Читать книгу Төңкеріс. Пиесалар - Қайыркелдi Руспаев - Страница 5
Төңкеріс
ТРАГЕДИЯ
Екінші көрініс
ОглавлениеАсқардың пәтерінің ішкі көрінісі. Балкон есігі ашық, самал жел түрулі перделермен ойнап тұр. Сыртта өсіп тұрған ағаштардың жайқалған жапырақтары көрінеді, яғни, күн жаз. Телевизор істеп тұр, онда Чайковскийдің «Аққулар айдыны» балеті жүріп жатыр. Жамал диванда отыр, бірдеңе тоқып отырып анда-санда телевизорға көз тастап қояды. Ол қазіргі кездің әйелдеріндей киінген, басында шағын орамал. Асқар кіреді.
Жамал. (ісін қоя салып, пульт арқылы телевизордың дыбысын бәсеңдетеді, алайда музыка мүлдем өшпей, анда-санда күшейіп, бәсеңдеп ерлі-зайыптылардың диалогының фоны болып тұрады) Ә, келіп қалдың ба? Шәй ішесің бе? Тоқтай тұр! Сенің түріңе не болған? Өзің ауырып жүргеннен саумысың? Кешеден бері қабағыңды қар басып кеткендей бір ашылмады.
Асқар. (Жамалдың жанына отыра кетіп ауыр күрсінеді) Е-еһ… Бір мәселе мазалап тұрғаны…
Жамал. Ол нендей мәселе? (орнынан тұрып, электр шәйнекті іске қосады да бөлменің ортасында тұрған столға дастархан жайып, шайға әзірлеп жүріп сөйлеседі)
Асқар. (сәл ойланып отырып) Жамал, егер мен бір заңсыз, жасырын, құпия партияның мүшесі болдым десем не дер едің?
Жамал. (қолындағы бір ыдысты салдыр еткізіп түсіріп алады) Астафиралла! Қайдағыны қалай айтасың! Әлде бұл әзілдің бір түрі ме?
Асқар. Жоқ, мұндай нәрсемен әзілдеуге бола ма? Бірақ мен ол партияның қатарына әлі кірген жоқпын. Мен әлі ойланып жүрмін.
Жамал. Ол қандай партия өзі? Ондай партия бізде бар ма еді?
Асқар. Бар екен, Жамал. Әл-хизб деген партия. Соның жетекшісі мені партиясының мүшелігіне өтуге үгіттеп жүр.
Жамал. Сен не дедің?
Асқар. Не деуші едім? Ойланайын дедім, сенімен ақылдасайын дедім.
Жамал. Ал ол ше? Не деді ол?
Асқар. «Ойланыңыз, ақылдасыңыз» деді. «Тек қана біздің құпиямыз ашылып қалмасын» деді.
Жамал. Мен өсекшіл келіншек емеспін, көрген-естігенімді елге жаятын. Ал сонда, құпия дегенде нендей құпиясы бар сол партияның? Өкіметке қарсы ма?
Асқар. Иә… солай деуге болады.
Жамал. Алла сақтай гөр! Сонда сен… сен өкіметке қарсы шықпақсың ба?
Асқар. Ж-жоқ. Жаңағы айтып отырған партияның мақсаты – біздің елде шариғат заңын орнатып, ислами мемлекетін құру. Сол партияның мүшелері бұл мақсатқа мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде жетпекші. Ал мен оған қарсымын. Мен басқа жолдарды, басқа тәсілдерді көрсетіп отырмын.
Жамал. (орындыққа отыра кетіп, қолындағы ыдысын столға қоя салады) Басқа жолдарды?! Бұл сөзіңді қалай түсінуге болады? Сен сонда бізде шариғат заңын орнатпақпысың?
Асқар. Әрине! Мен бір қаланың имамы бола тұра, мұсылман бола тұра, сол заңды қолдамағанда кім қолдауға тиісті? Шариғат заңы – ең әділ заң. Ол Алла тағаланың заңы. Мен тек сол заңды зорлық-зомбылықсыз, қантөгіссіз қабылдауды ұсынып отырмын. Ал «Әл-хизб» басшылары…
Жамал. (орнынан тұрып кетіп, жүре сөйлейді) Ал меніңше – шариғат заңын қазіргі заманда қолдануға болмайды. Өзің ойлашы, қалай ғана жиырма бірінші ғасырдың қоғамына орта ғасырлық заңды ұсынбақсың? Қазіргі қоғам – дамыған, демократиялық қоғам.
Асқар. Жақсы. Ал біздің заң демократияға сай келіп тұр ма?
