Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышарттары және қалыптасуы. 4-кітап - Коллектив авторов - Страница 2
І бөлім
ҚОҒАМДЫҚ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨМІРДІ ҚАЙТА ҚҰРУ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН (1985-1991 Ж.)
§ 1. Әлеуметтік-экономикалық дамудағы дағдарыстық құбылыстардың етек алуы
Оглавление1980 жылдардың басында Кеңес Одағындағы дағдарыс пен тоқырау тереңдей берді. Әкімшіл-әміршіл басқару әдісі елді дағдарыстан алып шығуға дәрменсіздігін көрсетті. Халық шарушылығындағы жоспарлы экономика жүйесі тиімсіз екені айқын көрініс берді. Бұдан кеңестік қоғамның саяси-экономикалық жүйесіне түбегейлі реформалар жасау талабы туындады.
1985 ж. наурыз айында КОКП Орталық комитетінің (ОК) пленумында Бас хатшы болып М.С. Горбачев сайланды. Ол сол жылдың сәуір айында өзінің «қайта құру» бағытын жариялады. Горбачевтің «қайта құруы» әйгіленген жүйелік дағдарысты «тоқырау» құбылысы ретінде белгілеп, қоғамды осы кеселден айықтыратын ем-дом іздестіруге бағыттады.
Бірақ бұрынғысынша жаңсақ диагноз қойылды.
Сондықтан да сауықтыру жалған немесе жанама бағыттарға бұрылып кетіп жатты.
1985-1991 жылдары КСРО басшылығына келген М. Горбачевтің бұрынғы әміршіл-әкімшіл жүйені сақтай отырып, елдегі қоғамдық өмірді демократияландыруды ұсынған идеясының кеңестік империя жағдайында жүзеге асуы мүмкін еместігін 1986 ж. Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі мен одан кейін орын алған Тбилисидегі, Бакудегі, Вильнюстегі оқиғалар көрсетіп берді. Қайта құру соңы КСРО-дағы тоталитарлық жүйенің күйреуіне әкелді. Ол 1989 ж. Кеңес әскерінің Ауғанстаннан толық шығуын жүзеге асырды. КСРО-ның тұңғыш және соңғы президенті КСРО-ның халықаралық және сыртқы саяси бағыттарын өзгертуге белсенді кіріскен М. Горбачев 1990 ж. Нобель сыйлығын иеленді. 1991 ж. 8 желтоқсанда өткен Беловеж келісімі КСРО-ның ыдырағанын рәсімдеп, М. Горбачев өз қызметін тоқтатты.
Кеңес Одағында 1985-1991 жылдары қайта құру кезеңі деп тарихқа енді және оның негізгі 3 бағыты айқындалып бірнеше кезеңге бөлінді1.
Әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету деп аталатын алғашқы кезеңде (1985 жылдың сәуір, 1987 жылдың жаз айы) экономиканы ғылыми-техникалық прогресс негізінде қайта құру тұжырымдалды. Бұл өндірісті жеделдету мен еңбек өнімділігін тез арада көтерудің алғышарты деп саналды.
Бірақ іс жүзінде жекеменшіктің, нарықтық қатынастың толыққанды ендірілмеуі жеделдету тұжырымдамасын қиялға айналдырып жіберді. Өндіріс өнімінің тапшылығы зауыттар мен фабрикаларды өндіріс құрал-жабдықтарын жаңартуға ынталандырмады. Өйткені тауардың жетіспеушілігі оның сапасына деген сұранысты жоққа шығарды. Сондықтан да зауыттар мен фабрикалар шетелдік құрал-жабдықты сатып алу арқылы жеделдетуге бағытталған партиялық бағытты барынша орындамауға тырысты. Шетелдерден валютаға сатып алынған құрал-жабдықтар іске асырылмай, зауыттар мен фабрикалар алаңында, теміржол станциялары мен қоймаларда қар мен жаңбыр астында жатты.
Жеделдету тұжырымдамасы өзінің жарамсыздығын ауылшаруашылығында да көрсетті. Бұл салада оның жүзеге асырылмауының басты себебі меншікке байланысты болды. Мемлекеттік колхоздық-совхоздық жүйе ғылыми-техникалық революцияның, жаңа технология мен егіншіліктің ғылыми жүйесінің жетістіктерін қабылдауға дәрменсіз еді. Арендалық әдістерді енгізу еңбеккерлердің қаржы мен еңбек нәтижелерін иемдену, табылған табысты бөлу принципін өзгертпеді. Өндіріс құрал-жабдықтары мен еңбек нәтижесінен шеттетілген колхоздар мен совхоз еңбеккерлерінің еңбек өнімділігін арттыруға құлқы болмады.
