Читать книгу Білім беру аймағындағы конфликтология - Әлия Құдайбергенова - Страница 3

1 – бөлім
КОНФЛИКТОЛОГИЯНЫҢ ЖАЛПЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ
2. Конфликт – қоғамдық өмірдің әлеуметтік феномені ретінде

Оглавление

2.1. «Әлеуметтік конфликт» ұғымы.

2.2. Конфликтің субъектілері мен қатысушылары.

2.3. Конфликт объектісі (нысаны).

2.1. «Әлеуметтік конфликт» ұгымы

Әлеуметтік конфликтер кез келген әлеуметтік құрылымға тән, себебі олар қоғамдық дамудың қажетті шарты болып табылады. Қоғамның қызмет ету үдерісі конфликт пен пәтуадан, келісім мен қарсыласудан тұрады. Қоғамның әлеуметтік құрылымы өзінің түрлі топтарын қатал саралаумен қатар, әлеуметтік топтар, жеке индивидтер және топтар конфликтінің таусылмайтын қайнар көзін білдіреді. әлеуметтік құрылым қаншалықты қиын болған сайын, қоғам соншалықты сараланады, еркіндік, пікір алуандығы қаншалықты көп болса, соншалықты сәйкес келмейтін, кейде өзара бірін-бірі жоққа шығаратын мүдделер, мақсаттар, құндылықтар да көбейеді, сәйкесінше, болуы мүмкін конфликтер үшін негіз арта түседі.

Алайда қиын әлеуметтік жүйеде бір уақыттың өзінде конфликтіні сәтті шешудің механизмдері де бар. Сондықтан кез келген қоғам мен әлеуметтік қауымдастық мәселесі – конфликтінің келеңсіз салдарын болдырмау (барынша азайту) және оны туындаған мәселенің оң шешімін табуда қолдану.

Конфликт (латынша – confliktus) қарама-қарсы мүдделердің қақтығысуы, көзқарастар мен қатынастардағы қарама-қайшылық дегенді білдіреді. Қақтығысқа өмірдің түрлі мәселелері себеп болуы мүмкін: материалдық ресурстар, маңызды өмірлік нұсқаулар, билік етуші өкілеттіліктер, әлеуметтік құрылымдағы мәртебелікрөлдік айырмашылықтар, жеке тұлғалық (эмоционалды-психологиялық) айырмашылықтар және т.б. Конфликтер адамның өмірлік іс-әрекетінің барлық саласын, әлеуметтік қарым-қатынас пен әлеуметтік өзара әрекет жиынтығын қамтиды. Конфликт, негізінен, субъектілері мен қатысушылары ретінде жеке индивидтер, ірі және кіші әлеуметтік топтар мен ұйымдар қатысатын әлеуметтік өзара әрекеттесудің бір түрі болып табылады. Конфликті өзара әрекеттестік қарама-қарсы мүдделердің қарсыласуын, яғни бір-біріне қарама-қарсы бағытталған іс-әрекеттерді білдіреді.

Конфликт негізінде субъективті-объективті қарама-қайшылық жатыр, алайда аталған екі құбылысты (шиеленіс пен қарама-қайшылықты) бір-біріне барабар деп қараудың қажеті жоқ. Қарамақайшылықтар ұзақ уақыт бойы өмір сүріп, шиеленіске айналуы мүмкін. Сондықтан шиеленіс негізінде мүдделері, қажеттілік пен құндылықтарының сәйкес келмеуі себебінен туындаған қарамақайшылықтар ғана жатқанын ескеру қажет. Мұндай қарама-қайшылықтар, әдетте, қарама-қарсы тараптардың ашық күресіне, шынайы қарсыласуға ұласады.

Қарама-қайшылық барынша жоғары немесе төмен қарқындылықта және барынша жоғары немесе төмен күштеуде болуы мүмкін. «Қарқындылық қатысушылар тарапынан берілетін энергияны, сонымен қатар жеке конфликтердің әлеуметтік маңыздылығын білдіреді» [1, 144]. Қақтығыс формасы – еріксіз немесе күштеусіз көптеген факторға байланысты болып келеді, сонымен қатар қарама-қайшылық субъектілері көздейтін мақсаттар мен конфликті күштеусіз шешу мүмкіндіктері (механизмдері) және шынайы шарттардың болуына да байланысты.

Сонымен, әлеуметтік конфликт – бұл қажеттілік, мүдделер мен құндылықтарының сәйкес келмеуі себебінен әлеуметтік өзара әрекеттесудің екі немесе одан да көп қатысушылары және субъектілерінің ашық қарсыласуы, қақтығысуы болып табылады.

