Читать книгу Сана болмысы - Ғарифолла Есім - Страница 6
I
МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ САЯСАТ
АКМЕ-ҚОҒАМ – «НҰҚ КЕМЕСI» (Қазақстан Республикасы Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың «Дағдарыстан шығу кiлтi» («Российская газета». 02.02.2009.) деген мақаласы туралы ойлар)
ОглавлениеАдамзат тарихында ауыр оқиға болған. Жер жүзiн су басып, қара жерге бейiмделген жан-жануарлардың өмiр сүруiне қауiп төнген. Осы алапатты күндi ерте сезген Нұқ пайғамбар кеме жасатып, әрбiр жәндiк, хайуан түрлерiнен тұқым қалдыру үшiн қос-қостап кемесiне алған. Мерзiмдi уақытта су қайтқан соң, бәрi кемеден шығып өзбетiнше күндерiн көрiп кеткен. Нұқ кемесi туралы аңыздың қысқаша мазмұны осы.
Мифте Нұқ пайғамбар – адамзатты апаттан құт-қарушы. Нұқ кемесi – идея! Қиыннан жол тапқанда айтылатын символ. Дәп топан суы сияқты болмаса да, бүгiнде адамзат қауымы әлемдiк қаржы дағдарысына түсiп отыр. Бұл дағдарыстың «Топан суы» аңызымен бiр ұқсастығы бар, ол жер жүзiн басқан судың шетi көрiнбеген сияқты, дағдарыстан құтылып шығудың мерзiмiн ешкiм де нақтылы айта алмақ емес. Бұл дағдарыс басталғалы көп болған, нақтылы бiзге айқын түске енiп көрiнгенi 2007 жылдың тамызы. Бұл кезге дейiн, ол барын жинап, «қуаттанып» жатқан. Дағдарыс деген – қуат, бiрақ ол терiс мәндегi қуат. Дағдарыс деген – үйреншiктi тұрмысты, дағдыны, мiнездi, шаруаны, тәртiптi, басқару жүйесiн, ойлау жүйесiн бұзушы қуат.
Дағдарыс – әлем тәртiбi туралы сана. Әлемдiк тәртiп бұзылса, бiз дағдарыс басталды деп айта бастаймыз. Ал шынына келгенде дағдарыс деген – өзгерiс, бiрақ шешiмi айқындалмаған, адамдардың дағдылы өмiр сүру тәсiлiне сәйкессiздiк туғызған, оларды жаңа iзденiске салып қинайтын сын. Бұл – әркiмге әрқилы әсерi бар өзгерiс. Кей адамдар дағдарысты аңсап тұрады, өйткенi сын сағаты – ерлiк, парасаттылық, кiсiлiк, қайраттылық, көрегендiк, көсемдiктi туғызатын мүмкiндiк алаңы. Адам жұмақта тұру үшiн анасынан тумаған, оған Адам ата, Хауа анасы сияқты маңдай терiмен тiршiлiк ету бұйырған, сондықтан, ең алдымен, айтарым, күнде нөсер жаңбыр сияқты телеарналар, басылым беттерiнен төгiлiп жатқан «әлемдiк қаржы дағдарысы» деген даурықпадан қорқып-үрiкпеу керек. Қорқыныш адам бойына үрей туғызатыны әуел бастан айғақты жағдай. Бойын үрей билеген жан өзге түгiл, өз iсiне басшы бола алмай, нағыз дағдарысқа түспек. Дағдарыстан қорқып-үрiкпей, одан сақтану қажет екенiн баса айтқым келедi. Жаратушымыздың «сақтансаң ғана сақтаймын» деген сөзi бар деймiз. Бұл сөздi дәп құдай құлағымызға сыбырлап кетпеген шығар, сiрә, ол мыңдаған жылдар өмiр сүрген адамзаттың тәжiрибесiнен туған түйiндi сөз болса керек.
