Читать книгу Француз-герман қарым-қатынастары (ХХ ғ. 50-60-жылдар) - Амангелді Әліпбаев - Страница 4

І ТАРАУ
ФРАНЦУЗ-ГЕРМАН ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ САЯСИ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ТАРИХИ НЕГІЗДЕРІ
3. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі батысеуропалық саяси үрдістің француз-герман қатынастарына ықпалы

Оглавление

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін біртұтас неміс ұлты тек жер жағынан ғана емес, сондай-ақ идеологиялық нышаны жағынан да екіге бөлініп қалды. Фашизм жеңіліс тапқаннан кейін неміс жері басып алынған төрт аймақ болып құрылуы, негізінде бұларды екіге бөлінуіне әкелгені белгілі. Батыс пен Шығыс арасындағы “ұлы қарсыластық” кезеңі басталып, ендігі жерде әңгіме олардың ықпал ету аймағы жөнінде, дәлірек айтсақ оның шекарасы жөнінде болды.

Үш батыс мемлекеттері және Кеңес одағының мүдделері неміс жерінде түйісіп жатты. Әр ел жеңілген мемлекетте өзіне тиімді саяси жүйені орнатуға ұмтылды. Сол себепті де осы жерде Батыс пен Шығыс арасында қорқыныш пен жаулыққа негізделген сенімсіздік нығая түсті. Әр жақ екінші жағына өз ойын-тәртібін жүктеуге ұмтылды. Ең соңында тиімсіз жағдайда неміс халқы қалды. Тарихтың қатаң тағдыр тәлкегіне кез келген неміс ұлты, бір аумақта екі қарама-қайшы жүйедегі мемлекеттер орнатып, өмір сүрулеріне тап болды. Халықаралық қатынастар тарихы бетінде тағы да “герман мәселесі” көрініс тапты.

“Герман мәселесі” – бұл еуропалық тарихтың соңғы екі ғасыр бойы созылып келе жатқан бөлінбес бір рәсімі іспеттес. “Герман мәселесіне” байланысты еуропалық күштердің ауысуы ХХ ғасырдың өзінде бірнеше рет, яғни ғасырдың басында, сонан соң бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстардан кейін өріс алды. Сонау Бисмарктың тұсынан бастап “герман мәселесі” – қарулану мен соғыстарға байланысты болды. Әрине, Бисмарктың тұсындағы Германияның бір тұтас мемлекет болып бірігуінің өзі қан мен қылыштың жолымен іске асқандығын білеміз. Бисмарк өмірінің соңғы кезінде осыған байланысты ешқандай мақтанышсыз өзінің мойнында Герман империясының бірлестігінің негізін қанмен бекіткен сексен мың адам өмірін әкеткен үш соғыс жатқанын айтқан еді. Енді міне, “герман мәселесін” ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында ғана бейбіт жолмен шешу мүмкіндігі туды.

Халықаралық қатынастар жүйесінің өткен тарихына шолу жасай отырып, кей жағдайда осы екі мемлекеттің еуропадағы үстемдікке ұмтылуы табиғи заңдылық па деп те ойлайсың. Тек, енді екінші дүниежүзілік соғыста Германияның жеңілуі сөзсіз екендігі айқындалған шақта, 1944 жылдың 12 қыркүйегіндегі Лондон мәжілісінде Одақтас мемлекеттер, яғни АҚШ, Ұлыбритания және КСРО Германияға және Үлкен Берлинге қатысты басып алу аймақтары жөніндегі хаттамаға қол қойған еді [26, s.1].

Ал 1944 жылдың жазында фашистік басқыншылардан азат ету барысында Франциядағы билік генерал де Голль басқарған Уақытша үкіметке көшкені белгілі. Осы кезеңнен бастап Франция да соғыстан кейінгі Германияны бөліске салушылардың қатарынан табылуға ұмтылады. 1944 жылғы қарашадағы бақылау құрылымы жөніндегі Лондондық келісімге келуі, 1945 жылғы 4-11 ақпандағы үш одақтас мемлекеттің Қырым мәслихатында Франция Германиядағы келешек басып алу аймағынан үлес алуға қол жеткізеді [27].

