Читать книгу Сана болмысы - Ғарифолла Есім - Страница 3
I
МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ САЯСАТ
«ОРТАҚ ҰЛЫ МАҚСАТҚА ЖЕТУДIҢ ДҰРЫС ЖОЛЫ»
ОглавлениеҚазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауын былай бастады: «Менiң жыл сайынғы Жолдауларым әдеттегiдей жетiстiктерiмiздi саралап, келешегiмiздi бағдарлауға, ең бастысы – баршамызға ортақ ұлы мақсатқа жетудiң дұрыс жолын бiрлесе айқын-дауымызға бағытталып келедi».
Дұрыс жол, ол – Елбасының халықты өркениеттiң кемелдi сатыларына бастап келе жатқан «қазақстандық жолы». Тәуелсiздiкке қолы жетiп, ұлттан жаңа сападағы елге айналған қазақ халқы мемлекетiмiздiң өзге де азаматтарын төңiрегiне топтастырып, ұлы мақсатқа бiрге жетпекшi ниетте. Шындық осы, ниет дұрыс. Құдайға шүкiр, елдiң шаруасы түзелiп келедi. Сондықтан Президенттiң ұлы мақсатқа жеткiзетiн дұрыс жол туралы айтуы өте орынды. Биылғы Жолдауда да, әдеттегiдей елiмiздiң бiр жыл iшiнде жүрiп өткен жолына талдау жасалып, үстiмiздегi жылда атқарылар iстердiң нақтылы бағдарламасы ұсынылған. Бұл – бiр кiсi атқаратын iс емес, билiктiң бүкiл тармақтарындағы ел азаматтарына сын. Жолдаудан әркiм өзiне қатысты iстi нақтылап алып, оны жүзеге асырудың тәсiлдерiн iздесе, бұл iскерлiкке, прагматизмге бастар белсендiлiк болар едi. Бүгiнде осы мәселеде жетiспеушiлiк аңғарылады. «Дұрыс жол» тек саяси көшбасшылар жүретiн жол емес, ол – миллиондардың жолы және де бүгiнгiлердiң ертеңгi келер ұрпақпен ұшырасатын жолы. Әлемдiк үрдiс ретiнде қалыптасқан ақпараттық технология күн санап елiмiзде өз кеңiстiгiн айқындап келедi, сондықтан келер ұрпақ бiзбен ақпарат тiлiнде «сөйлесiп», бiздiң iстерге аналитикалық сараптама жасап, кiмнiң кiм екенiн жария етуi талас туғызбайтын жай. Сондықтан бүгiнгi күндегi қоғамдық, әлеуметтiк белсендiлiгiмiз ұрпақтар алдындағы жауапкершiлiгiмiз болмақ.
Жол деген – қасиеттi сөз. Адасқан көптiң атының басын бұрып, жол табу тек кемел жанның iсi. Пенде болған соң, кiм адаспайды. Адасқанын сезген адам ғана жөн, жол таппақ. 90-шы жылдары СССР кеңiстiгiнде адаспаған саясаткер болды ма, олардың көбiсi тығырыққа тiрелгендей сыңай бiлдiрдi емес пе, сондай кезеңде төтеден жол тауып, елдi тура жолға бастаған Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев екенiне бүгiнде ешкiмнiң, сiрә, күдiгi болмас.
Кемеңгерлiк – негiзiнен, саяси ұғым. Ол – өзгенiң көре алмағанын көру, көпшiлiктiң сезiне алмағанын сезiну, ең бастысы, нартәуекелге салып, жан-жағына тоқтау айтып, жөн көрсету, дұрыс жол табу. Кемеңгерлiк көпшiлiкке бiрден танылатын феномен емес. Оны қабылдап, мәнiсiн аңғару тек суық ақылды ғана емес, сабырлықты да талап етпек. Парасат дегенiмiз ақылды сабырға жеңгiзу болса, ол әр саяси басшының қолынан келе бермейдi. Нұрсұлтан Назарбаев болмысындағы кемеңгерлiк Қазақстан халқын ортақ ұлы мақсатқа бастаған дұрыс жолға, яғни қазақстандық жолға түсiрумен анықталды десек, артық айтқандық емес. Бiз өткен ғасырда қоғам, тап, тұлға туралы көп айтып келдiк, бiрақ осы мәселеде ақын Шәкәрiм айтқандай, «бiрезулiк» таныттық. Тарих локомотивi – бұқара халық, ал тұлғалар сол халық iшiндегi әлеуметтiк жiктелудiң, яғни таптық қатынастардың арқасында ғана iс-әрекеттерi айқындалатын жандар деп келдiк. Осы сана миымызға сыналап енгенi соншама, күнi бүгiнге дейiн тұлғаларды нақтылы анықтауда әрi оларды өз iсiне қарай бағалауда қорғаншақтай беремiз. Арғы тарихты қозғамағанның өзiнде 1991 жылдан бергi өмiрiмiзге көз салсақ, өткен жылғы Президент Жолдауында айтқанындай, жаңа әлемдегi жаңа Қазақстанның жаңа адамдарының әлеуметтiк-саяси, тiптен тұрмыстық, психологиялық портреттерi қалыптасты десем артық болмас. Тұрмыс өзгердi, сана толғақта, бiрақ мiнез, пиғыл, адамның құлқы түбегейлi өзгерiске түстi. Бұрынғыша өмiр сүрудiң мүмкiндiгi таусылып барады. Адамдар бiр-бiрiн түртiп оятуда, себебi олар ескi социализмнен жаңа тұрпаттағы өркениет жолына түсуде.
Өркениет жолы. Ол жолға түсу оңай шаруа емес, ол үшiн, алдымен, оған ниет етуiмiз керек және соған бастап отырған Елбасына сенуiмiз керек. Сенiм болмаған жерде тұрақтылық орнықпай, жалтақтық жай-лар бола бермек. Құдайға шүкiр, бүгiнде азаматтар өздерiн жаңа дұрыс жолға бастаған Елбасына сенiп, осы жолдың бағыт-бағдарын iске асыруда қызметтер атқарылып жатыр.