Жамал. Әлбетте! Біздің заң – ең гуманды заң. Әлде демократияға шариғат заңы сәйкес келе ме? Егер қателеспесем, шариғат бойынша қылмыскерлерге дүре соғу, таспен ұрып өлтіру жазалары қолданылады. Ұрылардың қолын шауып тастау деген сияқты…
Ашық тұрған балкон есігі арқылы бір алыс гүріл естіледі; ол бірте-бірте күшейе түседі, бірақ сөзталасқа кірісіп кеткен жұбайлар оны әлі аңғара қойған жоқ. Балет музыкасы мен түсініксіз гүріл бір-бірімен тайталасып қатар шығып тұрады.
Асқар. Жамал, мен бүгіннен бастап шариғат заңын еңгізу керек деп тұрған жоқпын. Жоқ, ең әуелі адамдарды діни тәрбиеден өткізу керек. Мемлекет азаматтары, мұсылмандар, адамдардың сотынан, жазалауынан қорықпай, Алланың сотынан, жазалауынан қорқуға тиісті. Адам сотын алдап кетуге болар, адам ойлап шығарған заңды айналып кете аларсың, ал Алланы алдай алмайсың, оны айналып кете алмайсың, әйтеуір бір алдына барасың. Осыны адамдар түсінген күні, осыған сенген күні қылмыс да тиылушы еді. Сонда шариғат заңы тек иманы жоқтарға, шайтанның арбауына түскендерге, іблістің олжасы болғандарға ғана қолданылар еді. Сондықтан біз халыққа діни тәрбие беруіміз керек. Мен осының бәрін «Әл-хизб» партиясының мүшелеріне түсіндіріп жүрмін. Оларды алғашқы ойларынан, шариғат заңын төңкеріс арқылы орнатамыз деген ниеттерінен тайдыруға тырысып бағудамын. Меніңше, олардың көбісі ойлана бастады, күннен-күнге менің пікірімді қолдаушылар саны артып келеді.
Жамал. Е, онда несіне мазасызданасың?
Асқар. (ол терезе жаққа қарайлап қояды, түсініксіз гүріл оның санасына жете бастаған сияқты) Кеше партия ұйымының кеңітілген жиналысы өтті. Сол жиналыста мен полковник Ысмаиловты кезіктіріп қалдым. Полковник – біздің әскери гарнизонының қолбасшысы, генерал Жақыповтың орынбасары. Алдыңғы күні генерал демалыс үйіне емделуге аттанып, орынына Ысмайыловты тағайындап кеткен. Енді біліп жатырмын – полковник Ысмаилов партияның басқару алқасының мүшесі екен. Тіпті, Ғабдуррахман шейхтен кейін екінші адам екен.
Жамал. Ғабдуррахманың кім өзі?
Асқар. Ол партияның жетекшісі, рухани лидері. Полковник Ысмаиловтың тіркеуден өтпеген партияның басшылығында жүргені мені жаман састырды. Ол біздің заңымыз бойынша қылмыскер болып табылады. Міне, қандай мәселе менің басымды қатырып тұрғаны.
Жамал. (ол да терезе жаққа қарай алаңдай бастады) Асқар, мына айтып отырғаныңның бәрі мені де мазасыздандырып жіберді. Меніңше, біздің қалаға бір қауіп төніп тұрған сияқты. (телевизорды нұсқап) Мына балет бүгін міне үшінші рет көрсетілуде. Және қалалық каналдан басқа бір де бір канал жұмыс істемей тұр. Біздің енді жайбырақат отыруымыз дұрыс болмайды. Сен бұл жағдайды қауіпсіздік комитетіне хабарлауға тиістісің. Онда өзің барасың ба, әлде телефон шаламыз ба? КНБ-ның телефон нөмірі қандай еді? (Асқар үнсіз басын шайқайды) Нөл-тоғыздан білуге болатын шығар. (телефонды өзінің жанына қарай жақындатып тұтқасын көтереді)
Асқар. (оның жанына келіп тұтқаны қолынан алып орнына қояды) Жоқ Жамал, мен ондай сатқындыққа бара алмаймын. Ғабдуррахман да, қалған «Әл-хизб» партиясының мүшелері де, мені адам деп, мұсылман деп өздерінің құпиясын маған сеніп тапсырды. Қалай мен енді сол сенімді аяқ асты қылып оларды сатып жіберемін? Жоқ, менде тек бір ғана жол қалды – үгіт-насихат арқылы оларды бет алған бағытынан тайдыру…
Осы кезде сырттан танк моторының ышқынған гүрілі, шынжыр табандарының шақұр-шұқыр еткен дыбысы естіледі. Асқар терезе жаққа қарап үндемей қалады. Жамал не болып жатқанын білейін деп балконға қарай ұмтыла берегенде, сыртта жарылыс болады да, балконның сыртқы есігі сарт етіп жабылады, әйнектері күл-талқан болып ұшып түседі. Жамал шыңғырып жіберіп кері қарай шегіншектеп кетеді. Асқар оны бассалып кейін тартып, сосын екеуі диванға құлай кетеді. Асқар зайыбын денесімен қорғалап астына басады. Көшеден біреулердің бұйрық беріп айғайлаған ащы даустары, біреулердің шыңғырғаны естіледі. Автомат пен пулемет гүрсілдейді. Біраз уақыттан кейін атыс басылып танктың шынжыр табанының шықырлаған дыбысы басқа жаққа ауып, басқа бір жерде тағы бір шайқас басталғаны белгілі болады.
