Читать книгу Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - Қанат Жойқынбектегі - Страница 6

Телқозының өкпесі

Оглавление

Бір күні келіп әкесі Шоң алдында сөз бастаған еді.

– Мына Қояншы-Тағайлар Кеттебекке біздің жылқыларымызды ұрладыңдар деп өтірік жала жауып жүрген көрінеді. Сен солардың болысымен сөйлесіп көрші…

Шоң білетін, Аралбайлардан Ортау болысына болыс болған Кеттебек еліне жақпай болыстықтан шығып қалған еді. Қазір туыстарымен ренжісіп, Шоң ауылына жақын жерде іргелес отыратын.

– Көрші отырған олардың дауы баяғыдан бері бар. Ол үшін мен жүре бермеймін, өздері шешіп алады. Ел арасында сәл бірдеңе болса мен шапқылай беремін бе осы? Ана билері отыр. Соларға неге жүгінбейді?

– Кеттебектің аталары пәлен жылдан бізбен көрші отырған ел. Екіншіден, мен тілек етіп отырмын. Барып барлық жағдайды біліп қайт. Әрі-беріден соң бұл – сенің міндетің. Кеттебек ауылы саған қарайды.

– Ана Құтжан биді неге жібермейді?

Кұтжан өзін Шоңнан артық санап жүрген Аралбайдың биі еді. Және Ыбыраймен құдандалы болатын. Кіші баласы Әліммұсаға оның қызын алып берген. Енді келіп оның туысы Кеттебек туралы әкесі мынандай сөз айтып отыр. Мұнда бір мән жатқанын Шоң біле қалды да, мен оның шаруасына араласпаймын деп бірден айтқан. Сонда да әкесі болмады:

– Шоң, оның Қояншы-Тағайлар алдында сендей беделі бар ма, соның бәрін есептеп келіп саған тоқтап отыр ғой олар да.

Шоң мынау бір шатақ шаруа екенін сезді де:

– Мен ондай шаруаға бармаймын. Қалай шешсе олай шешсін! – деді.

Телқозы бұдан кейін сөз бітті дегендей, үндемей кетті. Әңгіме осымен біткен сияқтанды. Шоң болыс болып келгелі әкесі бөлек шығарған. Шоң өз алдына отау болып Қызылағашта отырған. Әкесімен бірге Малай тұратын. Балаларының ішіндегі өзінің тілін алғыш Малайды әкесі басқа балаларынан жақсы көретін. Балалары өз алдына үй болып кетіп жатқанда, әкесі Малайды жібермей қасында қалдырған.

Арада тағы екі күн өткен еді. Таңертенгі шақ болатын. Шоң өзінің үйреншікті әдетімен серуендеп есік алдында жүр еді, әкесінінің ауылы жақтан екі атты адам осылай қарай келе жатыр екен. Жақындағанда Шоң әкесі мен інісі Малайды таныды. Телқозы мұнда бұрылмай анадайдан өтіп кетті де, Малай ағасының қасына келді. Сәлем берді.

– Ана әкең қайда бара жатыр?

– Мына Аралбайлар аулына барып қайтамын дейді.

– Жайша ма? – деді Шоң.

– Ол жағын білмедім…

Шоң өзінен Малайдың бірдеңені жасырып тұрғанын білді. Телқозы не болса да Малаймен ақылдаспай жұмыс істейтін. Інісі әкесінің неге бара жатқанын білсе де айтпады, бұл да қазбалап сұрамады.

– Әйімкүлдің шайы қайнап түр. Үйге кіріп шай іш, – деді.

– Шай ішетін уақытым жоқ, асығыс шаруам бар. – Малай атына мініп, тебініп қалып жүріп кетті. Шоң да үй сыртына қарай серуендеп кетті. Әкесінің Аралбайлар аулына бара жатқанына көңілінде белгісіз бір күдік жатса да онша мән бере қоймаған. Өйткені, баяғы заманнан қатынастары бар, туыстай болып кеткен адамдар еді. Солардың біреуіне бара жатыр ма деп ойлаған. Шоң ел байқай бермейтін әр руға тән мінез-қылық барын білетін. Аралбайлардың өздерінікі қисық болып тұрса да, өздерін дұрысқа бағалайтын мінездері бар еді. Шоң сол мінезіндерін жақтырмайтын. Кешегі әкесінің сөзі есінде еді, содан ба, көңілін бірдеңе мазалағандай болып, есік алдына қайта оралғанда, үй алдында тұрған інісі Малайды көрді. Оның мына қайта оралуынан бірдеме айтқысы келіп жүргенін білді.

– Неғып тұрсың, үйге кір.

– Асығыс шаруам бар. Кетейін деп тұрмын.

– Әкенді күтіп тұрсың ба?

– Сол да бар…

Сөздің бетін тағы да Аралбайларға бұрды:

– Аралбай көп, кімдікіне кетті?

– Кеттебектікіне.

Кеттебек анау-мынау адамды менсінбейтін, оның үстіне тентектеу мінезі бар адам болатын. Соны біле ме, әкесі онымен онша жақындаса қоймайтын. Әкесінің сол Кеттебек үйіне кеткеніне таңқалды да қойды. Кеттебекте бір шаруасы бар ма деп, тағы да інісінен сұрады.

– Білмедім, – деді Малай.

Малай бір әке, бір шешеден туса да Шоңға ұқсамайтын, жаратылысы басқа еді, айналдырғаны алдындағы малы, сөзі аз, ешнәрседе шаруасы жоқ адам болатын. Әке сөзін екі етпей орындайтын мінезі барын және білетін Шоң. Содан ба, Шоң мен Малай бірімен-бірі онша ашылып сөйлесе бермейтін. Казір Малай сонысын жасап тұр еді.

Ағасының көніл-күйін сезді де, ол кетіп қалды. Әкесінің бірдеңе айтқанын Шоң сезді. Бірақ інісі үндемеген соң бұл да қазбаламады. Әдетте Шоң таңертеңгілік серуеннен келгеннен кейін жазуға отыратын. Бүгін оны жасамады. Әкесінің Кеттебек үйіне бара жатқандығы туралы інісінің сөзі ойын бөле берді. Серуендеп жүргенде Шоң жайдан-жай жүрмейтін. Жазатындарын ой елегінен өткізіп алатын. Бүгін үйреншікті сол әдет тартпады. Басқа жаққа кете берді. Кеттебек үйіне кеткен әкесіне көңілі ауа берді. Енді әкесі туралы, Кеттебек жайында ойлады. «Бұл Телқозы мен Кеттебекті жақындастырып жүрген қандай шаруа» деген ойға беріліп, өзінен өзі мазасызданған. Бұрын Кеттебек туралы әңгіме бола қалса, Телқозы: «Сол Аралбайды қойшы» деп отыратын. Шоң оны білетін. Әкесі Кеттебектің кекірік мінезін онша жақтыра қоймайтын, ашық айтпаса да, Шоң соны сезетін. Осындай екі адамды жақындастырып жүрген не екен, өзіне өзі сұрақ беріп, онысына іштей жауап таба алмады.

