Читать книгу Ежелгі жəне орта ғасырлардағы түркі тайпалары мен Иранның мəдени, саяси қарым-қатынастары - Жомарт Жеңіс - Страница 5
ІІ ТҮРКІЛЕР ҚОЗҒАЛЫСЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ИРАН ЖӘНЕ ТҮРКІСТАННЫҢ КӨШПЕНДІ ТҮРКІ ТАЙПАЛАРЫ (Х-ХІ ғ.)
2.1. ХІ ғасырдағы түркiлер қозғалысы қарсаңындағы аббасилiк Ирандағы дiни-саяси ахуал
ОглавлениеТүркiлердiң ортағасырлық Иран мен ислам әлемiндегi тарихи маңызы олардың осы аймақтағы дiни-саяси ахуалдарға тигiзген әсерлерiмен өлшенедi. Мiне, сондықтан да салыстыра талдау мақсатында түркiлер жаулап алулары қарсаңындағы Ирандағы саяси-дiни ахуалдың қалыптасу деңгейiн қайта електен өткiзу осы тарау мiндетi болып тұр. Хронологиялық шегiнiске орын берiп, осы тарихи оқиғаларға талдау жасап кету және оның нәтижелерiн келесi тараушадағы түркiлердiң тарихи отандарындағы ұқсас жағдаймен салыстыра қарастыру зерттеуге арқау болар мәселелердi айқындауда ықпал жасары анық. Осы себептерге байланысты бұл тарауда, ең алдымен ислам дiнiнiң Иранға тарау ерекшелiктерi, жаңа дiннiң келуiмен байланысты Иранда орын алған саяси ахуал мәселелерi сөз болады.
Жалпы, түркiлердiң Иранды жаулап алу қарсаңында Иранда өте күрделi дiни-саяси ахуал қалыптасты. Оларды топтап көрсетер болсақ: 1) ислам дiнi мен оны таратушылардың ирандық көне дәстүрдi ұстанушылар тарапынан айтарлықтай қарсылыққа ұшырауы; 2) ислам дiнi мен араб үстемдiгiне наразылық ретiнде бiрнеше ұсақ мемлекеттердiң пайда болып, елдiң саяси бытыраңқылыққа ұшырауы; 3) саяси-дiни дағдарысқа қарсы тұрарлық бiрден-бiр саяси күш – халифат билiгiнiң осалдығы; 4) дәстүрлi исламға қайшы келетiн дiни ағымдардың пайда болуы және осының негiзiнде дiни алауыздықтың өршуi; 5) Ирандағы саяси дағдарыс. Осы мәселелердi жеке-жеке талдау, кейiнгi тарауларда түркiлер жаулап алуларынан кейiнгi осы ахуалдың өзгерiске түскенiн салыстыра талдау – зерттеу мақсатының бiр бөлiгi.
Сонымен, Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбар қайтыс болған соң бiр жылдан кейiн оның бiрiншi орынбасары Әбу Бәкiр кезiнде сасанилiк Иранды арабтардың жаулап алуы басталды. Арабтарға өз еркiмен бағынғандар бiр жолғы контрибуция мен әр жыл сайынғы салық төлеу керек болды. Арабтар мұсылмандардан басқа христиан, иудей, заратуштра дiнiн ұстанушыларды «зиммиялар» деп атады. Рей мен Құмда бұлардың саны бес жүз мың болды. Олар өз дiнiн, әдет-ғұрпын сақтауға мүмкiндiк алғанымен, дiнсiздерден алынатын салық төлеуге мәжбүр болды.
VІІІ-ІХ ғасырларда араб халифатының исламды қабылдауымен Иран халқы да бiртiндеп исламдана бастады. Дегенмен көптеген парсылар дәстүрлi дiндерi – зороастризмге адалдығын сақтап, жасырын түрде, кейде ашықтан-ашық ескi нанымдарын дәрiптей бердi. Истахри, тiптi ІХ-Х ғасырларда Фарс жерiнде халықтың көпшiлiгi зороастризм дiнiнде болғанын және ол жерде көптеген от храмдарының жұмыс iстегенiн, омейялар (661-750) кезiндегi Керман халқы ашық түрде зороастризмдi ұстанғанын, Шиз қаласы мен бiрқатар Каспий маңы аймақтары, Гилян, Мазандеран, Горган қалалары көне дiн орталықтары болып қала бергендiгi жайлы жазады. Фарс провинциясындағы Истахр қаласы осындай қалалардың бiрi болды.
Бұған қарамастан, Иран жерiнiң араб халифатының құрамдас бiр бөлiгiне айналу процесi шапшаң жүре бердi. Ирандық зерттеушi А. Бейат исламның Иранға тарау факторларын былайша түсiндiредi: 1) мұсылман еместердiң «джазйэ» төлеуге мiндеттiлiгi; 2) ирандықтардың халиф сарайына қызметке тартылуы; 3) ирандықтардың мұсылман көршiлерiмен мәдени, саяси-экономикалық қарым-қатынасқа түсуi.