Жамал. (басын көтере беріп) Бұл не?! Не шайқас бұл?
Асқар. Білмеймін…
Жамал. (телевизорға көзі түсіп кетіп) Асқар, телевизордың дыбысын қосшы…
Асқар диванда жатқан пультты алып телевизорға дыбыс қосады. Балет тоқтатылып, қалалық телеканалдың жаңалықтар студиясының көрінісі шығыпты. Ғадуррахман сөйлеп отыр. Оның үстінде «Әл-хизб» партиясының жасақтарының униформасы, денесі белбеу мен портупеялармен таңылып тастаған, белінде тапаншаның сауыты.
Ғабдуррахман. Қала тұрғындары! Менің есімім – Ғабдуррахман. Мен шейхпын, «Әл-хизб» партиясының жетекшісімін. Біз жаңа ғана қаланың билігін қолға алдық. Осы сағаттан бастап қалада төтенше жағдай жарияланып, коменданттық сағат енгізілді. Кешкі сағат оннан таңғы жетіге дейін көшеде жүруге тиым салынады. Осы уақыт аралығында көшеде тек арнайы рұқсат қағазбен ғана жүруге болады. Кімде-кім рұқсатсыз көшеге шықса, біздің әскери патруль ешқандай ескертусіз абақтыға қамайды, ал қарсылық білдіргендер сол жерде оққа ұшады.
Осы сағаттан бастап қалада ислами автономия жарияланады. Автономия болашақта ислами мемлекеттің, одан әрі – ұлы халифаттың іргетасын қаламақшы. Бұрынғы заңдар осы күннен бастап өз күшін жоғалтты, біз енді шариғат заңымен өмір сүреміз. Сондықтан, кімде-кім өзін мұсылманмын деп санамаса, мәселен орыс және орыс тілдес ұлттардың өкілдері, исламнан басқа дін өкілдері, мәселен христиандар, біздің ислами автономиямыздан, яғни біздің қаламыздан алыстатылады. Ол үшін осы аталған топтарға жататын тұрғындар өздерінің ең қымбат заттарын, ақшалары мен құжаттарын алып орталық стадионда жиналуы тиіс. Олар арнайы көлікпен обылыс орталығына жеткізіледі.
Қала тұрғындары! Естеріңізде болсын – біз ешкімді қаладан қуып отырған жоқпыз! Егер кімде-кім ислам дінін қабылдап біздің автономиямыздың мүшесі болғысы келсе – мархабат! Ондай адамды, қандай ұлт өкілі болмасын, біз құшағымызды жайып қатарымызға қабылдаймыз. Ал қалада қалып мұсылман боламын деген адам бүгіннен бастап шариғат заңымен өмір сүретін болады. Яғни, бес мезгіл намаз оқитын болады, ұятты жерлерін жабатын киім киетін болады. Мұсылманша киім тігу қаланың бүкіл тігін ательелері мен тігін фабрикасында ұйымдастырылады. Бірінші киім тегін тігіледі, ал келешекте әркім өзіне ұнаған матадан, ұнаған фасонды киім тіктіріп алады. Мұсылманша киінуге бір күн мерзім беріледі, бір күннен кейін кімде-кім мұсылман адамға сәйкес киінбей көшеге шықса шариғат сотының үкімі бойынша жазаланады. Осы күннен бастап орталық мешітте, вокзал намазханасында, және мектептердің негізінде ұйымдастырылған медреселерде намаз үйрену курстары ашылады. Намаз оқу біле ме, білмей ме – қаланың әр тұрғыны азан шақырылысымен мешітке, немесе жақын арадағы мектеп-медереселерге намазға баруы шарт. Намазға бармай қалған ер адамдар үйлерінен күштеп шығарылады, бірақ, менің ойымша, ондайлар біздің қатарымыздан табыла да қоймас.
