.

Бұл Одаққа қосылған Ресейдің де Германияға қарсы соғыстағы рөлі ерекше, тек оның жағрапиялық орналасуына ғана тоқталатын болсақ, Францияға қарсы топталатын германиялық күшті енді Шығыс бағытына да бөлу қажет еді. Соған қарамастан, Германияның қолына қару алып Францияға ұмтылғандығы соншалықты, 1914 жылдың тамыз айының аяғында, яғни, соғыстың басталғанына бір ай да болмай жатып, герман әскері Париж қақпасының алдында тұрды. Тек соғыс барысында Антанта мемлекеттерінің басымдылығы Германия мен оның одақтастарының күшінен артық екендігін айқындатты. 1914 ж. күзінде неміс канцлері Бетман-Гольвет соғыс мақсатын “герман империясының батысы мен шығысындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет, сол себепті де күшті мемлекет бола алмайтындай қылып Францияны әлсірету керек, Ресейді герман шекарасынан мүмкіндігінше аластату қажет”, – деп түсіндіреді [18, с.18]. Яғни, Германия да өзінің сыртқы саясатын геосаясат негізінде қарастырып, Еуропалық құрылықта үстемдікке жету үшін, сондай-ақ отар елдердегі ықпалын күшейту мақсатында, осыған орай мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ең алдымен жағрапиялық факторды тиянақтау қолға алынған. Осы мақсатқа жету барысында Германия соғыста жеңген жағдайда өзінің саяси-экономикалық құдіреттілігін де қамтамасыз ететіндігіне сенімді болған еді. Бірақ, қай мемлекет болмасын соғыс өртінің тұтануына өзін кінәлімін деп есептегісі келмеді.

Осы орайда, 1915 жылдың 31 шілдесінде Вилгельм ІІ герман халқына бағытталған арнауы былай басталады: “Герман халқын қолына қару алуға шақыруға мәжбүр болғаныма бір жыл өтті. Еуропаға және бүкіл әлемге адам естімес қантөгіс зардабы төнді. Құдірет пен тарих алдында менің арым таза. Мен соғысты қалаған емеспін!..” [19, с.409]. Осы мәлімдеме жөнінде бельгиялық король Альберттің сөзінің жаны бар сияқты: “Кім өзін ақтаса, сол өзін-өзі қаралағаны” [19, с.9]. Бұл соғыстың басталуына француздар да, жалпы Антанта жағы да өздерін кінәліміз демеді. Шын мәнінде, бұл соғыстың басталуына кінәлі, осы қатысушы мемлекеттер арасындағы сол баяғы саяси, экономикалық бақталастық еді.

Ал өз кезегінде Францияның билеуші топтары Еуропада өз үстемдіктерін орнатып, 1871 жылғы соғыс салдарынан Германияға өткен Эльзас пен Лотарингия аймағын Францияға қайтарып алып, мүмкіндігінше Германияны қайта бас көтере алмайтындай қылып жазалауды көздеген болатын. Осы француз-герман арасындағы бақталастықтың, бір-біріне деген қас дұшпандықтың күйін түсіну үшін, екі мемлекет арасында жатқан Верден қаласының тарихына көз жүгіртсе де жеткілікті. Маас өзенінің жағасында орналасқан Верден қаласы ғасырлар бойы әр қашанда шығысындағы германдықтардан қауіп-қатерге тап болып отырды.

