Читать книгу Төңкеріс. Пиесалар - Қайыркелдi Руспаев - Страница 7
Төңкеріс
ТРАГЕДИЯ
Төртінші көрініс
ОглавлениеОрталық стадион. Кеш. Футбол алаңында жатқан-отырған халық. Динамиктерден Құран оқыған қаридың дауысы естіледі. Бұл дауыс көріністің басынан аяғына дейін толастамайды, тек кей кезде ақырындайды да, кей кездері зорайып кетеді. Стадион тұтқындарының арасында күбір-күбір әңгіме, балалардың жылаған, қыңқылдаған үндері, біреулердің ыңырсыған, қарғап-сілеген дауыстары. Сахнаның орта тұсында, Ларисаның аяқтарына басын жастап Мария сұлап жатыр.
Мария. (сандырақтап жатыр) Су… су… Лариса, су берші…
Лариса. (жыламсырап) Мама! Суды қайдан алайын? Шыдашы!
Стадиондағылар қозғалмайды, тек анда-санда біреулер жүре бастаса, прожектор жарығына шалынып, мегафон арқылы жүрісті тоқтатуды талап етіп бұйрық беріледі.
Бір уақытта аспаннан ұшақтардың гүрілдеген дыбысы естіледі, гүріл күшейе түседі. Прожектор сәулелері көкке шаншылып, ауе зеңбіректері мен пулеметтер тарсылдатып оқ жаудырады. Тұтқындар бас сауғалап жата кетеді. Аспаннан шағын парашюттерге ілінген қапшықтарда азық-түлік, пластик бөтелкедегі су, қызыл крес пен қызыл ай бейнеленген қораптарда дәрі-дәрмек түсе бастайды. Және көптеген жапырақ қағаздар түседі. Ларисаның жанына бір бума пластик бөтелкелер қонады, қыз оларға қолын созғанымен қолы жетпейді. Ол шешесінің басын жерге қойып пластик бөтелкелерін ұстай бергенде, бір бала әлгі буманы парашюттің жіптерінен ұстап алып сүйрей жөнеледі. Лариса бөтелкелерге жармасып айырылмайды.
Лариса. Әй бала! Тоқтай тұр! Бір бөтелкесін маған тастап кет – мамам шөлден өлейін деп жатыр.
Бала тоқтай қалып бумадан бір бөтелкені алып берейін дегенде униформа киген стадион күзетушілері жетіп келіп тартып алады. Олардың белдерінде тапанша, қолдарында резеңке шоқпар.
Лариса. Бір бөтелке! Тым құрығанда бір бөтелке беріңізші! (бөтелкеге жармасып бағады, бірақ күзетші бөтелкені жұлып алып, қызды итеріп жібереді; Лариса құлап түседі, сосын жылап шешесінің жанына қайтып келеді)
Күзетшілер стадионның басқа тұтқындарының қолындағы азық-түлік салынған қапшықтарды, су мен дәрі-дәрмектерді тартып алып жатыр. Стадионның тұтқындарынан екі жігіт оларға килігеді.
1-ші тұтқын. Әй, оңбаған болмасаңдар, тым құрығанда балаларға су берсеңдерші!
Күзетші. Біз оңбаған емеспіз. Ал су беруге рұқсат жоқ.
2-ші тұтқын. Біз сендерден су сұрап тұрған жоқпыз, мына су мен азық-түлік аспаннан түскен жоқ па!
Күзетші. Айтқан жоқпын ба – бұйрық жоқ деп! (тапаншасын суырып алып) Кәні, кетіңдер! Орындарыңа барыңдар!
1-ші тұтқын тапаншаға қарамастан ілгері ұмтылады, ал 2-тұтқын оның қолына жармасып кері тартады.
2-ші тұтқын. Қой, сен оған ештеңе істей алмайсың. Текке оққа ұшасың.
