Читать книгу Төңкеріс. Пиесалар - Қайыркелдi Руспаев - Страница 3

Төңкеріс
ТРАГЕДИЯ
Пролог

Оглавление

Қалалық бау-бақша. Ағаштар қызыл-сары жапырақтарға бөленген, яғни күн күз. Бір орындықтың жанында, тыныштық таба алмай, Иван ерсілі-қарсылы жүріп жүр. Ол қайта-қайта ағаш арасындағы соқпаққа көз тастап қояды. Со жақтан Лариса келеді.


Иван. (қарындасына ұмтыла) Лариса, сенбісің? Гүлнәр қайда?

Лариса. (орындыққа отыра кетіп) Ол келмейді.

Иван. Неге? Сен оған менің хатымды бердің бе?

Лариса. Бердім, бердім!

Иван. Ал ол не деді?

Лариса. Ол келмеймін деді.

Иван. Неге?

Лариса. Неге, неге! Келмеймін деді, бітті.

Иван. Неге келмейді? Қандай себеппен?

Лариса. Қолым тимейді дейді.

Иван. Қолы тимейтіндей не істеп жатыр?

Лариса. Демалып жатыр.

Иван. Демалып?! О не деген сөз өзі?!

Лариса. Білмейсің бе? Демалып жатыр дегені – дем алып жатыр. Не түсінбейтіні бар?

Иван. (ашулана бастап) Әй, Лариса! Қылжақты қойсаңшы. Жөніңді айт – Гүлнәр қайда?

Лариса. Кім қылжақатап тұр? Келмеймін деді, қолым тимейді деді, дем аламын деді. Ал саған ол…

Иван. Не? Айтсаңшы енді! Не деді ол маған?

Гүлнәр. (ағаш тасасынан шыға келіп) Ол саған да демалсын деді.

Иван. Гүлнәр! (құшақтай алып сүйгісі келеді)

Гүлнәр. (жігіттің көкірегіне қолдарын тіреп сүйгізбейді) Сабыр, сабыр! (құшағынан сытылып шығып орындыққа отырады, Иван да оның жанына жайғасады) Ұмытпа, біз мұнда жалғыз емеспіз.

Иван. (Ларисаға) Лариса, бар, үйге кет!

Лариса. Кетпеймін.

Иван. Бар дедім ғой!

Лариса. (одан алыстап отырып, басын шайқайды) А-а! Бармаймын.

Иван. (орнынан тұра беріп) Әй! Мен саған не дедім!

Гүлнәр. Тиме, отыра берсін. Ол бізге бөгет болмайды.

Иван. (қарындасына біраз қарап тұрады, сосын оның қозғалмасына көзі жеткенсоң орнына отырады да Гүлнәрға бұрылады) Гүлнәр, меніңше…

Гүлнәр. Ваня, жанарларыңды сондай қайғылы қылмашы. Бұлай қарайтындай еш себеп жоқ.

Иван. Неге себеп жоқ! Меніңше… меніңше, біздің екеуміздің болашағымыз… қалай десем екен… меніңше, біздің болашағымыз өте бұлыңғыр.

Гүлнәр. Неге сен солай ойлайсың?

Иван. Сен Асқар ағамен сөйлестің бе?

Гүлнәр. Папаммен бе? Не жөнінде?

Иван. Екеуміз жөнінде.

Гүлнәр. (күліп жібереді, оған Лариса қосылады) Сен де қайдағыны айтады екенсің. Қалай мен әкеммен ондай сөз қозғамақпын?

Иван. Жарайды. Ал Жамал апаймен сөйлестің бе?

Гүлнәр. Мамам бәрін біледі.

Иван. Сонда ол кісі не дейді? Қарсы емес пе?

Гүлнәр. Қалай деп айтсам екен… сен білесің ғой, папам да, мамам да сені өте жақсы көреді. Алайда, бұл мәселе жәй мәселе емес.

Иван. Неге? Осыны сен өзің ойлап таптың ба?

Гүлнәр. Жоқ. Бұл мамамның сөзі. Ал мәселе неде? Мәселе папамның имам болғанында.

Иван. Түк түсінсем бұйырмасын! Имам болса не?..

Гүлнәр. Тү-ү! Түсінбейтін не бар! Өзің ойлашы – имамның қызы мұсылман емес адамға тұрмысқа шықса не болғаны?

