Читать книгу Ежелгі жəне орта ғасырлардағы түркі тайпалары мен Иранның мəдени, саяси қарым-қатынастары - Жомарт Жеңіс - Страница 3
І ЕЖЕЛГІ ТҰРАН МЕН ИРАН
1.2. Тұран мен Иран арасындағы саяси қатынастар
ОглавлениеСасанилiк Иранның өз көршiлерiне қатысты сыртқы саясаты ресми дiн – зороастризмнiң негiзiнде қалыптасып, iске асты. Зороастризм дiнi бойынша дүние қарама-қарсы екi қасиеттен тұрады. Сондай-ақ бұл дiн халықтарды да екi топқа бөліп қарастырады. Түркiлердiң Иранға төндiретiн қаупi жайлы тiптi зороастризмнiң қасиеттi кiтабы Авестада «Уа, әзiз Заратуштра! Сенiң заман ақырың жетуiмен ең жаман дәуiрлердiң басталуының белгiсi мынау болмақ – шығыстан қахар елiнiң шаштары жалбыраған, жүздеген, мыңдаған, он мыңдаған жын-перiлерi келiп, Иранды жаулап алады. Олар байлық, шындық, сенiм, ерлiк, көрегендiк, қуаныш пен Ахураның барлық амалдарын аяқасты етiп, маздакизм мен оттың көзiн жояды, сол кезде жауыздық пен айуандық үстемдiк құрмақ» дейдi.
Т. Қыдырдың пiкiрiнше Орхон-Енесей, Талас ескерткiштерiнде «Тәңiр» сөзi көп қолданылса, Оңтүстiк-Батыс Азияда дүниеге келген «Бехистун» мәтiнiнде жақсылық құдайы «Ахура Мазда» атауы көп кездеседi. Себебi ол дәуiрде түркiлер көктегi Көк тәңiрiге табынған болса, парсылар Заратуштра пайғамбар негiзiн қалаған зороастризм (отқа табынушы) дiнiн ұстанатын болған. «Мен Дари, ұлы патша, патшалардың патшасы, бүкiл әлемнiң патшасы» деп басталатын сына жазулы мәтiнде: «Кәси журат немикәрд, чизи говтан дәрборе-е Гумате моғ то мән рәсидәм. Пәс, мән әз Ахура Мазда явори хостам, Ахура Мазда мәро явори дод. Мән бо (тәдод-е) кәми мәрд он Гумате-е моғ ро оуждам вә онон ро ке муқаддеме-е пирвоне будәнд. Бе хосте Ахура Мазда мән шох шодам Ахура Мазда шахриери ро бемән ето кәрд», яғни «Мен келгенiмше ешкiмнiң де Гумата абызға бiр нәрсе айтуға батылдары бармап едi. Кейiн мен Ахура Маздадан көмек сұрадым, Ахура Мазда маған көмектестi. Мен азғантай адаммен Гумата абыз бен оның соңынан ерушiлердi қырдым. Ахура Мазданың қалауымен патша болдым. Ахура Мазда маған билiктi сыйлады», – деген жолдар бар. Бұл дiни жазбадан зороастризм дiнiнiң сол кездегi ирандықтардың мазасыз сыртқы саясатының идеологиялық тiрегi болғандығын байқау қиын емес.
Көне Иран Византия мен Қытайдан бөлек, оған толық мүмкiндiктерi болса да түркiлерге қатысты сыртқы саясатында жаулап алу құралы ретiнде дiни экспансияны тиiмдi қолдана алмады. Бұл орайда Иранның қолындағы идеологиялық мүмкiндiк ретiнде зороастризм дiнiн алуға болады. Өйткенi Иран мемлекетi өздерiнiң дiни қағидаларына байланысты осы зороастризмнiң қасиеттi жазбаларындағы жауыздық елi – Тұранды өздерiнiң басты саяси қарсыластары санады. Дегенмен осы зороастризмдегi тұрандықтарға қатысты саяси концепцияның өзi жауыздық елiмен қарым-қатынасқа түспеу жайлы нұсқауларға байланысты болды. Сондай-ақ бұл ирандықтардың дәстүрлi Тұран-Иран шекарасы ретiнде Әмудариядан әрi асуға аса құлық таныта қоймауына әсер еттi. Дегенмен зороастризмнiң мемлекеттiк дiн ретiнде әлсiреуiмен Иранның да сыртқы саясаты өзгерiске ұшырап, ирандықтар көшпендiлер даласына ауық-ауық шабуылдар ұйымдастырып отырды.
Сасани мемлекетiнiң шекарасы шығыста Әмудария өзенi арқылы түркiлермен шекаралас болды. Оңтүстiгiнде Парсы шығанағы, батыста Рим империясымен шекаралас мемлекет көршi елдермен соғысып өттi. Сирия үшiн Армениямен соғысты. Сасанилер кезiнде Парфиян дәстүрi жалғасты.
