Читать книгу Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - Қанат Жойқынбектегі - Страница 4

Дос көңілді адам

Оглавление

Шоң келгенде анда-санда Карбышев оны үйіне ертіп апарып, болыстардың жұмысы туралы ақылдасатын. Ояз мұны қазақ психалогиясын жақсы білу үшін жасайтынын Шоң сезетін. Оның өзі де бала кезінде жергілікті халық арасында болған. Қазақ жайында мәліметі мол еді. Сонда да Шоңнан сұрайтын. Мұнысы Шоңның өзін де жақсы білу үшін жасайтынын сезетін. Содан кейін сөзден ұсталып қалмау үшін неше түрлі құйтырқы сөздер араластырып сөйлейтін.

Шоң кезекті бір келгенінде ояз оны үйіне ертіп апарды. Қазақтын мінез-құлқын Шоңнан артық ешкім білмейтініне оның көзі әбден жеткен. Сондықтан ана болыс солай жасап жүр, соған не істеуге болады деген тәрізді сұрақтар беріп, ақылдасып отыратыны бар еді. Шоң Карбышевтың мұны қулықпен жасайтынын білетін. Үндемей қалуға тағы болмайды. Онда ояз ренжиді. Шоң дұрысын, әділін айтуға тырысатын. Бүгін де пікір алу үшін шақырған шығар деген оймен үйге кіріп келсе бір бейтаныс орыс отыр екен. Карбышев сөз бастап кетті.

– Петр Константинович, сізге айтқан адамым осы кісі болады. Орыс тілін менен де жақсы біледі.

Мына сөзді естіп әлгі адам қуанып қалды. Орнынан тұрып, Шоңға қолын берді.

– Мен жергілікті адамдармен сөйлесуім қиын бола ма деп қауіптеніп жүр едім, бұл кісінің орысша білгені қандай жақсы болды!

Карбышев жасырған жоқ, турасына көшкен еді.

– Петр Константинович Санкт-Петербургтегі шенеуніктер алдында кінәлі болып қалып, осылай жіберген екен. Шоң Телқозинович, бұл адам киргиздардың арасында тұрамын дейді. Оған қалай қарайсыз?

– Мен бұған қуанбасам, ренжімеймін!

– Ендеше, сіздің аулыңызда тұрсын. Қанша тұратынын Петр Константиновичтың өзі де, мен де білмейін. Ол мәселе жоғары жақтың қолында.

Қазақ жерін жаулап алғаннан кейін саясатпен сотталған адамдарды, жер аударылған адамдарды Сібірмен қоса осы жаққа жер аударып тұру әдетке айналған еді. Шоң оны жақсы білетін. Ақмолада істеп жүргенде мұндай адамдардың санын көрген. Оларды көбіне Ақтау, Ортау тәрізді кісі аз бекіністерге, жаңа құрыла бастаған Атбасар сияқты орыс станцияларына жіберетін. Қазақ ауылына жібермермейтін. Оның үстіне тілді білмегендіктен бе, олар қазақ арасына баруды қаламайтын. Ал мына кісі өзі киргиздар арасына баруға сұранып отырғанын біліп, қуанып кеткен. Мұндай адамдар орталықта не болып жатқан, саясаттағы жағдайды жақсы білетін, бір ғажабы жасырмай ашық айтатын. Шоң осы жаққа жер аударылып келген бірлі-жарым адамдармен сөйлесіп, көзі соған әбден жеткен еді. Мына адамға осынша қамкорлық жасап, өзінің тілеген жеріне жіберуіне қарағанда Карбышевтің бір жақын таныс адамы деп ұққан еді Шоң. Біраз таныстықтан соң Карбышевтің пәуескесімен екеуі Нұра бойына жүріп кетті. Жолай келе жатқанда конағы айтқан, мені Сібірге қарай жіберіп коятын еді. Санкт-Петербургте бір жолдасым бар еді, сол Омбыдағы бір жолдасына хат жазып берді. Сол кісінің арқасында осылай – онтүстікке қарай жіберді.

Бұл адамының аты – жөні Петр Константинович Карпов екен, былай шыққан соң әлгі адам өз өмірінен біраз хабар берген. Осылайша Шоң қонағының өз аузынан өмірі жайлы біраз мәлімет алған. Содан екеуі жақсылап танысып алды. Карпов Шоңнан бұл жақтағы ауа райы туралы сұрады. Ептеген өкпе ауруы бар еді, содан қорқып келе жатқанын да жасырған жоқ. Шоң оның қазақ аулына келуінің тағы бір сырын білгендей болды. Кейбір орыстың өкпесі ауыратын мықтылары Ақмолаға келіп, қазақтарға өзен жағасына бірнеше бие байлатып, жаз айларында жатып қымыз ішетінін білетін. Содан Шоң оның қойған сұрағына байланысты жауап берген.

– Біздің жақтың жазы ыстық, қысы суық болады. Суығы Сібірден бір кем емес екенін, орыстардың өз аузынан естіген еді Шоң.

Мына сөзді естіп ол қорқып кеткендей болды.

– Мен байқап келе жатырмын, киргиздардың көбісі киіз үйлерде отыр екен. Ондай суықта қалай тұрады?

– Жақсылап жан-жағын дұрыстап жапқан киіз үйлер жылы үйден кем емес, ортасына от жағады да отыра береді. Киргиздар көшпелі халық қой, тіршілігі соған үйренген.

Қонағы оның мына сөзіне не сенерін, не сенбесін білмеді. Карбышев алдында айтқан, бұл кісі жалған сөйлемейді, дұрысын айтады деген. Алайда, қонағы күдігін де жасырмады.

– Мен тәрізді ауру адамдарға қиын болатын шығар. – Қонағы жолай жылы үйлерді көріп келе жатқан, соны көрсетіп, мына үйлерде сонда кім тұрады деп сұраған еді.

– Ал байлар жылы үйлер де салып алады. Бір сөзбен айтқанда, орыс ағайындардан көріп, солардың тұрмысына да ыңғайланып келеді. Енді бір он жылдан кейін келсеңіз, қыс айларында киіз үйде отырған қазақтардың бәрінің жылы үйге көшкенін көресіз. – Бұл сөзді де Шоң өзінің ішкі есебімен айтып отыр еді. Қазақтардың орыс тұрмысына көшкенін мына білімді адам ана жақтағы мықтыларға жеткізетіне сенімді еді. Бұлай сөйлегенде қазақ тұрмысын жақсартуға көмегі тие ме деген үміті де бар еді. Карпов отырып айтқан еді:

– Мені бұл жақта ұзақ мерзімге қалдыра ма деп қорқамын. Бұл жақтың тұрмысына үйренбеген адаммын ғой.

– Бұл жаққа талайлар сіз тәрізді келіп, мерзімінен бұрын қайтып кеткендері көп. Сізге де соны жасауы мүмкін.

– Сіздің айтқаныңыз келсін. Санкт-Петербургте мені талай жұмысым күтіп тұр. Соған асығамын. Әйтпесе, бұл жақта сіз тәрізді адам тұрғанда маған жақсы жағдай жасалатынына сенемін.

– Петр Константинович, мұнда өзі үйіңдей сезінесіз. Барлық жағдайды жасаймын. – Шоңның өзі де осындай білімді адам кездескеніне қуанып келе жатыр еді. Ресей өмірінен біраз жаңалық еститініне сенімді болатын.

Қаладан шыққан соң Шоң бір жерден қымыз ішіп алайық деді. Бұл жаққа жер аударылумен бірге емделу үшін де келе жатқанын білген Шоң ауыл шетіндегі кішкентай қоңыр киіз үйге бұрғызды аттың басын. Бұл Ағыстардың ішіндегі Таймас атты би болатын. Бұлар келгенде ол есік алдында отыр еді. Шоң пәуескеден түсіп келіп шалдың қолын алды.

– Таймас аға, денсаулық қалай?

– Құдайға шүкір, отырмын ғой…

Шоңның қасындағы орысты көріп, «Бұл бірге жақсылық оймен келе жатыр ма, әлде жамандық оймен жүрген орыс па» – деп сұрады.

– Таймас аға, оны өзім де білмейін…

– Білмесең неге ертіп жүрсің?

– Ояз тапсырған, содан кейін мен не істеуім керек?..

Шал сәл үндемей қалды да, кемпіріне қымыз алғызды. Кемпірі үлкен екі шараяқты толтырып қымыз әкелді. Шоң әуелі қасындағы серігіне берді. Екіншісін өзі алды. Таймас отырып, «Шоң, бүгін осында қон, мал сойғызайын» – деді.

– Ағасы, асығып барамын, тағы бір реті келгенде келіп қонармын. – Шоңды Таймас шалдың айтқан әңгімелері қызықтыратын. Қазақтың өткен-кеткен тарихын жақсы білетін. Сан рет қона жатып естіген. Бір ғажабы, бұл үйдін кемпірінің қолынан шыққан қымыз ғажап дәмді болатын. Шоң екі-үш рет Әйімкүлді Таймастың кемпіріне ертіп келіп қымыз дайындауды үйреткен еді. Шоң қонағына қазақ қымызының дәмін осы үйден көрсетуді ойлап әдейі алып келген.

