Читать книгу Ежелгі жəне орта ғасырлардағы түркі тайпалары мен Иранның мəдени, саяси қарым-қатынастары - Жомарт Жеңіс - Страница 2

І ЕЖЕЛГІ ТҰРАН МЕН ИРАН
1.1. Ерте кезеңдердегі түркі-иран рухани байланыстары

Оглавление

Еңбегіміздің тақырыбының нысаны ретінде Тұран атауын алуымыздың өзіндік себебі бар. Көшпенді түркілер мекендейтін Еуразияның кең-байтақ аумағы әртүрлі тарихи кезеңдерде түрлі атауға ие болды. Салыстырмалы бірыңғай этникалық сипатқа ие халықтар мекендейтін бұл аймақ ирандықтар тарапынан да Тұран деп аталды. Ирантанушы ғалым И. Жеменейдің айтуынша, жазба деректерде (араб-парсы деректерінде) түркі халықтарының ортақ тарихы мен мәдениеті ежелгі дәуір – б.з.д. VI-V ғасырлардан бастап б.з. VIII ғасырына дейінгі аралықта «Тұран» деп аталып келді. Ал VIII-XV ғасырлар аралығында ортағасырлық дәуірде «Түркістан» деген атауға ие болды. Түркілер XIV-XV ғасырларда ұлт-ұлысқа бөлініп, бір-бірінен ажырай бастаса да «Түркістан» атауы Кеңес Одағы құрылып, бүгінгі «Орталық Азия» атына ие болғанша аталып келді.

Көне парсы діни жазбаларында, деректерінде Тұран мен Иран көрші жатқан, бірақ екі түрлі мәдениетке – отырықшылық пен көшпенді шаруашылыққа ие ел де, ирандықтар мен тұрандықтар бір тамырдан тарайтын, алайда кейін дәстүр алауыздығына орай бір-бірімен бітіспес жауларға айналған халықтар.

Иран тарихы қазіргі парсылардың арғы ата-бабалары – арийлердің бұл аймаққа б.з.б. 2-мыңжылдықта Орал таулары маңы мен Қазақстан жерінен келіп қоныстанғандығын көрсетеді. Орталық Азиядан ауып барған арийлер б.з.б. 673- 672 жылдары қазіргі Иранның солтүстік-батысында Мидия мемлекетін құрып, б.з.б. 616-605 жылдары Ассирияны талқандап, аса ірі мемлекетке айналды.

Б.з.б. 550 жылы өкімет билігі парсылық Ахемен әулетіне көшті. Ахемен әулеті мемлекетінің шекарасы шығыста Үнді өзенінен батыста Эгей теңізіне дейін, солтүстікте Армениядан оңтүстікте Ніл өзендеріне дейін жетті. Батыс пен Шығысты жалғастыратын сауда жолдары үшін бұл мемлекет гректермен ұзаққа созылған соғыс жүргізді. Сақтар еліне бірнеше дүркін басқыншылық жорықтар жасайтын атақты ІІ Кир мен І Дарий патшалар да осы Ахемен әулетінен (1-сурет).

Парсылардың тегіне қатысты көзқарастарды талдай келе осы мәселеге қатысты олардың шығыс-еуропалық, орталық-азиялық және арийлік тегі туралы ұстанымдар бар екендігі белгілі. Иран Ислам Республикасына бірнеше мәрте барып, ирандықтардың әдет-ғұрпы мен мәдениетіне зерттеу жүргізгенімізде олардың мәдениетінің қатпарларынан қазақтардың, өзбектер мен тәжіктердің, тіпті орыстардың мәдениетінің элементтерін кездестірдік. Мысалы, ирандықтарда орыстар сияқты от жағып үстінен (Купала мейрамы) секіретін дәстүрі сақталған. Наурыз мейрамы кезінде жұмыртқаны бояу да орыстардың пасха кезіндегі ұқсас әрекетті еске түсіреді. Қазіргі парсы тілінде орыс тілімен (славян) тамырлас сөздер де көптеп кездеседі.

