Читать книгу Кез келген адаммен, кез келген уақытта және кез келген жерде сөйлесу өнері: Тиімді тілдесу құпиялары - Ларри Кинг - Страница 9

1
101 әңгіме
Табысқа жету формуласының құрамдас бөліктері

Оглавление

Дұрыс көзқарас, яғни бастапқыда ыңғайсыз болуы мүмкін болса да, сөйлеуге деген ұмтылысты жоғалтпау – жақсы спикер болудың тағы бір негізгі ингредиенті. Сол Майамидегі радио студиясындағы сәтсәздіктен кейін, менде осындай көзқарас қалыптасты. Бар қобалжуларымды басқаннан кейін, мен екі нәрсені жасауға міндеттендім:

1. Мен «сөйлеуді» ары қарай жалғастырамын.

2. Сөйлеу қабілетімді жақсарту үшін барымды саламын.

Мақсатыма жету үшін мен істемеген зат қалмаған шығар. Мен таңғы шоудың жүргізушісі болдым, ауа-райы болжауын жүргіздім, күндізгі спорт репортері болып жұмыс істедім, бизнес жаңалықтарын да жүргіздім, сөз де сөйледім. Егер біреу ауырып қалса немесе демалыс алғысы келсе, мен эфирге көбірек шығу үшін екі ауысымда жұмыс істеуге келісетін едім. Мен тікелей эфирде көбірек болу үшін бар мүмкіндікті қолдануға тырыстым. Менің мақсатым эфирге шығып, табысты болу еді, сондықтан мен өзіме Тед Уильямстің тағы жаттығу керек деп ойлаған кезде қосымша жаттыққанын айтып, көбірек жаттығуға тырыстым.

Сөйлеп үйрену үшін де жаттығу керек. Қазіргі таңда кітаптар мен дұрыс сөйлеуді үйрететін бейнебаяндардан басқа, сіз өзіңіз жасай алатын көп нәрсе бар. Мысалы, өз үйіңізде немесе пәтеріңізде өз-өзіңізбен дауыстап сөйлесіп көрсеңіз болады. Мен жиі болмаса да солай істеймін. Мен жалғыз тұрамын, сондықтан анда-санда кенеттен кейбір сөздерді немесе кейінірек шоуларымның біріне деп дайындаған мәтінді дауыстап айтатын кездерім болады. Ұялудың ешқандай себебі жоқ, өйткені бәрібір үйімде менен басқа ешкім тұрмайды. Жалғыз тұрмасаңыз да, мен сияқты жасап көре аласыз. Жалғыз қалу үшін басқа бөлмеге не жертөлеге барып немесе көлік айдаған уақытты пайдалансаңыз болады. Осылайша сіз жақсырақ сөйлеу үшін жаттыға аласыз.

Сіз сондай-ақ айна алдында тұрып, өз бейнеңізбен сөйлесе аласыз. Бұл әсіресе көпшілік алдында сөйлеу қабілетін жақсартуға тырысатын адамдар кеңінен қолданатын әдіс.

Соған қарамастан, бұл әдіс күнделікті сөйлесу үшін де жарамды. Бұл сізге көзбе көз байланыс орнатуды үйретуге көмектеседі, өйткені сіз айнадағы қарама-қарсы бейнеге қарап тұрасыз.

Келесі әдіс туралы естімес бұрын мені есінен ауысқан деп ойламауыңызды сұраймын, себебі ол әдіс сізге итіңізбен, мысығыңызбен, құсыңызбен немесе алтын балығыңызбен сөйлесуді ұсынады. Үй жануарларымен сөйлесу арқылы басқа адамдармен қарым-қатынас жасауды үйренуге болады, әрі олар сіздің сөзіңізді бөледі немесе сөз қайтарады деп алаңдамайсыз.

Сөйлеу қабілетіңізді жақсартуға деген ұмтылыстан бөлек жақсы спикер болу үшін қажет тағы екі ингредиент бар: сөйлесушіге деген қызығушылық пен ашықтық.

Менің ойымша, «CNN»-дегі түнгі ток-шоуларымның көрермендері менің қонақтарыма қызығушылық танытатынымды жақсы біледі. Мен олардың көздеріне тіке қарауға тырысамын. (Мұны істей алмау көптеген адамдар үшін сәтсіздік болып саналады, біз оны кейінірек талқылаймыз.) Содан кейін ғана келген қонаққа жақын отырып, оларға өздері туралы сұрақтар қоямын.

Мен өз шоуларымның барлық қатысушыларын құрметтеймін – президенттер мен атақты спортшылардан бастап, «Muppets» шоуындағы Бақа Кермит пен Мисс Пиггиге дейін – иә, олар да менің шоуларыма қатысқан.

Адамдармен сәтті сөйлесу үшін сіздің олардың не айтпақшы екеніне қызығушылық танытып, құрметтеуіңіз маңызды. Уилл Роджерстің кезінде айтқаны:

«Бәріміздің білмейтініміз көп – тек әр түрлі тақырыптар аясында». Осы сөздерді жұмысқа бара жатқан жолда кездестірген бір адаммен немесе он миллион адамнан құралған аудитория алдында шоу қонағымен сөйлесіп жатсаңыз да есте сақтаған жөн. Басқаша айтқанда – әркім бір нәрсенің маманы. Әркімнің сөйлескенді ұнататын кем дегенде бір тақырыбы бар.

