Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышарттары және қалыптасуы. 4-кітап - Коллектив авторов - Страница 7
ІІ бөлім
ҚАЗАҚСТАН – ҚААЫПТАСҚАН ТӘУЕАСІЗ МЕМАЕКЕТ
І тарау
ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ ҚАЛЫПТАСУЫ
§ 2. Мемлекеттік институттардың қалыптасуы
ОглавлениеҰлт болып ұжымдасудың, ел болып топтасудың үш негізгі тұғыры бар:
1) тәуелсіздік;
2) тұрақтылық;
3) халықтың әл-ауқатының өсуі.
Тәуелсіздік жылдары президенттік басқару жүйесімен өмір сүріп келе жатқан Қазақстан өзін тек жақсы жағынан көрсетті. Бұл жүйе даму мен алға басудың кепіліне айналды деуге де болады. Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағы тарағаннан кейін өз тәуелсіздігін жариялады. Ал өзінің іргелі мемлекет ретінде даму жолында президенттік басқару жүйесінің тек жемісін жеді. Бұл Қазақстан үшін ең дұрыс, ең үздік таңдау болғаны сөзсіз.
Әлемде президенттік басқаруды таңдаған көптеген дамыған елдер бар. Ол елдер де қарыштап дамып барады. Осы уақыт ішінде республикалық басқару формасына көшкен мемлекеттердің басым көпшілігінде президент лауазымы енгізілуі оның өміршеңдігін және институттық-саяси жетілгендігін көрсетеді.
Ұлыбританияның бұрынғы премьері Маргарэт Тэтчерден: «Елді басқарудың қай жүйесі тиімді?» – деп сұрағанда ол: «Тәтті нанды дайындау үшін президенттік басқару формасы, ал сол тәтті нанды бөлу үшін парламенттік басқару формасы тиімді болады», – деп жауап қайырыпты. Яғни жаңа мемлекет құруда президенттік жүйе, ал оны басқаруда парламенттік жүйе тиімдірек болады дегені.
Біздің ойымызша, бұл жердегі мәселе елді басқаратын адамға көп байланысты. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған еңбегі ерекше. Біріншіден, Қазақстан басшысы – мемлекеттің негізін құраушы тұлға. Ол өз елін Кеңес Одағының күйреуі, Азиялық дағдарыс және соңғы жылдардағы жаһандық құлдыраудан аман алып шыққан көшбасшы. Мысалы, 2007-2008 жылдардағы жаһандық дағдарыстан Қазақстан бірінші болып шықты. Екіншіден, Қазақстанның барлық көршілері азамат соғысы мен тұрлаусыз төңкерістерді бастан кешсе де Н.Ә. Назарбаев қанды қақтығыстарға жол берген жоқ. Керісінше, полиэтникалық және көпконфессиялы Қазақстан бейбітшілікті сақтап, халқының өмір сүру деңгейін көтерді.
Қазақстанда президенттік институт КСРО-ның құлауынан біраз бұрын қалыптаса бастады. 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі «Қазақ КСР-ының президенті лауазымын белгілеу және Қазақ КСР-ының конституциясына тиісті өзгерістер енгізу» туралы заң қабылдады. Заң мемлекеттік биліктің Жоғарғы органдарының жүйесінде президенттің мәртебесін, сондай-ақ оның өкілеттіктерін белгіледі51.
Бұл кезде кеңестердің жаппай билігі сақталған еді. Жоғарғы кеңес мемлекеттік өмірдің барлық мәселелерін шешуге ресімді құқығы бар Жоғарғы мемлекеттік орган болып қалды. Қазақ КСР тұңғыш президентін Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің жасырын дауыс беру жолымен сайлады. Президент болып Н.Ә. Назарбаев сайланды. Президент, көбінесе, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіне тәуелді болды. Оның үстіне Қазақ КСР-дың президенті егемен, ' тәуелсіз мемлекеттің басшысы болмады, өйткені Қазақ КСР-ы президентінің іс-қимылдары мен өкілеттіктері КСРО Жоғарғы кеңесі мен КСРО президентінің құзыретімен шектелді.
Қазақ КСР президентінің мұндай жай-күйі КСРО таратылып, Қазақ КСР-дың Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданғанға дейін созылды. Алғашқы кезеңде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің толық билігі, өзінше бір парламенттік республика туралы айтуға болатын еді.