Күзетші. Мен де соны айтамын! Жәй жүріңдер. Жоғарыдан бұйрық болса бәрін береміз. Су да, азық-түлік те, дәрі-дәрмек те аласыңдар. (күзетшілер азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді алып кетеді)
1-ші тұтқын. (соңдарынан жұдырығын түйеді) Оңбағандар! Қанішерлер! (не істерін білмей жан-жағына қарайды, жерде шашылып жатқан жапырақ қағаздарды көріп біреуін көтеріп оқи бастайды) Отандастар! Сіздердің қандай ауыр жағдайда отырғандарыңызды біз жақсы білеміз. Мына азық-түлік, дәрі-дәрмекпен жүрек жалғай тұрыңыздар, біз күнде осындай көмек көрсетіп отырамыз. Қала біздің мықты қоршауымызда, экстремисттердің бірі де қашып құтыла алмайды. Біз оларға күнде елші жіберіп сіздерге бостандық берілсін деген талап қоюдамыз, бірақ бүлікшілер әзірше біздің сөзімізге құлақ асып отырған жоқ. Біз бұл бүлікті қантөгіссіз басуға тырысып бағудамыз, алайда, көпке соза да бере алмаймыз. Жақын арада біз қаланы азат етеміз, ал әзірше сабыр мен төзімділікке шақырамын. Сіздер жалғыз емессіздер – біздің бүкіл халқымыз, бүкіл республикамыз сіздермен бірге. Жалынды сәлеммен, Республика Президенті.
Күзетшілер қайтып келеді, жеңінде «кезекші» деген жазуы бар біреуі тұтқынның қолындағы қағазды жұлып алады. Күзетшілер жерде жатқан қағаздарды жинай бастайды.
Кезекші. (қағазға көз жүгіртеді де) Бұның бәрі бос әңгіме! Президент ештеңе тындыра алмайды. Тындырса бәлен күн өтті емес пе – неғып жатыр? Оның бұл сөзіне сенбесеңдер де болады. (күзетшілер қағаздарды жинап алып, бір-бірімен дабдырлап сөйлесіп, күлісіп кете барады)
Мария. (тағы да сандырақтап) Ваня! Әй, Ваня деймін! Қайда кете бересің? Кел мұнда, жақында! Неге сен менімен сөйлескің келмейді? Әлде сен бізді кәпір деп жоламай жүрмісің? Бірақ мен сенің анаң емес пе едім! Әлде бұл сөз сен үшін мағынасын жоғалтқаны ма? А?!
Кезекші қайтып оралады. Оның соңында Жамал, Гүлнәр және Берік келеді. Жаңадан келген тұтқындар жан-жақтарына тіксіне қарайды.
Кезекші. (Мария мен Ларисаның жанына келіп) Новиковтар сендермісіңдер?
Лариса. Иә, біз. (Жамал мен Гүлнәрді көріп) Жамал тәте! Гүлнәр! (шыдай алмай жылап жібереді)
Жамал. (оның жанына отыра кетіп басын сипайды) Жылама Лариса, жә, жылама. Бәрі де жақсы болады. (қыздың көз жасын сүртіп) Мамаңа не болған?
Лариса. (өксігін баса алмай сөйлеседі) Міне… ауырып қалды… жүрегінің талмасы ұстады… енді көбіне… осылай ес-түссіз жатады… сандырақтай береді… Ваняны шақырумен болады. Су сұрайды.
Мария. Лариса! Қызым! Су әкеліп берші. Сондай шөлдеп жатқаным! Өтінемін, су әкеліп берші…
Лариса. Міне, су сұраумен болады… қайдан аламын мен оны! Кішкентай балалардың өзіне бермейді.
Жамал. Мария! Әй, Мария! Сен мені естіп тұрсың ба? Мен Жамалмын ғой!
Мария. А-а… Жамал? Сен… сен…
Жамал. Иә, менмін ғой! Міне, Гүлнәр да, Берік те жанымда.
Гүлнәр. Саламатсыз ба, Мария тәте.
Мария. А-а… Гүлнәр… амансың ба? Сен Ваняның қайда жүргенін білмейсің бе?
Гүлнәр. Ж-жоқ… білмеймін. Мен оны осы күндері көрген жоқпын. Ол… ол… оның қолы бос емес… қолы тимейді.
Берік. (ол да жақындап келеді) Саламатсыз ба, Мария Петровна.
Мария. А… Берік? Амансың ба… (Жамалға басын бұрады) Бұл қалай, Жамал?
Жамал. Міне, әлгі шейх, ең үздік мұсылман, бізді кәпір деп осында қамады.
Мария. А… Асқар ше?
Жамал. Асқар не! Асқар енді бармағын шайнап жүр. (Марияның маңдайына алақанын тигізеді) Сен не – ауырып қалғанбысың?
