Читать книгу Сана болмысы - Ғарифолла Есім - Страница 5

I
МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ САЯСАТ
ЭТНОС МӘДЕНИЕТI – ЕЛДIК МӘЙЕГI

Оглавление

23 қазан айында Астанада өткен Қазақстан халқы ассемблеясының ХIV сессиясында сөйлеген сөзiнде Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысының мынандай қағидаларын тарқатып айтты, олар:

Бiрiншi қағида – этностық, конфессиялық, мәдени және тiл ерекшелiктерi. Бұл елiмiздiң баға жетпес байлығы болып табылады. Елбасы бұған мысал ретiнде этномәдени бiрлестiктердiң саны өсiп, 621-ге жеткендiгiн, 46 этностың әрқайсысында орталықтар жұмыс iстейтiндiгiн, 1991 жылы елiмiздегi 700 дiни бiрлестiктiң қатары бүгiнде 4 мыңнан асқандығын келтiрдi.

Екiншi қағида – Қазақстандағы этностардың мәдениетi мен тiлдерiн дамытуға мемлекет тарапынан барлық жағдайлардың жасалғандығы. Елбасының атап көрсеткенiндей, елiмiзде 11 тiлде газет-журнал шығады, 8 тiлде радиохабарлар таратылады, 7 тiлде телехабарлар көрсетiледi. Ұлттық тiлдерде жарық көретiн БАҚ-тардың жалпы таралымы 80 мың данадан асады. Үшiншi қағида – бiздiң ұлтымыздың толеранттылығы мен жауапкершiлiгi.

Төртiншi қағида – қазақ этносының ынтымақтастықты нығайтудағы рөлi. Бұған байланысты Мемлекет басшысы өткен ғасырдың 40-шы жылдарында Қазақстан аумағына 1 миллион 200 мыңнан астам әртүрлi ұлттың қоныстанып, немiстерге, шешендерге, ингуштерге, корейлерге, гректерге, поляктарға және басқа да ұлт өкiлдерiне пана болғанын қадап айтты. Одан соң тың игеру басталды, дедi Елбасы. Қазақстанға КСРО-ның барлық республикаларынан 600 мыңнан астам адам келдi. Олардың 350 мыңы жастар едi. Солардың көпшiлiгi Қазақстанда тұрақтап қалып, осында өз Отанын тапты. Бесiншi қағида – Конституцияда атап айтылған: «ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы…», яғни Қазақстан халқының бiрлiгi» («Егемен Қазақстан» газетi. 24.10.2008.).

Бұл ассамблея жұмысы туралы ғана толық сөз емес, Қазақстан қоғамы туралы түбегейлi сөз. Олай дейтiнiм, бiздiң елдегi саяси, әлеуметтiк және экономикалық тұрақтылық тек мемлекеттiк iс-шаралар негiзiнде ғана iске асып отырғаны жоқ, бұл мәселе қоғамға және өзге елдер тәжiрибесiнде жоқ ерекше саяси-мәдени институт халық ассамблеясының болуы және оның нәтижелi қызметiнде. Осы институтқа Президенттiң тiкелей басшылық жасауы Ассамблея жұмысына ғана емес, Қазақстан қоғамын кемелдендiру iсiне қарқын беруде. Көпшiлiкке белгiлi жай, мемлекеттiң берiктiгi қоғамға тiкелей байланысты. Азаматтары қоғам болып қалыптаспаған мемлекеттер елдiк келелi мәселелердi шешуде дәрменсiздiктерiн бiлдiрiп алып жатқанын, қазiргi заман бейнесiнен айқын көрудемiз. Бiр кезде айрандай ұйып отырған Грузия елi бiр-ақ күнде десе де болғандай, iргесi сөгiлiп, бiртұтас ел болудан қалып, одан Оңтүстiк Осетия мен Абхазия бөлiнiп шықты. Бұл – мемлекеттiң әлсiреуi. Мемлекеттiң территориялық тұтастығын сақтай алмауы, бүгiн болып отырған әлемдегi қаржы дағдарысынан әлдеқайда ауыр жағдай. Мұның түпкiлiктi себебi грузиялық қоғамының қалыптаспағандығы едi. Қоғамы қалыптаспаған мемлекет осындай халге түсе беретiнi тарихтан да белгiлi. Кешегi Югославия да осындай жағдайды басынан өткерiп, бiртұтас ел болудан қалды. Қоғам боп қалыптаспаған елде мемлекеттiң ыдырауы, iргесiнiң сөгiлуi, территориялық тұтастығын сақтай алмайтын жағдайы басталмақ. Құдай бетiн аулақ қылсын, халық бiрлiгi – бiздiң елдiң субстанциясы. Осы мәселеде көрегендiк танытқан Президент өз ұсынысымен осыдан он үш жыл бұрын халық ассемблеясын құрған едi, содан берi бұл қоғамдық ұйым халық бiрлiгiне қалтқысыз жұмыс iстеп келедi. Iсiне, бағытына, мүмкiндiгiне қарай бұл институт кемелдене келе құқықтық негiзге ие болды, парламенттiң мәжiлiсiне өз депутаттарын сайлады, Қазақстан парламентi 2008 жыл 9 қазанда «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» заң қабылдады. Бұл маңызды тарихи шешiм. Ендiгi жерде Ассамблея қызметi заң өрiсi негiзiнде жүрмек. Қазақстан халқы ассамблеясы туралы заңның үшiншi бабында ассамблея-ның мақсаты былай деп анықталған: «Ассамблеяның мақсаты қазақ халқының топтастырушы рөлiн арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негiзiнде қазақстандық азаматтық бiрдейлiктi және бәсекеге қабiлеттi ұлтты қалыптастыру процесiнде Қазақстан Республикасында этносаралық келiсiмдi қамтамасыз ету болып табылады» («Егемен Қазақстан» газетi. 11.10.2008). Президент өз сөзiнде ассамблея жұмысының практикалық қызметiне, оның бағдарламалық ұстанымда-рына, жаңа түсiнiк, ұғымдарына сараптамалық iстер қажет екенiн айтты, мен соның бiр мәселесiне назар аударайын, ол саяси ойлау мәдениетiнде орын ала бастаған жаңа лексикаға қатысты. Мысалы, жоғарыда келтiрiлген Президенттiң сөзiнде тың ұғымдар қолданылған, олар: этнос, этнос мәдениетi, этностық ынтымақтастық, этностар қарым-қатынасы, қазақ этносы және этномәдени орталық. Мұнда көңiл аударатын негiзгi екi ұғым – этнос және этнос мәдениетi, қал-ғандары осылардан өсiп-өнетiн түсiнiктер.

