Читать книгу Төңкеріс. Пиесалар - Қайыркелдi Руспаев - Страница 8
Төңкеріс
ТРАГЕДИЯ
Бесінші көрініс
ОглавлениеАсқардың үйінің ішкі көрінісі. Түн, терезедегі перделер жабулы. Үстелге екі шынтағын тіреп қойып, қолдарымен басын ұстап Асқар отыр.
Асқар. (өзімен өзі сөйлеседі) Сонымен не болды? Не бітірдік? Не тындырдық? Иә, енді ешкім зина жасамас, ұрлыққа бармас. Қыз-келіншектер жалаңаш жүрмес. Қылмыс тиылар. Бірақ, шейх көздеген мақсатына жетті ме? Адамдарды өзгертті ме? Олардың ішкі дүниесі жаңарды ма? Жоқ! Олар енді тек қатал жазадан қорыққанынан ғана қылмысқа бармайды. Егер ертең шариғат заңы күшін жоғалтса сол адамдар тағы да сол қылмыстарын істейді. Ал адамдарды қылмыс пен күнәға ар-ұяты, иманы жібермеуге тиіс, олар хиджап пен ұзын етек көйлек кигенде, дүреден, таяқ жеуден қорққанынан емес, жалаңаш жүре алмайтындығынан, ұялғанынан киуге тиіс. «Қылмысқа баруға болмайды!» деген қағида біздің адамдардың сана-сезімінде дұрыс тәрбиенің нәтижесінде орнауға тиіс. Алайда… (көрермендерге бұрылады) алайда, біздің тәрбиелеу жұмысымыз ілгері басып келе ме? Неліктен қоғамымызда қылмыстар саны жылдан жылға кемімей келеді? Және де қылмыстың небір сорақы түрлері пайда болған жоқ па! Балаларды зорлап әурелеп өлтіру деген не сұмдық! Жүкті әйелдің кім көрінгеннің қойнына жатқаны не азғындық?! Бейкүнә сәбиді туа салысымен шырылдатып тастап кеткен деген не?! Ғабдуррахманды да түсінуге болады. Ол тәрбие жұмысының, салихалы, салауатты өмір сүруге бағытталған үгіт-насихаттың нәтижесіздігінен, қатал жаза қолдануға мәжбүр болды. Иә, енді ол мақсатына жеткен сияқты. Егер оның орнатқан тәртібі ұзақ уақытқа сақталса қылмыстың бүкіл түрі мүлдем тиылады. Мүмкін соныкі дұрыс та шығар? Ә? Мүмкін адам баласына құлақтан құйған сөзден гөрі арт жағынан соққан дүре тиімді болар ма? Мүмкін тәлім-тәрбие таяқсыз, дүресіз адам бойына сіңбейтін шығар? Мүмкін «аюды намазға үйреткен таяқ» деген сөз бекер айтылмаған болар? (біраз уақыт үнсіз қалады) Ал бірақ… біз аю емеспіз ғой. Біз адам баласымыз. Әлде біздің аюдан еш айырмашылығымыз болмағаны ма? Жоқ! Олай емес! Адам баласын имандылыққа, мәдениеттілікке, тәрбиелілікке тек шын жүректен шыққан ақылды, жылы, өткір сөз арқылы, игі үлгі арқылы, шыдамдылықтың, сабырдың арқасында, төзімді де тынымсыз еңбектің нәтижесінде жеткізуге болады. Одан басқа жол да жоқ. Өйткені біз үлгілі аю емес, үлгілі адам тәрбиелеп өсіруіміз керек. Адам баласының тәрбиесін дрессировкаға айналдырған… бұл дегеніңіз адамды адамгершіліктен хайуандыққа, прогрессті регереске айналдырған деген сөз. Жоқ, Ғабдуррахман, мен сізбен ешқашан келіспеймін! Сіздің тәсіліңізді, «тәрбие жүйеңізді» мен ешқашан қолдамаймын.
Осы тұста есік қоңырауы шыр ете қалады. Асқар селк етеді, сосын тұрып, есікке жақындап, оны ашады. Халел көмекшісімен кіреді.
Халел мен оның көмекшісі. Ассаламү ғалайкүм.
Асқар. Уағалейкүм ассалам. (сәл бөгеледі, сосын, дәлізге көз тастап, есікті жабады) Жоғарлатыңыздар.
Халел жоғары шығып, үй иесі нұсқаған орындықта жайғасады, көмекшісі есік көзінде қалып тың тыңдайды, ара-тұра терезеге жақындап келіп шымылдық арасынан далаға көз тастап қояды.
Асқар. (өзінің орнына отыра бере) Танымадым ғой… сіз кім боласыз?
Халел. Менің есімім Халел. Мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерімін, бүлікшілерге қарсы күрес ұйымдастыру үшін жіберілген арнайы бөлімшенің басшысымын. Біз қаланың естияр азаматтарымен бүлікке қарсы іс-қимыл жасайтын ұйым құрдық, гарнизонның есі дұрыс офицерлері мен сержанттарының арасында үгіт-насихат жүргізіп жатырмыз. «Әл хизб» партиясының мүшелерімен де сөйлесіп ақылға шақырып жатырмыз.
Асқар. Түсінікті. Ал маған қалай қорықпай келіп тұрсыз? Мені бүлікшілердің, Ғабдуррахман шейхтің сыбайласы деген жоқ па… сол естияр азаматтар?
Халел. Жоқ, керісінше, ол азаматтар сізге сенім артып отыр. Және бір тапсырма бар – оны сізден басқа ешкім орындай алмайды. Міне, оқыңыз. (қалтасынан бір қағаз алып Асқарға ұсынады)
Асқар. (қағазды алып жатып) Бұл не?
Халел. Бұл тапсырма. Біздің басшылықтың сізге берген тапсырмасы. Керек болса – президенттің тапсырмасы!
Асқар. (қағазды оқып шығып үстелге тастай береді) Астафиралла! Мен мұндай тапсырманы орындай алмаймын.
Халел. Орындайсыз. Иә, бұл тапсырманы орындау оңай болмас. Бірақ сізден басқа ешкімнің қолынан келмейді.
Асқар. О Алла! Енді кісі өлтіру тек имамның қолынан ғана келетін болғаны ма?!
Халел. Кешіріңіз, Асеке. Мен мынаны айтайын деп едім – шейх сізден басқа ешкімді маңына жолататын емес. Полковник Ысмаиловтың көзін жойғаннан бері ол мүлдем адам баласына сенуден қалды. Әсіресе бүгінгі шариғат сотынан кейін ол енді ешқайда бас сұға қоймас.
Асқар. Е-е! Полковник Ысмаиловты сіздер өлтірген екенсіздер ғой!
Халел. Асеке, олай демеңіз. Полковник Ысмаиловтың көзін жою жөнінде біз басшылығымыздан бұйрық алдық. Біз гарнизонның бірсыпыра офицерлерін үгіттеп өзіміздің жағымызға шығарып алдық, ал полковник нағыз фанатик екен, көнбей тұрып алды. Содан кейін оның көзін жоюдан басқа еш амал қалмады. Енді шейх Ғабудррахманды жоқ қылсақ қаланы қантөгіссіз азат етуге мүмкіндік туады. Бізге түскен мәліметтер бойынша стадионның жарылғыш миналарын іске қосатын пульт Ғабдуррахманның қолында екен. Біз гарнизон басшылығын қолға алып экстремисттерді тұтқындай бастасымен ол стадионды құртып жібереді. Тұтқындалған күнде дәл өзіне еш қайырымдылық болмайтынын шейх жақсы біледі. Сондықтан оның көзін жойғаннан басқа амал қалмады. Ал ол маңына ешкімді жолатпайды. Өзіне әбден берілген, шейх үшін жанын пида етуге дайын жасақтарымен қоршап алған. Сірә бірдеңені сезіп жүр-ау деймін. Содан, әрі ойлап, бері ойлап, осы тапсырманы сізге жүктегеннен басқа ештеңе ойлап таба алмадық.