Өркениет жолы – Президент атап көрсеткен жаңа Қазақстанның жүрер жолы, ал миллиондарды ол жол-ға бастайтын – бiлiм. Бiлiм беру саласына қатысты Президент Жолдауда 2010 жылға дейiнгi бiлiм берудi дамыту жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаны орындау барысы аясында мынандай төрт мәселенi күн тәртiбiне қойды:
«Бiрiншi, Бiлiм және ғылым министрлiгi және облыс әкiмдерi үш жылдың iшiнде заманға сай бiлiм алуға және озық технологияларды игеруге мүмкiндiк беретiн бiлiм берудiң тиiмдi инфрақұрылымын жасауды аяқтайтын болсын».
Жолдауда осы жылы 68 мың оқушыға арналған 88 мектеп, 2009, 2010 жылдары 69 мың оқушыға 102 мектеп салынбақшы. Бұл – бiлiмге арнайы бөлiнiп отырған қомақты қаржыны қажет ететiн маңызды мемлекеттiк шара. Мектеп iсi ешқашан Елбасының назарынан тыс қалып көрген жоқ. Өткен жылы 4 қыркүйекте интерактивтiк режимде республика бойынша Президенттiң ашық сабақ өткiзгенi осындай қамқорлықтың үздiк үлгiсi. Алайда бiлiм беру жүйесiнде әлi шешiмiн таппаған мәселелер де жеткiлiктi. Халықтың «ауруын жасырған өледi» деген аталы сөзi бар. Бiз де бұл саладағы кемшiлiктердi халықтан жасырып отырғанымыз жоқ.
Бiлiм және ғылым министрлiгi мектептердiң даярлығын тексеру нәтижесiнде он екi жылдық оқу жүйесiне көшудi кейiнге шегермекшi. 2007 жылы Парламент Сенаты қабылдаған «Бiлiм беру туралы» заңына сәйкес, елiмiздегi мектептер 2008 жылдың күзiнен бастап он екi жылдық жүйеге көшуi керек едi. Бұл заңда көрсетiлген талап орындалмайтын болып отыр. Бiлiм және ғылым министрi қазiргi жағдайда мектептердiң даярлығы он екi жылдық оқу жүйесiне көшуге әзiр еместiгiн өзiнiң кезектi коллегия мәжiлiсiнде айтты. Оған мынандай дәлелдер келтiрiлдi: мектептердiң 65 пайызы екi ауысымда, 108 мектеп үш ауысымда оқиды, 217 мектеп апатты жағдайда, мектептердiң 20 пайызы күрделi жөндеудi қажет етедi. Республикадағы мектептердiң 86,2 пайызы 1990 жылға дейiн салынған, олардың көбiсiнiң жиhаздарының тозығы жеткен. Мектеп жасындағы отыз мыңдай баласы бар 1158 елдiмекенде бiлiм ошағы жоқ, елу мыңдай жеткiншектерiмiз мектепке үш шақырым жерден келiп оқиды. 2007 жылы оқушы орындарының тапшылығы 162 867 бiрлiктi құрайды. Бұл жағдай алдыңғы жылдары бiртiндеп азаймақ, 2008 жылы бұл көрсеткiш 96000, 2009 жылы 78 629, 2010 жылы 74 000 бiрлiктi құрайды деген болжам бар («Айқын» газетi. 18.03.08, «Ана тiлi» газетi. 07.02.08).
Бiлiм беру жүйесi қандай деңгейде дегенде айтылатын мәселелер – мектептердiң материалдық-техникалық базасының тапшылығы. Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң ақпаратында ауылдық мектептерде 20 оқушыға 1 компьютерден келедi делiнген, мектептердiң 28 пайызында ғана лингофондық мультимедиялық кабинеттер бар. Мұндай мүмкiндiкпен ақпараттық қоғам жағдайында жүйелi, сапалы бiлiм беру деңгейi мүмкiн бе деген сауал туындайды.
Үкiмет басшысы Парламент мәжiлiсi алдында есеп берген сөзiнде «он екi жылдыққа көшу кемiнде бiр жылға шегерiлдi», – дедi. Алайда республика бойынша 104 мектеп 2003 жылдан берi он екi жылдық жүйеге өту тәжiрибелiк сынағынан өтiп келедi. Он екi жылдық оқу жүйесiне өтуге шегерiлудiң осындай объективтiк жағдайлары бар. Мұның бәрiн ретке келтiруге қанша мерзiм, қаншама қаражат керек, бәрi анықталып, белгiленiп ұсынысқа айналуы керек. Сондықтан он екi жылдық бiлiм беру жүйесiне көшу процесi әлi де бiрнеше жылға созылуы мүмкiн.