Этнос – әлемдiк ғылымда кеңiнен қолданылатын ұғым. Кеңес заманында этнос ұғымы тек ғылыми әдебиеттерде қолданыс тапқанымен, саясатта, идеологияда пайдаланылмады, оның басты себебi кезiнде негiзiн салған Ленин, одан берiде Сталин жетiлдiрген «лениндiк ұлт саясаты» деген болған. Содан барып ұлт деген саяси ұғым, мәндi ғылыми ұғым этносты шетке шығара берген. Идеологиялық қызметте ұлт дегендi қолдану ыңғайлы болды, өйткенi социализм дегенiмiз лениндiк ұлт саясатын жүзеге асырып отырған қоғам деп танылды.

Этнос ұғымы – халықтың этникалық табиғаты туралы сөз болғанда қолданылады, мысалы, орыс этносы, қазақ этносы, немiс этносы, ұйғыр этносы, корей этносы, т. б. Халық пен этнос бiр мәнде де айтылады, сонымен бiрге контекске байланысты бiрде халық, бiрде этнос мәнiсiнде қолданылады. Этнос – халықтың этникалық сипаттамасы. Халық – этностың субстанциясы. Халық – ауқымды ұғым. Халықтың этникалық сипаттамасы болмауы өте сирек кездесетiн жағдай, мысалы, бұл мәселенi шартты түрде Америка халқына қатысты айтуға болар. Елдiң аталуында тұр-ғандай, Америка құрама штаттардан тұрады. Көптеген нәсiл, этностардан құрылған, этникалық жағы бiртектi емес. Кезiндегi кеңес халқы деген этникалық тарихы жоқ, адамдардың мемлекеттiк-территориялық қауымдастығы болатын. Мұндай жағдайда бiрыңғай азаматтық басты принцип болып, этникалық iстер есепке алына бермейдi. Ал Англия, Франция, Германия, Жапония, Ресей т. б. сияқты дәстүрлi елдерде азаматтықпен бiрге этникалық қасиеттер бiрге анықталмақ, себебi бұл халықтардың ғасырларға кететiн этностық тарихы бар. Осы тұста татар ғалымдарының шығарған тарих оқулығының аталуы есiме түсiп отыр. Кiтап былайша аталған: «Татар халқының және Татарстанның тарихы», неге бұлай дегенде авторлардың бiрi татар халқының тарихы деген халықтың этностық тарихына қатысты деп түсiндiредi. Дәлел айғақты.

Ассамеблея халық бiрлiгiне қызмет ететiн қоғамдық институт, жоғарыда халық бiрлiгi – қоғамға тiкелей қатысты дедiк. Ретi келген соң айта кетелiк, ха-лық бiрлiгi мемлекет пен қоғам арасындағы сансыз қатынастар үндестiгiне қатысты. Социализм кезiнде де мемлекет және қоғам дегендер болды, мысалы, бiз социалистiк мемлекет және социалистiк қоғам дейтiнбiз, бiрақ бұлардың сапалық айырмашылығы болмайтын, қоғамның дербестiгi жоқ болды десе де болады, себебi қоғамдық ұйымдар: партия, комсомол, кәсiподақ, т. б. мемлекеттiк негiзде болатын. Қоғамның дербестiгi болмады, яғни ол қоғамда демократиялық үрдiстер және жеке адам еркiндiгi болмады деген сөз. Мемлекеттiк идеологиядан тыс қоғамдық ынта болмайтын, өйткенi бар iстi мұқият қадағалаушы коммунистiк партия, ал ол сол кездiң Конституциясы бойынша басқарушы билiктi атқарушы едi. Сондықтан социализм заманында мемлекет пен қоғам бiр болды. Қазiргi көзбен қарасақ, оның жақсылығы да, жамандығы да болды, әсiресе соңғысының мол болғандығынан социализм өзiн-өзi күйретуге апарып соқтырды.