Кеттебек Шоңмен қатарлас еді. Осының алдында Аралбайлардың жартысы, Ортау болысы ашылып, соған қарап кеткен. Аралбайдан Құтжан би болыс болған. Құтжанның болысқа өтуіне Шон көмектескен. Кеттебек қанша талпынса да бола алмай қалған. Содан Құтжан үстінен жазу көбейді. Кейін ретін тауып ояздың аузын алды ма, Ыбырай қанша сүйесе де үстінен жазу көбейді. Ояз да сасып қалған сыңайлы. Бір барғанда Шоңмен ақылдасқан еді. «Мына Құтжан үстінен арыз көбейіп кетті, не істейміз» деп сұраған. Бұл айтқан: «Ел жайдан-жай жазып жатқан жоқ шығар, бір себебі болуы керек». «Ендеше, сол болысқа қайта сайлау өткізіп кел» деген ояздың ұсынысынан Шоң бас тартты. Аралбайлар арасында болыс сайлауын өткізсе өзіне пәле болатынын сезді. Содан ояз Шоңмен ақылдаса келіп, Герасимов пен Ыбырайды жіберген. Кеттебек пара берудің арқасында болыс болып алған. Содан өзіне қарсы болғандарға қырғидай тиеді. Бұл хабар Шоңға да жетіп жатады. Шоң Ақмолаға барғанда Ортау болысында болып жатқан жағдайды айтады. Ашуланған ояз Герасимовты жіберіп, Кеттебекті орнынан шығарып тастайды.

Кеттебек Шоң мен Герасимовтың көңіл жықпас достар екенін білетін. Кеуделі Кеттебекке болыстан шығып қалғаны қатты әсер еткенін Шоң сезіп жүретін. Содан бірде Шоңға мінез көрсетіп айтқан: «Сен анау оязың арқылы Құтжанды өткізіп жібердің ғой» деген. Бұл сөзде шындық жатқанын түсініп Шоң сөзді көбейткісі келмей, үндемей жүре беретін. Содан бері кездескен жерде соны еске түсіріп айтып жүретін. Әкесі Телқозы да мұны білетін. Шоң әкесінің Кеттебек үйіне барып жүргенін бір нәрсеге ұрындыру үшін жасап жүрген қулығы ма деп ойлаған. Ала көңіл болып тұрғаны осыдан еді.

Барлық ойды сырып тастап сыртта біраз жүріп келіп Шоң Карповпен кездескеннен кейін жаза бастаған қазақ тарихы туралы жазбасына кіріскен еді. Бұл мәселе де күнделікті үзілмейтін тақырыпқа айналған соңғы кезде. Бүгін үйеншікті болған шаруасына кіріскенде тіптен ұзаққа кеткен отырысы болды. Шоң сонау Қоңырқұлжамен болған әңгімеден кейін жазамын ба, жазбаймын ба деп екі ойлы боп жүрген қазақ тарихи жайындағы еңбегін Карповпен кездескеннен кейін біржола қолға алған. Айтар ойлары көбейіп кеткендей еді. Онымен қоса қазақ жеріне орыстардың көшіп келуіне байланысты да пікірі бар еді басында. Бәрін біріктіріп, бір мәселеге айналдырған. Шоңның жазуы тіптен молайып кеткені содан еді. Кейінгі кезде бос уақытында бұрындай қаршыға алып, құс аулауға, ілуде-шалуда болмаса шықпайды, бірнеше сағат отырып ойға беріліп жазатыны бар еді. Шоңның не жазып жүргенін ешкім білмейді. Анада бірде Әйімкүл Шоңнан не жазып отырсыз деп сұрағанда ол айтқан, өткен-кеткен, алдағы шаруалар жайында толғаныстар ғой деген. Әйімкүл оның бұл айтқанын онша түсіне қоймайтын. Содан кейін Шоңның жазуында жұмысы болмайтын. Содан бері біраз уақыт өтті – шегі жоқ, бітпейтін шаруа тәрізді. Ойдан ой туа беретін. Шоң бұған жалықпайтын, қайта құмарта түсетін. Күн сайын түннің біраз уақытына дейін отырып жазатыны бар. Әйімкүл бұған да үйреніп алған. Дегенмен, сағаттар ойы күйеуінің тапжылмай отырғанынына мазасызданатыны және бар. Әйімкүл кейін тағы да бір-екі рет сұрап еді, күйеуі өзім де білмеймін деп, екіұшты, жұмбақтап жауап берді. Оған ашуланып қалған Әйімкүл атымен сұрамайтын болған еді. Шоңның күндіз-түні отыруына қарағанда, мұның бір маңызды шаруа екенін Әйімкүл түсіне бастаған. Кейде тіпті, біреулер сұрай келсе үйде жоқ деп, жазу жазып отырғанын жасыратын. Шоңның жазуына кедергі келтірмеуге тырысатын.

Бүгін де әлгінде Малаймен болған қысқа әңгімеден кейін қайта кіріп жазуға отырған еді. Шабыты келіп жазғаны сонша, Шоң содан түскі тамаққа да тұрмады. Содан біржола жазуға беріліп кеткенін біліп Әйімкүл де тамаққа шақырып мазаламаған. Бесіндікке дейін отырған ол, орнынан көңілді тұрды.

– Әйімкүл ішіп-жейтін бірдеңең бар ма? – деп сұрады. Бұл жазу ойынан шыққан соң куаныштың белгісі еді. Жазуы сәтті шыққанда оның осылай жақсы күймен орнынан тұратынын Әйімкүл білетін.

Өзіне арнап жасалған түскі тамақты қайта жылытып дастарханға қойды. Әйімкүл екі-үш сағат тұрып қалған тамақты күйеуіне бермейтін. Баяғыда, анау Ақмолада тұрғанда бір жаққа шаруамен барғанда ұшынып қалғанын білетін, содан бері Шоң тамақты көбіне бөлек салғызып жейтін. Содан түн асқан түгілі, күн тұрған асты бермейтін. Шоң сұрап тұрған соң қайыра тамақ дайындауға мұршасы болмай, түсте дайындалған тамақты берген еді. Бұл ешкімнің қолы, аузы тимеген ас еді. Шоң өзінің биязылығына салып, асықпай ішіп-жеп сыртқа шығып кеткен.