Бұл қысқаша хабарландыру. Толық үндеу әр үйдің кіреберісіне, көшедегі хабарландыру тумбаларына, қалада шығатын газеттердің беттерінде жарияланады. Ал, әзірше хош сау болыңыздар! Аллаһү Акбар!
Телевизордың экранында ислам дініне сәйкес сурет пайда болады да Құран оқыла бастайды.
Жамал. (пультпен телевизорды сөндіреді де Асқарға бұрылады) Бұл не? Мұны қалай түсінуге болады?
Асқар. (телевизордан көзін айырмай басын шайқайды) Ә-әй, Ғабдуррахман, Ғабдуррахман! Бүкіл шаруаны бүлдірдің ғой!
Жамал. Енді не істемекпіз?
Асқар. (есікке бетейді) Ғабдуррахманға барамын. Бұл бүлікті тоқтату керек.
Жамал. Асқар!
Асқар. Не?
Жамал. Барма. Ол сені тыңдамайды… ол енді ешкімді тыңдамайды. Ол тым қатты кетті… көрмейсің бе не болып жатқанын? Одан да отыр, ақылдасайық. Біз не істейміз, соны анықтап алайық.
Асқар. Біз? Сен нені айтып отырсың? Маған Ғабдуррахманмен жолығып бүлікті тоқтату керек.
Жамал. Сен оған енді ештеңе істей алмайсың. Сен әлі түсінбедің бе – ол сені алдап соқты. Менің ойымша, бізге кету керек. Бүгін кету керек – ертең кеш қаламыз.
Асқар. Кету керек? Қайда?
Жамал. Білмеймін. Ең әуелі, жолдарды жауып тастамай тұрғанда, қаладан шығып кету керек. Ал сосын табармыз қайда баруды… мәселен, біздің ауылға барайық. Бір-екі апта әкейдің үйінде бола тұрармыз, мүмкін, оған дейін бұл бүлік те басылар. Өкімет, президент жәй қарап отырмас.
Асқар. Жоқ, Жамал, болмайды. Дәл қазір мен ешқайда кете алмаймын. Қалай мен халықты, жамағатты тастап қашып кетпекпін? Мен олардың имамы емеспін бе! Және қашатындай бізге қауіп төніп тұрған жоқ. Дәл біздің отбасымызға қауіп төніп тұрған жоқ.
Жамал. Оны қайдан білесің?! Мына бүлікшілерден не хайыр күтуге болады? Ертең мені, не қызыңды пәренже кимедің деп дүреге жықса не істейсің?
Асқар. Енді киініңдер адам сияқты! Ешкім «пәренже ки» деп тұрған жоқ, хиджап, кимешек, ұзын етек көйлек, бастарыңа жаулық киіңдер! Неше жыл мен саған қақсап келемін – сенің мына киім кисіңмен менің көзімді шұқып бітті ғой ақсақалдар! Ана қыз да кисін хиджап, бұл киім мәселесі жөнінде мен Ғабдуррахманды жүз пайыз қолдаймын. Өйткені қазір мұсылмандарға біздің көшелермен жүруге болмайды – бүкіл қыз-келіншек жалаңаш жүр. Өздеріңді мұсылманмын деп санасаңдар, мұсылманға тән киім киіңдер, намазға жығылыңдар – Ғабдуррахманның бұл талаптары орынды. Бұл оның да талабы емес – бұл Алланың талаптары. Менің тек шейхпен келісе алмайтыным – басқа ұлттар мен басқа дін ұстанушыларға «қаладан кетесіңдер» дегені. Және біртұтас мемлекетімізді бөлшектеп автономия құрамын дегені – бұл өте қауіпті авантюра. Президент ешқашан оған келісім бермейді. Мұның бәрі үлкен қантөгіске апарып соғады.
Осы мезетте телефон шыр етеді. Асқар аппаратқа жетіп барып тұтқаны көтереді.
Асқар. Алло, бұл кім?
Ғабдуррахманның дауысы. Ассаламу ғалайкүм! Мен ғой, Ғабдуррахман. Асеке, сіз тезірек «Ақ үйге» жетіңіз, менің жұмыс орыным енді сонда, бұрынғы әкімнің кабинетінде. Шариғат сотын ұйымдастыру керек. Сол мәселе жөнінде ақылдасайық.