Жаңа әулет парфияндық дәстүрдi жалғастырғандықтан мемлекеттiк iсте аса күрделi өзгерiстер болмайды. Парсы тiлi грек, армян тiлдерiн ығыстырып, мемлекеттiк дәрежеге жетедi. Көп ұлттар мекендейтiн сасанилер мемлекетiнде түрлi идеялар мен дiни ағымдар кiрдi. Еврейлер, маздакилер, манилер дiнi әртүрлi себептермен осы жерде қанат жайды. Бiрақ мемлекетте зороастризм дiнi де мемлекеттiк дәрежеге жетедi.
Осылайша, Иранның түркiлерге қатысты саясатының бағыт-бағдары олардың дiни сенiмдерiнiң негiзiнде жатты. Иран-Тұран шекарасына қатысты әрекеттер де өз бастауын дiни сенiмдерден алды. Жаратылуды баяндайтын көне ирандық мәтiн – Бандехеште жер бетiнде шекаралардың пайда болуы туралы былайша жазылған: зороастризм бойынша жердiң 33 түрлi болатыны айтылады. Тиштер алдымен желдi жаратып, теңiздер суы жердi барлық жақтан ылғалдады. Жердi жетi қабатқа бөлдi. Жердiң беті алты бөлiкке бөлiнiп орналасты. Сол алты бөлiктi ел деп атады. Өйткенi оларда шекара бар. Бiр елден екiншi елден Язидтiң (Тәңiрi) рұхсатынсыз өтуге болмайды. Осылайша, көне ирандықтардың сенiмiнше шекара Язидпен тығыз байланысқа ие қасиеттi ұғым. Шекарадан Құдай-Язидтiң рұхсатынсыз өту – құдайлар еркiне қарсы шығу. Көрiп отырғанымыздай, шекара мен шектесу әлемнiң жаратылысы кезiнен-ақ пайда болған. Алғашқы 3000 жылдың аяғында Үрмiз, Ахумавар дұғасын оқып, Ахриманды есiнен тандырады да әлемдi жаратуға кiрiседi. Ол шексiздiк заманынан шектеулi заманды жасады. Одан соң аспанды және суды, жердi жасады және бұдан соң Ахриманның шабуылы iзiмен осы Гумизшан атты кезеңде жерде қайырымдылық пен зұлымдық айқындала бастайды.
Зұлымдық пен қайырымдылық арасындағы талас және Ахура мен Ахриман күштерiнiң соғысы жалғасты. Иран тарихи аңыз негiзiнде он екi мыңжылдық әлем өмiрiне дейiн жалғасады. Бұл талас ирандық пiкiрде Ахриман мен оның күштерiнiң Офаринаш (ахуралық) жерiне шабуылы түрiнде көрсетiледi. Сонымен қатар басқа түрде, яғни ирандықтар (ахуралық) және ирандықтар емес (Ахриман) соғысы ретiнде «Шахнаме» мен дiни жазбаларда берiледi. Зороастризм жазбаларында әрқашан шекараларды сақтау мен қорғау қасиеттi саналады және кейде бұл пiкiр аңыз бен дастан түрiнде берiледi. Осындай бiр аңызда ұзақ жылдар бойы Иран мен Тұран жерiн күзеткен сиыр туралы айтылады. Шекараның қасиеттiлiгiне қол сұққан адам не бiр пәлеге душар болады, не өледi. Бұл жазым аңызда сиыр тiлiмен айтылып, сиырдың айтқанындай аяқталады. Осылайша, Иран мәдениетiнде шекара әрдайым қасиеттi, аспандық ұғым. Шекараны күзеткендер Ахура күшiне ие және олардың үнемi қамқорында болады. Өйткенi шекара – жамандық пен жақсылықты ахуралықты ахримандықтан бөлiп көрсетушi. Шекарадан өту жақсылықтан жамандыққа немесе жамандықтан жақсылыққа өтуге себепшi болады.
Пехлевилiк «Минуй хорд» ескерткiшiнде, Саалевидiң «Шахнамасында» (ХI ғасыр) Тұран билеушiсi Афрасиабтың Иранға жорық жасап, бұл елдiң бiр бөлiгiн жаулап алып, Иран патшасы Наузарды өлтiргенiн жазады. Ирандықтар ауру мен жұтқа душар болады. Осы кезде Зоу Иран тағына отырып, соғыстан қалжыраған Афрасиабпен арада бiтiм басталады. Екi ел арасындағы шекараны белгiлеу кезiнде ирандық батыр Араштың садағының оғы жеткен жер шекара болсын деп келiсiледi. Мазендараннан атылған оқ Әмудария жағасына жетiп, осы өзен екi ел арасындағы шекараға айналады.