Қайта құрудың алғашқы кезеңі, көбінесе, ұрандық сипаты бар шешімдер мен бағдарламалардың қабылдануымен есте қалды. Мысалы, КОКП ОК-нің 1985 ж. 7 мамырдағы «Маскүнемдік пен алкоголизмді тыю жөніндегі шаралар туралы» қаулысы қабылданғаннан бастап республикалық баспасөз беттерінде салауатты өмір салтын орнықтыруда, маскүнемдікке ымырасыздық жағдайын туғызуда онымен жүргізіліп жатқан күрес, атқарылып жатқан іс-шаралар туралы хабарламалар, мақалалар жиі шығып тұрды. Бұл ішкілікке қарсы науқан ауқымымен мерзімі жөнінен аттандап ұран салумен ғана салыстыруға болатын теңдесі жоқ науқан еді. Науқан ә дегенде табысты өтіп жатқандай көрінген, денсаулық сақтау мен еңбек өнімділігін арттыру мәселелерінің едәуір жақсарғаны туралы баяндамалары көбейді. Спиртті ішімдіктерді өндіру мен сатуға шек қойылды. Көшеде мас болып жүру тоқтатылды. Спиртті ішімдіктер өндіруді шектеу жоспардағыдан да жедел жүре бастады. Салауатты өмір салтын насихаттау жөнінде жер-жерде лекциялар, әр түрлі іс-шаралар атқарылды. Бірақ қол жеткізіліп, кеңінен насихатталған табыстар уақытша ғана нәрсе болған секілді. 1987 жылдың орта шенінде науқан басталғаннан соң екі жылдан кейін көшеде мастар көбейіп кетті, самогон жасау кең етек алды, сөрелерден қант жоқ болып кетті, ал мемлекет қаржысы қиын тығырыққа тірелді. Шарап жасайтын республикаларда – Молдавияда, Әзірбайжанда, Өзбекстанда, Армения мен Грузияда, Қазақстанның оңтүстік аймақтарында ұланғайыр жүзімдіктер жойылды. 1987 жылдың соңында 216 гектар жүзімдік, яғни КСРО-дағы жүзімдіктердің алтыдан бір бөлігі түгелдей құрып кетті. Көп уақыт өтпей-ақ адамдардың ішімдік орнына иіссуды, тіс тазалайтын пастаны, гуталинді пайдалана бастағанын былай қойғанда, нашақорлық пен улы заттарды шегу фактілері де жиі бой көрсете бастады. Маскүнемдік және тәртіпсіздікпен күрес қайта құрудың алғашқы жылында еңбек өнімділігін шамалы ғана арттыруға қол жеткізді. Оның есесіне маскүнемдікпен күрес мемлекеттік бюджетті азайтып, тұтыну саласындағы жағдайды шиеленістіріп жіберді2. Кеңес үкіметінің сол кездегі Министрлер кеңесінің төрағасы Н. Рыжковтың мәліметі бойынша алкогольді сусындар мен ішімдікке тыйым салу салдарынан мемлекет 62 миллиард сом жоғалтқан.
«Қайта құру» тұжырымдамасы ұлт мәселесін де одан әрі шиеленістіре түсті. Қазақстанда Одақтың барлық жеріндегі сияқты басқару ісінде жағымпаздық, парақорлық, рушылдық, жершілдік сияқты көптеген келеңсіз құбылыстар кеңінен орын алды. Бұл жылдары ұлт саясатында, әлеуметтік-экономикалық және кадр мәселелерінде көптеген ауытқушылыққа жол берілді. Жалпы, барлық кеңес қоғамы үшін бұл кезде қоғамдық ойдың мәні өзгеріп, сөз бен істің арасында алшақтық, қайшылық кең өріс алды. Кадр мәселелерін шешу партия комитеттерінің тек бірінші басшыларының айтуымен, солардың таңдауымен жүретін болды. Көптеген басшы партия қызметкерлері мен партия комитеттері ескіше қызмет етті. Осыдан келіп, аса маңызды мәселелерді шешуде принципсіздік, тұрақсыздық, қоғамдағы жағымсыз жағдайларды жасыруға, аздаған жақсы істерді ерекше мадақтап, жоғары көтеруге, болып жатқан істердің барлығын тек жақсы жағынан көрсетуге тырысты. Ұлт мәселесін шешудегі солақайлықтың сотқар әдісі Қазақстанда 1986 ж. Желтоқсан оқиғасында кеңінен қолданылды.