Асқар. Ғабдуррахман! Бұл не?! Бұл нағыз авантюра ғой! Және өте қауіпті авантюра. Біз бұлай келіспеген едік… (Жамал күйеуінің жанына келіп әңгімеге құлағын тосады)
Ғабдуррахман. Асеке, екеуміздің арамызда ешқандай келісім болған жоқ.
Асқар. Сіз мені алдап соқтыңыз! Сіз төңкерісті жүзеге асырып отырсыз, ал мен мүлдем бейхабар отырмын. Бұл қалай? Партияның минимум-жоспарында ешқандай төңкеріс жөнінде, ешқандай автономия жөнінде бірде-бір сөз жоқ еді ғой. Кеше ғана өткен жиналыста бұл сұрақ күн тәртібіне…
Ғабдуррахман. (сөзін бөліп жіберіп қатал үнмен) Имам! Сіз әлі біздің партиямыздың мүшесі емессіз. Менен жауап талап ететін сіздің ешқандай құқығыңыз жоқ. Төңкеріс – партияның ішкі ісі.
Асқар. Қателесесіз, шейх! Бұл сұмдық, бұл авантюра – біздің қаламыздың тұрғындарына, бүкіл республикамыздың халқына тікелей қатысы бар. Мен сізді дәл осындай авантюризмге баратын ақымақ деп санамап едім.
Ғабдуррахман. Бұл ақымақтық емес. Авантюризм де емес. Бұл…
Асқар. Енді не? Сіз сонда не – өкімет басшылары, президент сіздің мына заңсыз әрекеттеріңізге жайбырақат қарап отырады дейсіз бе? Сіздің жариялап отырған автономияңызға келісім береді деп ойлайсыз ба? Менде ешқандай ақпарат жоқ, сонда да – мүмкін дәл қазір біздің қалаға қарай әскери бөлімшелер аттанып жатқан болар. Қара да тұрыңыз – бүгін-ертең біздің қала қоршауға алынады. Содан кейін сіздің алдыңызға президенттің ультиматумы тарс етіп түспесе маған келіңіз.
Ғабдуррахман. (қарқылдап күледі) Тоқтай тұрыңыз, Асеке! Мені ақымақтар санатына қосуға асықпаңыз. Президент маған емес, мен өзім оның алдына ультиматумды тарс еткіземін!
Асқар ашуланып телефон тұтқасын тастай береді.
Асқар. (Жамалға бұрылып) Мен кеттім. Өзімен көзбе-көз сөйлесу керек…
Жамал. Асқар! Меніңше бұл есуаспен сөйлесудің өзі бекер. Естіген жоқсың ба – президентке ультиматум қоямын дейді.
Асқар. Иә, оның есі дұрыс емес. Сонда да оны бірдеңе қылып көндіру керек. Әйтпесе мұның бәрі үлкен қантөгіске айналып кетеді.
Жамал. Асқар, сен оны енді тоқтата алмайсың. Мүмкін, кеше ондай мүмкіндік болған да шығар. Ал бүгін тым кеш қалдың. Енді сен өзіміздің қамымызды ойла. Машинаңда бензин бар ма? Әлгі қыз қайда жүр? (соткасын алып қызына қоңырау шалады) Гүлнәр! Сен қайдасың? Ваняның жанында? Қай жердесің деймін! Қалада екеніңді біліп тұрмын ғой! Қалай алаңдамайын, қалай алаңдамайын?! Көрмейсің бе не болып жатқанын! Не? Саған қауіп төніп тұрған жоқ деймісің?! Әй! Әңгімені доғар! Үйге қайт! Кетеміз. Иә, сендер келгенше жолға алатын киім дайындап қоямын. Ал, тезірек қайт. Көшеде байқап жүр, абайла. (соткасын сөндіріп Асқарға қарайды) Не ғып тұрсың? Бар, Берікті мектептен алып кел, Гүлнәр қазір келеді.
Асқар. Жамал… Жамал, тыңдашы – мен қаладан ешқайда кетпеймін… мен кете алмаймын. Дәл қазір, біздің қалаға қауіп төніп тұрғанда, мен ешқайда кете алмаймын. Өзің ойлашы – қалайша мен, бас имам бола тұрып, бәрін тастап, бас сауғалап қашып кетпекпін? Жоқ, мен олай істей алмаймын. Сен де кетпейсің… ешкім ешқайда кетпейді. Мен қазір Берікті әкеліп тастаймын. Сонсоң қыз бен ұлға ие болып үйде отыра тұр. Меніңше, ұзақ отырмассыңдар. Бұл бүлік көпке созыла қоймас. (шығып кетеді)
Жамал. Әй, қайдам. Жүрегім бір жамандықты, бір сұмдықты сезіп тұрған сияқты. Кетпей, қалып қойғанымыз үшін әлі өкінеміз бе, Алла біледі. (соткасымен баласымен байланысқысы келеді, бірақ ол ісінен ештеңе шықпайды) Алло! Алло! Алло деймін! Тү-ү, мына байланысқа не болған, біресе бар, біресе жоқ.