Әкесі туралы да, Аралбай Кеттебек туралы да – бәрін бір сәт ұмытып, әлінше жазу үстелі басында туған ойлары қайта туындап, тыста жүре алмай тағы жазуға отыруға келе жатқан. Мұндайда айналада болып жатқан жағдайларға да мән бермейтіні бар. Тіпті, көрмейді деуге болады. Ішкі ойлар жетегіне беріліп сыртқы дүниенің бәрін ұмытатын әдеті еді. Шоң казір сондай күйде болатын.

Шоң жаза бастағалы мұндай сәттілік жиі болмайтынын түсінген. Ондайда қайта жазуға отыратыны болушы еді. Қазір сондай күйге беріліп, үйге қарай кері бұрылған. Кенет тура өзіне жақындап келіп қалған әкесін бір-ақ көрді. Жетегінде екі аты бар. Тура қасына келіп тоқтады.

– Мына аттарыңыз не?

– Мынауы айғыр. Етті орыс жылқысының тұқымы көрінеді. Бір өзінен қазақтың екі жылқысының еті түседі дейді. Сондықтан тұқым алу үшін екі айға Кеттебектен сұрап алдым. Қасында үйірі болмаса жылқы да тұрмайды ғой. Сол себепті, мына биесін қосып берді. Екі-үш биені айғырдан шығарып алған соң өзіне қайтып беремін.

Шоң әкесінің бұл қылығын жақтырмады. Көңілі онша емес адаммен жасап жүрген мұнысы дұрыс емес екенін айтса қазір әкесін ашуландырып алармын деп, үндемеді. Сонсоң екі жылқыға назар аударды. Екі жылқыны көзбен шолып өтті. Бойшаң, денелі, арқа-жоны жалпақ малдар екен. Әкесі айтса айтқандай, қазақтың екі жылқысынан шығатын еті бар әрқайсында. Соны түсініп тұр еді.

– Кеттебек бұл жылқыларды қайдан алған?

– Ақмола базарынан сатып алыпты…

– Сіз сонда сан барып тұрасыз, осындай тұқымнан сатып алмайсыз ба? -Бұл сөзі әкесінің Кеттебектен жылқы алғанын жақтырмағанының белгісі еді.

– Бұл жылқылар қыруар ақша көрінеді. Сатып алып жүргенше осы дұрыс емес пе?

Шоң әкесінің сараңдығын осы жерде тағы мына сөзінен көріп қалғандай болды. Алайда Шоң үндемеді. Дегенмен Кеттебектін жайдан-жай жанаса бермейтінін түсініп тұр еді. Әкесінің өзіне бұл берудің артында Кеттебектің бір талап, тілегі тұрғанын топшылады. Әлгі қысқа әңгімесі негізгісінің бастауы ғана екен, Телқозы сәлден соң сөзін әрі қарай жалғады.

– Кеттебектің саған бір тілегі бар екен, өткен жолы айттым ғой, Қояншы-Тағайлар көршілері біздің жылқымызды ұрлады деп пәле салып жатқан көрінеді. Соны реттеп берші. Оязға арыз түсіріпті. Ақмоладан біреу келіп тексеріп кетіпті.

Шоң Ақмоладан адам келсе өзіне соқпай кетпейтінін білетін. Кеттебекты мынасы күні бұрын жасап отырған сақтық екенін сезді. Сөзі жалған екенін түсінді. Ішін бір реніш жайласа да, оны сездірмей Шоң әкесінің бұл қылығын ұнатпай тұрса да, оны үндемей тындай берді.

– Сен мені тыңдап тұрсын ба?

– Айта бер, тыңдап тұрмын…

– Кеттебек пәлен жыл көрші отырған адам ғой, соған көмектесіп жібер.

– Телқозы, өткен жолы айтқанмын, Аралбайларға ешкім өз бетімен тимейді. Бар пәле сол Кеттебектің өзінде шығар. Тағы да айтамын, ана болыс, би Құтжанды жіберсін. Ол ана Ыбырай төремен құдандалы. Қаракесектер оның айтқанын екі етпей орындайды.

Шоңның кейін тартып тұрғанына әкесі ашуланып қалды да:

– Сен айтқандай Құтжан тәрізді басқа да билер толып жатыр. Сені өз болысыңның адамы Кеттебек әдейі айтып отыр. Ана Каракесектер көрінген билердің сөзін тыңдай бермейді. Сенің болысыңа қарайды, соны ескеруің керек. Әуелі тексеріп барып айтпайсың ба? Күні бұрын байбалам салғандай етіп тұрсың!

Әкесінің бұл айтқанында бір жөн бар екенін Шоң сезді. Қазір екі ру арасында бір шатақтын болайын деп тұрғанын да түсінді. Аралбайлар ешқашан біреуге пайдасын жібермейтінін білетін. Содан кейін іштей бұған араласудың жөн, әлде қисық екенін біле алмай тұрған. Бұдан кейін әкесі сөзді көбейткен жоқ, кетіп бара жатып ат үстінде дауыстады:

– «Көрші ақысы – тәңір ақысы» дейді қазақтар. Соны ұмытпа.

Шоң сәл ойланып тұрып қалды. Кеттебекті де жақсы білетін, ешкімге есесін жібермейтін. Онымен дауласқандар пәле үстіне пәле қосып алатын. Ел содан одан аулақ жүретін.

«Ойпырмай, ә… – деп ойлады Шоң. – Бұл Қаракесектер Кеттебекке қалай тиісіп жүр екен?» Шоң бір жағынан Каракесектер де жай жатпастың өзі екенін, бірақ олардың қай жерден, кімнен жылқы ұрлайтынын талдап-барлап қимылдайтын адамдар екенін жақсы білетін. Ес білгелі Қаракесектер көрші отырған Аралбайдан жылқы ұрлады дегенді естіген емес. Сірә, көршілікті сақтауды қадыр тұтатын Қаракесектердің іргесінде отырған руларға тиіспейтінін білетін. Аралбайлар да солай еді. Олардын ұрылары да көрші жатқан Қояншы-Тағайлардан мал ұрламайтын. Сонау Найман, Тобықтыларға шығып кетіп, сондай алыстағы рулардан ұрлайтын. Шоң оны естіп жүрген. Қолма-қол Ақмола базарына апарып сатып жіберетін. Содан оларды ешкім ұстай алмайтын. Кеттебек тәрізділер бұл үшін арнайы ұрылар ұстайтын. Шоң әрі-сәрі, екі ұшты ойға қалды, біріне де тоқтай алмады.

Шоң сыртта біраз жүріп, үйіне келсе Телқозы әлі кетпеген екен. Алып келе жатқан екі жылқысын сырттай қызықтағандай қарап, есік алдында тұр екен. Осы кезде тысқа Әйімкүл шықты.