Халықтың исламдануы географиялық жағдайларға да байланысты болды. Иранның орталығы мен батысы исламды ерте қабылдағанмен, елдiң солтүстiгi мен шығысы, оңтүстiгi ұзақ уақыт зороастризм дiнiне адал болып қалды. Таулардағы адам аяғы бара алмас тас сарайларда зороастризм дiнiне қатысты қасиеттi кiтаптар мен бағалы қолжазбалар сақталды. Истахри, Сабур округындағы осындай тас сарайды былайша суреттейдi: «Қолжазбаларда парсыларға белгiлi барлық патшалар мен ақсүйектер, отты сақтаушы барлық ұлы мобедтер (зороастризм дiнбасысы) мен басқалардың аты жазылған. Бұл қасиеттi жазбаларды «Джисс қамалы» деп аталатын Арраджан округының тұрғындары қорғайды». Осы аймақтар ислам дiнiнiң Иранда қанат жаюына барынша қарсылық көрсетiп, түркiлердiң жаулап алуларына дейiн исламға қарсы қозғалыстар мен идеялардың ошағы болды.
Араб үстемдiгi мен жаңа дiндi көне дәстүр мен мәдениетке ие өркениеттi ел тұрғындары бiрден қабылдай алған жоқ. Араб билiгi мен ислам дiнi жергiлiктiлердiң ұзақ қарсыласуларымен қатар орнай бастады. Бұған әсiресе ислам дiнi мен зороастризм дiнiнiң дүниетанымдық алшақтықтары әсер етпей қоймады. Халықтың жаңа ислам дiнiне сүйенген жаңа билiкке деген өшпендiлiгi мен мойынсынбаушылығы жайлы К. Босворт былай деп жазады: «Арабтардың келуiнен бастап Х-ХІ ғасырларға дейiн бiрнеше мәрте қарсыласқан, кейбiреулерiне Иранның көне дiндерi – маздакизм мен зороастризмдi ұстанушылар қатысқан әлеуметтiк-саяси қозғалыстар болды. Бұл қозғалыстар исламның күшеюiмен әлсiреген соң да iс жүзiнде исмайлшылар мен шииттер қозғалысы түрiнде жалғасын тапты». Көне дәстүрлi мәдениетке ие ирандықтар ислам дiнi негiзiндегi жаңа өркениетке осылайша өз қарсылықтарын бiлдiрдi.
Оңтүстiк Каспийдiң жағалау аймақтары Гилян, Табаристанның, сонымен қатар Эльбурс тауларымен қоршалған таулы iшкi аудандар халықтар мен идеялар үшiн әрқашан сенiмдi баспана болды. Бұл жерлерде этникалық топтардың қалдықтары, ескi тiлдер мен күпiрлiк сенiмдер, көне қолжазбалар мен әлеуметтiк дәстүрлер өз өмiрлерiн ислам Иран жерiне берiк орнаған соң да жалғастырып жатты.
Барша мұсылмандардың сенiмiне ортақ дiни темiрқазықтың басым дәрежеге жетпеуi дiни ала-құлалықты тудырып, бiртұтас ислам мемлекетiнiң, қала бердi Иран мемлекетiнiң саяси бiрiгуiне айтарлықтай кедергi келтiрдi. Исламды таратушы араб жаулап алушыларының билiгiне мойынсынғысы келмеген халық наразылықтары мен жергiлiктi билеушiлердiң қарсылықтары нәтижесiнде Иран жерiнде әртүрлi ұсақ мемлекеттер пайда болды. Осы жергiлiктi әулеттердiң iшiндегi көрнектiсi Табаристандағы бавандилер әулетi болды. Әулет билеушiлерi дәстүрлi ирандық титулды қолданып, өздерiн «испахдад» – әскербасы, кейде «мулук ал-джибал» – тау иелерi деп атады. Иранның саяси бiрiгуiне мүдделi болған бұл әулет жетi жүз жыл бойы ильхандар билiгi кезiне дейiн өмiр сүрдi. Селжүктер олармен үздiксiз соғыс жүргiзсе де бұл әулеттi толық құрта алмады. Осы әулеттiң екiншi тармағы – испахабдадилер мемлекетiн хорезмшахы талқандап өз иелiгiне қосқанмен (1210 ж.) отыз жылдан соң қайтадан кинхбарилер болып, 1349 жылға дейiн моңғолдардың вассалы бола өз өмiрлерiн жалғастырды. Солтүстiк-батыс Ирандағы осындай бiр әулет – мусафарилердi (916-1062) селжүк Тоғрул бек талқандады. Тағы бiр әулет – шаддилер мемлекетi солтүстiк Иранда «дейлемилiк интерлюдия» (дейлем халықтарының саяси белсендiлiгi дәуiрi (Х ғ. 30-ж. – ХІ ғ. екiншi жартысында)) кезiнде пайда болды. Бұл әулеттiң негiзiн қалаушылар курдтар еді. Бұл мемлекет әзірбайжан дейлемилерi мен христиан-армян, грузиндер патшалықтары аралығында өмiр сүрiп, астанасын Гянжә қаласы етiп алды. Сұлтан Тоғрул бұл әулеттiң өмiрiн 1063 жылы тоқтатты. Ал шаддилердiң Ани қаласына орналасқан бұл қаланы Алп Арслан сұлтан талқандаған соң, 1199 жылы бұл қала грузиндер қарауына өттi.
