Читать книгу Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышарттары және қалыптасуы. 4-кітап - Коллектив авторов - Страница 9
ІІ бөлім
ҚАЗАҚСТАН – ҚААЫПТАСҚАН ТӘУЕАСІЗ МЕМАЕКЕТ
І тарау
ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ ҚАЛЫПТАСУЫ
§ 4. Мемлекеттік шекара және ұлттық қауіпсіздік
ОглавлениеҚазақстан іргелес елдермен әлемдегі ең ұзақ құрлық шекараларын халықаралық шарттармен бекітіп, көршілес және әлемнің жетекші елдерімен достық және өзара пайдалы ынтымақтастық қатынастарын құрды.
Қазақстанның тәуелсіздік жылдары басты көңіл аударған мәселелерінің бірі – елдің шекаралық қауіпсіздігін сақтау. Бізбен солтүстікте бірнеше мың шақырым шекараласатын Ресеймен, оңтүстік-шығыста Қытаймен шекараны тұрақтандырып бекіту өте қажет іс еді. Шекара – мемлекеттік егемендіктің басты белгілерінің бірі. Сондықтан бұл маңызды саяси мәселе Ресей мен Қазақстан үкіметтері арасындағы кездесулерде әлденеше рет әңгіме арқауы болды. Осының нәтижесінде екі ел арасында 1992 ж. 15 мамырда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа және 1999 ж. 28 наурызда Қазақстан мен Ресей арасындағы Әскери ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды. Бұл шарттар бойынша Қазақстан мен Ресей әрі қарай да аймақтық қауіпсіздікті бірлесіп нығайту және қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты дамыту, сөйтіп, сыртқы саясат саласында өзара бірлесіп әрекет ету көзделген. Ресей мен Қазақстан арасындағы қауіпсіздік және сыртқы саясат мәселесі екі ел арасындағы 1998 жылы шілдеде қабылданған «Мәңгі достық және одақтастық туралы декларацияда», сондай-ақ экономикалық ынтымақтастық туралы алдағы 10 жылға (1998-2007 ж.) арналған экономикалық бағдарламада өзінің даму көрінісін тапты. Осы келісімдер негізінде Қазақстан-Ресей шекара белдеулерінде делимитациялау шаралары жүргізіле бастады. Ал 2000 жылы қаңтарда Мәскеуде өткен екі мемлекет басшысының кездесуінде басты үш бағыт туралы келісім жасалды. Біріншісі – екі ел саясатындағы қарым-қатынастың сабақтастығы. Екіншісі – қауіпсіздік мәселесіндегі ынтымақтастық. Үшіншісі – шекараны нақтылау мәселесі.
Қазақстанның көрші мемлекеттермен шекарасының жалпы ұзындығы 15 мыңға жуық шақырымды құрайды. Соның ішінде Қазақстанның Қырғыз Республикасымен мемлекеттік шекарасы – шамамен 1050 шақырым, Ресей Федерациясымен – 7,5 мыңнан астам шақырым, Түрікменстанмен – 400 шақырым, Өзбекстанмен – 1660 шақырым. Ресеймен шекараны делимитациялау мәселесі 1998 жылғы 6 шілдеде екі ел басшысының бірлескен мәлімдемесінен және сол жылғы 12 желтоқсандағы мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі хаттамадан басталды. Алты жыл аралығындағы құжаттарды әзірлеумен тыңғылықты айналысқан сарапшылар шекаралық сызықтың барлық нүктелері бойынша ортақ келісімге келді. Қазақстан президенті Н.Ә. Назарбаев пен Ресей президенті В. Путин 2005 жылғы 18 қаңтарда Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойды. Шын мәнінде, тарихи деп бағалауға болатын осы құжат бойынша екі ел үшін де айрықша маңызы бар шекара мәселесі халықаралық нормаларға сәйкес шешімін тапты. Елбасы атап өткендей, «Қадым замандардан қазақорыс елдері арасында шекара бірінші рет заңды түрде тартылып отыр». Әлемдегі жерүстілік ең ұзын саналатын, жалпы аралығы 7591 шақырымды құрайтын бұл шекара сызықтары белгіленіп және мойындалып, екі мемлекет арасындағы мызғымас достықтың сенімді кепілі ретінде бағаланды.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Қытаймен арадағы шекараны заңдастыруға кірісті. Өзара түсіністік пен мүдделілік бұрын-соңды болмаған табысқа қол жеткізді. 1994 жылдың сәуір айында Қазақстан президенті Н.Ә. Назарбаев пен ҚХР премьер-министрі Ли Пэн екі ел арасындағы шекара сызығын заңдастырып, белгілеу (делимитация) жөніндегі келісімшартқа қол қойды. Жалпы ұзындығы 1718 шақырымға созылып жатқан желінің екі шағын учаскесінен (бұрынғы Талдықорған және Семей облыстарындағы) басқасы түгел заң жолымен бекітілді. Келесі кезектегі мәселелерді шешу үшін делимитациялық комиссия құрылды. Жоғары дәрежелі кездесу кезінде шекара мәселелерін толық реттеуге қатысты келіссөздерді одан әрі жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жетті. Бұл бағытта 1996-1998 жылдары үш арнайы келісім болды. Соның нәтижесінде 1999 ж. қарашада Цзянь-Цземинь мен Н.Ә. Назарбаев шекаралық мәселелердің толық үйлестірілуі туралы арнайы коммюникеге қол қойылды. Сөйтіп, Қытаймен шекараны межелеу негізінен аяқталды.
Сонымен қатар Қазақстан бұл жылдары өзінің жақын көршілері – Қырғызстанмен, Өзбекстанмен және Түрікменстанмен арадағы шекара мәселелерін іс жүзінде түпкілікті реттеуге қол жеткізді. Шекара мәселесін Азия елдерінде тұрақты шешуде Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) маңызды рөл атқарды. 1996 жылғы сәуірде Шанхайдағы кездесу кезінде Ресей, Қытай, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан басшылары шекараларды бұзбау, олардың арасындағы бейтарап аймақтық қашықтықты 100 шақырымға дейін жеткізу келісіміне қол қойылды. Кейін бұл келісімге Өзбекстан қосылды.
Сонымен, қорыта келгенде, ҚР президентінің тұжырымынша: «Тұңғыш рет тарихта біздің мемлекет халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді. Қазақстан Каспий теңізінің айдынындағы ахуалды сенімді бақылауда ұстайды. Болашақта кез келген аумақтық даулардың туындау қаупі қазір сейілген. Біз ұрпақтарымызға көршілермен даулы аумақтар қалдырған жоқпыз. Біз адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшті, заманауи, қорғанысқа қабілетті әскерді, пәрменді құқық қорғау жүйесін құрдық. Біздің шекарамыз, саяси жүйеміз, экономикалық үлгіміз ел ішінде де, одан сыртқары жерде де ендігі жерде елеулі келіспеушіліктер мен талас-тартыстардың өзегіне айналмайды»63.
Бақылау сұрақтары:
1. Көрші елдермен мемлекеттік шекараны межелеу қажетгігі неден туындады?
2. Қазақстан мен Қытай арасындағы шекараны айқындау мәселесі қалай шешілді?
3. Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекараны айқындау келісімдерінің нәтижесі қандай?
4. Орталық Азия мемлекеттері мен Қазақстан арасындағы шекараны белгілеудің ерекшеліктері қандай?
5. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында қандай шаралар жүргізді?
63
«Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. ҚР президентіелбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 14.12.2012 // Айқын. – 15 желтоқсан. – 2012.