Басқа адамдардың білімін әрқашан құрметтеңіз. Тыңдаушыларыңыз әрқашан сіздің оларға деген көзқарасыңызды байқайды. Егер оларды құрметтейтініңізді сезінсе, сіз сөйлеген кезде мұқият тыңдайтын болады. Ал керісінше болған жағдайда, сіз айтқан немесе жасаған ештеңе оларды қызықтырмайтын болады.

Менің табысқа жету формуламның соңғы бөлігі – ашықтық. Мысал ретінде радиоға алғаш шыққан кездегі қорқынышты жеңуге көмектескен ашық мойындауымды келтіруге болады. Маңызды ереже – басқалардың сізге қалай қарағанын қаласаңыз, сіз де оларға солай қарауыңыз керек. Бұл ереже әңгімеге де қатысты. Сіз өзіңіздің әңгімелесушілеріңізбен олар сізбен бірге болғысы келетіндей ашық және шынайы болуыңыз керек.

Бұл сіз үнемі өзіңіз туралы айта беруіңіз немесе жеке құпияларыңызды жария етуіңіз керек дегенді білдірмейді. Шындығында, барлығы керісінше. Көршіңіздің денсаулығына қатысты қиындықтары туралы тыңдағыңыз келе ме? Немесе әріптесіңіздің демалыс күндерін қайын енесімен өткізгені жайлы ма? Тыңдағыңыз келмейтін шығар, сондықтан мұндай тақырыптарды қозғамаған жөн.

Сонымен қатар, сіз басқа адамнан сұрайтын ақпаратты өз тарапыңыздан да бөлісуге дайын болуыңыз керек.

Адамдарға өткеніңіз туралы, ұнататын және ұнатпайтын нәрселер туралы айту – сөйлесудің негізгі бөліктерінің бірі. Біз осы тақырыптар арқылы адамдарды танимыз.

Реджис Филбин мен Кэти Ли Джиффорд – қонақтарымен сөйлескен кезде өздері туралы ашық сөйлейтін адамдардың жақсы мысалдары. Олар сізбен оңай әрі жеңіл сөйлеседі және өз талғамдарын көрсетуден немесе өздері туралы сөйлеуден қорықпайды. Көрермендердің бар назарын өздеріне аударуға тырыспайды. Егер бағдарламаның сюжеті немесе қонақтың әңгімелері олардың көңіліне әсер еткен болса, өз эмоциялары мен сезімдерін көрсетуден ұялмайды. Реджис пен Кэти Ли бағдарлама сюжеті немесе қонақтың айтқан әңгімесі қандай да бір сезім, қорқыныш немесе қайғы тудыратын болса сентименталды болудың еш жаман жері жоқ екенін анық біледі. Студиядағы көрермендер мен бағдарламаны теледидардан көріп отырған адамдар мұны көріп, олардың ашықтығы мен айқын шынайылығын сезеді.

Менімен бірнеше минуттан артық сөйлескен кез келген адам мен туралы кем дегенде екі нәрсені біледі: 1) мен Бруклинненмін және 2) мен – евреймін.

Олар мұны қайдан біледі? Өйткені мен өзімнің өткенімді өзім сөйлескен барлық адамдармен бөлісемін. Бұл – менің бір бөлігім. Мен еврей екенімді де, Бруклиннен екенімді де мақтан тұтамын. Осылай мен өткенім жайлы көп айтамын және өткенім туралы адамдармен бөліскенді ұнатамын.

Егер мен кекеш болсам, мен оны да сөйлесіп отырған адаммен бөлісер едім. «Т-т-танысқаныма қ-қ-қуаныштымын. М-м-менің атым Ларри Кинг. Мен к-к-кекештеніп сөйлеймін, бірақ сізбен сөйлескеніме қуаныштымын»

Осылайша, сіз өзіңіз туралы айтып бересіз. Енді сөйлесуден қорқудың еш себебі жоқ, өйткені сіз өз жағдайыңыз жайлы айтып қойдыңыз. Тіпті сіз айтпасаңыз да басқалар бәрібір оны байқайтыны анық. Бұл сіздің кекештенуіңізді емдемейді, бірақ бұл сізге жасқанбай сөйлеуге, сондай-ақ сіз сөйлесе бастаған адамның құрметіне ие болуға көмектеседі.

Кантри-вестерн әншісі Мел Тиллис те осы әдісті қолданады. Ол ән айтқан кезде кекештігі білінбегенмен, сөйлеген кезде байқалады. Бірақ Мелдің атақты әнші болуына кекештігі кедергі болған жоқ. Керісінше, ол бұл туралы ашық айтады, әзілдейді және өзін-өзі еркін ұстайды.

Менің Флоридадағы телешоуымда белгілі бір сөйлеу ақауымен дүниеге келген қонақ болды, сондықтан оны түсіну қиынға түсті. Алайда ол менің шоуыма қатысып, өзі туралы айтуға қуана келісті. Кейбір адамдар кемшілік деп санайтын ерекшелігіне қарамастан, ол мультимиллионер атанды. Мультимиллионер болу үшін не істеді деп ойлайсыз? Ол өз жолын қарапайым сатушы болып бастаған. Ең маңыздысы, ол өзі сөйлескен адамдардан айқын нәрсені жасыруға тырыспай, керісінше өзінің «күлкілі сөйлейтінін» мойындайтын. Соның арқасында сәттілікке қол жеткізді.

Кез келген адаммен, кез келген уақытта және кез келген жерде сөйлесу өнері: Тиімді тілдесу құпиялары

Подняться наверх