Х ғасырдың басында Дейлемде, Каспийдiң оңтүстiк-батысында зиярилер әулетi билiк құрды. ХІ ғасырда зиярилер ғазнауилерге мойынұсынғанмен, селжүктердiң тарих сахнасына шығуымен олар соңғыларға бағынды. Раввадилер мен какуйлер де дейлемилiк әулеттер болды. Какуйлер батыс Ирандағы буйлер құлдырауы кезiнде пайда болып, кейiн орталық Иранды (Исфахан, Хамадан) 1008 жылы жаулап алып үлкен саяси күшке ие болды. 1029 жылы Ғазна билеушiсi сұлтан Махмуд Рейдi жаулап алғанда әулет негiзiн қалаушы ибн Какуия Махмұдқа бағынып, Тоғрул 1051 жылы Исфаханды жаулап алғанда селжүктерге бағынды.
Х-ХІ ғасырларда гүлденген мемлекеттердiң ең күштiсi буйлар үлкен иелiкке ие болды. Бұл мемлекеттiң иейлар Иран жерiндегi бытыраңқы мемлекеттердi бiрiктiрiп, сасанилер кезiн-дегi Иран даңқын қайта әкелмекшi болды. Бiрақ бұл тарихи маңызды жүктi олар iске асыра алмады. Осы кезде Иранның солтүстiк-шығыс аймағы да бiр-бiрiне тәуелсiз бiрнеше мемлекеттерден тұрды. 821-877 жылдары Хорасанда тахирилер билiгiнен соң бұл аймақта саманилер билiгi орнады. Державаның негiзiн қалаған Балх облысынан шыққан диқан Саманхуда едi. 893 жылы Исмайл ибн Ахмад Сырдарияның ар жағындағы қарлықтарға шабуыл жасап, олардың астанасын тонады. Саманилер ұзақ уақыт бойы өз территориясында тыныштық орнатып, парсы тiлi мен әдебиетi, ғылым мен мәдениет өркендеп гүлденуiне мұрындық болды. Парсы тiлi араб тiлi мен мәдениетiн ығыстырып, осы мемлекетте ұзақ уақыт үзiлiстен соң қайта ғылым тiлiне айналды. Алайда бұл әулет билiгi де осы уақытқа дейiн Иран жерiндегi бытыраңқы патшалықтарды бiрiктiре алмады.
Байқағанымыздай, түркiлер келуi қарсаңында Иран жерi бiрiнен соң бiрi тарих сахнасына шыққан әулеттердiң елдi бiртұтас етiп бiрiктiруге жасалған қадамдарына қарамастан, бiрнеше тәуелсiз бытыраңқы ұсақ мемлекеттерден тұрды.
Аталған мемлекеттер баяғы исламға дейiнгi Иранның даңқын қайта әкелмекшi болды. Мiне, сондықтан да олар үшiн ислам мүддесi аса маңызды бола алмады. Зиярилердiң Х ғасырда Бағдатты алып, оны Ктесифон етiп өзгертiп, өзi шахиншах титулын иеленбекшi болып әрекет жасауы да айтарлықтай нәтиже бермедi. Мемлекеттердiң iшiндегi iрiлерi буйлер де, саманилер де Иранды дағдарыстардан құтқармақ тұрмақ, бұл мемлекеттердi бiрiктiрiп, бiртұтас ете алмады. Осы ұсақ мемлекеттер аймаққа түркiлердiң келуiмен ғана күшпен бiрiктiру процесiн бастан кешiрiп, олардың көпшiлiгi селжүктер билiгiн мойындаса, кейбiреулерi моңғол-түркiлер билiгiне дейiн қасарысуын қоймады. Айта кету керек, тек Орталық Азиядан келген түркiлiк билеушiлер ғана Ирандағы бытыраңқы мемлекеттердi бiр орталыққа бағындырып, елде тәртiп орната алды.
Ал Ирандағы билiктi қолдарына шоғырландыруы тиiс халифат билеушiлерi бұл кезде рухани құлдырауға ұшырап, исламдық негiзден едәуiр алшақтаған болатын. Әлидiң халифтығы кезiнде омеялар билiгiнiң негiзiн қалаушы Муавие бар күшiн халиф тағын алуға салды. Муавиенiң мақсаты орындалып, Әли қастандықпен өлтiрiлген соң ол Куфаға барып, өзiн ислам билеушiсi деп жариялады. Иран тарихшысы Р. Исфаханидың жазуынша, «Бәни омеялардың исламдық принциптерi олардың шын мәнiсiнде мұсылман болғандықтарын терiске шығарады. Олар тек өз жандарын алып қалу үшiн және дәулетке ие болу үшiн мұсылман болып, барлық күштерiн исламның дамуына жұмсады. Ал, бiр жағынан, ислам қоғамын iштей iрiтiп-шiрiтiп, дiнге көлеңке түсiрдi». Дегенмен бұл әулет халық пен дiнбасылардың терiс көзқарастарына қарамастан жеткiлiктi ұзақ өмiр сүрдi.
Иранның шығысында, Хорасанда осы әулетке қарсы үздiксiз болып жатқан көтерiлiстердiң iшiнде Әбу Мүслiмнiң көтерiлiсi жеңiске жетiп, жүз жылға жуық билiк басында болған Омеялар әулетiн құлатып, жаңа билеушi әулет – Аббасилердi (769-1258 ж.) таққа алып келдi. Халифаттағы келеңсiз жағдайлар мен дiндегi керi кетушiлiктi ретке келтiредi деп үмiт артқан жаңа билеушi әулет те мұсылмандар үмiтiн ақтамады. Дiн iштей алауыздыққа ұшырап, билiк пен таласты қағидалар негiзiндегi дiни қырғиқабақтық өршiп, исламда түрлi ағымдар мен топтар пайда болды. Алғашқы халифтар кезiндегi басқа территорияларды ислам иелiгiне айналдыру процесi саябырсып, керiсiнше, бұрынғы жаулап алынған жерлер қайтадан мұсылмандардың уысынан шыға бастады.
