Читать книгу Ежелгі жəне орта ғасырлардағы түркі тайпалары мен Иранның мəдени, саяси қарым-қатынастары - Жомарт Жеңіс - Страница 4
І ЕЖЕЛГІ ТҰРАН МЕН ИРАН
1.3. «Шахнаме» дастанындағы Тұран мен Иран
ОглавлениеФердаусидiң орта парсы тiлiнде жазылған «Шахнаменің» толық мәтiнi 1999 жылы Қатре баспасынан (Иран) 1367 бет болып алтыншы рет басылып шықты. Иран әдебиетi мен тарихының керемет үлгiсi «Шахнаме» (патшалар кiтабы) жырының авторы Әбiлқасым Фердаусидiң «Шахнамедегi» автордың келтiрген түркiлер мен Тұранға қатысты мәлiметтердi түркi тарихын зерттеуде пайдаланудың едәуiр қиыншылықтары бар. Әсiресе осы мәлiметтер арқылы түркi тарихын хронологиялық тұрғыда жүйелеп көрсету өте қиын. Тiптi жырдағы түркi билеушiлерiнiң есiмдерi бiр ғана жиынтық түрде, тек Афрасиаб есiмiмен берiлген. Дегенмен оқырмандардың өздерiне керектi мәлiметтердi жырда келтiрiлген оқиғалармен салыстыра қарауына мүмкiншiлiк беру үшiн Ирандағы сасан әулетiнiң билеушiлерiнiң билеу кезеңдерi мен Тұран билеушiлерi (Түркi қағанаттары) кезiндегi тарихи оқиғаларды қатар көрсете кетудi дұрыс санадық.
Қазақтар мен парсы-тәжiктер – баяғы тұрандықтар мен ирандықтардың қазiргi ұрпақтары. «Шахнамедегі» Тұран тұлғалары көне тарихтың қаһармандары ретiнде есімдері халық ауыз әдебиетiнде насихатталып, қазақтың ат қою дәстүрінде де олардың әcepi байқалуы тиiс еді. Қазақ арасында кісі есімдерінің жырдағы кездесетiн тұрандық батырлар – Қарн, Барман, Құман, Қарухан, Пашанг, Ағрирас, Андаман, Мақатөрелерден гөpi ирандық Рүстем, Дастандардың көптігінің өзiндiк себептерi барлығы анық.
Әбілқасым Фердаусидің иран әдебиетi мен тарихының керемет үлгiсi болып табылатын «Шахнаме» (патшалар кiтабы) жыры желісінің негiзi Иран-Тұран қатынастарының тарихын суреттеуден тұрғандықтан шығарманың көне түркiлердiң тарихы мен мәдениетiн қалпына келтiруде маңызы баршылық. В. Бартольд, Л. Гумилев сияқты мәшhүр тарихшылар да өз зерттеулерiнде аталмыш жырға сiлтеме жасаудан тартынбаған. Шахнаметанушы И. Брагинский кітаптың формальды түрде аңыздық және тарихи тұрғыда елу Иран патшасының билiк ету дәстүрлерi желiсiнде құрылған, ал ic жүзiнде жыр үш әртүрлi бөлiмнен тұратынын жазады.
Дастанның мифологиялық бөлiгi алғашқы патшалар – Каюмарс, Хушанг, Тахмурас пен Жәмшид патшалықтары кезiндегi оқиғаларды суреттеуден басталады. Бұл патшалармен байланысты оқиғалар барлық халықтарда сақталған адамдарға мәдениеттi үйретушi алғашқы адам мен патша туралы мифтерге жақын. Мысалы, Каюмарс адамдарды үңгірден алып шығып, тамақ жасауды үйреттi. Хушанг от пен темірді ойлап тауып, адамдарды егiншiлiк пен мал шаруашылығына үйреттi (б.э.д. 1200 ж.), Тахмурас жазуды ойлап тапты. Жәмшид аң терісінің орнына матадан киiм тiгудi үйретіп, дәрiгерлердi тәрбиелеп, кеме жасады, адамдарды абыздарға, хатшыларға, егiншiлер мен қолөнершiлерге бөлдi. Жәмшид патшалығы – алтын ғасыр болды. Бірақ оның Ахриманмен (зороастризм дініндегі iзгiлiкке қарама-қарсы, шайтан ұғымы) қақтығысынан қиыншылықтар басталды. Иранды Захак атты жат жерлiк басқыншы биледi. Кава бұл билеушiнi тақтан тайдырып, орнына Фаридунды патша қояды. Фаридун Захакты темір шынжырмен бұғаулап Дамовенд тауларына тастайды.
