Читать книгу Сана болмысы - Ғарифолла Есім - Страница 4
I
МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ САЯСАТ
АСТАНА – ЖАҢАША ОЙЛАУ СИМВОЛЫ
ОглавлениеФилософия – ой өрiсi. Астана туралы ой-өрiсiне келсек, идея мен шындықтың бiрлiгi туралы сөз болмақ. Қазiргi ғұмыр кешiп отырған қазақ халқы екi теңдесi жоқ әлемдiк оқиғаларды басынан кешiп отыр. Бiрi – ғасырлар тоғысында өмiр сүрiп жатқанымыз. Тағдыр бiзге ХХ ғасырдан ХХI ғасырға өту кезеңiнде ғұмыр кешудi бұйырған. Бұл тарихи кезең бiздiң ғұмырымыздың ерекше құндылығы.
Екiншiден, бiздер қоғамның бiр формациясынан жаңа формацияға немесе өркениеттiң бiр түрiнен екiншi түрiне ауысқанда тек өмiр сүрiп қана қоймай, осы заман құндылықтарын жасаушылармыз және жаңа құндылықтар кеңiстiгiнде өмiр сүрушiлермiз.
Осы екi тарихи жағдайда ел келешегiне, қазақтар үшiн жаңа заманға турадан жол тапқан Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев жаңа жерге жаңа қала, жаңа Астана салу идеясын ұсынды. Бұл батыл әрi тұлғалық қуатты қажет ететiн тарихи шешiм едi. Мiне, осы идеяның шындыққа айналғанын өз көзiмiзбен көрiп отырмыз.
Астана бүгiнде елдiк, билiк символы болып қана қойған жоқ, өзi де символдар қаласына айналды. Мен қысқаша Астана қаласының бiрер символдарына тоқталмақпын, алдымен, сөз пирамида сарайы туралы. Көпшiлiкке мәлiм, Астанада Ақ ордаға тақау тұста Пирамида ғимараты орналасқан, оның ресми аталуы – «Бейбiтшiлiк және Келiсiм сарайы». Атына сай бұл сарайда әлемдiк және ұлттық дiндер көшбасшыларының екi съезi өттi, 2009 жылы осындай халықаралық жиынның үшiншi рет басқосуы болмақ. Оның авторы – есiмi әлемге әйгiлi ағылшын архитекторы Норманн Фостер. Биiктiгi 62 метрлiк Пирамида 15 метр арнайы жасалған төбе үстiнде орналасқан. Пирамида деген – көне түсiнiк. Пирамида дегенде ойымызға бiрден көне Египетте салынған Хеопс, т. б. түседi. Бұл пирамидаларда заманында фараондар жерленгендiктен халық түсiнiгiнде оларды зират деп түсiну бар, бұл шындық, бiрақ пирамида табиғаты туралы толық түсiнiк емес. Пирамида тақырыбы арнайы зерттеулердi қажет етедi. Оның тылсымдық қуаты туралы да алыпқашты эзотерикалық мәндегi сөздер көп. Сондықтан кей ағайын Ақ орданың қасында ол неге тұрмақ деген ренiшiн де бiлдiруде. Осы ретте айта кететiн жай, Париждiң архитектуралық кереметi аталып келе жатқан Эйфель мұнарасы туралы кезiнде 1887 жылы 300 француз жазушылары мен художниктерi қол қойып қала муниципалитетiне наразылық бiлдiрген (оның iшiнде Александр Дюманың ұлы Ги де Мопассан және композитор Шарль Гуно т. б. болған), онда олар еш қажетi жоқ күлкiлi мұнара Париж көркiн бұзып тұр дей келе: «На протяжении 20 лет мы будем вынуждены смотреть на отвратительную тень ненавистной колонны из железа и винтов, простирающейся над городом как чернильная клякса». Алайда замандар өттi, Эйфель мұнарасы Париждiң сәнi болып тұра бердi. Бұл мұнара да 1789 жылғы Француз революциясының 100 жылдық тойына арнайы орнатылып, Франция елiнiң символына айналды.
Пирамида туралы да жел сөздер болғанымен, ол Астананың мақтанышы, бiр символы болып қала бермек. Ендi пирамиданың символдық мәнiсiн тарқатып көрелiк.
Бiрiншiден, пирамида – елдiң тұрақтылығының әрi оның iргесiнiң берiктiлiгiнiң символы, себебi пирамида дегенiмiз – үшбұрыштардың шексiз комбинациясы. Пирамида – геометриялық фигура ретiнде үшбұрыштар комбинациясының шексiз гармониясын бiлдiретiн теңдесi жоқ құбылыс. Көпшiлiк әу бастан белгiлi әлемдiк геометриялық конструкцияда ең берiк фигура – үшбұрыш екенiн бiледi. Бұл – аксиома. Әйгiлi Пифагор теориясының мазмұны да осы мәселеге арналған. Демек, пирамида тұрақтылықтың символы болатыны да сондықтан, әлемде «бәрi уақыттан, ал уақыт пирамидадан қорқады» деген әйгiлi мәтел де тегiн айтылмаған. Ендеше, неге Астанадағы пирамида ғимараты ел бiрлiгi, ынтымақтастығы, одан бастап халық тұтастығы деген асқақ идеяға арна болмас-қа. Ойланатын мәселе, геометриялық ойлау жүйесi – адамзаттың дүниетанымының асыл арнасы. Ой өзегi геометриядан басталған, оның озық үлгiсiн көне египеттiктер жасаған, ол – пирамидалық ойлау жүйесi. Бұл әлем картинасын жасаудың алғашқы озық үлгiсi болған. Пирамидалық құбылыстардың Марстан, жердегi байырғы Америка континентiнен табылып жатқаны тегiн емес. Тұрақты тұрмыс кешу адамзат баласының асыл арманы болған, сол арманды нақтылағанда пирамидалық конструкция жүйесi өмiрге келген. Бүгiнде әлем ғалымдары Хеопс пирамидасының қалай салынғаны, неге салынғаны, оның философиялық мазмұны дегенде әлi бiр шешiмге келмеген. Бiрақ бiр мәселенiң басы ашық, пирамида – тұрақтылық пен мәңгiлiктiң символы. Бұл символ, әрине, билiкке, оның қуатына әрi мүмкiндiгiне қатысты. Мұндай символдар түркi, одан бертiнде қа-зақ халқында да болған, соның бiр айшықты дәлелi – Қозы көрпеш – Баян сұлу мазары. Бұл тек бiр-бiрiне ғашық болып, құрбан болған қыз бен жiгiтке арналмаған, оның мәнi тереңде. Ол сол дәуiрдiң айтулы геосаяси жағдайына тiкелей қатысты салынған тарихи пирамидалық конструкция (мен ол туралы «Дала пирамидасы», «Пирамида в степи или философия любви» деген еңбектерiмде жан-жақты баяндағанмын), пирамидалық конструкция, ал оның көшiрмесi десе де болғандай, Жезқазған өңiрiндегi «Домбауыл» деп аталатын тарихи жәдiгер де пирамидалық өлшеммен салынған.