Сақтық – биологиялық мәнде инстинкт. Жанды нәрсенiң сақ болуы, оның өмiр сүруiнiң негiзгi тәртiбi, одан айрылғандар тiршiлiк иесi болудан қалмақ. Сақтық тек биосфераға ғана емес, ол, Владимир Вернадский лексикасына салсақ, ноосфераға да тiкелей қатысты. Қара жердiң тағдыры өркениеттiк үрдiсiндегi адамзаттың талқысына түскелi, менiң болжауымша, үш ғасыр болды. Әсiресе ХХ ғасырда адамзаттың ақыл-ойы мен оның нәпсiлiк (тойымсыздық) болмысы арасындағы алшақтық, адам дағдарысына бастады. Өлшеусiз пайда табу тәсiлi адамзаттың тiзесiн бүктiрдi. Байлық пен кедейлiк дегендер тек әлеуметтiк мағынадағы ұғымдар ғана емес, олар iлiмдердiң негiзiне айналды. Дағдарыс дегенiмiз – осы байлық пен кедейлiктiң алма-кезек толқуынан туындайтын «топан суы». Дағдарыс – Жаратушы жасайтын құбылыс емес, адам қоғамының төл табиғаты. Сондықтан дағдарыс дегендi жалпылама айтпай, оны нақтылы саралаған жөн. Дағдарыстан шығудың басты жолы – оның табиғатын танып бiлу. Осы тұрғыда Президент Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың 2 ақпанда «Ресей газетiнде» жарияланған «Дағдарыстан шығудың кiлтi» атты мақаласының танымдық маңызы ерекше демекпiн. Мұнда әлемдiк дағдарыстан шығудың жолдары туралы идея айтылған.
Мақаланың орысша, қазақша мәтiнiн қайталап оқып шыққаннан кейiн, көкiрегiме мынандай ойлар түйдiм.
Байқаймын, әлемдiк қаржы дағдарысы туралы басылым беттерiнде бiржақты жазылуда. Бәлкiм, бұл да арнайы жасалып отырған қажеттiлiктен туған идеологиялық дизайн болуы да ғажап емес. Мәселе әлемдiк қаржы дағдарысында емес, мәселе капитализмнiң дағдарысында, бұл туралы мақалада былай айтылған: «Бұл әлемдi әдет бойынша бiз әлемдiк капитализм деймiз. Ақаулы валютаға негiзделген жаңағы ақаулы капиталды шынайы атымен, мәселен, «дефектал» деп атау дұрысырақ әрi адалырақ болатынын түсiнсек те әлемдiк капитализм деп келемiз.
Жуырда бүкiл әлем бойынша жүздеген миллиардерлердiң санаулы айлардың iшiнде бүкiл «ақаулы капиталы» кенеттен бiрқыдыру дерлiк құлап түскенде өздерiнiң қиялдағы капиталдарының бүкiл нақты ақаулығын iс жүзiнде бастан кешiрдi. Ендi олардың өздерi де бұл нағыз «дефектал» екенiн айқын көрiп отыр».
Капитализмнiң ақаулығы тек қазiргi әлемдiк қаржы дағдарысынан ғана көрiнiп отырғаны жоқ. Ол өз кемшiлiгiн ХХ ғасырдың басында-ақ жария етiп алған, соның нәтижесiнде бүкiл әлемдi «коммунизм елесi» шарлап кеттi. Ол елес социализмнiң емес, капитализмнiң дертiнiң көрiнiсi едi. Бұл жағдайды капитализмнiң «сарапшылары» нақтылы көре бiлдi. Солардың бiрi Карл Маркс, екiншiсi Владимир Ленин болатын. Сарапшылардан келетiн қауiптi сезген капитал идеологтары сақтана бiлдi, оған даярлығы жоқ елдер большевизм, коммунизм батпағына батты, яғни адам айтқысыз дағдарысқа түстi. Социализм – капитализмнiң әлсiздiгiнен өсiп-өнген қоғам. Бұл қоғамның келе-келе күшейгенi сондай, ол өзi өсiп шыққан капиталистiк қоғаммен тайталасқа түсiп, әлемдiк жүйе құрып, жаңа әлемдiк тәртiп орнатты. Кеңес заманында оқулықтарда капиталистiк және социалистiк лагерь деген түсiнiк болған. Коммунистiк идеология әлемнiң тең жартысына өзiнiң өктемдiгiн жүргiздi. Бұл, әрине, капиталдың ақаулығының нәтижесi едi. Капитализмнiң «дефектал» болатындығы, нарық еркiндiгiнiң басқаруға көнбейтiндiгi, соның нәтижесiнде мемлекеттiң әлеуметтiк мазмұнының әлсiреуiнде. Әркiмнiң тек өзi үшiн жауапты болуы дұрыс, бiрақ мұндай жағдайда қоғам iсi қалай болмақ. Адамзат қауымдасып өмiр сүруден өзге альтернатива тауып па едi. Даниэль Дефоның Робинзон туралы жазғаны – қызықты хикая, ол – нағыз адам ғұмыры емес. Адамның күнi адаммен, ол – социология. Адамның ғұмыры дегенiмiз – ол оның әлеуметтенуi. Бұл мәселенi капитализм түбегейлi шеше алмады. Бұл капиталдың ақауы ғана емес, оның әлеуметтiк дертi едi.