Осындай аса күрделi iшкi және сыртқы жағдайды реттеуге Аббас халифаты басшылығының дәрменi жетпедi. Олар саяси iстермен айналысып шиеленiскен мәселелердi шешудiң орнына ислам мұраттарын аяқ асты еттi. Исламның қатаң тыйым салғанына қарамастан Харун ар-Рашидтiң ұлы халиф ал-Амин 800 жылдар шамасында әтектерге құмар болғаны соншалық, оларды өз сарайында көптеп ұстады. Ол әдемi құл жiгiттер мен бозбалаларға арнайы хирургиялық операциялар жасап, жынысын өзгертiп, өзiнiң қызық құралына айналдырды. Тағы бiр халиф Абу ад-даул (982 жылы өлген) тұсында исламға қайшы келетiн әрекет жасап, халифаттағы бишiлер мен жезөкшелерден мемлекет қазынасына салық жинауды ойластырды. Ал Мысырдағы Фатимилер мемлекетiнде бұл iске асқан жүйе болатын. Мұсылман әлемiндегi ең сорақы құбылыстың тағы бiрi – түркiлер қолдауымен салынып, жұмыс iстеген Бағдад медресесiнiң шәкiрттерi шарап iшiп, гомосексуализммен және зинақорлықпен айналысты. Терең рухани дағдарыс, осылайша халифаттың ресми идеологиясы суннизмнiң рухани ошағы – медреселердi де жайлады.
Селжүк-түркiлердiң келуiмен бiрқатар келеңсiз құбылыстарға тойтарыс болғанымен, терең дағдарыстағы Аббас халифатының толық жойылмауы себептi, селжүк-түркiлерi де халифаттағы дiни басбұзарлыққа толық тойтарыс бере алмады. Тек орталық азиялық түркiлердiң тағы бiр легi – моңғол-түркiлердiң келуiмен және солар арқылы халиф билiгiнiң толық тоқтауымен ғана ислам қоғамындағы «қатерлi iсiк» алынып тасталды. Тiптi ибн ал-Асир, Мағризи, ибн Халдун сияқты тарихшылар моңғолдардың Иранды жаулап алуларына халиф себепшi болды дейдi. Осы мәлiметтен-ақ түркiлердiң Иран жерiн жаулап алуының дiни негiзiн көруге болады.
Түркiлер келуi қарсаңында ислам қоғамы үшiн ең өзектi мәселелердiң бiрi – ол исламдағы әртүрлi дiни ағымдар арасындағы алауыздықтардың өршуi едi. Пайғамбар (ғ.с.) қайтыс болған соң оның орынбасарларын тағайындау алауыздықтардың негiзгi себепшiсi болды. Осы мәселе төңiрегiндегi ортағасырлық мұсылман күпiртанушылық (ересографиялық) дәстүр Мұхаммед пайғамбарға түскен хадистен шықты. Онда иудейлердi 71 ағымға, христиандар 72 ағымға, ал мұсылмандар 73 ағымға бөлiнедi делiнген, соның 72-сi тозаққа түсiп бiрi ғана жұмаққа баратыны айтылған. Күпiртанушылық әдебиеттiң көрнектi өкiлi Абу л-Музаффар ал-Исфара'ини «Ат-табсир фи-д-дин ватамиз ал-фирка ан-наджиа» атты шығармасында «ислам елдерiнде қарапайым халықты алдап, олардың сенiмiн шатастыратын күпiрлер пайда болды» деп жазды. Ислам дiнi пайда болғаннан соң қысқа мерзiмде пайда болған осындай күпiрлiк ағымдар кейiн жекелеген мемлекеттердiң идеологиялық негiзiне айналып, ислам дiнiндегi қайшылықтарды тереңдете түстi.