Келтiрiлген мәлiметтердi талдау Иранның Тұранға қатысты сыртқы саясаты сасанилердiң ресми дiнi зороастризмге байланысты реттелiп отырғандығын байқауға болады. Ирандағы осы дiннiң күшеюi кезiнде екi елдiң арасындағы қарым-қатынастың тұрақты жағдайда болғандығын байқаймыз. II Хосроу кезiнде Иранның агрессиялық жоспарларына кедергi келтiрiп отырған Авеста қайта қаралды. Бұл кiтаптың өз мағынасын жоғалтпаған беттерiн жаңартуға бағытталды. Бiрақ Авестаны қайта қарау мен оның ескiрген мазмұнын жаңалау мүмкiн болмады.
Өкiнiшке орай, мұның соңы Ирандағы зороастризмнiң басқа жатжерлiк идеялар тарапынан шеттетiлуге ұшырағаннан кейiн Тұран мен Иран шекараларының бұзылуы және осының нәтижесiнде екi ел арасындағы ұзаққа созылған соғыстардың етек алуы басталғанын көремiз.
Сасанилiк Иранда билiктiң зороастралық дiни қызметкерлермен одақтасуы христиандарды, гностикалық секта-ағымдарды, еврей қауымын дiни қудалау деген сөз болды. Ал осы дiн өкiлдерi экономикалық жағынан мықты болып, сауда-саттықты өз қолдарына шоғырландырған едi. Екi таңдаудың ортасында қалған соңғы сасанилер Иранға мүдделi барлық дiндерге бiрдей қараса сөзсiз зороастралық басшылардың қарсылығына ұшырайтын едi. Ал бұл кезде осы дiн өкiлдерi өзара соғысып жататын, Хосроу кезiнде VI ғасырға қарай сол алуан дiндер iшiнен неғұрлым белсендi топтары жоғалып, бұрын белгiсiз болғандар тарих сахнасына шықты.
589 жылы Иранда Византиямен соғыс болып жатқанда Армения мен Әзірбайжанға түркi-хазар әскерi, шығыстан Қытай түркiлерi кiрдi. Бiрақ 589 жылы Гераттағы түркiлермен соғыста парсылар жеңедi. 603-604 жылдары түркiлердi қытайлар талқандайды. Осыны пайдаланып Иран Византиямен соғысты бастайды.
Көрiп отырғанымыздай, Иран мен Тұранның түркiлердiң өзге көршiлерiмен салыстырғанда әскери тұрғыда бейбiт болғанымен, мәдени-идеологиялық тұрғыда тынымсыз, белсендi болды. Әсiресе түркiлердiң оңтүстiк аймақтарын мекендейтiн иран тiлдес, зороастризм дiнiн ұстанатын соғдылықтардың мәдени әсерi айтарлықтай еді. Екi ел арасындағы саяси қарым-қатынастағы сасанилiк Иранға қараған Соғды өлкесiне қатысты күрделене түстi.
Түрiк қағанаты кезiнде соғдылардың өте-мөте құдіретке ие болғаны белгiлi. Қазақстанның оңтүстігіндегі Пенжикент мекенiнде табылған қорғандар, бұл өңiрдiң тұрғындарының иран тілдес халықтар болғанын анықтаған. Соғдылар барлық Орталық Азия қалаларына тараған-ды. Соғды мәдениетi – түрiк мәдениетiн түсiнудегi ең маңызды құралдардың бiрi. Пенжикент қазбаларында табылған мүсiндер осы өңiрдiң Иран-Ауғанстан мәдениетінің ықпалында болғанын байқатады. Сондай-ақ қаланың орталығында (шаһристан) көптеген оссуарлар табылған. Көне Иран діні отқа табыну бойынша (маздакизм) өлiктiң етi сүйегiнен сыдырылып алынған соң, етсiз сүйектер топырақтан жасалған ыдыстарға қойылып, сақталушы едi. Мiне, осы ыдыстар дiн тарихында оссуар деп аталады. Жетiсу өңiрiнде де көптеген оссуарлар табылған.
Ислам қарсаңындағы Жетiсу өңiрi тұрғындарының басым көпшілігі соғдылар едi. Түрiк қағанатында Иран мәдениетiн таратқан осы соғдылар. Өйткенi соғдылардан өнерлi әрі iсмер адамдар көбiрек шығатұғын. Олардың жан-жаққа жайылуымен қоса отқа табыну, маздеизм (маздакизм), будда дiндері де таралушы еді. Түрiктерге отты сыйлау, отқа сиыну әдеттерiн тап осы соғдылар үйреткен. Ежелгі Иран жерінде пайда болған отқа табыну жоралғылары бара-бара түріктерге сіңіп кетеді. Мәселен, Византия елшiсi, «prefectus pretorioper orientum», яғни «шығыс мәселелері жөніндегі император кеңесшісі» атанған Земархос (Земарх) Истеми қағанның ордасына кірмес бұрын, алдымен оттан аттап өтуге мәжбүр болған.