Нарықтық қатынастар мен тәуелсiздiк жағдайына жағдай түбiрiмен өзгеше. Қоғамның мемлекеттен дербестiгiнiң мүмкiн болуы бұл елдiктiң кемелденуiнiң заңдылығы десек те болғандай, ендiгi жердегi мәселе, осы қарқыннан мемлекеттiк құрылымдардың қалып қоюы қауiптi. Ол қауiптiң мәнiсi мемлекеттiң қоғам дербестiгiне бөгет, тежеушi күш болуынан аңғарылмақ. Мемлекет пен қоғам арасындағы осы заңдылықты дер кезiнде көре бiлген Президент өткен жылы Конституцияға өзгерiстер енгiзуге ұсыныс жасап, оны парламент қолдап, қоғамдағы демократиялық үрдiстердi одан әрi жетiлдiру мақсатында қоғам өмiрiнде саяси күш ретiнде партиялық жүйе енiп, қалыптасты. Партия – қоғамдық ұйым, ол әкiмшiлiк емес. Партия – қоғам дербестiгiнiң көрiнiсi. Партия – идеялық қуат өлшемi. Егер ол әкiмшiлiкке айналса, қоғамды мемлекеттiң тәуелдiлiгiне бастамақ, әлемде мұндай тәжiрибе бар, оның айшықты үлгiсi – Қытай халық республикасындағы жағдай, ойлаймын, бұл тәжiрибеде тактикалық жағдайда тиiмдi болғанымен, стратегияда оның зардаптары болуы мүмкiн, яғни мемлекет пен қоғамның бiрiгiп кетуi, сөйтiп, демократиялық үрдiстер легiне тоқтау салынуы. Әлемдегi көп елдер сондықтан мұндай тәжiрибеден бас тартып отыр. Дамыған деген елдерде партия негiзiнен билiкке жетудiң технологиясы қызметiн атқаруда, яғни билiкке демократиялық жолмен жетудi қамтамасыз ету жағында.

Қазақстан жағдайында партиялық жүйе мен халық ассамблеясы бiрiн-бiрi толықтырып, Қазақстан қоғамына, оның демократиялық үрдiсiне мүмкiншiлiктер туғызып отыр. Бұл – бiз туралы шетел сарапшыларының айтып жүрген «қазақстандық жолдың» негiзгi арнасы демекпiн.

Президент өз сөзiнде мемлекеттiк тiлдi дамытуға барлық этностар атсалысады деген тұжырым жасаған. Бұл жаңа тұрпаттағы этнос мәдениетiнiң негiзi болмақ. Этнос мәдениетi ел азаматтарын бөлшектейтiн, бiр-бiрiнен алыстататын емес, керiсiнше, ортақ мүддеге қызмет ететiн феномен болуы керек. Бүгiнде, құдайға шүкiр, iс осы бағытта жүруде. Этнос мәдениетiнiң қазiргi кездегi басты өлшемi – мемлекеттiк тiлге қатысты болып отырғанын айрықша айтуымыз керек. Бұл – халық бiрлiгiне бастайтын тура жолдың бiрi, бiрақ бұл iсте тым асығыстық, аптығушылық жақсы нәтижелер бермейтiнi де белгiлi. Сонымен бiрге естен шығармайтын жай, мемлекеттiк тiл – қазақстандық патриотизмнiң басты тұғыры. Осы мәселе жөнiнде Елбасы былай дедi: «Қазiр мектептерде қазақ тiлiн 25 мың өзге ұлттың балалары оқып-үйренуде. Бала-бақшалардағы қазақ топтарында өзге ұлттардан тұратын 10 мың бала тәрбие алуда. Жалпы алғанда, қазақстандық оқушылардың 60 пайызы қазақ тiлiнде бiлiм алады. 1991 жылдары бұл көрсеткiш 30 пайыздың төңiрегiнде болатын, менiң бастамам бойынша Мемлекеттiк тiлдi дамыту қоры құрылғаны белгiлi. Қазiр бiзге мемлекеттiк тiлдi жеделдетiп оқытатын әдiстер қажет. Бiзде қазақ тiлiндегi жақсы мультфильмдер де жоқ. Бұл тұрғыда жұмыс iстеуiмiз керек» («Егемен Қазақстан» газетi. 24.10.2008.).

Осы ойды iлгерi өрiстете айтсақ, жаңа заманға сай этнос мәдениетiн қалыптастыруда көп жағдайда мәселе мектепке тiреледi. Бәрi бiлiм мен тәрбиеден басталмақ, ол тағы да мектепке қатысты мәселе.

Жасыратыны жоқ, бүгiнде қоғамда «қазақ тiлдiлер» және «орыс тiлдiлер» деген дилемма орныққан. Осы мәселе қоғамның бiрлiгiне, оның ру-хани, саяси өмiрiне керi әсерлерiн беруде. Ал қоғамдағы демографиялық үрдiске назар салсақ, қазақ этносы бүгiнде елiмiздiң халқының 58,6 пайызын құрайды, ал мектеп жасындағы, әсiресе бастауыш сыныптарындағы қазақ этносы балаларының саны алпыс пайызға жетiп қалды. Яғни, осы демографиялық үрдiс бiлiм беру жүйесiнде жаңа сапалық құрылымды қажет етедi. Бұл жерде менiң негiзгi көпшiлiкке жария етпекшi ойым, ол қазiргi Қазақстанда бар мектептердiң бiлiм беру стандартын және мазмұнын түбегейлi өзгерiске түсiру қажеттiлiгiне қатысты.

Бiз қазақ ұлтынан тәуелсiздiктiң нәтижесiнде қазақ елiне айналдық. Ендi бiлiм беру жүйесiн де заманға сай нақтылауымыз керек. Бұл мәселедегi ұсыныс, өзге өркениеттi елдер сияқты бiрыңғай оқу стандартымен оқытылатын жаңа тұрпатты мектеп қалыптастыруымыз керек. Яғни, Қазақстан азаматтары балаларын этностарына қарамай бiр сыныпта, бiр мектепте оқытуы керек. Мұндай жағдайда қазiргi мектептердегi оқыту бағдарламалары, стандарттары, тәсiлдерi, жүйелерi, құндылықтары жаңа сападағы өзгерiске түспек. Мәселе түбегейлi шешiлуi үшiн бұл үрдiс мектеп жасына дейiнгi мекемелерден бастау алғаны жөн. Орыс балабақшасы, қазақ тiлiндегi балабақша орнына бiр тәрбие жүйесiне құрылған мемлекеттiк тiлде тәрбие жүргiзiлетiн балабақша болуы қажеттiлiк.