Мектептер сапасы жоғарыда айтылғандай болса, мұғалiмдер сапасы дегенде екi мәселе бой көр-сетуде. Бiрiншi мәселе – мұғалiмдердiң жетiспеушiлiгi, оның себептерi де айқын, мұғалiмдiк мамандық жастарды қызықтырмайды, жоғары оқу орындарын бiтiрiсiмен олар өзге қызметтерге кетiп қалуда. Бүгiнде 20 сағаттық кестемен қызмет ететiн мұғалiмдер жалақысы 37000 шамасында. Бұл жалақы жас маманның күн көрiсiне жетпейдi. Сондықтан сапалы бiлiмдi, прагматикалық ойлау жүйесiндегi және iскер жастар мұғалiмдiк қызметке жоламайды. Мұғалiмдiк қызметтiң қиыншылығын ескерген АҚШ-та бұл мамандық иелерiнiң жалақылары банк қызметкерлерiнен анағұрлым жоғары, ал бiзде әлi керiсiнше. Екiншi мәселе, бүгiнгi күндегi республикадағы педагогикалық институттар және өзге университеттер жаңа буын педагогтар даярлау iсiне шындап кiрiскен жоқ. Ол туралы Президент Қазақ ұлттық университеттерiнiң ректорларын 21 сәуiрде қабылдағанда педагогикалық жоғары оқу орындары, әсiресе Абай атындағы Алматы ұлттық педагогикалық университетi ұжымының алдына нақтылы мiндет қойды. Ол – жаңа тұрпаттағы педагог мамандар даярлау зәрулiгi. Шынында да, педагогтар дайындайтын жоғары оқу орындарының оқу жоспары кеңестiк замандағы жағдайдан ұзап iлгерi кетпеген. Сондықтан жаңа тұрпатты мектептерге қандай мұғалiмдер қажет деген мәселенiң жаңа парадигмасы жасалуы керек-ақ. Әзiрше қоғам ондай реформаторлық ұсыныстарды бiлмейдi. Он екi жылдық бiлiм беру саласында жұмыс iстейтiн мұғалiмдер тұлғасы мүлдем басқа болуы түсiнiктi. Олай болса, оларды даярлау технологиясы да өзгеше болмақ. Кей-кейде сын тек мектепке қатысты ғана айтылуда, бұл терiс пiкiр, мектептiң жағдайын шұғыл түрде реттеу үшiн оған бiлiктi он екi жылдық бiлiм беруге қабiлеттi мұғалiмдер қауымын даярлау мәселесi бiрiншi орынға шығуы табиғи жағдай.
Сонымен бiрге ұстаздар қауымы, мұғалiмдер, негiзiнен, консервативтiк орта екенiн де еске алуымыз керек. Олардың солай болатыны кәсiбiне байланысты. Себебi мектеп деңгейiнде бiлiм алушыларға сұрыпталған, анықталған, тәжiрибеде нақтыланған бiлiм деңгейi берiледi. Бiлiмдi осылай беру үрдiсi мұғалiмдердiң белгiлi бiр деңгейдегi консерватизмiн қалыптастырады. Ендi қазiргi жағдайда тәуелсiз мемлекет қалыптасқан жағдайда құндылықтар алмасуы кезеңiнде бiлiм беру саласындағы консерватизм дина-микалық күрделi өзгерiстерге түстi ме, әлде кезiнде кеңестiк жүйеде қалыптасқан дәстүр аясында өтiп жатыр ма? Бұл да нақтыланатын жағдай. Сонымен бiрге бүгiнгi бiлiм алушының тұлғасы да арнайы зерттеудi қажет етедi. Өркениеттi, ақпаратты қоғам жас жеткiншектер психологиясын, талғамын күрт өзгертуде. Осы үрдiске мұғалiмдер қауымы сай ма?!
Екiншi, Үкiметке, мемлекеттiк холдингтерге, облыстардың, Астана және Алматы қаласының әкiмдерiмен бiрлесе отырып кәсiптiк-техникалық бiлiм берудi одан әрi дамыту бағдарламасын әзiрлеп, iске асыруды тапсырамын, – дедi Президент Жолдауда.
Бұл мәселенiң де екi жағы бар. Бiрiншiден, кәсiптiк-техникалық мамандар даярлауда бизнес өкiлдерiмен бiрлесiп жұмыс атқару қажеттiлiгi. Халқымыздың ынтасы ұл-қыздарының жоғары оқу орындарына түсулерiн армандап кеттi де, орта буын, әсiресе кәсiптiк-техникалық мамандар даярлау iсi кенжелеп қалғаны да рас. Қазiр елiмiзде 318 кәсiптiк-техникалық орта оқу орны бар, онда 107 071 оқушы оқиды, оның 103 951-i мемлекеттiк оқу орындарында, 3120-сы жеке орта оқу орындарында оқиды. Сонымен қатар елiмiзде 530 колледж бар, онда 498 136 оқушы болса, оның 242 211-i мемлекеттiк колледждерде, 255 925-i жеке колледждерде оқиды. Демек, бұл iсте қозғалыс бар, бiрақ әлi де көптеген орта мамандық иелерiн даярлау – күн тәртiбiндегi зәру мәселе.
Мәселенiң екiншi жағы, елiмiздегi көптеген колледждер, негiзiнен, гуманитарлық бағыт алған, iстiң бұлай болуы түсiнiктi, гуманитарлық мамандар даярлау көп қаржыны қажет етпейдi, әйтсе де бұл мәселенi министрлiк ескерiп, арнайы шаралар жүргiзсе, әрине, құба-құп. Кәсiптiк-техникалық училищелердi жетiлдiру жолы – оларды тiкелей өндiрiс аясында ашып, сонда оқу iсiн жүргiзу. Мұндай тәжiрибелер бар, бiрақ сол кеңiнен өрiс алса деген тiлекте жоқ емес.
Бiлiм беру саласында Президенттiң Жолдауда атап айтқан үшiншi мiндетi – ол «Тiлдердiң үш тұғырлығы» туралы мәдени жобаны iске асыруды жеделдету. Президент Жолдауда бүкiл қоғамымызды топтастырып отырған қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл ретiнде оқыту саласын арттыру қажеттiлiгiне ерекше назар аударды. «Халықаралық тәжiрибеге сүйене отырып қазақ тiлiн оқытудың қазiргi заманғы озық бағдарламалары мен әдiстерiн әзiрлеп, енгiзу қажет. Мемлекеттiк тiлдi тиiмдi меңгерудiң ең үздiк, инновациялық-әдiстемелiк, практикалық оқу құралдарын, аудио, видео материалдарды әзiрлеу керек», – дедi Елбасы.