Екiншiден, пирамидалық ойлау жүйесi дегенге келсек, айтарым, дүниенiң төрт бұрышы деген геометриялық атаулар бар, олар – батыс және шығыс, оңтүстiк және солтүстiк. Бұлар дүниенiң төрт бұрыштары деп аталады. Бұл ұғымдарды бiлмей тұрып дүние туралы түсiнiк қалыптасуы мүмкiн емес. Қазақ «төрт құбылаң сай болсын» дейдi. Төртеуi бiрiнсiз-бiрi болмақ емес. Төрткүл дүние дегеннен есiк пен төр деген түсiнiктер қалыптасқан. Төрде отыру тек құрмет қана емес, дүниенiң төрткүл құбылысы туралы сөз айтуың керек, оны түркi-қазақ жұрты төрелiк деп атаған. Төрелiк айту үшiн әр нәрсенiң әлемдегi, қоғамдағы, заман ағысындағы, тұрмыстағы, жеке ғұмырындағы нақтылы орнын дөп басып айту. Мiне, бұл – төрелiк. Ол билiкке қатысты. Қазақтың дәстүрлi билiгi пирамидалық мазмұнда болған. Пирамиданың табаны төрт жақты меңзейтiн – ол халық, бұқара, ел, жұрт, қазiргi тiлде – қоғам. Пирамида төрт бұрышынан бастап жоғарылаған сайын, билiк мәселесi сұрыптала бастайды, жұрт сөзiн, ағайын сөзiн емес, ауылдың естi адамдары, одан биiктеген сайын рулардың естiлерi (билерi), одан әрi елдiк деңгейде, сол мүддеге сай сөз сөйлеушi (билер), одан әрi билер кеңесi, хан кеңесi, пирамиданың ең басында билiк айтушы би (түркi дәуiрiнде солай болған) немесе хан отырады. Керiсiнше ханнан шыққан жарлық аталған сатылармен қалың бұқара халыққа жетедi. Бұл билiктiң ғасырлар бойы қалыптасқан пирамидалық жүйесi болатын. Сонда Елбасшылары сатылай-сатылай бiр шешiмге келетiн. Сол шешiм, негiзiнен, әдiлеттiлiкке бастайтын. Сондықтан пирамидалық ойлау жүйесi деген – тек дүниетаным ғана емес, басқару жүйесi болғаны тарихи деректермен анықталған шындық. Билiк мәселесiнде бiр шешiмге келу – қиынның-қиыны. Осы қиыншылықты ата-бабаларымыз пирамидалық ойлау негiзiнде шешкен.
Пирамидалық ойлау жүйесiнiң нақтылы айта кететiн мынандай бiр мәнiсi бар. Бiз жоғарыда пирамида тұрақтылық символы дедiк, сонда оның табаны төрт бұрыш екенi айтылды. Төртбұрыш геометриялық фигура ретiнде берiктiлiктi бiлдiре алмайды, ол әлсiз, оны берiк ететiн келесi төрт бұрыш, сонда сегiз бұрышты фигура шықпақ, мұның берiктiлiгi сонда, оның әрбiр жағы үш бұрыштармен бекiтiлген. Қазақтың «сегiз қырлы, бiр сырлы» деген сөзi бар. Сонда халық ненi меңзеп айтып отыр. Сегiзқырлылық берiктiлiк, тұрақтылық – мәңгiлiктiң сипаттамасы. Әдетте бiз кейбiр адамды дәрiптегiмiз келгенде, ол «сегiз қырлы бiр сырлы» – деп, оның өнердiң әрбiр саласын басын шалғанды айтамыз, айталық, өзi әншi, күйшi, балуан. т. б., онымыз тұрмыстық түсiнiк, мәндi ұғым емес. Сегiз қырлылықтың мәнiсi – бiр шешiмнiң сегiз сипаттамасы болады деген сөз. Бiз мұны бүгiнгi саясаттануда плюрализм деп, оның саяси өрiсiн демократия деп атап жүрмiз. Бiр шешiмнiң сегiз қыры барлығын әркiм бiле бермейдi. Көбiнесе адамдар бiр шешiмге бiр-ақ қырмен келедi де тұйыққа тiреледi, қайғыға, тiптен қасiретке түсiп, басы айықпас дауға қалады. Мұны Иассауи, Абай сияқты хакiмдер надандық деп атаған. Надан адамның бiрбеткей келетiндерi де сондықтан. Дана адам бiр мәселенiң сегiз қырын сезгендiктен, тұйыққа тiрейтiн бастама жасамайды. Сонымен, айтарым, пирамиданың негiзi (табаны) – төрт бұрыш емес, сегiз қырлы. Оны пирамиданың iшкi құрылыс конструкциясынан анық аңғаруға болады, олай болмағанда пирамида берiк болмайды, мысалы, анығында Эйфель мұнарасы да – пирамида. Оның алғашқы қабаты – 129,2 м пирамида, одан шығарып екiншi алаңда екiншi пирамида мұнарасы (115,73 м) көтерiлген, бiр сөзбен айтқанда, берiктiлiк қажет болса пирамидалық конструкция қажет.