Өзінің қарқынды тарихында Верден біресе Францияның шығыс бөлігін құрады, біресе тәуелсіз болып келді, біресе Германияның ықпалына түсіп қалып отырды. Верден өте маңызды экономикалық орталыққа айналған қала. Германдық кезеңде Верден Лотарингиямен бірге Қасиетті рим империясыны бөлігі болып есептелінді. Тек, 985 жылдың өзінде ғана Верден қаласы үш рет қолдан қолға өткені белгілі. ХІ ғасырдың басында Верден Лотарингияға қайтарылады. ХІІ ғасырда Верден Метц, Туль сияқты қалалық республика күйін кешкен болатын. Ал Вестфаль келісім шарты бұл үш епископтықты Францияға қосылғандығын бекітеді. 18-ші ғасырдан бастап Верден қаласы Францияның шығысындағы алғы шеп қызметін атқарады. 1793 жылғы Верден қаласын германдықтар тізе бүктірсе, 1870 жылы Верден қайтадан немістердің басып алуына тап болды. Енді бірінші дүниежүзілік соғыс барысында Раймонд Пуанкаренің сөзімен айтқанда “империялық Германияның соңғы үміттері Верден қабырғасына соғылып, быт-шыт болды… Германдық арманның күлі көкке ұшты” [19, с.406]. Шын мәнінде де, германдықтар үшін Верденді алу, француздардың рухын таба қылып, неміс шартын қабылдатуға жағдай туғызар еді. Тек тарих бұл мәселені керісінше шешті. Өзінің одақтастарымен қосыла отырып, Франция германдықтарды өз аумағынан қуып қана қоймай одан зорғыға мүдделі еді. Сондықтан да, Германиядағы Рейн өзенінің сол жақ жағалауын, тіпті ыңғайы келіп жатса, оң жақ жағалауынан да бөліп алып, герман өнеркәсібін француз капиталы үшін жұмыс жасату қажет деп санады. Яғни, екі мемлекеттің бір мәмлеге келіп, жақындасудан гөрі, екі елдің маңдайына бір-бірімен арпалысып өту жазғандай.

Ал шын мәнінде, мемлекетаралық қатынас көп жағдайда сол елдердің билік басындағыларының түсінігіне орай ұстаған саясатының жемісі еді. 1915 жылы 5 тамызда Францияның премьер-министрі Раймонд Пуанкаре: “Республика тек Еуропаның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, еркін өмір сүруді сезінетін, еліміздің тұтастығын сақтайтын, қиралған дүниенің төлемін қайтаратын, герман басқыншылығының қайталанбауын қамтамасыз ете алатын бітім шартқа ғана келіседі“, – деп мәлімдеген болатын [19, с.12].

Бірінші дүниежүзілік соғыс тоқталғаннан кейін, жеңген мемлекеттер қатарында болған Француз үкіметі 1919 жылы 18 қаңтарында басталған Париж мәслихатында осындай талаптармен келген болатын. Бұл халықаралық мәслихаттың басты мақсаты Антанта елдерінің жеңілген Германия, Австрия, Болғария, Венгрия және Түркиямен бейбіт бітім шартын дайындау екені белгілі. Мәслихат жұмысы барысында француз үкіметі өзінің Еуропадағы ықпалын күшейтуді қамтамасыз ету мақсатында, қалай да болғанда Германияны жеңген мемлекеттерге, әсіресе Францияға басыбайлы қылуды көздейді. Әрине, халықаралық қатынастар заңдылығы бойынша мемлекеттер арасындағы қатынаста соғыс кезінде әріптесің болғанымен, соғыстан кейін ешқандай мемлекет одақтасының күшейіп кетуін қаламайтыны айқын. Сол ретте, Германияның басым экономикалық байлығын өзіне қаратқысы келген Францияның Еуропадағы ықпалының артуын бұрынғы одақтасы Англия мен АҚШ-та қолдай қоймады.

Сонымен, Германия мен Антанта арасындағы бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын белгілейтін бейбіт бітім жөніндегі Версаль келісім шартына 1919 жылы 28 маусымда Үлкен Версаль сарайының Айналы залында қол қойылады. Жалпы француз-герман қатынасында бұл Айналы зал ерекше орын алады, өйткені осы залда 1871 жылы Бисмарк Герман империясының құрылғандығын жариялап, француздарды табалағаны белгілі. Енді міне, тарихта дүниенің айналып келіп жататындығы дәлелделінгендей. Тек бұл жәй кездейсоқтық емес еді, бұл да француз-герман қайшылықтарының бір бет пердесі. Осы 1919 жылғы Париж халықаралық мәслихатының дәл 18 қаңтар күні басталуының өзі француздар жағынан германдықтарға жасаған кезекті табалау әрекеті еді. Өйткені, тағы да 1871 жылға оралатын болсақ, нақ 18 қаңтарда Париждың Версаль сарайындағы Айналы залында Пруссия королі Вильгельм І Герман императоры болып жарияланған еді.

