Читать книгу Білім беру аймағындағы конфликтология - Әлия Құдайбергенова - Страница 2
1 – бөлім
КОНФЛИКТОЛОГИЯНЫҢ ЖАЛПЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ
1. Конфликтер туралы көзқарастарға тарихи шолу
Оглавление1.1. Конфликтер туралы ертедегі көзқарастар.
1.2. Жаңа уақыттың тарихи аясындағы конфликтер туралы көзқарастар (ХVIIІ-ХІХ ғ.).
1.3. Конфликтер талдауындағы марксистік әлеуметтану мен марксистік емес дәстүр.
1.4. Заманауи тұжырымдамалар.
1.1. Конфликтер туралы ертедегі көзқарастар
Өткен ғасырлардағы тарихшылар, жазушылар мен философтардың миф пен аңыздарында, идеялары мен пікірлерінде мыңдаған, кейде қарама-қайшы ескертулер мен түрлі-түрлі конфликтердің себептері мен оларды жеңудің жолдары қамтылады. Сол кездері конфликтерді шешудің негізгі тәсілі көсемдер мен басшылардың «қасиетті» билігін қолдану болып табылды. Алайда тұлғалық ерте мемлекеттік құрылымдардың қалыптасуы әрдайым тәртіп орната алмады, керісінше, көп жағдайда әлеуметтік әділетсіздікті шиеленістірді, өмір үшін күресті күшейтті.
Әлеуметтік конфликтердің табиғатын ұтымды түрде ұғынуға деген алғашқы талпыныстар ежелгі грек философтарына қатысты болып табылады. Танымал көне философ-диалектик Гераклит (б.э.д. 530 – 470 жылдары өмір сүрген) соғыстар мен конфликтер туралы өзінің пікірлерін әлем табиғатына қатысты пікірлердің жалпы жүйесімен байланыстыруға тырысты. Ол үшін барлығы мәңгілік айналып оралу мен өзара өзгеріске тап болған еді, сонымен қатар адамзат қарым-қатынасының ережелері де – әлемде барлығы дұшпандық пен араздық арқылы дүниеге келеді. Ғарышта билік жүргізетін жалпыға бірдей жалғыз заң – бұл «соғыс – барлығының әкесі әрі барлығының патшасы». Кейбіреулер үшін ол құдай болуды, ал келесі біреулер үшін адам болуды анықтап берсе, біреулерді ол құл етсе, келесілерін еркін етті [1, 89]. Гераклиттің бұл сөздері қоғамдық даму үдерісінде күрестің жағымды рөлін оңтайлы түрде негіздеуге жасалған талпыныстардың бірі болып табылады. Мұнда конфликтер қоғамдық өмірдің атрибуты, қоғамдық дамудың міндетті әрі маңызды шарты ретінде қарастырылады. Барлық заттардың негізі ретіндегі конфликтер мен күрес туралы Гераклит идеяларын ежелгі философ-материалист Эпикур да (б.э.д. 341 – 270 ж.) айтқан. Гераклиттен айырмашылығы, оның ойынша, қақтығыстың негативті салдары адамдарды қандай да бір уақытта тұрақты бейбітшілік жағдайында өмір сүруге итермелейді. Осылайша, қоғамдағы конфликтісіз жағдай туралы армандар алғашқы теориялық пікірлермен толықтырылды.
Христиандық философия Інжіл өсиеттеріне сәйкес (әсіресе дамуының бастапқы кезеңінде) адамдар арасындағы бейбітшілік, келісім мен бауырластықтың артықшылықтарын дәлелдеуге тырысты. ІІ-ІІІ ғасырларда оның көрнекті өкілдері қарулы қақтығыстарға қарсы бағытталған дәлелдемені дамытты, бірақ ол тарихи дамудың табиғи барысына маңызды әсер ете алмады. Алайда ІУ ғасырдың басында соғыстың «Христ ілімімен» сәйкессіздік қағидаты шүбә келтірді.
Әлеуметтік конфликтердің күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы бағаларын Қайта өрлеу дәуірі берді, орта ғасырдан Жаң ауақытқа өтуші Батыс және Орталық Еуропа елдерінің қарқынды мәдени және идеялық даму кезеңі. Осы кезде Т. Мор, Э. Роттердамский, Ф. Рабле, Ф. Бэкон секілді танымал гуманистер әлеуметтік қақтығыстар мен қарулы конфликтерді айқын айыптаған болатын.
Эразм Роттердамский (1469-1536), нақтырақ айтсақ, «білмейтіндер үшін соғыс тәтті» деген ойды айтып қана қоймады, сондай-ақ ол ел тұрғындарының барлық жаңа топтарын өз орбитасына қамти отырып, тізбекті реакция секілді өрши түсетін басталған конфликтің жеке қисыны бар екенін атап көрсетті.