Осы айтылған жайлардың жалғасы ретiнде мақалада мынандай тұжырым жасалған: «Солай болып отыр, бүкiл бiздiң әлемiмiз күтпеген ретте және байқаусызда жаhандық дағдарыс туннелiнiң «кiреберiсiнен» өтiп кеткен, ал одан «шығар есiк» бүгiнде ешкiмге дерлiк көрiнбей тұр». Жаhандық дағдарыс туннелiнiң «кiреберiсiнен» бүкiл әлемнiң байқаусызда өтiп кеткенi, әлем еркiн нарық алаңына айналып кетiп едi. Капитализм жағдайында бұдан өзге амал жоқ. Нарық еркiндiгi өзiн-өзi реттеп, тәртiпке келтiре алатын күш емес, ол тас-қын, жолындағысын жұтып, қиратып алып жүре бермек. Бұл жолда тiптен құқықтық институттардың өзi нарық еркiндiгiне бейiмделiп, бiрте-бiрте оған қалай қызмет етiп кеткендерiн аңғармай да қалады. Нарық еркiндiгi өз мүмкiндiгiн заңдастырып алған соң, оған еш кедергi жоқ, мұндай жағдайда мемлекет реттеушi емес, керiсiнше, оған мүмкiндiктер туғызушы институтқа айналып кету қаупi үнемi сақталып отырады. Мұның бiр объективтi жағдайлары да бар, ол – нарық еркiндiгiнiң «көсемдерiнiң» елдiң экономикалық, әлеуметтiк тұрақтылығын өз қолдарына алып, позитивтi мәнде көрiнуi. Бұл – әрине, жағымды жағдай, бiрақ түптiң-түбiнде әдiлеттiлiкке бастайтын жол емес. Олигархтар өктемдiк жүргiзген қоғам тұрақтылығы шартты мәселе деуге, осы әлемдiк қаржы дағдарысы ой салып отыр. Бұл жерде Жапония тәжiрибесiн ескерген жөн, оның мәнiсi – олигархтардың пайда болмауын салық саясаты арқылы реттеп отыру. Капиталдың шоғырланғанынан, яғни байлық көлемi асқан сайын, салық көлемiн молайта беру, бұл үрдiс Америка Құрама Штаттарында т. б. өзге елдерде болмағандықтан олигархтар шоғыры өсiп шыға келдi, бұл жағдай Ресейде де болды, оларға бұл елде кезiнде қойған тосқауылдар нәтижелi болды. Қайталап айтып жүрген шағын, әсiресе орта бизнес секторы қоғамдағы шешушi күшке айналғаны жөн. Бұл мәселе туралы Дэниел Белл 1973 жылы жарық көрген «Постиндустриалдық қоғамның көкжиегi» деген еңбегiнде: «Усиливается роль малого бизнеса, производится всё больше мелкосерийных товаров со множеством модификаций и вариантов услуг с целью удовлетворить потребности разных групп потребителей. В результате, небольшие гибкие предприятия становятся конкурентоспособными не только на локальных рынках, но и в глобальном масштабе. По мнению ряда экономистов, «концепция национальных лидеров умерла вместе с General Motors – в нее никто не верит; сердце экономики – небольшие мобильные компании»», – деп жазады.