Үшiншiден, пирамида – билiктiң символы. Қандай символ болмасын, ол билiкке қатысты. Билiк өз биiктiгiн символдар арқылы белгiлейдi. Биiктiкке құштарлық – билiктiң мақсатқа бағытталған арманы. Мысалы, әлемге өзiнiң аса қуатты мемлекет екенiн жария ету мақсатында АҚШ зәулiм («Статуя свободы») «Еркiндiк монументiн» орнатты. Оның биiктiгi – 93 м. Бұл монумент Нью-Йорк және Америка Құрама Штаттарының символы деп аталынады. Мақсатына сай тарихи аз мерзiм iшiнде «америкалық арман» АҚШ-ты әлемдегi ең қуатты мемлекет дәрежесiне жеткiздi. Биiктiктi аңсау арман қуатынан туындайды, осы сөзiме тағы бiр айғақты дәлел, Оңтүстiк-Шығыс Азиядағы күнi кеше ғана ағылшындар отаршылдығынан азат болған малай халқы, әлемдi таңдандырған жетiстiкке жеттi, олар бәсекеге қабiлеттi елдердiң iшiнде 20-орында. Осы «малай халқының тарихи жеңiске жетуiнiң сыры неде?» – деген сұраққа сол елде бiзбен бiрге болған Ресей экономистерi жауап таба алмады. Мен де ойландым, кешегi өзiмiздей, тiптен бiзден де ахуалы төмен малай халқының бүгiнгi тұрмысы шынында да таңқаларлық. Осы құпияның сырын атақты Петронас Егiз-мұнарасына және 420 метрлiк телемұнараға шығып, жан-жақты тамашалағанда түсiнгендей болдым. Бұл халық арманшыл екен, биiктiкке құмар екен, оны символдарға айналдыра бiледi екен. Мысалы, алғашқыда Петронас Егiз-мұнарасының биiктiгi 378,4 м болған. Бұл Чикагодағы Сиз Тауэр зәулiмi биiктiгiнен кем болғандықтан, биiктiкке құмар малайлықтар осы екi мұнараның үстiне 73,5 м болаттан шпильдер орнатқан, сөйтiп, Петронас Егiз-мұнаралардың жалпы биiктiгi 1994 жылы 451,9 м болып, рекордтық көрсеткiшке жеттi. Ол халықтың психологиясына, санасына, дүниетанымына, көзқарасына үмiт берiп, үмiт идеяға, ол шындыққа айналған екен. Идеяны шындыққа айналдыру үшiн, әрине, алдымен, идеяның өзi шындыққа бастайтын ой арнасы ретiнде өмiрге келуi қажет. Сол идея, жаңа қала деген ой Президент Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың арманына негiз болды. Жаңа қала – тамаша идея. Президент өз сөздерiнде бiзге қалаларды, астаналарымызды әлдекiмдер анықтап берiп отырған, мысалы, Орынбордан Ақмешiтке, одан Алматы. Ал өз еркiмiзбен, өзiмiздiң тәуелсiздiкке қолымыз жеткен кезде, бiздiң қай қалада, қандай Астанада тұратынымызды нақ өзiмiз анықтауымыз керек болды емес пе? – деген ой бiлдiрген. Сол тарихи қажеттiлiктi сезiну, әрине, кемеңгерлiктi, көрегендiктi, қажырлықты, көптiң басын бiрiктiрiп көндiрудi, қалыптасқан дәстүрдi бұзуды, өмiрге жаңа көзқарасты әкелетiндей тұлғалық қуатты талап еттi. Нар тәуекел деп Президент ол кезде алынбайтын қамалдай жаңа қала, жаңа астана салуды өзiнiң сара бағытының мақсатына айналдырды. Бұл әу баста көпшiлiктiң көңiлiнен шыққан бастама болмады, алайда тарихи шешiмге тек тарихи тұлғалар ғана бара алатыны, адамзат болмысынан белгiлi. Естерiңiзде болар, 1998 жылы осы күндерге ұқсас, тiптен бұдан да ауыр әлемдiк деңгейде экономикалық дағдарыс басталған едi. Оның үстiне Қазақстанның тәуелсiз ел ретiнде бұғанасы қатып, есiн әлi жинап үлгермеген кезi едi. Осы аргументтi астананы Алматыдан көшiрмейiк деген ағайынға, Президент: «тарихи шешiм қиын жағдайда қабылданып, оны болашаққа алып шығады», – дедi. Елбасының өз iсiне сенiмi жұртшылықты ойландырып тастады, тәуекелшiл жұрт өз көшбасшы-сының соңынан сол кездегi Ақмолаға шеру тартты. Бүгiнде он жылдың биiгiнен қарап отырсам, бұл ұлы мақсатқа бастайтын дұрыс жолдың басы екен.
Сондықтан Астана тек идея емес, билiктiң символына айнала бастады. Жаңа мемлекеттiң жаңа Астанасы болуы – әбден үйлесiмдi, шындыққа ұласқан елдiк идея.
Төртiншiден, пирамида – биiктiктiң символы. Оны қалай түсiнуге болады? Сонда биiктiк деген не? Бүгiнде Жапония және Гонконг архитекторлары «Аспан қаласы» деген жобалар жасауда, олардың айтуынша, мұндай қаланың жерден биiктiгi 1 км болмақ, онда миллион адам тұрып, қызмет жасауы жобаланып отыр. Ғажап идея. Сонда 1 км, әрине – биiктiк, бiрақ ол биiктiктiң символы бола ала ма? Әрине, жоқ. Символ деген нақтылық емес, ол мүмкiншiлiгi шексiз iске асырыла беретiн сана болса керек. Осы тұрғыдан келгенде мен билiктiң символы пирамиданың ұшар басындағы нүкте деп бiлемiн. Бұл – шындық, егер пирамиданы бiз әлемнiң геометриялық моделi дегендi мойындасақ. Менiң айтқаным, асылында теорема. Биiктiктiң символы – пирамиданың ұшар басындағы нүкте. Мұны математкиалық жолмен, сiрә, дәлелдеуге болатын да шығар деген ойдамын.