Жетiсуда Сұқылық, Кенбұлұн қатарлы белдi соғды орталықтары бар едi. Аталмыш қалалардың үйінділерінде V-VIII ғасырлардың мұраларынан Иран тәңiрлерi мен мифологиясы, грек-бұрқан өнер нақыштары бейнеленген көптеген оссуарлар, отқа табыну соғдылардың әр алуан шырағдандары мен Сасани (224-651) шаһтарының мүсiндерi табылған. Аталмыш олжалар Жетісу өлкесінде бірнеше діни нанымның болғанын аңғартады.
Қытай саяхатшысы Сюань Цзан Орта Азиядан өткенде 630 жылғы жазбаларында Су-Ли-Соғд деп Шу мен Шахрисябз аралығындағы аймақты атады. 728 жылы Орта Азия арқылы өткен қытай тарихшысы Хой Чао өз жазбаларында Кеш, Бұхара, Соғд, Усрушанды, Шашты бiр аймаққа жатқызады. Территориялық, шаруашылық-экономикалық және мәдени-рухани тұрғыда Иранмен iргелес жатқан бұл аймақта ирандық мәдениеттiң ықпалы басым болды. Сондай-ақ Орталық Азияның осы аймағы әлемдегі түрлі діни ағымдар мен философиялық ілімдердің өтетін, тарататын, тұрақтап қалатын аймағы болды. Бұған, біріншіден, аймақтың этникалық тұрғыда алуан түрлілігі себеп болса, екіншіден, қолайлы территориялық орналасуы мен табиғи-климаттық жағдайы да осы жағдайға аса ыңғайлы болды.
Аймақтағы дiни ахуалға қатысты деректер Соғдыда зороастризм, будда, христиан дiндерi мен ата-баба рухына, бұтқа табыну сияқты жергiлiктi нанымдар болғанын, бiртұтас мемлекеттiк дiннiң болмағанын жазады. Бiрақ аймақта анағұрлым кең тарағаны жергiлiктi сенiмдермен шатасқан зороастризмнiң жергiлiктi нұсқасы ықпалды болды. VI-VII ғасырларда соғды халқының негiзгi тiлi шығыс иран тiл тобына жататын соғды тiлi болды. Бұл тiлде тек Соғд, Бұхара, Усрушан мен Шашта ғана емес, Шығыс Түркiстан халқы да сөйледi.
Авестаның өзiнде де Соғд және басқа ортаазиялық аймақтарда зороастризм әулиелерiнiң қалың мекенi екенi жазылған. Ал Иран мен Соғд зороастризмiнде аздаған рәсiмдiк айырмашылық болғанына қарамастан қос аймақ та мәдени, рухани тұрғыда бiртұтас саналды.
Аймақтың түркiлер үшiн ең маңызды ықпалы – оның түркiлермен шекаралас бола отырып, өздерi арқылы түркiлер жерiне басқа аймақтарда қудаланған түрлi дiни ағымдарды дүркiн-дүркiн өткiзiп отыруларымен байланысты. Кушан кезеңiнде Соғдыға будда iлiмi енгенiмен сөз болып отырған кезеңде бұл дiн аймақта аса маңызды рөлге ие болмады. Ал VII ғасырда Соғды аймағында будда дiнi мүлде жойылды. Христиан дiнi де тек халықаралық саудамен айнылысқан саудагерлер арасында тарады. Тек зороастризммен идеялық жақындыққа ие манихей iлiмiнiң тарауы табыстырақ болды.
Тек маңызды сауда жолдарына ғана емес, сондай-ақ бөтен идеологиялық iлiмдердiң «кенiне» айналған бұл аймақтың түркiлер тарапынан толықтай жаулап алынуы аса маңызды едi. Сондықтан да бұрынғы сасанилер иелiгiне түркiлердiң шабуылы жиiледi. Бұл туралы көне түркi жазба ескерткiштерiнде «Iнжу өзенiнен өтiп, Бэнглигяк-Тинейл ұлының ауылындағы тауға өттiк. Бiз жауларды Темiр қапыға дейiн қудық. Бiз оларды керi қайтуға мәжбүрледiк. Сук бастаған барлық Соғды халқы келгенде». Бұл оқиға 711-712 жылдары Тохаристанның Батыс түркi қағанатына бағынғанын бейнелейдi. Осылайша, бұл аймаққа түркiлер келiп, жүз жылға жуық достық қатынас орнады. Аймақ түркiлену үдерiсiн бастан кешiп, Тохаристан ябғулары түркi есiмдерi мен титулдарына ие болды.