Асқар. Жоқ, Халел, мен кісі өлтіре алмаймын. Жо-жоқ, атамаңыз! Кісі өлтіру – зор күнә.
Халел. Мен бәрін түсінемін, Асеке. Бірақ, біз өлтірмесек – ол өлтіреді. Өлтіріп жатыр да! Шариғат сотының үкімімен өлім жазасына кесілгендерден басқа, стадионнан күнде бәлен өлік шығарылады. Жақын арада сондағы тұтқындарды босатып алмасақ, жаппай қырыла бастайды. Тұтқындар әбден ашыққан екен, футбол алаңының шөбін тақырлап жеп қойыпты. Олар шөлден де азап шегіп отыр. Міне бүгін олардың сусыз отығандарына тоғызыншы тәулік кетті! Тоғыз тәулік сусыз отыру дегенді түсінетін шығарсыз. (Халел имамнан көзін айырмайды, ал ол шыдай алмай төмен қарайды) Ал біз бүгін басшылығымыздан таңғы беске дейін стадиондағы жарылғыш миналарды істен шығару жөнінде бұйрық алдық. Сағат бесте президент қалаға шабуыл жасауға пәрмен береді. Ал шабуыл басталысымен Ғабдуррахман стадионды жарып күлін көкке ұшырады. Ал онда он мың адам қамауда отыр. Ойланыңыз – он мың адам! Бір адамды өлтіру қалай – он мыңын қырып тастау қалай? Стадионда мыңдаған балалар, кішкентай сәбилер бар. Қателеспесем, сіздің қызыңыз бен ұлыңыз да сонда отыр. Жұбайыңыз жөнінде сөз қозғамай-ақ қояйын. Қалай сіз балаларыңызды ойламайсыз?
Асқар. (басын көтереді, жүзінде қасірет пен қайғы) Олар менің жадымнан ешқашан кетпейді, мен оларды әрбір сәтте ойдан шығара алмаспын.
Халел. Онда қалай қол қусырып отырмақсыз?
Асқар. Мен қол қусырып отырған жоқпын. Күнде сол шейхтен стадиондағы тұтқындарды босат деп өтінемін. Бірақ ол көнбей тұр.
Халел. Дұрыс, ол ешқашан оларды босатпайды. Өйткені стадиондағы тұтқындар шейхтің басты көзірі. Президент автономияны мойындап, шейхтің ұсынып отырған келісім шартына қол қоймағанша стадиондағы тұтқындарға бостандық жоқ. Ал президент ешқашан автономияны мойындамайды. Және де онысы дұрыс. Қазір осы автономияны мойында, ертең тағы біреу дәл осындай бүлік шығарып тағы бірдеңе деп талап қояды. Сонда мемлекетімізді ыдыратып, бөлшекетеп таратып жіберуге бола ма? Жоқ, болмайды! Президенттің автономияны мойындайтын ешқандай хақысы да жоқ. Және де ол кісі бұл бүлікті көпке соза да бере алмайды. Бізге берілген мерзім бітті, бүгін ақырғы түн. Ал біз, шейхты, оның қолындағы пультты істен шығармағанша ешқандай іс-қимыл бастай алмай отырмыз.
Асқар. Мен бәрін түсінемін. Мен… мен соны… өлтірудің де қажеттігін мойындауға дайынмын. Бірақ, мен… өз басым кісі өлтіре алмаймын. Жоқ, бұл іс менің қолымнан келмейді. Менің қолым біреудің өмірін қиуға бармайды. Мүлдем бармайды.
Халел. Барады! Барғызасыз! Егер де сіз мыңдаған адамдардың өміріне төніп тұрған қауіпті ойласаңыз, түсінсеңіз, соларды құтқару үшін сіз кісі өлтіруге барасыз. Былай деп ұғыңыз – сол он мың адамның тағдыры, өмірі бір өзіңіздің қолыңызда тұр.
Асқар. Сонда да мен кісі өлтіре алмаймын. Былай істесек қайтеді – мен қазір Ғабдуррахманға барып тағы да сөйлесейін, стадиондағы адамдарды босат дейін. Мен оны көндіремін, мен оны қалай да көндіруге тиістімін!
Халел. (шыдай алмай столды алақанымен қойып қалады) Имам! Ояныңыз! Есіңізді жиыңыз! Қалай түсінбейсіз – ол ешқашан тұтқындарды босатпайды, өлсе де босатпайды! Өлсе бірге алып кетеді, бірақ босатпайды. Бұл жерде енді сөздің қажеті аз. Енді істің кезегі келді. Сіз сол істі қолға аласыз, сіз оны өлтіресіз! Өлтіресіз де он мың адамды аман алып қаласыз. (қалтасынан тапанша алып шығады) Мінеки, осы тапаншамен сіз шейхті атып тастайсыз!
Асқар. (екі қолын ала қашып) Жо-жоқ! Атамаңыз! Мен өмірі қолыма қару ұстаған емеспін, мен тапаншадан ату білмеймін. Адам түгіл итті де ата алмаймын.
Халел. Бұл шейх иттен де жаман болып тұран жоқ па! (пауза) Ал тапаншадан ату оп-оңай. Бұның оқтары уландырған, сіз әйтеуір шейхтің денесінің бір жеріне тигізсеңіз болды, жеңіл жараның өзі жеткілікті. Және дәл жанында тұрып адамға оқ дарытпау мүмкін емес. (тапаншаның тетіктерін көрсетіп үйрете бастайды) Міне, мына тетікше тапанша өз бетімен атылып кетпеуі үшін былай басылады, яғни, атардың алдына оны былай шегіндіресіз. Содан кейін тапаншаны шейхке көздеп шүріппесін бассаңыз болды оқ атылады. Және саусағыңызды шүріппеден алмасаңыз бұл тапанша оқ жаудыра береді. Түсіндіңіз бе? Мінеки, қолыңызға алып атып көріңіз, қорықпаңыз, қазір мұнда оқ жоқ.
Асқар. (тапаншаны алуға асықпайды) Бұл істі жүктейтін басқа адам табылмағаны ма?
Халел. Табылмады. Табылмайды да! Бұл іс тек сіздің қолыңыздан келеді. Шейх тек сізге кәміл сенеді. Сіздің киіміңізді тексермей, тінітпей оған кіргізеді. Біз оның бәрін анықтадық. Мына тапаншаны ішкі қалтаңызға салып алыңыз. Бұл тапаншаны ешқандай электронды аспап та сезбейді, ит те иісін алмайды.
Асқар. Жақсы, мен шейхты өлтірдім делік, ал сонда оның жанындағы жасақтары сол пультты іске қосып стадионды жарып тастамай ма? Шейхті өлтіргенмен біз мақсатымызға жете аламыз ба?
Халел. Ол үшін қам жемеңіз. Біз мынадай жәйтті анықтадық – пультты іске қосу үшін құпия кодты қолдану керек. Ал кодты шейх өзі ғана біледі екен. Одан басқа тірі жан білмейді. Яғни шейхтен басқа жан жарылғыш миналарды іске қоса алмайды. Сіздің міндетіңіз – тапаншаны шейхке кезеп шүріппесін басу – ар жағын тапанша өзі біледі. (тапаншаға оқтарды салады да, іске қосып, өз бетімен атылып кетпеу үшін тетікшені басып Асқарға ұсынады) Тек, атардың алдында мына тетікшені былай қайтаруды ұмытпаңыз.
Асқар. (тапаншаны қолына алады да сол тетікшені басады) Осылай ма?
Халел. Иә. Енді тапанша оқ атуға дайын. (имамның тапанша ұстап тұрған қолын кілем ілініп тұрған іргеге қарай бұрып) Ал, басыңыз шүріппені.