Франциядағы Уақытша тәртіп 1946 жылы Төртінші республиканың конституциясы қабылданғанға дейін өмір сүргені белгілі. Уақытша үкіметтің сыртқы саясатында жеңілген Германия мәселесі маңызды орын алды. Уақытша үкімет Саар мен Рейн өзенінің сол жақ жағалауын, Францияға қосуға ұмтылып, Рурды “интернационализациялауды”, Францияның пайдасына төлемақы төлетуді талап етті. Бұл да өз кезегінде ғасыр басындағы Версаль келісім шартындағы сияқты сәті түскен пайданы қалайда жібермеуге тырысқан, соның нәтижесінде тарихтың жаңа бұрылысында неміс ұлтына тағы бір рет қыр көрсетіп қалу іспеттес.

1945 жылдың 5 маусымында тізе бүгу Актісіне байланысты жеңген мемлекеттер – АҚШ, КСРО, Франция және Ұлыбритания Германиядағы жоғарғы билікті өз қолдарына алғаны белгілі [28, s.11]. Олар басқару мақсатында төрт жақты Бақылау Кеңесін құрып, ал кейбір басып алған жеке аудандарда сол тектес елдің өлкелік әкімшілігін құрды. Батыс жеңген мемлекеттердің қарамағына Германияның үштен екі аймағы, яғни, оның 11 батыс жер-өлкесі кірді.

Соғыстан кейінгі жылдардағы “Герман мәселесін” шешуде Батыс мемлекеттерінің саясаты тиянақсыздау болды. Өйткені осы мәселені шешудің өзінде екі үрдістің күресі белгілі еді. Америкалық саясаткерші Г.Моргентау мен ағылшындық Р.Ванситарттың көзқарасын бөлісушілер, Германияны АҚШ пен Англияның бақталасы ретінде әлсіретуге, яғни оны аграрлы мемлекетке айналдыру үшін ұмтылды. Ал бұған қарама-қарсы, президент Трумэнге жақын күштер Еуропадағы америкалық ықпалдағы мемлекет ретінде Германияны қайта қалпына келтіруді ойлайды. 1946 жылдың өзінде соңғы бағытты ұстағандар америкалық әкімшілікте басым көпшілікке жетеді. Француздық үкімет саясаты Германияны қалай да әлсіретуге бағытталады. 1945 жылдың күзіндегі “Таймс” газетінің бетінде генерал де Голль:“Қазіргі кезеңде германдық өмір сүру қабілетін жандандыру батыспен байланысты. Бір күні герман басқыншылығы сондай-ақ батысқа да бағытталуы мүмкін”, – деп ескертеді [29, с.32]. Оның өкілдері Францияның қауіпсіздігін сылтаурата отырып, Германияны бөлшектеуге, шекараны Рейн өзені бойымен орнатуға, Саар ауданын француз мемлекетінің құрамына алуды көздегені белгілі. Жалпы, бастапқы еуропалық одақ құрылысының қозғаушы күші ретінде аумақтық мәселе, яғни 1945 жылға дейін Германия империясының құрамында болған, соғыс салдарынан жеңіліске ұшырағаннан кейін тартып алынған екі аумақты басқару мәселесі түрткі болғандығын айтуға болады. Бұл – әсіресе, тас көмір сияқты пайдалы кен орындарына бай, өнеркәсіптің тығыз орналасқан ауданы, өнеркәсіп өндірісінің, соның ішінде Германияның әскери өндірісінің екі дүниежүзілік соғыс кезінде де негізгі қайнар көзі болған Саар мен Рур аймақтары еді. Гитлерлік жүйенің күйреуінен кейін, Саар мен Рур аудандары Француз Республикасының бақылауына өткен болатын. Еуропалық құрылықтағы ықпал үшін бұрыннан Германияның басты бақталасы болып келген Франция болса, 1870 жылғы француз-прусс соғысының ащы сабағын, бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі неміс басқыншылығының зардаптарын еске ала отырып, және неміс аумағынан жаңа соғыс қатерінің тууынан қауіптенгендігі соншалықты, Германия жерінде егеменді мемлекет құруға, сондай-ақ Саар мен Рур аймағын немістерге кері қайтаруға жан-жақты қарсы болды. Француздар ғана емес, кейбір батыс саясаткерлері де Германияның тұтас мемлекеттігін жойып, бөлшектеу қажеттігін, яғни, неміс жерінде әлсіз бірнеше мемлекет құруды, жоқ дегенде бүкіл өнеркәсібінің көзін жойып, Германияны ауылшаруашылықпен айналысатын елге айналдыруды ұсынғандығы аян. Бұл бағытта нақтылы істер де болған еді. 1948 жылы Саар аймағы мен Франция арасында экономикалық одақ жөніндегі келісім шартқа қол қойылған болатын [29, с.32]. Бұл бағыттағы германдық қуатты мемлекетті келешекте болдырмау мақсаттары түсінікті де, өйткені ХХ ғасырдағы еуропалық басты соғыстардың болуына Германия кінәлі деп есептелінеді.