ХХ ғасырдың 80-жылдары Қазақстанда ұлттық табысы кісі басына шаққанда Одақтық деңгейден 12 %-ға кейін қалды. Сондай-ақ республикада үй құрылысы, мектеп, балалар бақшасы және басқа да мәдени-әлеуметтік құрылыстар салуда да ілгерілеу болған жоқ. Экологиялық жағдай төтенше түрде күйзеліске түсті. Табиғи ресурстарды пайдаланудағы ведомстволық мүдде қоршаған ортаны қорғау шараларының жүзеге асуына кедергі жасады. Соның нәтижесінде көптеген территория, су мен ауа бассейндері ластанды. Қазақстанның бірқатар аймақтары экологиялық зардап шегуші аудандарға айналды. Табиғи ортаны қорғау жұмысының жеткіліксіздігінен көптеген қалаларда ауаның ластануы өте жоғары деңгейге жетті. Әсіресе Қызылорда, Ақтөбе, Семей облыстарында экологиялық өте ауыр жағдай қалыптасты. Арал аймағында көптеген аурулар тарап, балалар өлімі өсті.
Аралдағы экологиялық ахуал
Міне, осымен байланысты 1986 ж. ақпанда болып өткен Қазақстан Компартиясы XVI съезінде жасаған баяндамасында ол кезде республика Министрлер кеңесінің төрағасы болып істеген Н.Ә. Назарбаев және съезде шығып сөйлеген басқа да делегаттар мұндай келеңсіз жағдайларды өткір сынға алды.
Олар көптеген күрделі және маңызды мәселелерді партия комитеттерінің уақытылы шешпейтінін, олардың қызметі ауқымынан тыс қалатынын, мәселелерді шешуге ескіше қараудың кеңінен орын алып отырғанын ешқандай бүкпесіз айтып берді.
Қоғамды демократияландыру деп аталған екінші кезеңде (1987 жылдың жазы-1989 жылдың мамыры) бастау алған 1987 ж. жаздағы маусым пленумы басқаруды түбегейлі қайта құру мәселесін көтерді. Бірақ форумның шешімдері де жартыкештік сипат алды. Олай дейтін себебіміз дағдарыстың өрістеуінің тамыры тереңде, яғни өндірістік қатынаста екендігі туралы тұжырым жасалмады. Дегенмен қоғамдық сана қозғалысқа түсіп, халықтың әл-ауқатын жақсартудың бірден-бір жолы нарық пен жекеменшік болып табылатындығы айғақталды. Алайда ел басшылары бұрынғысынша дәйексіздік, сылбырлық, орынсыз қырағылық танытты. Мұның белгісі ретінде «Мемлекеттік мекемелер туралы» заңды айтуға болады. Заңда шаруашылықтың арендалық, мердігерлік жүйесін дамыту көзделді және оны іске асыру шұғыл түрде қолға алынды. Аталған шара қоғамның едәуір дәрежеде алға басуына ықпал еткенімен, мәселелер шешімін таппады. Заң экономиканың жартылай дамуына ғана мүмкіндік берді. Заң мемлекеттік жоспар және нарық қатынасы сияқты екі сыйымсыз дүниені қабыстыруға әрекет жасады.
Тағы бір өте маңызды, бірақ тұтас алғанда, орындалмай қалған бағдарлама тұрғын үй бағдарламасы болды. Сол кезеңде КСРО-да алғашқылардың бірі болып Қазақстан «Тұрғын үй-91» бағдарламасын жасады, бұл Колбиннің қалт-құлт еткен тұрақсыз жағдайын нығайтуға деген ұмтылысынан туған еді. Шындығында, бұл идея назар аударуға лайық іс болды және бағдарлама орындалды да, бірақ барлық жерде қосып жазу арқасында ғана «жүзеге асты», оның үстіне құрылыс ресурстарының шектеулі болу жағдайында сапаның едәуір төмендетілуі нәтижесінде орын алды. Бірақ Қазақстандағы бүкіл тұрғын үй мәселесін өте қысқа мерзім бес жылдың ішінде шешу мүмкін емес еді.
