Читать книгу Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - Қанат Жойқынбектегі - Страница 5

Сәнді пәуеске

Оглавление

Шоңның Қоңырқұлжа, Карбышевтердей пәуеске міну ойы бар еді. Файзуллаға тапсырғанына екі жылдың жүзі болды. Ол әлі созып келеді. Ақыры күдер үзіп қойған болатын. Соңғы кезде Ақмолаға барса да сұрамайтын болған. Тек, анда-санда Жойқынбектің құлағына салып қояды, ана татар менің шаруамды не істеп жүр екен дейді. Ал Файзулла саспасын, жасап беремін деуден танбайтын. Шоң соңғы кезде оның жасап беретініне күмән келтіре бастаған. Содан кейін өзі барып сұрамайтын. Файзулла жасамаса басқа біреуге жасатуды ойлап жүрген. Соңғы рет Жойқынбектен тағы да айтып жіберген. Ол Шоңның сәлемін естіп, «Шоңға айттым ғой, жасап беремін» – деді.

Алдында Шоң Қоңырқұлжаның пәуескесін көрсеткен, соның үлгісімен жасаңыз деп. Файзулла көріп айтқан:

– Бұл пәуеске менің колымнан шыққан. Бұдан да артық етіп жасаймын.

Сұлтанның пәуескесі Шоңға қатты ұнайтын. Бұл өзі артықтау сөйлеп тұр ма, деп ойлаған, бірақ ештеңе айтпады. Елге қайтып кеткен.

Содан бері де күз өтті, кыс өтті, әлі пәуеске жоқ. Енді Файзулла сөзіне тіптен күдік күшейді. Бірде Ақмолаға бара жатқан Жойқынбекке тағы да:

– Анау татар менің шаруамды не істеп жатыр екен? Соны білші.. – Шоң ешқашан Файзулланы татар деп сөйлемейтін. Ыңғай Файзеке дейтін. Мына сөзді ашумен айтып отырғанын білді Жойқынбек.

Шоң сәлемін естігеннен кейін Жойқынбекті алып барып, жасап жатқан пәуескесін көрсеткен. Мен өзім осындай жасау үшін әдейі Бурабайға барып осыған келетін кисық қайыңдарды бірнеше күн қарап, одан табанын жасауға таңдап алдым. Шоң асықпасын, көктемге дейін пәуескені дайын етемін деген. Жойқынбек көрген, білгенін айтып келген. Бурабайдың қайыңынан пәуескенің табанын жасап жатыр дегенде Шоң түсінбей қайыра сұрады.

– Файзекең тек қыста жүретін етіп жасап жатыр ма?

– Шоңке, қыста да, жазда жүруге лайықтап жасап жатырмын дейді. Ғажап пәуеске болатын түрі бар.

Шоң Файзулланың керемет шебер екенін білетін. Қолынан не шықпасын бір жаңалықты ойлап табатынын әуелден байқап жүрген еді. Шоң өзі көзімен көрген Бурабайдың қисық қайыңдарын көз алдына елестетті, бұл ешқандай қолдан иіуді қажет етпейтін дайын тұрған шана табаны екенін білді. Табиғаттың өзі иген қайыңдарды пайдаланып жатқанын білді. Іштей Файзулланың тапқырлығына, білгірлігіне риза болды. Оның пәуескені ойдағыдай етіп жасайтынына сенімі күшейген еді.

Арада екі жарым айдай уақыт өткенде Файзулланын өзі, маусым айының ортасында қасында кіші баласы кісі бар, пар ат жекен пәуескені алып келді. Бұл Ақмола аймағында жоқ пәуеске болатын. Бар шеберлігін салып жасағаны көрініп тұр. Қыста төрт дөңгелегін алып тастаса шана болып шыға келеді екен. Жазда арба. Пәуескені көруге айналадағы сорпа бетіне шығатындардың бәрі жиналды. Таң қала қызығып, қызғана қараған еді. Енді байлар Файзуллаға бізге де осындай пәуеске жасап бер деп тілек айта бастады. Файзуллаға мұндай пәуеске жасау аса қиынға түскенін еді. Бұл пәуескені жасауға үш жылға жуық уақыт кеткен. Енді елге де мынандай пәуеске жасап берсе, бірінен-бірі көріп мазасын ала беретінін сезіп тұр еді. Содан кейін қулықпен елден құтылу үшін айтқан:

– Бұл сіздерге өте қымбатқа түседі, – деді Файзулла.

Есептің бәрін жылқы санымен жүрізетін қазақтардың әдеті еді. Біреу тұрып сұрады:

– Сонда қанша жылқы?

– Екі жүз жылқы.

Мына сөзді естіген қазақтардың көзі атыздай болып кетті. Сөздері таусылғандай күйге жетті. Мына қу татардың қазақтарды тонауы ғой деп түсінген. Тағы біреуі тұрып сұрады:

– Саған Шоң сонша жылқы бере ме?

– Әлі келіскеміз жоқ. Бірақ береді. Бұл пәуескені істеу маған оңайға түскен жоқ. Мен Бурабайға барып арнайы қайың ағаштар кесіп әкеліп жасадым. Бұл пәуеске арба-шанаға бірдей ғой. Және ондаған жылға кетеді.

Оның сөзін көппен бірге Телқозы тыңдап тұрған. Мына сөзді естіп, есі шығып кеткендей болды. Шыдай алмады, үйге кіріп Шоңнан сұрады:

– Сен пәуескені қаншаға жасаттың?

– Бағасын әлі келіскен жоқпыз, білмеймін…

– Ана татар екі жүз жылқы дейді.

Мына сөзді естігенде Шоң да қорқып қалды. Әуеліде құны қанша екенін келіспеген еді. Өкінгендей болды. Бірақ кейін шегінер шама жоқ. Алып келіп тұр. Енді оны алмаймын деп айта алмайды. Шоң айтқан:

– Ендеше сол сұрағанын бер. Олай болмаса ұят болады. Ол менің айтқанымды орындады, біз неге алудан бас тартамыз. Бұл тіршілік бір-ақ рет келеді. Бір мінгеннің өзі не тұрады?

– Сен Шоң бөсіп сөйлейсің. Мен бұл пәуескеңе ол айтқан жылқыларды бермеймін. Мына татарың қу болуы керек, қазақтардан алдап алып әбден жаман үйренген ғой.