«Тiлдердiң үш тұғырлығы» туралы мәдени жоба туралы қоғамда әрқилы пiкiрлер айтылып, басылым беттерiнде әртектi мақалалар жариялануда. Тiл, мемлекет тiлi туралы радикалдар бұл мәдени жобаға қарсы, бұдан қазақ тiлiне қауiп төнуде. Менiң айтпағым, мемлекеттiк тiл мәселесiн томаға тұйық қоғам жағдайында шешуге мүлдем болмайды. Қазақ зиялылары қай заманда болмасын кемiнде үш тiлдi болған. Атақты есiмдердi атамағанның өзiнде, қазақтың дәстүрлi қауымы кезiнде оқығандар түрiк, араб, парсы, қазақ тiлдерiн бiлген, сол тiлдерде жазып, кiтаптар оқыған. Графика, әрине – арабша. Сондықтан мәселе «тiлдердiң үш тұғырлығында» емес, өркениеттiк жолға түскен ел әлемнен, өзге елдерден тыс аралдағылардың тiршiлiгiн кешпеуi керек. Әлем халықтары қарым-қатынас тiлi ретiнде ХХI ғасырда ағылшын тiлiн пайдалануда, сондықтан бұл үрдiстен тыс қалуға мүлдем болмайды. Себебi бүкiл ақпарат жүйесi, технология, бiлiм, ғылым осы тiлде. Бұл күрделi мәселенi түсiнуде әрi түсiндiруде мынандай концепция игерiп алғанымыз жөн. Президент Жолдауда қоғамды топтастыратын мемлекеттiк тiл деп нақтылы тұжырым жасаған, яғни тiлдер саясатындағы бұл бiздiң идеологиямыз, ал «тiлдердiң үш тұғырлығы» осы идеологияны iс жүзiне асыратын технология. Идеология мен iстiң технологиясын шатастырмау керек. Тiлдердiң үш тұғырлығы мәдени жоба – мемлекеттiк тiлдiң өрiсi, кеңiстiгi және болашағы. Оны қалай түсiнуге болады дегенге келсек, айтарым, мемлекетшiл және мемлекет тiлiн еркiн меңгерген азамат, көршiлес, ғасырлар бойы бiр географиялық кеңiстiкте өмiр сүрiп отырған Ресейге барғанда, оның рухани, ғылыми, техникалық, технологиялық тағы да басқа интеграциялық iстерде орыс тiлiн бiлсе көп пайда таппақ, ағылшын тiлiнiң керектiгi – дау туғызбайтын мәселе. Естен шығармайтын жағдай, қазақтар үшiн әлемдiк ақпараттың екiншi көзi – орыс тiлi. Бұл мәселеде мынандай ахуалды жете түсiнген жөн. Ресей елiндегi бiлiм мен ғылымдағы, бизнес пен технологиядағы, өнер мен әдебиеттегi жасалып жатқан шын мәнiндегi әлемдiк құндылықтарды бiз орыс тiлi арқылы «тегiннен-тегiн» пайдаланып отырмыз, осындай қазына көзiн бiтеп тастау кiмге керек. Әрине, орыс, ағылшын тiлдерi қазақ тiлiнiң қолдану аясын тарылтуы мүмкiн, ол үшiн мемлекеттiк тiлдi қоғамның идеологиясы ретiнде қойып, қабылдап, оны отбасының, қоғамның мәдени үрдiсiнiң өркениеттi сапалы өлшемi ретiнде, атадан балаға келе жатқан дәстүрлi құндылық қана емес, тәрбие негiзiнде жүргiзу керек. Мұндай тәжiрибе көптеген елдерде бар. Бұл iсте Франция, Германия, Жапония т. б. дамыған елдер бiзге үлгi.
Елiмiздегi тiлдiк саясаттың идеологиясы мен технологиясына қатысты бiрер ой қосқым келедi. Бүгiнде қоғамда «қазақ тiлдiлер» және «орыс тiлдiлер» деген дилема орныққан. Осы мәселе қоғамның бiрлiгiне, әсiресе оның рухани, саяси өмiрiне керi әсерлерiн беруде. Осы мәселе елдiк сана қалыптасуы кезiнде өз шешiмiн табуы табиғи жағдай демекпiн. Оның үстiне елiмiзде демографиялық үрдiстiң нәтижесiнде, қазақ халқы елiмiздегi жалпы халықтың 60 пайызын құрауда. Яғни, осы демографиялық үрдiс бiлiм беру жүйесiнде жаңа сапалық құрылымды қажет етедi. Бұл жерде менiң негiзгi көпшiлiкке жария етпекшi ойым, ол қазiргi Қазақстанда бар мектептердiң бiлiм беру стандартын және мазмұнын түбегейлi өзгерiске түсiру қажеттiлiкке қатысты. Зердемiзге салып көрелiк, қоғамда күнi бүгiнге дейiн «орыс тiлдiлер» және «қазақ тiлдiлер» деген мағынасыз түсiнiк бар. Мағынасыз дейтiнiм, бұл – көбiнесе саяси мәнде қолданылатын болған соң, мәнiсi кетiңкiреген тақырып. Ол мәселе қайдан өскен, әрине, мектептерден. Кезiнде мүмкiн, мектептердiң қазақ тiлдi және орыс тiлдi болып қалыптасуы керек те болған шығар. Ол этностың өзiн-өзi сақтау, қорғау механизмi қызметiн атқарды деуге де болады, бiрақ ол кезде қоғамның саяси, әлеуметтiк, экономикалық жағдайы басқа болатын. Қазақ халқы ел емес, ұлт боламын деп шырылдап жатқан. Ұлт мәселесi – отаршылдық кездiң саясаты. Бүгiнде заман мүлдем басқа, бiз ұлт емеспiз, қазақ елiне айналдық. Ендi бiлiм беру жүйесiн өзгеше қоюымызға жағдай бар. Қоғамда аралас мектеп туралы пiкiрталастар жүрiп жатыр. Аралас мектеп деп бiр мектепте орыс және қазақ сыныптары барларды атайды. Бұл мәселеде менiң ұсынысым, өзге өркениеттi елдер сияқты ұлттық мектеп қалыптастыру керек. Ұлттық дегенде мен этностық немесе