Бесiншiден, пирамида мен қазақтың киiз үйiнiң үндестiгi. Қазақ сегiз қанатты киiз үй дейдi. Сегiз деген – пирамиданың табанындағы берiктiк конструкциясы, ол туралы жоғарыда айттық. Шындығында киiз үй – кәдiмгi пирамида, бiрақ кеңiстiкке ие болған. Пирамиданың ұшар басындағы нүкте биiктiк символы десек, киiз үйдiң керегеден уықтармен көтерiлген шаңырағы – қазақ үшiн биiктiк. Ол тегiннен-тегiн елтаңбаға айналып отырған жоқ. Мысалы, Астананың метафоралық мәндегi атауы – шаңырақ, ол – қазақ елiнiң шаңырағы. Шаңырақ отбасының космоспен байланысын бейнелейдi десек, ол – бiз үшiн биiктiк. Аспан деген – шартты ұғым, жер өз кiндiгiмен айналған сайын, аспан өзгерiп отырады, ал шаңырақ өзгермейдi, ол өзгермелi дүниенiң тұрақтылығын бейнелейдi. Сондықтан ол Елтаңбаның басты элементiне айналған. Пирамида сарайымен iргелес «Қазақ елi» монументi орналасқан. Ақын Жұбан Молдағалиевтiң «Мен қазақпын» поэмасы осы тұста есiме оралады. «Мен қазақпын мың өлiп, мың тiрiлген» дегендей, халқымыздың жаңа дәуiрiнiң басталуын айғақтайтын бұл монумент Елбасының тiкелей басшылығымен жүзеге асып отыр, оның биiктiгi – 91 метр, бұл халқымыздың тәуелсiздiкке жеткен жылын анықтаушы сан болып табылады. Монументтiң ұшар басында салмағы 2,5 тонна алтындалған Самұрық құс. Жаратушының керемет жаратқанының ең алыбы мұхиттарда өмiр сүрсе, аспан әлемiнiң еркесi, құс төресi – Самұрық, оның табиғи болмысы арманы биiк халқымыздың ой-санасына сәйкестiгi осы монументте ескерiлген. Осы тұста, қазақ жерiнен тұңғыш ғарышқа ұшқан Юрий Гагариннiң ерлiгiне қатысты ақын Олжас Сүлейменов былай деп толғап едi:
…Разгадай:
Почему люди тянутся к звездам?
Почему в наших песнях Герой – это сокол?
Почему все прекрасное,
Что он создал,
Человек, помолчав,
Называет Высоким!
(Олжас Сулейменов. Избр. – М., 1986. – С. 17)
Биiктiк деген – жер бетiндегi мың сан пенделiк дерттердiң емi. Биiктiк – рухани болмыс кеңiстiгi, демек, оны аңсау адамзат табиғатындағы адамның асыл қасиеттерiнiң сұрыпталуы, оның мәңгiлiкке құштарлығы. Заман өтер, ұрпақтар жаңғырар, бiрақ тәуелсiздiгiмiздiң, яғни төл тарихымыздың, жаңа дәуiрдiң басы болып, осы «Қазақ елi» монументi қалмақ.
Елбасының көтерiп жүрген идеялары бiр-бiрiмен сабақтас. Оның Қазақстанды әлемнiң бәсекеге қабiлеттi 50 елiнiң санатына тарту жөнiндегi мақсаты – тәуелсiздiк идеяның нәтижесi, асқақ идеяның көрiнiсi. Асқақ идеясы бар ел ғана болашақ туралы биiк ой ойлай алады. Бiздiң жаңа Астанамыз – болашақты көксеген асқақ идеяның жемiсi. «Ақ орда» да солай. Ақ орда десе, хандық дәуiрдiң сарқыншағындай айтар ауызға оғаш көретiнiмiз бар. Ақиқатында, Ақ орданың мәнi – асқақтық, оның мазмұны – бекзаттық. Бекзаттық – қазаққа тән нышанның бiрi. Жаңа бастаған кәсiбiне «Алтын орда» деген ат бергендер бар. Бұл кездейсоқ емес, бұл – бiздiң өткен ғасырлардағы iргелi Алтын орда, Ақ орда мемлекеттерiнiң мұрагерi екенiмiздi бiлдiретiн тарихи өзектiң, тектiлiктiң белгiсi. Көкiрегi ояу азаматтар бүгiнде бiздiң қоғамда ренессанс, яғни жаңару деген ұғымның жиiрек айтыла бастағанын аңғаруда.
Кезiнде жаңа мемлекет құрмақ ниетте Керей мен Жәнiбек сұлтандар Шу өзенi бойынан «Қозы-Басы» деген қонысты өздерiнiң астанасы еткен. Ол жерге топтасқан Қазақ ордасының iлiмшiсi Асан қайғы оны «Жерұйық» деп атаған едi, ендi, мiне, түрленiп, түлеп, жаңа Жерұйық бүгiн Қазақстан Республикасы деген жаңа тұрпаттағы мемлекет қалыптасты, негiзiнде бұл Қазақ ордасының қайта жаңғыруы, яғни ренессанстық құбылыс болды. Сондықтан Қазақстан Республикасы – ренессанстық мемлекет. Түрiктер, қазақтар мемлекет дегендi орда деген. Осы символ жаңа әлемдегi жаңа Қазақстан болмысынан табылып отыр, ол – келiстi де, көрiктi Президент қызмет атқарып отырған «Ақ орда».