– Сен оған жылқы бермесең, мен онымен ақшалай біртіндеп есеп айырлысамын. Анау қаладағы орыстардан қарыз аламын.

– Ол қанша ақша екенің білемісің?

– Білмеймін. Басқа амал жоқ, сөйтуім керек. Ол менің тілегімді орындады, мен неге оны ренжітуге тиіспін?

Мына сөзді естіп Телқозы ашуланып сыртқа шығып кетті. Барып Файзуллаға:

– Менің саған беретін жүз жылқым жоқ. Пәуескенді алып кет…

– Ағасы, мен сізден сонша жылқы бер дедім бе?

– Ендеше, ана елге жаңағы айтып тұрғаның не?

– Мен басқа қазақтардан осындай пәуеске жасап берсем, сондай жылқы аламын. Бұл пәуескені жасауға менің қанша уақытым кеткенін білмейсіз.

– Ендеше, сол еңбегіңе лайықты мал беретін адамды тауып ал. – Телқозы бұрылып кетіп бара жатыр еді, оны Файзулла тоқатты.

– Сіз неге асығыс сөйлейсіз? Шоңнан ондай жылқы сұраған жоқпын ғой. Шоң менің туған інімдей болып кеткен адам. Мен Шоңға тегін де жасап беремін.

Телқозы Файзулланың мына айтқан сөзіне не сенерін, не сенбесін білмей тұрып қалды. Бірақ тегін жасап та беремін деген сөзі тоқыратып тастады. Соған орай айтқан еді.

– Сонда да сен мынадай пәуескені туған ініңе де де тегін жасамайсың. Бос сөзді сөйлеме. Тура айтшы, қанша сұрайсың Шоңнан? – Телқозы қанша дегенде өзі де іштей қызығып тұрған пәуескеге.

– Сіз айтыңыз, қанша бересіз?

Телқозы өзінің сараңдығына салып сөйледі:

– Жиырма жылқы.

– Ендеше, бопты. Жиырма жылқы болса, жиырма жылқы…

Телқозы үйге кіріп Шоңға:

– Мен анау татарды жиырма жылқыға түсіріп алдым.

Шоң әкесінің керемет сараң екендігін жақсы білетін. Расында, ана кісіні өзінше алдап түсіріп отыр ма деп ойлады. Татарлардың қазақтардың алдауына түсе коймайтынын және білетін. Содан кейін сұраған:

– Қой ұят болып жүрмесін. Өзі айтты ма, сіз айттыңыз ба?

– Мен айттым, ол келісті.

Мына сөзден соң Шоң отыра алмай сыртқа шығып Файзулладан сұраған еді.

– Файзеке, сіз Телқозы берген жиырма жылқыға ризасыз ба?

«Риза емеспін» десе Шоңның көңіліне келіп қалар деп ойлады да, «ризамын» деді. Шоң әліде де анықтап алғысы келіп:

– Әуеліде екі жүз жылқы депсіз. Аз емес пе?

– Екі жүз жылқыны осындағы байларға айттым, әйтпесе бірінен соң бірі келіп пәуеске жасап бер деп мазамды алады. Ол маған оңай жұмыс емес.

Шоң Файзулланың сөзінің төркінін түсіне қалды да:

– Әйтеуір, ренжімесеңіз болды.

Іштей азырқанып тұрса да Шоң көңілі үшін айтқан, аз емес деді.

Ертеңінде Файзулла, қасында баласы бар, Телқозы берген жиырма жылқыны айдап алып кетті. Ел арасында әңгіме тарады, «Шоң жүз жылқы беріп пәуеске жасатыпты». Мына сөзді естіп ел таңқалды. Әртүрлі болжамдар айтылды. Ол елден түсіп жатқан байлықтар ғой деді кейбіреулері. Телқозы сөзі тіпті оларды қоздырып қоятын. Екі жүз жылқы бердім. Сендер де сонша жылқы беріп жасатып алыңдар дейді әңгіме бола қалғанда. Бұл сөз мақтаныштан туғанын ел білмейтін. Алайда, көкейде тұрған сөздерін болыстың әкесіне айта алмайтын. Ертең бір пәлесіне қаламыз деп қаймығатын ел.

Телқозы Шоңның пәуеске мінеріне той жасады, айналадағы елдерді шақырды. Ел құр қол келмейді, көрімдігін ала келеді. Телқозы ел әкеп жатқан малдарды Шоңға білдіртпей, сездіртпей ала беретін. Бұл жолы да көрімдікке бірталай мал келген. Әкесі ол туралы жақ ашып Шоңға айтпаған. Тек жақын туыстарының әкелгенін ғана жеткізетін. Басқалар да әкелгенін Шоң естісе үлкен реніш болатынын білетін. Сондықтан Телқозы елдің әкелгенін сездірмейтін. Әлсен би екі ақ боз ат әкелген. Ол әкесіне бермей тура Шоңның өзіне алып келген. Өйткені, ол Телқозы мінезін жаттап алған. Оған берсе босқа кеткенмен бірдей. Билікке өткенде үш жылқыны азырқанып тағы сұраған еді. Содан көңілі ептеп қалып қойған. Шоң мұндай пәуеске жасатып отыр. Үндемей қалуға және болмайды. Содан кейін Шоңның өзіне бірден әкелген, көзіне көрсетпекші болған. Есік алдына алып келіп атты бір балаға ұстатып қойды да, өзі ішке еніп кеткен. Шоңды сыртқа ертіп шыққан. Ол екі атты көріп айтқан:

– Бұл екі атты маған не үшін әкелдің? – деп сұрады Шоң.

– Бұл сенің пәуескеңе әкелген көрімдігім. Мына пәуескеге екі ақ боз атты парлап жексең қандай жарасады!

– Бұл сенің маған билікке өткізгенім үшін берген параң болып табылады. Алмаймын.

– Менің би болғаныма бірталай уақыт өтті. Енді би болғаным үшін саған пара емес. Ол өткен шаруа. Сен, Шоң, оны ойлама, сен мені билікке өтікізбесең да әкелемін. Бұл қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі.

Шоңның басына Әлсеннің мына айтқаны қонбады… Қазақ не болса да есептеп әкелетінін білетін. Мына Тілен бір есеппен әкеп отырғанын болжаған. Ақыры алмай қойған. Әлсен ыза болып, екі бозын үйіне алып қайтып бара жатқанда, оған Телқозы қарсы жолықты жолдан.