этникалық жағында емес, мен Ұлттық банк, ұлттық университет деген мағынада айтып отырмын. Яғни, менiң ойымша, Қазақстан азаматтары балаларын нәсiлдерiне қарамай бiр сыныпта, бiр мектепте оқытуы керек. Мұндай жағдайда қазiргi мектептердегi оқыту бағдарламалары, стандарттары, тәсiлдерi, жүйелерi, құндылықтары түбегейлi өзгерiске түспек. Мәселе түбегейлi шешiлуi үшiн бұл үрдiс мектеп жасына дейiнгi мекемелердi де қамтуы қажет. Орыс балабақшасы, қазақ тiлiндегi балабақша орнына ұлттық балабақша деген түсiнiк орныққаны жөн. Сонда мектеп жасына дейiн және бастауыш бiлiм деңгейiне дейiн жасөспiрiмдер мемлекеттiк тiлде бiлiм алып, оны меңгерiп, арнайы сынақтар тапсырып, содан ары қарай Жолдауда көрсетiлгендей, «тiлдердiң үш тұғырлығы мәдени жобасында жүзеге асуы керек». Орта мектептi бiтiрген оқушы мiндеттi түрде мемлекеттiк тiлмен бiрге орыс, ағылшын және мүмкiн басқа да қосымша бiр тiлдi меңгерiп шықса деген асыл ниет бар. Мұндай жағдайда бiрден сөз болатын уақыт мәселесi. Оқу жүйесiн нақтылап, қазiргi мектептерде өтiп жатқан пәндер кестесiн қайта қарап, оларды прагматикалық тұрғыда сараптамаға салса, тiлдер оқытуға жағдай туады. Осындай жағдайды iске асырғанда қоғамдағы орыс тiлдiлер және қазақ тiлдiлер деген мәселе күн тәртiбiнен бiрте-бiрте азайып, келе-келе жойылмақ, жаңа қазақстандық азаматтарының жаңа психологиясы қалыптаспақ. Ендiгi жердегi мәселе бiз бiлiм беру жүйесiн 12 жылдыққа өткiзбестен бұрын осы ұлттық мектеп мәдени жобасын қоғамда талқыға салып, заңдастырып алғанымыз жөн. Негiзiнде, ұлттық мектеп мәдени жобасы мен 12 жылдық бiлiм беру мәдени жобасы бiрге қарастырылып заңдастырылса iс табысты болар едi. Бұл екi жобаны екi бөлек қарастырсақ бiз уақыттан ұтыламыз.
Ұлттық мектеп дегенде бiр үлгi боларлықтай жағдай, түрiк ағайындардың KATEV жүйесiндегi орта бiлiм беретiн оқу орындарындағы тәжiрибенi ескеруге боларлық. Байқаймын, түрiк лицейлерiн тәмамдаған жастар қазақ, түрiк, орыс, ағылшын тiлдерiн еркiн меңгерiп шығуда, демек, елiмiзде мұндай үрдiс бар, нелiктен осы негiзде, мүмкiн одан да тұрақты бағдарлама туралы мамандар ойланбасқа? Осы мәселе туралы Елбасы Жолдауда: «балабақшаға, ашылып жатқан қазақ мектептерiне барсақ, әр ұлттың, ұлыстың балалары оқып, әдемi ғана тiлдi үйренiп жатыр», – деген болатын.
Ұлттық мектепте қалай оқыту деген мәселе, әрине, мамандар үлесiндегi iс, менiң айтпағым, орыс тiлдi, қазақ тiлдi мектептер, сыныптар дегенiмiз өркениеттiк үрдiске жатпайды. Әрине, бұл қоғамдық iсте әрлi-берлi пiкiрлер болуы әбден орынды, себебi бұл психологиялық қалыптасып қалған дағдыны бұзу әлдекiмдердiң тiкелей кәсiбiне зиян болуы ықтимал, бiрақ көш тоқтамауы керек.
Ұлттық мектеп бағдарламасын жасауда тың тәртiп қолданысқа енгенi жөн, оның мәнiсi кеңестiк, одан кейiнгi кезде де мектепте өтiлетiн пәндердi оқытуда тәптiштеу тәсiлi басым болған, сол үрдiс әлi де орын алып келедi, бiр мысал келтiрейiн, жалпы бiлiм беретiн мектептiң 9-сыныбына арналған «Биология» пәнiнiң оқулығын қарастырып отырсам, осы кiтаптың 51-бетiнен 77-бетiне дейiн Ч. Дарвин iлiмi тәптiштелiп түсiндiрiлген. Авторлар 9-сынып оқушысы әлемдiк ақпарат жүйесiмен айналысатынын ескермеген, ол эволюция iлiмiнен де өзге iлiмдердi бiледi. Бұл мәселе жөнiнде үйде де, түзде де әңгiме көп, әсiресе дiни үрдiстерге байланысты тым күрделi жүруде. Ал оқу-шыларға қойылған сұрақтарда тек Дарвин туралы ғана айтылған, өзге ойлар жоқ. Оқушыларға берiлген сұрақтар: 1. Ч. Дарвин iлiмiнiң қалыптасуына ықпал еткен қандай алғышарттарды бiлесiңдер? 2. Дарвин жер шарына саяхат жасаған кезде органикалық дүниенiң тарихи дамуын дәлелдейтiн қандай мәлiмет-тер жинады? 3. Тұқым қуалаушылық пен өзгергiштiктi Дарвин қалай түсiндiрдi? 4. Ч. Дарвин iлiмiнiң маңызы қандай? (Биология. Жалпы бiлiм беретiн мектептiң 9-сыныбына арналған оқулық. – 56-59-бб. ) Осы оқулықта кейiн, биология мамандығы бойынша арнайы жоғары оқу орнында оқығанда алатын мәлiметтер жүр, мысалы, В.