Қымыз ішкен соң олар жүріп кеткен. Былай шыққан соң Шоң сізге қымызы ұнады ма деп сұраған конағынан.

– Қандай екенін білмеймін. Денсаулыққа жақсы болатыны туралы дәрігерлер айтқан соң, іше беремін. Карбышев әкелген қымыз ащылау еді. Ал мына үйдікі тұщылау ма, айыра алмай қалдым. Дегенмен, дәмді екен.

– Бұл кісінің бәйбішесі қымыз ащытуды біледі. Сондықтан жақсы. Ал үй иесі аристократ адам. Бұл уезде бұдан өткен аристократ жоқ!

Карповке Карбышев киргиздардың барлық аристократтары ақ киізбен жабылған үйлерде тұрады деген. Ал мына болыс ақ киізді үлкен үйге апармай, лашыққа әкелді. Көңілін мазалап кеткен сұрақты қойды.

– Бұл кісі киргиздардың аристократиясына жатса, неге нашар тұрады?

– Нағыз аристократ осы кісі. Бұл кісі атақты би болған. Сол міндетінен өзі сұранып шығып кетті. Қоңырқұлжа дуанбасы болып тұрғанда. Казір бұл кісіге билік айтуды сұрап ешкім келмейді. Бір кезде Кенесары Ақмола бекінісін талқандап, кейін ақыл сұрап осы биге келген. Сонда бұл кісі оған, сен бәрібір жеңілесің, патшамен келісімге кел депті. Сол сөзі үшін барлық малдарын айдап әкетіпті. Екі баласы бар еді, оларды да зорлап Кенесары алып кеткен. Олардан осы уақытқа дейін хабар жоқ. Сірә, соғыста өліп қалған болуы керек. Қыздарын алған құдалары бар. Олар қазір бұған қарамайды. Бұл да оларды ұнатпайды. Бұл адам өзінше тіршілік кешіп жатқан адам.

– Аянышты өмір кешіп жатыр екен. Мынадай адамды мемлекеттік жұмысқа тарту керек ғой.

– Бұл кісі патшаның жүргізіп отырған саясатын да жақтырмайды. Сондықтан Карбышевке ұнамайды. Және өмір бойы төрелермен айтысып келеді.

Карпов төрелер кім екенін білмейтін болып шықты. Содан кейін Шоң қонағына түсіндірді:

– Олар Шыңғыс хан тұқымынан шыққан адамдар. Пәлен ғасырлар бойы қазақтарды билеп келген. Сондықтан оларды төрелер атап кеткен.

– Олар көп ме?

– Хандар алты-жеті әйел алған. Олардың баласы да сөйткен. Содан кейін көбейген. Қазір олардың саны бірнеше мыңға жетеді.

– Олардың халық арасында беделі бар ма?

– Менің байқайтыным уақыт өткен сайын төмендеп келеді. Әуеліде төрелердің орыс шенеуніктермен ара қатынасы жақсы еді. Кенесары жеңілгеннен кейін, оларға да басқаша қарайтын болды. Бұрын осы Ақмола жерін дуан деп атайтын. Оны өзіңізге Семен Иванович айтқан шығар, Сәмеке ханның тұқымы Қоңырқұлжа деген аға сұлтан биледі. Ол кезде хан заманындағыдай киргиздарға төрелер билік жүргізетін. Енді уез атанды. Оны Карбышев басқарады. Биліктен айрылған төрелердің халық алдындағы беделі де төмендеп кетті.

– Сіз олардың беделінің төмендеуіне қалай қарайсыз?

– Мен әуелден оларға дұрыс қарамаған адаммын. Өйткені, халықты екіге бөлді. Ел билігіне ыңғай төрелерді тартты да, басқа төре еместерді екінші дәрежелі адамдар санады.

– Қазіргі уақытта олардың орыстармен арасы қандай?

– Бір кезде Шыңғыс хан тұқымдары орыстарға билік жүргізді ғой, содан қалған ыза бар тәрізді. Орыстар билікті өз қолдарына алған төрелерді енді сырғыта бастады.

– Төрелердің биліктен кете бастағанына қалай қарайсыз?

– Киргиздарды осы күйге жеткізген солар ғой. Оларға мен қалай қараймын…

– Ал сіз орыстарға қалай қарайсыз?

Шоң орыстармен орыстар туралы сөйлескенде сақ болатын. Қазір де сол сақтығына салып:

– Әзірге орыстар туралы ештеңе айта алмаймын. Оларға киргиздардың қандай көзқараста екенін болашақ ұрпақ айтады.

Шоң көбіне жол бойы «киргиздар» сөзін «қазақтарға» ауыстырып отырды. Орыс шенеуніктері Шоңның киргиздар сөзін қазақтармен ауыстырып сөйлегенін ұнатпайтын. Олар реніш білдіргенде Шоң айтатын: «Орыстар келмей тұрғанда біз бір-бірімізді қазақпыз дейтінбіз. Содан аузым үйреніп кетіпті». Орыс шенеуніктері үндемейтін, олардың бұл сөзге қалай қарайтынын білу қиын еді. Ал казак-орыстар жанжал шығаратын. Казактар сіздер емес, біз боламыз дейтін. Оларға қарсы шығуға болмады, сондықтан Шоң жеңілгендей болып қоятын.

Мына қонағы жалпы жергілікті халық қазақ аталатынын білмейтін болып шықты. Содан кейін сұраған:

– Бұл арада казактардың қандай қатысы бар?

– Петр Константинович, біз киргиздар емеспіз, қазақтармыз. Киргиздар Алатаудың ар жағында жатады. Қазақ біз боламыз. Орыстардың бәрі ыңғай қазақтарды қиргиздар дейді. Бұл дұрыс емес. Қателесу бар. Анау Ташкент қаласынан бастап Омбы қаласына дейін тұратын, сонау Саян тауларынан басталып, Каспийге дейінгі аралықта жатқан халықтар бір тілде сөйлейді. Олар өздерін қазақпыз дейді. Бәрін орыс тарихшылар шатастырып жүр. Әуеліде бұл жақтың халқын зерттеуші ғалымдар бізді «киргиздар» деп жазып қойған. Содан құтыла алмай қойдық.

– Сонда казак-орыстар қайдан шыққан деп ойлайсыз?

Шоң мына адам шын білмей тұр ма, әлде әдейі бір қулықпен сұрап тұр ма – білмеді, айтуына тура келді.

– Петр Константинович, әуелі қазақтар туралы анықтайық, орыс казағына содан кейін келеміз. Орыстың оқымыстылары шатасып бізді киргиз-қайсақтар дейді. Оған себеп болған Байқал жақтан Ыстықкөлге қарай көшіп бара жатқан киргиздарға кездесіп, олардан «сендер кім боласыңдар» деп сұраған сияқты, сонда олар «біз киргиз боламыз» деп айтқан тәрізді. Содан орыс оқымыстылары да айырмай келеді. Петр Константинович, сонау Ақсақ Темір заманынан бері қарай мен айтқан жерлерде тұратындар өздерін қазақтар деп атайды. Бір мың төрт жүзінші жылдың ортасында жергілікті халықтың хандығы құрылған. Оған дейін Шыңғыс тұқымдары билеген хандардың атымен атаған. Біздін біраз жерімізде Орыс хан билік жасаған. Одан басқа, тағы да Шыңғыс хан тұқымдары басқарған бірнеше хандықтар болған. Орыс шенеуніктері мен ғалымдары бізді қазақ атамай, киргиздер дейді. Мұндағы ойлары – келешекте мен атаған аймақты казактар жері деп атау ниетінен туып отырған жағдай болуы керек. Мен айтып отырған халықтың өздерін «қазақпыз» деп атауы – Темір өзін билеген жердегі қазақ тілдес халықтарды Өзбек елі атаған соң, осы жерде тұратындар өздерін Қазақ хандығы де атап кеткен.

Карповтың Орыс ханнан хабары бар екен, ол Шыңғыс тұқымынан емес пе деп сұрады.

– Кешегі Абылай да, одан кейінгі сұлтандар да – бәрі төрелер. Олардың бәрі моңғолдардан шыққан. Шыңғыс хан тұқымы болған соң, әлгінде мен айтқан төрелер деп аталады. Сондықтан олардың қазақтарды киргиз атауында жұмысы жоқ.

Карпов Шоңның мына айтқанына таң қалғандай, сенбеген адамдай біраз ойға беріліп отырып қалып барып тіл қатты:

– Сонда қалай, қазақ деген сөз орыстардың казагынан шыққан жоқ па?