Британдық әкімшілік те алғашында Германияда батыл өзгерістер жасауды мәлімдесе, лейбористер Ұлыбританиядағы сияқты ұлттандыруды ұсынған еді. Бірақта америкалықтардың қысымымен олар да өз ойларын іске асырудан бас тарты.

Гитлерлік басқыншылықтың нәтижесінде өзінің мемлекеттік нышанынан айырылып қала жаздаған Франция, ендігі жерде ішкі саяси жүйені нығайтуға тырысады. Сол арқылы ғана ол сыртқы қарсыластарына ықпал ету күшіне ие болатындығы белгілі еді. Сол ретте, Францияның ішкі саяси өміріндегі ірі оқиғаның бірі – Құрылтай жиналысында сайлау және жаңа конституция қабылдау болды. Құрылтай жиналысына сайлау және оның өкілеттігі жөніндегі бүкіл халықтық референдум 1945 жылдың 21 қазанында өткен болатын. Сайлау қорытындысының нәтижесінде генерал де Голльдің төрағалығымен коалициялық үкімет қалыптасады. Бұл үкімет құрамында коммунистер, социалистер және халықтық республикалық қозғалыстар мен қатар ешқандай партия да жоқ голлистер болды. Тек, Атқарушы билік қызметі Құрылтай жиналысы жағынан бақылауда болатындығына келісе алмаған генерал де Голль 1946 жылдың 20 қаңтарында өз қызметінен кететінін мәлімдейді. Министрлер Кеңесінің төрағасы болып социалист Ф.Гуэн сайланады. Осы кезеңдегі Германия жеріндегі өзгерістерді еске алатын болсақ, 1945 жылдың жазындағы жеңген мемлекеттердің Потсдам мәжілісіндегі шешімінің нәтижесінде АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Кеңестер Одағы неміс жерін өздерінің басып алынған аймақтарына бөліп алғаны белгілі [30, с.450-451].

Келешек Батыс Германияның алғашқы канцлері болған Конрад Аденауэр де сол кездегі саяси өмірге етене жақын араласады. 1945 жылы Кёлн қаласының Жоғарғы бургомистері болса, 1946 жылы британ аймағында құрылған Христиан демократиялық одағының төрағасы болып сайланған еді [31, s.195].

Ал саяси-экономикалық жағдайларға байланысты, 1946 жылдың 2 желтоқсанында ағылшын-американ өңірлері бірігіп, “Бизонияға” айналса, Франция бұл кезеңде өз басып алынған өңірде жеке басшылық жасау әлде қайда тиімді деп есептейді. Тек, 1948 жылдың ақпанында қалыптаса бастаған саяси ахуалдың қысымымен, “Бизонияға” француз өңірі де қосылып, “Тризонияның” пайда болуы бірыңғай экономикалық аймақты құрды. Бұл өз кезегінде Батыс Германияның құрулуының алғы шарты еді [32, s.101].

