Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышарттары және қалыптасуы. 4-кітап - Коллектив авторов - Страница 5

І бөлім
ҚОҒАМДЫҚ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨМІРДІ ҚАЙТА ҚҰРУ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН (1985-1991 Ж.)
§ 4. КСРОның ыдырауы және ТМД-ның құрылуы

Оглавление

КСРО-дағы қайта құру үрдісінің тығырыққа тіреле бастауы, әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтар және т.б. түрлі себептер социалистік жүйенің ұзаққа бара алмайтындығын аңғартты. Батыс елдерінің кейбір саясаттанушылары мен білгірлері де КСРО-ның көп ұзамай күйрейтіндігі туралы болжамдар айта бастады. Олардың бұл сәуегейліктері көп күттірмей расқа айналды.

КСРО-ның құлауының басты себептерінің бірі – экономикалық дамуда артта қалушылық. Атап айтқанда, Одақ экономикасы технологиялық жағынан артта қалды, тауарлардың бүкіл әлемде бәсекеге түсуі төмендеді. Сонымен қатар соғыстан кейінгі жылдары КСРО АҚШ-пен әскери бәсекеге түсіп және капиталистік елдермен әскери-стратегиялық тепе-теңдікті сақтау үшін қорғаныс ісіне аса көп қаржы шығарды. 1950-1990 жылдар арасындағы 40 жылда әскери шығын 20 триллион долларға жетті. Мұндай зор шығындар экономиканы орасан зор зардапқа ұшыратты.

Бұрынғы кеңестік экономикалық құрылым тым күйкі тартып, негізінен, шикізат өндірушілік пен әскери-өнеркәсіп кешеніне қызмет етуге бағытталды. Кеңестер Одағында әскери-өнеркәсіп кешеніне тоғыз министрлік қызмет етті. Олардың қажеттілігі кедергісіз қанағаттандырылды. Бұлар ұлттық жалпы өнімнің едәуір бөлігін шығарды. Ол статистикалық есепте халық шаруашылығы өніміне қосылғанымен, шын мәнінде, халық шаруашылығы мойнына асылған масылдық еді.

Экономикалық дағдарыс республиканың өнеркәсіп өндірісінің көптеген салаларын қамтыды. Оларға қажетті жабдықтар жетіспеді. Әсіресе халық тұтынатын тауарларды өндіру нашар жағдайда болды. Қажетті материалдардың жеткіліксіздігінен күрделі құрылыстың қарқыны баяулап, жоспарлар орындалмады. КСРО экономикасы терең дағдарысқа ұшырады. 1991 ж. өндірістің төмендеуі 11 %-ға, бюджет тапшылығы 20-30 %-ға, ал сыртқы қарыз 103,9 млрд долларға жетті. КСРО-дағы экономиканы қайта құру саясатының сәтсіздігі, елдің тоқырауы күн тәртібіндегі басты мәселеге айналды, бүкіл елде реформаларды жүргізу қажеттілігі туындады35.

КСРО экономикасының артта қалуы Қазақстанға да өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Қазақстан Одақ құрамында ірі индустриялық-аграрлы республика болды. Қазақстан жалпы қоғамдық өнім шығаруда РКФСР мен Украинадан соңғы үшінші, өнеркәсіп өнімін өндіруде Белоруссиядан кейінгі төртінші орынға шықты. Қазақстан үлесіне мемлекетке өткізілетін астықтың 20 пайызы, әрбір төртінші тонна қой еті, әрбір бесінші тонна жүн, тапсырылатын қаракөл елтірісінің үштен бір бөлігі тиді. Бірақ бұл мүмкіндіктер шындығында соңғы кезге дейін жете пайдаланылмады. Оның әр түрлі себебі болды.