1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан халқы бірінші рет бүкілхалықтық сайлауда ел президентін сайлады. Сайлаушылардың 88,2 %-ы келіп, 98,7 % дауыспен тұңғыш президент Н.Ә. Назарбаев жеңіске жетті. Қазақстан жалпыға бірдей сайлау барысында тұңғыш президентті сайлап, жоғары билікті ұйымдастыру мен оның іс-қимылының жаһандық тәжірибесін үйлесімді қабылдады. Біз оны өз қоғамымыздың ұлттық спецификасын, дәстүрлері мен ерекшеліктерін ескере отырып, жүзеге асырдық.
2012 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан халқы алғаш рет жаңа мемлекеттік мереке – тұңғыш президент күнін атап өтті. ҚР президенті осы оқиғаға байланысты жарияланған өзінің «Қазақстанның жаңа дәуірінің алғашқы күні» деген мақаласында 1991 жылдың 1 желтоқсанында біздің халқымыздың бүкіл тарихында алғаш рет өткен жалпыға ортақ Қазақстан президенті сайлауы еліміздің тарихындағы маңызды белес екенін атай отырып, «Бұл оқиғаның тарихи мәні мен патриоттық құндылығы көзге ұрып тұр және ешқандай талас тудырмайды. Бұл күні Қазақстан халқы биліктің шынайы қайнар көзі болудағы, билікті қалыптастырып, оның саясатын айқындаудағы өзінің егемен құқығын алғаш рет жүзеге асырды»52, – деп бағалады.
Ал 1991 жылы 16 желтоқсанда ҚР президенті Н.Ә. Назарбаевтың атап көрсеткеніндей: «22 жыл бұрын біз Мәңгілік ел болудың бірегей қадамын жасадық. Дүйім дүниеге тәуелсіздігімізді жария еттік» 53. Осы күні біз өзіміздің Қазақстан жолын бастадық.
1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданғаннан бергі кезең ішінде Қазақстан демократиялық саяси-құқықтық жүйесі бар, экономикасы тұрақты, халқының әл-ауқаты жоғары, ұдайы даму үстіндегі мемлекет ретінде қалыптасты.
Ата-бабамыздың ғасырлар бойы асыл арманы болып келген егемен Қазақстанды құру жөніндегі тарихи аманаты 1991 жылғы 1 желтоқсанда бірауыздан мемлекет басшысы болып сайланған тұңғыш президент – елбасы Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен іске асты 54.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланған сәттен бастап президенттік институт қалыптасуының екінші кезеңі басталады. Бұл кезеңдегі басты жағдай президент тәуелсіз мемлекеттің басшысына айналды. Мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуі принципінің орнықтырылуына байланысты президент мемлекеттің басшысы ғана емес, сонымен бірге республиканың атқарушы билігінің де басшысы деп танылды.
ҚР-дың 1993 жылғы конституциясы президентті мемлекеттік биліктің атқарушы тармағына енгізді. Сөйтіп, бірінші конституция президенттің мәртебесін әлсіретті. Оның есесіне Жоғарғы кеңестің ұстанымдары мен өкілеттіктері күшейтілді. ҚР-дың Жоғарғы кеңесі тәуелсіз мемлекеттің бірден-бір заң шығарушы және өкілдікті органына айналды. ҚР Жоғарғы кеңесінің құзыреті, шын мәнінде, шексіз болды. Демек, 1993 жылғы ҚР-дың конституциясы күшті заң шығарушы билік ұстанымында тұрды. Мұндай жағдайда қандай да болсын күшті президенттік билік туралы айту орынсыз болатын. Ол атқарушы билікке байланды. Сондықтан ҚР-дың 1993 жылғы конституциясында президенттің жоғары мемлекеттік билік органдарының өзара іс-қимылын қамтамасыз ету құқығы туралы ережелер болған жоқ.
Президенттік басқару формасына қарай алғашқы елеулі қадамды ҚР-дың Жоғарғы кеңесі 1993 жылғы желтоқсанда, президентке заңдар қабылдау құқығы берілген кезде жасады. Президентке заң шығару өкілеттігін уақытша беру туралы заң қабылданған сәттен ҚР-да президенттік басқару формасының қалыптасу үрдісі басталды.