Фаридун елдi өз ұлдарына бөлiп бередi. Салмға Рум (Кiшi Азия) мен Батысты бередi. Турга – Қытай Түркістаны мен Тұранды, Ираджға – Иран мен араб елдерiн бередi. Тур мен Салмнын Ираджды өлтipуiмен иран-тұран соғыстары басталады. Жыр желісінің едәуір бөлігі де дәл осы соғыстарға арқау болады.
Батырлық жырлардың ортасында Рүстем орналасқан. Рүстем ерлiктерi Кей ұлдарының үш патшалығы – Кейкубад, Кей-Кабус, Кей-Хосрау кезiнде бейнеленген. Осы патшалар кезiнде шиеленiскен иран-тұран соғыстары тек патша Кей-Хосраудың соңғы патшалық ету кездерінде саябырсиды. Ол Афрасиабтың ұлы Джихшаны тұтқыннан босатып, оған Тұранды бередi.
Эпостың осы бөлiгiнен соң интермеццо басталады. Бұл жердегi кейіпкерлер жартылай аңыз, жартылай тарихи тұлғалар, олардың негiзгiсi жырда Ескендір деп берiлген Александр Македонскийдiң осы аймақтар мен Үндістанға жорығы бейнеленген.
Дастанның тарихи бөлiгi Сасан әулетi (220-665) билiгiне арналған. Онда Ардашир, Бахрам Гур, Ануширван, Хосрау Парвиз, Бахрам Чубин сияқты тарихи тұлғалар мен олардың кезіндегі оқиғаларға шынайы баға берiлген. Жыр соңы сасанилер патшасы Яздигердтің өлiмiмен және араб шапқыншылығынан есеңгіреген сасанилер мемлекетінің құлауымен бiтедi.
Шахнаменiң түпнұсқасындағы түркiлер мен Тұранға қатысты назар аударарлық мәлiметтердi екшелей көрсетсек, оларды былайша топтап көрсетуге болады:
1. «Шахнамедегi» Тұран мен Иран шекарасы.
2. Тұрандықтар шаруашылығы және басқа елдермен қатынасы.
3. «Шахнаме» және түркiлiк дүниетанымы.
4. Тұранның көршi елдермен қарым-қатынасы.
5. Тұрандықтардың тiлi мен жазуы.
6. Тұрандықтардың қару-жарағы мен соғыс өнері.
«Шахнаме» бойынша Фаридун мен оның ұлдары патшалық еткен тұста Иран-Тұран шекарасы болып Әмудария (Джейхун) бекiтiлген. Екі жақтың осы шекарадан өтуі шекараны бұзған болып есептеледi:
Чу Лашкар бе наздике Джейхун расид
Хабар назде пуре Фаридун расид.
Әскер Джейхунға жеткенде, оның хабары Фаридун ұлына (Наузар) жеттi (өлеңдер мен текстерін аударған – Ж. Жеңіс).
Немесе:
Сепохи аз Джейхун су кешид.
Әскер (тұрандықтар) Джейхун жақтан берi карай өтті.
Жыр сюжеттерiне сәйкес тұрандықтар шаруашылықтың екі түрімен – көшпелiлiк және отырықшы-егiншiлiктi қатар ұстанған сияқты:
Рүстем түркiлер даласына келгенiн суреттегенде:
Дегар суй Серахс ва биобонаш
Паш гале гаште дар дашт аху ва миш.
Хаме дашт пор харге ва хейме кешт.
Серахстың келесi беті – шөл дала, отар-отар қойлар мен маралдар. Дала толы үлкендi-кiшiлi киiз үйлер.
Жырда тұрандықтардың көшпелi өмірін суреттегенде тағы бiр дәлел Рүстемнің Афрасиабқа:
Надони ке Иран нешастман аст Джахоне сар сабз зире дасте мен аст.
Сен Иранды отырықшы екен деме, жасыл желек әлем менің қол астымда.
Жырдың тағы бiр жерiнде Тұран жерiн бос жатқан кең дала peтінде суреттеп, ирандықтардың бұл жерде қойлар мен малшыларды қырғанын жазады:
Куджо буд бар даште Турон иле
Герефтанд бесиор ва котанд низ мавуд аз бад вахт монанде чиз.