Біріншіден, республика халық шаруашылығының құрылымы бір жақты дамып, оның аса маңызды салалары кейін қалып қойды. Ауыр өнеркәсіптен энергетика, түсті және қара металлургия, мұнай-газ және химия өнеркәсібі басым дамыды. Оның есесіне жаңадан өңдеп шығару өнеркәсібінің салалары, әсіресе машина жасау және халыққа қажетті тауарларды шығару салалары артта қалды.

Екіншіден, республикаға халық тұтынатын тауарлардың 60 пайызға жуығы сырттан әкелінді, ал іште өндірілетін ауылшаруашылық өнімдерінің, соның ішінде астықтың, мақтаның, терінің тең жартысы, жүннің 70 пайызы басқа жерлерде өңделді. Мұндай жағдай тек ауылшаруашылығында ғана емес, сол секілді өнеркәсіпте де орын алды. Мәселен, Торғайда алюминий жасау үшін қажетті шикізат боксит өндіріліп, ал глинозем алюминий шығару үшін Сібір кәсіпорындарына жіберілді. Атырау, Маңғыстау облыстарында балықтың аса қымбат түрлері ұсталып, қара уылдырық алынса, оны дайындап өңдеу, консервілеу Астрахань қаласында іске асырылды. Одақтың әмірімен Қазақстан шет елдерге бір миллиард сомға дейін алтын қорына тең бағалы өнімдер шығарып келсе де, одан республика қазынасына бір тиын да түспеді.

Үшіншіден, Республикадан сыртқа тауарлар барынша арзан бағамен шығарылып, ал шеттен тек қымбат, дайын тауарлар әкелінді. Сөйтіп, тек 1988 жылдың өзінде республикадан сыртқа шығарылған тауар 6,7 миллиард сом болса, сырттан алынған тауар 13,8 миллиард сомға жетті, нәтижесінде аса бай Қазақстан өне бойы басқа республикаларға қарыздар, экономикалық жағынан тәуелді болып келді.

Төртіншіден, Қазақстанның экономикасының дамуы көп жылдар бойы тек қарабайыр жолмен, яғни өнімнің көлемін, жалпы санын арттыру арқылы ғана іске асырылды. Өндірістік күштің өсуі оны тиімді пайдалану дәрежесінен артта қалды. Көптеген кәсіпорындардың, соның ішінде жаңадан салынып, іске қосылғандардың экономикалық күші жете пайдаланылмады.

Бесіншіден, аграрлық секторда дақылдардың түсімі, малдан алынатын өнім әр шаруашылықта әр түрлі дережеде-тін. 1987 ж. республикадағы совхоздардың үштен бірі, колхоздардың бестен бірі экономикалық жағынан тиімсіз шаруашылықтар болды. Суармалы егістің түсімі де басқа жерлермен салыстырғанда төмен еді36.

Жоғарыда айтылған кемшіліктер мен қайшылықтардың салдарынан 1970 жылдардан бастап 80-жылдардың аяғына дейін Қазақстандағы жан басына шаққандағы ұлттық табыстың көлемі Одақпен салыстырғанда 12 пайызға төмендеді. Осыған қарамастан соңғы кезге дейін Қазақстандағы жағдайды мадақтап, әсірелеп көрсету, даңғазалық орын алды. Оған жылдық есеп бергендегі қосып жазу, өндірілген өнімді және жалпы бағалық көрсеткіштерді негізсіз көбейтіп көрсетудің елеулі әсері тиді.

Осындай күрделі жағдайда Республика экономикасын нарықтық қарым-қатынас аясына шығару мақсатымен 1991 ж. ақпан айында Жоғарғы экономикалық кеңес құрылды. Қазақстанда мемлекеттік меншікпен қатар жекеменшіктің жаңа формалары – акционерлік қоғамдар, жалдық және кооперативтік кәсіпорындар, фермерлік шаруашылықтар, біріккен кәсіпорындар, түрлі қауымдастықтар мен бірлестіктер қалыптаса бастады. 1991 жылдың ортасында республикада 35 біріккен кәсіпорын, 16 сыртқы экономикалық қауымдастық, халықаралық коммерциялық банк жұмыс істеді. Дегенмен әр түрлі себепке байланысты бірінші кезекте Кеңес Одағы республикаларының бір-бірімен біте қайнасып, бірігіп-кірігіп кеткен шаруашылық қарым-қатынасының бұзылуына байланысты Қазақстанда экономикалық қиындықтар күшейді37.