Бұл кезде Телқозы Шоңның Қызылағаштағы қысқы қонысынан он шақырымдай жерде бөлек тұратын. Шоң үйіне күн құрғатпай келіп жүретін. Бүгін де келе жатып екі ақ боз ат жетегінде бар Әлсенге қарсы жолықты. Ол Шоңның пәуескесіне мұның көрімдік әкелмегеніне ренжіп жүрген болатын. Көрімдікке әкелгенін біле қалды да, сонда да әдейі сұраған:

– Мына аттарың не?

– Шоңның пәуескесіне көрімдік әкеп едім, пара деп алмай қойды. Содан кейін қайтып әкетіп барамын, – деп шынын айтқан Әлсен.

Телқозы екі бозды көріп қызығып кеткендей болды. Шөміштің боздарының көбісі жорға болатын. Жібергісі келмеді.

– Ол алмаса, мен аламын. Маған тастап кет.

– Телеке, ол ненің ақысы? – деді Әлсен.

– Білесің бе, баяғыда сені шақырып алып, би болуға мен өткізгем. Ол пара алмаса, болыс болып ала алмай отыр. Әлі үйренген жоқ. Біртіндеп үйренеді. Кейін мен оған ретін тауып айтамын. Әкелдің екен, енді аттарды тастап кет. Қайта алып кетуің ұят болады…

Әлсен Телқозыға бергісі келмей тұрса да, Шоңға сыртынан бірдеңе айтып араздастырып қояр ма деп қауіптеніп амалсыздан тастап кеткен болатын. Кешкісін тысқа шыққан Шоң есік алдында байлаулы тұрған екі ақбоз атты көрді.

– Әлгі Әлсен аттарын тастап кеткен бе? Апарып беріңдер. Мұның арты жақсылыққа апармайды. – Шоң қандай шаруаны болмасын ойлағанда бір қырынан емес, сан қырынан ойлайтын. Қазір де сонысына салып тұр еді. Ел естісе Шоң Әлсеннен би болуға өткізгені үшін пара алыпты деп айтып, сан саққа жүгіртетінін білетін. – Қажет емес өзіне қайтарып беріңдер! Өзінің әдетімен екі рет қайталап айтқан. Шоңның екі рет қайталап айтуы өз сөзінен қайтпайтындығының белгісі еді. Телқозы баласының мұндай сөзінен кейін қайтуы қиын екенін білді. Телқозы екі бозды қимай тұр еді. Содан кейін:

– Бұл аттарды маған әкелген.

– Әлсен сізге атты не үшін әкеледі?

– Әкесі Шөміш баяғыда жылқысына қосылып кеткен үш жылқымды қайтармаған. Сол үшін саған әкелген осы екі атты мен алдым.

Шоң әкесінің мына сөзіне ренжіп қалды да:

– Олай болса Шөміштің өзінен даулап алмайсыз ба? Маған әкелген атты неге аласыз?

– Сен не айтып тұрсың, баласынан алайын, өзінен алайын, оның қандай айырмашылығы бар? Бос сөз сөйлеме! Жарайды, ол жағын кейін сөйлесемін. – Телқозы екі бозды алып кеткен. Осымен сөз біткендей болды.

Көктемде Азна күйеу баласы мен қызын жарты омыртқаға шақырды. Азнаның құда болғалы әдетіне енген, қыста соғымына құдасы Телқозыны шақырып, көктемде күйеу баласы мен қызын жарты омыртқаны сылтауратып тағы да бөлек шақыратын. Баяғы Нартайдың қылығынан кейін соны жасап жүрген. Уақыт өкпені жазады. Телқозы да, Шоң да, Әйімкүл де Таубайдың ол жүйрігін ұмытып, өкпе тарқаған. Ақмоладан келгелі Әйімкүл төркін жұртына барымпаз болып алған. Дегенмен, Шоңның жарты омыртқаға бұл жолы барғысы келмеді.

– Осы немене, бірдеңені сылтауратып сен үйіңе бара бересің? Ол ұят болады. Ана енең де ренжиді. Ыңғай шапқылайсың да жүресің!

Шоңның бұлай деуінде себеп бар еді, Жамал да бірде ренжіп баласына айтқан: «Сенің әйелің үйіне барымпаз болып алды. Басқа келіндер де көріп, соны жасайды».

Шоң шешесінің бұл сөзінде шындық жатқанын білетін. Сондықтан Әйімкүлдің мына айтқанын жақтырмай отырған. Бірақ ол болмады.

– Арнайы шақырып отыр. Бармағанымыз ұят болар. Басқа уақытта бармаймын, осы жолы барып қайтайық, – деді Әйімкүл. Шоң ешқашан ілуде-шалуда болмаса Әйімкүл көңілін қалдырмайтын. Бұлар бір ұйғарымға келе алмай отырғанда, үйге Телқозы кірді. Әйімкүл атасының көзінше тағы айтқан. Келіннің сөзін коштағандай етіп сөйледі ол да.

– Барыңдар, көп болмайды. Бармасаңдар Азна ренжіп қалады, – деді естіп отырған Телқозы.

Шоң іштей жақтырмай тұрса да, екі жақтан қолдап тұрған соң бармаймын деп айта алмады. Баруға келіскен. Сол сәтте Әлсен келе қалды. Би болғалы ол Шоң үйінен шықпайтын. Ренжісіп қалғанда да артынша қолма-қол ұмытып келе беретін. Ананы айтады, мынаны айтады, әңгімелесу үшін сөз табыла беретін. Кейде Шоңның оған беретін тапсырмасы да болатын. Көрші отырған адамдар кейде шабындыққа таласып қалады. Бірінің бірі малдарын ұрлап дауласып жатады. Ел арасындағы жанжал-дау көп, мұндай шаруаларға көбіне билерді жіберетін. Сондайлардың ретін тауып, шешіп келетін билердің бірі Әлсен еді. Әлсен басқа билердей сөзді көбейтпей, қиысын қисық деп, дұрысына жөнді ашығын айтып орындап келеді. Шоң оның осы қасиетін жақсы көретін. Онымен қоса Әлсен әңгімешіл еді. Жақсы сөздерімен Шоңның да, Әйімкүлдің де көңіліп тауып отыратын. Әлсен кіріп жайғасып отырған соң Шоң:

– Әлсен, біз Әйімкүлдікіне жүргелі отырмыз. Сен бізбен бірге жүр.