Олар ұқсас рухани позицияда тұрса да, танымал гуманист конфликте қарсыласқан тараптарды татуластыру қиындығына ерекше мән берді. Ол Христостың өзімен-өзі күресіп жатқандай екі дұшпандық лагерьде де болуын ең үлкен сандырақ екенін атап көрсетті.
Ағылшын философы-материалист Френсис Бэконның (1561 – 1626) конфликт табиғаты туралы айтқан пікірлері қызықты, себебі ол алғашқы болып әлеуметтік тәртіпсіздіктердің материалдық, саяси және психологиялық шарттарын, сондай-ақ олардың мүмкін болған шешімдерін талдай отырып, ел ішіндегі конфликт себептерінің жиынтығын түбегейлі теориялық талдады. Бэкон үшін әлеуметтік тәртіпсіздіктердің туындауындағы материалдық себептердің шешуші рөлін терең бағалау тән болатын. Солардың біріне ол халықтың ауыр материалдық жағдайын жатқызды.
Конфликтердің саяси себептерін қарастыра отырып, тақсырлар өз мемлекеттерімен байланысты екенін және барлық мәселені өз еркі мен қалауы бойынша шеше отырып, қауым мен сенат пікірін елемеуге жол бермеу қажет екендігін Бэкон айтып өтті. Басқарудағы саяси қателіктерден басқа ол әлеуметтік тәртіпсіздіктің бірнеше психологиялық себептерін атап өтті. Бұларға, жекелеп айтар болсақ, «тақсырдың айтқан өткір әрі шақпалы сөздері», «қоғамдық өмірдегі көре алмаушылық», «жала жабатын және қастандық сөздер, сондай-ақ жиі туындайтын әрі іліп әкететіндей үкіметті жаман атқа қоятын жалған өсектер» жатады.
«Әрбір сырқат түрінің» өз дәрісі болатынын ескере отырып, Бэкон конфликтерді ескертудің нақты тәсілдеріне мән берді. «Дәрінің алғашқы түрі» деп ол әлеуметтік конфликтердің материалдық себептерін барлық мүмкін болған тәсілдермен жоюды атап өтті, олардың арасында қоғамдағы жекелеген қауымның қанағаттанғысыз жағдайы ерекше рөл атқарады. Әлеуметтік қақтығыстардың алдын алудың маңызды тәсілі деп Бэкон саяси оңтайландыру өнерін атап өтті.
1.2. Жаңа уақыттың тарихи аясындагы конфликтер туралы көзқарастар (ХVIII-ХІХ г.)
XVIII ғасырда ағылшын демократтары мен француз ағартушылары В.Д. Пристли, Ш. Монтескье, Д. Дидро, Ж.Ж. Руссо, Вольтер қарулы конфликтерді ашық сынап, бағындыру мен күштеуді айыптады. Қарулы конфликтерді олар «жабайылық дәуірінің» қалдығы ретінде қарастырды және қалыптасқан феодалдық қағидаларды жою ғана «мәңгілік бейбітшілікке» алып келеді деп ойлады. Осы кезеңдегі жұмыстарда қоғамдық өмірді ұйымдастырудың рационалды формаларын іздеуге көп көңіл бөлінді.
Осы кезеңнің ойшылдары әлемдік дамудың біртұтас қисынын түсінуге, бүкіләлемдік тарих аясында қоғамдық өмірді бағалауға тырысты.
Осы аталған қасиеттер әсіресе Жан Жак Руссоның (1712 – 1778) әлеуметтік философиясында жарқын көрініске ие болды. Дүниежүзілік тарихи үдеріс оның еңбектерінде үш құрамдас кезге бөлінеді: алғашында адамдар еркін әрі тең болатын «табиғи жағдай» орын алады, сосын өркениеттің дамуы адамдар тарапынан теңдік, еркіндік пен бақыт жағдайының жойылуына алып келеді, соңғысы «қоғамдық келісім» түзе отырып, адамдар қоғамдық қарым-қатынастағы жоғалған үйлесімділікке, «мәңгі бейбітшілікке», келісім мен бірлікке қайтадан қол жеткізеді.
Ж.Ж. Руссоның қоғамдағы «табиғи жағдай» табиғаты туралы көзқарастарын оның көпшілік замандастары қолдамады. Атақты неміс философы Иммануил Канттың (1724 – 1804) пікірінше, «көршілес тұратын адамдар арасындағы бейбітшілік жағдайы табиғи жағдай болып табылмайды» … соңғысы, керісінше, соғыс жағдайы болып табылады, яғни егер ұдайы дұшпандық әрекеттер болмаса, олардың тұрақты қатері болады. Сондықтан бейбітшілік жағдайы орнатылуы керек» [4, 501].
Сондай-ақ мұнда «табиғи жағдайды», бір жағынан, «барлығының барлығына қарсы соғыс» жағдайы, екінші жағынан, Руссоға да тән, болашақта бейбітшіліктің түбегейлі жаңа жағдайын қалыптастыру мүмкіндігіне деген үміт ретінде қарастырған То – мас Гоббсқа тән қарама-қайшы көзқарасты байқауға болады.