Горбачевтің: «Қайта құру басталғаннан кейін екі жылдан соң молшылыққа кенелеміз, жетпіс жыл ішінде елімізде қанша өндіріс потенциалы жасалса, алдағы он бес жылда сонша өндіріс потенциалын жасаймыз, ХХ ғасырдың аяғына дейін әрбір отбасын пәтермен немесе жеке үймен қамтамасыз етеміз», – деген сөздеріне қалың жұртшылықтың бәрі еш шүбәсіз сенді. Ол түбегейлі реформа жасау арқылы экономиканы сауықтыруға, басқару жүйесін өзгерту арқылы қоғамдық ахуалды жақсартуға ниеттенді. Ал қайта құрудың экономикаға реформа жасау саласындағы даму барысы республикалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына елеулі өзгерістер әкелмеді. Жеделдету жайына қалды. «Адам факторы» деген бұлыңғыр ұғым ұмытыла бастады.
Елде жариялылықты қамтамасыз ету айдары тағылған үшінші кезеңге (1989 жылдың мамыры – 1991 жылдың тамызы) қатысты мәселелерге тоқталсақ, қайта құру идеяларының кең қанат жая алмауы, біріншіден, партия, мемлекет басшылары реформистік қанатының жалтақтап шегініс тауып, реформаны батыл түрде іске асырмай отырғандығы болса, екіншіден, оның барлық сатыдағы бюрократиялық номенклатурасының қарсылығына ұшырауы болды. Дегенмен 1989 ж. 25 тамызда КСРО депутаттарының І съезінің трибунасында тоталитарлық империя қалдықтарының орнына демократиялық, яғни азаматтық құқықтық қоғамды құрудың маңызды алғышарты болып нарық пен жекеменшікке өту жолындағы күрес басталды.
1985 ж. сәуірдің жылы лебі әкелген бұл өзгерістердің кемшіліктерімен қатар жақсы жақтарының да болғаны белгілі. Қайта құру барысында қазақ халқы өзінің тарихы, ұлттық қайта даму, ана тілі, мемлекеттік егемендік алу жөнінде талаптар қоя бастады, бұл мәселелер жаңа қырынан көрініс тапты.
1987 ж. шілдеде алғаш рет Қазақстанда кеңестерге халық депутаттарын сайлау округтер бойынша көп мандатты негізде іске асырылды. Республиканың 19 ауданында көп мандатты округтік сайлау барысында депутаттыққа кандидат болып 2270 адам ұсынылды. Оның 1701-і депутат болып сайланып, қалғандары резерв ретінде қалдырылды. 185 ауылдық және селолық кеңестерге 6291 депутат сайланды, ал 1928 адам резервке кіргізілді. Жаңа сайлау жүйесі бойынша Шығыс Қазақстан облысы еңбеккерлері арасында КСРО Ғылым академиясы әлеуметтану институтының зерттеуі жүргізілді. Сайлаушылардың басым көпшілігі бұл жаңа тәртіпті мақұлдады. Өйткені көптеген еңбек ұжымдары депутаттыққа кандидат етіп өздерінің қалаулыларын ұсынуға, ал кандидаттар бұқара халықпен кездесу барысында өздерінің бағдарламаларын таныстыруға мүмкіндік алды.
Наурыз мерекесінен көрініс
1988 ж. шілдеде Кремльдің Съездер сарайында Бүкілодақтық ХІХ партия конференциясында «Кеңес қоғамын демократияландыру және саяси жүйенің реформасы туралы», «Бюрократизмге қарсы күрес туралы», «Жариялылық туралы» қарарларының қабылдануы қоғамда демократиялық үдерістердің орнығып, одан әрі өрістеуіне кең жол ашты деп есептеуге болады. Әсіресе республикаларда орын алған әлеуметтік және ұлттық қайшылықтар жөнінде жан-жақты айтылды. Осыдан келіп қайта құру әкелген жаңаша ойлау жүйесі қоғамның рухани әлеуметтік саласында белсенді позицияға ие бола бастады. Соның бір айғағы ретінде Қазақстан Жазушылар Одағы жанынан Арал мен Балқашты қорғау жөніндегі қоғамдық комитеттің құрылуының маңызы зор болды. Бұл қоғамдық комитет өз жұмысында Арал мен Балқаш мәселесін ғана емес, республикада қалыптасқан ауыр экологиялық ахуал туралы дабыл қақты. Араға 62 жыл салып қайтып оралған Наурыз мерекесі де жаңаша ойлаудың жарқын бір көрінісі болды. 1988 ж. мамырда Қазақстан астанасы Алматыда өткен Орта Азия мен Қазақстан театрларының аймақтық Наурыз фестивалі соның бір айғағы деуге әбден болады. 1989 ж. Наурыз мерекесі республика көлемінде кең өрісті, мол әсерлі, қуанышты аталып өтті.