Түркiлердiң аймақты өздерiне қаратуы түркi қағанатының шекарасын кеңейттi. Дегенмен бағынышты елге айналған бұл жерлердегi халық пен түркiлердiң одағының баяндылығы ең алдымен рухани-идеологиялық тұтастықтың табыстылығына байланысты болды. Ал оларды бiрiктiретiн түркiлiк дәстүрлi дiнге негiзделген идеологиялық жүйе бұл кезде өз мүмкiншiлiктерiн түгесiп бiткен едi. Сондықтан да түркi-соғды одағы саяси тұрғыда түркiлер үшiн тиiмдi болғанмен, зороастризм дiнiн әлi де берiк ұстанатын соғдылықтар үшiн бұл одақтың рухани-мәдени және экономикалық артықшылықтары көп болды. Басқаша айтқанда, түркiлердiң бұл аймақта отырықшы соғдылармен этникалық ассимиляциялану процесi қаупi анық бiлiне бастады.
Осы кезде Араб түбегiнен шыққан ислам дiнiн таратушы арабтардың көршi мемлекеттердi жаулап алу жорықтары басталған болатын. Жаңа дін – исламның тасыған идеологиялық қайнарымен қаруланған арабтар 651 жылы сасанилердiң Тұранмен шекарасы бекiнiсi Мервтi алды. Осы жерге бекініп алған арабтар енді ауық-ауық Орталық Азияны шабуылдап отырды. Ендi аймақ жаңа, күштi және түркiлер мен соғдылардың дiндерiне қарағанда әлдеқайда жас идеологиялық тегеурiннiң шабуылына айналды.
Соғдылар алғашқы рет арабтармен өздерi соғысты. VII ғасырдың соңында дейiнгi қақтығыстар айтарлықтай нәтиже бермедi. 705 жылы Хорасанның жаңа өкiлi Кутейба ибн Муслимнен соң аймақты жаулап алудың жаңа кезеңi басталды. Аймақтағы өз саяси мүдделерi бар түркiлерден құтылуды ойлаған Кутейба 709 жылы түркiлер мен соғдылардың арасына от салды. Ол Соғд билеушiсiмен жасырын келiсiмге келiп, «егер бiз кетсек түркiлер сендердi басып алады» деп оларды түркiлерге қарсы айдап салады.
Түркiлердi аймақтағы саяси оқиғалардан шеттеткен арабтар бұдан соң 710 жылы Бұхараны, Шуман, Кеш, Нахшеб патшалықтарын алды. Жаулап алынған жерлерде исламды таратуға, мешiттер салуға кiрiстi. Бұрынғы храмдар мешiтке айналды. Саяси-экономикалық жеңілдіктерге байланысты соғдылар жаппай ислам дiнiн қабылдай бастады. Жаңа дiндi ықылассыз қабылдаған жергiлiктiлердi исламдандыру мақсатында арабтар жергiлiктi халықтың үйлерiне арабтарды қоныстандыруды қолға алады.
Түркiлер аймаққа жаңа қожайындардың келуiмен келiсе қоймады. Кутейбадан кейiнгі жаңа әкiм Асад ибн Абдаллахқа (724-727) қарсы Самарқандтағы арабтарға жиi шабуыл ұйымдастырды. 737 жылы арабтарға қарсы түркiлер, Шаш пен Хуттал, соғдылар одақтасты. Бастапқыда олар жеңгенмен, тiптi Асад өз ордасын Балхты тастап, Мервке көшпекшi болды. Бiрақ Харистан түбiндегi кескiлескен шайқаста арабтар жеңiске жетiп, ат-Табаридiң жазуына қарағанда Жетiсуға қашып келген қаған жаңа жорыққа дайындалды. Бiрақ оны Түркеш әмiрi Курсул өлтiрдi. Қаған әскері бытырап кеттi. Батыс қағанат тарады. Iрi қалаларда арабтар әскери гарнизондар салды.
Соғдылардың арабтармен соғысында түркiлер бiрiншiлермен жаулық қатынаста болса да одақтастыққа барды. Осы аймақ арқылы сауда керуендерi өтетiндiктен түркiлер соғдылықтармен сауда қатынастарына мүдделi болды. Сондықтан түркiлер бұл аймаққа арабтардың келуiн қаламады. Өздерiмен жапсарлас аймақта жаңа дұшпанның болуын қаламаған түркiлер алғашқы араб жаулап алуларынан бастап соғысты.