Жаңа уақыттың тарихи аясында әлеуметтік конфликтердің себептері мен оларды жеңу перспективалары туралы түрлі пікірлер де айтылды. Алайда пікірлерді әртүрлілігіне қарамастан, қоғам дамуындағы адамдар арасындағы келісім; ортағасырлық бүліншілік, тәртіпсіздік пен соғыстардың жалпы жағымсыз бағасы, сондай-ақ болашақ «мәңгілік бейбітшілікке» деген үміт шешуші рөл ретінде мойындалды.
XIX ғасырда соғыстар мен әлеуметтік конфликтер бағасына деген өзге көзқарас байқалды. Ең алдымен, Гегель қоғамның дамуындағы соғыстардың жағымды рөлі туралы барынша нақты пікірін білдірді [5, 348].
Қоғамдық дамудың күрделі үдерістерін, сондай-ақ қоғам өміріндегі әлеуметтік конфликтердің рөлін барынша тереңірек түсіну тарихи үдерістің барысымен объективті баяндалды. XIX ғасырда ол экономикалық, саяси, рухани және қоғамдық өмірдің басқа да салаларындағы қарқынды өзгерістермен қатар жүзеге асырылды, бұл жағдай әлеуметтік теория мазмұнына әсер етпей қоймады.
Осы теориялардағы қоғамдық даму кезіндегі күрес, конфликтер мен қақтығыстар тек мүмкін жағдай ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік болмыстың құбылысы ретінде көрініс табады. Сондай-ақ конфликтердің мәңгілік себептерінің, олардың жоюға болмайтын салдарының бар екендігін негіздеуге тырысатын теориялар пайда болады.
Ағылшын экономисі, дін қызметшісі Томас Мальтустың (1766 – 1834) «Тұрғын халықтың заңы туралы тәжірибе» (1789) атты еңбегінде елде арта түскен жұмыссыздық секілді танымал фактінің жаңа түсіндірмесі ұсынылған. Халықтың апатын табиғаттың «мәңгілік» биологиялық қасиеті деп түсіндіре отырып, Т Мальтус «табиғи заң» қалыптастырды, оған сәйкес халық саны геометриялық, ал өмір сүру тәсілі арифметикалық үдемелілікте өсті. Сол арқылы еңбек етушілердің ауыр жағдайының себептерін ол өндірістік бетбұрыстың тарихи салдарында емес, тұрғындардың «қисынсыз» көбеюі секілді «жеңілтек әдетінде» тапты. Қоғамдық дамудың үдерістеріне деген осындай көзқарас адамдардың өмір сүру тәсілі үшін күресін анық құбылыс етті, ал әртүрлі конфликтер осы теория тұрғысынан қоғамдық дамудың тұрақты факторы болды.
Ағылшын биологы Чарльз Дарвиннің (1809 – 1882) еңбектерінде негізгі орынды өмір үшін күрес мәселесі алып отыр. Оның биологиялық эволюция теориясының негізгі мазмұны «Табиғи сұрыптау жолымен түрлердің пайда болуы немесе Өмір үшін күресте асыл тұқымдарды сақтау» атты 1859 жылы басып шығарылған кітапта жазылған. Оның негізгі идеясы еңбектің тақырыбының өзінде берілген тірі табиғаттың дамуы тірі қалу үшін тұрақты күрес жағдайында жүзеге асады, бұл барынша бейімделген түрлерді сұрыптаудың табиғи механизмін құрайды.
Өмір үшін күреске негізделген қағидатқа ұқсас, алайда социологиялық тұжырымдаманы Герберт Спенсер (1820 – 1903) жасап шықты, барынша бейімделген индивидтердің тірі қалу қағидатын қоғамның негізгі заңы деп есептеді. Осы тұжырымдамаға сәйкес тайталас жағдайы әмбебап болып табылады, себебі ол тек жекелеген қоғам аясында ғана емес, сонымен қатар қоғам мен табиғат аясында да тепе-тендікті қамтамасыз етеді. Конфликт заңы, осылайша, жалпыға бірдей және негіз болатын заң ретінде қызмет етеді.
Сондай-ақ Г. Спенсер тұжырымдамаларында қоғам дамуының шегі де анықталған. Халықтар мен нәсілдер арасында толық тепе-теңдік орнағанша олар бақылауда болады.
Конфликті теориялық талдаудағы жаңа уәждер әлеуметтік дарвинизм өкілі австриялық поляк, заңгер Людвиг Гумпловичтің (1838 – 1909) шығармашылығында пайда болды. Ол дүниежүзілік тарих – нәсілдердің өмір үшін тұрақты күресі екендігін мойындай отырып, нәсілдік айырмашылықтардың мәнін биологиядан емес, мәдениет ерекшеліктерінен табады. Конфликтердің қайнар көзін тек адам табиғатынан ғана емес, сонымен қатар түрлі мәдениеттердегі әлеуметтік құбылыстардан іздеу керек. Мұнда конфликтің өзі өмірдің нақты мәдени формаларының ерекше қажеттіліктеріне сәйкес келе отырып, қиян-кескі ұрыстан парламенттік дебатқа дейінгі түрлі бояуға ие болады.