Алдында Жойқынбекке де пәуескені дайындау нұсқауы Әйімкүлден түскен еді. Әдетте, Шоң бір жерге барғанда ыңғай түрлері бірдей, бір қалыптан шыққандай бірімен бірі егіздей екі атты парлап жеккізетін. Жойқынбек Әйімкүлден сұраған еді. Әйімкүл өзің біл деген. Ауыл іргесінде жатқан жылқылардан Жойқынбек барып екі қаракер атты жегіп дайын тұрған. Оған үйден шығып Әлсен:

– Шоң күйеу жұртына мен берген екі ақбоз атпен бармақшы, соларды алып кел.

Бұл жалған сөз еді. Әлсен Шоңның екі бозға қалай қарайтынын білу үшін әдейі айтқан. Жойқынбектің ойында ештеңе жоқ, барып алып келген. Көктем туып қар кете бастаған кез еді. Жойқынбек пен Малай екеуі пәуеске шананы арбаға айналдырып, төрт дөңгелекті қойған. Шоң жылы киініп тысқа шықса, күймеге екі ақ боз ат жегілген, пәуеске дайын тұр.

– Мына екі атты неге жектің? – деп сұрады Шоң Жойқынбектен. Алдында Әлсен мен емес, Әйімкүл жеккізді деп айт деп үгіттеп қойған. Ол жеккізді десе Шоңның үндемейтінін білетін Әлсен. Жойқынбек не дерін білмей, сасқандай болып тұр еді, есік алдына шыққан Әйімкүл сөзге араласып:

– Мен жеккіздім, – деді. Алдында оған да Әлсен мен берген екі ақ бозды кім жеккізді десе, сен мен жеккіздім де, сонда Шоң ренжімейді деген. Әкесінің үйіне екі қара атты өзгертіп, екі боз жеккізіп сәнімен баруды ойлаған ол да. Соңғы кезде Әйімкүл сәнді киініп, қай жағынан болмасын билердің, байлардың әйелдерінен арттық көрінуге тырысатын. Үстіндегі киімдері де айрықша болатын. Алтын жіптен тіккен камзол-желет. Басында кұндыз бөрік. Тойларда бір жерде кездесіп қалғанда киім киісі басқа болыстар мен билердің әйелдерінен ерекшеленіп тұратын. Мықтылардың әйелдері Әйімкүлге ұқсауға тырысатын. Бірақ оған жете алмайтын. Әйімкүлдің қолы ұзын, қалаға барғанда неше түрлі киім сатып алады. Оның үстіне өзіне жарасатын киімдерді жақсы білетін, талғамы бар еді. Кейде кейбір болыс, бай әйелдері, Әйімкүлге ұқсау үшін сондай киім тауып алып кигенде жараспай тұратын. Не тар, не кең болып, көзге олпы-солпы көрінетін. Кейде түр келбетіне келмейтін. Тіпті, кейде кейбіреулер күлкіге айналдырып жіберетін. Содан көңілі жақын әйелдер Әйімкүлден сұрайтын, саған жарасады, маған неге келмейді деп. Әркімнің жаратылысы әртүрлі. Соған дене бітіміне, өз түріне орайластырып киіну керек, дейді ондайларға Әйімкүл. Бұл сөзді естіген әйелдер, осының бәрін Шоң айтып үйретіп отырғанға бағалайтын. Шын мәнінде, Әйімкүлдің өзіне құдай берген өз қабілеті бартын, қалай киіну жайында оған Шоң ештеңе айтпайтын. Әйелдің талғамы дұрыс екенін ол да білетін. Содан кейін ләм демейтін. Ал Әйімкүл бір жаққа барғанда киініп шыға келгенде, тіптен жасарып кеткендей болып көрінетін. Байқағыш еркектер оны байқап қалатын. Оның үстіне Әйімкүлде зор көңіл бар еді. Шоңның басқалардан артықшылығын білетін. Содан кейін, барлық жағынан басқалардан артық болуға тырысатын. Сәнді киім, сәнді пәуеске, оған көрікті, сұлу ат жегіп жүруге тырысатын. Шоң Әйімкүлдің айтуымен бір жерге барса үнемі бір түсті аттарды парлап жеккізетін. Соған Шоң да үйреніп алған. Бүгін де Әлсеннің айтқаны көңілінен шығып, Әйімкүл ол берген екі боз жорғаны жеккізген. Сыртқа шыққан Шоң екі жорғаның жегулі тұрғанын көріп, жақтырмай қалды:

– Ол екі атты Телқозыға беріп едің ғой, енді әкеп маған тықпалап отырмысың қалай?

– Бұл аттарды жеккізген мен емес, Әйімкүл, – деді Әлсен.

Шоң Әйімкүлге қарады.

– Шоңке, бұл аттар пәуескеге көрік бергендей болып тұр. Одан неге қашасыз? – деді Әйімкүл.

– Мен білемін, әкесі де, өзі де қызметі өтпесе босқа бермейді. Жойқынбек, мына екі атты доғар да, күндегі жегіп жүрген аттарыңның парын әкел.

Шоңның кейде бет-жүзге қарамай осылай тікке сөйлейтіні бар еді. Әлсен қатты ашуланып қалған. Шоң оған қараған жоқ, Жойқынбекке:

– Алып келіп басқа аттарды жек.

– Шоңке, ол аттарды өріске жіберіп қойып едім. – Жойқынбек Әйімкүл мен Әлсеннің көңілдеріне қарап айтып тұр еді. Өйтпесе, кейін екеуі өзіне ұрсатынын білетін.

– Сен Елгелді, сөзді көбейтіп жібердің ғой, асығатын ештеңе жоқ, екі қаракерді алып кел, – деді Шоң.

Жойқынбек атты доғаратын болып жатқанда бәрін естіп, көріп тұрған Әлсен атқа жармасты. «Осы екі бозбен барамыз» деді ол. Шоң мен Әлсен арасында реніш сөздер туып қалды. Араға Әйімкүл түсті тағы да.

– Шоңке, сіз қалайсыз? Әлсен сіздің ең жақын досыңыз. Соның әкелген атын пара дейсіз. Мынауыңды ел естісе ұят емес пе?