Мария. Жоқ… жоқ, мен тек жаман шаршадым. Иә, мен шаршадым. Кішкене болса да демалсам деймін… ұйықтап, тынықсам деймін… бірақ ұйықтай алмаймын. Жүрегім қысып ұйықы бермейді… содан… (тағы да сандырақтап кетеді) Ваня келмей қойды… А! Әне! Келді! Ваня! Ваня деймін! Бері келсеңші, жақындасаңшы! Мен ғой, мен, мамаңмын ғой! Не болған саған? Сен не – мені танымай тұрмысың? Неге үндемейсің? Әлде танып тұрып жоламай жүрсің бе? Қайда кеттің тағы да? А? Ваня! Ва-аня!
Лариса көз жасын сүрте бастайды, Гүлнәр да жылап отыр.
Мария. Су! Су! Лариса, су берші. Өтінемін, су әкеп берші…
Жамал. (жан-жағына қарап) Не істесек енді?
Лариса. Білмеймін…
Жамал. (орнынан тұра беріп) Мен аналардан су сұрайын.
Лариса. Текке әуре болмаңыз. Бәрібір бермейді. Қаншама адам су сұрап шулайды, балаларға, бала емізіп жүрген әйелдерге де бермейді ғой!
Жамал отырған жерге тұтқындар жақындап жинала бастайды.
Бір тұтқын. (Жамалға) Сіз жаңа ғана қаладан келдіңіз бе?
Жамал. Иә.
Ер адам. Ондағы жағдай қалай?
Жамал. Мұндағы жағдайдан сәл жақсы, алайда онда да жұмақ орнай қойған жоқ. Бүгін шейх Ғабдуррахман шариғат сотын ашып бір әйелді дүреге жығып, содан әлгі бейшара көтере алмай өліп кетті. Бір күмәжнік ұрлаған жігіттің қолын шауып тастады, және екі қаршадай қызды, «дұрыс киім кимедің» деп сабап жіберді. Шейхтің айтуынша бұл тек бастама ғана, сотын тосып отырған қылмыскерлер толып жатыр дейді. Сондықтан ол әлі біздің адамдардың қанын суша ағызады. Қалада азық-түліктің тапшылығы біліне бастады, нан мен қант, май мен сүт, ет пен шұжық, ұн, жарма және макарон өнімдері, әйтеуір, негізгі азық-түлік арнайы кәртішкемен норма бойынша сатылады.
Бір келіншек. (қолында емшектегі нәрестесі бар) Ал біз жөнінде жұрт не дейді? Өзі стадионда мұншама халық азап шегіп жатқанын қала тұрғындары біле ме? Әлде бізді «кәпір» деп, «оларға со керек» деп жүр ме екен?
Жамал. О не дегеніңіз! Сіздерді кәпір дейтін тек шейх пен оның сардарлары ғана. Мүмкін біреулер білген де шығар, ал өз басым бүгін ғана естідім. Айтайын ба – айтпайын ба, білмей тұрмын… бірақ, сіздер білуге тиістісіздер. Бағана күйеуім айтты: стадион басынан аяғына шейін миналанған екен. Қаланы қоршауға алған әскер шабуыл жасаса, шейх ең әуелі стадионды жарып көкке ұшырады. Сондықтан да президент қарулы күштерді қолдана алмай отыр.
Келіншек. Сонда не? Біз миналардың үстінде отырғанымыз ба?
Жамал. Иә, солай болғаны ғой. Әйтеуір күйеуім солай деді.
Ер адам. Сіздің күйеуіңіз кім еді?
Жамал. (бір мезет кідіріп қалады) Менің күйеуім имам. Қалалық мешіттің имамы Асқар. Білуші ме едіңіз?
Ер адам. Естігенім бар, бірақ таныс емеспін. Сонда не – сіздің күйеуіңіз экстремист пе?
Жамал. Жоқ, ол экстремист емес. Бірақ ол төңкерістен бұрын «Әл-хизб» партиясының жиналыстарына қатысып жүріпті. Шейх оны өзінің партиясына шақырған екен, ал күйеуім келісімін бермепті. Ол экстремисттердің мына істерін қолдаған жоқ, бірақ, өкінішке орай, оларға қарсы тұра алмады. Ал мен бүгін, шариғат сотында, көпшіліктің көзінше не ойлайтынымды шейхтің бетіне басып айтып салдым. Сол үшін ол мені осында қамады.