Асқар. Қалай, дәл осы жерде ме? Үйдің ішінде ме?
Халел. Ата беріңіз, бұл тапаншаның дауысы қатты шықпайды. Оқ бұл қабырғаны тесіп шыға алмайды. Басыңыз, басыңыз шүріпені! Қорқпаңыз. Қаттырақ басыңыз.
Асқар шүріппені басып қалады, тапанша сәл ғана шырт етіп оқ атады.
Асқар. Ойбай! (тапаншаны столға қоя салады)
Халел. Міне, көрдіңіз ғой – оп-оңай. Шейхті атып тастасымен тапаншаны ұстаған бойы қолыңызды қалтаңызға салыңыз да ақырын ғана шейхтің кабинетінен шығып кетіңіз. Сізді ешкім бөгей қоймас. Ал егер біреу-міреу бөгесе – тапаншаны қолданыңыз, ойланбастан қарсы келгенді де атып тастаңыз. Тапсырма орындалысымен біз сізге көмекке келеміз. Әрине, бұл қатерлі іс, сіз оны менсіз де түсінген боларсыз. Бәлен мың отандастарымыздың өміріне қатер төніп тұрғанда біз өзіміздің қауіпсіздігімізді ойлай аламыз ба.
Асқар. Иә, әрине, мен өзімнің қауіпсіздігімді ойлап тұрған жоқпын.
Халел тапаншаны алып қайтадан оқтап, имамға қайтарып береді. Асқар тапаншаны қолына алып, не істерін білмей, қайда қоярын білмей кідіреді.
Халел. Ал енді шейхке телефон шалып қабылдауын сұраңыз. Өте маңызды шаруа жөнінде сөз бар, ертеңге қалдыруға болмайды деңіз. Қалай да болса оңаша қабылдауын талап етіңіз. Ол сіздің сөзіңізді жерге тастамайды, міндетті түрде қабылдайды.
Асқар. (әлі де тапаншаны қайда қоярын білмей әрі-бірі аударыстырып отырып) Иә, мүмкін… мүмкін келісер…
Осы тұста есіктің қоңырауы соғады. Халел есік көзінде тұрған көмекшісіне қарайды, ол есіктегі тесік арқылы сыртқа көз тастап, сосын Халелге белгі береді. Халел аңырап тұрып қалған Асқарға қарайды.
Халел. (сыбырлап) Бүлікшілердің біреуі көрінеді. Ол кім болуы мүмкін?
Асқар. Білмеймін.
Халел. Сіз ешкімді тосып отыған жоқ па едіңіз?
Асқар. Ж-жоқ… егер әйелім мен балаларымды ертіп әкелген болмаса… бірақ оларды кім босатар дейсің.
Халел. Біз ана бөлмеге кіре тұрайық, сіз есікті ашыңыз. (келесі бөлмеге беттей бере, Асқарға қайтып келеді) Асеке, тапаншаны қалтаңызға салып қойсаңыз.
Асқар. Ә! Иә, иә! (тапаншаны қалтасына салып есікті ашады – босағада Иван тұр) Иван?! Сен не ғып жүрсің түнделетіп?
Иван. (ішке кіріп есікті жабады, еңсесі түсіңкі) Ассаламү ғалайкүм…
Асқар. Уағалайкүм ассалам. Не ғып тұрмыз? Жоғарлат. Кел, отыр мына орындыққа. (өзі басқа орындыққа отырып жігіттің бетіне үңіледі) Саған не болған? Ауырып қалғаннан саумысың? Бірдеңе болып қалды ма, Ваня?
Иван. (Асқардың ұсынған орындығына жайғасып) Иә… Асқар аға, мамам қайтыс болды…
Асқар. Қайдағы мамаң? Ә! Не дейсің?
Иван. Иә, Асеке, мамам қайтыс болды. Ол Лариса екеуі қаладан ешқайда кетпепті, стадионда аштан аш отырыпты. Мен оны бүгін ғана білдім, маған олар жөнінде стадионда күзетші болып істейтін танысым айтты. Сосын шейхтен шешем мен қарындасымды үйге алып кетейін деп рұқсат сұрап алып барғам… сөйтсем, стадион нағыз концлагерьге айналыпты. Ондағы мыңдаған адамдардың жағдайын көріп жаным түршігіп кетті. Олар әбден арыған, балалар су сұрап ыңырсиды, жылауға әлі келмейді. Футбол алаңының шөбін тақырлап жеп қойыпты. Жақсы, Асқар аға, олар кәпір болсын. Бірақ, балалардың не жазығы бар? Емшектегі балаларды, кішкентай сәбилерді кәпірлер қатарына жатқызуға бола ма? (имамға қарайды, ол ше үнсіз төмен қараған бойы отыр) Сосын… сосын мен мамам мен Ларисаны тауып алдым. Ал олардың жанында Жамал тәте мен Гүлнәр отыр екен. Берік те сонда. Мен оларды сонда отырар деп ешқашан ойламап едім. Егер оларды кәпір десек, онда… онда түк түсінсем бұйырмасын! (ол имам бірдеңе дей ме деп тоқтайды, бірақ имам сол отырған бойы қозғалмайды) Сосын… мамам ес-түссіз жатыр екен, мен оны көтеріп әкетейін деп едім, ол сол жерде жан тапсырды… сол жерде, менің қолымда кете барды… тұп-тура менің қолымда өтіп кетті… Ал Лариса… ол… ол маманы сен өлтірдің деп бетіме басты. Енді… енді ойлап көрсем, оның сөзі дұрыс екен. Мен… мамамның өліміне мен кінәлімін.
Асқар. Жоқ Ваня, олай деме. Сен кінәлі емессің…
Иван. Иә, менде барлық кінә. Жамал тәте де солай деді, Гүлнәр да… ол ашық айтпаса да жүзі соны білдіріп тұрды. Олардың маған қараған жанарларын көрсеңіз ғой! Мен оларға құбыжықтай көрінген шығармын. Ондай көздердің қарасына шыдау мүмкін емес-ті. Сосын мен кеттім. Ал мамам мен Лариса қалды. Тым құрығанда мамамның мәйітін алып кетейін деп едім, Лариса көнбеді. Жамал тәте: «Шейхке бар, стадиондағы тым құрығанда балалар мен бала емізіп жүрген әйелдерді босат де», – деді. Шейхке барып едім, ол мені қабылдамады. Көмекшілері жібермеді. «Не жөнінде келдің?», – дейді. Бұйымтайымды айтып едім, «Стадиондағылар кәпір, олар үшін сен неге қам жеп жүрсің, сен өзің мұсылман емессің-ау», – деп бас салды. Ал стадиондағылар… олар да адам баласы емес пе? Кешегі арамызда жүрген тамыр достарымыз, кеше ғана мектепте бірге оқыған кластастарымыз емес пе? Және де кішкентай балалар, сәби бөбектер… олардың не жазығы бар? Мен осыны түсінбеймін. (жігіт мұңайып бір күрсініп алады) Және, біздің мақсатымыз осы ма еді? Біз халықтың алғысының орнына қарғысына тап болдық қой! Бәрінен бұрын батып тұрғаны – шешем марқұмның мәйіті әлі сол футбол алаңында жатыр. (біраз уақыт үндемей қалады) Сосын… міне, сізге келдім. Сіз не дей аласыз, аға? Шариғат заңы адам баласын мал құсатып шөп жегізіп, оттатып қой дей ме?!