Ол соткасын столға қоя салып сыпырғыш пен қалақ алып келіп әйнек сынықтарын сыпырып жинайды да балконның ішкі есігін жабады. Осы кезде Берік пен Мария кіріп келеді. Беріктің басы бинтпен таңулы.
Берік. (шешесінің жанына жүгіріп келеді, Жамал оны құшақтай алады) Мама! Біз не көрдік – білесің бе?
Жамал. (баласының таңулы басын екі қолымен ұстап зерттей қарайды) Сен не? Қатты жарақаттандың ба?
Берік. (шешесінің қолдарын басынан алып тастайды) Ә! Ештеңе емес! Танк гүрілдеп біздің мектептің жанына келгенде біз терезеден қарап тұрғанбыз, содан ол зеңбірегінен гүрс еткізіп атқанда әйнектер күл болып ұшты да кетті. Сонда бір шынының сынығы маңдайыма тиіп кетті.
Мария. (Жамалға жақындап келіп Беріктің иығына қолын қояды) Жарасы терең емес, сәл ғана сызып өтті. Құдай сақтады.
Берік. Иә, жәй тек сызып өтті. Ештеңе емес. Мен басымды таңбайын деп едім, Мария Петровна болмады. (Марияға қарайды)
Жамал. Жарайды, ештеңе етпес. Әйтеуір аман-есен үйге жеткеніңе тәубе. Ал ана қыз қашан келеді екен? Берік, сен бар, жинал. Біз жол жүреміз… Джинсың мен бір-екі көйлек ал, тіс щеткаң мен пастаңды рюкзағыңа сал. (баласын бөлмесіне қарай итермелеп жібереді де Марияға бұрылады) Маша, кел, отыр, шай ішіп алайық. Мына оқиғалар ауыз кептірді (екеуі шайға отырысымен қонағына шай құйып берісімен) Мә, печеньеден ал.
Мария. (шайдан бір-екі ұрттап алып) Жоқ, тамақтан ас өтпейді. Не істерімді білмей отырмын. Ал сендер не – кететін болдыңдар ма?
Жамал. Енді не істемекпіз? Мен кеткім келеді – бірақ Асқар көнбей тұр. Ол кете алмаймын дейді, жамағатымды тастап қайда барамын дейді. Мүмкін оған қарамай, балаларды алып тайып отырам ба… Ал сендерге кету керек.
Мария. Иә, мен де соны ойлап отырмын. Бірақ, Ваня… ол… сен ештеңе білмейсің бе?
Жамал. Не жөнінде?
Мария. Оның ислам дінін қабылдағанын білесің ғой.
Жамал. Иә, білемін. Асқар айтқан.
Мария. Ал енді мен жаңа ғана біліп отырмын – ол жәй жүрмей әлгі «Әл-хизб» партиясының мүшелігіне өтіп кетіпті. Мына аласапыран басталысымен оған телефон шалып, «қаладан кетейік» деп едім, ол «мен ешқайда кетпеймін, мен партия мүшесімін, біз ислами автономия құрып шариғат заңын орнатамыз» демесін бе. Сол жерде құлай жаздадым! «Біз ешқайда кетпейміз, бізге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ» дейді. Енді міне – не істерімді білмей отырмын.
Жамал. Әй қайдам, дәл осындай сөзді жаңа Асқар да айтып еді. Ал мен бір сұмдық боларын сезіп тұрмын. Менің саған беретін кеңесім – мүмкіндік барында бұл қаладан шығып кет. Ертең әлгі шейх ислам дінін қабылда деп бұйырса не істейсің? Ларисаны ал да кет! Ал Ваня – ол өзі білсін. Ол енді бала емес, өзінің ақылымен өзінің тағдырын өзі шешкені дұрыс шығар. Тек қана бұлардың барлығы өз ақылымен жүргенге ұқсамайды. Әлгі шейх Ғабдуррахманның ықпалына түсіп кеткенге ұқсайды. Ал ол ше – ол адамдарды алдап-арбап алған. Әне, Асқарды да алдап соқты. Асқар оның төңкеріс дайындап жүргенін біліпті. Иә, Ваня да оны білді. Ал ол бозбаладан не сұрайсың! Ол әлі тым жас. Және де ол Асқардың соңынан еріп жүр. Ол өзі ислам дінін Асқар үшін қабылдаған жоқ па.