2.2. Конфликтің субъектілері мен қатысушылары

Конфликтің «субъект және қатысушы» ұғымдары әрдайым ұқсас келе бермейді. Субъект – бұл конфликт жағдаятын туғызуға қабілетті және өз мүдделеріне байланысты шиеленіс барысына әсер ететін белсенді тарап. Конфликт қатысушысы саналы түрде (немесе қарама-қарсылық мақсаттары мен міндеттерін толығымен түсінбей тұрып) конфликтіге қатыса алуы мүмкін, сондай-ақ кездейсоқ немесе өз еркінен тыс конфликтіге тартылуы мүмкін. Конфликтің дамуы барысында қатысушылар мен субъектілер мәртебесінің орны ауысуы мүмкін. Сондай-ақ конфликтің тікелей және жанама қатысушыларын да ажырата білуі керек. Соңғысы өзгенің шиеленісінде өзінің мүдделерін көздейтін нақты күшті білдіреді.

Жанама қатысушылар:

– конфликті өршітуі және оның дамуына түрткі болуы мүмкін;

– конфликтің қарқындылығын кемітуге немесе оның толығымен аяқталуына негіз болуы мүмкін;

– екі тараптың бірін немесе екі тарапты да қолдауы мүмкін.

Конфликтің жанама қатысушылары конфликт орын алатын қоршаған ортаның белгілі бір бөлігін құрайды. Сондықтан қоршаган орта конфликтің дамуын арттыратын катализатор ретінде және оны тежейтін немесе бейтарап фактор ретінде қызмет етеді.

Конфликт әлеуметтануында конфликтің тікелей және жанама қатысушыларын қамтуды ұсынатын «конфликт тараптары» ұғымы жиі қолданылады. Кейде жанама қатысушыларды үшінші тарап немесе үшінші қатысушы деп атайды. Әлеуметтік конфликт субъектілері мен қатысушылары белгілі бір күшке, түрлі дәреже (ранг) мен мәртебеге ие бола алады.

Дәреже (ранг) неміс тілінен аударғанда шен, атақ, санат, категория дегенді білдіреді. Әлеуметтік конфликтологияда ол жоғарғы-төменгі қағидат бойынша анықталады және қарсыласып жатқан тарапқа қатысты конфликтің бір субъектісі ие позицияны білдіреді. «Назар аударыңыз: конфликт!» атты кітаптың авторы қарсы пікір білдірушілердің (конфликт субъектілерінің) дәрежесін (ранг) анықтаудың төмендегідей тәсілін ұсынды:

1. Бірінші дәрежелі (ранг) оппонент (қарсы пікір білдіруші) – жеке өз атынан шығатын және өзінің жеке мүдделерін көздейтін адам.

2. Екінші дәрежелі (ранг) оппонент (қарсы пікір білдіруші) – топтық мүддені қорғайтын жеке индивидтер.

3. Үшінші дәрежелі (ранг) оппонент (қарсы пікір білдіруші) – өзара бір-бірімен тығыз байланыстағы топтардан тұратын құрылым.

4. Жоғары дәрежелі (ранг) оппонент (қарсы пікір білдіруші) – заң атынан шығатын мемлекеттік құрылымдар [2, 13].

Шынайы конфликте әр тараптың өзі қарсыластың дәрежесін (ранг) төмендетуге, ал өзінің дәрежесін көтеруге тырысады. Мысалы, пара айыбын ашқан мемлекеттік айыптаушы секілді жоғарғы дәрежеге ие прокурор өз мүддесін көздейтін жеке тұлға дәрежесіне ауысуы мүмкін. Прокурор тарапынан айыпталатын индивид – жауапсыз айыптаушының құрбандарының бірі болу, осылайша, заңгерлік конфликте өзінің дәрежесін көтеру. Кейбір зерттеушілердің (А.В. Дмитриев, В.Н. Кудрявцев, С.В. Кудрявцев) пікірінше, конфликтологияға оппонент дәрежесі ұғымын енгізу жеміссіз болады. Мұндай пікір толығымен негізделмеген, себебі соқыр сезім деңгейінде, өзінің субъективті бағалауында, қоғамдық пікір деңгейінде конфликт қатысушылары белгілі бір дәрежелерге «бөлінеді», алайда заңи тұрғыдан оның негіздемесі жоқ.

Әлеуметтік мәртебе – бұл құқық пен міндеттердің белгілі бір жиынтығымен байланысты қоғамдағы жеке тұлға мен әлеуметтік топтың жалпы жағдайы. Мәртебе шынайы конфликтегі қандай да бір субъект пен қатысушының жағдайына маңызды түрде әсер ете алады. Мысалы, Мемлекеттік Дума депутатының немесе Федерация Кеңесінің мәртебесі депутаттық қолсұғылмаушылыққа кепілдік береді. Қашқын мәртебесі белгілі бір саяси, экономикалық және де басқа жеңілдіктерді ұсынады. Ана мәртебесі заң бұзушылық үшін жазалау шарасын анықтауда ескерілуі мүмкін және т. б.