Келесі бір оң қадам Кеңестер Одағы өз әскерін Ауғанстаннан шығара бастап, оны 1989 ж. 15 ақпанда аяқтады. Ауғанстандағы соғыс елге жыл сайын 5 млрд сом шығын әкеліп отырған болатын. Бұл соғыс Қазақстанға соқпай өткен жоқ. Әскерді шығару Кеңестер Одағының әлемде беделін біршама өсірді. Кеңес-Қытай қатынасы жақсарды. Бірақ КСРО әлі де болса бұрынғысынша орасан мол армия мен әскери-өнеркәсіп кешенін ұстап отырды3.
Әкімшіл-әміршіл жүйе саясатының тоқырау идеологиясы мен психологиясы мәдениет, әдебиет, өнер салаларының жағдайына да әсер еткені белгілі. Бес арыс: Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкәрім Құдайбердиев мұраларымен танысу өз ұрпақтарына қайта құрудың арқасында ғана мүмкін болды. Репрессия құрбандары мен казармалық саясаттың құрбандары болған асыл ағаларымыз бен апаларымызды ақтап алу осы жариялылық тұсында жүзеге асырыла бастады.
Міне, осындай реформалық өзгерістердің әсерімен республикаларда ұлттық сана-сезімнің өсуі, халықтың өзін-өзі танып білуі, дербестікке ие болу, саяси қару тізгінін өз қолдарына алу жөнінде митингілер, бас қосулар жиірек бой көрсете бастады. Ұлттық-территориялық аймақтардың кейбір жерлерінде орталықтың жүргізіп отырған саясатына әлсін-әлсін қарсылықтар көрсетіліп жатты. Орталық ведомстволар жергілікті аймақтардағы жүргізіп отырған билігінен бірте-бірте айырыла бастады.
1990 ж. наурызда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіне сайлау ұйымшылдықпен өтті. Онда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 1-інші хатшысы Н.Ә. Назарбаев Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осыдан көп кешікпей-ақ орталықтағы сияқты біздің республикамызда да президенттік қызмет енгізілді. Сөйтіп, 1990 ж. 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі Н.Ә. Назарбаевты республиканың тұңғыш президенті етіп сайлады. Н.Ә. Назарбаевтың президент болып сайлануы республикада саяси-экономикалық мәселелерді шешуде жаңа идеялардың өрістеуіне ықпалын тигізді. Оның бастамасымен Қазақстанда елді басқару ісіне көптеген жаңалықтар, халық шаруашылығын басқарудың барлық сатыларында сапалы жаңа өзгерістер енгізілді. Республика Жоғарғы кеңесі 1986 ж. 17-18 желтоқсанда Алматыда болған оқиғаға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөнінде арнайы комиссия құрды4.
Қоғамды демократияландыруда халық депутаттары кеңесінің заң шығару қызметі маңызды рөл атқарды. Бұл салада он екінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі (1990 ж. сәуір) жетекші орын алды. 1990-1991 жылдары қабылданған республика заңдарында әрбір адамның мұқият зерттеліп жасалған, құқықтық және әділеттік процедуралар арқылы заң жүзінде бекітілген бостандықтары мен адамгершілік қасиеттерін көрсетуге қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге зор көңіл бөлінді. Қалыптасқан шындық жағдайының талаптарына сай республика заңдарын жаңарту құқықтық мемлекет құру жолындағы елеулі қадам болды. Заңдар Қазақстандағы саяси және экономикалық егемендігін іс жүзінде нығайтуға, демократия жолына бүкіл саналы күштерді топтастыруға бағытталды. Республика парламентінің қазақ тіліне мемлекеттік тіл дәрежесін берген «Қазақ КСР-дың тіл туралы» заңын 1989 ж. қыркүйек айында қабылдауы үлкен оқиға болды.
Елде іске асып жатқан демократиялық өзгерістер бұқара халық арасында әр түрлі көзқарастардың, түрлі қоғамдық пікірлердің ашық айтылуына және бірқатар саяси партиялар құрылып, олардың кеңінен дамып өрістеуіне жағдай жасалды. Мәселен, 1990 ж. Қазақстан социал-демократиялық партиясы құрылды. Партияның алдына қойған басты мақсаты республикалық парламент сайлауына қатынасып, оның құрамына өздерінің өкілдерін депутат етіп өткізу еді. Бұл партия қоғамдық өмірге белсене араласып, оның материалдық және рухани дамуына өздерінің лайықты үлесін қоспақшы болды. Сондай-ақ партия қоғамдағы жекеменшікті мойындайды және өзінің қызметінде кәсіпқойлықты қолдап отыруды көздеді.