Француз-герман қарым-қатынасындағы қайшылықтардағы бір ұлттың-екінші ұлтқа жасаған табалау рәсімдері уақыт өткеннен соң өз қайталануын бастан кешіріп отырған. Сондай шақтардан тағы бір көрініске көңіл бөлетін болсақ, ол осы бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын қағаз жүзінде бекітуге арналған 1918 жылдың 11 қарашасындағы Франциядағы Ретонд станциясына таяу маңдағы Компьен орманында орналасқан француздың әскери қолбасшысы маршал Фоштың темір жол вагонында бір жағынан Антанта мемлекеттері және АҚШ, екінші жағынан 1914-1918 жылғы соғыс барысында жеңілген Германия арасында уақытша бітімге қол қойылған болатын. Осы сәт, германдықтардың жүрегіне сызат болып біткенге ұқсайды, өйткені кейін 1940 жылы гитлерлік Германия Францияға қарсы соғыста жеңіске жетіп, осы Ретонд станциясы маңындағы Компьен орманындағы сол баяғы 1918 жылғы темір жол вагонын тапқызып, 22 маусымда екі мемлекет арасындағы уақытша бітімге қол қойғызады. Яғни, осындай сәттер француз-герман қайшылықтарының түп-тамыры қаншалықты тереңге жайылғандығын, тіпті бұл нағыз бір ұлттың екінші ұлтқа деген ғасырлар бойғы өшпенділігін көрсетеді. Бұл жерде, көп жағдайда мұндай өшпенділік жай халықтың бойында туа біткен жоқ, екі ұлт арасындағы өшпенділікті туғызғандар байлыққа, әлемдік билікке ұмтылған мемлекет басындағы топтардың іс-әрекеті, жүргізген мемлекеттік сыртқы саясаты нәтижесінде пайда болған еді.

1919 жылғы Версаль бітім шарты бойынша француздар көздеп келген мақсаттарына толық жете алмады, оларға Эльзас пен Лотарингия 1870 ж. шекарада ғана қайтарылды. Осының өзі-ақ сол сәттегі француз сыртқы саясатының негізгі құрамдас бөліктерінің бірі – ол жағрапиялық-аумақтық мүдде екендігін растайды. Жалпы француз-герман қатынасында Версаль бітім шартының алатын орны ерекше. Өйткені осы екі елдің келесі екінші дүниежүзілік соғыста қайтадан қарсылас болуының түп тамыры – осы Версаль келісім шартында жатыр. Сол себепті де француз-герман қайшылығын аша түсу үшін, Версаль бітім шартының мазмұнына жан-жақты тоқтала кеткен жөн. Бұл келісім шарттың мазмұнынымен жан-жақты танысқан жағдайда, француз сыртқы саясаты мұнда өзінің “рейндік стратегиялық қорғаныс шеп” тұжырымының негізгі саяси ғана емес, сонымен бірге әскери де, экономикалық түйіндерін де кіргізген.

Версаль бітім шартының қаулысы бойынша, Франция ендігі жерде өзінің заң жүзінде жете алмаған мақсаттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік алды. Яғни, Франция мемлекеті үш негізгі тетікке ие болды: Германия өзінің басқыншылығы нәтижесінде қасіретке әкелген елдерге, оның ішінде Францияға төлемақы төлеуге міндетті болды; Германия уақытында және толық көлемде төлемақыны төлеуі үшін Франция Рейннің сол жақ жағалауындағы аумақты одақтастардың әскерімен біріге отырып кепілдік ретінде уақытша басып алу құқына ие болды; Саар көмір шахтасы Францияның меншігіне өтті және Саар аймағы Ұлттар Лигасының қарауына уақытша бөлінді.

Франция үшін мөлшері әлі Версаль бітім шартымен толық белгіленбеген төлемақы төлеу мен Рейннің сол жақ жағалауын басып алу жүйесіндегі байланыс өте маңызды еді. Рейннің сол жақ жағалауы, тіпті жалпы Рейн өзенінің өзі Францияның көкей тұсындағы арманы еді. Мұнда да сол таусылмас қозғаушы күш – саяси кеңістікті кеңейту, яғни жағрапиялық фактор итермелеуде. Рейн өзені тек жағрапиялық тұрғыдан ғана кеңеюмен шектеліп қалмайды, сонымен бірге бұл өзеннің стратегиялық маңызы оған иелік еткен мемлекет үшін өте құнды да, сол ретте өте қолайлы сәт туғанда, француз өкіметі оны қалайда қолынан жіберіп алғысы келмеді.