Мария. Ал меніңше – ол ислам дінін Гүлнәр үшін қабылдаған сияқты. Және де Асқар сол партияға мүше болмаған көрінеді…
Жамал. Иә, әрине, ол «Әл-хизб» қатарына кірген жоқ. Бірақ та ол солардың құпия жоспарларын біліп жүріпті. Сол партияның жиналыстарына қатысып жүріпті. Ал шейх ше – ол Асқардың мұсылмандар арасындағы беделін пайдаланып, жастарды, гарнизонның офицерлерін өзінің ықпалына түсіріп алғанға ұқсайды. Олардың барлығы Асқар мен Ғабдуррахманның ісі бір деп жүрген ғой.
Мария. Сонда олар бірге емес пе?
Жамал. Иә, Асқардың айтуынша, екеуінің жоспары бір. Алайда, Асқар сол жоспарды төңкеріс арқылы жүзеге асыруға қарсы болыпты.
Мария. Енді Асқар не істемекші?
Жамал. Білмеймін. Ол енді не істей алады? Ол енді ештеңе істей алмайды! Шейх енді оған құлақ та аспайды, ол өзінің дегеніне жетті. Жоқ, кету керек! Жол ашықта кетіп үлгеру керек! Асқар жамағатын тастай алмаймын дейді. Мүмкін соған қарамай, балаларды алып кетіп отырсам қайтеді, ә?
Мария. Білмеймін. Әрине, балалардың жағдайын ойлау керек. Бірақ, сендерге қауіп төніп тұрған жоқ тәрізді.
Жамал. Әй, қайдам! Кімге қандай қауіп төніп тұрғанын кім біледі? Мен…
Осы жерде Гүлнәр мен Иван кіреді. Иванның үстінде «Әл-хизб» жасақтарының униформасы. Белдігінде тапанша.
Гүлнәр. Сәлеметсіз бе, Мария тәте.
Мария. Сәлемет пе, Гүлнәр.
Иван. Сәлеметсіз бе, Жамал тәте.
Жамал. (жігітке тесірейіп қарап тұрып) Сәлеметпіз… Ваня. Сені тану қиын, үстіңдегі киімің бір түрлі…
Гүлнәр. (жігітінің абыржыңқырап тұрғанын сезіп алға шығады) Қалада не болғанынан хабардарсыздар ма?
Жамал. (қатал үнмен, көздерін Иваннан айырмай) Е! Керең, соқыр болып кеткен жоқ шығармыз! Сен қайда жүрсің?
Гүлнәр. Біз бе? Біз орталықта болдық. Онда…
Жамал. (сөзін бөліп жіберіп) Онда соғыс болды! Сен өзіңе қандай қауіп төніп тұрғанын білдің бе?!
Гүлнәр. Мен Ваняның жанында болдым.
Жамал. Сонда не?
Иван. Жамал тәте, сіз ол үшін алаңдамаңыз. Бізге ешқандай қауіп төнген жоқ.
Жамал. Сен не – путчист болып кеткенбісің?
Иван. Жоқ, біз путчист емеспіз?
Жамал. Сонда кімсіңдер? Сендер емес пе заңды өкімет орындарын құлатқан!
Иван. Жамал тәте, олай демеңіз. Бізде болған өкімет заңды емес еді. Ал біз енді нағыз заңды өкімет құрамыз. Бір Алланың заңына сүйенген өкімет құрамыз.
Мария. (Жамалға) Бұлармен сөйлесудің өзі бекер! Бұлар тек шейхтің ауыздарына салып берген сөздерін қайталаумен әлек.
Иван. Олай емес, мама! Мен өз еркіммен «Әл-хизб» партиясының мүшесі болдым, өз еркіммен біздің заңсыз билікті құлатуға шешім қабылдадым. Хазіреті шейхтің басшылығымен біз қоғамды Алланың тура жолына жетелейміз. Біз…
Жамал. Тамұққа жетелейді сенің хазіреті шейхың! Отқа түсіреді!
Гүлнәр. Мама! Не болды сонша Ваняға шүйіліп!
Жамал. Енді не істе дейсің? «Өлтір, қыр, жой!» дейін бе?!
Гүлнәр. Кім қырып-жойып жатыр?!