Шоң мәселенің бәрі, шатасу да осында жатқанын білетін. Орыстардың қазақтарды өз атымен атағысы келмей, киргиз-қайсақтар деп жүргені содан екенін түсінетін. Келешекте қазіргі қазақтар мекендеген жерлерді казак жері деп жариялау мақсаттары бар екенін сезетін. Шоң жасырған жоқ, турасын айтқан, қазір казактарды біздің жерімізге көптеп көшіріп әкеліп жатыр. Оған ел басқарған төрелер де онша мән бермейді. Түбінде бұл жер казактардікі дейді. Бұл әріде жатқан саясат. Мен сізге айтайын, қазақтың қазағы орыстың казагынан шамамен бір ғасырдай бұрын шыққан.

– Сіз мұны қалай дәлелдейсіз?

– Өзбектер өздерін Алтын Орданың Өзбек ханы атымен атағанда, қазақтар да соған еліктеп, сонау Алтын Ордадан Шу бойына көшіп келген Жәнібек-Керей хандар мемлекет құрып, өздерін Қазақ хандығы атаған.

– Ал сонда қазақ деген кім?

– Ол төрелер де емес, қыпшақтан шыққан хан. Оңың мекені қазіргі Украина жерінде болған. Оның өз алдына хандық құрғанын көре алмаған Шыңғыс тұқымдары құртып жіберген кезінде. Ол хандық сол бойы жоқ болып кеткен. Біздің адамдарымыз ол туралы тіптен білмейді. Өзбек хандығына ыза болған Шыңғыс хан тұқымдары Керей-Жәнібек ана туысқандарына ерегісіп хандық атын Қазақ деп атаған. Бірақ негізгі халық қыпшақтардан болған соң осылай атаған болуы керек. Әлгі адамның қазақ болып аталуынын себебі, Түріктерде қазақ деген сөз болған. Біздің арғы тегіміз түріктерден шығады ғой. Осы араны бұдан пәлен ғасыр бұрын түріктер жайлаған. Мен ел арасындағы сақталған аңыздарға қарап осындай қорытындыға келдім. Үлкен әкем де осылай деп айтып отыратын. Ақсақ Темір өзін Барлас руынан дейді. Ол да қазақтардың Найман, Арғын деген рулары тәрізді. Кейін мемлекет басына келген Ақсақ Темір өзін Шыңғыс ханға жақындату үшін Барлас руынан шыққанмын деп жиі айта береді екен. Оған нағыз Шыңғыс хан тұқымынан болған хандар келіспеген. Олар мен Ақсақ Темір арасында араздық туған. Солардың арасында Керей-Жәнібек болған. Содан кейін олар Өзбек ағайындарына ерегісіп өздерінің мемлекетін қазақ атап кеткен. Кейін олар бұл атауды өзгертпекші де болған. Өз аттарымен атамақшы болған. Бірақ халықтың арасында бұл атау жайылып кетіп, түк істей алмай қойыпты хандар. Содан бері бұл жергілікті халықтан өздерін жоғары ұстау үшін Шығыс хан тұқымдары өздерін «төрелер» деп атап кеткен. Мұны менің Жанкелді деген үлкен әкем айтатын, ал орыстардың Ресей жерінен қашқан-пысқандары біздің шекарамызға келіп қоныс теуіп, көрші отырған қазақтарды көріп, соған лайықтап казак атап кеткен дейтін өздерін. Бұл сөзді Шоң Алексей аузынан естіген сөзге негіздеп айтып отыр еді. Казактың қалай пайда болғанын Алексей аузынан естіген соң сенімі күшейе түскен еді. Бірақ ол туралы мына адамға айтпаған, қиын деп білген. Сондықтан бұл жерге көшіп келген казактар жоғары жақтың нұсқауымен бізді киргиз, кейде қайсақ дейді. Терістікте қайсақ атауын алған аз халық болуы мүмкін. Бұл арада саясат араласқан.

Шоң бәрін жақсылап келтіріп тұрып айтқан еді. Алайда, бұл айтқаны Карповтың көңілінен шықты ма, шықпады ма, біле алмаған еді.

– Шоң Телкозинович, егер ол адам атақты болса, сіздің елдің тарихында қалай сақталып қалмаған.

– Мен сізге кезінде Шығысхан ұрпақтары оған жау болғанын айттым ғой. Тіпті, оны тас-талқан етіп жеңіп, соғыста болған адамды түгел өлтіріп жіберген. Ол Отырар ханы Қайып ханнан кейін қыпшақтан шыққан, Шыңғыс хан тұқымдарына қарсы тұрған екінші хан. Египет жерін де бір кезде Бейбарыс атты қыпшақ билеген. Шыңғыс хан тұқымдары оның да көзін құртпақ болған. Египетке қарсы соғысқа аттанған. Ал сол Шыңғыс хан тұқымдарының әскері Бейбарысты жеңе алмаған. Бірақ ол туралы бір қазақ білмейді. Бәрі насихатқа байланысты.

– Менің таңқалғаным, сол аталған хандықтарды Шыңғыс хан ұрпақтары сол қыпшақтардан шыққан әскерінің күшімен қырды ғой.

– Арада пәлен жүз жыл өткен. Олар қыпшақ екенін қайдан білсін. Петр Константинвич, есіңде болсын, есімі жиі айтылмаса адамдар тегін тез ұмытып кетеді. Менің сізге айтып отырғаным – сол қыпшақ мемлекетінің адамдарын түгел дерлік қырып жіберген. Турасын айтқанда, Шыңғыс хан тұқымдарының бастауымен қыпшақтарды қыпшақтар қырған. Содан қалған бірен-саран адамдар қазақ атын атауға қорыққан. Ал олардың балалары тіптен қыпшақ екенін де білмеген. Сондықтан ол хан есімі біржола ұмытылып кеткен. Менің ойымша тарих әділдікті жақсы көретін болуы керек, қараңызшы, ақыры сол қазаққа жау Шыңғыс тұқымдарының өзі өз хандығын соның атымен атап отырғанын. Ешбір қазақ казір ол хандық туралы білмейді деуге болады. Хан аты қазақ бар да, ал ол туралы ел жадында сақталған ештеңе жоқ. Қазақтар ол кісінің кім екенін де білмейді Хан тұқымдары оны елге жаманатты көрсету үшін кезінде кәззап, жендет деген сөздермен жайған көрінеді. Шын мәнінде, біздер, қазақтар өзімізді қазақ емес, қыпшақ деп атауымыз керек еді. Шыңғыс хан мемлекеті қыпшақтардың арқасында жеңіске жеткен кезінде. Хандар оны болдырмау үшін өз елдерін билеген хандардың атымен атаған еді. Бұл нағыз тағдырдың тәлкегі шығарға болжаймын. Олай болмағанда, қазіргі Өзбек, Қазақ деген ел болмай, өз алдына үлкен бір қыпшақ мемлекеті болар ма еді, кім білген…

– Сонда менің таңқалатыным – сіздердің халықтарыңыздың негізі қыпшақ болса, елді неге «қыпшақ елі» деп атамаған.

– Петр Константинович, әр хан өз мемлекеті болуын қалаған ғой. Әрбір монғол хандарында кеуде бар, олар ешқашан қыпшақ атауынан өздерін аулақ ұстаған еді. Бір бірінен айыру үшін ел басқарған төрелер әрбір хандықты өз атымен атаған. Содан бөліне берген. Славяндарды қараңыз, кейін қалай болды: орыстар, украиндықтар, хорбаттар, тағы да толып жатқан славяндар бар. Сірә, халық өздерінің өсіп-өнуіне байланысты, бос жерлерді қоныстанудан бөліне берген болуы керек. Соған орай ел атауларына байланысты жаңа атаулар туындай берген. Кез-келген атау өзінен өзі шықпайды. Оның себеп-салдары болады.

Карпов Шоңның орысшаға сауатты болуымен бірге, тарихи мәселелерді өте жетік білетін адам екенін де жақсы зерделеді.

– Сонда сіз айтыңызшы, жалпы, осы жерді мекендеген халықтар қайдан шыққан?

– Бұл жерді мекендеген Арғын, Найман, Керей, Уақ, жаңағы мен айтқан Темір руы Барлас, басқа да көптеген рулар болған. Қазіргі қазақ жерінде тұратын тайпаларды біріктірген тіл еді. Хан тұқымдары осы үш жүзді үшке бөліп, үш мемлекет жасамақшы болған. Алайда, бірінен бірі қыз алып, құдандалы болып отырған халық бөлінбеген еді. Сол үш жүз осы уақытта дейін сақталып келеді. Менің ойымша, татар, башқұрт, өзбек, өзіңіз айтып отырған қырғыздар бір кезде бір халық болған сияқты. Сол кезде бізге мұсылман діні келген. Кейін әр тайпалардан өз мықтылары шығып, өз алдына ел болып өздерін өздері билей бастаған. Бәрінің үстінен қарайтын хандар болған. Мәселен, қазаққа ең жақын халық өзбектер анау ар жағында жатқан ирандықтармен жақындасып, қазақ пен өзбек Алтын ордадан бөлініп шықса да, кейін бірін-бірі түсінбейтін жағдайға жеткен. Тілдері бірінен-бірі алшақтап кеткен. Ал біз олардан бұрын бөлініп кеткен татарларды жақсы түсінеміз. Біздің осындай елдіктен айрылуымызға алдымен ел басқарған адамдар кінәлі. Олар ел туралы ойлаған жоқ, өздерінің беделін күшейтіп, билігін молайту қамында болды. Бір кезде негізі бір Орыс ханмен Тоқтамыс бірімен-бірі соғысты. Бір халықты біріне-бірін жау етіп қойды. Осылай біртіндеп бір тілді, бір дінді халық әр түрлі халықтар болып кетті.