1919 жылғы 25 сәуірдегі министрлер кеңесінің мәжілісінде белгіленген уақыт ішінде одақтастардың әскерінің басып алынған аймақтардан кету мәселесіне байланысты француз үкіметінің басшысы Ж.Клемансо “Германия жағынан төлемақы төленбеген жағдайда, бұл аймақтарды біздің қайта басып алуға немесе ұзартуға құқымыз болады. Менің пайымдауымша, Германия борышқа батып төлемақыны төлей алмайды да, біз басып алған аймақтарымызда қала отырып, Ұлыбритания және АҚШ аралығындағы одақтастығымызды сақтап қаламыз”, – деп мәлімдеген болатын [18, с.21]. Мұның өзі сол баяғыдан келе жатқан француздардың шығыс шекарасын кеңейту дәмесі еді, екінші жағынан германдықтарды ыңғайы келген сәтте тағы бір табалап өту сияқты. Шындығында, француз үкіметі басшысының бұл жердегі сөзінің жаны бар. Өйткені құжат бойынша басып алынған аймақты одақтастардың босатуы, егер төлемақы төлеу жағынан ешқандай кінә болмаған жағдайда, үш кезеңге бөлінген болатын: бірінші кезектегі аймақты (Кёльн және Ахен ауданы) 1925 жылы, яғни Версаль бітім шарты күшіне енгеннен кейін 5 жылдан соң, босатады; екінші аймақты (Кобленц ауданы) 1930 жылы, яғни 10 жылдан соң, босатады; үшінші аймақты (Майнцтен француз және Люксембург шекарасына дейін) 1935 жылы, яғни 15 жылдан соң босатылады. Ал Германия жағынан Рейннің сол жақ жағалауы және 50 километрлік оң жақ өңірі тұрақты түрде демилитаризациялануға тиіс болды [18,с.21].

Жалпы, осы Версаль бітім шартын ағылшын дипломаты Г.Никольсон тым қатал келісім деп тауып, Еуропаның басына төнген соры деп білді. Шын мәнінде де, бұлай айтудың басты себебі, бұл бітім шарт жеңген мемлекеттер мен жеңілген мемлекеттердің жалпы бір мәмлеге әкелетіндей шешім қабылдамауында, яғни, келешек тартыс-талас туғызатын шешімді жеңілген мемлекетке міндеттеуінен еді. Ал осы негіздегі қақтығыс өзін көп тостырмады.

1923 жылғы 9 қаңтардағы төлемақы төлеу жөніндегі комиссияның Германия жағынан төлемақы төлемеу әдейі істелініп отырғандығын дәлелдеген шешімі, 1923 жылдың 11 қаңтарында француз және бельгиялық әскерлердің Рур аймағына басып кіруіне негіз болды. Осы бірінші дүниежүзілік соғыста жеңген мемлекеттердің қатарына ілінген Франция, ендігі жерде Германияға қатысты өзінің барлық тілек-талаптарын орындатуға тырысты. Мұндай қолайлы сәт тарихта енді қашан туар деген француз үкіметі, немістерді мүмкіндігінше талан-таражға түсіруге асыққандай. Герман үкіметі амалсыздан ендігі жерде төлемақы төлеуге дайын екендігін білдіріп, кейбір мәселелерді талқылау қажеттігі жөнінде ұсыныс жасағаны болатын. Екі ел арасындағы төлемақы төлеу мәселесіндегі қайшылық, 1924 жылы 30 тамызда “Дауэс жоспары” атты төлемақы төлеу жөніндегі құжаттың күшіне енуіне байланысты шешілгендей болып, 1925 жылдың тамызында өзінің үстемдігін көрсеткен француз және бельгиялық әскерлер Рур аймағын босатады [20, s.275]. Локарно келісімінің негізін құраған Рейндік кепілдік пактісі келісіліп, 1925 жылы 1 желтоқсанда Лондонда қол қойылады. Шын мәнінде, Локарно келісімінің мазмұны мен кейінгі салдары “Рур айқасында” жеңіске жеткен Франция емес, қайта Германия екендігінің дәлелі. Осы екі еуропалық мемлекеттің қайшылығын, үшінші мемлекет, АҚШ Еуропадағы өз ықпалын нығайтуда пайдалана білді. Бұл да халықаралық қатынастар жүйесінің заңдылығы, яғни екі мемлекеттің қайшылығында үшінші мемлекет өзінің көздеген мүддесіне жетуі.