Соғыстан кейінгі саяси жағдай, неміс жеріне қарағанда француздарда саяси өмірге тән қалыпта жүрді. 1946 жылдың 13 қазанындағы жаңа конституция бойынша Франция демократиялық, зайырлы және әлеуметтік Республика болып жарияланғандығы мәлім. Жаңа конституцияның күшіне енуіне және Ұлттық жиналысқа сайлау өтуіне байланысты Уақытша тәртіп тоқтатылады. Ендігі жерде, 1946 жылдан 1958 жылға дейін созылған Төртінші республика кезеңі басталады. Сыртқы саясаттағы көздеген мақсаттары батыс еуропалық елдерді КСРО-ға төтеп бере алатындай экономикалық және саяси топқа біріктіре отырып, сонымен бірге, Батыс Еуропаның қауіпсіздігін, герман жерінен соғыс өртінің қайта бас көтермеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ АҚШ алдында тәуелді болмау еді.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңде француз-неміс қайшылықтарының бәсеңдеуін, геосаясат негізінде қарайтын болсақ, өткен ғасырлармен салыстырғанда бұл кезеңде адам факторы, атом қару-жарағының болуы және оның таратылуы, ақпарат құралдары мен байланыс жолының дами түсуі, халықаралық қатынастар жүйесінің соңғы үрдістерінің дамуы, өз тарапынан елеулі ықпал етті деп айту керек. Сондай-ақ, экономикада әлдеқайда тұрақтану пайда болып, Еуропа елдеріндегі халық санының азаюы, бұрынғы саяси-жағрапиялық тұжырымдарға әсер ететін халықаралық қатынастағы бақталастық екпінінің төмендеуіне әкелді. Екіншіден, осы уақыт ішінде әлемдегі өнеркәсіптік дамуда орасан зор алға жылжу байқалды. Байланыс пен көлік саласындағы жетістіктер, арақашықтық мәселесіндегі кейбір жағрапиялық ұғымдардың мәнін төмендетті. Ендігі жерде аз қана уақытта мыңдаған шақырымдарға жететін құрылықаралық баллистикалық зымырандардың пайда болуы, әскери тұрғыдан жағрапияның физикалық әсерінің мәнін жоққа шығарды.

Осындай бүкіләлемдік даму барысында мемлекеттердің бір-біріне деген өзара байланысы, қатынасы, өзара тәуелдігі арта түсіп, қандай да мақсатқа жету жолын соғыс арқылы шешуі көп жағдайда тиімсіз екендігін көрсетті. Сол ретте, терезесі тең мемлекеттер халықаралық ұйымдар төңірегінде топтаса түсіп немесе бір-бірімен келісімдер арқылы ынтымақтасуы барысында дамуы, әлде қайда қолайлы болып табылды. Мұның өзі құрылықтағы қандайда жағдайда екі ел арасында пайда болатын шиеленістің өрбуі нәтижесінде екі мемлекет арасында соғыс өртіне айналуы, ендігі жерде тек екі мемлекеттің қана емес, осы құрылықта тыныштықты көздеген барлық мемлекеттердің мүддесіне зиянын тигізуі деп ұғынылады. Ал бұл өз кезегінде қауіпсіздік пен бейбітшілікті көздеген мүше мемлекеттердің халықаралық ұйымының араласуын қажет етеді.

Сондай-ақ, ХХ ғасырдағы екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр зардаптары, бүкіл еуропалық мемлекеттерге, оның ішінде Франция мен Германияның жалпы саяси-экономикалық жағдайына өте қатты соққы болып тиді. Әсіресе, бұл соғыстың барысында гитлерлік басқыншылықтың салдары Франция мемлекетіне үлкен зиян келтіргені белгілі. Франция мемлекетінің Жоспар жөніндегі Бас комиссариатының құжаттарына жүгінетін болсақ, 1954 жылға шаққанда жалпы ұлттық өнімге соғыстың тигізген зияны біржарым еседен артық. Өндіріс пен саудаға тигізген кеселі 135 млрд. фр. бағаланса, ауылшаруашылығына – 68 млрд.фр., байланыс пен жол көлігі саласына – 130 млрд. фр. Францияның өнеркәсіп өндірісі көп мөлшерде қысқарған. Франция бұған дейін ірі өсім алушы болса, ендігі жерде екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде ол өзінің барлық шет елдік қарыздарын беретін мемлекеттерін жоғалтады. Сондай-ақ алтын қорының үштен екісін, яғни ол 1937 жылы 2749 млн. доллармен бағаланса, 1946 жылы 867 млн.долларға ғана жетті [33, с.11].