Галедор ва чупоне васи коште шод.
Тұран елi бос жатқан дала, бұл жерде көп нәрсені алып, көп нәрсе жойылды, жеткiлiктi түрде қойшылар мен малшылар өлтiрiлдi.
Тұрандықтарда қалалардың да болғаны белгiлi болып отыр. Шахнамеде осындай қалалардың бiрi былайша суреттеледi:
Чу омад бар он шарестон даете охт.
до фарсанг боло ва пахнош сохт
Аз ейвон ва мейдон ва кохе боланд
Зе полиз ва зе голаш аржманд
Биорост шахри бесон бехешт
Бехамун гол ва сонбал ва лоле кашт.
Алақандай қалаға келгенде,
Ені мен биiктiгi eкі фарсанг,
Айван мен алаң және биік сарай.
Гүлге толы қаланы
Жұмақ десең болады.
Археологиялық мәліметтерді талдай отырып, отырықшылық қоныстар Қазақстанның ең шеткерi аймақтарында да болғанын айту керек. Осы аймақтағы көптеген көне архитектуралық ескерткiштер, қоныстар қалдықтары мен суландыру каналдарының қалдықтары өткен замандарда тұтас бiрқатар мәдени-экономикалық ошақтардың болғанын бiлдiредi.
Бұл жайлы Шахнамеде түркiлердегi күмбезді құрылыс жайында (2-сурет):
Дигар су Афросиоб ва Сепох
Чу Пирон Ба Гарсиуз кинехох
Бе хар гуше гонбади сохте
Сараш ро бо барондар афрохте.
Келесі бетте Афрасиаб пен әскер
Пиран мен Гарсиуз сияқты кекшіл батырлар
Әр бұрышқа күмбез салды
Ұшы аспанмен таласқан.
Тұрандықтардың басқа елдермен тығыз экономикалық қарым-қатынаста болғандығына жырда кездесетін тұтыну тауарлары мен қару-жарақтардың шығу тектерін әр елден екендігі дәлел бола алады. Мысалы, дибой чини, чатре хенди, чочи камон, пулоде чини, сепархой чини, шамшире хенди, аспоне този, яғни қытай жiбегi, үнді шатыры, шаш садағы, қытай болаты, қытай қалқаны, үнді семсері, хаданг оғы, таз-тәжік жылқылары, кабул қанжары болып келеді.
Рүстем Тұранға, Хотанға саудагер болып келіп, Бижанды құтқаруға келгенде одан жергiлiктiлер кімсің, қайдансың деп сұрағанда:
Бе бозоргони зе Ирон бе Тур
Бе пеймудам ин рохе душвор ва дур.
Форушанде ам хам харидор низ
… Харам чорпой ва форушам гохар.
Саудамен келгем Ираннан Тұранға,
Қиын да қауіпті жолдардан өттім
Әрі сатамын, сатып аламын,
Мал аламын, гаухар сатамын, –
деп көшпенділерден мал өнiмдерiн алғандығын көрсетті.
«Шахнамеде» автор ирандықтар мен тұрандықтарды кейде ортақ дүниетанымға ие етiп көрсетеді. Жырда тұрандықтар ирандықтар өздерiнiң ресми хаттарын жазғанда оны күн мен айдың жаратушысы атынан бастайды:
Бе номе худованде хуршид ва мох (күн мен айдың жаратушысы атынан).
Күн мен айды қасиетті санау бiршама түркі халықтарында, солардың ішінде қазақ халқында да әлi күнге дейiн сақталған дәстүр. Зерттеушiлердiң пiкiрiнше, оңтүстік Сiбiрдi мекендейтін шор, алтай, хакас халықтарында осы дәстүрдің сарқыншақтары молынан кездеседі. Адамдар әлемі – бұл күн мен ай жарық қылатын әлем. Төменгі әлем жарық емес не нашар жарықталған. Жер әлемінде күн мен ай – уақыт өлшемі. Түркiлер босанатын әйел туралы айтқанда aй-күнi жеткен дейді, ай туғанда сәлем беріп, «ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа» дейді.
Жырдың кейiнгi бөлiктерiнде тұрандықтар мен ирандықтар екі дүниетаным өкiлдерi ретінде суреттелетiн жерлер аз емес. Бұған басты себеп ирандықтардың зороастризм дiнiне жаппай кіруімен байланысты болар.