Ежелгі қазақ жерін мекендеген сақтардың да біртұтас мәдениет пен шаруашылық типіне ие емес тайпалар екендігін археологиялық ескерткіштер дәлелдеп отыр. Көрнекті ғалым З. Қинаятұлы да сақтардың ең кемі түркі, иран-парсы және еуропалық сияқты үш түрлі мәдениеттің ықпалында болғандығына шүбә келтірмейді.

Сақ мәдениетін зерттеуші ғалымдар оны Иран (Ахемен және Бактрия) және Қытай мәдениетінің (Чжоу және Хан) әсерімен қалыптасқан деп есептейді. Сақтардың нақты қай тiлде сөйлегенiн ашып айту қиын да даулы мәселе. Ғалымдар олардың басым көпшiлiгi иран тiлдi еді десе-дi. Алайда кейбір солтүстiк сақ тайпаларының түркi тiлдi болуы әбден мүмкiн. Қазiргi қазақ тiлiнiң сөз қорында парсы тiлiнен енген мыңдаған сөздердiң болуы осы иран тiлдi сақтар мен соғдылардың түркi тiлдi халықтарды қалыптастырған тайпалардың құрамына кіргендігінен.

Бір кездері саяси-экономикалық және мәдени-рухани тұрғыда мидай араласып, кейде соғыс жағдайында, көбінесе бейбіт түрде қарым-қатынастағы осы Тұран мен Иранның шекарасы Әмудария өзені болды. Бұл өзен тек екі мемлекетті ғана емес, екі өркениеттің – дала көшпенділері мен отырықшы мәдениеттің шекарасы саналды. Хорезмдегi Су-йарған қазбалары біздің жыл санауымыздан бұрынғы II мыңжылдықта аталған өңiрдiң Иран мәдениетi шеңберінде болғанын аңғартады. Зерттеушілер андроновшыларды салған суреттеріне, әдет-салттары мен басқа да белгілеріне қарап, үнді-иран халқы деп тұжырымдайды. Ғалым С.Б. Толстовтың пiкiрiне қарағанда аталмыш кезеңде Түркiстан және Хорезм аумақтарын Иран қауымдары жаулап алған-тұғын.

Олкотт көне үйсіндерді түркі тілді, бірақ моңғол текті халық дейді. Кейбір ғалымдар оларды Шығыс Иран халықтарына жатқызады. Ғалым А.Н. Бернштам жыл санауымыздан бұрынғы қаңлыларды түрiк тiлдi деп болжайды. Ал көпшiлiк зерттеушiлер қаңлыларды солтүстiк Иран халықтарына жатқызады да, олар V ғасыр шамасында Сейхұнның (Сырдария) ар жағындағы түркi тiлдi тайпалардың әсерiне ұшыраған деген пікірді жақтайды. Қаңлыларды иран тілді халықтарға жатқызған Б.А. Литвинскийдің пiкiрiнше қаңлылар және олармен туысқан сармат тайпаларының ыдыстарында қой бейнесiнiң жиi кездесуi тiкелей зороастризмге байланысты, өйткенi қой отқа табынуда тәңiрдiң нәрселенген (инкарнация, мүжәссәм) халi едi.

О. Смағұлов көне Қазақстан территориясын мекендеген халықтардың палеоантропологиялық сипатына талдау жасай келе, темір дәуірінде де, қола дәуірінде де еуропалық нәсілдің шығыс-жерорта теңіздік типінің белгілерінің басым болғандығын жазады. Ал қазіргі парсылардың (ирандықтардың) да еуропалық нәсілдің шығыс-жерорта теңіздік типіне жататындығы тағы белгілі.

Ахемен әулеті мемлекетін б.з.б. 330 жылы Александр Македонский талқандады. Иран эллиндік мемлекеттердің билігіне көшіп, б.з.б. ІІ ғасырдың орта тұсынан бастап Парфия патшалығына бағынды. Иран жерінде 224 жылы Парфия мемлекеті құлап, орнына Сасани әулеті мемлекеті құрылды. Сасани әулеті мемлекеті Оңтүстік Арабияны, Сирияны, Палестинаны, Мысырды жаулап алып, Византияға қауіп төндірді.