Егемендiк алғаннан кейiн-ақ әлеуметтiк-экономикалық және рухани-тарихи салада бiр жығылып, бiр тұрып, ұмтыла түстiк. Әу баста, астананы Ақмолаға ауыстырудан бастап халықаралық деңгейдегi iс-шараларға ұмсыну, осының бәрi бiздiң ұлттық намысымызды қамшылауға сеп болды. Демек, елеулi 50 елдiң қатарынан табылу – қарабайыр бәсекелестiк емес, өркениеттi бәсекелестiк. Мемлекетiмiз күнi ертең iргелi елдердiң тобына қосылса, ортадан қара үзiп, суырылып шығуы таңқалатын iс емес. Оған бiздiң әлеуетiмiз, намысымыз жетедi. Осыларды таразылап, байыптаған Елбасы еркiндiк пен ел қатарына қосылып, өсiп-өркендеу мұратын, зор қуатты бойына жинап, «жанартаудың ояну» сәтiн күтумен келе жатқан халықтың мүмкiндiгiн, қуатын iске қосу мақсатында асқақ межеге қол артты.
Биiктiктiң символының бiрi болып «Бәйтерек» бой көтердi, бұл «Күлтегiн» жырының авторы Иоллығтегiн айтқан бастыны идiру, тiзелiнi бүктiру емес, бұл өркениеттiк жолға түскен Қазақстан Республикасының ұлттық идеясының жемiсi деймiз.
Ретi келген соң айта кетейiн, Малайзия да бiз сияқты өз астанасын жаңа қонысқа аударуда. Әрине, Малайзияда қазақ даласындай кеңдiк жоқ. Олар Куала-Лумпурдан елу шақырымдай жерде жаңа астана салып жатыр, қазiр елу мыңдай адам тұрады, болашақта 320 мың адам орналастыру көзделiп отыр. Путра жайында бiздiң Ақ орда сияқты өкiмет резиденциясы бар, оның оң жағында зәулiм мешiт салынған, керемет архитектура, мiнбенiң биiктiгi – 116 метр, бұл әлемдегi ең биiк – минарет. Бұл да әлемде бiрiншi болу деген – ынтадан туған асқақ идеяның көрiнiсi.
Астана да биiктеп барады, бұл – әрi символ, әрi шындық, мысалы, биiктiгi 97 метр қаланың дәп жүрегi болып тұрған «Астана – Бәйтерек» монументi. Идеяның мифтiк, аңыздық сипатта болатыны сонау Грек заманынан белгiлi. Жаңа қала Санкт-Петербургтi салғанда архитекторлар мифтерiн және символдарын қаптатпап па едi. Жаңа қалаға көп символ керек. Соның бiрi – «Астана – Бәйтерек».
Өркениет үрдiсiне түскен халықтың алғашқы iсi – қала, қалалар салу. Мәдениет деген сөздiң семантикасында қала деген ұғым жатыр. Қазақтың рухани мәдениетi қалаларға тiкелей қатысты болған. Көшпендiлер деген сырт көздiң қойған атауы. Қазақ даласы қалаларының көптiгiмен атағы шыққан. Темiр қорытуды бiлген түркiлер қала салмағанда кiм қала салмақ? Бұл да арнайы әңгiме өзегi болар тақырып. Менiң айтпағым, қазақ жерiнен шыққан хакiм әл-Фараби өз заманында iзгiлiктi қала деген ғылымға жаңалық енгiзген, себебi iзгiлiктi бiлiм жүйесiн қаладан алмақсың. Бiлiм, мәдениет орындары қалаларда орналасқан, өзiнiң бiлiм алған қалалары Бағдат, Шам сондай қалалар болатын. Қала дегеннiң өзi – идея. Ешбiр қала бостан-босқа салына салмайды. Идея жетегiнде тарихи тұлға сонысын iс жүзiне асыруы үшiн қала сала бастаған, мысалы, орыс халқының реформатор патшасы I Петр өз атымен аталған Санкт-Петерборды су жолына шығу үшiн, сол арқылы өз билiгiн жүргiзу мақсатында салған. Кезiнде Новгородты орыс мемлекетiнiң Киевтен кейiнгi астанасы болсын деген ниетте салып, орыстардың пассионарлық серпiлiсiне сай «Жаңа қала» деп аталды. Адамзат тарихында мұндай деректер көп. Демек, жаңа қалада тың мәдениет қалыптасуы заңды. Астана осы мағынада жаңаша ойлаудың үлгiсi болмақ деген пiкiр бiлдiремiн. Мәдени сабақтастық туралы ешкiмнiң де таласы болмас, бiрақ Астана жағдайында таза мәдени үрдiстiң қалыптасуы қажет-ақ. Өкiнiштiсi, етектен тартқан ескiлiк, тоғышарлық психология жаңа дәстүрмен бiрге қоныс теуiп жатқаны – заманымыздың келеңсiз көрiнiстерiнiң бiрi. Сонда жаңаша ойлау деген не, сiрә, ол осы «Қазақ елi» монументiнен басталса керек. Ол ғасырдан-ғасырларға өтiп, азап сапарынан кейiн ел болғандығымызды санамызға, психологиямызға сiңдiрiп, дәстүрге айналдырсақ деген Президенттiң iзгi ниетi.