Ер адам. Ә-ә… Күйеуіңіз де осында ма?
Жамал. Жоқ, ол қалада қалды.
Ер адам. (қолын бұлғай салып) Қалада қалған адамдардың барлығы экстремисттермен бірге, соларды қолдап жүр.
Жамал. Жоқ, олай деуге болмайды. Шейх көздеген мақсатына жету үшін кез келген адамды пайдалана біледі. Мәселен, менің күйеуімнің беделін пайдаланып, гарнизон офицерлері мен сержанттарын өзінің партиясының мүшелігіне кіргізіп алды. Көрмейсіздер ме – мұндағы жастарды алдап-арбап, сіздерге айдап салып қойғанын. Бұлар не істеп жүргендерін өздері білмейді.
Жамалды қоршап тұрған топ үлкейіп кеткенін сезген күзетшілер прожектор жарығын шоғырландырып, мегафон арқылы халықтың тарағанын талап етеді. Адамдар өздерінің орындарына қайтып оралады.
Жамал. (орнынан тұрып, жан-жағына) Адамдар! Отандастар! Стадион жарылғыш заттармен миналанған. Бізге жарылыс қаупі төніп тұр. Енді қарап отыруға болмайды, қимылдап өзімізді азат етуге әрекет жасайық. Иә, экстремисттер бізді ұрып-соғар, иә, кейбіреуіміз оққа ұшармыз, алайда қораға қамалған қойдай, қашан құрбанға шалады деп отыра бергеніміз дұрыс болмас!
Жамалдың жанына кезекші бастаған екі-үш күзетші жетіп келеді. Олардың қолдарында бір-бір термос.
Кезекші. Сіз не – көтеріліске үгіттеп жатырсыз ба? Есіңізде болсын – бұл әрекетіңізден ештеңе шықпайды. Тұтқындардың барлығын қырып тастасақ та, бір де бір адамды сыртқа шығармаймыз. Стадионның жоғарғы жағында бәлен пулемет орнатылған, снайперлер отыр. Кімде-кім тәртіп бұзатын болса, сол жерде оққа ұшады. Бұйрық солай. Сондықтан халықты дүрліктірмей тыныш отырғаныңыз жөн. Стадион миналаныпты деп жалған мәлімет таратқаныңыз ұят болар. Білдей бір имамның жұбайы бола тұра өтірік айтасыз.
Жамал. Бұл жалған мәлімет емес. Бүны имам, Асқар айтты. Өздерің де ойланыңдар – шейх стадионды жарған кезде сендер де бізбен бірге көкке ұшасыңдар.
Кезекші. (күліп жібереді, оған жанындағылары қосылады) Қойыңызшы, жеңгей, жұртты күлдірмей! Хазіреті шейх бізді жарып тастайды дегенге сенетін біз ақымақ па едік? Әңгімені доғарыңыз да тамақтанып алыңыз. (жанындағы күзетші ұстап тұрған термосты Жамалға ұсынады, басқа күзетшілер қалған екі термосты Гүлнәр мен Берікке береді) Міне, бұл асты сіздерге хазіреті шейх беріп жіберді. Бүкіл халықтың алдында қаралағаныңызға қарамастан, хазіреті шейх сізді өз қамқорлығына алды. Оның пейілінің қандай кең екенін түсініңіз де ендігәрі халықты оған қарсы үгіттемеңіз.
Жамал. (термосын жерге қоя салып) Е! Ол не – бізді осындай арзан бағамен сатып алмақ па? Егер пейілі сондай кең болса, тым құрығанда балалар мен бала емізіп жүрген әйелдерді тамақтандырсын. Ауруларға дәрігерлік көмек көрсетсін.
Кезекші. Көрсетеміз, көрсетеміз. Уақыты келгенде бәрі де болады. Ал тамақтаныңыз, не ғып тұрсыз? Жеңіздер, біз тоса тұрамыз. Термостарды алып кету керек.
Берік өзінің термосын ашып, Ларисаға шай алып береді.
Берік. Лариса, мә, шай ішіп ал.
Лариса. (әуелі шайды ұрттап-ұрттап жібереді де, сосын шешесі есіне түсіп ыдысын оның аузына тосады) Мама, мә, шай ішші. Мама! Ояншы, міне, Берік шай берді, ішші…
Кезекші қыздың қолындағы шайды төге-мөге жұлып алады да Берікке қайтарып береді.