Жамал. Қырып-жоймағанда не қалды?! Әне, қара өзің терезеден, полиция бөлімшесінің не болғанын. Сонда біреу тірі қалды деймісің? Танктің зеңбірегімен талқандалған үйде кім тірі қалушы еді! Кім сол ғимаратты талқандаған? Ә?! Мүмкін Ваняның хазіреті шейхы емес шығар?
Гүлнәр терезеге беттей бергенде даладан бірдеңе гүрс ете түседі де, енді балконның ішкі есігі шалқасынан ашылып, әйнектері күл-талқаны шығып шашылады. Қыз шыңғырып жібереді де кері шегініп кетеді. Иван оны құшақтай алып денесімен қорғалайды. Жамал мен Мария бұғып қалады.
Берік. (келесі бөлмеден жүгіріп келіп балконға шығады) О! Қараңдар – Абылайханның ескерткішінің күл-паршасы шығыпты.
Жамал. Берік! (баланың жанына жетіп барып оны бөлмеге күштеп кіргізеді) Өле алмай жүрмісің, сорлы бала?!
Берік. Қорықпа, мама, бітті, енді ештеңе болмайды.
Жамал. (баласын өзіне қысып көшеге көз тастайды) Иә! Енді Абылайханның ескерткіші кімге бөгет болды екен?
Мария. Бұған таңырқауға болмайды. Енді қаладағы бүкіл ескерткіштер құлатылады. Бюсттер мен барельефтер талқандалады. Мекемелер мен мұражайдағы суреттер де жойылады. Өсімдік, жануар және адам бейнесі ислам дінінде харам болып есептеледі.
Жамал. Е-е! Бұл соққандар тек қана бейнелерді құртумен шектелсе жарар еді. Сурет пен мүсіндерден кейін адамдардың өздерін құрта бастамаса. (Иванға қарайды)
Иван. (Гүлнәрды қолынан тартып есікке қарай беттейді) Ал, біз кеттік.
Жамал. Бар, бар! Қыр, жой, жар, құлат! Өлтір! Тек қана Гүлнәрда жұмысың болмасын. Ол енді саған жоқ.
Гүлнәр. (Иванмен кетуге ыңғайланып) Мен қазір келемін, мама.
Жамал. (қызының жанына жетіп барып оның қолын жігіттің қолынан жұлып алып) Жоқ, сен ешқайда бармайсың! (басқа бөлменің есігіне қарай итермелеп) Бар, киіміңді жина, біз кетеміз.
Гүлнәр. Кетеміз?! Қайда?
Жамал. Әзірше білмеймін, әйтеуір осы қаладан шығып кетсек болғаны.
Гүлнәр. Ал папам ше? Папам да кете ме?
Жамал. Кетпегенде не?! Оны осында, мына есуастардың арасына қалтырып кетпекпісің?
Гүлнәр. Білмеймін. Папам имам емес пе еді…
Жамал. Имам болса не?!
Иван. Жоқ, Асқар аға ешқайда кетпеуге тиісті. О кісі…
Жамал. Сен әлі осындамысың?! Иван! Өз отбасымыздың мәселесін өзімізге шешуге рұқсат беретін шығарсың!
Иван. А! Иә, иә… кешіріңіз. Ал, мен кеттім… (кетіп бара жатып есік алдында бөгеледі, Гүлнәр да келесі бөлменің есігінің алдында тоқтап, екеуі бір мезгіл бір-біріне үнсіз қарап тұрады да шығып кетеді)
Мария. (ұлын көзімен шығарып салып Жамалға бұрылады) Иә, бұларды тез арада тоқтатпаса, бүлдіреді талай істі!
Жамал. Тоқтататын шығар. Президент бұл бүлікке жай қарап отырады деймісің. Бір шара қолданар.
Мария. Иә, өкімет қарап отырмайды. Жарайды, мен кеттім. Әлгі Лариса қайда жүр екен? Соны аламын да кетемін. Облыстағы ағама барып уақытша паналармыз. Ал Ваня қалғысы келсе – қалсын. Енді ол бала емес.
Жамал. (құрбысын шығарып салып) Аман-сау кездескенше, Мария. Жолдарың болсын.
Мария. Сау бол. Сендерге де оң сапар тілеймін. Мүмкін, жақын арада қайтып келіп кездесерміз.
Жамал. Мүмкін… (Марияның соңынан есік жабылысымен) Ия, мүмкін жақын арада кездесерміз. Ал, мүмкін, біз ешқашан бір-бірімізді көрмеспіз. Алла біледі, енді не болатынын…