Төлемақы төлеу мәселесінде 1930 жылы “Дауэс жоспарын” жаңа “Юнга жоспары” ауыстырып, бұл деген Германия үшін көп жеңілдік әкелген еді, ал 1931 жылғы маусымдағы “Гувер шектеуі” іс жүзінде төлемақы төлеудің тоқтатылғанының белгісі болды. Бұған ең соңғы нүкте қойған 1932 жылғы маусымдағы Лозанн халықаралық мәслихаты болды. Германия жағынан төлемақы төлеу міндеттерінің жойылуына байланысты, ендігі жерде Франция жағынан кепілдік ретінде неміс аумағын басып алу ешқандай негізге үйлеспеді. Сол себепті “Юнга жоспарының” қабылдануына байланысты мерзімінен бұрын 1930 жылдың 30 маусымына дейін екінші және үшінші кезектегі неміс аймақтары одақтастар әскерінен босатылуға тиіс болды. Сондай-ақ төлемақы төлеуге байланысты құрылған комиссиялар да қысқартылды. Әлбетте, бұл жағдайлар француздардың көңілінен шықты деп айтуға болмас.

Тарихшы В.М. Турок бұл жөнінде былай деп жазады: “Француздар үшін шығынын толтыру Германия жағынан Эльзас пен Лотарингияны қайтарып алу мәселесін көтермеу міндеті, және Локарно келісіміне сәйкес Рейн аумағында қарусыздандыруды сақтау. Аймақты қарусыздандыру қаулысын бұзған жағдайдан басқа уақытта Германия мен Франция әскери күшті пайдаланбауға міндетті болды. Алайда, Францияның қауіпсіздігіне сәйкес нақтылы ешқандай кепілдік ескерілмеді” [21, с.187-191].

Бірінші дүниежүзілік соғыс нәтижесінде қалыптасқан қайшылықтарға қарамастан, 20-шы жылдардың аяғында, яғни 1929 жылдың 11 маусымындағы Ұлттар Лигасы Кеңесінің Мадридтік мәжілісі кезіндегі ресми емес сұхбат барысында Германия мемлекетінің сыртқы істер министрі Г.Штреземан мен Франция тарапынан – А.Бриан алғаш рет “біріккен Еуропа” жобасының ережелерін талқылайды. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі күштер арақатынасын іріктеуге және соғыстың қалдықтарын жоюға Еуропаның бірігуі өзіндік әсер ететіндігіне Штреземан сенімді еді. Тек, бұл жобалар идея күйінде қалып, еуропалық аренадағы шиеленістік, Германияның билігіне фашистік топтардың келуіне байланысты тіпті өрши түсті.

Екі мемлекет арасындағы қайшылық келбеті айқындала түсіп, 1935 жылғы 2 мамырдағы Францияның Кеңестер одағымен жасасқан өзара көмек жөніндегі келісім шарты, гитлерлік Германия үшін 1936 жылы Рейін алқабын ремилитаризациялауға сылтау болды. 1936 жылдың 7 наурызында А.Гитлер: ”Германияның тұрақты түрде достық пен бейбітшілікті уағыздауына Франция Еуропа есігін большевизмге ашумен және сондай-ақ Рейн аумағы жөніндегі келісім шартты бұзумен тең, тікелей Германияға қарсы бағытталған КСРО-мен одақ құруы арқылы жауап берді”, – деп мәлімдейді [22, с.256]. Еуропадағы әскери-саяси жағдайды күрт өзгерткен Рейн алқабын ремилитаризациялауға, Франция мен Ұлыбритания ауызша қарсылық көрсетумен ғана тынды. Осындай келісушілікпен екі мемлекет 1938 жылы фашистердің Чехословакияны ешбір шығынсыз бөліске түсіруіне өз қолдарымен көмек бергені белгілі. 1938 жылдың 6 желтоқсанында француз-герман арасында шабуыл жасаспау жөніндегі декларациясы жарияланған еді. Бұл өз кезегінде Францияның Кеңестер одағымен қатынасын шиеленістірген болатын [23, с.56]. Еуропадағы саяси жағдай күннен-күнге ауырлай түсті. Мұның соңы, Версаль бітім шартының әрбір тармағын есте ұстаған немістерге, 1940 жылғы 21 маусымда Франция үкіметін гитлерлік Германия алдында тізе бүктіреді. Францияға қатысты Гитлер өз шартын белгілеген болатын:

«1. Француз үкіметі өз егемендігін сақтайды. Тек біз Француз отарлы империясы Англияның қолына өтпейтіндігіне сенімді болуымыз керек.