Осы мәселеге орай Қазақстан жағдайында айта кететiн жай – шағын бизнес стихиясы туралы. Бизнестiң бұл түрi арнайы мемлекеттiк, сонымен бiрге идеологиялық назарды қажет етедi. Сонымен, бiз дағдарыс туннелiне өзгелермен өтiп кеттiк, өзге амал болмады, бұл iсте бастаушымыз өркениеттi деген, дамыған деген елдер болған соң, бiз қалайша шетте қалмақпыз? Бар жақсылық батыс Еуропадан, Америка Құрама Штаттарынан деген стереотип әбден психикамызға, санамызға сiңгендiктен солай болды, әлi де солай болып отыр. Балаларымызды сол елдерде оқытуға ынталымыз, онымыз дұрыс та шығар, бiрақ соның нәтижесiнде дағдарысқа да солармен бiрге енiп отырған жағдайымыз бар. Ендiгi жерде жағдайымыз не болмақ? Шығар есiктi бiрге iздеймiз, туннель түкпiрiнде жарық бар деген үмiттемiн. Осы тұста мына жайды нақтылап алған жөн, ол – «Сыртқы дағдарыс» және «Iшкi дағдарыс» деген ұғымдар туралы. Әрине, екеуi бiр-бiрiне тығыз байланысты, бiрақ бiзге бiреулер сырттан келiп, қазақ елiн дағдарыстан шығарып бермейдi. Мұны бiр десек, екiншiден, сыртқы дағдарыс өз шешiмiн тапқанымен, ел дағдарыста қалып қана қоймай, тiптен ауыр халге түсiп кетуi мүмкiн. Сыртқы дағдарысқа, оны реттеуде бiздiң шешушi рөлiмiз шамалы. Дағдарыс, негiзiнен, Америка Құрама Штаттары мен Қытай Халық Республикасындағы жағдайларға байланысты анықталмақ. Сондықтан мәселе сыртқы дағдарыста емес, iшкi дағдарыста. Бiздiң дағдарыстан шығатын өз жағдайларымызда, мүмкiндiктерiмiздi қарастыруымыз керек. Ол iстер атқарылып жатыр. Осы тұста Президенттiң көрегендiгiн айтпасқа болмайды. Болашақ ұрпақ қамы үшiн деп жиналған Ұлттық қор бүгiнде өз миссиясын атқаруда. Жалпы, бiз әлемдiк қаржы дағдарысына даярлықпен келген елмiз, соның бiр параметрiне ғана тоқталайын, ол – тiрнектеп жинаған «акме-капиталымыз» елдiң экономикалық, әлеуметтiк, саяси тұрақтылығы. Қандай дағдарыс болмасын, әлемдiк инвесторлар өз капиталдарына ел iздейдi, оларға тұрақты ел керек, ол – Қазақстан Республикасы. Ұлттық қор туралы жоғарыда айттым. Үшiншiден, бiзде социализмнен қалған бiлiм саласындағы дәстүр бар, ол бұзылған жоқ, айтпағым, елiмiзде бүкiл халықтың 99,8 %-ның орта бiлiмi бар, бәсекеге қабiлеттi 50 елдiң iшiне енемiз деген ниетiмiз болса, бұл мәселеде әлемдегi 14 елдiң iшiндемiз, бұл – орасан мүмкiндiк, ел капиталы. Мұндай жағдай өркениеттi деген iрi елдерде жоқ, мысалы, бұл көрсеткiш Түркияда 76 % шамасында, Үндiстанда 57 %, т. б.
Сондықтан туннелден шығар есiк iздеуге бiздiң қауқарымыз бар, iшкi мүмкiндiгiмiз жеткiлiктi. Бiздiң қазақ елi әлi өзiмiздiң iшкi ресурстарымызды, адами мүмкiндiктерiмiздi толық iске қосқан жоқ деп айта аламын.