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі алғашқы жылдары Францияның экономикалық деңгейі сайып келгенде оның халықаралық қатынастардағы жағдайына тікелей өз әсерін тигізіп жатты. Елдің ішкі жағдайының күрт төмен түсіп кетуі, оның халықаралық аренадағы беделінің төмендеуіне әкелген еді. Осындай саяси-экономикалық ауыр жағдайдан шығу үшін «Республика күшті болуға міндетті. Еркіндік пен келісушілік қажет, әйтпесе ештеңе өнбейді. Түңілу мен дәрменсіздік басады, бұл кейбір партиялардың үстемдігін орнатып, республиканы тұншықтырумен тынады. Сол сәтте республика да жойылады. Ия, жойылады» – деп генерал де Голль соғыстан кейін француз халқын бірлестікке шақырған болатын [34].

Ал қырқыншы жылдардың аяғына таяу уақыттағы Францияның экономикалық деңгейіне көз жіберетін болсақ, Франция үкіметі “Маршалл жоспары“ бойынша 1949-1952 жылдары АҚШ-тан 3152 млн.доллар көлемінде қаржылай көмекке ие болған еді [33, с.11].

Халықаралық қатынастар жүйесіне қатысушы мемлекеттердің жалпы экономикалық және әлеуметтік деңгейі олардың сыртқы саяси бағытының қалыптасуына негіз болатыны айқын. Ал соғыс зардаптарын толығымен басынан кешірген Төртінші республиканың ішкі әлеуметтік-экономикалық жағдайына келетін болсақ, 1948 жылы өнеркәсіп өнімі тек соғысқа дейінгі деңгейге жетсе, ауылшаруашылық саласы бұл деңгейге 1950 жылдары ғана жетті. 50-ші жылдардың басында экономикалық қарқын бірқалыпты болмаса да әлде қайда тез қарқынмен дами бастады. Соғыс зардаптарының біртіндеп жойылуы, ғылыми-техникалық дамудың ілгерілей түсуі, ірі мемлекеттік капитал қорлары, сұраныстар мен несиелер экономиканың дамуына жағдай туғызды.

Еуропалық құрылықта алдыңғы қатарлы мемлекет болуға ұмтылған Франция, өзінің саяси-экономикалық дамуында барлық қолайлы да тиімді жолдарды таңдайды. Бұл мақсатты Шарль де Голль өзінің “Әскери мемуары” атты еңбегінде: “Франция тек бірінші сатыда тұрған жағдайда ғана нағыз Франция бола алады… Біздің еліміз басқа елдердің алдында ұлы мақсаттарға ұмтыла отырып, ешкімнің алдында тізе бүкпеуге тиіс, керісінше жағдайда өте қауіпті қатерге тап болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда менің ойымша, ұлылығын жоғалтқан Франция, Франция болудан қалады”, – деп тұжырымдайды [35, с.29]. Осыған орай Шарль де Голль өзінің әскери мемуарының 3-ші томында соғыстан кейінгі Францияның Еуропаға байланысты саясатын: Рейнмен, Альпімен, Пиренеймен түйіскен мемлекеттерді экономикалық, саяси және стратегиялық қатынаста біріктіру қажет екендігін көрсеткен [33, с.134]. Бұл ұйымды дүниежүзілік үш күштің бірі етіп, қажет болған жағдайда екі лагерь, яғни кеңестік және англосаксондық, арасында төреші қылу. Жалпылама түрде бұл топтағы “мемлекеттер бірлестігінің” келбеті де айқындалған.