Н. Сукачев (1880-1967), А. Текели (1871-1955) деген ғалымдарды тiптен суретiмен қоса берiп дәрiптеудiң не қажетi бар едi. Олар – бәрiбiр аттары ұмытылып қалатын адамдар, сiрә, биология мамандарына ғана қажет есiмдер. Осындай мәселе әдебиет пәнi оқулығында да орын алған, онда ақын-жазушыларды кеңестiк кезде қалыптасқан тiзiммен оқыту тәсiлi қолданылған. Оқушыға керегi қазақтың бар ақын-жазушыларын бiлiп шығу емес, көркем сананың халыққа, елге, қоғамға жасаған айтулы құндылықтары туралы болса керек. Байқаймын, кейбiр мәселелер әр пән оқулықтарында қайталанады. Ол әдебиет тарихы мен тарихқа, биология мен экология т. б. пәндерге қатысты. Арнайы жоғары оқу орындарында мамандар дайындағанда өтiлетiн мәселелердiң мектеп оқулықтарына енгiзiлуi – менiң түсiнiгiмде, басы артық мәселе. Мектепте ғылымдар құрылымының жүйесi және құрылымы туралы мағлұматтар берiлсе, сiрә, жеткiлiктi. Әлемдiк интернет жүйесi қалыптасқан, ақпараттық қоғам орныға бастаған, ақпаратқа сұраныстың қажеттiлiгiн өтеуде мүлдем тың тәсiлдер қолданыла бастағанда шәкiрттерге анықтамалық, тiптен энциклопедиялық ақпараттарды тықпаламай, оны сабақтан тыс, шәкiрттердiң өздерiнiң үлесiне қалдырса пән жүгi бiршама жеңiлдеп, пәнге бөлiнген уақыт мерзiмiн қысқартуға мүмкiндiк болып, қазiргi заманға аса қажеттi пәндердi оқыту мүмкiндiгi кеңейер едi, мұны бiр деп, екiншiден, қазiргi мектепте өтiлiп жүрген пәндердiң бәрiнiң қажетi бар ма екен? Пәннiң негiзгi құрылымы берiлiп қана қойса, кейбiр пәндер атымен қысқартылса немесе қай сыныптарда оқытылу қажеттiлiгi бүгiнгi заман тұрғысына қайта қаралса деген ой бар.
Мәселенi тағы да тiл және тiлдерге қатысты айтсақ, неге кеңестiк заманда орта мектептi тәп-тәуiр бiтiргендер шет тiлдерiн толық меңгерiп шықпады. Оның бiрнеше себептерi болды. Алдымен, шет тiлдерiн оқытуға сұраныс болмаған соң бұл iсте сапа болмады. Айталық, мұғалiм бiлiктiлiгi, техникалық құралдар тапшылығы, методиканың әлсiздiгi, шәкiрттердiң енжарлығы, тiлдiк ортаның болмауы, ең бастысы, ақпараттық орта және қоғамдық қажеттiлiк болмады. Мәселе тек орыс тiлi төңiрегiнде болды. Қазақтардың орыс тiлiн меңгеруi мәселе ғана емес, идеологиялық сипатқа ие болды. Шет тiлдерiн оқуға деген қазiргi кездегiдей психология болмады. Ол заманның психологиясы бойынша бiлiм, ғылым, болашақ тек орыс тiлiне қатысты болды. Ол сол заманның шындығы едi. Ендi заман өзгердi, психология да өзгерiске түстi. Бiлiм, ғылым, болашақ iсi ендi шет тiлiн, яғни ағылшын тiлiн бiлуге негiзделiп отыр. Бұл да заман қажеттiлiгiнен туған шындық, бiрақ осы қажеттi iсте өткен заман қателiгiн қайталамай, жаңа үрдiске шығу керек, соның басты шешiмi – ұлттық мектеп қалыптастыру мәселесi.
Мектеп өткен кеңестiк дәуiрде тоталитарлық идеологияның ұжымына айналды. Мұғалiмдер сол идеологияның қызметшiлерi болды. Осы дерттен әлi арыла алмай келемiз. Жалақылары төмен бола тұра, олар әрбiр саяси науқандарда күнi бүгiнге дейiн нағыз мемлекетшiлдiгiнен айырылған жоқ. Бұл, әсiресе сайлау науқаны кезiнде көрiнедi, түгел дерлiк сайлау орындары, мектептер, оның үгiтшiлерi, мектеп мұғалiмдерi, өзге де қоғамдық iстердiң алдында белсендiлiк танытатын – осы мұғалiмдер қауымы. Ойлаймын, мектептердi идеологиялық ұжымнан өркениет ошағына айналдыру iсi қазiргi қоғамның аса маңызды қажеттiлiгi. Мектептiң өркениет ошағы болуы үшiн оның насихаттайтын құндылықтары заман талабына сай сұрыпталуы керек. Бұл iсте бiз алға «дамып» кеттi деген елдерден үлгi алуымыздың қажеттiлiгi шамалы, басылым беттерiндегi, телеарналар арқылы берiлетiн, көбiне АҚШ, Франция мектептерiндегi келеңсiз жағдайлар бiздi көп нәрседен, әсiресе батысқа елiктеушiлiктен сақтандыру керек. Бiз ұлы мақсатқа жеткiзетiн дұрыс жолымызға сай жаңа тұрпатты мектептi қалыптастыру жағында болғанымыз жөн. Оған бiзде нық негiз бар, айтпағым, қазақ елiнде орта бiлiмдi жаппай сауаттылық жүзеге асып отыр. Елiмiз сауаттылық жөнiнен әлем бойынша он төртiншi орында. Жаппай сауаттылық – өркениеттiң iргетасы. Өркениеттiң негiзi – елдiң жаппай сауаттылығында, мысалы, Үндiстанда сауаттылық – 65 %. Осы елдiң бiр азаматы бiзге мынандай сауал қойды: «сiздiң елде әрбiр селода мектеп бар ма?» – деп. Мiне, осы сұрақтан жаппай халықтың сауаттылығы туралы нақтылы тұжырымға келуге болады. Әрине, мұндай халықтың жаппай сауаттылығына жеткiзген социализм екенiн де естен шығармаған жөн. Мысалы, бiлiмi, ғылымы, технологиясы жетiлген деген Тайваньда орта бiлiм алмақ түгiл, азаматтық құқығы жоқ аборигендер барын айтса да жеткiлiктi. Бiршама өркениеттi деген iрi елдерде халықтың жаппай сауаттылығы мәселе. Тегiнде ойлаймын, асып төгiлген байлық бар жерде мiндеттi түрде