Әлеуметтік конфликтегі күш – конфликт тараптарының өз мақсаттарын қарсыластың (оппоненттің) қарсы әрекетіне қарамастан жүзеге асыру мүмкіндігі мен қабілеті. Ол қарсыластыққа тікелей қамтылған, сондай-ақ потенциалды тәсілдер мен ресурстардың барлық жиынтығын қамтиды. Конфликт пайда болу кезеңінде болған жағдайда оның потенциалды субъектілері қарсы тараптың шынайы күші және қоршаған ортаның болжалды шиеленіске қатысты мүмкін болған әсері туралы тек шамамен алғандағы көрініске ғана ие. Тек конфликт басталған сәтте немесе оның даму барысында ғана қарсы тараптардың күші туралы мәлімет толық беріледі.

Қоршаган орта – әлеуметтік конфликт құрылымындағы элементтердің бірі. Ол физикалық орта (географиялық, климаттық, экологиялық және басқа да фактордан) мен әлеуметтік ортадан (конфликт туындайтын белгілі бір әлеуметтік жағдайдан) тұрады.

2.3. Конфликт объектісі (нысаны)

Конфликтің міндетті элементтерінің бірі – объект, яғни нақты себеп, уәждеме, конфликтің қозғаушы күші болып табылады. Барлық объектілер үш түрге бөлінеді [2, 13].

1. Бөліктерге бөлінбейтін объектілерді біреумен бірге игеру мүмкін емес.

2. Конфликт қатысушылары арасында түрлі мөлшерде бөлінетін объектілер.

3. Конфликт қатысушыларының екеуі де бірге игеретін объектілер. Бұл «алдамшы конфликт» жағдаяты болып табылады.

Нақты бір конфликте объектіні анықтау оңай емес. Конфликтің субъектілері мен қатысушылары өздерінің шынайы және жалған мақсаттарын көздей отырып, өздерін қарсыласуға итермелеген уәждерін білдірмеуі, жасыруы, ауыстыруы мүмкін. Мысалы, саяси күресте конфликт объектісі қоғамдағы шынайы билік болып табылады, алайда саяси қарсыласудың әрбір субъектісі қарсыласу белсендігінің негізгі себебі өз сайлаушылары үшін мүмкін болған игіліктің барынша жоғары деңгейіне қол жеткізу екендігін дәлелдеуге тырысады.

Объектіні бұрмалау тараптардың біріне маңызды пайда келтіруге және екіншісінің жағдайын маңызды түрде қиындатуға қабілетті болып келеді. Мысалы, егер қорғалушының өзін-өзі қорғау мақсатында қару қолдануға мәжбүр болғандығыны дәлелденсе, біреуді өлтірген адам сот тарапынан ақталуы мүмкін. Конфликт себептері басқалармен алмасқан кезде және басқа да қиын конфликтерде шынайы объектіні табудағы қиындықтар туындайды. Кейде конфликт субъектісінің өзі қарсыласудың негізгі себебін толығымен ұғына алмайды. Мысалы, басшы мен қол астындағы кісінің арасында жағдаят туындауы мүмкін:

1. Басшы қол астындағы кісіні қажетті қайтарыммен жұмыс жасауды қаламайтындығы үшін айыптайды.

2. Қол астындағы кісі басшыны оның жеке өзіне деген біржақты қарым-қатынасы үшін айыптайды.

3. Конфликтің шынайы себебі қол астындағы кісінің өз алдына қойылған міндеттерді орындауы үшін қажетті білім мен қабілетті меңгере алмауы болуы мүмкін.

Негізгі объектіні анықтау кез келген конфликті сәтті шешудің міндетті шарты болып табылады. Ал керісінше болған жағдайда, ол мәселе өз шешімін таппайды (тұйыққа тірелген жағдаят) немесе толығымен шешілмейді.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:

1. Әлеуметтік конфликт дегеніміз не?

2. Конфликт қүрылымы қандай элементтерден тұрады?

3. «Конфликт субъектісі» және «конфликт қатысушысы» ұғымдарын сипаттаңыз.

4. Конфликтің тура және жанама қатысушыларының айырмашылығын түсіндіріңіз.

5. Пікір білдірушілердің (конфликт субъектілерінің) дәрежесін (ранг) анықтаудың тәсілдерін жазыңыз.

6. «Конфликт тараптары» ұғымын сипаттаңыз.

7. «Конфликт объектісі» ұғымы және конфликт объектісінің үш түрін түсіндіріңіз.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Здравомыслов А.Г. Социология конфликта. – М., 1995. – С. 90-91, 103.

2. Амелин В.Н. Социология политики. – М., 1992. – С. 149.

3. Бородкин Ф.М., Коряк Н.М. Внимание: конфликт! – Новосибирск, 1984. – С. 13, 18.

4. Введение в теорию международного конфликта. – М., 1996. – С. 17, 96.

5. Конфликт и пути его разрешения. – Куйбышев, 1990. – С. 8.

Білім беру аймағындағы конфликтология

Подняться наверх