Ислам пайғамбары (ғ.с.) қайтыс болған соң бiрқатар мұсылмандар халифтық екi себеппен Әли ибн Әбутәлiбке тиiс едi деп есептедi. Олардың пiкiрiнше, бiрiншiден, пайғамбарымыз көзi тiрiсiнде-ақ Әлидi мұсылмандардың жетекшiсi деп таныған. Екiншiден, ол пайғамбардың күйеу баласы. Осының нәтижесiнде исламда сунниттiк, шииттiк және хараджилер ағымдары пайда болды. Осылайша, имамдық пен халифтыққа тек қана Әли мен оның ұрпағы құқылы деп бiлгендер шииттер деп аталды. Кейiннен шииттердiң өздерi Әлиден соң билiкке кiм келу керек деген мәселенiң талқылануы барысында өзара таласқан бiрнеше ағымдарға бөлiнiп кеттi. Осындай күпiрлiк ағымдардың iшiндегi ең қауiптiлерi де, кең тарағандары да исмайлшылар мен карматтар қозғалысы едi. Исмайлшылардың да, карматтардың да негiзгi дiни қағидалары барлық бiлiмнiң жалғыз иесi ретiнде имамат және имам қағидасы болды. Исмайлшылар, тiптi шииттердiң де, сунниттердiң де жақтаушылары тарапынан күпiрлiк деп танылды. Бұған дәлел ретiнде шииттердiң сунниттердi исмаилшылар тәрiздi iлiм (та'алим) мен iз қуушылықты (тағлид) пайдаланды деп кiнәлауынан байқауға болады. Карматтар да, исмайлшылар да заттай және рухани әлемнiң екi жағы немесе екi мағынасы бар деп есептедi: сыртқы – анық, iшкi – жасырын. Олардың идеологиялық жүйесiне сәйкес екi қарама-қарсы негiзден тұратын экзотериялық доктрина (захир), яғни жалпыға бiрдей экзотериялық доктрина (батин) қауымның аз ғана мүшелерiнiң ашқан, Құранның әр мағынасын iшкi құпия, жалпыға бiрдей дәл сыртқы мағынадан бөлек болады деп түсiндi. Исмайлшылар ағымы өкiлдерi сенiмiнше, адамның денесiнiң өзi – захир (қабық), ал оның iшiнде құпия (батин) – жан жатыр. Исмайлшылар өз идеялық жауларын олар құпия iлiмдi бiлмей тек экзотериялық доктринаны ғана ұстанады деп кiнәлап, захирилердiң монотейзмiн пұтқа табыну деп қорытынды жасады. Низам ал-Мүлiк ең атақты кармат авторы Абданның «Жетiншi дәрежедегi Кiтап» атты шығармасын оқып, карматтарды құдайсыздығы пен күпiрлiгi үшiн кiнәлады. Бұл жайлы ибн ан-Надим: «Мен бұл кiтапты оқып шығып, одан арсыздық пен шариғат iлiмiн масқаралайтын сұмдықтарды кездестiрдiм», – деп жазды. Осылайша, ислам әлемiндегi белдi ғұламалардың қарсылығына қарамастан әсiре күпiр ағымдар iргетасын бекiте түсiп, мұсылмандар арасына дендеп енiп, жайыла бастады.
Көптеген суннит теологтары карматтардың шариғаттың бекiткен ғұрыптарын жойғанын жазады. Ал-Малати «Намаз (салат), садақа (закат), ораза (сииам), Меккеге зиярат (хадж), т. б. парыздар мiндеттi деп есептелмедi, Алла өзiнiң құлдарының өзiне қызметiне зәру емес, кiм қаласа орындасын, қаламаса орындамасын, олар бар болғаны Жаратушыға ризашылық бiлдiрсе болды деп есептедi. Ал-Газали, карматтар қасиеттi мiнәжат дәстүрiн орындауды доғарды, өйткенi олардың ойынша күнделiктi «күрделi гимнастика» не ақымақтарға, не өте ақылдыларға пайдалы, тек бұл исламның заңдары мен қағидаларын бұзды. Мысалы, намаз оларда тек екi ракаттан тұрды: күн шығуға дейiн екеуi, күн батуға дейiн екi ракат. Құбыланы олар Иерусалимге қаратты, өйткенi олар онда қажыға барды. Демалыс күнi дүйсенбi болды. Карматтар ащы шарапты (набиз) iшуге тыйым салды, ал тәттi шарапқа (хамр) рұқсат бердi. Осындай ислам iшiнде жiк тудырған ағымдарды ұстанғандар тобы ислам тарихында бiрнеше мәрте қарулы көтерiлiстер жасап, ел билiгiн қолдарына ұстауға тырысты. Осындайлардың бiрi – Иранда билiк құрған буйлар мемлекетiнiң негiзiн қалаушылар. Билiк басына келген буйлар шиизм (он екi имамдық) тармағын ұстап, сунниттерге қысым жасады. Олардың мемлекетiнде шииттер жоғарғы үстем жағдайға ие болды. Ал дiннiң тiрегi мен қорғаушысы болып есептелетiн халиф ал-Муктафи өзiнiң антишииттiк көзқарасы үшiн тақпен қоштасуға мәжбүр болды. Шииттер мен сунниттер арасында күрес толастамады. Жүз он жылдық буйлер билiгi кезiнде осы екi лагерь арасындағы алауыздық күшейе түстi. Деректердi талдаудан күпiрлiк ағымдардың Ирандағы iшкi саяси ахуалды шиеленiстiрiп, ел iшiне iрiткi салғанын байқауға болады.