Шоң енді сөзді Әйімкүлге арнап сөйледі:

– Ел сен сияқты емес, басқаша ойлайды. Тағы да ертеңгі күні біреулер ақ боз ат алып келеді. Олардың да айтқанын жасай беремін бе? Олай болса, мен төркін жұртыңа бармаймын. – Үй сыртына қарай серуенге кетіп қалды Шоң.

Әйімкүл амалсыздан Жойқынбекті әлгі екі атты үй іргесінде жатқан жылқыға қосқызып жіберіп, олардың орнына екі қараны әкеп жегуге жіберген. Әлсен тұрып:

– Сенің күйеуіңді ел қанша ақылды дегенмен, осының есі дұрыс емес. Пара-пара деп қоймайды. Менің өз басым пара алмайтын адамды көргем жоқ. Анау ояздан бастап бәрі алады.

Әйімкүл Әлсеннің есі дұрыс емес сөзіне намыстанып қалды да, содан кейін айтқан:

– Шоңкең сондай таза адам, сондықтан соны жасайды.

– Бұл әлі үйрене алмай жүр, көреміз кейін талай пара алады. Онсыз болыс болып істей алмайды. Мен білемін, болыстардың алуы қандай көп болса, жоғары жаққа беру де сондай. Оны жасамаса біраз жылдан кейін Шоңды орнынан қуады.

Әлсеннің мына сөзі Әйімкүлге ауыр тиді. Енді Әйімкүл де Әлсенмен араздасып қалғандай еді.

– Сен Әлсен, аузыңа келгенді соға берме. Шоңкең осы жүрген болыстардың бәрінен де таза.

Әлсен тағы бірдеңе айтайын деп еді, сөз көбейіп кететінін білді. Және Шоң әйелінің тілін қатты алатын, кейін екеуін шатастырып қоятынын сезіп үндемей қалды. Жойқынбек басқа аттарды әкеп жекті. Сыртта біраз жүріп үйге кірген Шоңға Әйімкүл басқа аттардың жегілгенін хабарлады. Әуелідегі келісім бойынша Әлсен Әйімкүлдің төркін жұртына бірге баратын болған, Шоң мен Әйімкүлдің әлгі қылықтарынан кейін, қиқаңдай бастады:

– Мен бармаймын, өздерің жүре беріңдер.

Түндегі келісім болатын. Шоң жолай Әлсен үйіне соғып, әкесіне сәлем беремін деген. Біраздан бері есігін ашпаған. Әлсен әкесінің Шоңға өкпелі екенін өзі айтқан. Сондықтан міндетті түрде жолай соғып сәлем беріп кетпекші ойы бар еді.

– Әй, Әлсен сен ұмыттың ба, түнде жолда сенің үйіңе соғып әкеңе сәлем беруге келісіп едім ғой. Сенсіз барсам ол не дейді?

– Сен жүре бер, енді мен сенің пәуескеңе мінбеймін. Өзімнің салт атыммен барамын.

Бұлар жүріп кетті. Әлсен өзінің атымен салт келе жатты. Ауылына жақындай бергенде пәуескені тоқтатты да атын Жойқынбекке берді. Пәуескеге Әлсен мінді. Божыны алды, әлі ашулы еді, алдында бір қалыппен келе жатқан аттарды қамшымен тартып-тартып жіберді. Бұрын мұндай қамшы көрмеген, есі шыққан екі ат ала жөнелді.

Шоң үндемей отыр. Әйімкүлдің есі шығып кеткендей болды.

– Әлсен, өлтіресің бе? Бәрінен бұрын қазір пәуеске аударылып, мына балаға жазым болады.

Әлсен оны тыңдар емес. Аттарға қамшыны тағы басты.

– Ештеңе етпейді, Шоң аман болса, әлі талай бала табасың!

Шоң әлі үндемей отыр. Әйімкүлдің жаны шығып кеткендей болды. Аузынан сөз де шықпай қалған бір сәт. Әлсен сол аттың бар жүрісімен айдаған қалпы өз үйінің қасына келіп бір-ақ тоқтады. Шөміш көксау болатын, үй іші қапырық деп қысы-жазы есік алында отыратын. Пар ат жеккен пәуеске екпіндеп келіп есік алдына тоқтағанын жақтырмай қалды. Бірінші пәуескеден Әлсен түскен.

– Әке, Телқозының баласы саған сәлем беремін деп келді.

– Ол қай баласы?

– Әлгі болыс болған баласы.

– Атты айдап келген сол ма?

– Тап өзі!

– Телқозының мына баласы есірік екен ғой. Мені басып кете жаздады…

Бұл кезде Шоң пәуескеден түсіп, асықпай басып, Шөміштің қасына келген. Сөздің шет жағасын естіп қалды ол. Дәнеңе де деген жоқ, келіп қолын алды.

– Сен өзің атты қалай айдайсың?

– Сізге сәлем беруге асығып айдадым.

– Болыс болғандарға есірік тиеді деуші еді, сенде де сондай қасиет пайда болған тәрізді.

– Сізге сәлем беруге асығып келдім деп тұрмын ғой.

– Осы уақытқа дейін қайда жүрсің? Мынауың болыс болудың қызуы ма?

– Иә, болыс болғандар солай жүреді. Мына балаң айтқан, әкем қалжау деген, содан кейін асығып келдім, сәлем беріп қалайын деп…

– Жоқ, мен өлмеймін. Қорықпай-ақ қой. Қартайған өлмейді, ажал келген өледі.

– Ерназардың үлкені менің бабам, қартайған адам жасы жеткен соң күнін санап отырады дейтін. Қартайғанға ажал жақын жүретін көрінеді. Бұлай сөйлегенді қойыңыз!