Иван. Иә, не болғаны?! Гүлнәр, сен Асқар ағамен сөйлесуің керек еді. Мен білемін – ол қарсы болмайды. (пауза) Жоқ! Мен ол кісімен өзім сөйлесемін! Иә, мен өзім сөйлесемін. (орнынан тұрып, кетуге ыңғайланады)

Гүлнәр. (оның қолынан тартып орына отырғызады) Тоқтай тұр, Ваня. Иә, папам қарсылық білдірмес. Бірақ біз оның жағдайын да ойлаумыз керек.

Иван. Оның жағдайын?

Гүлнәр. Иә. Мешіттегі жамағат не дейді? Біз соны да ойлауымыз керек. Папам жанындағы ақсақалдарымен санаспай қоймайды ғой. Ал сол ақсақалдар екеуміздің қосылуымызға қалай қарайды? Мамамның айтуынша, папам мен сол ақсақалдардың арасында проблема пайда болыпты.

Иван. Неліктен? Екеуміз бір-бірімізді ұнатқанымыздан ба?

Гүлнәр. (тағы да күледі, оған тағы да Лариса қосылады) Жоқ, әрине! Олар әлі екеуміз жөнінде ештеңе білмейді. Ол проблеманы тудырған мамам. Ақсақалдар мамамның мұсылман әйелге тән киім кимейтінін айтып папамның бетіне басатын көрінеді. Ал мамам: «Мен мектепте пәренже киіп жүре алмаймын», дейді.

Иван. Иә-ә, мәселе осыншама қиындап кетеді деп ойламап едім. Және де Жамал апай дұрыс айтқан екен – қалай қазіргі заманның әйелі, мұғалима пәренже киіп жүрмекші? Бұл миға сыймайтын жәйт қой!

Гүлнәр. Жоқ, әзірше оған пәренже ки деп тұрған ешкім жоқ. Папам: «Ұзын етек көйлек, хиджап киіңдер» дейді. Ал мамам: «Мен ұзын етек пен хиджапқа қарсы емеспін. Бірақ оларды әйел өз қалауымен киуге тиісті. Еріксіз, дүре астына алып киіндірген дұрыс емес» дейді. Мен де солай ойлаймын. Ал папам… ол болса… мен өзі оны кейде аяймын да. Меніңше, ол өмір мен дінді сәйкестіре алмай жүрген сияқты. Дін өзінің қағидаларын ұстануды талап етеді, ал өмір… ол өзі басқа бағытпен кетіп бара жатқан жоқ па.

Иван. Жақсы, ол солай-ақ болсын. Алайда, егер сен ұзын етек көйлек пен хиджап кисең мен қарсы болмас едім. Ақсақалдардікі де дұрыс шығар – қазіргі қыздар мен келіншектер тым жалаңаш жүреді. Ал егер… егер де Асқар аға біздің қосылуымызға қарсы болса біз не істейміз?

Гүлнәр. Білмеймін… жоқ, ол мүлдем қарсы болмауға тиісті. Бірақ… (жігітіне қарап күлімсірейді) Ваня, сен осы… ислам дінін қабылдасаң қайтер еді, ә?

Иван. (таңырқаған кейіпте Гүлнәрға бүкіл денесімен бұрылады) Ислам дінін?! Мен?! Қабылдасам?!

Гүлнәр. Иә. Неге сен соншама таңырқайсың? Мешіт жамағатының арасында бір орыс мұсылман бар екен, онда тұрған не бар?

Иван. Жо-жоқ, мен ислам дініне еш қарсылығым жоқ. Алайда… біз христиан емеспіз бе… (қарындасына қарап қойып) біз православие дінінің өкіліміз ғой.

Гүлнәр. Сонда сен не – сондай діндар адаммын дейсің бе? Сен не – шіркеуге барып жүрмісің?