Жетiншi Аббас халифы ал-Мамун (813-833 ж.) кезiнде му'тазалиттiк ағым халифаттың мемлекеттiк дiнi болды. Му'тазалиттердiң сенiмi бойынша иман мәселесiнде кiмде-кiм өз жеке басы болмысында таза кiршiксiз қасиеттерге ие болса, ол мұсылман. Олардың сенiмiнше, егер бұзылған адам қайырлы iстер iстеп дiнге пайда келтiрсе, оның жеке басындағы имансыздығы мен күнәкарлығын кешiруге болады деп есептедi. Өйткенi олар дiн үшiн күрестi. Осы принциптерге сүйенген му'тазалиттер сол заманға дейiнгi ислам тарихында орын алған барлық оқиғаларды халифтердiң пайдасына шешуге мәжбүр болды. Ақырғы омея халифтерi Йазид бен Валид, Маруан ибн Мухаммед осы ағымда болды. Мамун барлық мұсылмандарға тән ортақ ағымды iздеп, ақыр соңында осы ағымға тоқтады. Басқа ағымдарға цензура жариялағанына қарамастан, бұл ағымды тек ақсүйектер мен қалалықтар қолдады. Халиф ал-Мутавакил (847-861) кезiнде бұл ағым мемлекеттік саясаттан шеттетілді. Ол Құранды, оның мәтінін талқылауға қарсы шығып, мутазализмдi күпiр деп танып, суннизмдi қайта ресми дiн деп жариялады. Бұдан соң басқа дiндегiлерге қудалау басталды. Кербаладағы имам Хусейн мавзолейi қиратылды, зиндикилер-хурамилер, манихейлер, атейстер қудаланды. Тiптi ислам бойынша кiтап иелерi саналатын христиандар мен иудейлер де қуғынға ұшырады. Оларға мемлекеттiк қызметке орналасуға, атқа мiнуге тыйым салып, арнайы белгi тағып жүруге тиiс болды. Сунниттер әсiресе күпiрлер деп саналатын хариджилер, шииттер мен хурамилердi қатты қудалады. Му'тазалиттер қоғамнан алшақтап, бөлек өмiр сүруге тырысты. Көрiп отырғанымыздай, кейбiр халифат басшылығының да дiни күпiрлiк ағымдардың күш алуына мұрындық болды.
Хариджилердiң пайда болуы «ля хукм ала иллах» (құдайдың билiгiнен басқа үкiм жоқ) ұранына тiкелей байланысты болды. Олар Әлидi де, сол кездегi омеялық халиф Муаввиенi де, тiптi Омарды да мұсылмандардың арасындағы алауыздықтың себепшiсi деп бiлдi. Әли қайтыс болған соң хариджилердiң маңызы арта түсiп, Омар қайтыс болған соң омеялардың шiрiген саясатына риза емес халықтың бiр бөлiгi олардың тарапына өттi. Омеялар тұсында хариджилер мәселесi Ирандағы ең басты қиыншылықтардың бiрi болды да аббасилер тұсында бiршама уақыт өз маңыздылықтарын жоғалтпай, бiрақ бiртiндеп тарих сахнасынан кеттi. Олардың халифатқа қарсы күресiн махдилiк шииттер, карматтар мен фатимилер жалғастырды. Осылайша, Х-ХІ ғасырлардың дiни өмiрiнiң басты ерекшелiктерi ортодоксальды исламға зиян келтiретiн шиизм бастаған нанымдардың ислам қоғамында күш алуы болды.
Халиф билiгiнiң осалдығы мұсылмандардың арасындағы алауыздықтары мен қақтығыстарды тоқтата алмады. Ал-Макдисидiң жазуынша: «Ал-Машрикте басқа облыстарға қарағанда ғылым мен заңтану күштi дамыды. Дiн уағызшыларының даңқы керемет жоғары болды. Бұл жердiң тұрғындарының байлығы да көп болды. Бұл жерлерде христиандарға қарағанда еврейлердiң саны көп. Сонымен бiрге әртүрлi магтардың саны да жетерлiк. Әли ұрпақтарына жоғарғы құрмет көрсетiледi. Бiрақ сен бұл жерден хашимилердi кездестiрмейсiң. Хариджилер Седжестанда, Гератта, Керух, Астрабианда көбiрек. Нишапурда мутазалиттердiң саны басым. Әбу Ханифа iлiмiн ұстанушылардың денi Шаш, Илак, Тус, Неса, Абиверд, Тараз, Сығанақта. Ал шафиилер Бұхара, Синдж, Данданекан, Исфариан, Джуянда көбiрек».
Исламдағы мұндай дiни ала-құлалық оларды ұстанушылар арасында дiни алауыздықтың болмай қоймайтынын көрсеттi. Иран жерi де осы ағымдардың жақтаушыларының күрес майданына айналды. Нишапурда шииттер мен керрамилер, Серахста Әбу Ханифа мен шафии ағымдары арасында, Джурджан мен Бекрабад қалаларының арасында дiни негiзде ал-Хасан жақтастары мен керрамилер арасында «жабайы төбелеспен алауыздық» орын алды. 998 жылы Бағдадта шииттердiң екi үлкен дiни салтанаты ал-Ашура (10 мұхаррам) мен Тадир Хуммды (18 зу-л-хадж) тойлаған кезде халық толқулары күшейдi. Сунниттер оларға қарсы екi салтанат – Мус'аба б. зубайра (18 мухаррам), үңгiр күнi – Иаум ал-ғар (26 зу-ль-хиджа) мерекелерiн тойлады. Бұл мейрамдардың бiрiншiсi Мус'абаның ал-Мұхтарды жеңуiне байланысты болса, екiншiсi Мұхаммедтiң Әбу Бәкiрден бөлiнiп қарсыластарынан тығылғанына байланысты едi. Халық толқулары осы салтанаттарға байланысты 1002 жылы астана көшелерiнде қарулы қақтығыстарды тудырды. Сондықтан да келесi жылы мұндай қақтығыстар болдырмас үшiн осындай мейрамдарға тыйым салынды. Қақтығыстар 1008 жылы қайта орын алып, 1011 жылға дейiн созылды. Аздаған уақыт тыныштықтан соң 1015-1017 жылдар аралығында Бағдадта сунниттер мен шииттер аралығындағы жанжалдар қайта жанданды. Бұған халифтың ал-Ашураны қайта тойлауға рұқсат бергенi себеп болды. 1016 жылы Кербаладағы имам ал-Хусейн мешiтi өртелдi. Бағдад, Самаррада да қақтығыстар орын алып Мекке, Иерусалим мешiттерiнде ұрлық кең етек жайды. 1045 жылы Тоғрул Исфаханды алған кезде Бағдадта сунниттер мен шииттер арасында жанжал болып, мұның соңы «Кiтап адамдарымен» қарулы қақтығысқа алып келдi. Еврейлердiң үйлерi мен синагогтар өртелдi. Христиан қабiрлерiне ойран салынып, монастырь тоналды. Түркiлер келуi қарсаңында Иранда дiни негiздегi қайшылықтар осылайша тереңдеп, өршiп тұрды.