Асқар. (бір күрсініп алып Иванға қайғылы көзімен қарайды) Эх Ваня, Ваня! Біз алданып қалыппыз. Иә, сен сияқты тәжірибесіз жас жігітке алданып қалу ғажап емес. Бірақ мына мен сияқты, оқыған, білімі толық адам да алданады екен. Енді менің де көзім ашылды. Иә, ислам діні, шариғат заңы адам баласын хайуанға айналдыр, мал қылып жібер демейді. Жоқ, ол керісінше, имандылыққа, адамгершілікке жетелеуге тиісті. Сен дұрыс айтасың – стадиондағылар кәпір емес. Олардың бәрі кәпір емес. Стадионнан тыс жерде де кәпірлер бар. Сенікіндей униформа кигендердің ішінде де, өздерін «Мен мұсылманмын!», – деп кеуделерін соғып жүргендердің ішінде де кәпірлер бар. Ал сол кәпірлер – ең қауіпті кәпір. Олар нағыз шайтанның сапалақтары. Шайтан да кейде имандылықтың киімін киіп жылтырап жүреді, адамдарды адастырады. О-о! Ол лағнет келгірдің білімі де, сұрқиялығы адам баласын есінен адастырып, ең игі ойын, пиғылын, ниетін бұрып жіберіп қатыгездікке, оңбағандыққа, зұлымдыққа апарып соқтырады. Сондықтан өте сақ болу керек.
Иван. Мен де солай ойлап едім. Сонда мен енді не істейін? Стадионға барғым келмейді. Ал бірақ мамамның мәйітін бірдеме қылып алып шығу керек, адам сияқты о дүниеге аттандыру керек. Жалпы, енді біз не істеуіміз керек? Сіз маған бір кеңес бере аласыз ба?
Халел. (бөлмеге кіріп келеді – Иван сасып қалып орнынан атып тұрады) Қорықпа, інішек, мен Асекеңнің досымын.
Иван. Ассаламү ғалайкүм…
Халел. Уағалайкүм ассалам. (екеуі қол алысып амандасады) Отыр Иван, ақылдасу керек. Менің есімім Халел. Мен бүлікшілермен күресу үшін жіберілген арнайы бөлімшенің командирімін. Мен бәрін естідім, сенің қайғыңа ортақтасам, қайырлы қаза болсын. Әрине, қазір сенің есі-дертің шешеңнің мәйіті мен қарындасыңды алып шығуда. Бірақ стадионда отырған қалған жұртты да ойлау керек. Оларды күзетіп отырған жігіттердің ішінде сен сияқты алданып қалған жандар бар шығар. Енді көбінің көзі ашылды ғой. Сол жігіттердің де бастары қатып жүрген болар. Солармен сен арқылы байланыс жасап көрсек деймін. Бірақ асығу керек. Уақыт тығыз. Таңертең біз іс-қимылға көшпекпіз. Бірақ бір мәселе бізді бөгеп тұр. Сен стадионның миналанып тасталғанын білесің бе?
Иван. Мен о жөнінде бүгін ғана естідім. Бағана стадионға болғам. Сонда кезекші күзетші айтты: Жамал тәте… ол Асекеңнің зайыбы, со кісі стадион миналанып тасталған депті. Бірақ оған ешкім сенбейді.
Халел. Сенуге тура келеді, Иван. Миналардың санын ешкім белмейді, ал оларды іске қосатын пульт шейхтың қолында. Сондықтан ол пультты қолға түсірмей, істен шығармай стадиондағыларды құтқара алмаймыз. Әрине, егер біз тұтқындарды шейхке білдірмей стадионнан шығарып алсақ… бұл, бір қарағанда, мүлдем мүмкін емес сияқты. Алайда, біз барлық мүмкіндіктерді пайдалануға тырысуымыз керек. Стадион күзетушілердің арасында сенімді достарың бар ма?
Иван. Бар ғой.
Халел. Ал, онда, Иван, кетейік. Стадионды күзетушілердің арасындағы мүлдем ақыл-есінен айырылмаған жігіттермен байланыс жасап сондағы тұтқындарды азат етіп көрейік. (Асқарға) Ал, Асеке біз кеттік. Есіңізде болсын —біз сізге ең үлкен үміт артып отырмыз. Аман сау кездескенше.
Асқар. Иә, Алла тағала аман-сау кездесуге жазсын…
Халел көмекшісімен Иванды ертіп кетеді. Асқар олардың кетісімен есікті жауып бекітіп орнына қайтып келеді. Қалтасынан тапаншаны алып шығып жан-жақты зерттеген боп қарайды.
Асқар. (өз-өзімен сөйлеседі) Сонымен мен енді жендет болдым. Мен енді адам өлтіруге тиістімін. Басқа амал жоқ дейді… иә, солай. Ал мүмкін шейх… мүмкін ол сөзге көнер? Не де болса тағы бір рет, ақырғы рет сөйлесіп көру керек. Ал содан кейін… содан кейін көнбесе. Көнбесе… содан кейін көнбесе… көнбесе… сонда… һм… (тапаншаға тағы бір рет көз тастап орнынан тұрып кетеді) Жоқ! Көндіру керек! Қалай да болса көндіру керек. Одан басқа амал жоқ!
Ұялы телефонын алып шейхтің нөмірін тере бастайды. Осы тұста есік қоңырауы тағы да шылдыр етеді. Асқар бір мезет сол жаққа қарап тұрып, содан кейін есікке беттейді. Есіктің құлыпына қолын соза бере қолындағы тапаншаны қалтасына салады. Есік ашып аңырап қарап қалады. Бөлмеге Иван кіріп келеді.
Асқар. Ваня?! Не болып қалды? (есікті жабады) Сен неге қайтып келдің? Халел қайда?
Иван. Асеке, мен бір минутке оралдым. Халел мені төменде тосып тұр. Мен… мен мана сізге келгенім… сізге келгенде…
Асқар. Ваня, саған не болған? Сабыр қыл, жаным. Жүр, орындыққа отырайықшы, сосын баппен әңгімелесейік.
Иван. Жоқ, Асеке, отыратын уақыт жоқ. Мен тек сізге бір өте маңызды жәйтті айтайын деп едім. Ол мәселе… қысқасы, Гүлнәр…
Асқар. Гүлнәр?! Онымен бірдеңе болды ма? Ол өзі аман ба?!
Иван. Жоқ… Иә, иә, аман! Ол аман-есен. Мәселе онда емес, мәселе менде. Сіз ештеңе білген жоқсыз, ал мен… біз… қысқасы – Гүлнәр екеуміз бір-бірімізді қатты ұнаттық, бір-бірімізге ғашық болдық. Иә, ол енді мені сүймейді… иә… Бірақ мен оны бұрынғыдай… иә… ал ол енді мені жек көреді. Сонда менің кінәм тек нағыз мұсылман боламын дегенімде. Мен сізден Гүлнәрдың қолын сұрайын деп жүргем, ал ол… ол маған Ислам дінін қабылдау керек деді. Сонымен міне…
Асқар. (Иванға бүкіл денесімен бұрылып) Не?! Сен Ислам дінін тек менің қызымды алу үшін ғана қабылдадың ба?! (Иван төмен қарап күрсінеді) Жо-жоқ! Мүмкін емес!
Иван. (басын көтереді) Иә, Асеке, мен бір балалық жасадым. Бірақ сіз ол үшін ашуланбаңыз. Мен бұрыннан дін жөнінде ойланып жүргем. Мен мұсылмандарды ең адал, ең әділ, ең мейірімді жандар деп есептейтінмін. Бала кезімнен сіздің үлгіңіз көз алдымда тұрды емес пе! Бала кезімнен сіздің әулие-әмбиелер, әз пайғамбарлар туралы әңгімелеріңіз, ең соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед саллалаһу ғалейһи уәссалам мен оның сахабаларының өмірі мен істері жөнінде айтқан әңгімелеріңіз жадымда сақталып қалған-ды. Сондықтан, Гүлнәр ислам дінін қабылдау керектігін айтқанда мен бір минут та ойланбастан шешім қабылдадым. Содан бәрі жақсы болушы еді, егер… егер мына шейх кездеспегенде. Ол… ол, білмеймін не қылғанын, әйтеуір со кісімен кездесуім мұң екен, ақыл-есімнен айырылдым да қалдым. Сосын соңына қалай түсіп кеткенімді өзім де білмей қалдым.