Л. Гумпловичтің пікірінше, конфликтер жалғыз маңызды әлеуметтік үдеріс болып табылмайды. Әлеуметтік бірліктің маңызды емес үдерісі негізінде мемлекеттің ірі әлеуметтік қауымдастықтары туындайды. Алайда конфликт мұнда да шешуші рөл атқарады, себебі әлеуметтік топтар конфликт нәтижесінде ғана бірігеді. Жаңа әдет-ғұрыптардың бірлігіне тек жекелеген топтар арасындағы күрестің нәтижесінде ғана қол жеткізуге болады.
Әлеуметтік конфликт табиғаты туралы Гумпловичтің көзқарастарын үш негізгі тезиске бөліп қарастыруға болады:
– конфликтер тарихи үдерістің мәні болып табылады; оның сипаты түрліше болғанымен, олар даму факторы болып саналады;
– қоғамның билік етуші және бағынушы деп бөлінуі мәңгілік құбылыс болып табылады, соған орай, конфликт те мәңгі;
– конфликтер қоғамның бірлігіне, сонымен қатар кең бірлестіктердің пайда болуына түрткі болады.
Қазіргі танда әлеуметтік дарвинизм идеясының өкілдері жоқ. Жалпы алғанда, олар қоғамдық дамудың қазіргі теориясын жасау үшін тірі материалдан гөрі, тарих мүлкі саналады.
ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында конфликт мәселелер жиынтығына әлеуметтану барынша әсер етті, оның әлеуметтік философиядан айырмашылығы қатал ғылыми әдістер көмегімен алынған нақты мәліметтерді қорытындылау негізінде теориялық құрылымдарға өтеді. Статистикалық қорытындылар, анкеталық сұрақтар, салыстырмалы-тарихи қорытындылар, зерттелініп жатқан үдерістердің теориялық үлгісін жасау секілді ғылыми зерттеу әдістері көптеген қоғамдық құбылыстардың, сонымен қатар конфликті жағдайларды танудың қажетті тәсілі болды.
Ғасырлар тоғысында пайда болған әлеуметтанудың өкілдерінің бірі Георг Зиммель (1858 – 1918) – неміс әлеуметтанушысы, ол ғылыми айналымға «конфликт әлеуметтануы» терминін енгізді. Ол әлеуметтік қарым-қатынас пен өзара әрекеттің «таза формаларын» талдаумен айналысуды ұсынды. Конфликт қоғамдық өмірдің маңызды формасы болып табылады, себебі ол әлеуметтік ықпалдастыққа түрткі болады, нақты әлеуметтік түзілістердің сипатын анықтайды, оларды ұйымдастыру қағидаттары мен нормаларын күшейтеді.
Г. Зиммельдің теориялық көзқарастарын XX ғасырдың 20-жылдары Чикаго мектебінің әлеуметтанушылары да қолдады, оның көрнекті өкілдері Роберт Эзра Парк (1864 – 1944), Эрнест Уотсон Берджесс (1886 – 1996), Аббион Вудбери Смол (1854 – 1926) болды. Олар әлеуметтік үдерісті өзара әрекеттің өзара байланысты төрт тип аспектісінде қарастырады: жарыс, конфликт, бейімделу мен ассимиляция. Конфликт аталған позицияда орталық мәнге ие, себебі жарыстан бейімделу мен ассимиляцияға өтуге арналған ерекше мостикті білдіреді, осылайша, әлеуметтік өзгерістердің маңызды қайнар көзі болып табылады.
1.3. Конфликтер талдауындагы марксистік әлеуметтану мен марксистік емес дәстүр
Марксистік әлеуметтану XIX ғасырдың өзінде қоғамдық даму үдерістері туралы үстем болатын көріністерге маңызды түзетулер енгізді.
Марксизм қоғамдық үдерістерді танудың барлық деңгейлерінде маңызды, жалпыға ортақ және нақты-тарихи, социологиялық және саяси-әлеуметтік конфликт, қақтығыс пен антагонизмді мүмкін болатын, ал өткір таптық күресте антагонистік түзіліс аясында қоғамдық өмірдің болуы сөзсіз құбылыстары ретінде мойындайды.
Сонымен қатар марксизм өз уақытының орныққан пікірінің шегінен шыға алмады. XIX ғасыр дәуірінің көптеген нанымдары «аталған жүйелі революциялық теорияда» белгісіз болып қалды. Осындай нанымдардың бірі қоғамның өмірінен болашақта әлеуметтік конфликтерді шығарып тастау мүмкіндігіне сенім болды.