– Сіздің мына айтып отырғаныңыз ғажап тарих екен. Егер кезінде ұйымдастырушы адам болғанда ол мемлекет жер бетіндегі адам айтып болмас үлкен мемлекет болады екен ғой. Сіз қандай оқу орнын бітірдіңіз?

Бұл сұрақты бұрын Шоңмен кездескен адамдар жиі беретін.

– Үш жылдық татар-орыс мектебін бітірдім. Дұрыстап айтқанда, киргиз-орыс мектебі болар. Өйткені, оқудың бәрі татар-орысша жүргенімен негізінен киргиз балалары оқыды. Сондықтан қазір кейбір орыстар киргиз мектебі деп атап жүр.

– Әлгі айтқаныңыз ешкім білмейтін тарих ғой. Сол туралы жазыңыз!

– Петр Константинович, бір кезде мен «Омбы ведомосына» қазақ, казактың қайдан шыққаны туралы жазғам. Сол үшін менің өзімді кінәлап жазып жіберіпті. Карбышевтің арқасында қалдым. Әйтпесе, мені Сібірге айдатып жіберетін түрлері де бар еді.

– Әр нәрсенің өз уақыты бар. Одан озамын дегенмен түк шықпайды. Сіздерге де халқыңыздың дұрыс атауын уақыты келгенде амалсыздан береді, оған уақыт керек. Мен оған қанша заман керек екенін тап басып айта алмаймын. Шыдау керек. Бірақ сіз білгеніңізді қағаз бетіне түсіріп кетіңіз. Келешек ұрпақ сіз білгенді білмеуі мүмкін.

Шоң мына адамның дұрыс ойлап, дұрыс ақыл беріп отырғанын біліп, енді оған деген айрықша сенім пайда болды. Шоң еркін сөйлей бастады.

– Петр Константинович, бір кезде казіргі Ташкент қаласына жақын жерде Отырар деген шаһар болған. Бұл қала заманында дүние жүзіндегі ең үлкен қалалардың бірі болған. Соны Шыңғысхан алты ай қоршап жатып, ала алмаған еді. Шын мәнінде Шыңғысхан сол заманның ақылды адамы болған сияқты. Қала маңайында барлық қыпшақтар арасында үгіт жүргізіп, сендерге мына батыста жатқан халықты бағындырып беремін. Әрқайсың бай боласыңдар, ондаған құлдарың болады деген еді. Олар Шыңғыс ханның сөзіне сеніп қалды. Содан Отырардың ханы Қайыр ханды кыпшақтардың өзіне талқандатты. Әйтпесе, Шыңғысхан өздерінің аз төлеңгіттерімен орыстарды да, Орта Азияны жаулап ала алмас еді. Ел басшылығы ақылды болып, мықты әскері болса, оған қарсы келер күш жоқ. Шыңғысхан ақылды да, айлакер болған. Егер Қайыр хан одан ақылды болса, казіргі тарих басқаша ме өрбір ме еді, кім білген?!

– Бұл сөзіңде шындық жатыр. Тарих дөңгелегі басқаша айналар ма еді…

– Сіз өзіңіз айтқан ол жағдайды қалар ма едіңіз.

– Мен оған көз жеткізе алмаймын. Сондықтан айта алмаймын.

– Петр Константинович, патшаның басқа елдерді басып алу саясаты дұрыс деп ойлайсыз ба?

– Әрине, дұрыс емес. Кез келген ел өзінің елдігін сақтап қалғысы келеді. Ол үшін белгілі бір шекарадан шықпау керек. Кешегі Шыңғысхан құрған мемлекет қайда кетті? Темір құрған, Александр құрған империя қайда? Бірі жоқ. Сол сияқты Ресей де құшағы жетпейтінді құшақтайын деп отыр. Ол болмайтын шаруа. Оның азабын орыстардың ұрпағы көреді. Сондықтан көрші мемлекеттерді жаулап алу емес, олармен сауда-саттық жасап, сол арқылы тарту керек. Бейбіт сауда болған жерде жақсы өмір болады.

– Петр Константинович, сіз осы туралы неге жазбайсыз?

– Соным үшін таяқ жеп жүрмін ғой. Санкт-Петербургтен қуып жіберді. Сіз әлгі тарихқа байланысты хабарды қайдан алып жүрсіз?

– Қазақта жазылған тарих жоқ. Біздің қазақтардың бір қасиеті – атадан әкеге, әкеден балаға ауысып отыратын ауызша тарих бар. Солай сақталып келеді тарихымыз. Өз руының қайдан шыққанын әрбір қазақ жақсы біледі. Міне, осылайша халықтың тарихы жазылған. Халық арасында оны шежіре дейді. Әрбір рудың шежіре жазатын адамдары болған. Мен соларды көп жинаймын, зерттеп оқимын. Сонымен қатар, біздің тілімізге жақын татарлардың кітаптарын көп оқимын. Мен орыс тілі арқылы батыстың ғалымдарының да жазғандарымен танысып келемін. Оларда біздің тарихымыз туралы жазбалар жоқ. Тек Шыңғысхан туралы айтылған жайттар бар. Тіпті қазақ деген халық бар екенін де білмейді.

Екеуінің арасында басталып кеткен әңгіме бірнеше сағаттан астамға созылды. Бірталай мәселелер айтылды. Шоңның оған айтқан, Карповтың бұған айтқан әңгімелері екеуіне де қызықты болып көрінді. Шоң:

– Сіздердің тарихтарыңыз қағаз бетіне түскен. Ал бізде, өзіңіз естіп отырсыз, жазылған тарих жоқ. Кейбір адамдар ойына келгенді жазып, нағыз тарихты бүлдіргендер де бар. Көп жалғандық кіріп кеткен. Менің ойым – шамам келсе, қазақ тарихын жазып қалдыру мақсатым бар. Сіз оған қалай қарайсыз?

– Сіз оны жасасаңыз, үлкен жұмыс тындырдым деп есептей беріңіз. Біздің орыс тарихшылары мақтап жазады. Біз одан ұтпаймыз, керісінше ұтыламыз. Тарихты қоспасыз, сол қалпында жазу керек. Кемшілікті де көрсету керек. Сонда ғана келешек ұрпаққа пайдасы зор болады.

– Маған Карамзиннің жазған орыс тарихы ұнайды.

– Оның жазғанында да көп кемшіліктер бар. Патша маңайында отырғандардың ықпалына кетіп қалған сәттері көп. Солар мақұлдаған соң басып отыр. Онда көп орынсыз мақтау бар. Мен соны түзеткім келеді. Оны жасай алсам, үлкен іс тындырдым деп есептер едім. Оның жазғандарында шовинистік көзқарастан туындаған жайлар көп. Мен соны айтқаным үшін таяқ жеп жүрмін. Осы жаққа неге келдім дейсіз. Тарихи шындықты жазғаным үшін заң орындары жер аударып жіберді. Мен оған мойымаймын. Сіз де тоқтап қалмаңыз. Жаза беріңіз. Бүгін баспаса, келекшекте бір басады. Шынайы тарих қайтсе де шығады, оны тоң мойындар түбінде мойындайды, амалсыздан.

Мұның бәрі жолда болған әңгімелер еді. Ауылға келгенше бірін-бірі тыңдауға деген құмарлық тіптен күшейе берді.

Мына адамның тарихқа құмарлығы Шоңның онымен әңгімелесуін тіптен арттырып, күшейтіп жібергендей болды. Бұл адам да өзі тәрізді тарихқа құмар екен. Сол жағдай екеуін жақындастыра түскендей. Тарих туралы әңгіме күн сайын бірнеше сағатқа созылатын. Қараағашқа келген соң Карпов үшін он төрт қанат кең үй тігіп, сонда орналастырды. Шоң Әйімкүлдің өзіне тапсырған:

– Бұл адам көптің бірі емес, тамағын, бәрін өзің дайындап беріп отыр, – деген еді.