Асқар. (бірер уақыт жігітке қарап тұрып, сосын қолын иығына салады) Өзіңді кінәлай берме, Ваня, жалғыз сен емес шейхтің арбауына тап болған.
Иван. Иә, қаншама жігіттер шейхтің соңында кете барды. Бір жағынан сіз соның жанында жүрдіңіз ғой. Сондықтан бізде еш күмән да болған жоқ.
Асқар. (ауыр күрсініп) Иә, оның маған соншама жабысқаны енді түсінікті болды…
Осы жерде есіктің қоңырауы тағы да шылдыр етеді. Имамның қолы құлыпқа созыла бергенде Иван есіктегі тесікке қарайды да оның қолын ұстап қалады.
Иван. (сыбырлап) Тоқтай тұрыңыз. Бұл кім өзі?
Имам да тесікке қарайды, сосын Иванға келесі бөлмеге тығыла тұр деп белгі береді. Иван ол бөлмеге кіріп кеткеннен кейін имам есік ашады. Шейх кіреді. Оның үстінде капюшоны бар үлкен плащ.
Ғабдуррахман. (табалдырықты аттап өтіп тоқтайды да капюшонды артқа қарай сыпырып тастайды) Ассаламү ғалайкүм, Асеке!
Асқар. Уа ғалайкүм ассалам. (шегіншектеп кетіп кідіріп қалады)
Ғабдуррахман. (бөгеліп қалып) Кіруге рұқсат па?
Асқар. Иә… иә, жоғары шығыңыз. (жоғары жаққа қарай қол сілтеп ишарат жасайды)
Ғабдуррахман. (жоғары өтіп, столдың жанында тұрған орындыққа жайғасады, есік құлыпталмай қалады) Кешіріңіз, Асеке, түн жамылып келгенімді. Бірақ, астыртын жағдай… (имамға тесірейіп қарайды да) Асеке, сізге не болған? Жүзіңіз боп-боз ғой.
Асқар. Жо… жоқ, ештеңе емес. Тек… сізді бүгін… дәл осы жерде көрем деп ойламап едім. Алайда мен де сізбен оңаша сөйлесейін деп едім.
Ғабдуррахман. Кешіріңіз, жағдай солай болды. Сізді тек үйіңізде оңаша кездестірмесем… мешітте жаныңызда әрдайым біреулер жүреді. Ал өзіме шақырайын десем… білесіз ғой – менің сарбаздарым мені ешқашан жалғыз қалтырмайды. Міне, сондықтан түнделетіп, жасырын келдім. Мен сізді ұйықтап қалған шығар деп ойладым… бірақ, сіз әлі жатпапсыз.
Асқар. Енді қайдағы ұйқы! Не ұйқы келмейді, не ас жүрмейді…
Ғабдуррахман. Асеке, сіз мені кешіріңіз. Мен сіздің үйдегі жеңгейді, қызыңыз бен ұлыңызды босатсын деп бұйрық бердім. Жаңа, осында келердің алдында стадионға жігіттерді жібердім. Менің оларды тұтқындайтын ойым жоқ еді. Ол кісі өзі, қоярда қоймай кіріпті стадионға. «Мен халықтың, отандастарымның жанына барамын, солардың тағдырымен ортақтас боламын, менің олардан жаным қадірлі емес» депті. Әрине, менің ызамның қайнағаны да бар – өзіңіз білесіз ғой, қандай сөздерді жұрттың көзінше менің бетіме басқанын. Сізді де табалап кетті ғой. Сосын ойладым, бір-екі күн отырып біраз есін жисын деп. Сіз олар үшін уайымдамаңыз – қазір олар азат етіледі. Бірақ үйіңізге қайтып келе ме – келмей ме, оны білмеймін. Мен жігіттеріме жеңгейді апар деген жеріне жеткізіп тастаңдар деп бұйырдым. Тек қана қаланың сыртына шығара алмайды – оққа ұшатын қауіп бар. Қаланы қоршап тұрған әскердің снайперлері қимылдаған, қыбырлаған адамды қағып түсіруі мүмкін. Қалада жеңгейдің туыстары, құрбылары бар ма еді? Баратын жері бар ма?
Асқар. Білмеймін… бар болар… тек сіз оларды шынында да азат етсеңіз.
Ғабдуррахман. Азат етеміз! Ол үшін күмәнданбаңыз. Міне бүгін Иван Новиков та шешесі мен қарындасын стадионнан алып кетуге рұқсат сұраған, мен оған рұқсат бердім. Алайда оның шешесі өліп қалыпты. Ал қарындасы шешесінің мәйітінің жанында қалыпты. Мен ол баланы мәйітпен бірге үйіне жеткізсін дедім, жерлеуге қажет қаражатты партияның қорынан бөліп бердім. Мүмкін осы үйдегі жеңгей солармен бірге болар. Міне, көрдіңіз бе – уайымдайтын ештеңе жоқ.
Асқар. Мен өз отбасым үшін ғана уайымдап отырған жоқпын. Мен бүкіл стадиондағылар үшін, бүкіл қала тұрғындары үшін уайым жеп отырмын. Сіз енді өзіңіз де түсінген боларсыз – сіздің экспериментіңізден ештеңе шықпады. Сондықтан енді қару-жарағыңызды тастағаннан басқа амал қалмады. Иә, сіз сөзсіз сотталасыз… біз бәріміз де сотталамыз. Бірақ, өз еркіңізбен қару-жарақ тастап, қаланы мемлекет қарулы күштеріне тапсырсаңыз, сот сізге кешірім жасайды. Әлбетте жасайды.
Ғабдуррахман. (өңі бұзылып кетеді) Жоқ! Мен ол сотты заңды деп санамаймын. Мен тек Аллаһтың сотын, Аллаһтың заңын мойындаймын. Қару-жарағымызды да тастамаймыз – алдымызға қойған мақсатымызға жетпей тастамаймыз. Біздің мемлекетімізді, біздің қоғамымызды күнәһарлардан, қылмыскерлерден тазартпай тоқтамаймын. Ал мына біздің, сіз айтпақшы, экспериментімізден түк шықпады дегенмен мен келіспеймін. Өзіңіз білесіз – осы қысқа мерзімнің ішінде қаламыз әжептәуір тазарып қалды. Біз қылмыстың барлық түрлерін тыйдық. Мұсылмандар оң мен солын аңғара бастады, намаз оқуды үйренді, адам сияқты киім киуге дағдыланды. Қазір еш қауіпсіз түнгі көшелермен жүруге болады. Қала тұрғындары бір-бірімен сыпайы сөйлеседі, адал сауда-саттық жүріп жатыр, ешкім ешкімді алдамайды, ешкім ешкімді қанамайды, азық-түлік пен басқа тұтынатын тауарлар таза, хәләл. Біз арақ пен есірткіні жойдық, темекі шегушілер мен насыбай ататындардың да саны азайып келеді. Банкілер дұрыс жұмыс істей бастады, олар мұсылмандарға дұрыс қызмет көрсетуде, бұрынғыдай өсім пайызын алып ашықтан-ашық тонау деген жоқ. Шенеуніктер жұмысын адал, әділ атқаруда. Ешкім пара алмайды – пара бермейді. Бұдан басқа не керек?!.. (шейх имамға қарайды, бірақ ол үндемейді) Иә, мүмкін біздің бастамамыздың болашағы жоқ та болар. Бірақ мен кәміл сенемін – қалай да болса, түбінде, егер халық әбден малғұндыққа, азғындыққа батып, құрып кеткісі келмесе, бәрібір, ерте ме, кеш пе, болашақта бір шариғат заңын қабылдайды. Мен… тек сол болашақ қоғамға алғашқы жол салушымын. Менің ізіме түсетіндер болады әлі, болады, иншалла! Олар тіпті менен де асқан мұсылман болады, адамзат әлі түседі Алланың тура жолына, түседі! Иншалла, түседі!
