Читать книгу Төңкеріс. Пиесалар - Қайыркелдi Руспаев - Страница 9
Төңкеріс
ТРАГЕДИЯ
Эпилог
ОглавлениеБіраз уақыттан кейін Жамал, Гүлнәр, Берік және Лариса келеді.
Гүлнәр. (сұлап жатқан Ғабдуррахманды көріп, столдың арғы жағында жатқан Асқар мен Иванды көрмейді) Ой! Мынау кім-ей?!
Жамал. О Алла! Бұл шейх Ғабдуррахман ғой! Бұған не болған? Мынау не ағып жатқан оның астынан? Ойбай! Мынау қан ғой!
Гүлнәр. (Ғабдуррахманды айналып өтіп Асқар мен Иванға көзі түседі де шыңғырып жібереді) Папа! Ваня! (не істерін білмей екі мәйітке кезекпен қарап тұрып қалады)
Жамал. Гүлнәр! Не болды? Асқар… (столды айналып өтіп Асқардың өлігінің жанына тізерлей отыра кетеді де күйеуінің басын қолына алып көз жасын ағытады)
Лариса. (жүгіріп барып ағасының мәйітінің жанына отыра кетіп ол да егіледі) Аға! Ағатай! Енді сенен де айырылдым ба?! Кешір! Манағы сөздерім үшін кеш мені… а-а…
Жамал. Е-ей! Асыл ерім ай! Асқарым ай! Өз қолыңмен жіберген қателігіңді өз қолыңмен түзеген екенсің ғой. Өз күнәңді өз қаныңмен жуған екенсің ғой. Иә Алла! Кеш мені! Кешегі сөзімді қайтып алдым. Қайтып алдым. (егіліп жылайды)
Гүлнәр әкесі мен жігітінің ортасына отыра кетеді, оның екі қолы екеуінің үстінде, ол да егіліп отыр. Берік шешесінің жанында отыр, Жамал оны бір қолымен құшақтап алған.
Жамал. (басын көтеріп залдағы көрермендерге) Адамдар! Отандастар! Мұсылмандар! Сақ болыңдар! Осындай жалған шейхтердің азғыруына еріп кетіп, бейбіт тұрмыстарыңнан айырылып қалмаңдар! Өзара жарастықты арттырып, бір-біріңді: «мұсылман – кәпір» демей, «ақ – қызыл, бай – кедей» демей, «жоғарғы нәсіл, арийец – төменгі нәсіл, құл» демей, «орыс – қазақ» демей, қоғамды жіктеп – жарып, біреулеріңді екіншілеріңе айдап салуға жол бермеңдер! Сақ болыңдар! Бейбітшілікті сақтаңдар…
Жамал күйеуінің мәйітіне басын қойып егіледі. Осы кезде мешіттен азан шақырыла бастайды. Муәззиннің дауысы біртіндеп әуендеп, шарықтап кетеді. Сол әуенмен шымылдық жабылады.
Шымылдық