Мысалы:
Гарсиуз айтады: До кешвар – иеки оташ, ва дигар об.
Екі ел – бiрi от, екiншiсi су.
Жырда сондай-ақ көне түркілердің негiзгi сенім нысаны болған Тәңірі – Аспан ұғымы жайлы да мәліметтер кездеседі. Жырдың «Ескендір патшалығы» тарауында:
Аз ин пас биояд иеки номдар,
Зе даште савороне нейзегорон.
Иеки марде покизе на никхуй
Беду дине Яздон шавад чорсуй.
Иеки пире дехконе аташпарастэ
Ке пор дине Муса ке хони жаху
Ке гуяд джоз он ро нашояд сетуд
Дегар дине Иунони он парса
Ке дод овард дар деле падша.
Бұл жақтан бiр атақты,
Аттылар мен найзагерлер даласынан таза ер кici келді:
Төрт тарапты Яздон дініндегі,
Келесiсi отқа табынушы дихан – қария,
Келесiсi жөйт деп аталатын дiндi
Мактай беретiн Мұса жолын қуушылар
Келесi патша жүрегiнен
Оpын алған гректер діні.
Бұл жердегi Яздон діні деп отырғандары түркiлердiң Tәңірі діні болуы әбден мүмкін.
Жырдың тағы бiр жерiнде түркі қолбасшысы Барман хан кеңесшiсi Пиранға былай дейдi:
Кезе Асман созар нист,
Аспаннан артық ештеңе жоқ
немесе
Педар Асмон бод ва мадор 3амин
Аспан – әке, Ана – жер.
Осымен үндес көне түркі жазбаларының мәтінінен мына үзiндiлердi де мысалға келтiруге болады: «Аспан менің әкем Елтерiс қаған мен анам Ілбiлге қатынды өз құдiретiмен басқарып, оларды көкке көтеріп әкетті. Қағанға басқаруға мемлекет беретiн аспан, мені түркі аты мен халқы жоғалмасын деп қаған еттi. Аспанның ырқымен түркiлер жеңіске жетті».
Жырда түркiлердiн арасында жұлдызшылар маңызды орынға ие болғандықтары жайлы деректер мол. Солардың бiрiнде:
Зе Туркон иеки буд Бозур ном
Бофсукн бехар джой гостарде кам
Биомухте кажи ва жови.
Түркiлерде Бозур атты бiреу болды
Оның сиқыры барлық жерге жүредi.
Сиқыр мен жадылықты меңгерген.
Осы бақсыны Пиран ирандықтарға жұмсайды:
Ке аз ой дар бороу то саре тиғе кух
Барф ва сармо ва бод дамон
Баройшон биобар хам ондар замон.
Осы жерден тау басына бар
Сол мезет оларға қар, суық жел жiбер.
Бұдан соң түркілер ирандықтарға шабуыл жасайды. Жеңіліп бара жатқан ирандықтар аспанға назар аударып:
Сепах дор ва гардан кешон он замон
Гeрефтанд зори суй осмон.
Ке ей! Бар тар аз дош ва хуш ва рой
На дар джой, ва на зире джой
Хаме бандей порнегохе тим.
Ве би чореше дод хохе туйн.
Зе афсун ва аз джодуй бартари
Джахондор ва бар девороне девори.
То тавонтар аз оташ ва аз мехрин.
(Камус Кашани, 359)
Қолбасшы мен сарбаздар
Сол кезде аспанға қарап зар иледi,
Ей! Барлығынан биік Жаратушы!
Бiр жерде емессің, жер асты, үстінде де емессің!
Барлығына сенің қырағы көзіңнің құлымыз,
Сенің жолыңда бейшарамыз.
Барлық сиқыршы мен бақсыдан күштiсiң, әлемнің билеушісің. Құдайлардың құдайысың, оттан да күштiсiң!
Отқа табынушы ирандықтардың аспанға назар аударуы бұл қиналған кезде түркiлердiң Тәңірі – Аспанына назар аударуы секілді еді. Тiптi олар Тәңірі – Аспанды мадақтағанда, оны оттан да жоғары қояды да, олар Тәңірден:
Аз ин барф ва сармо фариодарс,
Надорим фариодарс джозе Ту касс, –
дейді.
Мына қар мен суыққа қарсы Сенен басқа ешкiмнiң көмегіне сүйене алмай отырмыз.