Жаңа дін түркілер мен арабтардың бастапқыдағы белсенді, біріккен қарсылықтарына қарамастан аймаққа табысты түрде тарай берді. Өзінің саяси икемділігімен, әлеуметтік тұрғыдағы әмбебаптығымен, идеялық тұрғыда шынайылығымен, ең бастысы саяси-әскери тұрғыда анағұрлым күштілігімен исламның басымдылығы анық байқала бастады. Қарсылыққа қарамастан, Соғды жерiнiң араб халифатының құрамдас бiр бөлiгiне айналу процесi шапшаң жүре бердi. Ирандық зерттеушi А. Бейат исламның жаулап алынған аймақтарда табысты түрде тарау факторларын былайша түсiндiредi: 1) мұсылман еместердiң «джазйэ» төлеуге мiндеттiлiгi; 2) жергiлiктiлердiң халиф сарайына қызметке тартылуы; 3) жергiлiктiлердiң мұсылман көршiлерiмен мәдени, саяси-экономикалық қарым-қатынасқа түсуi.
Орталық Азиядағы исламның таралып, араб үстемдігінің табан тіреуіне байланысты жергіліктi иран тiлдерiн жаңа араб тіліне тез икемделген парсы тiлiнiң ығыстыруымен аймаққа Сасани мемлекеттiлiгiнiң дәстүрi ене бастады. Сасани мемлекеттілігінің басты сипаты – деспотизм исламдағы әділетті билік жүйесін өзгеріске түсіріп, Орталық Азиядағы ислам мемлекеттілігінің деспоттық-монархиялық жүйесін жасады. Осы кезде түркілер ауық-ауық осы аймаққа әскери жорықтар ұйымдастырып отырды. Осы жорықтар кезінде дехқандар – орталықазиялық жер иеленушілер түркілерге қолдау көрсетті. Бұдан дәстүрлi дехқандар деспотизмнің ауыр езгісінен қашып, түркi билеушiлерiн өздерi шақырды деп пайымдауға болады. Тоныкөк Соғдға кiргенде, арабтар Соғд мемлекетi федерациясының орталығы Самарқандқа кiрдi. Түркi-соғд одақтастығы кейiн Самани мемлекетiнiң құруылуына мұрындық болды. Тiл мен мәдениетте және мемлекеттiкте ирандық дәстүр басым исламдық мемлекет – саманилердiң құрылуы түркiлердiң оңтүстiгiндегi аймақтың түркiлер тарапынан жұтылып кетуден сақтап қалды. Саманилер мемлекетiнiң құрылуы арқылы соғдылар өздерiнiң көне ирандық дәстүрлерiнiң негiзгi элементтерiн сақтап қана қоймай, ендi ислам дiнi арқылы түркiлердi саяси-экономикалық және рухани-мәдени тұрғыда бағындыруға кiрiстi.
Шығыс Көктүрiк қағанатымен қарым-қатынасын үзген Тарду қаған (576-603 ж.), бiр жағынан, Шығысқа өз өктемдiгiн танытуға кiрiссе, екiншi жағынан, Батыста бiрқатар жаулау жорықтарын жүзеге асырды. Ол Византия мен сасанилік Иранның арасындағы келiспеушiлiктi өз пайдасына жарата отырып, өзiнiң саяси ұпайын түгендеуге кiрiстi. Ол Шахиншах IV Ормузд (579-590 ж.) тұсында Иранның iшкi саясатына араласты. Ұлы қаған ретiнде «Бiлге қаған» атағын алған Тарду қаған Өтiкеннен Мервке дейiнгi жерлерде билiк құрған кезеңнiң тұсында 603 жылы елде көтерiлiс басталып, осы көтерiлiстiң тұсында ол iз-түзсiз жоғалды. Тарду қағаннан кейiн мемлекет дағдарысқа ұшырап, бұл дағдарыс оның кiшi немересi Тоң-жабғудың (618-630 ж.) кезiне дейiн созылды. Өз билігі кезінде Тоң-жабғу телестердi өзiне бағындырып, ирандықтарды жеңдi. Тоң-жабғудың 630 жылы өлтiрiлуiнiң тұсында таққа талас басталды. Осылайша, Батыс Көктүрiк қағанаты да Шығыс Көктүрiк қағанаты секiлдi Қытайдың саяси үстемдiгiн мойындап, тәуелділік жағдайға түсті.
Аталмыш кезең Византия үшін аса күрделі кезең болды. Христиандықтың саяси орталығы болған империядағы діни-саяси билікке дәмелі топтар арасындағы кикілжіңдер, шығыс иеліктегі саяси ахуалға үнемі қатер төндіріп отыратын «жабайы көшпенділер», жаңа да жас дін – исламның пайда болуы, күш-қуаты өздерімен тайталаса алатын сасанилік Иран сияқты мемлекеттермен болып тұратын соғыстар империяның мазасыз сыртқы саясатының белсенділігін тудырды.
