Читать книгу Кез келген адаммен, кез келген уақытта және кез келген жерде сөйлесу өнері: Тиімді тілдесу құпиялары - Ларри Кинг - Страница 5
Кіріспе
Біз бәріміз сөйлеуіміз керек
ОглавлениеСіз
1. Ұшақтан парашютсіз секірер ме едіңіз немесе
2. Жиында бұрын-соңды кездеспеген біреудің қасында отырар ма едіңіз?
Егер жауабыңыз бірінші нұсқа болса, онда күйінбеңіз. Сіз секілді адамдар толып жатыр. Біз күн сайын сөйлесетін болсақ та, сөйлеу оңай болмайтын немесе біз ойлағаннан әлдеқайда жақсырақ сөйлеуге болатын көптеген жағдайлар бар. Күнделікті өмірде немесе кәсіби салада болсын, табысқа жету жолы сөйлеу арқылы іске асады. Егер өзіңізді сенімді спикер деп санамайтын болсаңыз, бұл жол қиын болуы мүмкін.
Сондықтан мен бұл кітапты сол жолды жеңілдету үшін жаздым. Мен отыз жеті жыл бойы сөйлеу арқылы күн көріп келемін және радио, телешоуларымда Михаил Горбачевтен бастап, Майкл Джорданға дейінгі адамдармен сөйлестім. Мен сондай-ақ шерифтерден бастап есік сатушыларға дейінгі әртүрлі саладан шыққан тыңдармандардың алдында үнемі сөз сөйлеймін. Келесі беттерде мен сізбен бір адам түгілі жүз адаммен болса да, қалай сөйлесу керектігі туралы бар білгеніммен бөлісетін боламын.
Мен әрқашан сөйлеуді ұнатып, сөйлегеннен рахаттанатын едім. Бруклиндегі балалық шағым туралы алғашқы естеліктерімнің бірі – сексен алтыншы көше мен Бэй-Парквейдің бұрышында тұрып, өтіп бара жатқан көліктердің маркаларын жариялауым еді. Жасым жетіде. Достарым мені «жаршы» деп атайтын. Мен содан бері сөйлеп келемін.
Менің сол кездегі ең жақын досым, Хёрб Коэн (әлі күнге дейін ең жақын досым), барлығына Эббетс Филдте «Доджерс» тобын қалай қолдағаным туралы айтудан жалықпайды. Мен шеткі қатарларда басқа көрермендерден алшақта отырып, ойын барысын жазып, «хабарлап» отыратынмын. Содан кейін үйге оралып, достарыма ойын туралы бәрін түк қалдырмай айтатын едім. Хёрб әлі күнге дейін адамдарға: «Ларри Эббетс Филдтағы екі сағат он минутқа созылған ойынға барса, сол уақытқа сәйкес ойын сипаттамасын айтып беретін», – дейді. Хёрб екеуміз алғаш рет директордың кабинетінде кездесіппіз. Жасымыз онда болатын. Қазір бізді сол кезде директордың кабинетіне не себеппен шақырғаны есімізде жоқ, мүмкін сабақ үстінде сөйлеген шығармыз.
Мен сөйлеуді аса ұнататын болсам да, басқалардың неге сөйлеуге қиналатынын түсінемін. Олар бірдеңені қате айтудан немесе ойын дұрыс жеткізе алмаудан қорқады. Бір жазушы айтқандай, «аузыңды ашып, ақымақтығыңды көрсеткеннен гөрі үндемей, ақымақ болып көрінгенің жақсы». Бейтаныс адаммен немесе бірнеше кісілермен бір уақытта сөйлескенде, қорқыныш күшейе түседі.
Бұл кітап осы қорқыныштан арылуға көмектеседі деп үміттенемін. Менің түсінгенім – егер сіздің көзқарасыңыз дұрыс болса, сіз кез келген адаммен сөйлесе аласыз. Осы кітапты оқығаннан кейін сіз кез келген адаммен сенімді түрде сөйлесе алатын, өз ойыңызды қалай тиімді жеткізу керектігін білетін боласыз. Сөйлеу қабілетіңізді жақсартып, сөйлесуден қорықпайтын боласыз.
Кітаптың тараулары туысыңыздың тойынан бастап ресми жиындарға дейінгі әр түрлі жағдайларда сөз сөйлеу туралы ауқымды ақпаратты, тәжірибеден алынған кеңестер мен мысалдарды қамтиды. Мен сізге тікелей эфирге келген шоу қонақтарынан не үйрену керегін және менің тәжірибемді қалай пайдалануға болатынын айтып беремін. Ол тәжірибе оңай жолмен жиналмаған.
Сөйлесу – бұл адами қарым-қатынастың ең маңызды түрі, бізді басқа тіршілік иелерінен ерекшелендіретін де осы қабілет. Шындығында, орта есеппен адам күніне он сегіз мың сөз айтады екен. Мен бұл санға күмәнданбаймын. (Мен үшін бұл сан көбірек болу керек.) Сондықтан, білікті спикер болу үшін дағдыларымызды неге дамытпасқа? Дайын болсаңыз, дәл қазір бастайық.
Эй, Хёрби, мұқият тыңда!
Ларри Кинг