Бақсы көмегімен жауға қарсы қар, суық жiберу түркiлер үшiн үйреншiктi нәрсе болды. Жырдың тағы бiр жерiнде:
Ба аз ин ру бар омад иеки тонд бод
Ке каси ро аз Ирон набод разм иод,
Иеки абре тонд андар омад чу гард
3е сармо хами лаб бедандон фесард.
Саро парде ва хамихо гашт иах
Кешид аз бар кух бар барфе йах.
Бұл тараптан бiр ала құйын шықты,
Оның артын ала дөңгелеген бұлт шықты.
Суықтан еріндер тіске жабысты,
Шатырлар мұзға оранды,
Тау басынан қар жауды.
Жырда тұрандықтардың дәстүрiнде түс жорушылар мен жұлдызшылар да маңызды орын алатыны шебер бейнеленген. Мысалы, Афрасиаб түс көргенде оны жорытуға адам iздестiредi. Сонда Гарсиуз былай дейді:
Гозарандейхе хоб бояд каси ке
Аз донеш андазе'е дорад баси.
Бехоним бидор дел мубадон
Аз охтар шеносон ва аз бехардон.
Tүс жоритын адам бiлiмi жеткiлiктi болу керек.
Ойы сергек бақсылар, жұлдызшылар мен ақылгөйлерді шақырады.
Осы тұрғыда Ж. Баласағұнидың «Құтты бiлiгіндегі» мына шумақтарға назар аударсақ:
Тағы бiрi – түс iлiмi деседі,
Жорушы тек жақсыға жол кеседi.
Кici ұйықтаса түрлi түстер көреді,
Жори бiлсе айтқаны анық келедi …
Не жорысаң сол болады сенгейсің.
Түс көруші, түсті нәзік көргейсiң.
Жақсы жорып, жақсылыққа балайтын,
Ақылдылар бар, жақсылық қалайтын.
Жақсы көріп, бұларды iзгi санасаң.
Қаласаң – дос, туысқан қыл қаласаң.
Тұрандықтардың тiлi мен жазуы. Тұрандықтардың түркі тілінде сөйлегендiгi жайлы жырда Гударз Тұранға өз адамын жiбергенде:
Забон ро бе торки биорости.
Tүркі тiлiнде сөйле деп тапсырады.
Тұрандықтардың Базур aтты бақсысын суреттегенде:
Бедонесте чини ва хам пахлави.
Қытай мен пехлеви (парсы) тiлiн менгерген. Яғни ирандықтар пехлави тiлiнде сөйлесе, түркiлердiң өз тiлi болғандығы анық. Жырдың тағы бiр жерiнде:
Бе торки ченин мехр ва пейванд чист,
яғни түркiше осындай махаббат пен ынтықтық не?
Жырда түркiлердiн өз тілінде сөйлегені жайлы:
Ке ру пиш Хумон бе торки забон.
Хуманға қарап түркі тілінде сөйледі.
Зе аржасп солоре гардоне чин.
Саборе джахондиде гарде замин.
Невешт андарон номей хосроуй.
Неку офарини хатте ябгуй.
Қытай әскербасшысы Аржасп
Шахқа яғбу жазуымен хат жазды.
Соғыс өнерін зерттеушiсi М. Иванин түркiлердiң дәстүрлі әскери өнеріне күдiкпен қарап: «Моңғол-татарлар терең әскери тәртiптi сақтай отырып, өздерінің басты міндеттерін өзара белгілесті. Атты әскер алаңда соғыса бiлдi. Қорғандарды қоршап, шабуыл жасау сияқты ерекше ұрыс тәсiлдерiн шеберлiкпен меңгерді. Осыдан келiп мынадай заңды сұрақ туады. Осы жартылай жабайы, малшы татарлар осындай әскери тәсiлдердi қайдан үйренді», – деп сұрақ тастайды да, оған өзi татарлар даласына Рим империясынан қуылған несториан топтары моңғолдар арасына келуiмен немесе көрші Қытай елімен байланыспен түсiндiре жауап береді.
Дегенмен «Шахнаменi» талдау түркiлердiң әскери өнерінің тамырының тым тереңге кететінін көрсетеді. Афрасиаб өз әскеріне:
Хаме бо дарафш ва табире шабим.
Барлығымыз кернейлетіп, барабандатайық, –
дейді.
