Читать книгу Кез келген адаммен, кез келген уақытта және кез келген жерде сөйлесу өнері: Тиімді тілдесу құпиялары - Ларри Кинг - Страница 7
1
101 әңгіме
Менің сәтсіз бастамам
ОглавлениеЕгер сіз отыз жеті жыл бұрын Майами-Бич радиостудиясындағы менің алғашқы таңертеңгілік эфирімді көрсеңіз, мені кәсіби спикер ретінде табысқа жете алады деп ойлауыңыз екіталай болатын шығар.
Бұл оқиға 1957 жылдың 1 мамырының таңертеңінде Вашингтон-авенюдің жанында орналасқан бірінші көшедегі полиция бөлімшесіне қарама қарсы тұрған шағын «WAHR» радио станциясында орын алды. Мен эфирге шығу туралы арманымды іске асырамын деген үмітпен сол жерде үш апта уақытымды өткіздім. Станцияның бас менеджері Маршалл Симмондс менің дауысымды ұнататын, бірақ станцияда сол уақытта бос жұмыс орны болған жоқ. Мен мойымай, Симмондсқа тәуекелге баруға дайын екенімді айттым. Егер станцияда қалсам, мені орын босаған сәтте жұмысқа алатын болып келістік.
Мен Бруклиннен жол тартқандағы бар білгенім – радиостанцияға жұмысқа тұрғанға дейін ағам Джек пен әйелінің шағын пәтерінде тұра алатыным ғана болатын. Олардың пәтері радиостанцияға жақын орналасқан еді. Қалтамда көк тиын болған жоқ. Бірақ мен күн сайын радиостанцияға барып, тікелей эфирдегі диск-джокейлердің қалай жұмыс істейтінін, дикторлардың соңғы жаңалықтарды жеткізуі мен спорт комментаторларының ойын нәтижелерін хабарлауын бақылайтынмын.
Менің алғаш рет «AP» және «UPІ» арналарындағы жаңалықтардың жеткізілуін көргенде қаншалықты тәнті болғанымды білсеңіз. Біреу эфирде пайдаланады-ау деген үмітпен бірнеше шағын мәтін жазған едім. Кенеттен, үш аптадан кейін таңертеңгі жүргізуші жұмыстан шығып кетті. Маршалл мені жұма күні кеңсесіне шақырып, дүйсенбі күні таңғы тоғыздан бастап жұмысқа шығатынымды айтты. Маған аптасына елу бес доллар төлейтін болды. Мен дүйсенбіден жұмаға дейін таңғы тоғыздан түске дейін жұмыс істейтін болдым. Түстен кейін сағат беске дейін хабарлар мен спорт жаңалықтарын жариялаумен айналыстым.
Менің арманым орындалды! Мен тек радиода ғана емес, сонымен қатар күн сайын таңертең үш сағат, түстен кейін тағы бес-алты рет эфирге шығуым керек еді, яғни «CBS» супержұлдызы Артур Годфри сияқты эфирге жиі шығатын болдым.
Сол демалыс күндері тікелей эфирде айтатынымды тоқтаусыз қайталай бергендіктен, дүйсенбі күні сегіз жарымда қатты шаршайтынмын. Аузым құрғап, су мен кофе іше бердім. Эфирде қоятын Лес Элгарттың «Swingin' down the Lane» атты әнін жазып алып, студияға кірген бойда оны эфир басында ойнатуға дайындап қойдым. Әр минут сайын көбірек қобалжу арта түсті.
Содан кейін Маршалл Симмондс сәттілік тілеу үшін мені өз кабинетіне шақырды. Алғыс айтқаннан кейін ол менен:
– Сен қандай атпен шықпақшысың? – деп сұрады.
– Нені меңзеп тұрсыз? – дедім.
– Ларри Зейгер болып қала алмайсың. Тыңдаушылардың естерінде қалмайды, әрі жазылуы да оңай емес. Саған есте қаларлық, жақсырақ ат керек.
Симмондстың үстелінде «Miami Herald» газетінің жарнамалар беті ашылып жатыр еді, ашылған бетте Кинг компаниясының ликерлерінің көтерме сатылымының жарнамасы тұрды. Маршалл көзін төмен түсіріп:
– Ларри Кинг деген қалай? – деп сұрады.
– Болады.
– Жақсы. Енді сені Ларри Кинг деп атайтын боламыз. Сен «Larry King Live» шоуының жүргізушісі боласың.
Сонымен, менде жаңа жұмыс, жаңа шоу, тіпті жаңа есім де пайда болды. Жаңалықтар тоғызда басталады. «Larry King Live» шоуын әлемге жария етуге барлығы дайын, ал мен болсам өзімді аузыма су толтырып алған адамдай сезіндім.
Шағын станцияларда әдетте бар жұмысты жүргізушінің өзі жасайтын болғандықтан, мен әнді өзім қостым. Содан кейін сөйлей бастау үшін әнді бәсеңдеттім. Бірақ ештеңе айта алмадым.
Сол себепті әннің даусын қайта көтеріп, қайтадан төмендеттім. Әлі бір сөз де айтқан жоқпын. Бұл тағы үшінші рет қайталанды. Тыңдаушыларымның бар естігені – әннің біресе қатты, біресе ақырын ойнағаны.
Мен өзіме қателескенімді, сөйлегенді ұнатсам да, оны кәсіби түрде жасауға дайын емес екенімді айтқаным әлі есімде. Маған радиодағы жұмыс ұнайтынын білдім, бірақ мен оған дайын емес екенім анық болды. Радиода жүргізуші болуға батылым жетпеді.
Ақырында маған осындай керемет мүмкіндік берген өте мейірімді жан Маршалл Симмондс шыдамы жетпей жарыла жаздады. Ол мен отырған студияның есігін теуіп баса көктеп кірді де, маған былай деді: «Бұл жерде сөйлеу керек!»
Содан кейін ол бұрылып, сыртқа шығып, артынан есікті тарс жауып кетіп қалды.
Сол сәтте мен микрофонға қарай жақын келіп, диктор ретінде алғаш рет сөйлей бастадым:
– Қайырлы таң! Бұл – менің радиодағы алғашқы күнім. Мен әрдайым эфир жүргізуді армандап келдім. Демалыс күндері тоқтаусыз дайындалдым. Он бес минут бұрын маған жаңа есім берілді. Орындалатын тематикалық ән де дайын еді. Бірақ менің аузым құрғап кетіп, қатты қобалжыдым. Ал бас менеджер болса есікті теуіп ашып: «Бұл жерде сөйлеу керек!» – деді.
Тым болмаса осы сөздерді айта алғанымның өзі менің бойымда бағдарламаны ары қарай жалғастыруға сенімділік ұялатты, ал шоудың қалған бөлігі жақсы өтті. Бұл менің спикер ретіндегі мансабымның басы болды. Осыдан кейін мен радиода ешқашан қобалжыған емеспін.