Әйімкүл де Шоңның айтқанын орындап жүрді. Шоң Карпов келгеннен кейін бір мол жұмысқа кіріскенін байқап, қонағының мазасын алмау үшін кіре бермейтін. Анда-санда ғана кіріп шығатыны бар. Бір күні Әйімкүл келіп:

– Ана кісі күнұзын жазумен отырады. Тамақ ішпейді. Тек қымыз ғана ішеді, – деді. Шоң бір кіргенде:

– Петр Константинович, сіз жылқының да етін жеңіз. Оның адамға әсері қымыздан кем емес. Өкпе ауруы қазақтар арасында да көп. Жылқы етін, қуырдақты көбірек жеп, қымыз ішкеннің пайдасы тиеді.

– Бұрын мен жылқы етін жеп көрген жоқ едім. Содан кейін онша ұната қоймаймын.

– Мен сізге қой етін беруді ойлап едім. Сіздің денсаулығыңызға байланысты жылқы етін бергізіп жүрмін әйеліме. Сіз әлі үйрене алмай жүрсіз. Үйреніп алған соң тек жылқы етін жейсіз. Жылқы етінің өзіне тән дәмі бар, сіз оған мән бермеңіз, кейін үйреніп аласыз. Сезбейтін боласыз. Мен бір күн жылқы етін жемесем, отыра алмаймын.

– Мен жалпы майлы ет жемеймін. Шошқаның майын да тиіп-қашып жеймін.

– Өкпе ауруына бірден бір ем – жылқының майлы еті. Сондықтан сіз тоя жеп отырыңыз.

– Бұл сөзіңізге рахмет. Сіздің айтқаныңызды істеуге тырысамын. – Әйімкүл қазысы бес елі жылқы етін салған екен. Шоң соны біреуін алып турап, өзі де жеді, Карповқа да берді.

– Онша тартпай отыр, – деді Карпов.

– Қымызды босқа іше бергеннің пайдасы жоқ. Орыс дәрігерлері жылқы етінің қымыздан да пайдалы екенін білмейді ғой. Ет қымызды басады. Тәбет ашады. Содан кейін жегің келе береді.

Бұлар ет жеп отырғанда Телқозы кіріп келді. Ол Шоңның қонағының алдында тұрған бес елі қазыны көріп:

– Енді мына орысқа жылқының етін жеуді үйретіп жатырсың ба? Ертең бұлар жылқыдан жылқы қоймайды ғой.

– Бұл көп орыстың бірі емес, қазақты жақсы көретін орыстардың бірі. Содан кейін үйретіп жатырмын.

– Қазақты жақсы көретін орысты көргем жоқ әлі.

– Сіз орыстардың бәрін анау Захар старостасы мен оязбен салыстырып отырсыз ғой.

Телқозы Шоңңың оязды жамандағанына таң қалды. Ол Шоңды болыс сайлап отыр. Ал мынау ол туралы мынадай сөз айтады.

– Сонда Карбышев те жаман ба?

– Ол жауыздың жауызы ғой.

Телқозы Шоңның мына сөзіне түсінбеді. Содан кейін үндемей шығып кетті.

Телқозы кеткен соң Карпов сұрады:

– Ана кісі не деді?

– Ол кісі сізді тамақты неге аз ішеді дейді.

– Сіздің әкеніз қандай қайырымды адам! Жалпы, қазақ маған ұнайды. Карбышев айтады, киргиздар жеті атасынан асқанша өз жақынынан әйел алмайды дейді, сол рас па?

– Ол шындық. Қазақ жеті атаға дейін өз руынан әйел алмайды.

– Мұндай қасиет сіздерге мұсылман діні арқалы келген бе?

– Жоқ, арабтар өздерінің немересін де ала береді дейді. Мына төрелер де сондай. Немересін, шөбересін ала береді. Олардың ойынша, біздің қанымыз жақсы соны, сақтап қаламыз дейді. Төрелердің онысы дұрыс еместігін менің үлкен әкем Жанкелді деген кісі айтатын.

Карпов бұл туралы оқыған жоқ еді. Таңқалып, Шоңнан сұрады:

– Бәрі өмірден туындайды ғой. Бұл сонау аталарымыздан келе жатқан болуы керек. Кейбір тұқым қуалайтын ауру туыс адамдар жақындасса, бірінен бірі беріледі деген пікір бар. Сондықтан қазақтар жеті атаға дейін әйел алмайды. Мұндай қасиет сондай күдіктен туған болар.

– Қазақтардың онда медицинадан түсінігі мол екен.

– Ол жағын білмеймін. Егер бір рудың адамы өз руынан әйел алса, оны қазақтар өлім жазасына бұйырады. Бұл дәстүрге айналған.

– Бұл жайдан жай емес. Ондайлар тұқым қуалаушылық ауруына жол бермеу үшін жасалған болуы керек.

Бір сұрақтан соң келесісі туындай берген.

– Шоң Телкозинович, мені мазалап жүрген бір сұрақ бар. Осы Шыңғысхан монғол ма, әлде қыпшақ па?

– Жалпы, сол Шыңғысханның өзі де кім екенін білмеуі мүмкін. Бала кезінде сол монғолдардың арасында өсіп, тілі монғолша шығып, өзін монғолмын деп кетуі де ғажап емес. Сол кісі монғолдармен көрші отырған түрік тілдес халықтардың біреуінен болуы да мүмкін. Бірақ тура ашып айта алмаймын.

Оның бірінші әйелі монғол емес, сол маңда тұрған түрік тілдес халықтың бірінен шыққан. Бұдан кейін де Шыңғысхан бірнеше әйел алған. Бірақ біреуінің балаларын да ел билігіне жібермеген. Сол бірінші әйелі Бөртеден төрт бала туған. Әйелінің есімі қазаққа келеді. Бөрте түрік сөзі. Біздің шежірелердің айтуына қарағанда, сол кісі ақылды әйел болғанға ұқсайды. Көрші тайпалар ұрлап алып кетіп, біраз әйел етіп, кайтып келген соң одан бас тартпай, қайта алған Шынғысхан. Ол соның ақылына бас ұрған сияқты. Сол кісінін айтқанын орындаған тәрізді. Содан туған төрт баланың ұрпақтары бертін келе жаулап алған жерлерінде билік жүргізді. Оның ұрпақтары Абылай, Кенесары – сол хан тұқымынан тараған адамдар. Қазақтар соларды қолдап, оларды төре атап, қадыр тұтып, олардың сөзін тыңдап, соларға бағынған. Айтқанын жасаған. Бұл бізде төрелерді тындау әбден қанымызға сіңіп қалған әдет. Мен байқаймын, орыстар келгелі төрелердің беделі түсіп қалған сияқты. Патша солардың халық алдындағы беделін әдейі түсіріп отырғанға ұқсайды. Оны қазір қара қазақ атанып жүрген біздер де түсіне бастадық. Патша адамдары бұрын төрелерді тындап, қазақтарды адамға санамайтын. Казір ол өзгере бастаған тәрізді. Мен соны байқап жүрмін. Төрелерге суық қарап, киргиздарды өзіне тартатын сияқты.

– Бұл саясат қой. Қазақтар алдында төрелердің беделін түсіріп, орыс беделін өсіру ғой.

– Дұрыс айтасыз, мен де солай ұғамын. Петр Константинович, ол сөзде шындық бар. Қыпшақтардан монғолдар күшті емес. Шыңғысхан саясаты арқасында үш жүз жылдан астам орыстарға, төрт жүз жылға жуық қазақтарға билік жүргізді. Ел басқарушы ақылды адамдар болмағандықтан қыпшақтар пәлен ғасыр монғолдарға тәуелді болып қалды. Мен сізге қыпшақ ханы Қайыпхан жайында айттым ғой. Тағы да еске саламын, егер оның саясаты дұрыс болғанда казіргі тарих басқаша болар еді. Бірақ оның ақылы Шыңғысханнан артық болмады. Содан барып ол барлық қыпшақтарды өз жағына тарта алды. Қыпшақтар өз билігін жоғалтты. Қыпшақтарды қыпшақтар құртты.

Шыңғысхан, менің пайымдауымша, керемет ақылды болған сияқты. Алдағы мың жылын ойлап кеткен адам. Оның қай жерге жерленгенін ешкім осы уақытқа дейін білмейді. Кейбір сәуегей төрелер айтады, ол бізге аспаннан қарап тұр дейді. Ұрпақтарына жөн сілтеп тұратынын айтады. Әрине, бұл жалған. Ол шындық болса, Кенесарыға да жол сілтер еді. Кенесары мен Шыңғысхан балаларының дәурені бітті ғой деп ойлаймын. Сіз менің бұл пікіріме қалай қарайсыз?

– Бұл сөзде шындық жатыр. Орыстар енді оның ұрпақтарының көтерілуне жол бермейді. Мен оны орыстардың сөздерінен байқап жүрмін.

– Петр Константинович, сізге бір сұрақ бергім келіп отыр. Ресей ар жағындағы Польшаны, Финляндияны жаулап алды. Шыңғыс та теңізге барып тірелді. Бірінші жауы болған монғолдарға тиіспей отыр. Осыны қалай түсінуге болады?