Асқар. Мен шариғат заңының, ислам дінінің болашағы жоқ деп тұрған жоқпын. Иә, адамзат түседі тура жолға, иншалла түседі. Ал бірақ сол жарқын болашаққа сіздің салған қатерлі соқпағыңыз апармайды. Болашаққа ізгілік, рақымдылық, мейірбандық, адамгершілік, шынайы имандылық ғана апара алады. Зұлымдық, қатыгездік тек артқа, кері тартатын жол. Сіздің жаңағы мақтан етіп отырған жетістіктеріңіз шын мәнінде жетістік емес. Өйткені ол жетістіктерге сіз тек қатал жазаның нәтижесінде жеттіңіз. Егер ертең шариғат заңы өз күшін жойса, қоғам бұрынғы арнасына түседі. Өйткені сіз адамдарды өзгерткен жоқсыз, сіз оларды тәрбиелеген жоқсыз, сіз тек оларды оңдап тұрып үрейледіріп алдыңыз. Сіз әлгі жарқын болашаққа адамдарды қамшымен айдап апарғыңыз келеді. Сіз болашаққа бір күнде, бір-ақ секіріп түсемін деп ойлайсыз. Сізден де бұрын сондайлар болған. Тарих сіз сияқтыларың бірсыпырасын біледі. Тек қана сіз сияқтылар тарихты білмейді. Тарихтан сабақ алмайды. Алысқа бармай-ақ қояйық. Жүз жыл бұрын Ленин деген біреу бір күнгі төңкерістің нәтижесінде жер бетінде жұмақ орнатпақшы болған. Халықты қандай «жұмаққа» түсіргенін өзіңіз де білетін шығарсыз.
Ғабдуррахман. Сонымен сіз мені Ленинге теңедіңіз, иә?! Бірақ, ол кәпір емес пе еді! Және де оның қателігі…
Асқар. Оның қателігі – сіздің қателігіңіз! Халықты жұмаққа дүренің астына алып, қамшымен айдап апарып қамауға болмайды. Адам баласы жұмаққа өз еркімен, өзінің имандылығының, тақуалығының нәтижесінде кіре алады. Басқа жол жоқ, басқадай Алла тағала оны жұмаққа кіргізбейді де.
Ғабдуррахман. (сағатына қарап қойып) Асеке, кімнің жұмаққа кіріп, кімнің кірмейтінін бір Аллаһ біледі. Менің сізбен сөз таластыратын уақытым жоқ. Сіздің көз қарасыңыз өзіңізге, менің көз қарасым өзіме. Меніңше, біздің халықты тек таяқтың көмегімен тәртіпке шақыруға болады. Оңдап тұрып сабап алмасаң райынан қайтар емес. Менің оған көзім әбден жетті. Қайткенде мен өз жолымнан таймаймын.
Асқар. Егер менімен сөз таластырғыңыз келмесе, менімен сөйлескіңіз келмесе, мұнда неге келдіңіз?
Ғабдуррахман. Жоқ, Асеке, мен сізбен сөйлескім келеді. Мен сізбен әрдайым сөйлескім келеді. Бірақ қазір уақыт жоқ. Уақыт тығыз. Өйткені бағана, күн батысымен, маған қаланың сыртынан елші келді. Ол президенттің ультиматумын алып келіпті. «Таң атқанша қару-жарақ тастап қаланы тапсырыңыз» депті президент. «Таң атысымен шабуыл жасауға пәрмен беремін» дейді. Міне… сізге келген себеп осы. (Асқарға ультиматумды береді)
Асқар. (оқып шығып) Мен сізді әуелден ескерттім ғой – президент ешқашан автономияға келісім бермейді деп. Ол енді шабуылға бел байлады. Сізге беретін кеңесім – қару-жарақ тастап ақ жалау көтеріңіз. Ең әуелі стадиондағы тұтқындарды босатыңыз.
Ғабдуррахман. Мен сізден кеңес сұрауға келген жоқпын. Мен ешқашан қолыма алған қаруды тастамаймын, ақ жалау көтермеймін.
Асқар. (көтеріңкі дауыспен, тағаты таусыла) Менің кеңесім керек болмаса, онда бұл әңгімені несіне бастадыңыз?!
Ғабдуррахман. (тесірейіп қарап тұрып) Мен сізге бір ұсыныспен келдім. Сіз менің елшім болмақсыз. Сіз президентке менің бір ұсынысымды жеткізесіз.
Асқар. Ол қандай ұсыныс? Ғабдуррахман! Президент енді сізден ешқандай ұсыныс қабылдамайды. Ол ультиматум қойды – сізде енді көп уақыт қалған жоқ. Қазір, бір-екі сағаттан кейін таң атады. Сосын… арғы жағын өзіңіз білесіз. Шабуыл басталысымен қан судай ағады.
Ғабдуррахман. Бір-екі сағат жеткілікті мерзім. Сіз елші болып барып президентпен жолығасыз. Иә, ол автономияға келіспейді… келісе алмайды. Менің оған көзім жетті. Енді мен оған тағы бір ұсыныс жасайын деп отырмын. Біріншіден, біз оның талабына сәйкес қаруымызды тастап қаланы қарулы күштерге тапсырамыз, ал ол мені және менің партиялас жолдастарымды, сарбаздарымды қудаламайды, соттамайды. Екіншіден, бізге өзеннің арғы жағындағы шағын ауданды береді – біз онда жеке үмбет болып, жеке қоғам құрамыз. Иә, иә, біз енді мемлекеттің заңын мойындаймыз. Тек жергілікті билік біздің ішкі өмірімізге кіріспейді. Біз, өзіміздің арамызда, өзіміздің жеке ұйымымызда, өзіміздің қоғамымызда шариғат заңымен өмір сүреміз. Біздің шағын ауданымызда кәпірлер тұрмайды. Біздің балаларымыз медереседе дәріс алады. Біздің қыздарымыз, әйелдеріміз, ер-жігіттеріміз мұсылманша киініп жүреді. Өзіміздің шағын ауданымызда біз өзіміз тәртіп орнатамыз. Бұзықтыққа жол бермейміз. Тұжырымдап айтқанда, біз үлгілі, ислами шағын аудан орнатамыз. Сонсоң кімнің заңы жақсы, кімнің заңы дұрыс, ал кімнің заңы бұрыс екеніне халықтың көзі жетеді. Біз өзіміздің қатарымызға нағыз мұсылман болғысы келгендерді қабылдап отырамыз. Нәтижесінде біздің шағын ауданымыз, бірте-бірте, жылдан жылға өсіп, кеңейіп, болашақ ислами мемлекеттің, одан әрі ұлы халифаттың негізін құрайды.
Асқар. Халифат! Шейх, сіздің айтып отырған халифатыңыз нағыз утопия!
Ғабдуррахман. Жоқ, утопия емес! Ұлы халифат – бүкіл адамзаттың болашағы. Халифат жер жүзінде орнайды, мен оған кәміл сенемін.