1993 жылғы конституция бойынша Қазақстан парламенттік республика болып саналды. Өкілеттігі аса мол Жоғарғы кеңес президентке мемлекет басшысы ретінде толыққанды және тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Мұндай жағдайда елде демократиялық реформалар жүргізіп, нарықтық экономика құру мүмкін емес еді. Жоғарғы кеңес президент Н.Ә. Назарбаевтың саясатына қарсы тұрды. Осы саяси дағдарыс нәтижесінде 1995 жылы парламентсіз қалдық.
Осыған байланысты Н.Ә. Назарбаевтың саясатын жүзеге асыру жолында арқа сүйейтін қандай да бір құқықтық негіз қажет болды. Сөйтіп, 1 наурызда президент жарлығымен Қазақстан халқының ассамблеясы (қазіргі Қазақстан халқының ассамблеясы – С.С.) құрылып, ол президент Н.Ә. Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту жөнінде 1995 жылы 29 сәуірде референдум өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл тұрғыда Назарбаев Қазақстан халқының ассамблеясы туралы өз жарлығына сүйенді.
1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының конституциясы мемлекетіміздің ойдағыдай дамуының құқықтық іргетасы болып табылады. 1995 жылғы конституция Қазақстанды президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет деп жариялады. Мемлекеттің саяси жүйесі конституцияда нақты көрініс тапқан. Саяси жүйенің негізгі тұғыры – президенттік басқару жүйесі конституцияда алғаш рет заңдастырылған.
Президенттік басқару нысаны төмендегідей сипатталады:
– президент – мемлекет басшысы;
– үкімет өзінің бүкіл қызметінде президенттің алдында жауап береді, тек конституцияда көзделген ретте ғана парламентке есеп береді;
– президент үкімет мүшелерін тағайындайды;
– президент өз қалауы бойынша, үкімет мүшелерін қызметтен босатады;
– президенттің парламент қабылдаған заңдарға тыйым салуға құқығы бар;
– конституцияда көзделген ретте президент заңдар, сондай-ақ заң күші бар жарлықтар шығарады;
– президент заңдардың қабылдану кезектілігі мен жеделдігін белгілей алады;
– президент парламентті тарата алады;
– президент лауазымы бойынша, Қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы болып табылады;
– президент мемлекеттің, демек, үкіметтің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын өз қалауынша айқындайды;
– президенттің өз қалауынша парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыруға құқығы бар;
– президенттің өз қалауынша референдум өткізуге құқығы бар;
– президенттің елде төтенше жағдай енгізуге, оның бүкіл аумағында немесе жекелеген жерлерінде әскери жағдай енгізуге, ішінара немесе жалпы мобилизация жариялауға шектеулі құқығы бар;
– президенттің кешірім жасауға, марапаттауға, азаматтық беруге құқығы бар55.
Қазақстан Республикасы президенті мәртебесінің аталған ережелері өзіндік ерекшеліктері бар президенттік басқару формасының орнатылғанын айғақтайды. Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Елбасы атап көрсеткендей, «президенттік республика моделін таңдап алып, біз елді посткеңестік экономикалық және саяси бейберекетсіздіктен шығардық»56.
1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының конституциясы президентті азаматтардың құқы мен бостандықтарын қорғаудың, сондай-ақ мемлекеттік биліктің барлық тармақтары мен институттарының тиімді және үйлесімді қызметінің кепілгері ретінде айқындап, президенттік билікті нығайта түсті.
Президент институтының қазақстандықтар арасындағы жоғары беделі 1999, 2005, 2011 жылдардағы баламалы жалпыға ортақ президенттік сайлау өткізу барысында нақты қуатталды.
Республика президентінің жетекшілігімен кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Мемлекет басшысының жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз саяси және әлеуметтік-экономикалық сілкіністерге ұшырамай, дербес дамудың өтпелі кезеңіндегі қиындықтар мен сынақтарды еңсеріп, ілгерілеу мен өркендеу жолына шықты.
2011 жылы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасы президентін кезектен тыс сайлау Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың берік сеніміне және қолдауына ие болған тарихи тұлға екендігін тағы да дәлелдеп берді. Бүгінгі Қазақстан – өзінің ел таныған ұлттық лидері бар, демократиялық қоғамды орнықтыруды басты мақсатына айналдырған, дүниежүзілік қауымдастық мойындаған тәуелсіз ел. Бұрын біз басқалардан үйренген болсақ, енді басқа елдер біздің тәжірибемізді басшылыққа алатын айшықты заман орнығып келеді57. Біз үйренетін ұлттан үйрететін ұлтқа айналдық.