Қазақ ел болып Керей мен Жәнiбек сұлтандар құрған Қазақ ордасынан басталды. Орда – жоғарыда айттым, мемлекеттiң типi. Ойланайық, сонау «Алтын орда», алтын да, орда да – қазаққа сiңiмдi төл сөздерiмiз, ешбiр аударманың қажетi жоқ. Бұл ұғымдардың халқымыздың дiлiне әбден сiңiмдi болғанының көрiнiсiн бұқаралық санадан аңғару қиын емес. Тарихи жағдайларға байланысты «Алтын ордадан» келе-келе Ақ орда, Көк орда, бертiнiрек Қазақ ордасы, Ноғай ордасы деп аталатын мемлекеттер ту көтердi. Бұлардың әрқайсысының айтулы тарихтары, баяндары бар. Орда деген тұрмысымызға енiп, көпшiлiк көңiлiнде болған соң, өткен ғасыр басындағы зиялы топ елдiктi қайта қалпына келтiру мақсатында Алаш орда деген саяси идея көтердi, аз уақыт болсын Алаш орда мемлекетiн құрды. Одан бертiнде социалистiк жолға түскен азаматтарымыз Ақмешiттi Қызыл-Орда деп атап, ол елiмiздiң астанасы болды. Мiне, бүгiнде Ақ орда Астананың жүрегi болып, айшықтанып тұр. Орда дегенiмiз мемлекеттiң типi екенiн оқулықтарға нақтылы дәлелдермен енгiзу қажеттiлiгi бар. Бiз мемлекет дегенде бүгiнге дейiн еуропалық түсiнiкпен жүрмiз, тiптен кей ағайын бiздiң тарихымызды «мемлекетсiз тарих» дейтiндер де бар. Бұл тарихты түбегейлi бiлмегендiктен туған түсiнiктер. Ақ орда – Астананың ғана символы емес, жаңаша ойлаудың да символы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 29 мамырда бiр топ қазақ тiлдi бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен кездескенде «Қазақ елi» монументiне қатысты әңгiме өрiсiнде ол кiсiге журналист мынандай сауал қойған едi:
– Кейiнгi кезде түрлi мақалаларда «қазақстандық ұлт» деген ұғым қолданылып жүр. Осыған байланысты мұның өзi жаңа ғана мемлекет құрған ұлтты өзiндiк табиғатынан айырады деушiлер бар. Осы жөнiндегi Сiздiң пiкiрiңiздi бiлгiмiз келедi. Елбасы қоғамдағы осы бiр алыпқашты пiкiр туралы: – Жалпы, бұл жерде бiр түсiнбеушiлiк бар сияқты. «Единая казахстанская нация» дегендi «Бiртұтас қазақстандық ұлт» деп аудару дұрыс болмас. «Нация» мен «национальность» (ел-жұрт және ұлт) деген ұғымдар бар. Қазақстан – қазақ ұлтының негiзiнде құрылған мемлекет. Қазақстан деген сөзде қазақтың мемлекетi деген ұғым жатыр. Сондықтан да бұл идеяны, менiң ойымша, қазақ тiлiнде «қазақстандық ұлт» емес, «қазақстандық ел» деп атаған жөн тәрiздi. Өйткенi халқымызда «ел» деген ұғымның астарында аса үлкен бiрiктiрушi, топтастырушы күш жатыр. Ерте замандардың өзiнде «егемен болмай ел болмас» деген бабаларымыз елдiкке шақыру, ел болуға үндеу арқылы мемлекеттiлiктiң берiк iргесiн қалап келген. Сонымен бiрге «Қазақстан» сөзiнiң өзi «Қазақ елi» дегендi бiлдiредi.
Мына жайдың басын ашып айтқым келедi. Бұл ұғым әлi де теориялық тұрғыдан жан-жақты қаралуы, практикалық тұрғыдан тиянақталуы қажет («Егемен Қазақстан» газетi. 31.05.2008). Елбасының осы толғамында терең ойлар жатыр. Шынында да, қазаққа жақын ұғым – «ел». Ұлт деген – коммунистiк идеологиямен бiрге келген ұғым. Орыс тiлiндегi «нация» дегеннiң қазақша аудармасы. Қазақтың байырғы лексикасында ұлт деген бiз қолданып жүрген мағынада сөз болмаған. Сондықтан Президенттiң «қазақстандық ұлт» дегеннен «қазақстандық ел» атағаны жөн тәрiздi дегенi, бiздiң қоғамдық санадағы дұрыс бағыт. Бүгiнде ресми аталуымыз Қазақстан болғандықтан «қазақстандық ел» деуiмiз заман шындығы, ал Президенттiң әрi қарай ой өрiсiнде айтқан «Қазақстан сөзiнiң өзi «Қазақ елi» дегендi бiлдiредi» дегенге назар салсақ, мәселе айқындала түспек, «қазақстандық ел» деудiң орнына өте әдемi әрi мәндi, терең әрi мағыналы «Қазақ елi», – деп айтсақ қандай ғанибет. Астананың он жылдық мерейтойына орай қоғамдық санада да тың парадигма «Қазақ елi» деген ұғымның жаңғырып, жаңарып өз мәнiнде айтыла бастағаны және дәп осы ұғымды мәңгiлiк ететiн монументтiң қойылуы «ұлт мәселесiнiң» толық әрi түбегейлi шешiлуiнiң айғағы. «Қазақ елi» – бiз үшiн арман болған сөз. «Қалың елiм, қазағым, қайран жұртым», – дегенде Абай осы күндi армандаудан айтты емес пе?! Қазақстанды қазақ елi деп атау – ғасырлардан-ғасырларға өтiп келе жатқан халқымыздың ұлы арманы. Өткен ғасыр басындағы Алаш азаматтары ел болуды саяси мақсат етiп қойған болатын.
Президент осы айтылып отырған мәселенi теориялық тұрғыдан жан-жақты қаралуы, практикалық тұрғыдан тиянақталуы қажет деп отандық ғалымдардың алдында жаңа мiндет қойып отыр.