Осындай жағдайды iске асырғанда қоғамдағы орыс тiлдер және қазақ тiлдер деген мәселе күн тәртiбiнен бiрте-бiрте азайып, келе-келе жойылмақ, жаңа қазақстандық азаматтарының жаңа психологиясы қалыптаспақ. Ендiгi жердегi мәселе бiз бiлiм беру жүйесiн 2010 жылы 12 жылдыққа өткiзбестен бұрын осы бiрыңғай жүйелi мектеп мәдени жобасын қоғамда талқыға салып, заңдастырып алғанымыз жөн. Негiзiнде, мұндай мектеп мәдени жобасы мен 12 жылдық бiлiм беру мәдени жобасы бiрге қарастырылып заңдастырылса iс табысты болар едi. Бұл екi жобаны екi бөлек қарастырсақ уақыттан ұтыламыз.

Жаңа тұрпатты мектеп дегенде бiр үлгi боларлықтай жағдай, түрiк ағайындардың KATEV жүйесiндегi орта бiлiм беретiн оқу орындарындағы тәжiрибенi ес-керуге боларлық. Байқаймын, түрiк лицейлерiн тәмамдаған жастар қазақ, түрiк, орыс, ағылшын тiлдерiн еркiн меңгерiп шығуда, демек, елiмiзде мұндай үрдiс бар, нелiктен осы негiзде, мүмкiн одан да тұрақты бағдарлама туралы мамандар ойланбасқа? Осы мәселе туралы Елбасы Жолдауда: «… балабақшаға, ашылып жатқан қазақ мектептерiне барсақ, әр ұлттың, ұлыстың балалары оқып, әдемi ғана тiлдi үйренiп жатыр», – деген болатын.

Мұндай мектепте қалай оқыту деген мәселе – әрине, мамандар үлесiндегi iс, менiң айтпағым, орыс тiлдi, қазақ тiлдi мектептер, сыныптар дегенiмiз өркениеттiк жатпайды. Әрине, қоғамдық iсте әрлi-берлi пiкiрлер болуы әбден орынды, себебi бұл психологиялық қалыптасып қалған дағдыны бұзу әлдекiмдердiң тiкелей кәсiбiне зиян болуы ықтимал, бiрақ көш тоқтамауы керек. Осындай тек бiртiлдiк негiзге құрылған мектептiң оқу жоспарын бiр жүйеге келтiру оңай шаруа емес. Бұл қалыптасқан психологияны өзгерту көптеген ұйымдастырушылық, тәрбиелiк және бейiмделу (адаптация) шаруаларын жүргiзудi қажет етпек. Бұл – мамандар үлесiндегi аса маңызды шаралар, бiздiң әңгiмемiз идеялық-принциптiк мәселе.

Жаңа мектептiң жобасы туралы бүгiнгi күнде айтудың және оны жүзеге асырудың қажеттiлiгi, жоғарыда айтқандай, елдiк мәселеге тiреледi. Қандай ел болмасын, оның азаматтарының патриоттық сана-сезiмiнiң векторы елдiк негiзде болмақ. Бұл табиғи жағдай. Бiр елдiң азаматтары, олардың ұрпақтары этностарына, дiни сенiмдерiне қарамай бiр мектепте, бiр сыныпта бiлiм алуы да табиғи жағдай. Бұл үрдiс әлi де жалпы қоғамдық сипат алмаса да, елiмiзде басталған, айталық кейбiр орыс халқының өкiлдерi Елбасы айтқандай, балаларын қазақша балабақшаға, қазақ мектептерiне бере бастады. Астанадағы Нұр-Орда түрiк-қазақ лицейiнде болғанда, оның оқу iсiнiң жетекшiлерi жиырма сегiз лицейде он пайыздай қазақ балаларымен қоса өзге этнос балалары, оның iшiнде орыс балалары да оқып, төрт тiлдi меңгеруде.

Осындай жағдайда қазақ мектептерi және орыс тiлiндегi мектептер деп бiр елдiң балаларын бөлшектеп, бөлек оқыту iсiнiң болашағы жоқ деген пiкiр бiлдiремiн. Қоғамның көптеген мәселелерi мектептерден бастау алады. Сондықтан мектеп iсiне, оларды бiрыңғай ұлттық мектеп қалыптастыру мақсатына орай жүргiзген жөн. Бұл iстi соза берсек, уақыт өткiземiз, сондықтан бұл iсте шешушi қадам жасалғаны, сiрә, дұрыс болмақ. Бұл мәселеде түсiнбестiк те, қарсыластық та болады. Бiлiм беру жүйесi консервативтi, алайда бұл бағытта келешек үшiн шешiм қабылдау қажет. Жаңа мектептiң бағдарламасы туралы, әрине, мамандар айтулары керек, бiрақ бұл мәселеде менiң айтпағым, балалар 1-сыныптан 4-сыныпқа дейiн, яғни бастауыш бiлiм деңгейiнде мемлекеттiк тiлде оқығаны дұрыс. Түрiк-қазақ лицейлерiнде жаратылыстану пәндерiн ағылшынша оқытатын көрiнедi. Ойлану керек. Демек, педагогикалық институттар шұғыл түрде қазақ-ағылшын тiлiнде сабақ бере алатын мұғалiмдер даярлау iсiне көшулерi қажет. Әрине, жаңа мектеп қалыптастыру бiр күнде бола қоятын жай емес, оның мәселелерi көп те болуы мүмкiн, оның үстiне қоғамдағы қалыптасқан «қазақ тiлдiлер» мен «орыс тiлдiлердiң» сәйкессiздiктерiн де ескеру қажет. Бұл мәселе дискурске түскен соң әрқилы әңгiме болмақ, бiрақ негiзi сөз өркениеттi деңгейдегi сарапшылардың хұзырында болуы қажеттiлiк.