ҚР президенті «Қазақстан-2050» стратегиясында атап айтқандай: «Біз мемлекеттік басқаруда өзіндік тұрғыда төңкеріс жасауға қол жеткіздік, оны халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыруға қайта бағдарладық»58.
Мемлекетті басқарудағы жүйе түзуші рөлді президенттік институт атқарады. Республика президенті конституцияның сенімді кепілі, елді жаңғыртудың бастамашысы және іске асырушысы болып табылады. Қазақстандағы осы саяси-мемлекеттік институттың қызметіне келсек, жиырма жылдан астам уақыт президенттік институттың ұтымды жақтарын көрсетіп берді.
Қазақстандағы парламентаризмнің қалыптасу және даму тарихы. Халықтық демократияны білдіру нысаны ретіндегі өкілді билік қазақстандық қоғамға ежелден тән. Ол қалыптасқан саяси жүйеге байланысты өзгеріп отырды. Қазіргі Қазақстан парламенті бір палаталы өкілді органның – алғаш рет Қазақ КСР-дың 1937 жылғы конституциясы, ал содан кейін Қазақ КСР-дың 1978 жылғы конституциясы мен Қазақстан Республикасының 1993 жылғы конституциясы негізінде құрылған Жоғарғы кеңестің орнына келді.
Жоғарғы кеңес өзі жұмыс істеген кезде он үш рет сайланды. Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің алғашқы сайлауы 1938 жылғы 24 маусымда өткізілді. Ол уақытта депутаттар корпусын құру баламасыз негізде Коммунистік партияның қатаң бақылауымен жүргізілгенін атап өту керек. Депутаттыққа кандидаттар партия ұйымдары белгілеген таптық, партиялық, ұлттық, жыныстық-жастық және басқа да квоталар бойынша іріктелді. Сондықтан заң шығару органының құрамында қанша жұмысшы, колхозшы, қызметші, коммунист, комсомол мүшесі, қазақ, орыс, украин, сондай-ақ басқа да ұлт өкілдері, әйелдер, жастар және т.с.с. болатыны сайлау басталмастан бұрын белгілі болатын. Мемлекеттік органдардың жоғарғы шенеуніктері, партия, комсомол және кәсіподақ органдарының басшылары атқарып жүрген қызмет лауазымдарына сәйкес депутаттыққа кандидат болып ұсынылатын.
Қазақ КСР-дың 1978 жылғы конституциясы сайлау жүйесіне аз ғана өзгерістер енгізді. Еліміздің осы негізгі заңына сәйкес Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі мемлекеттік биліктің жоғарғы органы болып табылды. Қазақ КСРдың Жоғарғы кеңесі КСРО конституциясымен және Қазақ КСР конституциясымен Қазақ КСР жүргізуіне жатқызылған мәселелердің барлығын шешуге өкілетті болатын.
1990 жылғы наурызда он екінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің сайлауы өтті. Бұл әкімшіл-әміршіл жүйенің ықпалы әлі де болса жеткілікті болып тұрған жағдайдағы республиканың жоғарғы заң шығару органының алғашқы неғұрлым демократиялық сайлауы болатын. Сайлау алдындағы тартысқа 360 депутаттық мандат үшін екі мыңнан астам үміткер қатысты. Республикалық қоғамдық ұйымдардан 90 адамның сайланғаны да аталған сайлаудың бір ерекшелігі болып табылады. Бұл сайлау толыққанды саяси партиялар болмаған жағдайда өткенімен, тоталитарлық жүйенің өзгеру үрдістеріне бұлжымас сипат берді.
Он екінші сайланған Жоғарғы кеңес Қазақстан парламентаризмінің қалыптасу тарихында ерекше рөл атқарды. Бұл бірқатар аса маңызды құқықтық актілердің қабылдануында, мемлекеттің 90-жылдардағы саясатын заңнамалық жағынан қамтамасыз етуде көрініс тапты.