Асқар. Ғабдуррахман, сіз әлі ештеңе түсінбепсіз. Халифат жөнінде әңгімені қоя тұрайық. Президент мына ультиматумында ешқандай шартсыз, ешқандай жаңа ұсыныссыз қару-жарақтарыңызды тапсырып ақ жалау көтеруді талап етіп отыр. Ал сіздің тағы бір идеяңыз, мына ислами шағын ауданыңыз – ол нағыз әлдиярдың, монастырдың идеясы. Егер білсеңіз, ислам дінінде бұқара халықтан жекеленген үмбет, әлдияр деген болмаған. Өйткені нағыз мұсылман ешқашан қоғамнан бөлініп оңашаланбаған. Жоқ, керісінше, нағыз мұсылман халықтың, қалың бұқараның арасында, өмірдің ауыртпалығын елмен, халықпен бірге көтеріп, отандастарымен ақырғы тілім нанын бөлісіп жеп өткен. Нағыз мұсылман қоғамның, көштің алды болуға тырысып, салихалы да иманды өмірдің насихатшысы болып қалған жұртқа үлгі болуға тырысқан. Сіз әлі де өзіңіздің тәкаппарлығыңыздан арыла алмай отырсыз. Сіздің ойыңызша нағыз мұсылмандар сіздің үлгілі шағын ауданыңызда оңашаланып, қалған жұртқа, сіздің айтуыңызша «өңкей кәпір мен күнәһарларға» жоғарыдан төмен қарап отырмақшы.
Ғабдуррахман. Жоқ, менің бойымда тәкаппарлық жоқ. Мен тек күнәға, азғындыққа ашық соғыс жарияладым. Мен кәпірлерге жихад жарияладым. Және оларды мен кәпір деп отырған жоқпын, іс жүзінде олар кәпір!
Асқар. Сіз тәкаппарлығыңызды мойындамай отырсыз, алайда сіздің шағын ауданда оңашалануыңыздың түбі неде? Күнәға батқан жұрттың арасында жүріп өзіңіздің «пәк» тәніңізбен «пәк» жаныңызды кірлетіп аламын деп қауіптенгеніңізде емес пе. Сіз өзіңізді тым пәк сезінесіз. Сіз өзіңізді қалған жұрттан жоғары дәрежедемін деп санайсыз. Сіз өзіңізді әулие деп санайсыз. Ал бұл нағыз тәкаппарлық. Иә, біздің кейбір отандастарымыздың күнәға белуарынан батып жүргенін мен де мойындаймын. Ал бірақ оларға жоғарыдан түкіріп, оларды төменгі дәрежеде, төмен сатыда тұрған адамдар деп санап, немесе хайуанға теңеген дұрыс емес. Керісінше, біз өзіміздің күнәларымызды мойындап сол күнәлардан арылуға тырысып, жанымыздағы адамдардан, отандастарымыздан бірдеңеміз артылып бара жатса оларға жоғарыдан төмен түкірмей қол ұшын беріп тура жолға шығуға атсалысуға тиістіміз. Мінеки, менің пікірім осы. Мен сіздің идеяңызды қолдамаймын. Сондықтан ешкімнің алдына ондай ұсыныспен бармаймын.
Ғабдуррахман. (сол тесірейген көздерін имамнан айырмай біраз отырады да серпіліп бойын түзейді) Сонымен маған үзілді-кесілді «жоқ» дедіңіз, иә?
Асқар. Иә. Мен сізден қантөгіске жол бермей бүлікті доғаруыңызды талап етемін. Тоқтаңыз, шейх! Әлі де кеш емес. Істеген ісіңізді мойыныңызбен көтеріп жазаңызды алыңыз. Қазір тоқтасаңыз президент өз тарабынан кешірім жасауға дайын. Мына ультиматум соған кепіл.
Ғабдуррахман. Маған оның кешірімі керек емес. Ал егер қан төгілсе, ол қан менің мойыныма артылмайды – менің қан төккім келіп тұрған жоқ. Ол қан өкіметтің, президенттің мойнына артылады. Өйткені мен емес – ол маған шабуыл жасайын деп тұр. Мен мәселені бейбітті түрде шешуге бір емес, екі ұсыныс жасап отырмын. Ал егер қабылдамаса, қабылдамай-ақ қойсын – біз оңайлықпен берілмейміз. Біз автономиямыз үшін бір қасық қанымыз қалғанша шайқасамыз. Президент тып-типыл болған қаланың орнын сипап қалады. Егер ол соны мақсат тұтып тұрса – бастасын шабуылды. Мен айтқанымнан қайтпаймын. Ең әуелі стадионның күлі көкке ұшады.
Асқар. Сіз оны істемейсіз, Ғабдуррахман! Стадиондағы адамдардың, қаланың бейбіт тұрғындарының еш жазасы жоқ. Егер тіпті өзіңіздің идеяңыз үшін шайқасып қаза болғыңыз келіп тұрса, сарбаздарыңызбен бірге қаладан тыс жерге шығып шайқасыңыз. Мен тіпті президентке, сіздерге қаладан шығуға мұрсат берсін деген ұсыныспен баруға дайынмын.
Ғабдуррахман. Тапқан екенсіз ақымақты! Президенттің әскері бізді ен далада бес минутта қырып тастамай ма! Жоқ! Мен өлсем өзіммен бірге мыңдаған кәпірлерді ала кетемін. Олардың саны неғұрлым азайса, соғұрлым жердің беті тазара түседі. Міне – менің ақырғы сөзім. Егер сіз менің ұсынысыммен президентке барғыңыз келмесе, мен жихадымды осы жерде бастаймын. (қалтасынан ұялы телефон алып бір нөмірді тере бастайды)
Асқар. Не істейін деп тұрсыз? Кімге телефон шалайын деп тұрсыз?
Ғабдуррахман. Ешкімге емес. Мен дәл қазір стадионды жарайын деп тұрмын. Мен бір нөмірге телефон шалсам болды, жүздеген миналар іске қосылып, стадион бүкіл тұтқындарымен көкке ұшады. (кнопкаларды пипылдатып нөмірді тере береді)
Иван. (қолында атуға даяр тапаншамен бөлмеден шығып қаруын шейхке кезейді) Шейх! Сіз оны істей алмайсыз! Телефоныңызды столдың үстіне қойыңыз да кейін шегініңіз. Әйтпесе мен атамын.
Ғабдуррахман. (орнынан тұра бере) Әй, мұның кім өзі! Мұсылман! Қалай ғана өзіңнің шейхіңе қару көтеруге датың барды, а?!
Иван. (Асқар да орнынан тұрып, біресе Иванға, біресе Ғабдуррахманға қарап тұрады) Ал егер ол шейх жынданып кетсе ше? Егер ол қанпезер жыртқыштай адамдарды жалмап жатса ше? Сонда не істеуім керек?! Енді былшылды доғарыңыз! Телефоныңызды столға қойып кері шегініңіз! (жақындай түседі)
Ғабдуррахман. (екінші қолымен тапаншасын суырып алып) Жоқ! Ғабдуррахман шейх ешқашан кері шегінбейді! Сен, боқмұрын, оны білуге тиістісің! (тапаншаның тетікшесін басып қалып Иванға кезейді) Бала! Таста қаруыңды! Білесің ғой – мен атқанда мүлт жібермеймін.
Иван. Ақырғы рет ескертемін: қойыңыз телефонды столға!
Екі оқ қатар атылады, Иван шалқасынан түседі де, ал оның оғы шейхке дарымайды. Шейх түк болмағандай тапаншасының тетікшесін басып жерде қимылсыз жатқан Иванға қарайды. Асқар Иванның жанына тізерлей отыра кетіп құлағын оның көкірегіне тосады, сосын аяғына тұрады.
Асқар. (көздерімен шейхті ішіп-жеп) Қанішер! Бұл жазықсыз жаның не кінәсі болды? Бұны не үшін өлтірдің?
Ғабдуррахман. Бұл «жазықсыз жанның» орнында мен де жатушы едім. Әрине, егер Аллаһ солай жазған күнде. Бұл кісі өлтіру емес – бұл әділ жекпе-жек. Бұл жігіт қаруын бірінші көтерді, бірінші болып атты, содан міне, жазасын алды. Әлін білмеген әлек! (қайтадан ұялы телефонның кнопкаларын басып керекті нөмірді теріп болып имамға қарайды) Міне, керекті нөмір терілді, енді тек дозвон кнопкасын басып қалсам, стадион бір үлкен қоқыс үйіндісіне айналады. Сонымен, имам, сіз менің ұсынысымды қабылдайсыз ба, әлде қабылдамайсыз ба?
