Читать книгу Ежелгі жəне орта ғасырлардағы түркі тайпалары мен Иранның мəдени, саяси қарым-қатынастары - Жомарт Жеңіс - Страница 6

ІІ ТҮРКІЛЕР ҚОЗҒАЛЫСЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ИРАН ЖӘНЕ ТҮРКІСТАННЫҢ КӨШПЕНДІ ТҮРКІ ТАЙПАЛАРЫ (Х-ХІ ғ.)
2.2. Х-ХІ ғасырлардағы көшпендi түркi халықтары және олардың исламды қабылдауы

Оглавление

Ислам әлемiндегi интеграциялануға төнген қауiптi сейiлту, ислам дiнiнiң iштей iру үрдiсiн тоқтату сырттан келетiн үшiншi бiр күштiң араласуынсыз iске аспайтыны барған сайын айқындала бастады. Бұл үшiншi күш сол дәуiрдегi ислам қайраткерлерi мен қарапайым мұсылмандардың дiни жазбалар негiзiнде мойындап, күткен шығыстағы түркi халықтары едi.

ХІ ғасырдың бiрiншi жартысында Түркiстан аймағынан шығып, ұзақ уақыт бойы гүлденген ғазнауй әулетiне соққы берiп, олардан Хорасанды тартып алған соң, аббасилер халифатының қол астындағы Иран жерi мен бүкiл Кiшi Азияны жаулап алған түркi халықтарының селжүк топтары осы аймақта өздерiнiң мемлекетiн құрды. Селжүктердiң жаңа аймақта саяси табыстарға жетуiне түркiлерге тән жоғары әскери дайындықпен қатар, олардың дiннiң iшкi жаулары (карматтар мен исмайлшылар сияқты әртүрлi күпiрлiк ағымдар) мен сыртқы жаулардан (Византия империясы, крестшiлер қозғалысы, грузин-армян патшалықтары) құтқарушылар ретiнде келуi де оң ықпал жасады. Тарихи маңызды оқиғаға талдау жасаған зерттеушiлер түрлi себептерге байланысты ислам әлемi үшiн аса маңызды кезеңге саяси реңдi көбiрек берiп, саяси үрдiстердiң түркiлердiң дүниетанымымен сабақтастығын көзге iлмедi. Әсiресе алғашқы селжүк билеушiлерiнiң сол кездегi жалпы түркiлiк тазалыққа негiзделген жеке бас қасиеттерiнiң, олардың әзiрше, деспоттанған отырықшы билiк дәстүрлерiнiң әсерiне ұшырай қоймаған билiк жүйесiнiң ислам қағидаларының талаптарына сәйкестiгi мұсылмандар арасындағы беделiнiң өсiп, түркiлердi шын мәнiнде ислам мен мұсылмандардың нағыз қорғанышы мен тiрегi дәрежесiне жеткiздi. Түркiлердiң саяси белсендiлiгiнiң артуы нәтижесiнде батыстағы шекараның кiшiреюi, есесiне шығыстағы халифат шекарасының кеңеюiмен ұласты. 925 жылы Белуджистан жаулап алынды. 960 жылы 200 мың шатыр түркiлер исламды қабылдады. ІХ ғасырдың аяғындағы түркiлер тарапындағы шекаралық қала Испиджаб болса, Бограхандар кезiнде бұл шекара Таримге дейiн ұзарды. Макдиси бойынша ислам шекарасы шығыста Қашқарға дейiн жеттi. Ал 1006 жылы Хотан мұсылман әлемiне қосылды. Осы кезде Ғазна билеушiсi сұлтан Махмуд Үндiстан территориясының көп бөлiгiн ислам әлемiне қаратты. Дегенмен зерттеушiлердiң түркiлердiң дәстүрлi тарихи дүниетанымы мен таныстықтың терең болмауы, олардың мәселеге атүстi қарауына себеп болды. Өздерiнiң дәстүрлi мекен ету ортасын тастап шығып, салыстырмалы түрде экономикалық-мәдени ерекшелiктерге ие отырықшылар аймағын жаулап алуларымен қатар, осы аймақтардағы дiни-саяси ахуалға әсер ету стихиялы түрде iске асуы күмән тудырады. Шынында да, тарихи деректердi талдау түркiлердiң саяси белсендiлiгiнiң себебi олардың ислам дiнiмен қатысына байланысты екендiгiн көрсетiп отыр. Түркi қоғамының исламдану үрдiсiнiң ерекшелiктерiн қайта қарап, «түркiлер – ислам әлемi», «түркiлiк дүниетаным – ислам дiнi» қатынастарын терең талдамаса, зерттеуде мақсат етiп қойылған мәселелердiң шешiмiн таппай, басы ашық күйiнде қалатыны шүбәсіз. Осы мақсаттарды шешу үшiн түркiлердiң ислам дiнiн қабылдау үрдiсiн қайта талдаудан өткiзу осы тарауша мiндетi болып отыр.