кедейшiлiк болмақ па деп. Осы тезистi арнайы тақырып етiп зерттесе, капитал әлемiнiң әлеуметтiк дерттерi де шыға келмек. Сондықтан бiздi ұлы мақсатқа бастайтын капитализм де емес, социализм де емес, өзге жол, ол – қазақстандық жол. Әдiлеттiлiк ешқашанда бiр елдiң, бiр iлiмнiң, белгiлi бiр өркениеттiң немесе нақтылы бiр дiннiң еншiсi емес, ол адамзаттың мазмұны бай – субстанциясы. Абай: «әдiлеттiлiк – хақ жол», – деген, яғни хақ – дiннiң жолы. Дiннiң хақ болуы да үлкен мәселе екенiн бүгiнгi заман тынысынан, бейнесiнен, өркениеттер үрдiсiнен және әр қилы әлемдiк геополитикалық саясаттан айқын көрiп отырмыз. Сондықтан өркениеттiк үрдiстер бәсеке жарысына түскен ақпараттық заманда бiз ойластырып отырған ұлттық мектеп мазмұнын құрастыру, қалыптастыру өзгелер iсi емес, тек өздерiмiз атқаратын шаруа болса керек. Мен бiлiм жүйесiнде үлгi боларлық елдi көрiп тұрғаным жоқ, бiрақ тәжiрибе алмасу, салыстыру, жетiлген технологияны қолдану, озық әдiстемелердi пайдалану және бiлiм жүйесiн қаржыландыру сияқты маңызды шараларды, әрине, бiлiп, танып, зерттеп, қажеттiсiн қабылдап отыру, оны заңмен бекiту сөзсiз маңызды шаралар.
Жол анасы – iз дегендей, қазақ елiнiң толыққанды өркениеттi ел атанып, өзiн өзгелерге жария етуде дұрыс жолға түсiретiн – бiлiм беру жүйесi, оның iшiндегi – орта мектеп. Министрлiктiң ақпаратына қарағанда, елiмiзде 7 721 мектеп бар (онда 2 578 987 оқушы оқиды), оның қазақ мектептерi – 3 788, орыс мектептерi – 1 777, аралас мектептерi – 2 068, өзбек мектептерi – 71, ұйғыр мектептерi – 14, тәжiк мектептерi – 2, украин мектебi – 1.
Әрине, осындай тек бiртiлдiк негiзге құрылған мектептiң оқу жоспарын бiр жүйеге келтiру оңай шаруа емес. Бұл қалыптасқан психологияны өзгерту көптеген ұйымдастырушылық, тәрбиелiк және бейiмделу (адаптация) шаруаларын жүргiзудi қажет етпек. Бұл – мамандар үлесiндегi аса маңызды шаралар, бiздiң әңгiмемiз – идеялық-принциптiк мәселе.
Ұлттық мектептiң жобасы туралы бүгiнгi күнде айтудың және оны жүзеге асырудың қажеттiлiгi, жоғарыда айтқандай, елдiк мәселеге тiреледi. Қандай ел болмасын, оның азаматтарының патриоттық сана-сезiмiнiң векторы елдiк негiзде болмақ. Бұл табиғи жағдай. Бiр елдiң азаматтары, олардың ұрпақтары ұлттарына, дiни сенiмдерiне қарамай бiр мектепте, бiр сыныпта бiлiм алуы да табиғи жағдай болса керек. Бұл үрдiс жалпы қоғамдық сипат алмаса да, елiмiзде басталған, айталық, кейбiр орыс халқының өкiлдерi Елбасы айтқандай, балаларын қазақша балабақшаға, қазақ мектептерiне бере бастады. Астанадағы Нұр-Орда түрiк-қазақ лицейiнде болғанда, оның оқу iсiнiң жетекшiлерi жиырма сегiз лицейде он пайыздай қазақ балаларымен қоса өзге ұлт балалары, оның iшiнде орыс балалары да оқып, төрт тiлдi меңгеруде.
Осы аталған түрiк-қазақ лицейлерiнiң түрiктерi төрт тiлдi толық меңгерiп, 90-нан аса пайызы жоғары оқу орындарына түсiп, бiлiмдерiн жалғастыруда. Демек, бiлiм саласында көп тiлдердi меңгеру iсi жүзеге асып жатыр. Осындай жағдайда қазақ мектептерi және орыс тiлiндегi мектептер деп бiр елдiң балаларын бөлшектеп, бөлек оқыту iсiнiң болашағы жоқ деген пiкiр бiлдiремiн. Қоғамның көптеген мәселелерi мектептерден бастау алады. Сондықтан мектеп iсiне, оларды бiрыңғай ұлттық мектеп қалыптастыру мақсатына орай жүргiзген жөн. Бұл iстi соза берсек, уақыт өткiземiз, сондықтан бұл iсте шешушi қадам жасалғаны, сiрә, дұрыс болмақ. Бұл мәселеде түсiнбестiк те, қарсыластық та болады. Бiлiм беру жүйесi консервативтi, алайда бұл бағытта келешек үшiн шешiм қабылдау қажет. Ұлттық мектептiң бағдарламасы туралы, әрине, мамандар айтулары керек, бiрақ бұл мәселеде, менiң айтпағым, балалар 1-сыныптан 4-сынып- қа дейiн, яғни бастауыш бiлiм деңгейiнде мемлекеттiк тiлде оқығаны дұрыс болар едi. Түрiк-қазақ лицейлерiнде жаратылыстану пәндерiн ағылшынша оқытатын көрiнедi. Ойлану керек. Демек, педагогикалық институттар шұғыл түрде қазақ-ағылшын тiлiнде сабақ бере алатын мұғалiмдер даярлау iсiне көшулерi қажет. Әрине, ұлттық мектеп қалыптастыру бiр күнде бола қоятын жай емес, оның мәселелерi көп те болуы мүмкiн, оның үстiне қоғамдағы қалыптасқан «қазақ тiлдiлер» мен «орыс тiлдiлердiң» сәйкессiздiктерiн де ескеру қажет. Бұл мәселе дискурске түскен соң әрқилы әңгiме болмақ, бiрақ негiзi сөз өркениеттi деңгейдегi сарапшылардың құзырында болуы қажеттiлiк.