Асқар. (қалтасынан Халел берген тапаншаны алып шығып шейхке кезейді) Телефонды столға қойыңыз, шейх! Қойыңыз да, қолдарыңызды көтеріп кері шегініңіз.
Ғабдуррахман. О-һо! Асеке, мұныңыз не? Дәл сізді қолыңызға қару алады деп ешқашан ойламап едім.
Асқар. Алуға тура келді. Сіз маған басқа амал қалтырмадыңыз. Мен сізді теріс жолдан тайдырамын деп бақтым. Аллаһ куә – сіз сөзге көнбедіңіз. Енді қарудың күшімен көндіргеннен басқа амал қалмады. Өйткені мен сол мыңдаған адамдарды, бейкүнә балаларды өлтіргізіп қоя алмаймын. Сөзбен тоқтата алмасам, қарудың күшімен тоқтатамын.
Ғабдуррахман. (күледі) Қызық екен! Бірдей бір қаланың имамы, кеше ғана мешіттің мінберінен имандылыққа, ізгілікке, рақым мен мейірбандыққа шақырып жалынды уағыз айтқан адам енді өзінің мұсылман бауырына қол көтеріп, оны өлтіріп тастауға дайын тұр. Қойыңыз, Асеке, сізге бұл іс жараспайды. Сіз өзіңізді айнадан көрсеңіз… (тағы да күледі) жоқ, сіз ата алмайсыз. Сіз адамды өлтіре алмайсыз. Адам өлтіру оңай шаруа емес.
Асқар. Иә, мен ешкімді өлтіргім келмейді. Бірақ, он мың… барлық қаланың тұрғындарын санағанда алпыс мың адамның өмірін сақтап қалу үшін мен сол күнәні мойыныма артып алуға бармын. Ал, қойыңыз телефонды столға. Қолыңызды көтеріңіз де шегініп кетіңіз. (Ғабдуррахманның қозғала қоймағанын көріп) Ғабдуррахман, мен сізді шынында да атып тастаймын!
Ғабдуррахман. Ата алмайсыз! (тапаншасын көтеріп Асқарға кезейді) Ал мен сізді оп-оңай атып тастаймын. Есіңізде болсын – мен ешқашан мүлт жібермеймін. Егер тапаншаңызды шошаңдатуыңызды қоймасаңыз мен стадионды жарып тастаймын! (телефон ұстап тұрған қолын жоғары көтереді)
Асқар. Ғабдуррахман! Тоқтат! Тоқтат деймін! А-а! (тапаншаның шүріппесін басады, тапанша екі-үш оқ атып жібереді. Бір оқ Ғабдуррахманның телефон ұстап тұрған қолына тиіп ол телефонды еденге түсіріп алады; іле Асқардың ұстап тұрған тапаншасы да тарс етіп еденге құлап түседі)
Ғабдуррахман. (таңқалған кейіппен) Ә?! Сіз… сіз шынымен маған оқ аттыңыз ба?! (құлай жаздап, үстелге сүйенеді, еденде жатқан телефонына қарайды, ол тым алыс жатыр, оны алмақшы болып бір қадам жасайды, бірақ басы айналып, теңселіп біраз тұрады да, телефонға жете алмайтынына көзі жетісімен бойын түзеп тапаншасын имамға кезейді) Мына оқ… маған тиген оқ жәй емес… бұл уландырылған оқ. Бұл оқты… бұл тапаншаны сізге кім берді? Ә… түсінікті. Олар… әлгі полковник Ысмайыловты өлтіргендер… иә, дәл солар. Полковник те тап осындай жеңіл жарақат алып жан тапсырған. Сонда оның ағзасынан күшті у табылды. Сонымен, мен қазір жан… жан тапсырамын. Сіз… имам Асқар, сіз сонда жендет болғаныңыз ба? (имам үндемейді) Иә, иә! Білемін не айтпағыңызды… «Сен де жендетсің» дейсіз ғой. Бірақ мен Алла тағаланың жендетімін… ал сіз ше? Сіз… сіз шайтанның жендетісіз. Иә, дәл солай… Ал онда… онда ренжімеңіз, Асеке. Онда мен жәй кете алмаймын. (жерде жатқан телефонға қарайды) Әттең! Әлгі кәпірлерді бірге ала кете алмадым. Сіз дегеніңізге жеттіңіз. Сондықтан сізге кешірім жоқ. Ал, қош… Асеке… мүмкін кездесерміз… қиямет күні… сонда… сонда… Аллаһ тағала… егер ол… ол… бізді сонда кездестірсе…
Тапанша гүрс етіп оқ атып шейхың қолынан еденге құлап түседі. Асқар шалқасынан түседі; Ғабдуррахман бір-екі секунд теңселіп тұрады да, ол да сылқ етіп құлап түседі. Біраз уақыт тыныштық орнайды. Ашық қалған есіктен Халел кіреді, оның қолында атуға дайын тапанша. Оның соңында көмекшісі.
Халел. (сұлап жатқан шейхті көріп) Шейх Ғабдуррахман?! (көмекшісіне) Көрдің бе, біздің жанымыздан сып беріп өте шыққан адамның кім екенін? (столды айнала беріп Асқар мен Иванның мәйіттерін көріп тізерлей кетіп тамырларын басып олардың өтіп кеткеніне көзі жетіп алақандарымен бетін сипайды да орнынан тұрады) Аллаһү акбар! Қайтып кетіпті. Өкінішке орай біз шейхті танымай қалдық.
Көмекшісі. (жерде жатқан шейхтің ұялы телефонын көріп оны алайын деп еңкейе беріп) Мынау не? Шейхтің соткасы ма?
Халел. (қатал үнмен) Тиме! Еш нәрсеге тиме. (көмекшісін ығыстыра телефонды зор абайлықпен, екі саусағымен алып столға қояды) Мен білсем, әлгі жарылғыш миналарды іске қосатын пульт осы телефон. (көзімен бөлмені шалып өтіп) Иә, бұл жерде болған оқиғаның астары енді түсінікті. (телефонды бұзып батареясын алып тастайды) Шейх стадионды жармақшы болған тәрізді, ал мына жігіт оған қарсы шыққан. Алайда шейх оқ атқанда мүлт жібермейді, ал мына жігіттің тәжірибесі жоқ. Ал имам… ол кісі де шейхті тоқтатпақшы болған, ол оны тоқтатты да… алайда, өзі де оққа ұшты. Жарайды, болған іс болды. Енді уақыт тығыз… (ұялы телефонын алып шығып орталықпен байланыс жасайды) Орталық! Орталық! Байланыста – «Ақ сұңкар». Стадиондағы жарылғыш миналарды іске қосатын пульт біздің қолымызға түсті де істен шығарылды. Шейх Ғабдуррахман мерт болды. Жоқ, біз емес, – оны имам Асқар атып тастады. Жоқ, ол кісі де қаза тапты. Имам Асқар ерен ерлік көрсетті, мыңдаған адамдардың өмірі үшін өзінің өмірін пида етті. Иә, иә! Біз енді қаланы азат етуге арналған жоспарымыздың екінші тарауына кірісеміз. Қалаға шабуылды бастамай тұра тұруды өтінемін. Иә! Құп болады! (телефонын сөндіріп, көмешісіне) Ал, мен кеттім! Сен қазір мешітке тарт! Намазхандар таң намазына жиналып жатқан болар. Оларға имамның қазасын естірт, ақсақалдар келіп мәйіттерді оң жаққа жатқызсын. Содан кейін гарнизонға кел, мен біздің офицерлер мен сержанттарды көтере берейін.
Көмекшісі басын изейді де екеуі кетеді.