Жалпы, түркiлердiң исламды қабылдауына бiрнеше маңызды факторлардың тiкелей қатысы болды. Бұл факторларды атап айтар болсақ, олар: 1) географиялық фактор; 2) исламның түркiлердiң дәстүрлi дүниетанымымен, әсiресе Тәңiрi сенiмiмен сабақтастығы; 4) араб жаулап алулары мен соның нәтижесiнде ислам миссионерлерi мен ғұламаларының үгiт-насихат жұмыстары; 5) түркiлердiң билiк жүйесi мен исламдағы басқару принципiнiң ұқсастығы.

Ең алдымен, географиялық фактор – исламды бұрын қабылдаған дәстүрлi отырықшы аймақтармен көршi орналасу және олармен саяси-экономикалық байланыстарға түсуiн қарастырайық. Исламның Еуразия даласының түркi көшпелi және жартылай көшпелi тайпалары мекендеген аймағына енуi VІІІ ғасырда-ақ басталды, ал оның таралуы мен орнығуы жүздеген жылдарға созылды. Исламның таралуы географиялық жағдайларға да байланысты болды. Жергiлiктi, исламға дейiнгi мәдениет пен мұсылман моделiнiң өзара әсерiнен ІХ-ХІV ғасырларда аралас, синкретикалық түркi-ислам типiнiң мәдени дәстүрi қалыптасты. Мiне, сондықтан да кітаптың бастамасында түркi тайпаларының оңтүстiк тарапқа қарай жылжып, өздерiнiң отырықшы көршiлерiнiң иелiктерiне енуiне себепшi болған түркiлер территориясында ІХ-Х ғасырларда орын алған саяси оқиғаларға шолу жасау қарастырылады.

Көшпендiлер Орталық Азияның отырықшы халықтары территорияларын жаулап алу қарсаңында өз аймақтарында түрлi этникалық сапырылыстарға түстi. Олар мал жайылымдары мен өрiстерiне қажеттiлiктердiң өсуi салдарынан өзара жауласуға душар болып, әлсiздерi жеңiлiс тауып, өз иелiктерiн жеңiмпаз қарсыластарына беруге мәжбүр болды да, табын-табын малдарына жаңа жайылымдар iздеп, салыстырмалы бос жатқан жерлерге жөңкiлдi. Сондай-ақ көшпендiлермен арадағы сауданың дамуына байланысты маңызы өскен оңтүстiктегi қалаларға ие болуға бәсекелестiкте түркi көшпендiлерiнiң осы аймаққа келiп орналасуына себеп болды.