– Оған қолдары тимей отырған шығар, – деді Карпов.

– Олар тимейін деп отыр емес, Шыңғысхан рухынан қорқады.

– Болса болар. Бір елді жаулап алмастан бұрын патша маңында отырғандар шіркеу басшыларымен де ақылдасады. Солар ұлықсат бермей отырған шығар. Сіздің мына сөзіңізде бір зандылық бар тәрізді. Рухтан кез келген ел қорқып, сыйлайды. Ресей патшалары да Шыңғысхан рухынан қорқатын болуы керек. Біздің дін орындары Шыңғысханның өмірін зерттеп жатқанын естимін. Бірақ анығын білмеймін.

– Шыңғысхан орнатып кеткен тәртіп пәлен ғасырға жететін саясат қалдырып кеткен болуы керек. Оның ұрпақтары да бертін келгенде соның дегеніне жүгінді. Соның арқасында жеңіске жетті. Саясат да бұйым тәрізді тозады. Уақыт өткен сайын оны жаңартып отыру керек. Ал оның кейінгі ұрпақтары оны жасай алмады.

– Бұл сөзіңіз дұрыс. Бір идея мәңгілік өмір сүрмейді дегеңізге қосыламын. Уақытқа байланысты идея да өзгеріп отыруы керек.

– Мен де солай ойлаймын. – Шоң Карповтың өзіне адал екеніне көзі жеткені сонша, енді ашығына кетті. – Мен қазақтардың үлкен ауыл болуын арман етіп жүрген адаммын. Бірақ оны жерлестерім түсінбейді. Осында руға бөлінбей, үлкен ауыл болып отырыңдар десем, бірі тілімді алмайды. Тіпті, туған әкем де. Жолай көріп келдіңіз, қазақ ауылдары төрт-бес үйден ғана отыр.

– Кейде адамдарға тіл алғызу үшін күш керек.

– Қара күш емес, билік керек. Ал билік қазақта емес, орыста. Ал орыстар қазақтың үлкен ауыл болып отыруын онша қаламайтын сияқты. Оларға қазақтын екі-үш үйден отырғаны дұрыс тәрізді…

– Сіз осы туралы Карбышевке айтып көрдіңіз бе?

– Сан рет айтқанмын, ол қазақтарың сол үйренген қалпымен тұра берсін дейді. Мұнда халықтың келешегін ойламағандық бар.

Мына сөзге Карпов ойланып қалды. Бір сәт не айтарын білмей дағдарып барып, содан кейін айтқаны:

– Әр нәрсенің өз уақыты бар. Уақыт келеді, сіздің айтқаныңызды орыстардың өзі жасайды.

– Оған дейін тілден, салттан түк қалмайды ғой.

Карпов Шоңның сөзінде де бір шындық жатқанын білді. Содан кейін:

– Бір халықтың өзіңіз айтқан салт-дәстүрлерін құртып жіберу оңай нәрсе емес, – деді.

– Менің ойым айтады – орыстар соны жасағысы келіп отыр. Тіл өлсе, бәрі де өледі. Қазіргі патша саясаты соған апара жатқан сияқты.

– Шоң Телкозинович, мен сізге айтып отырмын ғой, орыс саясатында шовинистік көзқарас қүшті. Сіздерді былай қойғанда, орыстар Шығыстан үйрендік демейді. Мен Конфуций философиясын ұнатамын. Ал біздің ғалымдар оған мән бермейді. Қазіргі орыстар өздерін батыстықпыз деп біледі. Ал шын мәнінде олай емес, кезінде шығыстан да үйренгеміз. Мен шығыстың философиясын ұнатамын. Орыс шығыс та, батыс та емес, бір дүбара халық. Бір кезде шығыс дамымаса батыс та дамымайтын еді. Біз мұны түсінуіміз керек. Сіздердің халықтарыңызды атымен атамай жүргені де содан туған. Бір кезде орыстар Алтын Ордаға бағынышты болды ғой. Сол мемлекеттің негізгі күші қыпшақтар болғанын мойындаумыз керек. Қазір тарихта көп нәрсе бұрмалап жазудан туып отыр. Бір кезде Шыңғысхан ұрпағының дізесі орыстарға батып қалды. Олар кімдер? Енді шын мәнінде сіздер екеніне түсіндім. Ал оны орыстар білмейді. Монғолдарды ғана біледі. Өйкені, тарихта, өзіңіз айтқандай, бұрмалау көп. Тарихты қанша өзгертіп жазғанмен одан түк шықпайды. Келер ұрпақ бәрін зерттеп, бәрін орнына қояды. Бұл босқа халықты шатастыру болады. Орыс өзін қанша ұлымын дегенімен ұлы болмайды. Оны ісімен дәлелдеуі керек. Ол үшін алдымен шындықты мойындаған дұрыс. Шоң Телкозинович, қазақтың артта қалып, орысқа бағынышты болуының себебі неде дейсіз?

Шоң өзімен өзі болып осы мәселе жайында сан рет толғанған еді. Бір пікірге келе алмаған. Қазір де соны айтты:

– Менің ойымша қазақ қана емес, жалпы, мұсылман халықтарын кейін тартып келе жатқан дін болуға тиісті. Мұхаммед пайғамбардан кейін келген хазіреттер діннің дамуына жағдай жасай алмады. Дін сан ғасыр бір қалыпта тұрып қалды. Қазақтарға дін көп жыл басшылық жасады. Сауатсыз молдалар өз ойларынан неше түрліні тауып, халықты шатастырды. Бұл кезде христиан діні дамып, алға кетті. Христиан дінін зерттеушілер бар. Ол орыс мемлекетінің дамуына да әсер етті. Мұсылман дінінде сурет салудың өзін күнә дейді. Ол өнер емес пе? Босқа өнердің дамуына керегар жағдайлар болды ғой. Бұл білместіктен туған жағдай. Дін де уақытымен таласып дамып отыруы керек. Жаратушы әуелінен солай жасап қойған болуы керек. Біздің хазіреттер оны түсінбейді. Шариғат туралы заң сонау пайғамдар заманындай болып тұрып қалған. Құранды зер салып оқыса, бұл туралы айтылатынын татар молдасының аузынан естідім. Бірақ соны түсініп, алға дамытқан мұсылман оқымыстылары болмады. Олар ел басшыларынан қорқып, діннің дамуына жағдай жасамайды. Дін бір кезде қозғаушы күш болған. Кейінгі Шыңғысхан ұрпақтары оған мән бермеді. Дін үлкен ұйымдастырушы күш екенін түсінбеді.

– Дұрыс айтасыз, Шоң Телкозинович. Дін басшыларында да оң мен солын айыра алмайтындар бар. Бір кезде жер күнді айналады дегені үшін дін сол адамды өлтіріп жіберді. Енді соған өздерінің көзі жетіп отыр. Жаратушы адамдардың көзі соған біртіндеп жетсін деп жасап қойған. Кейбір ғалымдар айтқандай дін догма емес, ол өмірдің өзі тәрізді дамып отыруға тиісті.

– Дұрыс айтасыз. Кейбір дін оқымыстылары өзінше ешқандай ақылға келмейтін діңді ойлап тауып, елді соған бағындырғысы келеді. Ондай адамдар христиан діні, мұсылман діні арасында бар. Солар діндерді біріне біріне қарсы қойып, адамдар санасын жаулап алғысы келеді. Шыңнғысхан табынған Құдай бар ма?

– Ол көктегі Құдайға сыйынған дейді. Қандай Құдай екенін білмеймін. Соның табынған Құдайы күшті болып, сіздерді басып алды ғой.

– Ол кісіде ақыл көп болды. Соның арқасында қазақ жерін басып алды ғой, кезінде. Содан кейін олар орыс жерін басып алды. Мұның бәрі ақылдың күші!

– Жер бетіне келген адамға Жараушы әртүрлі тағдыр берген. Оған жақсы тағдыр берген сияқты.

– Шоң Телкозинович, сіз тағдырға сенесіз ғой.

– Сөзсіз сенемін. Жаратушы әрбір адамға әртүрлі тағдыр берген. Кейбір қолынан іс келмейтіндер ел басқарады. Оның әуелінде Құдай берген тағдыры сондай.

– Мен сіздің бұл айтқаныңызға әбден қосыламын. Мен таңқалатын бір жағдай бар. Рас, Шыңғысхан ақылының молдығымен келіп сіздерді, оның балалары біздерді басып алды. Ал әлсіз арабтар сіздерді қалай басып алды.