Мұндай жағдай өзге республикаларда да орын алды. Осыған байланысты Кеңес Одағы елдерінде ұлттық толқулар күшейді. 1990 ж. бірқатар республикалар, ең алдымен, Балтық елдері біржақты түрде өзін-өзі анықтау және тәуелсіз ұлттық мемлекеттерді құру туралы мәлімдеді. Экономикалық реформалардың сәтсіздігі, орталықтың елді дағдарыстан шығара алмауы республикалардың саяси элиталарын тығырықтан шығудың өз жолдарын іздестіруге итермеледі. 1988-1990 жылдары Одақтас республикаларда ұлттық қозғалыс күшейіп, Сумгаиттегі, Таулы Карабахтағы, Вильнюстегі, Ферғанадағы оқиғалар ұлттық мәселелерді шешудің ешқандай бағыт-бағдары жоқтығын айқындады. Кеңес басшылары ұлт мәселесінің байыбын терең түсінбеді, ұлтаралық қатынастар мен оны шешудің жолдарын нақты көрсетіп бере алмады. Сондықтан бірқатар ұлт республикалары Одақтан бөлініп шығу, өздерінің егеменді мемлекет болуы жөніндегі талаптарын қойды. Міне, осының нәтижесінде 1988 ж. қараша – 1989 ж. мамыр айлары аралығында Балтық жағалауындағы Эстония, Литва, Латвия республикалары өздерінің егемендігі туралы алғашқы құжаттарын қабылдады. Сөйтіп, олар КСРО құрамынан шығып, жеке тәуелсіз мемлекетке айналды. Осыдан кейін көп кешікпей-ақ, яғни 1989-1990 жылдары Егемендік туралы декларацияны КСРО-ның басқа республикалары да қабылдады38.

КСРО сияқты алып мемлекеттің есеңгірей бастаған тұсында 1990 ж. 25 қазанда Қазақстан өзінің мемлекеттік Егемендігі туралы декларация қабылдады. Егемендік декларациясы бас құжатында республикада мемлекеттік өкімет билігін алғаш рет он заң шығару, атқару және сот билігіне бөлу принципі бойынша жүзеге асыру енгізілді. Заң шығару билігін Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі жүзеге асырса, ең жоғарғы әкімшілік-атқару билігі Республика президентіне берілді, ал ең жоғарғы сот билігін Қазақ КСР Жоғарғы соты жүргізді. Он жеті баптан тұратын бұл декларацияда, негізінен, мына мәселелерге мән берілді: КСРО мен ҚазКСР арасындағы қатынас келісімшарт негізінде жүзеге асады; Республика әкімшілік-аумақтық құрылымға, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени-ұлттық құрылыстарға байланысты барлық мәселелерді дербес шешеді; Республика өз аумағында Қазақ КСР заңдарын бұзатын КСРО заңдарының қолданылуын тоқтатуға құқылы; Қазақстанның өз шекарасындағы аумағына қол сұғылмайды, бөлінбейді және оның келісімінсіз өзгертілмейді; Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің келісімінсіз оның аумағында басқа мемлекеттердің әскери құрамалары, олардың әскери базалары орналаса алмайды; Қазақстан өзінің дербес ішкі әскерін, мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік органдарын ұстауға құқылы. Қазақ КСР халықаралық қатынастарда дербес, өзінің мүдделеріне сай сыртқы саясатын жүргізеді. Декларацияның жаңа одақтық шарт жасасу және Қазақ КСР жаңа конституциясын қабылдау үшін негіз болып табылатындығы туралы арнайы бапта көрсетілді. Егемендік алу Қазақстанда жалпы демократиялық үдерістердің барысын шапшаңдатты, мұның өзі елдегі болып жатқан оқиғалармен тығыз байланысты еді. 1991 жылдың ортасынан-ақ Қазақстан басқа республикалармен бірге іс жүзінде орталыққа оппозицияда болды. Қазақстанның бастамасы бойынша Белоруссиямен, Украинамен, Ресеймен және басқа республикалармен бірбірінің егемендігін, қалыптасқан шекараларды, орнатылып жатқан өзара пайдалы экономикалық байланыстарды мойындау туралы екі жақты келісімдер жасалды39.