Иван. Жоқ… бірақ…

Гүлнәр. Ваня, сен ештеңені ойлама. Мен саған «ислам дінін қабылда» деген шарт қойып тұрған жоқпын. Өзің біл. Алайда, егер сен мұсылман дінін қабылдасаң бізде еш проблема болмас еді. Папама да ешқандай сөз келмеуші еді. Ал маған келсек… маған бәрібір, менің күйеуім мұсылман болсын мейлі, христиан болсын мейлі, православиені ұстанатын адам болсын мейлі. Тіпті атеист болса да! Мүмкін сен ислам дінін қабылдағасын ата-бабаңды сатып кетемін деп ойларсың. Ал меніңше оның бәрі түкке тұрмайтын нәрсе. Қарашы өзің – қазіргі жастар түрлі секталарға өтіп жатыр. Қайдағы жоқ куәгерлер мен кришнаиттер де болып жатыр. Ал бірақ, тату-тәтті өмір сүруде. Меніңше, ең бастысы – біз бір-бірімізді шын сүйсек, бір-бірімізді сыйлап өтсек болғаны. Солай емес пе?

Иван. Иә-ә… (сәл ойланып үндемей отырып қалады)

Гүлнәр. (оның басын сипап отырып) Жә, қайтесің, ойланбай-ақ қой. Мен өзі сенің басыңды тым қатырып жіберген сияқтымын.

Иван. Жоқ, Гүлнәр. Қатырған жоқсың. Өйткені бұл өте маңызды мәселе. Бізге қазір бүкіл мәселелердің басын ашып алған дұрыс болады. Ал маған келсек, мен, Гүлнәр… өзің білесің ғой – мен сен үшін бәріне дайынмын. Сен үшін, сенің махаббатың үшін, біздің болашағымыз үшін. Керек болса, ислам дінін де қабылдауға дайынбын. Ол үшін не істеу керек?

Лариса. (атып түрегеліп қол шапалақтап жібіреді) Алақай! Менің ағам мұсылман болады! Оны енді сүндетке отырғызады! (Гүлнәр шек-сілесі қата күледі) Сүндетке отырғызады!

Иван. Қап бәлем, мына қыздың ызасы ма! (орнынан атып түрегеліп қарындасына ұмтылады, бірақ қыз орындықты айнала қашып ұстатпайды)

Лариса. Иә, иә! Сені сүндетке отырғызады. Сосын сенде мы-ына-андай сақал болады! Мы-ына-андай сапсиған сақал!

Гүлнәр. (күлкісін зорға тыйып, қарындасын орындықты айнала қуып жүрген Иванды тоқтатады) Ваня! Лариса! Қойыңдар енді. Мәселе сүндетке отырғызуда емес. Мен папамнан сұрап білейін, ислам дінін қабылдау үшін не істеу керек екенін. Мүмкін сен өзің онымен сөйлесерсің?

Иван. (ентігін зорға басады) Иә! Иә! Дұрыс! Дұрыс, мен Асқан ағамен өзім сөйлесемін. (кетуге ыңғайланады) Ол қазір қайда? Мешітте ме?

Гүлнәр. Тоқта, отыр. Ол қазір қалада жоқ, жол жүріп кеткен. Ертең келеді. Сонда сөйлесесің. Тек оған: «Ислам дінін сіздің қызыңызға үйлену үшін қабылдаймын» деп жүрме. Онда бар шаруаны бүлдіресің.

Иван. Әрине, олай демеймін. Мені мүлдем ақымақ деймісің? Мен өз ықыласыммен мұсылман боламын. Өйткені мен Асқар ағаны сыйлаймын. Сондықтан оның дінін де сыйлауға тиістімін. Ал мамам… мамам қарсы болмайды. Ол бір сөзінде: «Егер мен православие дінінде тумасам, мұсылман болар едім», – деген. Және ол: «Осы екі дінде айтарлықтай айырмашылық жоқ», – дейді. Мамаммен Асқар аға екеуі әрдайым дін жөнінде әңгімелеседі, ал солардың сөз таластырып, бірінің дінін бірі жоққа шығарып жатқанын көргенім жоқ. Сондықтан менің мұсылман болатын шешіміме мамам қарсы келмес. Меніңше, ол мені түсінуге тиісті.

Гүлнәр. Иә, Мария тәте қарсылық білдірмесе жақсы болар еді. Ал енді кетейік, маған университетке бару керек.

Иван. Ал онда кеттік, мен сені жеткізіп тастайын. (екеуі кетеді)

Лариса. Ой, қандай қызық! Мен де ислам дінін қабылдасам қайтер екен? Маған өзі хиджап жараса ма? Киіп көру керек. Осы біздің қалада хиджап сата ма екен? Әлде паранжа киіп аламын ба… (паранжа киген әйелдің жүрісін келтіріп кете барады)

Төңкеріс. Пиесалар

Подняться наверх