1945 жылғы 10 қыркүйектегі Шарль де Голль “Таймс” газетінің париждік тілшісіне “Еуропадағы мазасыздықты” болдырмау үшін Англияның қатысуымен “жалпы өркениетті” және “мәдениетті” батысеуропалық топ құру идеясын мәлімдеген еді. Тек Еуропа құрылығындағы қандайда бір мемлекет аралық қарым-қатынастар Германиядан тыс орнатылуы мүмкін емес еді. Өйткені, Германия осы құрылықтағы саяси ойынның басты мүшелерінің бірі деп қарауға болады. Соғыстан кейінгі саяси жағдай Германия мемлекетін екі қарама-қарсы бөлікке бөлгенімен, Батыс Еуропалық қарым-қатынаста Германияның Батыс бөлігі негізгі қатысушы болып саналды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі алғашқы жылдарда Франция үкімет басшылары Германиямен қарым-қатынас мәселесін толық федерализациялау арқылы, сондай-ақ Рур, Рейн аймағын, Саарды экономикалық қосып алу арқылы шешуге талпынды. Геосаясат негізінде алғанда, бұл мемлекеттер даму үрдісіне сай алдыңғы қатарлы ел болғандықтан, жағрапиялық жағдайдағы кеңістік қағидасын толық пайдалана алуға мүмкіндігі бар мемлекеттер екендігі айқын. Яғни, олар өздерінің жағрапиялық артықшылығына ептілікпен иелік етіп және табиғи байлығын тиімді негізде пайдалану арқылы дамудың жоғарғы сатысына шығуына мүмкіншілігі бар. Сол себепті де, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Франция мен Германияның геосаясатының негізінде жағрапиялық фактор да басты орынды алуда. Сондай-ақ, Франция үкіметінің Германия тарапынан соғыс кезіндегі келтірілген зардаптарға байланысты төлемақы алудан да кет әрі емес еді.

Шынында да, соғыс зардаптары алыстаған сайын, екі мемлекеттің билеушілері келешек даму сатысын ақыл-ойға сала бастайды.

Бірақ та, ішкі еуропалық қатынастарының барлық жүйесін қайта қарау керектігі жөніндегі ұсынысты батыс немістері жасаған жоқ болатын. Өйткені соғыстан кейінгі алғашқы жылдары немістер әлі де толықсуда еді. Ал Еуропаны бір-бірімен қарсы тұрған кейбір мемлекеттердің шеңберінде бұрынғыша қалтыру қаншалықты қауіпті екендігін саясаткерлер де, мемлекет басшылары да, қоғам қайраткерлері де түсіне бастайды. Тек, 1946 жылдың өзінде-ақ, яғни, 19 қыркүйекте Уинстон Черчилль Цюрих университетінде сөйлеген сөзінде, Еуропа Құрама Штаттары идеясын қайта жандандыруға шақырып, сол үшін ең алдымен француз-герман қайшылығын жеңе білу керектігін, осы жолдағы бастаманы екі мемлекет өз қолдарына алу қажеттігін айтады [36, s.16].

У.Черчилльдің пікірі бойынша, Ұлыбритания Британдық қоғамдастық, АҚШ және КСРО-мен бірге «Жаңа Еуропаны» ұйымдастырушылардың достарының бірі болуға тиіс. Британия “Еуропаның тағдырымен тығыз байланысты ішкі бір бөлігі болып табылады”, – деп атап өтеді [29, с.18].

Ал Франция үкіметі өзінің соғыстан кейінгі сыртқы саясатында: “…өзінің салт-дәстүріне берік Француз республикасы, халықаралық жалпы құқық ережелерін ескере отырып, басқыншылық мақсатында ешқандай соғыс жүргізбейді және ешқашан өздерінің қарулы күштерін қандайда халықтың еркіндігіне қарсы қолданбайды” деп белгілеген 1946 жылғы 27 қазанда қабылданған Конституциясын басшылыққа алады [37, с.28].