Бұл мәселе төңiрегiнде Бiлiм және ғылым министрлiгi ойланған жөн. Осы iсте қазiргi заман талабына сай мектеп мұғалiмдерiн даярлаудың инновациялық бағдарламасы жасалса… Ұстаздар даярлауда арнайы оқу орын деп аталатын Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетi қоғамға инновациялық жоба ұсынса деген тiлек бар.

Бұрынғыша, ескi сүрлеу дәстүрiмен ұстаздар даярлаудың күнi бiткенi кiмге болсын түсiнiктi. Осы ретте Елбасы үкiметке келесi жаңа оқу жылына дейiн толыққанды тұлға қалыптастыруға негiз болатын кешендi бағдарлама әзiрлеудi тапсырды. Бiлiм мен тәрбиенiң қатар жүруi туралы Президент нақтылы айтты: «Қазiргiдей жаhандану дәуiрiнде жас азамат өз бойына белсендiлiк, өзгелермен тiл табыса бiлу, шыдамдылық, өз сөзiнде тұру секiлдi қасиеттердi көптеп сiңiре бiлуi қажет. Жас азамат өзiн әрдайым жан-жақты жетiлдiрiп отыруы тиiс. Керiсiнше, бiр ұлттың тiлi мен мәдениетiн басқа бiр ұлттың тiлi мен мәдениетiнен жоғары қою, менсiнбеушiлiк секiлдi жаман қасиеттерден аулақ болған жөн. Себебi бiр ұлтты басқа ұлттан жоғары қою – қазiргi әлемдiк дамудың бағытына қарама-қайшы келедi. Ал жақсы мен жаманның ара-жiгiн ажырататындай қасиеттi бала санасына жастайынан сiңiруiмiз қажет. Белгiлi орыс ғалымы Лев Гумилев өз кезеңiнде кез келген ұлттың күштiлiгi оның санының көптiгiнде емес, өзiнiң артындағы ұрпағына сақтап, қалдыратын және бүкiл әлемге тарататын рухани мәдениетiнде деген болатын. Сол себептi де бiз өзiмiздiң балаларымызды, жастарымызды өзгелердi тыңдау-ға және түсiнуге, басқа ұлттардың тiлi мен дiлiн, салт-дәстүрiн құрметтеуге тәрбиелеуiмiз керек. Онсыз қазiргiдей жаhандану дәуiрiнде ешқандай жетiстiкке жете алмаймыз. Қазақстандық жастар өз елiнiң патриоты болулары керек. Түрлi экстремистiк сипаттағы «көзбояушылықтарға» қарсы тұрар иммунитеттерiн күшейтулерi қажет» («Егемен Қазақстан» газетi. 24.10.2008.).

Осы айтылған жайларды әңгiмемiзге орай түйiндеп айтсақ, олар этнос мәдениетi деген ұғымға саяды. Әрбiр этнос тарихқа өз даралығымен енген. Дара қасиетiн жойған халық этнос атанудан қалады. Этнос халықтың даралығының, оның еш жерде, ешқашан қайталанбайтындығының белгiсi. Кезiнде қазақ мәдениетiне анықтама бергенде түрлi ұлттық мазмұны социалистiк деушi едiк. Осы идеологиялық қалыпқа бар этностар түскен. Тiптен сол кездегi адамдардың жаңа тарихи қауымдастығы – кеңес халқының негiзiн құрған орыс ұлты да түскен. Тәуелсiздiк дегенiмiздiң өзi – халықтың даралығын, яғни этнос мәдениетiн мойындау. Этнос мәдениетi деген – ауқымды ұғым. Ол – халықтың даралығының тарихын, оның қазiргi замандағы болмысын айқындаушы феномен. Этнос дегенде, оның этникалық табиғаты сөз болады дедiк, бiрақ оны әдет, ғұрып, салт-сана, дәстүр шеңберiнде ғана қарамай, халықтың бүкiл болмысынан iздеу қажет. Айталық, еврей этносы дегенде ойға бiрден не келедi немесе немiс этносы дегенде бiрден не айтпақпыз? Алғашқысы туралы, еврей этносының асқан прагматизмi, екiншi жағдайда ұқыптылық, тәртiптiлiк немiс этносына тән дегенге қарсы дау айту қиын.

Ал қазақ этносы дегенде не айтамыз? Қазiр саясатта «қазақстандық жол» деген түсiнiк бар. Бұл – жақсылықтың нышаны. Ғалым Шоқан Уәлиханов заманында бiр сөздiң ретiне орай бiз қазақ бейбiт халықпыз деп мақтанышпен жазған едi. Рас, бейбiт халықпыз, алып империя КСРО күйрегенде этносаралық келiсiм мәселесi табиғи түрде шешiлдi. Ол қазақ этносының, оның мәдениетiндегi өзiме ғана емес, өзгеге де орын бар деген кең пейiлi негiзiнде елде татулық орнады. Әйтпегенде, нағыз бүлiк заманы сол кез емес пе едi. Бүлiкшiлдiк табиғатында жоқ, бейбiт халық өзге этностарды қасына топтастырып, этнос мәдениетiнiң жаңа тұрпаттағы үлгiсiн әлемге паш етiп келе жатқанын қалайша мақтанышпен айтпасқа.