2. Сол себепті Франция метрополиясын толық жаулап алу тиімсіз. Француз үкіметі өзінің егемендік құқын сақтайды.

3. Француз әскері еркін аймақта демобилизацияланады.

4. Аумақтық талаптар бейбіт бітім шартты бекітер кезде қойылады.

Алдын ала отарлық империяға қатысты ешқандай талап қойылуға тиіс емес. Өйткені олар отарлық иеліктерді Англияның жаулап алуына әкеледі» [24, с.174]. Францияға қойған Гитлердің талаптары: ”Солтүстік департаменттерді келешек Фландрияға қосу, Бретаниге автономия беру, Рейндегі шекараны 1871 жылғы шекарадан да арыға қою, Германия шекарасына Бургундиді кіргізу” еді [24, с.176].

Версаль келісімі неміс ұлтына жасалынған қиянаттық деген желеу еуропалық құрылықта герман фашизмнің өрбіп, дамуына қолайлы жағдай туғызды.

Француздың саяси өкілі Ален Пейрефит жазғандай ”1940 жылғы Францияның жеңілісі Германияның әскери күшінің артықшылығынан емес, билеуші топтардың “Торез болғанша, Гитлер болғаны жөн” деген саясатының салдары. Ия, мұндай саясатты 1870 жылы “қызылдардан гөрі жау жақсы”, – деп француздық бұржуазия да ұстанған болатын” [25, с.27].

Қорытындылай келе ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы француз-герман қарым-қатынасы шын мәнінде өте күрделі де шиеленістерге толы болғаны. Мұның өзі келешек ынтымақтастыққа ат салысар алдындағы қатты қақтығыс сияқты. Өйткені ғасыр басталысымен ақ ғасырлар бойы қалыптасқан қайшылықтар нәтижесінде екі мемлекет саяси топтастықтың екі жағында қалды. Еуропалық билікке ұмтылған Германия өз маңайына тілеулес мемлекеттерін топтастыра түссе, оған қарама-қарсы Франция Антантта елдерінің топтастығын ұйымдастыра алды. Бұл екі мемлекет арасындағы бақталастық ендігі жерде өткен ғасырлардағыдай бір-бірінің экономикалық бай аумағын қамтып қалсақ деген мүддемен шектелмей, басқа құрлықта жатқан отар елдерге иелену мүддесімен кеңейе түсті. Яғни, әр мемлекет өзінің геосаясатын ендігі жерде жағрапиялық орналасуы, экономикасы тұрғысынан ғана емес, саяси мақсатта жүргізе бастады. Ғасыр басындағы екі ел арасындағы қақтығыста олар жеке-дара мемлекет күйінде емес, қандайда бір әскери-саяси топтың мүшесі келбетінде қимылдады. Бұл өз кезегінде бірнеше мемлекеттердің мүддесінің қиылысуына әкеліп, тарихта белгілі бірінші дүниежүзілік соғыс өртінің тұтануына себепші болды. Яғни, француз-герман қарама-қайшылығы бүкіл әлемдік қақтығыстардың қозғаушы күшіне айналғандай. Бірінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесі болған Версаль бітім шарты жеңген мемлекеттердің, оның ішінде Францияның мүддесін көздеген бітім шарт ретінде екі бақталас ел арасындағы соғысты толық бітімге келтіргеннің орнына, қайта жер бетінде жаңа соғыс өртін тудыратын шоқ тәріздес болғандығы.

Соғыс аралық жылдардың өзінде екі мемлекет бірін-бірі алдаумен, сәті түссе бір-біріне қарсы үшінші мемлекетті айдап салу күйінде болғандығы, ең ақыры бүкіл әлемді қамтыған екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына әкелген болатын.

Француз-герман қарым-қатынастары (ХХ ғ. 50-60-жылдар)

Подняться наверх