– Келін, әлгі дәмді шайыңды қойып жіберші. – Бұл Телқозының Әйімкүлге жақсы күйде болғанда айтатын сөзі болатын. Әдетте, келіндеріне қатты Телқозы ретті жерінде келіндерін осылай мақтап жіберетін де әдеті бар еді.

– Көке, олай болса неге тұрсыз, үйге кіріңіз. Шай қайнап тұр, – деп ол да жалбалақтап қалды. Сармантай аулында да үлкендерін «көке» дейтін әдет бар екен, келін болып түскеннен кейін үлкен әкесі Сәттібай тәрізді, Телқозыны да солай атап кеткен. Телқозы бірден үйге кіріп кетпей, жақындап келе жатқан Шоңды күтіп тұрған. Ол қасына келген соң әлгі сөзін тағы қайталап айтты. Екінші рет Телқозының ескертіп айтуы, шаруасы маңызды болғанда жасайтын әдеті еді. Мұны Әйімкүл жақсы білетін. Әдейі келініне естірте айтып тұрған. Өйткені, Шоң Әйімкүл аузынан шыққан сөзді жөнсіз болмаса да қалт жібермей орындайтын. Телқозы да біліп алған. Сондықтан әдейі келінінің көзінше айтып тұрған еді, ол да:

– Шоң әлгі айтқанымды жаса. Реттеп жібер. Сенің тілінді ана Қаракесектер де жықпайды.

– Кеттебек өзі келіп айтпай ма, осы шаруаға сіз неге араласасыз?

Пайдасы болмаса, Телқозының кез келген шаруаға араласпайтынын Шоң жақсы білетін. Әкесінің мына айтып тұрғаны екі атты алғанның қайтарым екенін сезіп тұрса да әдейі айтты:

– Сені жұмсағаны несі қолбала құсатып… – Шоң әкесінінің сөзіне де, Кеттебектің қылығына да ыза болып тұр еді.

– Ол да келеді, сен дұрыс қарасын деп әдейі ескерткенім ғой бұл. -Телқозы осыны айтты да үйге беттеді. Оның артынан Шоң кірген. Алдында ғана енген Әйімкүл шайды жасап қойған екен. Әкесі жайғасып отырып Әйімкүл құйған шайды іше бастады. Шөлдеп келген болуы керек, кесесін тез тауысып, рахаттанып отырып шай ішті. Тер одан да кетті, бұдан да кетті. Шоң қалжақтап айтты:

– Немене, Кеттебектің үйі шай бермеген бе?

– Берді ғой, бірақ Әйімкүлдікіндей болмайды ғой. Бұл келіннің шайы айрықша. – Телқозының бұл да бір саясаты болатын. Кейде айтар сөзін Шоңға өзі айтпай Әйімкүлге айтып кететін. Мынасы соның алдындағы мақтау еді. Нартай Шоңның мініп жүрген атын алып кеткеннен соң, жалпы Телқозы көңілі Әйімкүлден де суып қалған. Әйімкүл Ақмоладан қайтып келген соң көңілдері қайта табысқан еді. Оған себеп болған Әйімкүлдің көкелеп тұрған мінезі еді. Әйімкүл сонымен Телқозы тілегінен шығып жүрген еді. Атасының көңілін осындай мінезімен жаулап алған. Телқозы да Әйімкүлдің айтқанын қисық демейді, Шоң да шамасы, реті келіп тұрса орындауға тырысатын. Әрбір адамның айтқанына сын көзбен қарайтын Шоң сол қасиетін Әйімкүлге келгенде жоғалтып алғандай болады. Және оның айтқандарын ілуде-шалуда болмаса, дұрыс емес демейді. Шоңның да әйелінің айтқан сөзің екі етпей орындайтынын Телқозы сезіп, біліп алған әбден. Мынасы да сол үйреншікті әдісі болатын. Шоң әкесінің әлгі сөзін жақтырмай:

– Әйімкүл шайын көп ішіп үйреніп қалғаннан ба, маған да айрықша… Кеттебектің әйелінің берген шайы Әйімкүлдің шайының ширегіне келмейді. Сен шай жайында әңгімені қой. Мен саған Кеттебек мәселесін әдейі тапсырып отырмын. Бір рет мен айтқандай жасап бер… – Телқозы шайын тездетіп ішіп, асығыс орнынан тұрды.

Әйімкүл атасының әлгі сөзін Шоңның қабылдамай отырғанын білді. Ол Телқозының әдейі бұл шаруаны өзіне тапсырып кеткенін түсіне қалды. Телқозы бұдан кейін Шоңнан сұрамайтын, кейін уақыты болды-ау деген шамасында Әйімкүлден сұрайтын. Ол да атасынын ондайын біліп алған, түбінде өзінен сұрайтынын түсініп, сол себепті Шоңның есіне салып, ретін келтіріп сұрап та қоятын. Әлгі әкесінің сөзінен кейін Шоң ашуға беріліп:

– Әлгі сөзді көбейтіп кетті ғой, Кеттебек ешқашан есесін оларға жібермейді. – Әкесінің айтқаны ойынан шықпаған болуы керек, өзінен өзі отырып дауысын көтере сөйледі. Бұл жақтырмағандықтың белгісі еді. Әйімкүл де оны түсініп, үндемей қалды. Шоң түскі тамағын ішіп алған соң өзінің әдетімен біраз дем алып, жазуға кірісті. Жазуға берілгені сондай, әкесінің тапсырмасы туралы ұмытып та кеткен.

Содан сол күні төсекке жатқан соң өзінің әдеті бойынша Әйімкүл Шоңға әкесінің тапсырмасын еске салған. Шоң оны жақтырмаған ыңғай көрсетіп сөйледі.

– Сен де, Телқозы да Кеттебек шаруасынан аулақ жүріңдер. Мен оның шаруасына араласпаймын, – Шоң турасын айтқан.

Осымен әйелімен екеуінің арасындағы сөз де жылдам біткен еді. Әйімкүл де Шоңның енді айтқанын орындамайтынын біліп, бұдан кейін үнсіз қалған. Шоң өзінен өзі жатып ойға берілді. «Күндізгі сөз сарынына қарағанда екі жылқыны басыбайлы берген болған ғой» – енді Шоң ашуы тіптен күшейді. Аралбайлардың бірдеңе өтікізіп қойса соңынан қалмайтын әдеті барын және білетін. Ұйқы ашылып кеткен соң, Шоң жазу бөлмесіне барып жазуға отырды. Содан түннің бір уағында төсегіне келіп жатты. Әйімкүл де атасы Шоңға жөндеп айтпадың деп маза бермейтінін білетін. Таңертең шай үстінде тағы айтқан.

– Шоңке, байқадыңыз ба, көкем кешегі айтқан шаруасына үлкен мән беретін тәрізді.