Этнос мәдениетi – әр халықтың даралығын бейнелеумен қатар, ол халық бiрлiгiне қызмет ететiн қуат. Бұл Қазақстанда өмiр кешiп жатқан бар этностарға, олардың мәдениеттерiне қатысты. Бiрге өмiр сүре бiлу мәдениетi – этнос мәдениетiнiң өзегi. Этнос мәдениетi – ақын Шәкәрiм тiлiмен баян етсек, сел ағызбай, ел шаруасын бұзбай, бейбiт тұрмысты көздiң қарашығындай сақтап өмiр сүру.

Сөзiмiздi жинақтай айтсақ, әңгiме өрiсi Мемлекет, Қоғам, Ел және Этнос деген ұғымдарға қатысты болып отыр. Мемлекет, Қоғам, Этнос туралы жоғарыда жинақтап, қысқаша айттық, ендi Ел дегенге келсек, айтарым, ел болу – ежелгi арман. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 29 мамырда бiр топ қазақ тiлдi бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен кездескенде «Қазақ елi» монументiне қатысты әңгiме өрiсiнде ол кiсiге журналист мынандай сауал қойған едi:

– Кейiнгi кезде түрлi мақалаларда «қазақстандық ұлт» деген ұғым қолданылып жүр. Осыған байланысты мұның өзi жаңа ғана мемлекет құрған ұлтты өзiндiк табиғатынан айырады деушiлер бар. Осы жөнiндегi Сiздiң пiкiрiңiздi бiлгiмiз келедi. Елбасы қоғамдағы осы бiр алыпқашты пiкiр туралы: – «Жалпы, бұл жерде бiр түсiнбеушiлiк бар сияқты. «Единая казахстанская нация» дегендi «Бiртұтас қазақстандық ұлт» деп аудару дұрыс болмас. «Нация» мен «национальность» (ел-жұрт және ұлт) деген ұғымдар бар. Қазақстан – қазақ ұлтының негiзiнде құрылған мемлекет. Қазақстан деген сөзде қазақтың мемлекетi деген ұғым жатыр. Сондықтан да бұл идеяны, менiң ойымша, қазақ тiлiнде «қазақстандық ұлт» емес, «қазақстандық ел» деп атаған жөн тәрiздi. Өйткенi халқымызда «ел» деген ұғымның астарында аса үлкен бiрiктiрушi, топтастырушы күш жатыр. Ерте замандардың өзiнде «егемен болмай ел болмас» деген бабаларымыз елдiкке шақыру, ел болуға үндеу арқылы мемлекеттiлiктiң берiк iргесiн қалап келген. Сонымен бiрге «Қазақстан» сөзiнiң өзi «Қазақ елi» дегендi бiлдiредi.

Мына жайдың басын ашып айтқым келедi. Бұл ұғым әлi де теориялық тұрғыдан жан-жақты қаралуы, практикалық тұрғыдан тиянақталуы қажет («Егемен Қазақстан» газетi. 31.05.2008). Елбасының осы толғамында терең ойлар жатыр. Шынында да, қазаққа жақын ұғым – «ел». Ұлт деген – коммунистiк идеологиямен бiрге келген ұғым. Қазақтың байырғы лексикасында ұлт деген бiз қолданып жүрген мағынада сөз болмаған. Сондықтан Президенттiң «қазақстандық ұлт» дегеннен «қазақстандық ел» атағаны жөн тәрiздi дегенi, бiздiң қоғамдық санадағы дұрыс бағыт. Бүгiнде ресми аталуымыз Қазақстан болғандықтан «қазақстандық ел» деуiмiз заман шындығы, ал Президенттiң әрi қарай ой өрiсiнде айтқан «Қазақстан сөзiнiң өзi «Қазақ елi» дегендi бiлдiредi» дегенге назар салсақ, мәселе айқындала түспек, «қазақстандық ел» деудiң орнына өте әдемi әрi мәндi, терең әрi мағыналы «Қазақ елi» – деп айтсақ қандай ғанибет. «Қазақ елi» – бiз үшiн арман болған сөз. «Қалың елiм, қазағым, қайран жұртым» дегенде Абай осы күндi армандаудан айтты емес пе?! Қазақстанды қазақ елi деп атау ғасырлардан ғасырларға өтiп келе жатқан халқымыздың асқақ арманы. Өткен ғасыр басындағы Алаш азаматтары ел атануды саяси мақсат еткен.

Президент осы айтылып отырған мәселенi теориялық тұрғыдан жан-жақты қаралуы, практикалық тұрғыдан тиянақталуы қажет деп отандық ғалымдардың алдында жаңа мiндет қойып отыр. Президентiмiз айтқандай, «ел» деген ұғымының астарында бiрiктiрушi, топтастырушы күш жатыр деген рас сөз, бiздiң санамызға болашақта ең сiңiстi ұғым «ел» болмақ. «Қазақ елi» монументi – соның кепiлi. Әрине, солай дегенмен қазақ елiнде қоян-қолтық бiрiгiп өмiр сүрiп жатқан өзге ағайындарды қалай атамақпыз? Жоғарыда айтқан этнос деген мәндi ұғымды қолданып, қазақ елiнде көптеген этнос өкiлдерi бейбiт түрде азаматтық негiзде өмiр сүруде деп мақтанышпен айтуға әбден болады емес пе?!