Орталық Азиядағы этносаяси ахуал ІІІ ғасырдың соңында ғұндардың южчжаларды жеңіп, түркі көшпенді этносы басқарған ғұн әскери мемлекетінің құруынан соң өзгерді. Осы кезден бастап, алдымен түркі, кейіннен моңғол тектес көшпенділердің Орталық Азияға тарап, осында мекендеп жатқан иран тілдес көшпенділерді этникалық, мәдени және тілдік тұрғыда ассимиляциялауы белсенді бола бастады. Бұл үдеріс жеті ғасырға жуық уақыт жүрді.

Жiбек жолы саудасын бақылауға алған кейбiр хұн ханзадалары сауда айналымына да әсер етіп тұрған. Сол кездiң өнер туындыларында қытай және иран нақыштары, хайуан (аң) бейнелерi басымырақ болды. Алан тайпаларының көне Иран мәдениетінің ықпалында болғаны археологиялық қазбалардан анықталған. Халқы ирандықтар болған Ферғананың сәйгүлiктерiнің атағы күллі құрлыққа таралған-ды. Ферғана батыс жақтың, әсiресе Иран мәдениеті әсерлерінің Орталық Азияға шығатын қақпасы едi.

Археологиялық материалдарды талдап, тарихи оқиғаларды қалпына келтіру барысында С.Г. Кляшторный ежелгі түркілердің ата-бабалары мен ғұн тайпалары Алашань маңындағы территорияларға б.д.д. II ғасырда келе бастап, ал ІІІ ғасырдан бастап жаппай қоныс аударған деп есептейді. Пиньлянь мен Хэсиде олар қытайлықтар «аралас ху» деп атайтын иран тілдес және тохар тілдес тайпаларды ассимиляцияландырды.

Біздің заманымыздың VI ғасырдың ортасында Еуразияның далалық аудандарының көшпенділері Бірінші түркі қағанатының билеушілерінің бастамасымен бірікті. Түркі қағанатына Енисейдегі қырғыз мемлекеті де бағынды. Көне түркілердің қол астына «Ұлы Жібек жолының» Қытай мен Иран шекаралары аралығындағы айтарлықтай үлкен территориясы мен Оңтүстік және Батыс Сібірге апаратын сауда жолдары қарады.

Жібекпен саудадағы сауда көлемі сияқты даулы мәселелер бойынша түркілер Иранмен араздасып, Иранды Еділ бойы мен Қара теңіз арқылы айналып өтіп, Византиямен жаңа сауда жолын салуға талаптанды.

Пазырық мәдениетіндегі діни рәсімдердің және көзқарастардың қатарына, мүмкіндігінше, үнді-ирандық шығу қайнар көзін жатқызуға болады: ғаламшар үлгісі ретіндегі табыт туралы түсінік; материалды мәдениеттегі түрлі нысанда тұратын үш әлем (әлемдік ағаштың концепциясы) концепциясын қосатын космологиялық көзқарастар; ашвамедхи немесе оған жақын рәсімдерге, немесе табынушылық мазмұндағы идеялық ашвамедхиге сәйкес; отқа табынушылық; күнге табынушылық; бальзамдау рәсімі; өлгенді отпен тазалау (ыстау) рәсімі; билеушіні, көсемдерді сакрализациялау; рәсімді жерлеу, бұл еркектер мен әйелдерді жұптап жерлеу; жоғарғы әлемде – құдайлар әлемінде өлген адамның, ата-бабалардың және аспандағы өрістің қайта туылуы; политеизмнің дамыған жүйесі, онда белгілі бір орын скифтік дәуірдегі Еуразия көшпенді халықтарында жеткілікті түрде таралды (салыстыру: пазырықтарда – Ұлы Құдай, скифтерде – Табити және т.б.) және кейбір басқа да компонеттер.