XIX ғасырдағы марксизм революциялық әрекетке әрдайым ерекше ықылас білдірді, қандай да бір деңгейде сол кездегі дәуір тарапынан ақталған. Маркстің революциялық шабыты буржуазияның үдемелігінің жалпы құлдырауына және революцияның жанама өнімі ретіндегі реформаға қатысты көзқарасқа қате қорытынды жасауға алып келді.
XX ғасырдың бірінші жартысында марксизмнің әсерінсіз ғылыми бағыт қалыптасты, оның өкілдері (М. Вебер, В. Парето, Г Моска, Ж. Сорель, Ф. Оппенгеймер, А. Бентли) қоғамдық өмірдегі келісім мен тұрақтылықты ғана емес, сондай-ақ конфликт пен өзгерістерді зерттеу қажеттілігіне арнайы назар аударды.
Макс Вебер (1864 – 1920) – сол уақыттағы заманауи капитализмнің зерттеушілері қатарындағы барынша ірі тұлға. Оның пікірінше, қарама-қайшылығының мәні дәстүрлі және заманауи капитализм секілді буржуазиялық қарым-қатынасты ұстанушылардың мәдениеті жағынан сәйкес келмейтін екі типі арасындағы шиеленіскен конфликтік қақтығыста деп білді. Тек соңғысы ғана прогрессивті, ол кәсіпкерлікте аса қажетті және «мұңсыз өмір және өмірден рахат алумен сәйкес келмейтін» еңбек қарқындылығының шексіз өсуін болжады. Неміс зерттеушісі социализмде капитализм қарама-қайшылығының шешімін емес, керісінше, мәселенің асқындауын көрді.
Вильфредо Парето (1848 – 1923) – итальян зерттеушісі, өзінің элита теориясымен танымал болды. Адамның иррационалды табиғатын ескере отырып, В. Парето адамилық тек ақыл-парасаттан емес, сонымен қатар сол парасаттылықты өзінің ашкөз мақсаттарында қолдану мүмкіндігінен тұрады деп есептеді. Нәтижеде адами мінез-құлық ұқсас сипатқа ие, ал адамдар өздерінің әрекеттерінің шынайы уәжін жасыру үшін түрлі қоғамдық теорияларға сүйенеді. Кез келген қоғамдық теориялар, кез келген идеологиялар сезім, құштарлық және эмоциялармен жеткізілген белгілі бір әрекеттердің қисынды құрылымының сыртында жасырынған шымылдық секілді болып табылады. Осылайша, адамзат психикасының иррационалды қабаты адамдардың әлеуметтік мінез-құлқын анықтайды.
Элитаны ауыстыру және олар арасындағы күрес Парето бойынша қоғамның өзінің мәнін құрайды. Көптеген және түрлі конфликтер оның даму үдерісін тұрақты түрде алып жүреді, алайда олардың рөлі мен мәні басқарылатын элитаның даму кезеңдеріне байланысты болады. Олар динамикалық тепе-теңдіктің жағдайын қолдай отырып, саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, алайда элитаның ауысуы мен олардың тұрақты «айналымын» қамтамасыз ете отырып, революциялық сипаттағы радикалдық өзгерістерге алып келуі де мүмкін.
Паретомен қатар элитаның қазіргі теориясының жасаушысы саясаттанудың негізін қалаушылардың бірі итальян заңгері Гаэтано Моска (1858 – 1941) болып табылады. Моска қоғамның екі тапқа бөлінуін мәңгілік жағдай деп ойлады: барлық мемлекеттік қызметтерді өз мойнына алатын және осыдан туындайтын артықшылықтарды пайдаланатын үстемдік ететін «саяси тап» және басқарылатын тап – дұрыс ұйымдастырылмаған көпшілік. Моска билік ешқашан халық билігі бола алмайды, ол тек халық мүддесі үшін қызмет етуі мүмкін деп есептеді.
Қоғамдық даму үдерісіндегі маңызды орынды француз әлеуметтанушысы және философы Жорж Сорель (1847 – 1922) саяси күрес пен күштеуге берді. Ол күштеуді басқарудың негіз болатын формасы және тарихтың жоғары шығармашыл бастауы деп қарастырды.
Конфликтің біршама өзгеше типтегі саяси тұжырымдамасын Германияда Франц Оппенгеймер (1864 – 1943) жасап шықты. Оны мемлекеттің шығу тегі және онда болатын әлеуметтік үдерістердің ерекшеліктері секілді мәселелер ерекше қызықтырды. Таптардың пайда болуын түсіндіруші және мемлекет теорияларын әлеуметтік, экономикалық дамудың ішкі факторларымен өткір сынға ала отырып, оларды теория мен практикадағы барлық социологиялық қастықтың қайнар көзі деп хабарлады.