«Қазақ КСР президенті қызметін тағайындау және Қазақ КСР конституциясына (Негізгі заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы 1990 жылғы 24 сәуірдегі Қазақ КСР-ның заңымен Қазақ КСР Президентінің қызметі тағайындалып, еліміздің алғашқы президенті болып Н.Ә. Назарбаев сайланды.
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі «Қазақ КСР-ының мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияны қабылдады, онда тұңғыш рет аумақтың бөлінбейтіндігі және оған қол сұғылмайтындығы бекітіліп, еліміз халықаралық құқық субъектісі ретінде айқындалды, азаматтық институт, сондай-ақ меншік нысандарының тең құқылығы енгізілді.
1991 жылғы тамыз бен желтоқсандағы оқиғалар – Мәскеуде іске аспай қалған бүлік және Беловежск келісімдері КСРО тарихының соңғы нүктесін қойып, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін жария етті.
Он екінші сайланған Жоғарғы кеңес 1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстанның кеңестен кейінгі алғашқы конституциясын қабылдады.
Қазақстан Республикасының 1993 жылғы конституциясында бұрынғыша Жоғарғы кеңеске өте көп өкілдік берілді, бұл биліктің бөліну принципін жүзеге асыру мен тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін құруды қиындатып жіберді. Реформалардың одан әрі жүргізілуі республикалық билік органдарының, бірінші кезекте, өкілді органдардың тиімсіздігін анықтады, өйткені олар жедел өзгеріп жатқан оқиғаларға шұғыл түрде әсер ете алмады және осыған орай, баламалы шешімдер қабылдауға дәрменсіз болды. Жоғарғы кеңестің тұрақты негізде істеген жекелеген органдарының жұмыс нәтижелері де кәсіби парламент құрудың қажеттігін дәлелдеді. Тежемелілік пен тепе-теңдік тетіктерінің жұмыс істемеуі Жоғарғы кеңеске үкіметтің қызметіне араласуына немесе оны ауыстыруға дейін баруына мүмкіндік берді, бұл республиканың өкілді органының қызметін мерзімінен бұрын тоқтатуға алып келді.
Он екінші сайланған Жоғарғы кеңестің өзін-өзі таратуы биліктің жергілікті өкілді органдарының өкілеттіктерін тоқтатуынан басталды. Алдымен, Алматы қаласының Алатау аудандық кеңесі, ал содан кейін республиканың аудандық және облыстық кеңестері бірінен соң бірі өз сессияларында өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұған қоса, 43 халық депутаты өкілеттігін тоқтатқаны туралы мәлімдеме жасап, әріптестерін өздерінің жолына түсуге шақырды. Он екінші сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесі 11-сессиясыньщ жұмысы аяқталар қарсаңында жергілікті кеңестердің төрттен бірінен астамы өз жұмысын тоқтатты. Осындай жағдайда халық қалаулылары парламент қабырғасында өткізген ұзақ пікірсайыстардан кейін «Сайлау туралы кодекс», «Республика президенті мен жергілікті әкімдерге уақытша қосымша өкілеттіктер беру туралы» заң және «Жоғарғы кеңестің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» заң қабылдады. Республиканың жоғарғы өкілді органының соңғы екі заңнамалық актіні қабылдауының маңызы іс жүзінде конституцияға түзетулер енгізумен бірдей болды.
1994 жылғы 7 наурызда өткен сайлау республикада көп партиялылықтың қалыптасуына ықпал етті. Уақытша регламентке сәйкес партиялар өкілдіктері негізінде Жоғарғы кеңесте мынадай фракциялар құрылды: Қазақстан Халық бірлігі одағы (ҚХБО – 32 адам), Қазақстан Халық конгресі партиясы (ҚХК – 22 адам), Социалистік партия (12 адам) және Кәсіподақтар федерациясы (12 адам), сондай-ақ, негізінен, кәсіби белгісі бойынша қалыптасқан 14 депутаттық топ болды. Қазақстан тарихында тұңғыш рет саяси партиялар мен қозғалыстар биліктің нақты тұтқаларына қол жеткізіп, мемлекеттік бағдарламалардың қалыптасуына және қабылдануына ықпал ету мүмкіндігін алды.
1994-1995 жылдар кезеңі қазақстандық парламентаризмнің қалыптасуындағы төтенше маңызды кезең болып табылады. 1994 жылғы сәуір – 1995 жылғы наурыз аралығында жұмыс істеген он үшінші сайланған Жоғарғы кеңес депутаттар тұрақты негізде жұмыс істеген Қазақстанның тұңғыш кәсіби парламенті болды.