Шөміш Жанкелді қайтыс болғанда ауырып қалып топырақ салуға бара алмаған болатын. Мына ұлы атасының атын атап алыстан әдейі шолып айтып тұрға болжаған Шөміш. Сөз таусылып қалғандай болды. Дегенмен, мына жас болысқа тигізіп бірдеңе айтқысы келді де:

– Сені орыстар жайдан жай болыс қойып жүрген жоқ екен. Сен жеңдің, мен жеңілдім. Сөзіңнің қатесі жоқ…

Шоң мына сөздің арғы түп-мағынасын түсіне қалды. Бірде әкесі сұраған: «Сені осы болыстыққа ояз қойды дейді. – Телқозы бұл сөзді елден естіген сөзіне байланынысты айтқан еді. – Сол рас па?» Шоң әкесінің бұл сөзіне ренжіп: «Осында өңкей билер сайлады ғой. Оны өзіңіз көрдіңіз!». Телқозының көкейінде «билер сені ояздан қорыққанынан сайлады» сөзі тұр еді. Оны айтпады. Ел әдейі Шоң ояз қарамағында істегендіктен сол үшін сайлап отыр, бастығын сатып алды сөзін ойы-шыны аралас айтқанын естіген кейбір мықтылардан Телқозы. Шоң сонда әкесінің аузынан сол сөзді естігенде ренжіп қалған. Бұл менің дұшандарымның айтатын сөзі деп, әкесіне қатты өкпелеп қалғандай болған сонда. Шөміштің мына айтқанында да соған ұқсас бір мағына жатқанын түсінді Шоң. Соған орай:

– Мені орыстар емес, осындағы сіздердің билеріңіз қойды ғой. Сіз неге келмедіңіз?

– Мен барғанда болыс болып сайланбай қалатын едің!

– Әлі не кеш емес, Ақмолаға біраз билерді ұйымдастырып арыз жасаңыздар, орнымнан шығарады да тастайды.

Шоңның шындап бара жатқанын сезді де, Шөміш артықтау кеткенін білді:

– Тоқадан болыс сайланып жатса, неге ренжимін? Мен саған ойын үшін айтып отырмын ғой. Бұл басы артық сөзді доғар да, үйге кір.

– Басты шаруамды орындадым, сәлем бердім. Енді үйге кірмеймін.

Әлсен Шоңның әлгі өзінің ат айдағанына, әкенің мына сөзіне ренжіп қалғанын білді де:

– Әкей әзілдеп айта береді. Соны көңіліңе алдың ба?

Ауылдан шыққалы бұзылған Әлсеннің көңілін тағы да бұзғысы келмей Шоң үйге кірген еді.

Дастархан басында жап-жақсы әңгіме басталды. Көңілдері келісіп, Шоң Шөмішпен ұзақ әңгімелерге барып, түннің бір уағында дейін отырды. Шөміш бұл жолы Шоңның ойынан шыққан біраз әңгімелер айтты:

– Сен болған соң, Әлсен би болып сайланды. Мұның кисық мінезі бар. Алдында осында өзім қатарлы талай би шалдарға айттым, бірі қолдамады. Ақыры сенің арқаңда өтті.

– Әлсен турасын айтып тастайды. Сол себепті шалдарға жақпайтыны, тікесінен айту да әділдіктің белгісі. Нағыз өзіңізге тартқан. – Бұл сөзді Әлсеннің айтқан сан сөздері есіне түсіп айтып тұр еді. Әлсеннің кейде басы-көзі демей айтып салатынын білетін Шоң.

– Сен оны да, мені де мақтама. Талайдан сөз естідім. Содан өзімнен төмендер өтіп кетіп жатқан билікке зор дегенде өткемін кезінде. Сен мұны мақтай берме, арасында теріс-бұрысын да айтып қойып отыр.

Шөміштің бұл айтып отырғаны шын еді. Кезінде би боламын деп сан рет түсіп, өте алмаған. Кейін Қабайдың аузын алып, талай малын шашып зорға өткен. Билікке өтудің қаншалықты қиын екенін білетін. Баласының би болғанына риза еді. Бұның Шоңның арқасында өткенін түсінетін. Әлгі әңгімелері сөз тудыру үшін айтып отырғаны әзіл тәрізді сөздері еді.

– Мен Әлсеннің ол жағын білемін, тек кейін менің балама қатты кеттің деп ренжіп жүрмеңіз…

– Шындықты, әділін айтсаң неге ренжимін. Мына сөзіңе қарағанда сенің бойыңда үлкен әкең Жанкелдіге тартқан бір қасиет бар тәрізді.

– Енді мақтай бастадыңыз ба, маған мақтау да, жамандау да керегі жоқ.

– Екеуі де емес, шындықты айтып отырмын.

Шоң Шөміштің мына сөзіне қуанып қалды. Қанша дегенмен қандай жағдайда болмасын дұрыс жағына бұрып сөйлейтінін білетін. Шоң сол сәтте, бағана Әлсенге қос жорғасын бекер жеккізбедім-ау деп ойлады… Түн ортасында қайыра дастархан жасалып, тағы ет келді. Шөміш сөз айтқан болатын.

– Келін, мына Шоңды күтіп ұста!

Әйімкүлдің де ретті жерінде сөз жібермейтін пысықтығы бар еді. Болыс әйелі екенін сезіне ме, кіші болсын, үлкен болсын айтатынын айтып салатыны бар еді. Уақыт өткен сайын ол қасиеті тіптен күшейіп кеткен. Манадан бері тамақ істеп жүрген Әлсеннің әйелімен әңгімелесіп отырған, бұлардың арасында не әңгіме болғанын естімеген. Туралап айтып жіберді.

– Аға, немене, Шоңкең сізге менің үстімнен арыз айтып отыр ма?

– Шоң сен жайында ештеңе айтқан жоқ. Мен біраз өмір сүрдім. Қандай жақсы еркек болсын, оның қадірі әйелімен артады. Айтпағым сол еді. Өмір жастарың ұзақ болып, өмірде көрер қуаныштарың көп болсын, – деп бетін сипады. Әйімкүлдің бұл үйдің табалдырығын аттап отырғаны бірінші рет емес еді. Келген сайын осылай батасын беретін Әйімкүлге. Шоңның осындай өрлеп, ел құрметіне бөленіп жүргені осындай адамдардың батасының арқасы шығар деп ойлайтын ол да.

Осы арада Шөміштің көңілін көтеретін бір сөз айту керек екенін түсініп Әйімкүл:

– Шоңкеңнің ел көзіне түсіп, шалқып жүргені сіздердің арқаларыңыз ғой.

– Келін, Жанкелді еңбегі де соның тәрбиесі болар. Оның үстіне Шоң жаратылысында басқалардан артық туған адам.

– Шөмке, енді мені мақтай бастадыңыз ба? – деді Шоң.

– Жоқ, мен шындықты айтып отырмын.

Шөміш бір сөз айтса, батасы қоса жүретін. Бұл жолы да сөйтті. Қолын жайып батасын берді. Оның мұнысына Әйімкүл риза болып қалды.