Ұлт дегендi лениндiк ұлт саясатына қатысты ұғым екенiн мойындасақ, егемендiк жағдайында өзiмiз туралы қазақ ұлты демей, қазақ елi, қазақ халқы, қа-зақ этносы деген терең мазмұнды ұғымдарды қолдансақ, саяси лексикамыз заманға сай болмақ деген ойдамын. Сонымен бiрге қазiргi жағдайда қазақ тек этнос емес, азаматтық ұғымға ұласып бара жатқанын байыптап алғанымыз жөн. Өйткенi бүгiнде, құдайға шүкiр, елiмiзге өзiмiз иемiз. Сондықтан қазақ елiнiң азаматтарының бәрi келешекте «қазақ» болып аталмақ, әрине, бұған да белгiлi уақыт керек шығар, бiрақ қазақ елiнде ғұмыр кешiп жатқандарды кiм демекпiз? Мысалы, шетелге бiздiң елден iссапармен және басқа да жағдаймен барғанның бәрiн «қазақтар» дейдi. Сондықтан әлемдiк дәстүрге бой ұсынсақ, қазақ елi-нiң азаматтарының қазақ атануы таң қалатын iс емес.

«Қазақ елi» монументiнiң алдында тұрғанда қазақ мәселесi ойға орала беретiнi табиғи жағдай. Бұл монументтiң тәрбиелiк, тағылымдық мәнi зор және әрбiр қазақты тек бүгiнгi күн емес, болашақ туралы ойлантуы заңды. «Қазақ елi» монументi өткен күндi көз алдымызға елестетумен бiрге келешек туралы ой қозғайды. Алға басу үшiн жол керек, ол қандай жол дегенде Президент атап айтқан «қазақстандық жол» – дегендi айтпақпын. Бiрақ бұл жолдың мазмұны неде, кешегi күнi социализм жағдайында өмiр кештiк, бүгiнде капитализмге ұқсас қоғам құрудамыз. Менiң айтарым, бiздiң елдiң жүретiн жолы социализм де, капитализм де емес, жаңа жол болуы керек. Ол үшiн кезiндегi Жапонияның, бүгiнгi Финляндия елiнiң тәжiрибесiн ескерген жөн. Бұл жерде басты мәселе орта бизнес пен алпауыттар арасы алшақ болмауы керек. Олигархиялық байлыққа тежеу салық арқылы реттелуi қажет. Олигархтық мәндегi капитализм жақсылыққа бастамақ емес, Елбасы қымбат автокөлiк, аса бағалы тұрғынжайы барларға салық мөлшерi де соған сай болуы керек деген ойды үнемi бiлдiруде. Бiздiң қоғамның мақсаты – ұсақ және орта бизнестi мейлiнше жетiлдiру. Ойлаймын, қазiргi ипотека дағдарысына қатысты елiмiзде жүрiп жатқан қаражат ресурстарының реттелуi, негiзiнен, қашан болмасын болуға қажеттi шаралар едi. Бүгiнде әр нәрсенiң нақты құны анықталуда. Мұны бiр десек, екiншiден, кезiнде социализм капитализмнiң әлсiздiгiнен шыққанын мойындауымыз керек. Егер капитализм қуатты болса, социализм дүниеге келмес едi. Капитализмнiң әлеуметтiк жүйесi әлсiз болды, пайда табу iсiне жерiк болғанымен, ол әлеуметтiк мәселенi шешуде дәрменсiздiк танытты. Ендi қаржы жүйесiн реттеуде де дәрменсiздiк танытуда. Социализмнен шыққан бiз тәрiздi елдер осы тұрғыдан келгенде, жетiлген деген капиталистiк елдерден әлеуметтiк мәселелерде алда екендiгiмiздi ұмытпауымыз қажет. Социализм кезiнде бiлiм, денсаулық және әлеуметтiк салада тиiмдi халықтық жүйе қалыптасты. Социализмнiң осы дәстүрiн нарықтық қатынастармен қалайша үйлестiрсек екен деген ой менi кейiнгi кезде мазалауда. Бiзге таза капитализм де, таза социализм де емес, орта жол керек сияқты. Қысқа болса да өткен тарихымызды бағамдап отырсақ, өкiнiшке қарай, бiз нарықтық қатынас қолға алына бастағанда тек пайда табу жағына қарай ойысып кеттiк.

Бұл да – капитализмнiң алғашқы қадамдарында болатын құбылыс. Ендi ес жинаған кезде ойланатын мезгiл жеттi. Президент 15 қазанда төрт телеарнаға берген сұхбатында елiмiздегi бiрлiк табысқа жеткiзедi деген ой айтты: «Бүгiнде әлемде болып жатқан үдерiстерге қарасақ, тек Құрама Штаттары мен Еуропа елдерi осыдан бiр апта бұрын ғана 6 аса iрi компанияның акцияларын сатып алды. Бұл үдерiстер жалғасуда. Исландия тура осылай жасады. Ұлыбритания да осындай қадамға барды. Демек, аталған мәселеде мемлекеттiң рөлi жоғарылай түсiп келедi. Немiс қаржы министрi экономиканы жүргiзудегi англо-саксон жүйесiнiң тиiмсiздiгiн атап көрсеттi. Яғни, бұл жүйе бойынша барлығы еркiндiкке жiберiледi. Қаржы реттелiп отырмайды. Бәрi өзiнен-өзi жүредi. Ал дағдарыс жағдайында, жоғарыда атап көрсетiлгенiндей, мемлекеттiң реттеушiлiк рөлi жоғарылайды. Қазақ елiнiң де бұған келуi әбден ықтимал. Бiрақ дәл қазiр Отанымызда бұлай жасауға қажеттiлiк байқалмайды» («Егемен Қазақстан» газетi. 10.17.2008).