Алайда он үшінші сайланған Жоғарғы кеңестің тағдыры өте қиындау болып шықты. Ол өз қызметіне билік тармақтарын бөлу тетігі логикалық тұрғыдан аяқталуға дейін жеткізілмеген, биліктің тежемелілігі мен тепе-теңдік жүйесі нақты мазмұнмен толықтырылмаған, Жоғарғы кеңестің, президенттің және үкіметтің мәртебесі аяғына дейін айқындалмаған мемлекеттік құрылыстың ең бір күрделі кезеңінде кіріскен еді.
Сонымен бірге бұл Жоғарғы кеңестің Қазақстанда парламентаризмнің одан әрі дамуына алғышарттар негізін салғанын мойындаған жөн. Он үшінші сайланған Жоғарғы кеңестің төрағасы Ә. Кекілбаев: «Кәсіби парламенттің құрылуын, абзалы, ешбір қиналыссыз биылғы жылдың қоғамдық-саяси өміріндегі ең бір ірі оқиға деп атауға болатын шығар. Оның жұмысының басталуы жаңа мемлекеттілік пен демократияның қаз тұруындағы елеулі кезеңдердің бірі ретінде Қазақстанның тарихи күнтізбесіне кіретіні шүбәсіз… Кәсіби парламент бізде ешқашан болған емес және біз сынап көрулер және қателіктер әдісімен жұмыс істеуге мәжбүр болдық… Жаңа мәртебе иеленген Жоғарғы кеңес өкілеттіктерінің айқындалуы біртіндеп жүріп жатыр»59, – деп атап көрсетті.
Он үшінші сайланған Жоғарғы кеңес бір жылдан сәл азырақ жұмыс істеп, заңсыз деп танылды, өйткені конституциялық сот сайлау заңнамасының кейбір нормалары конституцияға сәйкес келмейді деп таныды, депутаттарды сайлау соған сәйкес жүргізілген еді.
Қазақстанды президенттік республика деп жариялаған 1995 жылғы конституция, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының үкіметі туралы», «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңдар биліктің әрбір тармағының мәртебесі мен функциясын реттеді.
1995 жылғы Кңзақстан Республикасының конституциясында парламенттің заң шығару функциясын жүзеге асыратын Республиканың жоғарғы өкілді органы болып табылатыны бекітілген60.
Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі палатадан: сенаттан және мәжілістен тұрады.
1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының конституциясында «парламент» ұғымы алғаш рет ресми түрде бекітілді. Осыдан кейін ғана ел президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заң күші бар Жарлыққа қол қойды, оған сәйкес қос палаталы парламентке депутаттарды сайлау 1995 жылдың соңында өткізілді.
Бірінші сайланған Қазақстан Республикасының парламенті 19961999 жылдар аралығында жұмыс істеді. Бірінші сайланған парламент сенаты мен мәжілісінің сайлауы 1995 жылғы желтоқсанда өтті. Сенатқа 40 депутат 19 облыстан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі-екі адамнан сайланды. Сенаттың жеті депутатын Қазақстан Республикасының президенті тағайындады. 1996 жылғы 30 қаңтарда Қазақстан Республикасы парламенті сенатының бірінші отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Өмірбек Байгелді сенаттың төрағасы болып сайланды.
Қазақстан Республикасы парламентінің мәжілісіне сайлау 1995 жылы 9 желтоқсанда болды. 67 депутат сайланды. 1996 жылғы 30 қаңтарда бірінші сайланған Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің бірінші отырысында мәжіліс төрағасы болып М.Т. Оспанов сайланды.
Екінші сайланған Қазақстан Республикасының парламенті 19992004 жылдар аралығында қызмет жасады. Қазақстан Республикасының бес облысы таратылуына байланысты сенат депутаттары 14 облыстан және Алматы мен Астана қалаларынан сайланды. Екінші сайланған Қазақстан Республикасы парламенті сенатының төрағалары болып, О. Әбдікәрімов (2004 жылғы 10 наурызда депутаттық өкілеттігі аяқталғанға дейін жұмыс істеді) және Н. Әбіқаев (2004 жылғы 10 наурыздан бастап) сайланды.