1990 жылдың желтоқсанындағы КСРО-ның халық депутаттарының IV съезі КСРО-ны сақтап қалу мен оны демократиялық федеративтік мемлекетке айналдыруды ұсынды. Онда «Одақтық келісімнің ортақ тұжырымдамасы және оған келісу тәртібі туралы» қаулы қабылданды. Құжатта жаңартылған Одақтың негізі республикалық декларацияларда қаралған азаматтар мен халықтардың теңдігі, өзін-өзі анықтау құқығы мен демократиялық даму, аумақтық тұтастық сияқты қағидалар болатындығы атап өтілді. М. Горбачев пен оның жақтастары Кеңес Одағын сақтап қалғысы келді40.

1991 ж. 23 сәуірде Нова-Огаревада, яғни КСРО президентінің мәскеулік резиденциясында М. Горбачевтің 9 одақтас республикамен жаңа одақтастық келісім туралы келіссөздер өтті. Билік пен басқару органдары құрылымында өзгерістерді жүргізу, жаңа конституцияны қабылдау және сайлау жүйесін өзгерту қарастырылды. Келісімге қол қою күні 20 тамызға белгіленді. Бұл жобаны Армения, Грузия, Молдавия және Балтық республикаларынан басқасы қолдады. Бұл келіссөздер консерваторларды шешуші әрекеттерге көшуге итермеледі, себебі жаңадан қойылатын келісім іс жүзінде КОКП-ның жоғарғы билеуші тобын басты биліктен, қызметтері мен артықшылықтарынан айырар еді. Сонымен қатар 1991 жылдың тамызына дейін РКФСР-дың басшылығына радикалдық өзгерістерді талап еткен жаңа тұлғаның келуі де өз әсерін тигізді. 1991 ж. 12 маусымында РКФСРдың халық депутаттарының І съезінде Ресейдің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Ол заңды түрде республикалық заңдардың одақтас республикаларға қарағанда басымдығын бекітті. РФ-ның бірінші президенті болып Б.Н. Ельцин тағайындалды. Өз кезегінде декларацияның қабылдануы жағдайында кейінгі Кеңес Одағының даму мәселесі күн тәртібіндегі басты мәселеге айналды41.