Сонда да Шоң үндемей отыра берді. Оның мұнысы Әйімкүлдің ойынан шықпағаны болуы керек:

– Шоңке, неге үндемейсіз?

Әйімкүлдің мұнысы көңілінен шықпай тұрса да, ренжіген жоқ. Одан құтылу үшін:

– Оны жағдайға байланысты кейін көремін…

Шоңның бұл сөзі Әйімкүлге ұнамай қалды. Оның мақсаты кайтсе де кешегі атасының айтқанын Шоңға істету болатын.

– Шоңке, қайтсеңіз де көкемнің айтқанын жасап беріңіз, – деді.

Шоң сонда да ештеңе айтпады. Орнынан тұрып, тысқа шығып кетті. Ол шығып кеткен соң Телқозы келді. Әйімкүл оған Шоңның көнбей отырғанын айтқан еді. Телқозы Кеттебекке айтқанын жасататына уәде беріп кеткен. Жылқысын алып отыр, енді сөзінде тұрмады. Әлгі Әйімкүл айтқанынан кейін Шоңмен сөйлесудің ешқандай мәні болмайтынын біліп, Шоң үйінен шыққан соң Кеттебек аулына тартқан. Көз алдында екі жылқы тұр. Келіп Кеттебекке жұмсартып айтқан:

– Жүз көрсе көз ұялады дейді. Мен де біраз айттым, өзің де барып бір сөйлессейші, – деді.

Алдында Ортау болысында сайлау болғанда Кеттебек Шоңға ренжіп біраз сөз айтқан соң, Шоңның жақтырмай қалғанын білген. Содан бері бірталай заман өткен. Екеуі жүздескен жоқ еді. Кеттебек мына Телқозының сөзінен кейін ойға беріліп отырып қалған еді. Шоңға бармасам деп бір ойлады. Бірақ бұл шаруаның соңы өзіне жақсылық әкелмейтінін біліп отыр еді. Кеттебек әрі ойлап, бері ойлап Шоңға баруға бел байлады. Араға екі күн салып өзі келген.

Түс кезі болатын. Шоңдар түскі тамақтарын ішіп жатқан. Қасында бір жігіті бар Кеттебек кірді. Анау-мынау шаруаға оның өзі жүрмейтін. Біреулерді жіберетін. Әкесін екі жылқы беріп жұмсап отырғанынан Кеттебектің мына шаруасы шатағы көп іс екенін, содан кейін әкесін жұмсағанын түсінген Шоң. Кеттебек Шоң көрсеткен жерге отырмай, одан төмендеу барып отырды.

– Кеттебек, жоғары шық, – деді Шоң екінші рет қайталап.

– Шоңке, осы жер де жетеді. – Кеттебек бұрын Шоңды Шоңке деп атамайтын. Бұл жолы басқаша болды. Шоңға «ке» қосып сөйледі. Бұл да өзіне қаратудың амалы екенін Шоң біле қалды. Мына сөз сөйлеу мәнерінен де Қаракесектерге қатты ренжіп келіп отырғанын ұққандай болды.

Аралбайлықтар, көрші отырғандықтан, Ерназарлармен қыз берісіп, қыз алысып, туыс болып кеткен адамдар еді. Бір жағынан сонысын да көлденең тартып келіп отырғанын сезді Шоң. Ертеңгі күні Шоң төрге шық деп айтпаса, қажетті жерінде әңгімеге айналдырып, талай жерде айтып жүретінін біліп, тағы да қайталап айтқан:

– Кеттебек, сенің орның неге төменде болады? Жоғары отыр. Біз құдандалы адамдармыз, – деген сөз Шоң аузынан тағы шыққан соң, болыстың өзіне ықыласы жақсы екенін білді де айтқан жеріне жайғасты.

Кеттебек негізгі шаруасына бармай, анау-мынауды әңгіме етіп біраз отырды. Әкесі айтқан әңгімеден соң болыс өз жағына шығатына сеніп келіп отыр еді. Шоң әкесінің аузынан естіген шаруаға бармаған, Кеттебек де шыдамдылық көрсетті. Шоң оның келген шаруасын ұзаққа созып жібергенін жақтырмай отырған. Мына отырысында шірену, өзін өзі құндау бар екенін ұқты Шоң. Ақыры Кеттебектен тезірек құтылуды ойлап, сөз бастаған:

– Кеттебек жай жүрген жоқ шығарсың, негізгі шаруанды айта отыр, – деді Шоң.

– Біріншіден, көптен бері көріскеміз жоқ, амандасуға келдім. Екіншіден, бір ойламаған жағдай болып қалды… Сөзінің жартысын жұтып үндемей отырып қалды Кеттебек. Бәрін әкесіне айтқан, соны Шоң аузынан есту ойы бар еді. Содан кейін бастамай отырған еді. Шоң отырып:

– Кеттебек бір шаруамен келген шығарсың. Келген шаруанды айта отырсайшы.

– Менің шаруамды сізге Телекең айтқан болуы керек.

– Сенің өз аузыңнан естігім келіп отыр.

Осы арада Кеттебек ағытылып кетті. Мына Қояншы-Тағайлар күн көрсететін емес. Таяуда бір үйір жылқымызды айдап әкетті.

– Ол сіздерге баяғыдан жақсы құдандалы адамдар емес пе, қалай айдап әкетеді?

– Дуанды мына орыстар басқарған соң күшейіп тұр ғой. Ыбырай уақыты болса көрер едім, ығымнан жүрмес еді. Орыстар билеген соң мықты болып барады.

Шоң мына сөзіне қарай қарсы сұрақ берді.

– Қояншы-Тағайлар басқа уездің адамдары. Ақмола орыстарымен қалай тіл табысып жүр екен?

– Қалтаға салған ақша тіл тапқызып жүр ғой.

– Сонда кімге берді деп ойлайсың?

– Кім білген? Қазір Ақмолада анау Герасимов деген орыс бар, содан бастап бәрі пара алады. – Кеттебек әдейі ояздың атын атамай отырған. Өйткені, Шоңның көңілі онымен жақын деп білетін. Содан кейін ояздың атын аузына алмай, тек Герасимовтың ғана атын атаған. Бұл Кеттебектің өзіндік саясаты еді. Өткен жолы Ақмолаға барғанда Ыбырайды салып еді, ол да оязға жол таба алмаған. Болыстарды сайлау билігін Карбышевтың өзі алған соң Ыбырай одан қорқа бастаған еді. Содан екеуі Герасимовқа барған еді. Герасимов отырып, «Ол жақта Телқозин бар ғой, соны саласыңдар ма, оны ояз қолдайды» – деген. Герасимов та бұл шаруаға араласса, Карбышевтен жақсы сөз естімейтінін біліп отыр еді. Содан кейін осылай сөйлеп отырған болатын. Әйтпесе, Герасимов та пара алудан қашпайтын. Ана жолы Ортау болысына Кеттебекті сайлап келгенде Карбышев жақтырмай Герасимовке біраз сөздер айтып тастаған еді. Сірә, ояздың мұнысы Шоңның айтқанымен болып отыр деп топшылаған еді сонда. Кейін Шоң Ақмолаға бір барғанда Герасимов Шоңның өзіне айтқан, анау Кеттебек атты киргиз маған пара берді, бірақ мен алмадым деген. Мұнысы Шоң арқылы Карбышевке жеткізіп қалудың амалы болатын. Алайда, ол туралы Шоң оязға айтпаған еді.