Жанкелді Шоңның жас кезінде үнемі құлағына әртүрлі жайды құйып отыратын. Сонау хан заманында да талай оқиғаны басынан өткізген. Шоңның осындай дәрежеге жететінін білгендей, ыңғай пара алу деген адамды азаматтық жолдан кетіретінін айтып отыратын. Тура Шоңның осы дәрежеге жететінін біліп отырғандай айтатын. Сондықтан да Шоң парадан қашып жүретін. Елдің беріп жатқандарының бәрі парадай көрінетін оған.

Ертеңінде жүрер алдында Шөміш өзі алып келіп, өз қолымен Шоң мен Әйімкүлдің арқасына қасқыр тон және күзен ішік жапқан еді.

– Шәке, бұл тонды не үшін жауып отырсыз? – деді Шоң. Баласы Әлсеннің би болғаны үшін беріп отырған пара тәрізді сыйлығы ма деп те ойлаған. Бірақ Шөміш сөздің ретін тауып кетті.

– Сенің, бабаң Жанкелді алдында кінәм болған соң беріп отырмын. Ал мына Әйімкүл келін өткен жолы келгенде бір жағалы киім кигізе алмай қалып едім. Келіннің біздің үйден жағалы киім киюі керек еді. Сол кемшілігімді түзетіп беріп отырмын.

Шөміш шын ауырып қалды ма, әйтеуір бабасы Жанкелді қайтыс болғанда топырақ салуға келмей қалған. Бірде үлкен әкесі Жәметтің аузынан әкем Жанкелді қайтыс болғанда мына іргелес отырған, бізге күйеу бала Тілен Шөміш те келмеді деген сөзді естіген. Сонда үйде біраз адамдар отырған еді. Солардың біреуі Шөміш құлағына жеткізгенін сезді. Мынасы сол өткеннің есесін қайтарудың амалы екенін Шоң біліп отыр еді. Айтар сөз бар еді, бұл арада айтпады. Орынсыз көрді.

Әкесі Жәметтің бұлай сөйлейтін жөні бар еді. Өйткені, Шөміштің әйелі де Ерназар тұқымынан еді. Бабасына топырақ салуға әкесінің келмегенін бірде әзіл қосып айтып кеткен Шоң Әлсенге. Әзіл астарында шындық жататын. Дәл іргеде отырып келмегенін жақтырмайтын. Соны сезді ме, соған орай өзіне тон кигізіп, Әйімкүлге ішік жауып отырғанын білді. Шоң соған орай сөйледі:

– Шөмке, үлкен атама топырақ сала алмағаныңды кінәләймін, оны еске алмай-ақ қойыңыз. Менің алдында айтқандарым ағайындық назым ғой, сіздің сөзіңіздің ретіне қарай айттым оларды. Ол үшін маған қасқыр ішік жаппай-ақ қойыңыз. Алмаймын.

– Алмасаң өкпелеймін. Жанкелдіге жапты деп есепте. Оның үстіне Тоқада сенен биік тұрған адам жоқ қазір.

Шөміштің Жанкелдіге шапқан шапаным дегені ауырлау болып кетті. Қазір алмай кетсе, бабасының аруағын сыйламағандай болып табылады. Ертеңгі күні мына әкесі де, баласы да талай жерге жеткізеді. Соңғы кезде шапан жапқан адамдар көбейіп кеткен. Шоң ол шапандарды өзіне емес, болыстығына жауып отырғанын сезетін. Мына тон астарында сондай мән жататынын сезгендей болды Шоң. Соған орай сөйлеген:

– Маған тон кигізгеніңмен ол Жанкелдіге жапқан болып есептелмейді. Егер олай десеңіз бабама арнап бір құран шығарыңыз кейін. Содан ол кісінің аруағы да, мен де риза боламын, – деп бастай келіп Шоң көкейінде тұрған сөзін айтты, – Шәке, кім болыс болмай жатыр? Бір жағынан менің болыстығымды сыйлап беріп отырған шығарсыз. Олай болса, бұл тоныңызды кимеймін.

– Болыс көп болғанмен, солардың ішінде саған жетері жоқ. Сен айрықша болыссың…

– Шәке, оны қайдан білесіз? Менімен бірге жүрген адамдай сөйлейсіз…

– Менде құлақ бар, елде жеткізетін тіл бар. Елден естіп отырамын. Қалың қазақ жайдан жай мақтамайды. Ел көңілінен шыққан бір шаруаларың бар ғой. Кешегі хан болған Кенесарыны да мақтағам жоқ. Сенесің бе, сенбейсің бе, өмірімде ешкімді мақтаған адам емеспін. Мен турасын айтып саламын. Бұл арада ешқандай мәймөңке жоқ.

– Мына сөзіңіз жалған болса да сенуге тура келеді. – Әлі де күдігі арылмаған Шоң әзіл араластырып сөйлегендей етіп айтқан. Оның мына сөзіне Шөміш ренжіп қалғандай.

– Мен осы қартайған шағымда сені мақтап, сенің алдында жақсы көрінейін деп отыр деймісің. Сөздің шынын айтып отырмын.

Шоңның бұдан да айтатын сөзі бар еді, балаңның ертеңін ойлап беріп отырсың деп айтпақшы болды да, бірақ айтпады. Шалдың көңіліне келіп қалатынын, Әлсеннің де ертеңгі күні өкпелейтінін білген еді.

Өзін мақтаушылар соңғы кезде тым көбейіп кеткен. Кейбіреуі көзін бадырайтып койып айтады, сонысы ұнамайтын Шоңға. Ыңғайсызданып қалады, солары жараспайтын сияқты. Олар мақтау емес, болысқа жағыну, жалбарыну, бірдеңені тапсыру үшін күн ілгері осылай сөйлеп отыратынын болжайтын. Сондай шамадан асып бара жатқан кейбіреулерін тоқтатып тастап отыратын. Қазір де Шөмішке соны жасамақшы болды, бірақ жасамады. Ондайда әкесі Шоңға ренжіп, сен адамның көңіліне қарамайсың дейтін. Ондайда Шоң әкесіне: «Телқозы, сен түсінбей отырсың бұлардікі болысқа жағынудың бір белгісі емес пе, ертеңгі күні оны ісіммен, сөзіммен қайтаруым керек. Ал мұны мен әркімнің көлгір сөзіне қарап орынсыз іс жасағым келмейді» – дейтін.