1991 ж. 18-21 тамыз аралығындағы «Тамыз бүлігі» бұл жұмысты үзіп жіберді. КСРО вице-президенті Г.И. Янаев, КСРО премьер-министрі В.С. Павлов, КСРО МҚК-нің төрағасы В.А. Крючков, КСРО Ішкі істер министрі Б.К. Пуго, КСРО Қорғаныс министрі Д.Т. Язов, КСРО Жоғарғы кеңесінің төрағасы А. Лукьянов, т.б. 18 тамыз күні Төтенше жағдайлар жөніндегі Мемлекеттік комитет (ТЖМК) құрып, елдегі барлық билік осы ұйымның қолына өтетіндігін мәлімдеді. Бұл іс жүзінде Кеңес Одағындағы ескі мемлекеттік билік пен қоғамдық қатынастарды сақтап қалу мақсатында Мәскеуде ұйымдастырылған төңкеріс еді. Бұл төңкеріс 20 тамызда қол қойылуға тиіс «Егеменді мемлекеттер одағы туралы шартқа» қарсы бағытталды. Ол шарт Кеңестер Одағына кіретін республикаларға бұрынғыдан әлдеқайда көп дербестік беретін. «Тамыз бүлігінде» елде қалыптасып келе жатқан демократия нышандарын тұншықтыру және нарықтық қатынастардың орнығуына жол бермеу арқылы елдегі әміршіл-әкімшіл жүйені сақтап қалу көзделді. ТЖМК-ның № 1 қаулысына сай саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық қозғалыстардың қызметі тоқтатылатын болды және митингілер мен демонстрациялар өткізуге, көше шерулеріне, ереуілдерге шығуға тыйым салынды. ТЖМК Мәскеуге ірі әскери күштер топтастыра білді. Олар МҚК-нің әйгілі «Альфа» тобын, ішкі әскерлердің Дзержинский атындағы аса ірі дивизиясы мен Қорғаныс министрлігінің даңқты Тамань мотоатқыштар дивизиясы, Кантемир дивизиясы мен әскери-әуе десантының Тула дивизияларына арқа сүйеді. Әлемге әйгілі бұл дивизиялар түрлі жаттығуларда әбден шыныққан, бақайшағына дейін ең соңғы үлгідегі қаружарақпен қаруланған жойқын күш болатын. Бірер күннің ішінде Мәскеуге 4 мыңнан астам әскери қызметкер, 312 танк, 427 бронетранспартер мен БМПлар шоғырландырылды. Әскери-әуе десантының қосымша күштері Ленинград, Таллин, Тбилиси және Рига қалаларының маңына топтастырылды42.

Демалыстағы КСРО-ның президенті М.С. Горбачевті Қырымда «Форос» мемлекеттік саяжайында қоршауға алған әскери күштер мемлекет басшысының сыртқы әлеммен байланысын үзіп, төңкеріс басшылары оның денсаулық жағдайына орай бұдан былай елді басқара алмайтыны туралы ақпарат таратып, елде төтенше жағдай енгізілетіні, Коммунистік партиядан басқа партиялардың бәрі таратылатыны, «Правда», «Труд» тағы бірнеше газеттерден басқа басылымдардың бәрі жабылатыны жөнінде бұйрық жариялады. Бұл аз ғана уақыт болса да еркіндік, бостандықтың дәмін татып үлгерген миллиондаған адамдардың ұнжырғасын түсірді43.

«Тамыз бүлігіне» қарсы күресті Ресей президенті Б.Н. Ельцин басқарды. Оны Мәскеу қаласының мэрі Г. Попов, Ленинград облысы мен қаласының басшысы А. Собчак, КОКП басшыларының бірі А. Яковлев, Э. Шеварднадзе және т.б. қолдады. Төңкерісшілерді жоғары шенді әскерилер мен партиялық номенклатураның шағын бөлігі ғана қолдады. Бұл өз кезегінде «тамыз бүлігінің» көп ұзамай басылуына алып келді. Мәскеудегі жұртшылық шеруге шығып, тамыз бүлігін айыптады. 21 тамыз күні Ресей үкіметі жіберген ұшақпен Горбачев Мәскеуге жетті. Ол елдегі басшылықты қайтадан қолына алды. ТЖМК мүшелері тұтқынға алынып, үстерінен қылмыстық іс қозғалды. Бірақ бәрі кеш еді. Жаңа Одақ туралы шарт сөз болудан қалып, КСРО-ның іргесі сөгіліп сала берді. Небары бір апта аралығында Украина (24 тамыз), Беларусия (27 тамыз), Молдова (27 тамыз), Өзбекстан (29 тамыз), Әзірбайжан (30 тамыз), Қырғызстан (31 тамыз) өз тәуелсіздігін жариялады. Оған дейін Балтық бойы елдері мен Грузия және Ресей (12 маусым) өз тәуелсіздігін жариялаған болатын. Тәуелсіздік шеруін бұдан әрі Тәжікстан (9 қыркүйек), Армения (24 қыркүйек), Түрікменстан (27 қазан) жалғастырды44.