Жекеменшiк негiзiнде бiлiм беру туралы бiрер сөз. Жекеменшiктiк негiзде бiлiм беру жүйесi нарық заманында, жалпы өркениеттi әлемде болмай қоймайтын құбылыс. Сондықтан жекеменшiк иелiгiнде елiмiзде көптеген мектептер бар, бiрақ осы мәселеде мынандай жағдайды еске алуымыз керек. Кейбiр азаматтар басылым беттерiнде жекеменшiк негiзiнде бiлiм берудi мемлекеттiк бiлiм беру жүйесiне қарсы қою әрекеттерi байқалады, ол мүлдем дұрыс емес, себебi әзiрше халқымыздың басым көпшiлiгi ұл мен қыздарын жекеменшiк мектептерде оқыта алмайды, мысалы, мұғалiмдер, дәрiгерлер, кеңсе қызметкерлерi т. б., яғни жалақысы төмен азаматтар балаларын мемлекеттiк мектепте оқытады, ол дұрыс, демек, мемлекеттiк мектептiң сапасының жақсы болуы қоғамның басты мәселесi. Жекеменшiкке негiзделген мектептiң сапасы төмен болса, оған өзiнен-өзi ата-аналар балаларын оқуға бермейдi. Бiздiң елiмiздiң басты құндылығы бiлiм беру iсiндегi мемлекеттiк қамқорлық, бұл мәселе Жолдауда нақтылы айтылған. Бiлiм берудегi жеке-меншiктiк АҚШ, Англия, т. б. елдер тәжiрибесiн алудың еш қажетi жоқ. Бiз социализмнен жаңа дәуiрге өткен елмiз. Бiз социализм құндылықтарын бiлiм бе-ру жүйесiнде сақтап қалып, одан әрi жетiлдiрудемiз. Мысалы, мульти-индикаторлық кластерлiк зерттеуде (2006 ж.) елiмiздегi сауаттылықтың коэффициентi – 99,8 пайыз. Мәселе бiлiм саласында қалыптасқан осы үрдiстi нарықтық жағдайда сақтауымыз керек.
Жолдауда бiлiм саласына қатысты айтылған төртiншi мiндет – ол мектепке дейiнгi балалар мекемелерi туралы мәселе. Елбасы үкiметтiң осы мәселе жөнiнде көп жұмыс атқаруын талап еттi. Бұл iсте әлi түбегейлi бетбұрыс болмағаны Жолдауда нақтылы айтылды. Ұлттық мектепке даярлық осы балабақшалардан басталуы керек, мұнда да әзiрше қазақ тiлiндегi және орыс тiлiндегi балабақша деген жiктелу бар. Асылы осы жас жеткiншектердiң рухани өсу бағдарламасында елдiк құндылықтар мемлекеттiк тiлде жүргiзiлгенi құба-құп болар едi. Бұл iсте де сөз мамандарда, әсiресе психолог мамандары мұндай iске көптеп тартылуы керек. Президент Жолдауда «адам мүмкiншiлiгi алты жасар баланың басында сұрыпталып үлгередi екен», – деп тегiн айтқан жоқ. Осы тұста мынандай ресми деректер негiзiнде де ойланған жөн. Қазақстанда барлығы 4 085 567 бала бар. Оның iшiнде мектеп жасына дейiнгi балалар саны – 1 682 583. Осылардың тек қана 32,8 пайызы ғана мектеп жасына дейiнгi ұйымдармен қамтылған. 67,2 пайызы мектеп жасына дейiнгi балалар балабақ-шалармен қамтылмаған, бұл iсте бiз Ресей мен Белоруссиядан кейiн қалып отырмыз. Бұл көрсеткiш – 12 жылдық мектеп жүйесiне өтудегi айтулы кедергi. Мектеп жасындағы балалар саны – 2 578 987. Сонда мектеп жасына дейiнгi балалар барлық балалардың 41 пайызын құрайды екен. Демек, бұдан шығатын қорытынды, мектеп жасына дейiнгi балалар мектеп жасындағы балалардан көп, яғни жыл сайын балалардың табиғи өсуi негiзiнде жоспарлы түрде елiмiзде қанша мектеп салынуы керек деген де есеп қажет. Жылдан-жылға мектеп жасына дейiнгi балалар саны өсу үстiнде, осы жағдай – мектеп құрылысы ғана емес, балабақшалар құрылысы көлемiн анықтаудағы шешушi фактор. Оның үстiне оралмандар үрдiсiн де ескерген жөн.
Бiлiм беру жүйесi – қоғамның күн тәртiбiнен ешқашан түспейтiн мәңгiлiк мәселе. Сондықтан бұл салада болып жатқан реформалар да заманның талабына сай болмақ. Бiлiм саласындағы өзгерiс, әрине, интеллектуалды iзденiстердi, қаржыны, материалдық жағдайларды, бiр сөзбен айтқанда, модернизацияны қажет етпек.
«Егемен Қазақстан» газетi. 29.04.2008.