Дiни ағымдардың пайда болып, белсендiлiкке көшуiнiң басты себебi Ирандағы дiни негiздегi әлеуметтiк-моральдық дағдарыстар еді. 934 жылы исламдағы өте консервативтi қанат – ханбалилер күн сайын Бағдадқа келiп исламға қарсы келетiн әрекеттердi тойтаруға күш салды. Жезөкшелер мен гомосексуалист, маскүнемдердi ұрып соқты. Олар шонжарлардың үйiне кiрiп, бөшкедегi шараптарды төктi, әншiлер мен бишiлердi соқты, музыкалық аспаптарды қиратты. Осылайша, халық дұрыс төрт халифтан соңғы халифатта берiк орын алған жөнсiздiктерге өз наразылықтарын бiлдiрдi. Бiрақ негiзi жоғарыдағы әлсiз билiктен бастау алатын дiнге қарама-қайшы әрекеттердi тоқтатуға тырысушылық сыртқы араласушылықсыз iске асуы мүмкiн емес едi.
Дiни ағымдардың идеологиясының күшеюi осы ағымдардың өкiлдерiнiң қарулы жолмен өз мемлекеттерiн құруға алып келдi. 890 жылы Ирактың Васита қаласы маңында етек алған карматтар қозғалысы нәтижесiнде 894 жылы Бахрейнде астанасы Лахсай қаласы болған карматтар мемлекеті құрылды. Бұл мемлекет бiр жарым ғасыр өмiр сүрдi. ХІ ғасырда лахсайға келген Насири Хосроу карматтардың қоғамдық құрылысын суреттей келiп, бұл мемлекетте құлиеленушiлiк құрылыс орнағанын жазады. Бахрейндегi карматтар мешiт салмады, намаз оқымады, ораза ұстамады. Басқа дiндер мен ағымдарға олар шыдамдылық танытты. Рей қаласында карматтар билiгi жүргенде «Аджа'иб ад-дуниа» авторының айтуынша сұлтан Махмұд олардан қаланы тартып алып, қарсыласқандарын өлтiрiп, қалғандарын шын дiнге қайта оралдырды. Дiни негiзiнде құрылған мемлекетке дiни идеологиясы исмайлизм болып табылатын солтүстiк Ирандағы селжүктердiң алдында негiзi қалыптасып, олардың билiгi кезiнде құрылған исмайлшылар мемлекетiн де (1090 ж.) жатқызуға болады.
Х ғасырдың аяғын ала ұлан-байтақ араб халифатының сыртқы саясаты дағдарысты бастан кешiрдi. Алғашқы халифтар кезiнде ислам әлемiне қосылған ұлан-ғайыр иелiктер бiртiндеп уыстан шыға бастады. Бұл процесс әсiресе Византия империясының басына бiрiнен соң бiрi келген қолбасшылар Никифор Фоку, Иоанна Цимисхия, Василий Болгаровойцтың кезiнде күшейе түстi. 961 жылы сегiз айлық қоршаудан соң Никифор мұсылмандардың негiзгi тiрегi Крит аралын алды. Бұдан соң бес жыл өткен соң Кипрдi алды. Бұл оқиғадан соң Жерорта теңiзiндегi ислам билiгi құлады. 962 жылы Никифор Алеппо, 965 жылы Масисса, бұдан соң ақыр соңында мұсылмандардың ең берiк тiрегi Тарсты алды. 968 жылы Никифор Иоана Крестительдiң басы алынған Хама мен Химстi алды. Бұдан соң Летакияны, келесi қыста жеңiлмейтiн Антиохияны алды. Х ғасырдағы Византия әскерiнiң шабуылынан Сирия мен Месопотамияның бiрқатар аудандарында мұсылмандар сиредi. Өйткенi арабтар византиялықтар келiсiмен-ақ қорқып қашты немесе басқа аймақтар мен аудандарға көшiрiлiп, босаған аудандарға грек, армян, сириялықтар сияқты христиан халықтарын орналастырды. Мұндағы мақсат мұсылман халқына қарсы оларды тiрек ету болды. Олар жер алып, есесiне әскери қызмет атқаруға тиiс болды. Көз алдында болып жатқан дiн мен елге қатерлi процестерге халифат басшылығы көз жұма қарады.