1991 ж. 8 желтоқсанда Беларусь, РКФСР және Украина республикаларының басшылары Минск қаласында (Беловеж нуы) кездесіп, мәлімдеме қабылдады. Онда саяси одақ тұйыққа тірелді, сондықтан республикалардың Одақтан шығуы объективтік үдеріс және тәуелсіз жеке мемлекет құру шынайы факті болып отыр деп көрсетілді. Себебі орталықтың жүргізіп отырған тоғышар саясаты елді терең экономикалық және саяси дағдарысқа алып келді, халықтың тұрмыс деңгейі төмендеп кетті, қоғамда әлеуметтік шиеленіс, ұлттар мен халықтар арасындағы қайшылықтар мен қақтығыстар күшейді деп атап өтілді. Мұның өзі бұрынғы Одаққа кірген мемлекеттердің жаңа одағын – Тәуелсіз мемлекеттер достастығын (ТМД) құруға жол ашты. Бұл құрылым бұрынғы Одақ бойынша осы кезге дейін алынған халықаралық міндеттердің орындалуына кепілдеме береді, ядролық қарудың таралуына жол бермейді және оған бірыңғай бақылау орнатуды қамтамасыз етеді, – деп атап көрсетілді45.

Алайда бұл шешім әуелгі кезде басқа республикалар тарапынан қарсы көзқарастар туғызды. Өйткені заң бойынша Одаққа кірген Қазақстан, Орта Азия, Закавказье республикаларының келісімінсіз бұл үш республика егемендік туралы күрделі мәселені жеке дара шешуге тиіс емес еді. Міне, осыған байланысты 1991 жылдың 12 желтоқсанында Ашхабад қаласында Орта Азия республикалары мен Қазақстан басшыларының кездесуі болып өтті. Онда ТМД-ға тек барлық республикалардың тең құқықтық негізінде құрылушылық жағдайын мойындағанда ғана қосылуға болатындығы ерекше атап көрсетілді.


Ашхабад қаласында Қазақстан және Орта Азия республикалары басшыларының кездесуі. 12 желтоқсан 1991 ж.


1991 ж. 21 желтоқсанда Алматыда 11 республика өкілі қатынасқан кездесу болды. Олар тең құқықтық жағдайдағы Тәуелсіз мемлекеттер достастығы құрылғандығы жөніндегі шартқа қол қойды. Алматыда қабылданған декларацияда Минскідегі айтылған жалпы принциптік мәселелердің барлығы мақұлданды. Жаңадан Достастық мемлекет басшылары және үкімет басшыларының кеңесі деген жетекші органдар құрды. Онда жалпы бағыттағы көкейкесті саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу көзделді. Достық Одаққа кірген мемлекет басшылары Біріккен ұлттар ұйымы алдында бұл тәуелсіз мемлекеттердің барлығын осы халықаралық ұйымға толыққанды мүше етіп алу туралы өтініш жасады. Сонымен қатар бұрынғы КСРО-да жасалған ядролық қаруды және оған әскери басшылық жасауды бірігіп іске асырып отыру жөніндегі келісімге қол қойылды. ТМД осы кезге дейін Кеңестер Одағы қол қойып, халықаралық дәрежедегі жасаған келісімдердің орындалуын өз мойындарына алады деп көрсетті. Сөйтіп, 1991 ж. желтоқсандағы Алматы қаласында бас қосқан тәуелсіз елдер басшыларының келісімі КСРО-ның өмір сүруін тоқтатумен аяқталды46.


ТМД-ның құрылуы. Алматы, 21 желтоқсан 1991 ж.