Үш құрлықтың түйiскен жерiндегi бай, қолөнерi мен егiншiлiгi дамыған, Дунай мен Евфратқа дейiнгi алқапты алып жатқан Византия империясы өзiнiң алдындағы Рим империясынан тек осы кең-байтақ территорияны ғана емес, сондай-ақ даму дәрежесi әртүрлi сатыдағы көршiлер мен соларға қатысты саясатты да мұрагерлiкке қабылдады. Шығыстағы империяның ең басты қарсыласы IV ғасырда күштi мемлекетке айналған Иран шахиншахтары Византиямен шығыс провинциялар мен Кiшi Азияның бiр бөлiгi, әсiресе христиан дiнi орныққан Армения мен Лазика үшiн кескiлескен шайқастар жүргiздi. Бұл соғыстарға себеп тек жер таласы ғана емес, Иран арқылы өтетiн маңызды сауда жолдары да болды.
Империялық дәстүр жалғастығына ие империя мемлекеттiң қабырғасын бекiтiп, күшейте түсу үшiн мемлекеттiк идеологияның барлық тетiктерiн пайдаланды. Жалпы, Византияның христиандық негiзiндегi мемлекеттiк идеологиясында христиан емес мемлекеттер мен халықтарға үстем тұрғыда қарау тән болды. Ал түркi көшпендiлерiн тiптi жабайылар қатарына жатқызып, олармен тек түркiлердің әскери-саяси қолдауын қажет еткенде ғана амалсыздан санасып, түркiлермен қарым-қатынасқа саяси мән бердi.
Византия тарихындағы осы империяның сыртқы саясаты үшiн ең табысты кезеңдер елдегi идеялық бiрлiктiң, дiни тұрақтылықтың орнауымен байланысты болып келедi. Осымен бiр мезгiлде, олардың саяси қарсылас мемлекеттерi мен этникалық бiрлестiктерiнiң iшiндегi идеялық алауыздық пен тоқырау қатар жүрiп, осы топтардың саяси сахнадан тезiрек кетуiне себепкер болады. Бұл үрдiс империяның солтүстiктегi көршiлерiне ғана емес, шығыстағы дала көшпендiлерiне де қатысты.
VI ғасырдың 50-жылдар аяғында Қара теңiз өңiрiндегi Византияның саяси жағдайы шиеленiстi. Империя Дон мен Днепр аралығындағы құтырғырлар мен Қобандағы олармен туыс ұтырғырларды бiр-бiрiмен қырқыстырып, құтырғырлардың Фракияға жасайтын шабуылын алдын алып, бұрынғы Ғұн империясының бiр бөлшегi болып табылаты екi туыс халықты жоюға тақады. Ал Қобанның бойын Византияның одақтасы аландар мекендейтiн.
Осы сәтте бұрынғы империяны қайта қалпына келтiруге кiрiскен түркiттерден бөлiнген аварлар тарих сахнасына шығып, одақтас iздей бастады. Олар аландардың көсемi Саросиден Византиямен жақындасу үшiн ара ағайындық көмек сұрады. Бұл ұсынысты тиiмдi пайдалануға тырысқан Юстианнан аварларға Валентин бастаған елшiлер келiп, оларды Иранға қарсы ұрысқа шақырады. Осылайша, өздерiнiң нақты саяси бағдарламасына ие империя мен өз тайпаластарынан бөлiнген тайпа арасында 558 жылы бiрiншiсi үшiн тиiмдiрек одақ құрылады. Бiрақ бұл әскери-саяси одақ күтпеген жерден империя үшiн басқаша сипат ала бастады. Одақтасқа айналған аварлар империя шекарасына ұмтылды. Тiптi империяға бара-бара өз үстемдiгiн жүргiзе бастады. Валентин елшiлiгiнен кейiн аварлар Византия жақтастары сабырлар, ұтырғырлар, анттарға қарсы шығады. Осылайша, Иран өзiнiң қауiптi көршiсiнен құтылады.
Түркi қағанатынан iргесiн мүлде аулақ салған аварлар осы кезде Византия дұшпаны ретiнде Иранға жақындауға мәжбүр болды. Осы сәтте аварлардың жауы түркiттер Византиямен одақтасу керек едi. Бiрақ мұны түркiттер мен Иранның ортақ жауы эфталиттер болдырмады. Сол себептi 560 жылы Истеми Хосроумен одақ құруға мәжбүр болып, Түрік қағандығы мен Византия (395-1453) ортақ қарсыластары сасанилерге (224-651) қарсы одақтасады. 628 жылғы соғыста түрік қағаны ирандықтарды жеңіп, ойсыратады. 565 жылы эфталиттердi жеңiп, соғдыларды жерiмен бірге өз қағанатына қосып алады. Осылайша, эфталиттер мен Солтүстiк Қытай патшалықтарын күйреткен соң түркiлердiң саяси жағдайымен қоса экономикалық қуаты да артты. Өйткенi Батыс пен Шығысты қосып жатқан керуен жолын бақылады.