Әлемдiк дағдарыс кiмге болмасын ықпалын тигiзбеуi мүмкiн емес, бiрақ отандастарым бiр мәселенi де ескергенi жөн. Дағдарыстан күйреп шығатындар да, байып шығатындар да болады. Дағдарыс деген – сынақ. Дағдарыс деген адам бойындағы ресурстарды реттестiру деуге де болады. Дағдарыстан қорқып-үрiкпей, дағдарыс кезiнде дұрыс өмiр сүре бiлуге дағдылану – қажеттiлiк. Осындай жағдайда Президент халықты дағдарыспен жекпе-жек қалдырып отырғаны жоқ. Ол үкiмет алдына үш мiндет қойды, олар: макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету; азаматтарының әлеуметтiк жағдайларын жақсарту мақсатындағы iс-шараларды тоқтатпау және экономикалық жаңғыру iсi. Осы үшiн Ұлттық қордан 10 млрд АҚШ доллары бөлiндi, ол туралы парламент шешiм қабылдады.

Бұл нарықтық қатынастарды мемлекеттiк деңгейде реттеу деген сөз, бұл қаржы банктерге емес, экономикаға көмек, ал банк дегенiмiз экономиканың қан тамыры деген сөз бар. Осы жағдайларға ой тезiне салып отырсақ, мемлекет пен экономика деген iстерде англо-саксондық капиталистiк жүйеде қателiктер болды деуге негiз бар.

Бұл – аналитиктер пайымдауынша, қарыз дағдарысы. Қарызды пайдалы екен деп ала бiлу бар да, оны қайтару парызы бар екенiн бiлген жөн. Соңғы жағдай орындалмай, қарыз қайтарымы болмады. Халқымыз судың да сұрауы бар деушi едi. Пайдалы қарыз алу мүмкiндiгi қаржылық утопия қалыптастырып үлгердi. Утопиядан сақтанған дұрыс едi. Утопия шындықтың өзi емес, оның буы ғой. Кезiнде социализм әлеуметтiк утопияны негiзге алып күйресе, англо-саксондық қаржы жүйесi қаражат утопиясына ұрынып, әлем халықтарына ауыртпашылық әкелiп отыр. Солай болғанымен, дағдарыс iзденiс заманы демекпiн, ол көп нәрсеге көзiмiздi ашпақ.

Бiз шын мәнiсiнде социализмнiң ғана күйреуiнiң куәгерi болып қоймай, капиталистiк әлемнiң күйреуiнiң де куәгерi болып отырмыз. Аналитиктердiң айтуынша, қазiргi әлемдiк қаржы дағдарысы капитализмнiң англо-саксондық түрiнiң дағдарысы деуде. Мен де осындай пiкiр жағындамын. Социализмнiң күйреуiмен қатар капитализмнiң iргесi сөгiле бастады, ендi үлгi боларлық қоғамның жаңа түрiн анықтау қажеттiлiкке айналуы әбден мүмкiн. Басылым беттерiнде америкалық қаржы орталықтары Қытай Халық Республикасынан көмек сұрауда, кейбiр америкалық банктердi қытайлар сатып алмақ. Бұл нендей жағдайдың белгiсi? Демек, қаржы дағдарысынан шығуда бiреулерге иек арту мүмкiн емес, мәселе, әркiмнiң өзiнше ойлап, өзiнше харекет етуi, сiрә, тиiмдi болмақ. Әрине, әлемдiк қаржы қатынастарындағы «ойындарды» есепке алмай, өмiр сүру ашық қоғам жағдайында мүмкiн емес, сонымен бiрге әркiм өз мүмкiндiгiнше iс, харакет етпек. Осы iсте бiздiң елдiң ұтатын жағдайы бар, ол – елдiң саяси, әлеуметтiк және рухани тұрақтылығы. Әлемнiң қаржыгерлерi инвистиция саясатын ешқашан тоқтатпақ емес, бұл заңдылық, бiрақ инвесторлар «тыныш» аймақ iздеуде, ел iшi iрiткi болып жатқан жерден пайда таппақ түгiл, бас амандығы мәселеге айналмақ. Қазақстанның қазiргi жағдайы шетелдiк инвесторлар үшiн қолайлы аймақ, мiне, халық бiрлiгiнiң әлемдiк қаржы дағдарысы кезiндегi пайдасы.

Қазақстан азаматтарының этносаралық келiсiмi халықтың бiрлiгiне бастайтын жол десек, ассамблея қызметiн, миссиясын дұрыс түсiнгендiк болар деймiн. Демек, этнос мәдениетi халық бiрлiгiнiң айғағы болмақ. Осы тұста академик Дмитрий Лихачевтiң мәдениет мәдениетке иек артса ғана нағыз мәдениет болмақ деген ойы есiме түсiп отыр. Өзiмен-өзi ғана болған мәдениет, ол нағыз мәдениет емес, ол тұйықтық, сабақтастықтың үзiлгенi, болашақтың болмағаны. Нағыз мәдениет магнит өрiсi сияқты, ол өзге мәдениеттердi баурап тартып барып құнарлана түспек. Әңгiме етiп отырған этнос мәдениетi – сондай мәдениет. Қазақстандағы әр этнос мәдениетi бәрiмiзге ортақ құндылық, тек осы ой ғана ассамблея жұмысының мазмұнын байыта түспек.

«Егемен Қазақстан» газетi. 04.11.2008

Сана болмысы

Подняться наверх