Еуропалық ойшылдардың теориясынан айырмашылығы бар саяси тұжырымдаманы америкалық Артур Бентли жасап шықты. Оны қоғамдағы саяси қызмет үдерісі ретіндегі саяси өмірдің өзі қызықтырды. А. Бентли тұжырымдамасының негізгі ұғымы топ түсінігі, сонымен қатар саяси топ болып табылады. Саяси топтар әрекет ете отырып, өз мүдделерін жүзеге асырады. Белгілі бір мүдделер тобының саяси өкілдері секілді саяси партиялар белгілі бір әлеуметтік қоршауда әрекет етеді, мұнда олармен бірге мүдделердің өзге де топтары әрекет етеді. Мүдделердің түрлі топтарының қақтығысынан қоғамның саяси өмірі қалыптасады.
Сонымен, қоғам дамуының әлеуметтік-саяси және құқықтық тұжырымдамаларында ХІХ-ХХ ғасырларда конфликт проблематикасына деген теориялық қызығушылық анық болды, аталған проблематиканы талдау, негізінен, әлеуметтік дарвинизм және марксизм, батыстық әлеуметтану, саясаттану мен құқықтанудың әдіснамалық нұсқамалары базасында жүзеге асырылды.
Аталған кезеңнің қоғамдық даму теориясында айтылған негізгі идеялар туралы пайымдай отырып, жалпыға бірдейлік қасиетіне ие және конфликтің заманауи тұжырымдамалары үшін өзектілігін сақтайтын идеяларды ерекше атап өту мақсатқа сай болады:
1. Бұл конфликт қалыпты әлеуметтік құбылыс болып табылады дегенге берік сенім. Адам және қоғам табиғатына тән биологиялық, психологиялық, әлеуметтік және басқа да факторлар көптеген және түрліше конфликтік жағдайларды туғызады.
2. Конфликтер қоғамдық даму үдерісінде бірқатар жағымды қызметтер атқарады. Олар қоғамдық өмірдің жалпы үдемелі қозғалысын қамтамасыз етеді, әлеуметтік құрылымдарды сақтауға, жалпыға маңызды нормалар мен әлеуметтік құндылықтарды бекітуге негіз болады.
3. Аталған жағдайды туғызатын қоғамдық даму мен әлеуметтік құрылым типінің конфликтік жағдайы арасындағы байланыс пен тәуелділік мойындалады, яғни құрылымдық конфликтің жағдайы анықталады.
1.4. Заманауи тұжырымдамалар
ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап конфликт проблематикасына деген теориялық қызығушылық бірте-бірте төмендей бастады. Алғашында аталған үрдіс АҚШ-та, сосын Еуропада да байқала бастады. Конфликт проблематикасына талдау жүргізу конфликтік жағдайды шешу әдістемесін талдау аспектісінде жүзеге асырылды. Жекелеген әлеуметтанушылар мен құқықтанушылар қарулы қақтығыстар мен соғыстардың мәселелеріне, ереуілдер мен наразылықтарға қызығушылық танытты, алайда аталғандардың көпшілігі эпизодтық эмпириялық зерттеулер болды. Құрылымдық конфликтердің талдауы жиі психикалық конфликт жағдайын және оны жеңілдету тәсілдерін зерттеумен ауыстырылды. Сол уақыттағы көзқарас тұрғысынан конфликтер мен қақтығыстар ерекше дисфункционалды құбылыстар ретінде ұсынылды. Бұл жағдай жалпы теориялық тәсілдерге әсерін тигізбей қоймады.
Конфликтерге деген жалпы қарым-қатынас цогамның функционалды үлгісінің ХХ ғасырдың 40-жылдары танымал болуына байланысты өзгерді. Функционализм аясындағы қоғамдық өмірге іріткі салу себептерін зерттеу мұнда мысал бола алады. Аталған бағыттың көрнекті өкілі Толкотт Парсонс (1902 – 1979) – америкалық әлеуметтанушы-теоретик, конфликтік құбылыстың талдауына ерекше көңіл бөлді, алайда олардың зерттеуін қоғамдық келісімге қол жеткізу мақсатында интеграциялық үдеріс тұрғысынан жүзеге асырды. Осы көзқарас тұрғысынан конфликт оларға әлеуметтік ауытқу, өз алдына жеңу керек болған ауру түрі ретінде түсіндіріледі.
Парсонстың ұстанымына жақын әлеуметтік конфликт табиғатына деген көзқарасты «адами қарым-қатынас» (риЫіс геіаііопз) мектебінің өкілдері қолдады. Олар үшін индустриялық тұрғыда дамыған мемлекеттер тырысуы керек болған қоғамның табиғи жағдайы үйлесімділік пен әлеуметтік бітімгершілік жағдайы болып табылады.
Аталған мектептің көрнекті өкілі Элтон Мэйо (1880 – 1949) – Гарвард университетінің профессоры, «қазіргі заманның өзекті мәселесі» ретінде жарияланған «өнеркәсіптегі бейбітшілікті» орнатуға түрткі болу қажет деп есептеді. Конфликт ол үшін – қауіпті «әлеуметтік ауру», «қоғамдық денсаулықтың» сенімді белгісі ретінде «әлеуметтік тепе-теңдік» пен «ынтымақтастық жағдайында» одан барынша құтылуға тырысу керек.