Оның себебі бар еді, Кеттебек болыс болып тұрған жылдары болысындағы адамдарға қырғидай тигенін Карбышев те естіген. Содан оған дұрыс қарамай кеткен. Шоң Кеттебектің сондай қылықтарын жақтырмайтын. Бұрын көңілдері дұрыс болса да содан кейін суып кеткен. Енді міне, амалсыздан алдына келіп отыр.

Кеттебектің өз аузынан есту үшін Шоң одан сұраған еді:

– Өзіңмен дауласып жүрген қайсы?

– Анау Бәрлен бай. Ол пара берген болуы керек. Ақмола да соны жақтап отыр.

Қояншы-Тағайдың бұл байын Шоң сырттай жақсы білетін. Бірақ көріп, сөйлескен адамы емес еді. Шоң оның мына сөзіне ренжіп қалды да, содан кейін айтқан:

– Сіздер құдандалы адамсыздар, барып өзің сөйлеспейсің бе? Екіншіден, олар Ақмолаға қарамайды. Қарқаралы уезіне барып арыз айтыңдар. Менің білетінім, орыстар оларға жайдан-жай көмектеспейді. Дұрыстап айтсайшы, кімге пара бергенін, олай болмаса арты дау, бос сөзге айналып кетеді.

– Шоңке, өз көзім көрген жоқ. Орыстар бірдеңе берсе ғана қимылдайды. Олар қазақты сыйламайды, берген парасын сыйлайды. Сізге ғана айтып отырмын. Қаракесектің Қояншы-Тағайлары берсе бере берсін, онда жұмысым жоқ, менің бір-ақ тілегім бар, ұрлаған малымды қайтарсын!

Шоң Кеттебектің мына сөзінде жалған да, шындық та барын сезді. Орыстардың қазақтардан көрсеткен қызметі үшін пара алатынын білетін. Олар кінә болса, Кеттебектің де, Қояншы-Тағайлардың есін шығаратынын біліп отырған. Алайда, Шоң Кеттебектің мына сөзіне күмәнданып қалды.

Ақмоладан түк бітіре алмаған соң келіп отырған. Каракесектердің үстінен арыз айтып барғанда Ыбырай айтқан: «Ояз менің тілімді ала бермейді, анау Шоң оязбен жақсы, соны пайдаланыңдар» деген. Шоң да Ыбырайдың дуанбасы болып тұрғанда Аралбайлармен жақсы болғанын білетін. Осы жаққа келіп жүріп Ыбырайдың көңілінен шығып, Құтжан би Ыбырай төренің бір қызын, қара қазақ болса да, баласына алып берген. Содан Ыбырай мен Құтжан бұрыннан да жақындасып кеткен. Сол кезде Кеттебек сырттау қалған. Ыбырай құдандалығын пайдаланып, Құтжанға Ортау болыстығын алып берген. Содан екі ағайынды Аралбайлардың арасында бір реніш барын сезетін Шоң. Соны біле тұра айтқан:

– Ана Құтжан ағаң бар ғой, соған неге барып айтпайсың? Олар Ақмола оязына арыз жазса, сендер Қарқаралы оязына соны жасаңдар.

– Ол кісінің үстінен біреулер арыз түсіріпті. Содан кейін ол кісіге бара алмадым. Оның үстіне біздің ауыл сізге қарайды ғой. Сіз тұрғанда оған қалай барамын?!

Шоңның іші сезе қалды. Кұтжан үстінен арыз жазылып жатса, оны ұйымдастырып отырған Кеттебектің өзі екенін білді. Әйтпесе, Құтжан Аралбайлардың өз арасындағы дауға араласпай қалмайтын. Құтжанға бармай өзіне келіп отыр. Өйткені, Құтжанның көмектеспейтініне Кеттебек сенімді. Әйтпесе, Шоңға келу ойында жоқ еді. Ойламаған жерде Аралбайдың бір байының үйінде Телқозымен кездесіп қалып, орыстың жылқылары туралы сөз шығып кеткен еді. Сонда Телқозыға айтқан, Шоң менің бір тілегімді орындаса сізге мен орыстың денелі, етті екі жылқысын беремін деген. Арнайы ертіп апарып көрсеткен де еді.

Малсақ Телқозы өзі денелі, өзі ірі жылқыға қызығып кеткен. Сол жолы біраз биелерін айғырдан шығарып алуға онымен келісіп кеткен. Сонда Кеттебек айтқан: «Телеке, балаңыз айтқанымды орындап берсе осы екі жылқыны сізге біржола беремін». Осылайша алдында Телкозының аузын алып қойған. Соған сеніп жүр еді. Бірақ алдыңғы күні Телқозы келіп айтқан: «Кеттебек, мен айттым, сен өзің де Шоңның алдынан бір өтсейші». Өз аузыңнан естісін дегені еді. Кеттебектің Шоң алдына баруға онша көңілі тартпай отыр еді. Дегенмен, бармай қалуға тағы болмайды. Қаракесектер Ақмола жаққа арыз беріп жатыр деген сөзді Ыбырайдан соңғы барғанда естіп келген. Бір жағынан намыс кетіп барады. Ақыры амалсыз келген. Шоң Кеттебектің сөзін тыңдап алды да:

– Сол Бәрленнің өзі ме, әлде басқа біреуге көмектесіп отыр ма? – деді. Өйткені, әліде де кінәлі адамының атын туралап атамай отырған Кеттебек.

– Ұйымдастырып отырған сол Бәрленнің өзі. Ар жағын білмеймін, Шоңке, мен сізге неге өтірік айтамын?!

Ақмолаға арыз жазып жатса, бұл оңай шаруа еместігін сезген Шоң.

– Олармен қыз берісіп, қыз алысып, жақсы туыс болып кеткен адамдарсыздар ғой, оны олар неге жасап жүр?

– Маған ерегісіп жасап отыр. Мына іргеде жатқан Тамалардан бір қызды келін етіп түсірдік. Соны біздің қалындығымыз дейді. Соған өздерінше қайтарған амалдары ғой…

Бұл арада бір үлкен шатақтың барын біле қалып, енді Шоң сұраған:

– Айттырып қойған қыз ба?