Дәстүрлi дүниетанымның көне қатпарларына талдау жасаған тағы бiр ғалым – К. Ақышев. Ол археологиялық мәлiметтерге (жерлеу ғұрпы, қабiр құрылымы) сүйене отырып сақтар мен үйсiндердiң наным-сенiмдерiн қалпына келтiруге тырысты. Рулық-патриархальды қатынастардың ыдырап, ерте түркiлердiң мемлекеттiлiгiнiң қалыптасу кезеңiндегi наным-сенiмдердiң ерекшелiктерiн анықтады. Ғалым өз зерттеулерiнде көне түркi сенiмiнің ерте формаларының қалыптасуы кезеңінде-ақ сол кездегі саяси оқиғаларға байланысты өзге идеологиялық жүйелердің, әсіресе көне ирандық мифологияның ықпалына ұшырағандығын археологиялық мәліметтер арқылы дұрыс дәйектеп берді.

Түрiк мәңгітас ескерткіштерінде шад, қатын, тигин (тегін), тархан сықылды иран сөздерінің кездесуі көне түріктердің парсылармен етене араласқанын дәлелдейді. Шад сөзі көне парсы диалектісінде діни билеуші, қасиетті билеуші мағынасындағы «пат» сөзінен өзгеріске ұшыраған «шад» формасы – бек (князь) деген мағынада. Түріктер соғдылармен қатар VI ғасырда Жібек жолы саудасының бас кейіпкері болған-ды. VI ғасырдың екінші жартысында соғды Маниахтың басшылығында Византияға барған түрік елшілігі ұрымдықтармен тіл табысып, Ыстамбұлда 100 саудагер қонақтайтын «Митата» деп аталатын арнайы махалла жасауға рұқсат алған-ды.

Пазырық (з.б. V-III ғ.) қорғандарында табылған, бүгінге шейін бұзылмай, шірімей жеткен нәрселерден сақтардың о дүние туралы сенімдерінің Мысыр, Грекия және Иран сенімдерінің араласқан формасы екендігін байқаймыз; мысалы, табыттың бетін жапқан жаулықтағы қораз суреті отқа табыну белгісі. Қораз (әтеш), Авеста дінінде, яғни зороастризмде ұйқыны қуатын періні білдіреді. № 5 қорғанның қабырғасындағы тұскиіздегі суретте гректің ажал тәңірісі Артемис пен оның атты адам кейпінде бейнеленген қызметшісі Мегабизес көрінеді.

Енисей аңғары – қырғыздардың ежелгi мекені. Орыс археологы А.В. Адрианов Минусинскіден 60 шақырым солтүстiктегі Оғылақты деген жерде жыл санаудан бұрынғы II ғасырға тән 9 мазарды ашқан. Өлiктердiң барлығы да мумияланған және беттерi маскамен жабылған, мол мөлшерде қытай жiбек маталары табылған. Профессор Таллгрен маскаларды Иран әсерi деп санайды. Ал өлiктердi өртеу де Иран діні – маздеизмнiң ықпалы. Кейiнірек осы өңiрдi мекендеген қырғыздар да өлiктерін өртеуші еді. Табылған заттардан қырғыз мәдениетiнiң көне сақа және иран-қытай мәдениеттерiнiң ықпалында болғаны байқалады. Көптеген иран-қытай тауарларының табылуы осының айғағы.

Сонымен, Иран-Тұран қатынастарының көне қатпарларына зерттеу жасағанда екі елдің, екі мәдениеттің, екі халықтың мәдени-дүниетанымдық жүйесінде ортақ элементтердің болғандығы белгілі деп айтамыз. Дегенмен қасаңдалған діни жүйе мен қарама-қарсы шаруашылық-мәдени типтер негізінде туындаған қайшылық екі халық пен елдің саяси текетіресін тудырмай қоймады.

Бақылау сұрақтары:

1. «Тұран» атауына түсінік беріңіз.

2. Ахеменидтер билігі тұсында сақтар мен ирандықтардың қарым-қатынасы қандай болды?

3. Екі өркениеттің арасындағы діни-мәдени байланыстар туралы айтыңыз.

Ежелгі жəне орта ғасырлардағы түркі тайпалары мен Иранның мəдени, саяси қарым-қатынастары

Подняться наверх