Алайда уақыт өте келе «адами қарым-қатынас» мектебінің қызметтерімен байланысты үміттер шамадан тыс болды. Қазіргі өндіріс тәжірибесі жағдайында оның өкілдерінің ұсыныстары жиі сынға ұшырай бастады. ХХ ғасырдың 50-жылдары теориялық бағдарды ауыстыру қажеттілігі толығымен сезілді. Осы себептерге байланысты қоғамның конфликтік үлгісін жасауға қайта оралу байқала бастады.
Осы жылдары, ең алдымен қырғи-қабақ соғыс басыла бастады, уақыт өте келе тарих игілігіне айналды. Халықаралық жағдайдың жақсаруына байланысты ғылыми байланыстар күшейе түсті, марксизмге деген қарым-қатынас біржақты бола бастады.
Әлеуметтік конфликтіге деген теориялық қызығушылық «батыс мәдениетінің» құндылық нұсқауларына қайшы келуші ретінде қабылданбайтын болды. Осы кезде әсіресе индустриалды жағынан дамыған мемлекеттерде өндіріс саласындағы қарым-қатынас та өзгере бастады. Өндірісті автоматтандыру үдерісінің барынша дамыған саласы саналатын ҒТР мемлекеттің экономикалық рөлінің күшеюімен қатар жүрді. Оның институттары өндіріс қарым-қатынасындағы жаңа серіктес ретінде мойындалды. Тұрғындардың ірі топтарының мүдделерін ресми түрде білдірушілер ретінде кәсіподақтардың рөлі күшейді. Мұның бәрі конфликтіге деген көзқарастың өзгеруіне алын келді.
Теориялық парадигманың сол кездегі өзгерісі екі бағытта жүзеге асырылды. Бір жағынан, функционализм сыни тұрғыда ой елегінен қайта өткізілді. Оған деген сын 50-жылдардың соңы мен 60-жылдардың ортасында қоғамдық тұтастықтың тепе-теңдігі, тұрақтылығы мен ықпал етудің анық идеологиялық бағдарына қарсы бағытталған. Функционализмге деген сыни қарымқатынасқа америкалық әлеуметтанушы Роберт Мертонның жұмыстары да түрткі болды. Олар анық және жасырын әлеуметтік қызметтер, сонымен қатар дисфункционалдылық пен әлеуметтік ауытқуларды толық талдаған болатын. Дәл сол 50-60 жылдары әлеуметтік конфликтің заманауи тұжырымдамалары пайда бола бастады. Олардың арасында Л. Козер, Р Дарендорф және К. Боулдинг тұжырымдамалары аса танымалдылыққа ие болды.
Америкалық зерттеуші Льюис Козер қоғамдық тәртіпті және әлеуметтік жүйедегі белгілі бір тұрақтылықты қамтамасыз етудегі конфликтің жағымды рөлін негіздеуге тырысты.
Неміс «посткапиталистік» және «индустриалды қоғам» тұжырымдамасының насихатшысы Ральф Дарендорф 1965 жылы Гер – манияда «Таптық құрылым және таптық конфликт» атты еңбегін жариялады, аталған еңбекте өзінің «қоғамның конфликтік үлгісі» тұжырымдамасының негізін қалады. Дарендорф тұжырымдамасы билік, конфликт пен қарқын әлемі секілді әлемнің «антиутопиялық» бейнесінде құрылды. Егер Л. Козер қоғамның тепе-теңдік теориясын әлеуметтік бірлікті нығайтудағы конфликтің жағымды рөлін мойындауға дейін жасап бітсе, онда Р. Дарендорф конфликті әлеуметтік организмнің тұрақты жағдайы деп білді.
Кеннет Боулдинг америкалық әлеуметтанушы және экономист, «Конфликтің жалпы теориясы» еңбегінің авторы да тірі және өлі табиғаттың барлық көрінісі, индивидуалды және қоғамдық өмір аясында сипаттай отырып, конфликтің біртұтас ғылыми теориясын жасауға тырысты.
Алдыңғы онжылдықтағы дағдарыс оқиғалары қоғамның тепе-теңдік жағдайы туралы идеясына күмән келтірген кезде, 70-жылдары конфликті жағымды жағынан зерттеуге деген бағдар күшейе түсті.
Осы уақытта америкалық әлеуметтанушы, альтернативтік әлеуметтанудың көрнекті өкілі Алвин Гоулднердің (1920 – 1980) қоғамдық дамудың конфликтісіз жағдайы туралы идеясы дамуы ерекше сынға ұшырады. Ол батыс қоғамындағы дағдарыстың терең негізі адамның деперсонализациялануы, әлемге деген біртұтас көзқарастың бұзылуы, білім мен билік арасындағы қарамақайшы қарым-қатынаста деп есептеді.