Иә, бұл мәселеде тәжiрибеге сай теория қажет. Ұлт мәселесiнiң теоретигi Владимир Ленин болатын. Ол өзiнiң саяси мүддесiн жүзеге асыру мақсатында ұлт (нация) деген ұғымды ойлап тапқан. Ұлт деген – саяси, идеологиялық ұғым. Ленин тек ұлт теориясын жасап қана қойған жоқ, ол оның әлеуметтiк тәжiрибедегi орнын анықтап, ұлт мәселесi деген жаңа саяси технологияны iс жүзiнде жүзеге асыра бастады. Бұл iстi әрi қарай шебер орындаушы Сталин болды. Мұның бәрi «лениндiк ұлт саясаты» деп аталып, СССР мемлекетiнiң идеологиясының негiзгi өзегiне айналды. Ғасыр соңында алып Қызыл империяның ыдырауы лениндiк ұлт саясатының күйреуi, оның жалған екендiгiнiң нақтылы дәлелi болатын. Лениндiк ұлт саясаты келмеске кеттi, бiрақ ол жасаған ұлт iлiмiне қатысты түсiнiктер әлi қолданыста жүр, соның бiрi – ұлт деген ұғым. Сондықтан кейде Қазақстан көпұлтты мемлекет деп айтып қалудамыз. Президентiмiз айтқандай, «ел» деген ұғымның астарында аса үлкен бiрiктiрушi, топтастырушы күш жатыр», рас сөз, бiздiң санамызға болашақта ең сiңiстi ұғым «ел» болмақ. «Қазақ елi» монументi – соның кепiлi. Әрине, солай дегенмен, қазақ елiнде қоян-қолтық бiрiгiп тамаша өмiр сүрiп жатқан өзге ағайындарды қалай атамақпыз? Әлемдiк кеңiстiкте бiз жалғыз өмiр сүрiп жатқан жоқпыз, ескi түсiнiктi қолдансақ, «көпұлтты мемлекеттер» дүниежүзiнде жеткiлiктi. Әлемдiк ғылымда соған орай этнос деген мәндi ұғым бар. Халықтардың этникалық болмысы сөз болғанда этнос деп атайды, мысалы, қазақ этносы, орыс этносы, ұйғыр этносы, татар этносы т. б. Демек, қазақ елiнде осы елдiң азаматтары өмiр сүруде, егер олардың этникалық табиғатын ескерсек, Қазақстанда көптеген этнос өкiлдерi бейбiт түрде азаматтық негiзде өмiр сүруде деп мақтанышпен айтуға әбден болады, бұл ғылыми мәндегi түсiнiк.
Ұлт дегендi лениндiк ұлт саясатына қатысты ұғым екенiн мойындасақ, егемендiк жағдайында өзiмiз туралы қазақ ұлты демей, қазақ елi, қазақ халқы деген терең мазмұнды ұғымдар қолданған жөн. Лениндiк ұлт саясаты күйреп, тәуелсiз мемлекет қарқынды түрде өркениет жолына, өзiне тән «қазақстандық жолға» түскенде саяси лексика да өзгеруi табиғи жағдай.
Кеңес кезiнде Қазақ АССР болды, одан кейiн Қазақ ССР-i атандық. 1991 жылдан бастап, бiз қазақ елi болып қайтадан түледiк. Өйткенi ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған саяси тәуелсiздiкке ие болдық. Отаршылдықтан арылған қазақ халқы тәуелсiз елге айналды. Сондықтан қазiр күн тәртiбiне қазақ ұлтының емес, қазақ елiнiң мәселесiн қоюымыз керек. Мүмкiн, болашақта елдiң атауы да Қазақ Республикасы немесе Қазақ елi немесе Қазақия деп өзгеруi де ғажап емес. Сол кезде кеңестiк заманнан келе жатқан «Қазақстан» деген ел атауы да өзгеруi ықтимал. Әрине, бұл – талқыға түсiп, бiр шешiмге келетiн мәселе. Бұл iсте асығыстықтың да керегi жоқ. Осы мәселеге орай Астананың 10 жылдық мерейтойында ашылатын «Қазақ елi» деп аталатын монументi ойға азық болмақ. Бұл – ғажап идея.
Қазiргi жағдайда қазақ тек этнос емес, азаматтық ұғымға ұласып бара жатқанын байыптап алғанымыз жөн. Өйткенi бүгiнде өз елiмiзге өзiмiз иемiз, құдайға шүкiр. Сондықтан қазақ елiнiң азаматтарының бәрi келешекте қазақ болып аталмақ, әрине, бұған да белгiлi уақыт керек шығар, бiрақ қазақ елiнде ғұмыр кешiп жатқандарды кiм демекпiз? Мысалы, шетелге бiздiң елден iссапармен және басқа да жағдаймен барғанның бәрiн «қазақтар» дейдi. Спортшыларымызды алайық, олар жүлде алғанда, бәрiн шетелдегiлер «қазақтар» деп таниды. Сондықтан дүниежүзiндегi дәстүрге бой ұсынсақ, қазақ елiнiң азаматтарының қазақ атануы таң қалатын iс емес. Қазақты азаматтық ұғым ретiнде түсiндiрiп, басқалардың да өздерiн осылай атай бастауы табиғи үрдiс демекпiн.