Әзiрше мәселе тұйықталып тұрғаны әркiмге аян. Себебi дағдарысқа әрбiр адам, әрбiр отбасы түсiп отыр. Түспегендер әлi түспек. Бұдан қашып құтылу жоқ, демек iзденiс қажет. Дағдарыс деген – қиыншылық, одан шығу жолы iзденiс, содан нәтиже шықпақ. Сонымен, дағдарыс үш сатыдан тұратынын айтпақпын: қиыншылық – iзденiс – нәтиже.
Мақалада ақаулы капитализм өз дәрменсiздiгiн көрсетiп, ол бүгiнгi әлемге жайылып отырған қаржы дағдарысына айналған деген ой айтылған. Сөзiмдi тағы қайталап айтсам, социалистiк идея, одан әрi социалистiк қоғам, әлемдiк социалистiк лагерь капиталистiк жүйенiң кемшiлiгiнен, дәрменсiздiгiнен, ақаулығынан туған құбылыс едi. Капитализм мықты жүйе болса, социализмге жол ашылмас едi. Солай бола тұра социализм күйредi, тас-талқаны шықты, себебi ол адам табиғатына кереғар қоғам болды. Сол оның түбiне жеттi. Социализм акме-социализм бола алмады.
Жеке басыма қатысты айтсам, социализм халықты болашаққа алып шыға алатын қоғам деген сенiм шырмауында 1980 жылға шейiн болдым. Күдiк осы жылдан бастап ене бастады. Одан бұрын социализмдi сынағандарға мән бере қоймайтынмын. Асылы, күдiгiм халқымыздың отызыншы жылдардағы аштыққа ұрынып қырылғанын бiле бастағаннан бергi кезде ұл-ғая түстi.
Бұл жылдары француз коммунистерiнiң «нақтылы социализм» және «теориялық социализм» деген айтыстарына қосылып, мен де соңғысын жақтап жүргенмiн. Бiздiң елдегi социализмдi «теориядан» ауытқушылық деп түсiндiм.
Бүгiнгi күндерi марксизм-ленинизмге сын көзбен қарасам, социализмнiң теориясы да, практикасы да әкiмшiлiкке құрылған екен. Оны К. Маркс те, В. Ленин де жасырмай ашықтан-ашық айтқан. Олардың пайымдауынша, пролетариат диктатурасы – социалистiк қоғам құрудың басты заңдылығы. Бұл – бәрiмiзге белгiлi ақиқат, тек оның мәнiсiне зер салмағанбыз. Диктатура дегенiмiз – әмiршiлдiктiң ең жоғарғы формасы. Бұл жөнiнде Сен-Симонның да мынандай пiкiрi бар: «…с теми, кто не будет повиноваться указаниям предусмотренных его теорией плановых советов, станут обходиться, как со скотом» (Вопросы философии. – 1990. – № 10. – С.126-127).
Социализмнiң құлдық қоғамға айналатынын ағылшын ойшылы Г. Спенсер (1820-1903) «Болашақтағы құлдық» деген еңбегiнде айтқан. Бұл шығарма орыс тiлiнде 1884 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген. Оны айтып отырғаным, социализмге қарсылық ертеде қалыптасқан.
Басында революционер, большевик атанған А. Богданов Лениннiң Ресейде құрмақшы болған социализмiне қарсы шығып, ол құлдыққа бастайтын жол екенiн көре бiлген. Оның бұл ойын 1905 жылы жарық көрген «Жаңа әлем» деген еңбегiнен табамыз.
А. Богданов еңбектi ұжымдық түрде ұйымдастыру неге апарып соғатынын нақтылы түрде дәлелдеп берген. «Мұндай жағдайда, – дейдi ол, – жеке адамның қабiлетi есепке алынбайды, бәрi бiр белгiленген тәртiпке бағынады, сөйтiп, қабiлет құнсызданады. Елде «мемлекеттiк казарма» тәртiбi орнайды». Бұл сөздердiң растығына көзiмiз жеттi.