Міне, осындай күрделі жағдайда республикадағы жоғары атқарушы және билік жүргізуші өкімет басшысы ретінде Қазақ КСР-дың президентіне жеткілікті өкілеттік беру қажеттігі пісіп жетілді. Мұндай өкілеттіктер республика парламенті 1991 ж. 20 қарашада қабылдаған Қазақ КСР-дың «Қазақ КСР-ында мемлекеттік өкімет билігі мен басқару құрылымын жетілдіру және Қазақ КСР конституциясына (Негізгі заңына) өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» заңы бойынша берілді47.


Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров. 1992 жыл


1991 ж. 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет республика президентін бүкілхалықтық сайлау өтті. Халықтың демократиялық жолмен өз еркін білдіруі арқасында Н.Ә. Назарбаев президент болып сайланды. Республикада көптеген өзгерістер жасалды: прокуратура, мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі істер, әділет, сот органдары қайта құрылды; Қазақстанның мемлекеттік қорғаныс комитеті ұйымдастырылды; президенттің одаққа бағынатын кәсіпорындар мен ұйымдарды Қазақ КСР-ы үкіметінің қарамағына беру туралы, республиканың сыртқы экономикалық қызметінің дербестігін қамтамасыз ету туралы, Қазақстанда алтын запасы мен алмас қорын жасау туралы жарлықтары шықты. 1991 ж. 2 қазанда қазақ жерінде Байқоңыр ғарыш алаңы 40 жыл өмір сүргенде тұңғыш рет онан ғарышқа бірінші ғарышкер қазақ Т.О. Әубәкіров ұшты48.

1991 ж. 10 желтоқсанда Қазақ КСР-ы атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді.

Бақылау сұрақтары:

1. КСРО-ның күйреу себептерін неден көреміз?

2. ТМД-ның құрамы мен құрылу себебін түсіндіріңіз.

35

Садықова Р. ТМД елдерінің тарихы. – Алматы, 2011. – 9-б.

36

Мусин Ч. Қазақстан тарихы. – Алматы: Норма-К, 2008. – 433-б.

37

Қазақстан тарихы: лекциялар курсы / ред. басқ. т.ғ.д., профессор Қ.С. Қаражан. – Алматы: Нұрпресс, 2011. – 320-б.

38

Шайынғазы Ш. Күйреу // Егемен Қазақстан. – 2011. – 24 тамыз.

39

Мұхамедов М. Сырымбетұлы Б. Тәуелсіздіктің он сегіз асуы: құлдыраудан өрлеуге дейін. – Астана: Сарыарқа, 2009. – 27-б.

40

Шағатай Ж. Горбачев: Одақты сақтап қалмаймын деп ойлаған жоқпын // Түркістан. – 2006. – 2 наурыз.

41

Садықова Р. ТМД елдерінің тарихы. – Алматы, 2011. – 17-б.

42

Әлем іш тартқан үш күн // Түркістан. – 2011. – 25 тамыз.

43

Әлем іш тартқан үш күн // Түркістан. – 2011. – 25 тамыз.

44

Сайлан Б.С. Кабул қалай алынды // Қазақ тарихы. – 2000.№ 3. – 43-б.

45

Қазақстан тарихы: лекциялар курсы / ред. басқ. т.ғ.д., профессор Қ.С. Қаражан. – Алматы: Нұрпресс, 2011. – 324-б.

46

Мұқатова Д. КСРО-ның күйреуі және жаңа одақтардың құрылуы // Қазақ тарихы – 2007. – №°1. – 121-б.

47

Мұхамедов М. Сырымбетұлы Б. Тәуелсіздіктің он сегіз асуы: құлдыраудан өрлеуге дейін. – Астана: Сарыарқа, 2009. – 27-б.

48

Қазақстан тарихы: оқу құралы / ред. басқ. т.ғ.д., профессор Б.С. Сайлан. – Алматы, 2012. – 383-б.

Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышарттары және қалыптасуы. 4-кітап

Подняться наверх