Ч. Миллс және т.б. жұмыстарында қоғамның конфликтісіз даму тұжырымдамасы ашық сынға ұшырады. Алайда 80-жылдардың басында қайта қол жеткізілген салыстырмалы әлеуметтік тәртіп жағдайы тұрақтандыру бағдарын күшейтуге түрткі болды. Осы үдеріске қазіргі қоғамда жүзеге асып жатқан объективті өзгерістер, жаһандық мәселелер алдында әлемдік қауымдастықтың бірлігіне деген қажеттілік айтарлықтай негіз болды.
Жаһандық (әлемдік) келелі мәселелерінің жиынтығын зерттеудің қажеттілігіне алғашқы болып назар аударғандар және осы мақсатта түрлі әлем елдерінің саяси және қоғамдық қызметкерлері, ғалымдарының күштерін біріктірген халықаралық үкіметтік емес ұйымның (1968), Рим клубының (Римде алғаш рет клуб мәжілісі өтуіне байланысты) өкілдері «жүйелік модельдеуді» сәтті қолданды.
Біртұтас өзара тәуелді бейбітшілік жағдайында жаңа қоғамдық тәртіпке қол жеткізу мақсатында Рим клубының мамандары органикалық өсу мен дамудың жаңа тұжырымдамасын ұсынады.
90-жылдары конфликт зерттеушілері конфликтік өзара әрекет өз мүдделеріне сәйкес жеке тәртіп ережелерін ұсынатын жаңа институттардың (әлеуметтік құрылымдар, түрлі мекемелер) пайда болуына алып келетінін байқаған болатын. Аталған құрылымдар дәрежесі биік жағдайда бола тұрып, өз ықпалын мәртебесінің жасалуы үшін қолданады. Билік деректемелеріне қолы жетпеген әлеуметтік субъектілер тойтарыс берілген ықпалды сезеді, алайда белгілі бір жағдайда өз институттарын жасай отырып қолда бар ережелерді қолдануы мүмкін. Жаңа институционализм секілді конфликтер зерттеуінде жаңа бағыт қалыптасты.
Оның өкілдері (Бурдье, Гидденс, Мейер, Скотт, Флигстайн және т.б.) ескі институттар мен үміткерлер арасындағы күрделі әрі бәсекелес қарым-қатынастар, яғни жекелеген өрістегі түрлі ұстанымдарға ие топтар арасындағы конфликтер, олардың «аралас» өрістерге ауысуы және нәтижедегі ұстанымдардың өзгеруі қоғамдағы өзгерістердің негізгі себебіне айналады деген қорытынды жасады. Мұндай конфликтер нақты бір нәтижеге қол жеткізуге бағытталған.
Жаңа институционализм теориясы, осылайша, «субъект конфликтінің» дәстүрлі тұжырымдамасын конфликт қатысушылары өз әрекеттерін бір-біріне қатысты қалай бағдарлауына сүйене отырып қайта қарауды білдіреді. Конфликтіге түскен субъектілер бұдан былай өзге де әрекет етуші тұлғалардың бар екендігін ескеруі, соңғылардың ниеттерін түсіндіруі, өздерінің жеке әрекеттерінің үлгісін жасауы және айналасындағыларды өздерімен бірге әрекет етуге сендіруі керек.
80-90 жылдары Ресей мен Шығыс Еуропадағы оқиғалар конфликтіге деген теориялық көзқарастардың өзгеруіне де алып келді. Осы елдердегі марксистік ілімнен бас тартқан бірқатар зерттеушілер теориялық плюрализм (пікір алуандығы) қағидатын қабылдауға шақырды. Нақтырақ айтар болсақ, Маркс пен Вебер идеялары, құрылымдық функционалдылық, Дарендорф пен Козер тұжырымдамасы, Парето мен Моск көзқарастары секілді түрлі теориялардың барлық жағымды элементтерін қолдану қажеттігі айрықшаланды.
Қазақстандық конфликтология қазіргі таңда жеке ғылым ретінде қалыптасудың бастапқы кезеңінде тұр. Алғаш рет Орталық Азияда білім беру бағдарламалары 1995 жылы конфликтің алдын алу мен реттеу саласында жоғары беделге ие Конфликтологиялық орталық тарапынан басталған болатын.
Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:
1. Эразм Роттердамскийдің конфликт туралы ойларын сипаттаңыз.
2. Френсис Бэконның конфликт табиғаты жайлы ойлары несімен қызықты?
3. Жаңа уақыттың тарихи аясындағы конфликтер туралы көзқарастарға қысқаша сипаттама беріңіз.
4. ХІХ-ХХ ғасырлардағы конфликт мәселесін зерттеуге зор ықпал еткен әлеуметтану рөлін жазыңыз.
5. Жаңа институционализм және осы теория аясында конфликтіге көзқарастарын сипаттаңыз.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Гуторов В.В. Античная социальная утопия: Вопросы истории и теории. – Л., 1989.
2. Дмитриев А.В. Конфликтология: учебное пособие. – М.: Гардарики, 2001. – 320 с.
3. Запрудский Ю.Г. Социальный конфликт. – Ростов н/Д., 1992.