Социалистiк идея оған сай құрылған қоғам әдiлеттiлiктi түпкiлiктi шеше алмайды. Себебi социализм кедейшiлiктi мұрат еткен қоғам. Кедейшiлiктiң өлшемi – кедейшiлiк. Социализм кедейлер қоғамы болғандықтан, адамдардың iскерлiкпен байлық жасауға ұмтылған әрекеттерi мемлекет тарапынан қатаң жазаланып отырды. Адам айтқысыз көптеген шектеулер қойылды. Адамның өмiр суру кеңiстiгi тар болды. Мұндай жағдайда әдiлет тек ұран ғана болып, iс жүзiнде тоталитаризм әрекет еттi.
Социализм – өз табиғатынан тоталитарлық қоғам. Ол адамның қиялымен үндес келгенмен, оның табиғатына жат. Сондықтан социализм жүйесiнiң күйреуi де табиғи жағдай болатын.
Бiздiң ұрпақ өздерi өмiр сүрген социалистiк қоғамның тас-талқаны шыққанын ғана көрiп қойған жоқ, ол капиталистiк жүйенiң дағдарысына да куәгер болып отыр. Бұл, бiр жағынан, санаға өте ауыр салмақ түсiретiн оқиғалар, екiншi жағынан, еркiн ойлау өрiсiн ашатын оқиғалар. Президент мақаласында: «… бiз бүгiнгi әлемге, сол секiлдi болашақ жаңа әлемге бұрынғыша ескi ойлау құралдарының оптикасы арқылы қарайтынымыздан орын алған болар. Бiрақ та Түбегейлi жаңаруды бастау үшiн бiзге бүкiл ойлау жүйемiздi жаңарту керек. Тиiсiнше барлық ұғымдарды, категорияларды, теорияларды, кестелердi, ойлау тұжырымдарын және жаңа дүниенiң деректерi мен құбылыстарын белгiлейтiн терминдердi жаңарту керек».
Мiне, алдағы атқарылар iстер! Жаңа ұғым, түсiнiктер қажет, неге десеңiз, ғылымның объектiсi түбегейлi өзгерiске түстi. Қазiргi дағдарыс көп мәселенiң бетiн ашты, мысалы, Ресей бизнесменi Олег Дерипаско: «Бұл – қаржы дағдарысы емес, өнiмдi шектен тыс шығару дағдарысы», – дейдi. Артық өнiм шығару, әрине, дағдарысқа апарары сөзсiз осы идея туралы италяндық финансист, экономист Джанни Валлерга былай дейдi:
– «Знаешь, мне кажется, что с этим мировым экономическим и финансовым кризисом ушла в прошлое эпоха нынешнего капитализма, которая, казалось, была незыблема и могла производить бесконечные бога-тства. Но реальность доказала обратное. Оказалось, что эта система была выстроена на песке, поскольку в последние годы капитализм во многих случаях производил деньги из воздуха, ничего не создавая, за счет спекуляций. Теперь ясно, что капиталистическая система – не что иное, как огромная финансовая пирамида, мыльный пузырь, который рано или поздно должен был лопнуть. Вот он и лопнул. И в этой исторической фазе, думаю, кончился свободный рынок в нынешнем его виде, поскольку этот рынок не может сам себя регулировать. Это поняли даже в Америке (Литературная газета. – 14-20.01.2009) », – деп жауап бердi.