Т.К. Чоротегиннiң айтуынша: «ІХ ғасырдың ортасындағы (840 ж.) қырғыздар мен ұйғыр қағанатының соғысы, ІХ ғасырдың екiншi жартысынан Х ғасырдың басындағы қырғыздардың қимақтар тарапына, ал қимақ-қыпшақтардың Ертiс маңынан батысқа қозғалысы, Орхон ұйғырлары мен Енисей қырғыздарының шығыс Тянь-Шаньға келуi – Шығыс Түркiстанның жергiлiктi халқын батысқа айтарлықтай ығыстыруға, қарлықтардың Орталық Азияға орын ауыстыруы батыс Тянь-Шаньдағы халадждардың оңтүстiк-батысқа жылжуына, Сырдария маңы оғыздарының батысқа одан әрi жылжуына, қимақтар мен оғыздардың печенегтерге қысымы, соңғыларының бiр бөлiгiнiң төменгi Едiл мен Қара теңiз маңына кетуiне мәжбүр еттi де, Орта Азиядағы жергiлiктi түркi тiлдес компонент Орталық Азия мен Саян, Алтай түркiлерiнiң есебiнен толықты».

VІІІ ғасырдың ортасында Орталық және Орта Азияда iрi оқиғалар болды. Құрамына шiгiлдер кiрген қарлықтармен қақтығыс нәтижесiнде оғыздар Жетiсу маңайын тастап Сырдария мен Арал маңы бассейнiне кетуге мәжбүр болды. Нәтижесiнде оғыздар жаңа жерде, бұл аймақты оларға дейiн мекен еткен печенег-қанғар тайпаларымен қақтығысты. Көп жылғы соғыстар нәтижесiнде оғыздар қанғар-печенег бiрлестiгiн талқандап Батыс Арал маңы мен Солтүстiк Каспий далаларын жаулап алды. Печенегтермен ұзақ уақыт бойғы соғыс ІХ-Х ғасырлардағы оғыз тайпа одағының қалыптасуына және саяси консолидацияға алып келдi.

Осылайша, ІХ-ХІ ғасырлардағы Орталық Азиядағы миграциялық процестердiң нәтижесiнде орын алған түркi халықтарының территориялық орын ауыстырулары етек алып, ХІ ғасырдың басында Қазақстан мен Орта Азия территориясында олардың орналасу аймағы айқындалды.

Негiзгi кәсiбi мал шаруашылығы болып, малдарының қажеттiлiгiне орай меридиан бойынша көшкен түркi тайпалары қыстауы шаруашылыққа қолайлы оңтүстiктiң жылы аймақтарына қарай ұмтылды. Бұл туралы қазақ зерттеушiсi Н. Масанов: «Мекен ету ортасының табиғи ресурстары және көшпелi қоғамның өмiр сүруiн қамтамасыз ету, өндiрiс циклiн ұйымдастыруда қысқы жайылым мен жазғы маусымның аса бағалы екенiн анықтады. Бұл, бiрiншiден, өсiмдiк жамылғысының төменгi азықтық құнарлылығының әсерiнен малдың жаппай қырылуына ұрындыратын жылдың қысқы климаттық жағдайының айрықша қаталдығынан, күнделiктi табындап жайылу, қардың көп түсуi, күштi жел, т.с.с. Сондықтан да көшпелiлер мал шаруашылығының қажеттiлiгiне орай қысқы жайылымға ерекше назар аударды. Еуразия көшпелiлерiнiң қысқы жайлауы негiзiнен көшу ареалының оңтүстiгiнде шөл және шөлейттi аймақтарда орналасты», – дейдi. Шаруашылық қажеттiлiк итермелеген түркiлер осылайша салыстырмалы бос жатқан отырықшылар аймағын мал жайылымы ретiнде пайдалануға мәжбүр болды.