Шөміштің сөзін жақтырмай, әлі де құбылмалы көңілде отыр еді. Дегенмен, қадірлі шалға қарсы келуді лайықсыз көрді де, үндемеді. Қасқыр ішігін қанша алғысы келмей тұрса да, алды. Алмаса тентек шал жанжал шығаратынын білді. Ертеңінде атасының ауылына жүріп кеткен. Жолда келе жатқанда Әлсеннен сұрады:

– Осы әкең маған қасқыр ішікті сен би сайланған соң беріп отырған жоқ па?

Әлсен Шоңның мына сөзін жақтырмай қалды да, Шоң көңілінен шығатын бір сенімді сөз айтқан сол жерде:

– Алдыңғы жылы Қаржастан Шорманның Мұстафасының баласы келіп қонақ болып, сонда осы ішікті көріп маған бер дегенде, мен өлгенде келіп сүйегіме түсіп аласың, тірі күнімде бермеймін деген. Саған қалай бергеніне мен өзім де таң қалып келемін.

Шоңның тереңнен ойлап сөйлейтіні болғанымен, кейде кейбіреулердің сөзіне ренжіп қалып, асығыс бірдеңе айтып тастайтыны да болушы еді. Әлгі арада сөйткенін түсінді. Енді Әлсен аузынан әлгі сөзді естіген соң, басқаша сөйледі.

– Олай болса әкең шын көңілден берген екен, – деді. Баласының мына сөз Шөміштің айтқан сөзі шын, адал екенін дәлелдегендей болды. Жалпы, Шөміштің турасын айтатынын білетін. Әлсеннің кейбір сөздеріне көңілі толмай жүрсе де, мінезінде әкесіне тартқан турашылдық барын да білетін.

– Әлсен, маған берген екі бозды енді аламын, – деді Шоң.

– Жоқ, мен саған бергем жоқ. Телекеңе әкелгемін.

– Өтірік айтасың, маған әкелгенсің, білемін. Оның үстіне аттарың маған ұнайды.

Әйімкүл мырс етіп күліп жіберді. Әйелінің бұл қылығын жақтырмай қалды Шоң.

– Сен неге күлесің?

– Кеше аттарды жеккізбей, енді мына айтып келе жатқаныңды айтамын…

– Ол кешегі көңіл күй, ал бүгінгі басқа. Адамда ондай-ондай сәттері бола береді. Бұл Әлсен екеуміздің арамыздағы шаруа. Сен оған араласпай-ақ ақ қой, – деді Шоң.

Әйімкүл қасында жатқан әйелі болса да, Шоңнын осындай бір түсініксіз мінездеріне таң қалып отыратын. Қазір де сондай бір күйде еді… Шоңдар әуелі Әйімкүлдің үлкен әкесі Сәттібайдың үйіне ат басын бұрған еді, шалы өлгелі кемпірі оның орынын жоқтатпақшы боп бөлек отырған. Еркек орнында отырған кемпірге сәлем беріп, кіріп шығуы Шоңның соңғы кезде шал жоқ болса да әдетіне айналған. Бұл жолы да сөйтті. Кемпір мәз болып қалған. Сол екі ортада Азна бар, Сәттібайдың үлкен баласы Нартай бар, бәрі келген еді. Сәттібайдың кемпірі Әйімкүлді жаңа көргендей құшақтап бетінен сүйді. Бала кезінде Сәттібай үйінде өсіп еді. Қазір сол кездерін еске алып, кемпірдің көзінен қуаныштың жасы да шығып кеткен.

– Балам-ау, өзің өсіп кетіпсің ғой, – деді ұзара түскен тал бойына қарап.

– Тамағы тоқ, көйлегі көк, бұл семірмегенде кім толады, – деді Әлсен.

– Мен толғанын айтпаймын, бойының өскенін айтамын, – деді кемпір өзінің де, Әлсеннің де сөзін түзеткен болып… Енді ғана жиырма бестен асып, үшінші бала тапқан Әйімкүлдің бойының өскені рас болатын. Кемпір соны бірден байқап қалып, айтып отыр еді.

Расында, Әйімкүл еттеніп, үшінші қызын тапқан соң бойы ұзара түскендей әсер қалдырғандай еді, бұрын көрген адамға.

– Мұнда Әйімкүлден де көп өскен бір адам бар, – деп өзінің әзілқой әдетіне басып, Әлсен барды да пәуеске ішінде ұйықтан жатқан кішкентай қызды алып келді. Бәрі дуылдасып жүріп оны ұмытып кетіпті.

– Мына жиендеріңізге қайсыңыз көрімдік бересіңдер?

Елден бұрын келіп Нартай Әлсеннің қолынан баланы алды.

– Бұл Тілендер біледі, кімге көрімдік сұрайтынын, – деді ол.

– Өзің бір көрімдік алатындай сөйлейсің. – Әлсеннен Нартай біраз үлкен болса да оның қылықтарына қарай ретті жерінде кейде өзінің мінезіне салып еркін сөйлейтіні бар еді. Қазір де соны жасап тұр еді…

Нартай Әлсеннің сөз төркінін қайда бұрып бара жатқанын білді де жым болды. Нартай ана бір жылдары аулының бір қызын Тілендерге әкеп беріп соның ақысына жігіттен үш жылқы алған. Соны реті келгенде Әлсеннің Нартай өзі қарындасын әкеп беріп, ақысына жылқы алды деп мазақ етіп жүргенін естіген. Қарындасы мен күйеу баласының көзінше айтса ұят болатынын ұғып тұр еді ол да.

Сол орайда Тіленмен әзілдесудің қиын екенін түсінді. Қазір сол ойына түсіп кетті де, мына Азна Шоң көзінше бірдеңе айтып қоятынын ойлап, жым болды. Дегенмен Әлсен аузынан шыққан сөзді басуды ойлаған:

– Әлсен, көрімдік ешқайда қашпас, сөзді көбейтпесейші, – деп қоя салған. Осының аузын қалай жабамын деп жүрген Нартай тағы қайталап айтты. – Жиенімізге бермеген көрімдікті кімге береміз?

Мына сөзден кейін Әлсен де тоқтаған. Осы жолы қайтсе де Нартайға айтқанын жасататынына сенімді еді. Осыдан кейін екеуінің арасындағы етек алып кете жаздаған сөз басылып қалғандай еді.

Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап

Подняться наверх