1999 жылдың күзінде енгізілген конституциялық өзгерістерге сәйкес алғаш рет Орталық Азия өңірінде аралас схема бойынша Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісіне сайлау өтті, бұл саяси партияларға тең өкілдік негізінде партиялық тізім бойынша парламентке сайлану мүмкіндігін берді. Осындай жаңалықтардың нәтижесінде бұл сайлау парламенттік үлгідегі саяси партиялар құру үрдісін ынталандыра отырып, жоғары саяси мәнімен және баламалы түрде өтуімен ерекшеленді. Сайлауға 10 саяси партия қатысты. Мажоритарлық бір мандатты округтерде 547 кандидат тіркелді. Жалпы сайлау барысында сол кезеңде Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған кандидаттар саны бойынша орташа есеппен бір орынға сегіз адам тіркелді.
Парламент мәжілісіне сайлау қорытындылары бойынша бір мандатты округтер бойынша 67 депутат және біртұтас жалпыұлттық округ бойынша партиялардан 10 депутат сайланды. Олар жеті пайыздық барьерді еңсерген төрт партияның – «Отан», Азаматтық, Аграрлық және Коммунистік партияның өкілдері болды. Екінші сайланған Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің төрағасы болып Ж.А. Тұяқбай сайланды.
Үшінші сайланған Қазақстан Республикасының парламенті 2004-2007 жылдары жұмыс істеді. 2005 жылғы 1 желтоқсанда Қдзақстан Республикасы парламенті сенатының төрағасы болып Н. Әбіқаев сайланды. Үшінші сайланған Қазақстан Республикасы парламенті сенатының 2007 жылғы 11 қаңтардағы отырысында жасырын дауыс беру арқылы Қазақстан Республикасы президентінің ұсынуымен Қдсым-Жомарт Тоқаев сенат төрағасы болып сайланды.
Үшінші сайланған Қазақстан Республикасы парламентінің мәжілісін сайлау 2004 жылғы қыркүйекте болды. Сайлауға 12 саяси партия қатысты, олардың ішінде 4-еуі екі сайлау блогының құрамында. Сайлау нәтижесінде Қазақстан Республикасы парламентінің мәжілісіне 77 депутат сайланды. 67 депутат Республиканың әкімшілік-аумақтық бірлігі ескеріле отырып құрылған, шамамен сайлаушылардың саны тең бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланды. 10 депутат тең өкілдік жүйесі және біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша партиялық тізімдер негізінде сайланды. Олардың ішінде 7 депутат «Отан» республикалық саяси партиясынан, бір-біреуден «Асар» республикалық партиясынан, «Ақ жол» демократиялық партиясынан және Қазақстанның Аграрлық және Азаматтық партияларының «АИСТ» сайлау блогынан (Еңбекшілердің аграрлық-индустриялық одағы) сайланған. Үшінші Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің төрағасы болып О.Б. Мұхамеджанов сайланды
«Үшінші шақырылған Қдзақстан Республикасы парламентінің мәжілісін тарату және Кдзақстан Республикасы парламенті мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Қазақстан президенті жарлығының қабылдауына байланысты 2007 жылғы 20 маусымда үшінші сайланған Қазақстан Республикасы парламентінің мәжілісі өз қызметін аяқтады.
Конституцияға 2007 жылғы мамырда енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес төртінші сайланған Қазақстан Республикасы парламенті палаталарының жаңа құрамы 2007 жылғы тамызда қалыптастырылды. парламент сенатында президент тағайындайтын депутаттар санының 15 адамға дейін ұлғаюын көздейтін өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып, елбасы 2007 жылғы 28 тамызда қосымша 8 сенаторды тағайындады.
Жаңартылған конституцияға сәйкес мәжіліс 107 парламентшіден тұрады. Олардың 98 депутаты 2007 жылғы 18 тамызда 7 саяси партиядан біртұтас жалпы ұлттық округ бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланды. Мәжілістің 9 депутатын 2007 жылғы 20 тамызда Қазақстан халқы ассамблеясы сайлады.
Көп партиялы сайлауда дауыс беру кезінде «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы ғана 7 пайыздық кедергіні еңсерді, оның қатарындағы депутаттар парламент мәжілісіндегі барлық 98 орынды иеленді. Төртінші Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің төрағасы болып алғаш А.Е. Мусин сайланды. Ол өкілеттігін 2008 жылғы қазанда тоқтатты. 2008 жылы қазанда оның орнына төраға болып О.Б. Мұхамеджанов сайланды.
Бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы парламентіне 2012 ж. 15 қаңтарда кезектен тыс сайлау өтті. Бұл күні 6 миллион 980 мың қазақстандық (тұрғындардың 75,1 %-ы) өз таңдауын жасады. 2011 жылдың соңында бірнеше депутат ел президентіне мәжіліс пен мәслихаттарды тарату туралы Жарлық қабылдауын сұрап өтініш жасаған болатын. Депутаттар бұған негізгі екі себепті атады, біріншіден, 2012 жылы әлемдік қаржы дағдарысының екінші толқыны келуі мүмкін, сондықтан одан өткен кезде сайлаулар өткізуге алаңдамаған жөн, ал екіншіден, жаңа заңға сәйкес келесі парламенттің құрамында кемінде екі саяси партия болуы керек. 2011 жылы 16 қарашада Н.Ә. Назарбаев депутаттардың өтінішін қанағаттандырып, тиісті жарлыққа қол қойды. Сайлауға 7 партия – «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы, «Әділет», «Қазақстан патриоттары партиясы», Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП), «Ақ жол», Қазақстанның коммунистік халық партиясы және Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясы қатысты. Кезектен тыс парламенттік сайлаудың қорытындысы бойынша «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы сайлаушылардың 80,99 % дауысына ие болып сенімді жеңіске жетті. Соның нәтижесінде «Нұр Отан» мәжілістегі 83 депутаттық мандатқа ие болды. Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы 7,47 %, ал Қазақстанның коммунистік халық партиясы 7,19 % дауыс алып, жеті пайыздық көрсеткішті еңсеріп, парламенттен орын алды. Орталық сайлау комиссиясы сайлау қорытындысы бойынша бекіткен квотаға сәйкес, «Ақ жол» парламентте сегіз орын, ал Қазақстанның коммунистік халық партиясы жеті орын алды. Өткен сайлау елдегі көппартиялықтың, демократияның дамуындағы маңызды қадам болды. Қазақстан демократияны дамытуда елеулі қадам жасады. 2012 жылғы 15 қаңтарда өткен сайлаудың қорытындысы бойынша парламент мәжілісінің құрамы көппартиялы болып түзілді. Қазақстан халқы ассамблеясынан парламентке 9 адам депутаттыққа сайланды. Парламент мәжілісінің төрағасы қызметіне Н. Нығматуллин ұсынылып, оны барлық депутат қауым бір ауыздан қолдады.
Бақылау сұрақтары:
1. Қазақстанда президенттік институтты енгізудің қажеттілігі неден туындады?
2. Президенттік институттың қалыптасу кезеңдерін және олардың ерекшеліктерін көрсетіңіз.
3. Қазақстан Республикасының конституциясында президентгің құзыреті мен мәртебесі қалай айқындалған?
4. Қазақстан Республикасында парламенттік жүйенің қалыптасуы қалай жүрді?
5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік-саяси құрылымын сызба бойынша көрсетіңіз.
51
Қазіргі Қазақстан тарихы: хрестоматия / ред. Б.Ғ. Аяған. – Алматы, 2010. – 41-б.
52
Назарбаев Н.Ә. Қазақстанның жаңа дәуірінің алғашқы күні // Егемен Қазақстан. – 1 желтоқсан. – 2012.
53
Тәуелсіз Қазақстанның жеті қазынасы. ҚР-дың президенті-елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзі. 14.12.2013. – Ақиқат. – № 1. – 2014. – 5-б.
54
Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығы декларациясы. Қазақстан Республикасы парламенті сенатының қаулысы // Егемен Қазақстан. – 12 желтоқсан. – 2011.
55
Қазақстан Республикасының конституциясы. – Алматы, 2010.
56
Егемен Қазақстан. – 17 мамыр. – 2007.
57
Омарбеков Т Өрлеу жолында // Ана тілі. – 22 желтоқсан. – 2011.
58
«Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. ҚР президенті-елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 14.12.2012 // Айқын. – 15 желтоқсан. – 2012.
59
ҚР парламентінің ресми сайты http: // www.parlam.kz/kk/history
60
Қазақстан Республикасының конституциясы. – Алматы, 2010.