– Олар келіп басып алған жоқ. Олардың басып алуға шамалары келмейтін еді. Түрік халқы күшті болды ол уақытта. Түріктерден қорқып Қытайлар айналасына қорған салғызды. Қазіргі өзбек, қырғыз, түркімен, ұйғыр, әзірбайжанды, жалпы түріктерді жаулап алған арабтардың жүргізген дұрыс саясаты. Біздің жерімізге араб әміршілері келіп коныстанбаған. Олар дін таратушыларын жіберді бізге. Бізде қазір Қожа деген ру бар. Солар арамызға кіріп алып, елдің бәрін мұсылман етті. Мұсылман дінінің кезінде күшті болғаны сонша, олар мемлекетке де өз билігін жүргізді. Ел басында отырғандар солардың айтқанын жасады. Мен қазір ойлаймын, тіпті олар кезінде төрелерден де күшті болды. Алайда, қожалар сол ел алдындағы беделін әрі қарай дамыта алмады. Шыңғысхан ұрпақтары кезінде қожалардың беделі бұрынғыдай болмай қалды. Содан барып туысқан халықтар арасында байланыс азайды. Міне, енді көріп отырсыз, өзбек, қырғыз, қазақтар, ұйғырлар, түркімендер, әзірбайжандар өз бетімен кетті. Осыларды байланыстырып отырған дін еді. Монғол хандары келді де олардың әрқайсысын өздеріне бөліп алды. Сонымен қатар бірлік де кетті. Тағдыр деген міне, осы.

– Сонда мұсылман дінінде бір ұйымдастырушы күш болған дейсіз бе?

– Сөзсіз сондай күш болды. Соны бұзған Шыңғысханның ұрпақтары екені де даусыз. Олар халықты тек соғыста пайдаланды. Одан басқа халыққа ешқандай пайдасы болған жоқ. Сол мұсылман дінінің қағидасымен жүре бергенде түрік халықтарынын мұндай бөлектенуі болмас еді. Бәрінде бір-ақ тіл болатын еді. Анау Қытай тәрізді үлкен мемлекет болатын едік, онда ешкімнің тісі батпас еді. Монғолдардан шыққан хандарға қарсы орыстар дұрыс саясат жүргізді. Бөлектеніп кеткен түріктерді бірден басып алып жатыр. Күшті күштілігін жасайды, оған да қарсы емеспін. Ең жаманы қазақтардың жерін тартып алып жатыр. Ана хан тұқымы Кенесарыны өз жерінен айдап шығып өлтірді. Бұл күштіліктің белгісі. Ешқашан бір халық бір халықты күшпен бағындыра алмайды. Бұл арада тепе-теңдік туғызатын саясат керек. Сыйласу керек. Керісінше патша өкіметі күш пайдаланып отыр. Жергілікті халықтан сұрамай, орыстарды қоныстандыруы елдің ашу-ызасын тудырып, іштей қарсылығын күшейтуде.

– Сіз Кенесарыны өлтірген патша әскерлері деп білесіз бе? Оны өлтірген сіздердің туыстарыңыз, киргиздар ғой.

– Ешқашан қырғыздардың қазаққа тісі бата алмас еді. Орыстар оларды айдап салды бізге. Өз бетімен келіп қырғыздар қазақтарға тимейді.

– Ал біздің баспасөзде Кенесарыны өлтірген қырғыздар екенін жазып жүр ғой.

– Бұл шындықты шатастыру болып отыр. Өздерін қазақтар алдында ақ етіп көрсеткісі келеді. Төрелердің де, қазақтардың да ақылдылары бәрін ұйымдастырған орыстар екенін біліп отыр. Бұл әдейі екі халықты бірімен бірін араздастыру үшін жасалып отырған саясат. Қазақтар мен қырғыздар жауласып отырса бұл орыс үшін пайдалы. Менің бұл айтқаныма, Петр Константинович, қалай қарайсыз?

– Сіз шыныңызды айтыңызшы, орыстардың бұл жаққа келгеніне қарсысыз ба?

Шоң Карповтың мына сөзінен қорқып қалды. Орыстардың осылай алдап-сулап төрелерге шындықты айтқызып, апарып түрмеге жапқызып қоятынын білетін. Сондықтан Шоң бұған сақ болатын. Карбышевпен өзімен байқап-байқап, алды-артына қарайлап сөйлейтін. Мына кісінің айтқанына елігіп отырып, артықтау алға кетіп қалғанын енді сезді. Өзін ақтау үшін айтқан:

– Мен орыстардың осында келіп қоныстанғанына қарсы емеспін, бірақ халық қарсы. Жерге таласу басталды, екі халық арасында. Сіз мені түсініп отырған шығарсыз. Егер орыстардың мұнда келуі тоқталмаса, бұл жанжал тоқтамайды. Біз елдігімізді жоғалтып аламыз ба деп қауіптенемін. Содан қорқамын.

Карпов отырып айтқан:

– Әр заманның өз саясаты бар. Қазір барлық жерлерде әлсіз мемлекеттерді әлділер жаулап алу басталды. Англия Индияны, немістер Африканы, француздар Араб елдерін жаулап алуда. Испандар мен ағылшындар Америка құрылығына шығып кетті. Орыстар маңайдағы аз халықтарды жаулап алып жатыр. Мұның аяғы не болатынын білмеймін. Аз ұлттарды халық есебінде құртып жібере ме, білмеймін. Сіздердің жерлеріңізді жаулап алып, казактарды көптен көшіріп әкеп жатқанын жақсы білемін.

Шоң көкейінде тұрған сұрақты тоқтата алмады:

– Ресей орыстардың келуін тоқтатпаса, мұның арты не болады деп ойлайсыз?

– Ешқашан Ресей қарамағындағы халықтарды түсінбей, олардың ойларына көңіл бөлмей, ілгері баса алмайды. Бір философ айтыпты: « Ресей маңайындағы халықтармен дұрыс саясат жүргізбей, дамымайды», – деп. Мен оған да, сіздің айтқаныңызға да қосыламын. Сіз қысылмаңыз, маған турасын айтыңызшы, орыстардың осында көшіп келіп жатқанынан қорқасыз ба?

Мына сұрақты саясатпен беріп отырғанын түсінді Шоң, көңілінде әлі де қорқыныш бар еді.

– Қарсы емеспін. Тым көп келіп жатыр. Сонысына келіспеймін. Жер үшін дау көбейгенін айтып отырмын ғой. Бұл орыстар үшін де, жергілікті халыққа да пайдалы емес.

Петр Константиновичтің әлгі соңғы сөзінен кейін көңілінде сәл де болса мына адамға деген сенім пайда болды. Әуеліде мені анықтап білу үшін Карбышев жіберіп отыр ма деп ойлап қалған. Дегенмен, Карпов сөйлеген сайын, айтқандары көңілінен шыға бастады. Ол айтқан:

– Қазір Ресейдің саяси көзқарасында бетбұрыс бар. Қазір аренада жаңа адамдар көріне бастады. Мен байқап жүрмін, киргиздарға көзқарас өзгере бастаған тәрізді. Әлі де саясатта шовинистік көзқарас басым болғанымен, ол біртіндеп азаятын шығар

– Сіз Петр Константинович, менің көңілімнен шығатын пікір айтып отырсыз. Мен қалар едім, төрелерді емес, қыпшақтарды көтеру керек ғой. Онсыз ел дамымайды.

– Мен орыс елін басқарсам, басқа халықтарға еркіндік беріп, олармен сауда-саттық жасағанды қалар едім.

– Сіз менің арманымды айттыңыз.

– Ендеше сіз одан күдер үзбеңіз!

– Соны баспасөз бетіне неге жазбайсыз?

– Оған әлі ерте, оған біраз уақыт өтуі керек.

– Оған дейін елдігімізді жоғалтып алмаймыз ба? Арғын, Найман, Қоңырат Керейлерді, басқа тайпаларды әуелінде қыпшақ, кейін қазақ деп атадық, пәлен ғасыр бұрын қыпшақтар болып тұрған кезімізде елдігімізді жоғалттық. Басында дін жолымен қожаларға бағындық, кейін Шығысхан тұқымдарының айтқанын жасап, айдауына жүрдік. Бұлардың ешқайсы да біздің қамымызды ойлаған жоқ. Қожалар кезінде араб діні арқылы салтымыз, дәстүрімізді нығайттық. Монғолдар келген соң оны да жоғалттық. Сауатсыз төрелерге бағындық. Олар бізді соғысқа ғана пайдаланды. Төрт жүз жылдан кейін енді, міне, орыстардың билігіне тап болдық. Енді келешегіміз не болатыны белгісіз… Қожалар да, төрелер де біздің ұлтымызды жоя алмады. Енді міне орыстар келді. Олар тым көп келді. Енді қазақтың ұлттығын жоятын түрі бар сияқты, мен содан қорқамын.

Карпов Шоңның айтқандарының бәрін қағаз бетіне түсіріп алып отырды. Біраздан соң ол Шоңнан сұрады.

– Сіздерде халық саны жүре ме?

– Менің үлкен бабам әр рудың қанша адамы бар екенін есептеп, содан жалпы қазақтың санының қанша екенін біліп отыратын.