«Қазақ елi» монументiнiң алдында тұрғанда қазақ мәселесi ойға орала беретiнi табиғи жағдай. Бұл монументтiң тәрбиелiк, тағылымдық мәнi зор және әрбiр қазақты тек бүгiнгi күн емес, болашақ туралы ойлантуы заңды. «Қазақ елi» монументi өткен күндi көз алдымызға елестетумен бiрге келешек туралы ой қозғайды. Алға басу үшiн жол керек, ол қандай жол дегенде Президент атап айтқан «қазақстандық жол» дегендi айтпақпын. Бiрақ бұл жолдың мазмұны неде? Кешегi күнi социализм жағдайында өмiр кештiк, бүгiнде капитализмге ұқсас қоғам құрудамыз. Менiң айтарым, бiздiң елдiң жүретiн жолы социализм де, капитализм де емес, жаңа жол болуы керек. Ол үшiн кезiндегi Жапонияның, бүгiнгi Финляндия елiнiң тәжiрибесiн ескерген жөн. Бұл жерде басты мәселе, орта бизнеспен алпауыттар алшақ болмауы керек. Олигархиялық байлыққа тежеу салық арқылы реттелуi қажет. Олигархтық мәндегi капитализм жақсылыққа бастамақ емес, Елбасы қымбат автокөлiк, аса бағалы тұрғын жайы барларға салық мөлшерi де соған сай болуы керек деген ойды үнемi бiлдiруде. Бiздiң қоғамның мақсаты – ұсақ және орта бизнестi мейлiнше жетiлдiру. Ойлаймын, қазiргi ипотека дағдарысына қатысты елiмiзде жүрiп жатқан қаражат ресурстарының реттелуi, негiзiнен, қашан болмасын болуға қажеттi шаралар едi. Бүгiнде әр нәрсенiң нақты құны анықталуда. Мұны бiр десек, екiншiден, кезiнде социализм капитализмнiң әлсiздiгiнен шыққанын мойындауымыз керек. Егер капитализм қуатты болса, социализм дүниеге келмес едi. Капитализмнiң әлеуметтiк жүйесi әлсiз болды, пайда табу iсiне жерiк болғанымен, ол әлеуметтiк мәселенi шешуде дәрменсiздiк танытты. Социализмнен шыққан бiз тәрiздi елдер осы тұрғыдан келгенде, жетiлген деген капиталистiк елдерден әлеуметтiк мәселелерде алда екендiгiмiздi ұмытпауымыз қажет. Социализм кезiнде бiлiм, денсаулық және әлеуметтiк салада тиiмдi халықтық жүйе қалыптасты. Социализмнiң осы дәстүрiн нарықтық қатынастармен қалайша үйлестiрсек екен деген ой менi кейiнгi кезде мазалауда. Бiзге таза капитализм де, таза социализм де емес, орта жол керек сияқты. Қысқа болса да өткен тарихымызды бағамдап отырсақ, өкiнiшке қарай, бiз нарықтық қатынас қолға алына бастағанда тек пайда табу жағына қарай ойысып кеттiк.
Бұл да – капитализмнiң алғашқы қадамдарында болатын құбылыс. Ендi ес жинаған кезде ойланатын мезгiл жеттi. Қоғамға жаңа мазмұндағы идеологиялық ұстаным қажет. Бұл – бiр кеңiнен ойланатын мәселе. Әрине, бұл тұста қоғам өмiрiндегi партиялар жүйесiнiң қызметiне жүк артуға да болар едi, қазiргi «Нұр-Отан» партиясының аяқ алысы тым тәуiр. Алайда есте болатын жай, партиялар – билiкке қатысты өз қызметiн күшейтетiн феномен. Ал қоғамда бiртектi, үздiксiз, жүйелi түрде билiк үшiн емес, мәдени, өркениеттiк негiздерде жүргiзiлетiн идеология қажет. Осы тұста бұл қызметтi «Мәдени мұра» бағдарламасы атқаруда, бiрақ оның жалпы Қазақстан халқына түгел дерлiк жететiн технологиясы қалыптаспай отыр, ол iс мемлекеттiк тұрғыдағы идеологиялық жүйенi қажет етпек. Бүгiнде қоғамдағы нарықтық қатынастар туғызып отырған психология, мiнез мемлекеттiк мүддеге сай сана қалыптастыруда қандай рөл атқаруда? Бұл – басты мәселе. Нарықтық қатынастардан әдiлеттiлiк мәнiндегi сана қалыптасады деу – утопия. Демек, егемендi елдiң қоғамдық жаңа тұрпатты санасын қалыптастыру iсi мемлекеттiк шешiмдi және арнайы қаржыны талап етедi. Өркениеттi негiзде идеологиялық кадрлар дайындау iсi қажеттiлiк. Осы iсте Елбасының кадрлар даярлау Академиясы тыңдаушылары алдында сөйлеген сөзi және тың ұсыныстары осы мәселеге өрiс ашпақ демекпiн.
Қазақтың этностық тарихын қарастырып отырсақ, халқымыз ешқашан идеологиясыз өмiр сүрмеген. Мемлекеттiк деңгейде идеология үнемi болған, соның ең айғақты мысалы – Асан қайғының «Жерұйық» iлiмi. Бұл елдi топтастыру идеологиясы болатын. Бiз мықты социализмдi басымыздан кешiрген халықпыз. Социализм идеологиясы қуатты болды. СССР-дiң социалистiк ел бола тұра әлемдiк саясатта шешушi орны болды. Ешбiр дүниежүзiлiк iс СССР-дiң назарынан тыс болған жоқ, бiрақ социализм тек жалаң идеологияға сүйендi де, содан барып тарқады. Таза идеологиямен мемлекеттiк саясат жүргiзбекшi ниеттегi елдер әлемде әлi бар, бiрақ олар өмiршең бола алады деген сенiм жоқ. Адамзат көп ғасырлар өмiр тәжiрибесiнде нарықтық қатынастардан өзге альтернатива таба алған жоқ, демек, мәселе нарықтық жағдайда қалайша идеология қажеттiлiгi анықталмақ? Президент бұл салада көрегендiк танытып келедi, алдымен, экономика, одан кейiн саясат дедi, бұл дұрыс болды, ол ендi бүгiнде мәселе болып тұрған сана, психология, мiнез, дәстүр, жаңашылдық, модернизация т. б. дегендерге келгенде мемлекеттiк деңгейде идеологияға қажеттiлiк туып отыр, ол тiкелей ұлттық қауiпсiздiкке қатысты. Сондықтан идеология бүгiнгi замандағы тың вектор болуы қажет.
Астана идеяның шындыққа айналғаны. Астана елiмiздiң өлшемi, iзденiсi, болашақ туралы арманы, қиялы, бүгiнгi болмысы. Астана мазмұны жағынан орталық деген ұғымды бiлдiредi, яғни ол – егемендi елдiң еркiн азаматтарының ұлы мақсатқа орай топтасуы. Астана – жаңа қала, жас қала. Астана – жаңғыру қаласы. Ол ескiден кету, арылу, жаңаға жету мақсатындағы серпiлiстен туған идеяның шындығы.
Сөз соңында бейнелеп айтсам, алыс жолға қамданып ұшқалы тұрған ауа лайнерi сияқты Астананың келешегiне сенемiн!
«Егемен Қазақстан» газетi. 04.07.2008.