Кезекші. Әй бала, өзің іш! Бұларға беруге болмайды.
Жамал. (ол да өзінің термосындағы шайын Марияның аузына тосады) Мария! Есіңді жи! Міне, шай іш!
Кезекші. (ыдысқа жармасып) Айтқан жоқпын ба – өздерің ішіңдер деп! Бұларға беруге болмайды.
Жамал. (ыдысы бар қолын кері алып кетіп) Неге?! – шөлден өлейін деп жатқанын көрмейсің бе?
Кезекші. Болмайды деген жоқпын ба! Бұйрық сондай. Біз тек бұйрық орындаушымыз. Осындағыларды біз тамақтандырмаймыз, мына тамақты сізге шейх арнайы бұйрықпен бергізіп отыр. Тезірек ішіңіз, біздің уақытымыз жоқ.
Жамал. (шайды кезекшінің бетіне шашып жібереді) Онда осы тамақтарыңа қақалып өліңдер!
Кезекші. (шегініп кетіп, бетін алақанымен сипап, қалтасынан орамалын алып сүртіп, үсті-басын қағып-соғып жатып) Жеңгей! Мұныңыз не?!
Жамал. (орнынан атып тұрып кезекшіге төнеді) Ал сендердікі не?! Ә?! Мынау нағыз концлагерь ғой! Әлде фашист боп кеттіңдер ме?! (кезекші мен күзетшілер шегініп кетеді, не дерін білмей дағдарып қалады)
Гүлнәр. (өзінің ашылмаған термосын қоя салып, Беріктің термосын жинайды да соның жанына қояды) Дұрыс! Біздің өзгеден жанымыз бөлек емес. Бүкіл халық аш отырғанда тамағымыздан кесек өтетін біз хайуан деп пе едіңдер? Шынында да шейх оңбаған сұрқия екен.
Кезекші. Бикеш, хазіреті шейхке тіл тигізбеңіз!
Жамал. (оған және төнеді) Тигіземіз! Ал, не істейсің? Қылатыныңды қылып ал – қолыңда өлейік!
Кезекші. Жеңгей, қойыңыз, сабыр етіңіз. Сіздерді өлтірейін деп тұрған ешкім жоқ.
Күзетшілер термостарды жинап алып кетеді.
Гүлнәр. (Ларисаның жанына отыра бере) Қандай сұрқия еді әлгі шейх!
Жамал. (ол да Марияның жанына жайғаса бере кекете жауап қайтарады) Ол нағыз мұсылман емес пе! Мейірімді Алланың атымен өзі тамақтанады да, сол мейірімді Алланың атымен өзгелерді аштан қатырып, азаптап өлтіреді.
Гүлнәр. Иә, екі ұшты мораль.
Іңір түнге ауа бастайды, қараңғылық қоюлана түседі. Тұтқындар ұйқыға жайғасады. Жамал Марияны өзінің аяғына ауыстырып, жанына ана-мына киім төсеп, Лариса мен Берікті екі жағына жайғастырады. Гүлнәр сол отырған жерінде, маңдайын тізелеріне қойып қалың ойға шомып отыр. Бірте-бірте дыбыстар басылып, сахна қараңғылыққа батады. Тек Құран оқыған қаридың дауысы басылмайды. (пауза)
Сахнаны прожектордың жарығы тіліп өтіп, ортадағы топқа тіреліп тоқтайды. Барлығы сол орындарында. Кезекші келеді, оның соңында Иван.
Кезекші. Новиковтар! Тұрыңдар! Міне – сендерді алып кетуге келді.
Иван. Мама! Лариса! (шешесі мен қарындасына ұмтылады, сосын, Жамал мен Гүлнәрді танып, таңырқап кідіріп қалады) Гүлнәр?! Жамал тәте?! Сіздер мұнда не ғып отырсыздар?
Гүлнәр жігітпен сөйлеспейтінін білдіріп жүзін теріс бұрып әкетеді.
Жамал. Не ғып отымыз деймісің? Сенің анаң мен қарындасыңмен бірге миналардың үстінде ажалымызды тосып отырмыз. Сендер, нағыз мұсылмандар, бізді, кәпірлерді, не аштан қатырып, не жарып өлтіргендеріңді тосып отырмыз.