– Мынау ғажап шаруа ғой. Осы байтақ жатқан қазақ жеріндегі адамдардың санын қалай біледі? Адам сенбейтін сөз тәрізді.

– Әр ауылда өз руының өсуін жазып отыратын адам бар. Қазақша айтқанда оны шежіреші дейді. Мен де өзімнің руым Тоқалардың санын есептем отырамын. Қазір Тоқада тоғыз болыс ел бар. Соның ең үлкенін мен басқарып отырмын. Әр болыста бірнеше ру бар. Олардың өз шежірешісі бар. Солар адам санын алып отырады. Тоқалардың саны бес мыңнан баяғыда асып кеткен. Мен сияқты қазақ жерінде мындаған шежіресі бар. Бұл әкеден балаға берілетін шаруаға айналды.

– Ал, сонда қазақ саны қанша?

– Шамамен жеті милиондай болып қалар. Қазақ өсімтал халық. Сонау қалмақтармен соғыс кезінде өсу сәл тоқтап қалды. Әйтпесе, қазір сол он бес миллионға шығып кететін еді. Екінші, бір жағдай қазақта жас балалардың өлімі көп. Қызылша, шешек дей ме, толып жатқан аурулар бар.

– Орыстарда да сондай. Бір жасқа келмей жатып өліп қалатып балалар көп.

– Мен осы біздің уезге қоныстанған орыстардың бала өлімін де зерттеп жүрмін. Оларда жас балалардың өлімі қазақтардікімен салыстырғанда әлде қайда аз.

– Оның себебі неде деп білесіз?

– Ана сүтінде екені сөзсіз. Орыстар огородтарда өскен түрлі жер өсімдігін жейді. Ал қазақтар жазы-қысында тек етпен, қымызбен күн көреді. Дегенмен әртүрлі тамақ жемеген соң, денсаулыққа керекті заттар жетіспейді. Сіздерше айтқанда, тамақтарында витаминдер аз, содан барып әртүрлі ауыруға ұшырайды.

Карпов таңқалғандай рай көрсетіп, басын шайқай берді. Шоңның білгірлігіне таң қалды. Бұл айтып отырған кейбір жайларды өзі де білмейтін. Мына аз ғана білімім бар деп отырған адамның жан-жақты білімділігіне ден қойды. Сірә, білгірлік бұл адамның қанында бар шығар деп ойлады.

Карпов Шоңға бір қызық сұрақ қойды:

– Сізге осы қасиеттер қай атаңыздан келді деп ойлайсыз?

– Арғы атамды көргем жоқ. Мен әкемнің әкесі Жанкелді деген бабамды көрдім. Кейінгі балаларының ойлау қасиеті оның ақыл-парасатының ширегіне келмейді. Менің байқағаным, менен өзімнен әкем Телқозы ақылдырақ қой деймін.

– Менің білуімше, сіз әкеңізден әлдеқайда ақылды сияқтысыз.

– Менің одан бір артықшылығым бар, орысша білемін. Сол арқылы білімімді жетілдірдім. Ол өз тұрғысынан ойлайды. Сондықтан өзімді одан ақылдымын деп айта алмаймын. Ол егер орысша оқығанда басқаша ойлап, менен жоғары болуы мүмкін еді. Менен тәуірлеу ойлауы ғажап емес.

Карпов Шоңның мына сөзінде бір тағылым, тәрбие жатқанын аңғарып үндемей қалды. Шоң да орыс арасында тұңғыш рет осындай кісіні кездестіріп отырғанына өзін бақытты сезінген еді. Ешбір орыс қазақ тарихы туралы тыңдауға ыңғай танытпайтын. Сіздерде қалыптасқан тарих жоқ деген сөзді де талай естіген. Сонда сол орыспен сөзге де келіп қалған. «Біз онда көктен түстік пе?». Сонда орыс айтқан: «Сіздер жүз жыл бұрын, мың жыл бұрын да осылай өмір сүргенсіздер. Сондықтан сіздерде тарих жоқ» – деген Шоңға.

Шоң мына сөзге шыдай алмай кетті де, сонда «Алтын Орданы» қайда қоясың деп сұраған. «Алтын Орда» ол – монғолдар. Сіздердің оған ешқандай қатынастарың жоқ!».

Шоң түбінде қазақ тарихын сондай орыстар шатасыратынын ойлап қауіптенетін. Карповпен кездескеннен бастап орыстарға көзқарасы өзгере бастағандай еді. Көңілдегі мұңын да айтқан болатын оған.

– Орыстар қазақтардың тарихын былай қойғанда, бізді дұрыс атымен атамайды. Сіз өзіңіз естіп отырсыз, бізді киргиз-қайсақ деді. Бұл халықты кемсіту болады. Соған қарсы патша үкіметі заң шығармай ма?

– Асықпаңыз, ол да болады. Әр нәрсенің өз уақыты болады. Бұл алғашқы қадам ғой. Сіздерден сіз тәрізді талай білгірлер шығады. Соларды түбінде орыс шовинистері де мойындайды. Амалсыздан соны жасайды олар.

Шоң парасат-пайымы жоғары адамның аузынан шыққан мынадай сөзге қуанып қалды.

– Қазақ тарихын орыстардың зерттеуі енді басталады. Шындыққа кейін көздері жетеді. Солардың бірі мен деп біліңіз.

Күн сайын Карповпен осылай жарасымды әңгімелер болып жүрді. Бір күні ол:

– Бірінші Петрден бері қарай бізде шовинистік көзқарас қалыптаса бастады. Өздері немістерден, француздардан үйрене отырып, әлі де өздерін солардан артық санайтындар бар. Шығысқа көзқарас өзгерді. Іргесінде жатқан шығыс халықтарын адамға санамайды. Бір кезде Шыңғысхан балалары басып алып, тас-талқанын шығарғанын ұмытты. Қазір орыстардың жоғары дәрежелі адамдарында неміс, француз, ағылшындардың қаны бар. Орыстардың өмірге өзіндік көзқарасы өзгерді. Мұның ақыры не болатынын келешек көрсетеді.

– Петр Константинович, монғолдардың орыстарды жаулап алғанын сіз мойындайсыз ба?

Бұл қитұрқы сұрақ еді. Алайда, Карпов әділін айтты.

– Мен енді түсіндім, орыстарды жаулап алған монғолдар емес, қыпшақтар ғой.

– Әскери күш қыпшақтар болғанымен басқарып отырғандар Шыңғысхан ұрпақтары болды ғой.

– Бұл айтқан да шындық. Олар дұрыс басқара білді. Содан кейін жеңіске жетті.

– Петр Константинович, тарихты халық жасайды, ал оны тек ақылды адамдар басқарғанда жеңіске жетеді. Шыңғысхан өз заманының ақылды адамы болды. Соның саясаты арқасында балалары сонау бір шеті Қытайдан бастап, Индияға, Ресейге билігін жүрді.

– Сондай адамның болғанын қалар ма едіңіз?

– Шыңғысханда жауыздық көп. Сондықтан оның саясатын қаламас едім.

– Ал Ресейге қалай қарайсыз?

– Мен Ресей туралы қазір түк айта алмаймын. Қазақ ұйықтап жатқан халық еді. Орыстар келді де оларды дүр сілкіндіріп оятты. Оның арты не болатынын білмеймін. – Шоң көкейде тұрған ойларын айтқан жоқ, жасырып қалған еді.

Уақыт деген жылжып өте берді. Аптасына бір-екі рет Шоң Карповпен кездестіп әңгіме-дүкен құратын. Жойқынбек Ақмоладан оралған сайын маған хат бар ма деп сұрайтын Карпов. Ақыры, қыс аяғына таман Жойқынбек Карповтың көптен күткен хатын алып келді. Ол қатты қуанған еді.

– Шоң Телқозинович, маған жоғары жақ қайыра Санкт-Петербургте тұруға рұқсат беріпті.

Содан ертеңінде Карпов Жойқынбекпен Ақмолаға жүріп кеткен. Кетер алдында Карпов: «Сізге ризалығымды қалай жеткізерімді білмей тұрмын. Әйімкүлдің күтуімен денсаулығымды жақсартып, сіздің қызықты әңгімелеріңіздің нәтижесінде қазақ өмірінен көп мәлімет алдым. Мен Санкт-Петербургке басқа адам болып кетіп бара жатырмын», – деген.

– Петр Константинович, мен де сіздей дос тапқаныма ризамын. Мен қазір өзіңіз айтқан, Мәскеу университетін сырттай бітіргендей күйде жүрмін.

– Шоң Телқозинович, мен сізге хат жазып тұрамын.

– Петр Константинович, байқаңыз анау Карбышевтің өзі де тексереді.

– Ондай әдет Ресейде бұрыннан бар, мен ол жағын жақсы білемін.

Карпов орыс әдетімен Шоңның бетінен сүйіп қоштасты. Шоң өзінің бір жақын туысқанымен қоштасқандай сезініп тұрды.

Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап

Подняться наверх