1990 ж. Қазақстанда «Азат» азаматтық қозғалысы қалыптасты. Оның басты мақсаты – Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін, заң алдында барлық азаматтардың тең құқықтылығын, әлеуметтік әділеттілікті, адамгершілік идеалын қорғау болды. Одан басқа республикада «Алаш», «Желтоқсан», т.б. саяси қозғалыстар пайда болды. Мұның өзі Қазақстанда көп партиялық жүйенің және тоталитаризмнен демократияға өтпелі кезеңнің бастамасы екенін көрсетті. 1991 ж. қазанда Қазақстан халық конгресі партиясы құрылды. Оның жетекшілері болып Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов сайланды.
Қайта құру жағдайында Қазақстанның комсомол ұйымдарында да сапалық жаңа өзгерістер іске асты. Қазақстанда жастар істері жөніндегі мемлекеттік басқару органы туралы мәселе талқыланды. 1990 ж. 17 желтоқсанда Қазақстан президентінің жарлығымен Қазақ КСР Жастар істері, дене мәдениеті және спорт жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды. Әр түрлі деңгейдегі партия комитеттерінің жанынан аппарат құрамында Жастар істері жөнінде комиссиялар құрылды. Комиссия мүшелері «Қазақ КСР-дың мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңның жобасын қарады. 1991 ж. сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің IV сессиясында «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» мәселе талқыланды. 1991 ж. маусымда «Қазақ КСР-ындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданды. 28 маусым күні бұл заңға Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаев қол қойды. «Қазақ КСР-дың мемлекеттік жастар саясаты туралы» бұл заң 1991 ж. КСРО құлағанға дейін қабылданған болатын. Сондықтан бұл заңның жүзеге асуында кедергілердің болуы кездейсоқтық емес еді. Тәуелсіздік алған мемлекетіміз жастар мәселесін жаңаша қарауға мүмкіндік алды, жастардың әр түрлі саяси партиялары мемлекет әкімшілігіне жастар мәселесі туралы бағдарламалар ұсынды, мемлекет тарапынан жас отбасыларына жеңілдіктер көрсетілді.
Осы кезде кәсіподақтың жергілікті, әсіресе бастауыш ұйымдарының рөлін көтеруге ерекше мән берілді. Олар өздерінің мүшелерінен жиналған қаржыларды ұйым қажетіне жұмсауға толық ерік алды. Қазақстан Орталық кәсіподақ комитеті және облыстық кәсіподақ комитеттері, салалық кәсіподақ кеңестері болып қайта құрылды. Сондай-ақ бұл жылдары әйелдер кеңесіне балама ұйымдар «Солдат аналарының комитеті», «Қазақстан мұсылман әйелдерінің лигасы», «Көп балалы аналар», «Жанұялар одағы», «Айша», «Ақ отау» және «Іскер әйелдер қауымдастығы» құрылды. Сөйтіп, республикада 1991 ж. барлығы 120-дан астам дербес қоғамдық негізде бірлестіктер жұмыс істеді.
Міне, осылай қайта құру дүмпуімен басталған қоғамдағы өзгерістер халықтың жігерін жанып, мүлгіген сана-сезімін оятып, ұлттық намысын күшейтті. Жариялылық рухымен басталған саяси-экономикалық, руханиәлеуметтік үрдістерден кейін ұлтымыз өзін-өзі тану, ұлттық қайта даму, төл тарихына үңілуде жаңа бетбұрыс жасады.
Бақылау сұрақтары:
1. Әлеуметтік-экономикалық дамудағы дағдарыстың белгілерін айқындаңыз.
2. 1985 ж. қайта құру саясатының негізгі бағыттары мен кезеңдерін көрсетіңіз.
1
Қаипбаева А.Т. Қазақстандағы қайта құру жылдарындағы кеңестік қоғам дағдарысының тереңдей түсуі // Ізденіс. – 2012. – № 2. – 99-б.
2
Омаров Д.К. Қайта құру реформаларының қайшылықтары // Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы. – 2004. – № 4. – 103-б.
3
Сайлан Б.С. Ауғанстан ақиқаты // Қазақ тарихы. – 1996. – № 4. – 51 б.
4
Омаров Д.К. Қайта құру дәуірінің Қазақстан болашағына ықпалы // Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы. – 2004. – № 1. – 84-б.