Парижде, 1947 жылы англоамерикандық ассоциациясының баспасөз мәжілісінде Шарль де Голль “еуропалық бірліктің” қажеттілігі, “осы ескі Еуропаны нығайту”, және “бұл істі халықтар мәслихаты жолымен табысты аяғына дейін жеткізу” керектігін айтады.[38, р.368]. Еуропаны “біріктіру” қозғалысы екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдардағы қажеттілікке сәйкес тез қарқынмен дамыды.

Еуропада нақтылы түрде интеграциялық үрдістердің басталуына американдықтар да мүдделі екендігін білдіреді. 1947 жылы Дж.Ф. Даллес: “Әркім де, егер Еуропамен ісі болса, онда әлемдегі ең ұлы ретсіздікпен, өртпен ісі болғаны. Ол оқтын-оқтын қайталанып шығып тұрады” – деп мәлімдесе, 1947 жылдың 31 наурызында осы мәселеде АҚШ Конгрессі арнайы Қарарды (“Ванденберг Қарарын”) мақұлдайды. Бұл Қарарда “Конгресс Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде Еуропа Құрама Штаттарын құруды қолдайды”, – деп мәлімделінген [29, с.19].

Саяси-экономикалық тұрғыдан алғанда, Америка Құрама Штаттары еуропалық мемлекеттердің әлсіз болуын қаламады. Өйткені, Еуропадағы әлсіз мемлекеттердің кеңестік ықпалға түсіп қалуы, американдықтардың әлемдік саясатына қайшы келері анық еді. Сондықтан да, еуропалық мемлекеттердің соғыстан кейін саяси-экономикалық жағынан көтерілуіне американдықтар қаржылай көмегін ұсынды. Осыған байланысты 1947 жылы АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джордж Маршалл: “Еуропадағы бүгінгі күні етек алған нақтылы жағдайға келетін болсақ, алдағы үш-төрт жылда ең алдымен Америкадан келетін азық-түлік көлемін төлеуге оның шамасы жетпейді, сондықтан оған қосымша көмек қажет, олай болмаған күнде оны (Еуропаны) аса зор көлемдегі әлеуметтік, экономикалық және саяси жағдайдағы нашарлауы тосуда”, – деп мәлімдейді [29, с.27].

АҚШ еуропалық қайта құру бағдарламасын іске асыруда арнайы ұйым құруды талап еткен болатын. Соған қатысты, “Маршалл жоспары” негізінде 1948 жылдың 16 сәуір күні Парижде 16 мүше мемлекеті бар Еуропалық экономикалық ынтымақтастық ұйымы құрылады. Яғни, бұл Еуропа Құрама Штаттарын құрудың жалпы жоспарындағы ең алғашқы “еуропалық” экономикалық ұйым болғаны белгілі.

Сондай-ақ, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңде халықаралық қатынастар жүйесінде “қырғи-қабақ соғыс“ кезеңінің басты ерекшеліктерінің бірі әскери саладағы басымшылық көп жағдайда мемлекеттердің стратегиясын айқындай отырып, экономикалық жағына бақылау жасай алды. Соған қарамастан бүкіләлемдік қоғамдастықтың даму жолында көп жағдайда экономикалық ақиқат өз ықпалын тигізе алды. Нақтылай айтқанда, мемлекеттің сыртқы саяси стратегиясында алдыңғы орында экономикалық дамуға басым көңіл бөлінетіні белгілі. Соның ішінде, өзара байланыстылықтық және әлемдік үрдістердің өзара тәуелділігінің ұлғаюы, мемлекеттердің ұлттық мүддесі мен экономикалық саясатына әсер етуі өсе түсті. Сондай-ақ көлемді экономикалық жүйенің қалыптасу үрдісінің күш ала бастауы елдегі ұлттық экономиканың дамуында шешуші қозғаушы күшке айналып, Еуропаның қауіпсіздігі жолында француз-батысгерман қатынасының жаңа арнада дамуына итермеледі.

Француз-герман қарым-қатынастары (ХХ ғ. 50-60-жылдар)

Подняться наверх