Юстианның әлемдi билеуге ұмтылысы Еуропаның барша мемлекеттерiмен дипломатиялық байланыс орнатуға итермеледi. Сол кезде алтынмен бiрдей бағаланатын жiбекке Византияның сұранысы зор болды. Бiрақ Жiбек жолы Византияға Иран арқылы өтетiн. Ал Иран болса Византияны әлсiрету үшiн жiбек нарқын жасанды түрде қымбаттатты. 553 жылы Византияның өздерi өндiру себебiнен жiбекке сұранысы төмендедi. Империядағы идеялық қақтығыстар мен алауыздықтар өз дегенiн iстедi. Византия бұрынғы қуатынан әлсiреп, өздерiнiң күшейген қарсыластарына есе жiберетiн болды.
Түркi қағанатының күшеюiмен византия-түркi қатынасы салқындады. Бұған жiбек саудасындағы бәсекелестiкпен қоса, аварлар мәселесi де өз әсерiн тигiзедi. 575 жылдан Византия-Иран келiсiмiнен соң түркi-византия қатынасы күрт шиеленiседi. Түркiлер 570-576 жылдары арасында Солтүстiк Кавказды бағындырады. 576 жылы түркiлер ұтырғырлардың көмегiмен Босфорды алып, Қырымға кiредi. Олар Батыс Кавказ арқылы Византияға кiрмекшi болады. Бiрақ олар Эгриси патшалығының қарсылығынан әрi өте алмай, Солтүстiк Кавказ бен Дербентке дейiнгi жазықты мiсе тұтады.
552 жылы Моңғолияда түркілер жуан-жуандардың билігін тоқтатып, Батысқа жылжи отырып, бес жыл бойы Еділ жағасында тұрақтады. 565 жылы эфталиттерді талқандады. 568 жылы византиялық император II Юстинианге соғдылық көпес Маниах бастаған бірінші көк түрік елшілігі келіп, сауда және әскери салада келіссөздер жүргізді. Кейін византиялықтар Земарх бастаған елшілікті жіберіп, ол Константинопольға Тағма тархан бастаған түркі елшілігімен келді. Түркілер мен византиялықтар осы кездесулерде Иранға қарсы бірігіп соғысуға келісті. Дегенмен түркілердің дайындығына қарамастан византиялықтар соғыс әрекеттерін кешіктіре берді.
576 жылы византиялықтар ақыры Иранмен соғысып, түркі көмегін аса қатты сезінді. Валентинус бастаған елшілік Жайық маңында Тұр шадпен кездесті. Тұр шад елшіні империяның екіжүзділігі үшін ұрысты. Сөзден іске көшкен Тұр шад Қырым мен Босфорды жаулап алды. Түркілер Византияға қарсы соғысты одан әрі жалғастырып, Кавказдағы империя иелігі Лазикаға кірді.
Византия иелігін түркілердің одан әрі жаулап алуы 582 жылдан 593 жылға дейін көк түріктер арасында орын алған азаматтық соғысының етек алуына орай тоқтап қалды. Тек 588-589 жылдары ғана византиялықтар түркілермен көптен күткен одаққа қол жеткізді. Бірақ ирандықтар Герат түбінде түркілерге соққы беріп, түркілерді соғыстан шығарып тастады.
598 жылы император Маврикийге түркі елшілігі келіп, өздерінің парсыларға қарсы әскери одаққа дайын екендіктерін білдірді. Түркілерге қарсы угор тайпалары көтеріліп, аварларға барып қосылды. Түркілер біртіндеп әлсірей бастады.
Осы тартыстан Иран да шет қалмай, 626 жылы Сирия, Палестина, Мысырды жаулап алды. Славян-авар күштерi империя астанасы Константинопольды қоршады. Бiрақ 628 жылы Ираклии патша Ираннан бұрынғы жерлерiн қайтарып алды. Осы кезде әлсiреген Иран империямен алысуға шамасы келмедi. Ирандағы идеялық тығырықты пайдаланған жаңа, ислам дүниетанымымен қаруланған арабтар тарих сахнасына шықты. 634 жылы арабтар Сирияны, 638 жылы Антиохияны, Месопотамияны, Арменияны, VII ғасырдың соңына қарай Солтүстiк Африканы алды. Арабтар жаулап алулары бұл жерлерде феодалдық қатынастарды жеделдеттi. Ал империя болса христиандық идеологияның дағдарысын бастан кешiп, құлдырау үстiне құлдырай бердi. Шiркеу дағдарысқа ұшырады.
Бақылау сұрақтары:
1. Зороастризм дінінің Иран-Тұран қарым-қатынасындағы маңызы қандай болды?
2. Сасанилер билігі тұсында Түркі қағанаты мен ирандықтардың қарым-қатынасы қандай болды?
3. «Жібек жолының» Византия – Түркі қағанаты – Иран қатынасындағы рөлін сипаттаңыз.