972 жылы христиан күштерiнiң шабуылынан Қос өзен аймағы бос қалып, Нисибия тоналғанда, Бағдадта ашуланған халық көтерiлiске шықты. Әсiресе мұнда Месопотамия мен Сириядан қашып келген мұсылмандар үлкен рөл атқарды. Ашынған олар мешiттердегi мiнәжаттарға бөгет жасап минбарлардың күл-талқанын шығарды. Ашуланған халық халиф сарайына шабуыл жасады. Мұсылмандардың қысымымен византиялықтарға қарсы алпыс мыңдық ерiктiлер армиясы құрылды. Ерiктiлер халифтан «қасиеттi соғысқа» қаражат сұрады. Тек ұзақ тегеурiндi талап етуден соң ғана, қарсыласып баққан халиф төрт жүз мың дирхем бердi. Бұл ақшаны ол тек өз сарайындағы кiлемдерi мен киiмдерiн, қорғасындарын, тикпен тысталған ағаштарын сатқан соң ғана жинады. Осы оқиғадан соң халық арасында «халифты тәркiледi» деген кекесiндi әңгiме тарады. Бiрақ Бахтияр сұлтан бұл ақшаны өз мақсатына пайдаланып кеттi. Ал ерiктiлер армиясы болса өздерiмен өздерi, сунниттер мен шииттер болып екiге бөлiнiп жағаласты. 974 жылы византиялықтар Баальбек пен Бейрутты жаулап алды. Ал Дамаск жыл сайын алпыс мың динар контрибуция төлеп тұруы тиiс болды. Оңтүстiкте Нувия тарапынан көне Рим империясының шекарасы қалпына келтiрiлдi. 943 жылы Мысырда болған ал-Масуди Нувия тұрғындарының империяға құлдармен салық төлеп тұратынын жазды. 955 жылдары нубиялықтар тiптi өздерiнiң шекаралық қаласы Ибримнен (Primis) айырылды. Түркiлердiң Иранды жаулап алулары қарсаңында христиан мемлекетi осы аймаққа тiкелей агрессия қаупiн төндiрiп, ислам әлемiнiң бiр парасы саналатын Иран жерiне көз аларта бастаған болатын.
ХІ ғасырда түркiлердiң ислам әлемi мен Иранды жаулап алу қарсаңындағы араб халифаты құрамындағы Ирандағы саяси-дiни ахуал негiзiнен жоғарыда баяндалғандай жағдайда өрбiдi. Көне, дәстүрлi ирандық дүниетанымның жаңа дiнмен идеялық ымырасыздығы нәтижесiнде орын алған жергiлiктiлердiң араб басқыншылығы мен ислам дiнiне қарсы ұзақ қарсыласуларына қарамастан Иран жерi бiртiндеп исламдана бастады. Иран халқының жаңа дiндi қабылдауы айтарлықтай күрделi дәрежеде өттi. Араб билiгi мен ислам дiнi жергiлiктiлердiң ұзақ қарсыласуларымен қатар орнай бастады. Халықтың жаңа ислам дiнiне сүйенген билiкке деген өшпендiлiгi мен мойынсынбаушылығы, елдегi ислам билiгiне бағынбайтын дербес мемлекеттер құруға талпынушылықтармен қатар жүрдi. Арабтардың келуiнен бастап Х-ХІ ғасырларға дейiн бiрнеше мәрте қарсыласқан, кейбiреулерiне Иранның көне дiндерi – маздакизм мен зороастризмдi ұстанушылар қатысқан әлеуметтiк-саяси қозғалыстар болды. Бұл қозғалыстар исламның күшеюiмен әлсiреген соң да iс жүзiнде исмайлшылар мен шииттер қозғалысы түрiнде жалғасын тауып, интеграцияланып келе жатқан ислам әлемiнде iрiткi тудырды. Араб жаулап алулары нәтижесiнде Иран жерiнде араб халифатына қарсы негiзде ұлттық дәстүрлi ирандық мемлекет идеясы елдiң бытыраңқылыққа ұшырап, ұсақ мемлекеттердiң құрылуына алып келдi. Дейлемилiк саяси белсендiлiк дәуiрiнде пайда болған бұл мемлекеттер Иранды тұтастыруға қауқары жетпедi. Халифат басшылығының iрiп-шiруiнiң нәтижесiнде ортодоксальды исламның беделiне көлеңке түсiп, исламның iштей алауыздыққа ұшырап дiнге қарама-қайшы келетiн түрлi дiни ағымдардың пайда болуына душар еттi. Дiни ағымдардың әсерiнен мұсылмандар арасында дiни қақтығыстар күшейдi. Сондай-ақ осы ағымдарды өздерiне идеология еткен шағын мемлекеттер пайда болды.
Халифаттың iшкi әлсiреуiн пайдаланып Византия мұсылман әлемiне табысты жорықтар ұйымдастырып, мұсылмандардан көп жерлерiн қайтарып алып, Иранға айтарлықтай қауiп төндiре бастады. Осындай күрделi саяси жағдайды реттеуге халифат басшылығы толық дәрменсiздiк танытты. Оқиғаның бұдан әрi өрiс алуы халифат иелiгiне ғана емес, Иранға, дiнге аса қауiптi едi.
Бақылау сұрақтары:
1. Түркілердің Иранды жаулап алу кезеңдері қандай?
2. Түркілердің келуі қарсаңындағы Ирандағы саяси-діни ахуал қандай болды?