– Ол жағын білмеймін. Қыз біздің жігітті сүйіп, өзі келді.

– Бұл халық қызық болып барады. Барлық дауды жылқы ұрлаумен бітіреді. Баяғы заман жоқ, енді орыс келді. Олар өздерінше шешеді. Ел арасында осындай дау туғызып жүрген адамды енді Сібірге айдайды. Олар үшін ең оңай жолы сол. Ал біздің қазақ оны түсінбейді.

Мына сөзді естігенде Кеттебектің жүзі өзгеріп кетті. Орыстар талай адамдарды Сібірге айдап жібергенін де білетін. Солар есіне түсіп кетті де сөзі бітіп қалғандай болды.

– Дау, өзің айтқандай, қызға байланысты ғана шығып отыр ма, әлде тағы бірдеңе бар ма?

– Басты себеп сол қызда болып отыр ғой. Басқа ештеңе жоқ.

– Әке-шешесі қалай қарайды екен?

– Бар мәселе сонда жатыр. Ана Қаракесектерден бірдеңе алып қойған тәрізді. Сондықтан олардікін жөн деп отыр олар да.

– Кеттебек, сен бұл дауды ушықтырмай, Қояншы-Тағайлардан барып кешірім сұра. Қыз сіздерге өзі қалап келіп отырса, әке-шешесінің сөзі түк емес. Кешірім сұра.

Мына сөз Кеттебектің намысына тиіп кеткендей болды. Кеттебек ойлады, мына Шоң олардан бірдеңе алып қойған ғой, маған әкесі айтса да, бетін бұрмай сөйлеп отыр. Осында келер алдында Телқозыға барып жолыққанда ол айтқан, Шоң айтқанды жасайды дегендей мән жатқан сөзінде. Кеттебек те Шоңның әкесінің айтқанын орындайтынына сенімді болатын. Бірақ бұл өз ойынан шығатындай сөз айтпай отыр.

– Шоңке, Алтай-Қарпық балаларымыз, пәлен жылдан аталарымыз көрші болып келеді. Менің намысымды Қаракесектерге бермейтін шығарсыз. – Туысқандықты еске салған соң Шоң мынаның әбден қысылып келіп отырғанын түсінді.

– Әрине, өзің айтқандай болса, олардікі орынсыз. Сөйлесіп көруге болады. Ең дұрысы, өздерің барып сөйлескендерің, болмаса билердің отырысына қойыңыздар, оған көнбесе, ояз алдына мен қоямын.

Мына сөзі де Кеттебек көңілінен шықпады. Билер талқысына салса көп билер өзіне қарсы шығатынын біліп отырған. Шоңның әлі иілмей отырғанын білді, дегенмен ояз алдына қоямын дегеніне қуанып қалды. Әлі де Каракесектердің айтқанына кетіп қала ма деген күдігі бар еді, соған орай:

– Қаракесектер мың құбылтып сөйлеуге шебер халық қой. Олар өтірікті шындай көрсетуге келгенде алдына жан салмайтын ел. Сол жағын еске алыңыз, Шоңке.

Бұл сөзі осы шаруаға кірісіп, маған жығып бер дегенмен бірдей еді. Енді Шоң күдігі тіптен күшейді.

– Кеттебек, әуелі өзің барып сөйлескендерің жөн шығар. Келісімге келу керек. Екі араға түсіп, делдал болған менен гөрі, өздеріңіздің сөздеріңіз өтімді болар. Баяғыдан бері көрші, туыстай болып кеткен адамсыздар. -Дастархан басында бұл екінші мәрте «өзің барға» сілтеген сөз еді.

Шоңның мына сөзі тағы да тілегінен шықпады. Ойлаған, Ақмолағы ояз алдында беделі бар, туысқандығымыз, көршілігіміз бар, Шоң Қаракесектерді маған жығып береді деген ұйғарыммен келген. Оның үстіне Телқозыға екі жылқы беруде де есеп болатын. Алайда, Шоңның мына айтқаны ойлағандай болмай отыр. Шоңның бұл ұйғарымына қарсы сөз де айта алмады. Сәл отырып барып:

– Сіздің солай дегеніңіз дұрыс қой, бірақ сол Бәрлен жүзін көргім келмей отыр. Әбден көңілім қалып қойыпты. – Бұл жолы да «сізге» деп, кішірейіп сөйледі. Шоң сонда да икемге келмей қойған.

– Кеттебек, күнде көрісіп жатқан көршілеріңіз. Бәрібір түбінде көресіздер. Өмір бір қалыпты осылай сіресіп тұрмайды. Бүгін араз болсаңыздар, ертең татуласасыздар. Сен Бәрленді көргің келмесе, басқаларымен қатынас жаса. Ешқайда кете алмайсыңдар, әлі талай жүздесесіздер. Ертеңгі күні бір жастарыңыз Қаракесектерден қыз алып келсе, бір дастархан басына отырасыздар амалсыздан. Бәрібір сіздерді жастар араласстырады. Жылы араны суытпаңыздар!

– Шоңке, қайталап айта бересіз. Мен айтып отырмын ғой, олардың жүзін көргім келмейді.

Шоң сөзі біткендей сәл отырып қалды да:

– Менің сізге берер соңғы кеңесім, өздеріңіз тіл табысыңыздар, – деді. Бұл болыстың айтқанын жасағысы келмей отырғанын түсініп, Кеттебек орнынан тұрды да, ләм деместен шығып кеткен еді. Шоң да бір түсініксіздеу күйге беріліп қала берген. Мынау ана Қаракесектерге қатты ренжіген ғой, әлгі айтқандарым орынсыздау болды ма деген ойға қалған өзі де. Алайда, құдандалы ел бірінен-бірі кетпейді, өздері тіл табыссын деген ойға келген сол арада. Арада бір күн өткенде әкесі Телқозы келді. Үйге сөйлей кірген болатын:

– Сен анау Кеттебекті неге ренжітіп жібердің?

– Ренжитіндей, мен оған басы артық сөз айтқам жоқ.

– Сен өз болысыңның адамының шаруасын ана Каракесектерге барып, реттеп қайтпайсың ба?

– Барғанда, сізге екі жылқы бергені үшін барамын ба?

– Екі жылқыда емес мәселе, пәлен жылдан бері көрші отырған ел. Екіншіден, сенің болысына қарайды Кеттебек. Солардың бір тілегін орындасаң нең кетеді. Дұрыс пен қисықтын арасында билік айту сенің міндетің!