Х ғасырда оғыздар қыста өз аттарының табынын Каспий теңiзiне қарай айдады. Бұл жерлердегi қарсыласушы күш оғыздарға тосқауыл бола алмады. Сондықтан да Хазар патшасының өзi келiп, көптеген әскермен оларды керi қайтарып отырды. Әрине, көшпендiлердiң бұл қозғалысы сол жерлердiң отырықшы халықтарының заңды қарсылықтарын туғызды. Бiрақ мал жайылымдарының жетiспеушiлiгi мен қажеттiлiк түркiлердiң қозғалысына еш кедергi бола алмады. Ортағасырлық деректерде оғыздардың Хорезммен соғыстары туралы жазылады. Абу Райхан Бируни күз сайын Хорезм шахтар түркi-оғыздарды өз шекарасынан әрi қарай қуып жiберу үшiн әскерiмен аттанып отырғанын, оғыз шабуылына қарсы Хорезм шекарасының бойында күзет мұнаралары мен қамалдар салып, бұл бекiнiстi күзететiн әскерлер жаудың көрiнуiн түтiн түтету арқылы бiлдiрiп отырғанын жазады. Осындай мұнаралар Урга мүйiсiнен Үстiртке дейiн созылып жатты. Оғыз көшпендiлерi Хорасанның шекаралас қалалары мен ауылдарына дүркiн-дүркiн шабуыл жасап отырды. «Серахстан Мервке дейiн, – деп жазады Иакуби, – алты күндiк жол. Бiрiншi аялдама Үштұрмағақ, одан соң Данданекан, одан соң Генугирд. Бұл Әли ибн Хишам ибн Фаррух Хосроудың иелiгi. Бұл бекеттер шөлде орналасқан. Бұлардың әрқайсысында бекiнiс бар. Бұл бекiнiстер анда-санда шабуыл жасап тұратын түрiктерден қорғайды. Х ғасырда оғыздарға қарсы Джурджан, Дехистан, Ферава шекаралық бекiнiстер салынды. Джурджан облысы күштi бекiнiс аймағына айналды. Хорасан мен ғұз даласының аралығында қорғаныс сызығы пайда болды». Дегенмен бұл бекiнiстер түркiлер тасқынын уақытша тоқтатқанмен, оларға түпкiлiктi қарсы тұра алмады. Кудама ибн Джафардың айтуынша «түркiлер Джурджанмен шекаралас шөлдi мекендедi. (Джурджан) халқы күйген кiрпiштен олардың (түркiлердiң) шабуылынан қорғану үшiн дуалдар соқты. Бiрақ түркiлер Джурджан халқын жеңдi». Осылайша, түркiлер ешқандай да кедергiлерге қарамастан барлық мүмкiндiктерiн сарқа пайдаланып, отырықшы көршiлерi территориясына ағылып келiп, жаулап алуға тырысты.

Осы орайда америкалық зерттеушi А. Тойнби көшпендiлердiң саяси белсендiлiкке көшуiн, олардың өздерiмен шекаралас отырықшылар территорияларына қозғалысын төмендегiше түсiндiруге тырысады. А. Тойнбидiң пiкiрiнше көшпендiлердiң белсендiлiгiне көршi отырықшы елдердегi саяси жағдайдың нашарлап, құлауының басталуы. Осының әсерiнен ол қоғамда өзiндiк вакуум пайда болады да мұны көшпендiлер шебер пайдаланып кетедi. Оның ойынша көшпендiлердiң отырықшы оазистерге жылжуына климат, әлеуметтiк вакуум және осы екеуiнiң қосындысы әсер етедi. Қолдағы бар деректердi пайдалана отырып, көшпендiлердiң белсендiлiкке көшуiне сыртқы да, iшкi жағдай да әсер еткенiн байқаймыз. Мал шаруашылығымен тығыз байланысты көшпендiлер үнемi мал жайылымдарына жетiспеушiлiктi сезiндi. Орталық Азиядан әртүрлi саяси жағдайдың әсерiнен оқтын-оқтын орын алған халықтардың қоныс аударуы түркi даласында халық санының өсуiне әсер етпей қоймады. Мал санының артуы, оның тауарлығының шапшаң өсуi дала тұрғындарының Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстiгiндегi отырықшы-егiншiлiк оазистерiмен сауда-байланыс жүйесiне тартылып, мал ұстауға жайылымдарды кеңейтуге, сауда базарына еркiн шығуға итермелейдi

Ежелгі жəне орта ғасырлардағы түркі тайпалары мен Иранның мəдени, саяси қарым-қатынастары

Подняться наверх