Иван. М-м… (қарындасына) Лариса, мен сендердің осында отырғандарыңды бүгін ғана білдім. Бірінші күні қаладан кеткен шығар деп жүргем. (шешесінің жанына тізерлей отыра кетеді) Мама! Мама! (Ларисаға) Мамама не болған?
Лариса. (жылап сөйлейді, дауысында ашу-ыза) Не, көрмейсің бе? Өлейін деп жатқан жоқ па!
Иван. (одан әрі сасқалақтайды) Қалай… өлейін деп? Неге?
Сөзі таусылған Лариса жүзін ағасынан бұрып әкетеді де солқылдап жылап жібереді.
Жамал. Сен осындай сұрақ қоюға ұялмайсың, иә! Неден өлейін деп жатқанын білмейсің бе? Көрмейсің бе, жұрттың қандай мүшкіл жағдайға түскенін? Неше күн болды бұлардың аш-жалаңаш отырғанына? Не су бермейді, не тамақтандырмайды, ауру-сырқаттарға дәрігерлік көмек көрсетілмейді, емшектегі балалар аналарының сүті тартылып қалғандығынан қырылып жатыр. Мүмкін сен осының барлығын білмедім дейтін шығарсың, ә?!
Иван. (Жамалға қарауға, оған жауап қатуға даты бармай, қарындасына) Лариса, мен сендерді алып кетуге келдім. Шейх маған рұқсат берді. Жүр, кетейік. (шешесін көтермек болады, сол жерде Мария ыңырсиды да бүкіл денесі мен аяқтарын созып, қырылдап өтіп кетеді, Иван оны орнына жатқыза қояды)
Лариса. (барлығын түсініп шешесінің үстіне жата кетіп боздап қоя береді) Ма-ма! Мама! Өлмеші, мама! Өлмеші деймін! Ма-ма!
Жамал. (Марияның тамырын ұстап, қайтып кеткеніне көзі жетіп бетін сипайды да Иванға қарайды) Иә, Иван, қайтып кетті шешең. Құтылды бұл дүниенің азабынан.
Иван аяғына тұрып, бас киімін шешіп, тер басып кеткен бетін сүрте бастайды.
Иван. Жо-жоқ! Мүмкін емес… мамам өлген жоқ… есінен танып қалған шығар… (отыра кетіп Марияның көкірегін тыңдағысы келгендей қарындасының иығынан тартады)
Лариса. (басын көтеріп алып) Мамам өліп қалды! Өліп қалды! Сен! Сен оны өлтірген! Сен оны өлтірдің! А-а!…
Иван. (шегіншектеп кетіп) Лариса! Олай деме… мен… мен емес… мен тек…
Лариса. Иә! Сен оны өлтірген! Сен! Сен! Мамамды өлтірген сен!
Иван шыдай алмай аяғына тұрады да не істерін білмей жан-жағына қарайды. Сосын Гүлнәрға бірдеңе дейін деп жақындайды.
Иван. Гүлнәр, енді сен бірдеңе деші! Менің не кінәм бар?
Гүлнәр. (бейне бір құбыжық жақындап келе жатқандай шошынып) Жо-жоқ! Жақындама маған! Жолама! Аулақ!
Жамал. (Иван оған «не істейін» дегендей қарайды) Иван, меніңше сенің осы жерден кеткенің дұрыс болар.
Иван. Жарайды… мен кетейін… кетейін. Лариса, кеттік, кетейік, маманы… алып кетейік.
Лариса. Кет! Өзің кет! Мен сенімен бармаймын! Мен сені көргім келмейді! Мына шайтанның формасын көргім келмейді! О-о! Мама! О-о, сорлы мамам-ай!
Иван. (Жамалға) Енді не істейін мен? Бұларды осында қалтырып кете алмаймын ғой. Шейх маған рұқсат берген…
Жамал. Бар қайтадан сол шейхіңе! Аяғына жығыласың ба, әлде кеңірдегінен аласың ба, не қылсаң о қыл – тек осындағыларға бостандық берсін. Тым құрығанда балалар мен әйелдерді босатсын. Бар! Не ғып тұрсың!
Иван оған қарайды, Гүлнәрға қарайды, сосын қарындасына қарайды, олардың біреуі де оның бар екенін, жандарында тұрғанын сезбегендей теріс қарап отыр. Ақыры мас адамдай тентіректеп жөніне кетеді. Тағы да үнсіздік орнайды, тек Құран оқыған қаридың дауысы естіліп тұрады.