Шоң әкесінің қатты ашулы екенін білді. Кеше өзінен шыққаннан кейін Кеттебек әкесіне барғанын түсінді. Екі жылқыға әкесінің көңілі қатты кетіп отырғанын да сезді. Телқозы бұдан басқа сөз айтпай шығып кетті. Сол бойы үйіне тартып кеткен еді. Рас, Кеттебектің айтқанындай болса жақсы, бірақ бір нәрсені жасырып отырғандай көрінді Шоңға. Барудың, бармаудың қай жағына шығарын білмей біраз ойланған. Ауыл арасы жақын, кешінде інісі Малай келді. Інісінің қатты ашумен келгенін сезді:

– Шоң, әкемді ренжітіп жібергенің не?

– Телқозы сенің әкең болса, менің де әкем. Онда жұмысын болмасын… Көзіме көрінбей, кетші өзің…

Малай Шоң алдында басы артық сөз сөйлемейтін, ағасының өзінен артық туғанын білетін, жақсы сезетін. Сондықтан сыйлайтын, бір жағынан Шоң қол көтере ме деп де қорқатын. Баяғыда бала кезінде екі-үш рет ұрып та алған. Ағасының сол мінезі көз алдында тұратын. Қазір Малай Шоңнан әлде қайда денелі, ірі болып өскен. Ұстаса кетсе шамасы келетінін білетін. Бірақ ағасының жағасынан қалай ұстайды. Дегенмен, ағасына әдеттегісінен дауыс көтеріп сөйлегені ұнамады. Інісінің мына қылығы да Шоңның ашуын келтіргендей. Малай сөзді одан әрі өрбітпей, үйге кіріп кетті. Үйде Әйімкүл отыр екен. Екеуінің ренжісіп қалғанын сезді. Баяғыда жеңгеге санап шай құйып жатып отырған жеңгесіне қазақ тәртібімен қол жүгірткені бар еді. Өткен жолғыдай қасына қисая кеткен Малайдың мына жатысы ұнамады. Содан кейін Әйімкүл: «әрірек жатшы» деген.

– Сен олай деме, мен сенің әмеңгеріңмін. – Бұл сөзді Малай құлағына бірде Телқозы салған. Шоң ауырып жүр, ол олай-бұлай болып кетсе Әйімкүлді саған қосамын деген. Мына сөзді содан кейін айтып отыр еді. Малайдың өзі де білмейді, Әйімкүлге құмарлық бар еді. Әйімкүл Малайдың сөзіне ашуланып қалды да:

– Сен өзің осы үйден шықшы, – деді.

– Мен сенің үйіне емес, ағам үйіне келдім.

– Бұл үй Шоң екеуіміздің үйіміз.

– Мен Шоңның інісімін.

– Есі дұрыс інісі ағасы тірі тұрғанда ондай сөз айпайды.

Малай Әйімкүлдің мына айтқаны орынды екенін білді де, үн-түнсіз шығып кетті. Ол кетісімен Шоң кірген еді. Әйімкүл Шоңға інісінің сөзін айтып салғысы келді, бірақ айтпады. Оңың оған қатты ашуланғанын білді. Сөздің бір жағы өзіне тиетінін білді.

Әйімкүл басқаша сөйледі:

– Шоңке, көкемнің айтқаны не болды?

– Саған келер сөз жоқ. Сен осы менің жұмысыма неге араласа бересің? -Осыны айтты да Шоң ләм демей қайта сыртқа шығып кетті.

Шоң енді екі жақтап Кеттебекке әкесі мен әйелінің ара түскеніне қатты ренжіді. «Ана қу Кеттебек әкесіне берген екі жылқыдан басқа Әйімкүлге де бірдеңе беріп қойған ғой». Ашуға берілген Шоң есік алдында жүрген Жойқынбекпен тағы бір адамды шақырып алып айтқан:

– Сендер жылқыдан Кеттебек берген айғыр мен биені ұстап алып Кеттебектің өзіне апарып беріңдерші, – деді. Шоң әкесі білсе үлкен дау болатынын сезген. Соған орай бұларға айтқан, сендер Телқозыға сездірмей, жылқыға барып алып кетіңдер деген еді.

Екеуі де Телқозыдан қорқып тұр еді. Бірақ Шоң айтып отыр. Оны орындамауға және болмайды. Ақыры олар кеткен. Екеуі жылқыда жұбын жазбай жүрген бие мен айғырды ұстап алып, Кеттебектің үйіне алып барған еді. Кеттебек үйінде жоқ екен, әйеліне көрсетіп, есік алдына байлап кеткен.

Шоң екі жылқыны апарып беруі үлкен даудың басы болатынын білген еді. Соны біліп тұрып әдейі жасатқан еді. Әуелден бұл жылқыны алған әкесіне де, берген Кеттебекке де ызалы еді. Бұл екі ауыл арасындағы туысқандық шаруасы емес, шатаққа бастап тұрған іс екенін түсінген.

Арада бір күн өтті. Шоң өзінің әдетімен үй маңында біраз серуендеп келіп есік алдында отырған. Жетегінде екі жылқы бар Кеттебек жетіп келді. Өзі көрген бие мен айғыр. Аттан түспестен, есік алдында отырған Шоң алдында сөз бастады.

– Шоң, маған көмектеспесең көмектеспе, алайда, есіңде болсын, бұл екі жылқыны мен өзіңнен көмек күтіп бергем жоқ. Телекең сұрап келген соң бергемін. Сен мұны менің дауыма қоспа. Ағайындар қандай жағдайда болмасын аларын алып, берерін беріп жатады. Көмектеспесең мейлі, ол жағын өзің білесің. Бірақ бұл екі жылқыны оған араластырма, – деді де Кеттебек, жетегінде екі жылқысы бар, Телқозы аулына қарай кетіп қалды. Шоң онысын «қайтсем де сені жеңіп, айтқанымды істетемін» деп бара жатқандай сезінді. Шоң Кеттебектің өткен жолғыдай емес, «Шоңкеден» «Шоңға» көшкенінен оның көңілінде біраз өзгерістердің болғанын түсінді.

Шоң енді дауды тіптен көбейтіп алғанын білді. «Мен әлгі Кеттебекке жылқысын апарып бергізіп, үлкен қателік жасадым-ау» деп ойлады. Бірақ бұл байламға тоқтай алмады. Бұл Кеттебектің осылай билерді, болыстарды сатып алып әбден жаман үйренген әдеті екенін білетін. Енді келіп соны маған жасап тұр. Телқозы үйіне кеткенінен іші бір жанжалды сезіп тұрған. Шоң да бір ашуға беріліп сыртта біраз жүрді. Кенет үйден күтуші әйел жүгіріп шықты.

– Аға, тәтем қысылып жатыр, – Шоң үйге есі шыққандай жүгіріп кірген.

Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап

Подняться наверх