Одан берiде барабан соғудың түркілік соғыс өнерінің ажырағысыз бөлігі болғандығын Марко Полодан табамыз: татарлар өздерінің жетекшiлерiнің накарлары (барабандары) соғылмай тұра соғысты бастамайды: ол соғылғаннан соң ғана ұрыс басталады. Татарларда мынадай әдет те бар: олар дайындалып, соғысты күтiп тұрғанда накар соғылмас бұрын олар ән салып, екі шектi аспапта ойнайды: ән салып, би билейді, ұрысты күтiп тұрып, олардың ән салып, ойнағаны қызық.
Тұрандықтар өздерi жасаған қару-жарақпен бірге көрші елдерде жасалған қару түрлерiн де кеңінен пайдаланды. Түркілер әскepi темір сауытты болғанға ұқсайды. Мысалы, Рүстем өз ұлына ақыл айтып, түркiлердi суреттегенде:
Зал, ей, Песере Гушдор! …
… Ке он торк дар джанг аждохост.
Дар оханг ва дар кине абр болост.
Дерафшан сиох аст ва хофтане сиох
Зе оханг со'ад зе оханг колох
Зал, ей, ақылды балам! …
Ол түрік соғыста айдаһар,
Ол темірге оранған, қайсар, өшпенділігі жоғары,
Темір шоқпар (қамшы)
Темір архалук (кіреуке),
темір дулығалы, –
деп айтады.
Жырдың тағы бiр жерiнде:
Зе торкон ва аз даште найзаварон
Зе хар су биомад сепохи герон.
Түркiлер мен найзалылар даласынан.
Әр жақтан ауыр салмақты әскер шықты.
Немесе
Герон лашкари сохт Афрасиаб.
Афрасиаб ауыр салмақты әскер ұйымдастырды.
Археологиялық мәліметтер сақ-массагет тайпаларының металл өңдеуді шебер меңгеріп, оны тұрмыста кең қолданғанын көрсетеді. Олардың еңбек құралдары, қару-жарақтары, ыдыстары да металдан жасалды. Түркiлер дүниетанымында темір – Тәңірлік сипатқа ие қасиетті зат болды және Tәңірінің оларға тартқан осы бiр игiлiгiн шебер қолданып, іске асыра бiлдi. Міне, сондықтан да «Шахнамеде» келтiрiлген «темірге оранған» түркілер ұғымын тарихи шындық peтінде қабылдауымыз дұрыс.
Түркiлердiң соғыс өнерінде кең пайдаланған әдісі ол – тыңшылық болды. Афрасиаб бiр шопанды тыңшы ретінде Иран әскеріне жiбередi:
Негах кун ке чанд аст ро
Ирон сепах зе гардон ке дорад
Ке дерафш ва колох
Байқап қара Иран әскepi қанша, сарбазы, шоқпары мен дулығасы неше екен?
Тағы бiрде Афрасиаб өз қолбасшысы Фаргарды Иранға жiбередi:
Хам акнун бороу суйе Иран сепох
Негах кун бедин Ростам размхох
Саборон негах кун ке чандон ва чун
Ке дорад барин бум на рахнемун.
Дәл қазiр Иран әскеріне жөнел,
Сол Рүстем жауынгердi байқа,
Әскерін қара: қанша және қалай бекiнген, несі бар, бәрін біл.
Сонымен, «Авеста», «Шахнаме» жырларынан тарихымыз бен халқымыздың мәдениетіне қатысты біршама мәліметтерді көрсеттік. Әрине, бұл шығармалар көне тарих бойынша толыққанды сенімді қайнаркөздер бола алмайды. Дегенмен жырлардағы мәліметтерді басқа деректермен, археологиялық материалдармен салыстыра отырып зерттеудің оң нәтижелер беретіні анық. Қазіргі кезде көптеген ғалымдардың қасиетті Інжіл, Тәурат, Құран кітаптарындағы мәліметтерді тарихи оқиғаларды зерделегенде пайдаланып отырғандығы жаңалық емес. Сондықтан да төл тарихымызды зерттегенде жоғарыдағы шығармалардағы мәліметтерге назар аударудың берері баршылық.
Бақылау сұрақтары:
1. «Шахнаме» дастаны сюжеттерінің Иран-Тұран қарым-қатынасының дереккөзі ретінде қаншалықты маңызы бар?
2. «Шахнаме» дастанындағы түркілердің мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі туралы мәліметтерді сипаттаңыз.