Мен бұл мәселенi неге мұқият айтқым келiп отыр, оның себебi бiз социализмдi теориялық тұрғыда ғана емес, өз өмiрiмiздiң тәжiрибесi ретiнде өттiк. Бiз капитализм ойын алаңына шыққан, социализмнiң ойыншыларымыз. Он жетi жыл капиталистiк алаңда өмiр сүрiп отырмыз, мiне, қоғамдағы күншуақ кетiп, әлемдiк (капиталистiк деңiз) дағдарыс жанымызды қари бастады. Тоңа бастадық. Кешегi күнгi күн-шуақты аңсаймыз. Бiздiң капиталистiк емес, социалистiк емес, өзге жолды iздеуде мүмкiндiгiмiз мол. Соның үлгiсiн Президент көрсетiп отыр. Ол: «Осыған байланысты айыптылар мен кiнәлiлердi iздеу қажетсiз iс. Қазiр осындайлық қуатты әлемдiк катаклизмдi туындатқан жүйенiң терең ақаулықтарын анықтауға, ең бастысы – оларды толық жою жолдарын iздестiруге жұмылу маңыздырақ. Бұл үшiн бiздiң түбегейлi жаңа, әлемдiк экономиканың, саясаттың және жаhандық қауiпсiздiктiң басқаша құрылған моделiн жасау шебiнде тұрғанымызды мойындаудың батылдығы болуы керек».
Президент «Түбегейлi жаңару жоспарын» (ТЖЖ) ұсынып отыр. «Бiздiң Транзит әлемiнде осынау та-рихи көшуге әзiрлiкке сондайлық та көп уақыт және ресурстар қалған жоқ. Капиталдардың – «транзиталдың» жаңа Нұқ кемесiн жобалау мен құруды кеше бастау керек едi. Егер әлемнiң барлық лидерлерi бүгiннiң өзiнде бүкiл әлемдi «транзитализмнiң» iшiнара ақаулы дәуiрiнен «акметализмнiң» болашақ әлемiне iс жүзiнде көшiрудi бастамаса, онда тұрақты даму мен өркендеу туралы мәселе ондаған жылдарға кейiнге қалуы мүмкiн».
Ендi не iстеу керек! Жаңа Нұқ кемесiн жобалау деген не? Акме-қоғам деген не?
Мақалада жаңа саяси лексика ұсынылып отыр, олар – дефектал (ақаулы капитал), акметализм, транзитализм, жаңа Нұқ кемесi. Мақалада Нұқ кемесi деген сөз тiркесi алты рет қолданысқа түскен, бұл тегiн емес. Мақаланың бiр бөлiмi «Капиталдың Нұқ кемесi» деп аталады. Автор капиталдың активтерiн бүкiл-әлемдiк топан суынан құтқарудың символы ретiнде Нұқ кемесiн атайды, бiрақ бұл транзиталдық жаңа Нұқ кемесiн жобалау мен құруды кеше бастау керек едi дейдi. Мақала соңында автор Түбегейлi жаңару жоспары жаңа Нұқ кемесiн жасау жоспарының алғашқы нұсқасы дейдi. Президент Нұқ кемесiн метафоралық мәнде әлемдегi болып жатқан дағдарыстан шығудың идеясы деген ұсыныс айтады.
Нұқ кемесi – идея. Бұл – жай айтылған сөз емес, мықты идея. Адамзатқа ортақ – идея. Идея ұсыну – өте жауапты iс, соған Елбасы барған. Әрине, болашаққа қатысты айтылар сөз, идея болсын, онда утопистiк леп болмай қоймайды, себебi болашақ деген әлi айқындалып болмаған iс. Сондықтан болашақ туралы сөзде, идеяда қиял, утопия, арман араласып жүретiнi түсiнiктi жағдай, басқа амал жоқ, Абай айтқандай, «Көк тұман алдыңдағы келер заман». Алдағы заман келiп орныққанға дейiн, ол – көк тұман. Ал көк тұманды сейiлтiп, көрегендiк танытатын тұлғалар болады, сондай тұлғалықты, көрегендiктi осы «Дағдарыстан шығудың кiлтi» деген мақаладан айқын аңғаруға болады. Мақалада қолданылған: дефектализм, транзитализм, акметализм сияқты сүбелi ұғымдарды ғалымдар дискурсқа салар, олардың саяси, прагматикалық құндылықтарын әлемдiк деңгейдегi саясаткерлер, ел басшылары салмақтар, менiң айтпағым, негiзгi мәселе қоғам болған соң, осы мақалаға тақырып болып тұрған акме-қоғамға тоқталайын.