Читать книгу Білім беру аймағындағы конфликтология - Әлия Құдайбергенова - Страница 5
1 – бөлім
КОНФЛИКТОЛОГИЯНЫҢ ЖАЛПЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ
4. Конфликт динамикасы және механизмдері
Оглавление4.1. Конфликтік жағдаят.
4.2. Әлеуметтік қысым.
4.3. Конфликт қатысушыларының психологиясы.
4.4. Конфликтің дамуы.
4.1. Конфликтік жағдаят
Конфликтік жағдаят дегенде әлеуметтік субъектілер арасындағы шынайы тайталасқа объективті түрде негіз болатын жағдайлардың тоғысуын түсінуге болады. Еңбек ұжымдарындағы түрлі конфликтік жағдаяттарды талқылай келе, Ф.М. Бородкин мен Н.М. Коряк [1] ұйымдардағы конфликтерге негіз болатын кейбір себептерді былайша топтастырды:
– ұйымның құрылымдық бөлімшелері арасындағы технологиялық байланыстың айқын еместігі;
– түрліше бұйрықтар беретін бастықтардың көп болуы;
– бір бастықтың қол астындағы адамдарының көп болуы басқарудағы ретсіздікке түрткі болады;
– жауапкершілікті бір-біріне арту жалпы жауапсыздық жағдайына себеп болады;
– бірқатар қызметкерлердің жеке және іскерлік қасиеттерінің төмен болуы.
Мұндай жағдайлар себебінен ұжымда конфликтік жағдаят оңай туындауы мүмкін. Бұл тізімге мекемеде басқару жүйесін қайта ұйымдастыру, штатты қысқарту, еңбек ақысын төлеудегі қиындықтар және т.б. туралы жоғарыдағы органдарға нұсқау беру секілді шиеленістерді тудыратын факторларды қосуға да болады.
Конфликтік жағдаят потенциалды тайталасқа түскен тараптардың еркі мен қалауынан тыс объективті түрде туындайды (мысалы, мекемедегі штаттың қысқаруы) болмаса бір не екі тараптың да себебінен туындауы мүмкін. Сондай-ақ атап өтетін жайт, әрбір жағдаят объективті мазмұнға (шынайы болатын оқиғалармен анықталады) және субъективті мазмұнға ие болады (әр тараптың осы оқиғаларға қандай түсініктеме бергеніне байланысты), соған сәйкес субъект конфликте әрекет ете бастайды.
Конфликтік жағдаяттың субъективті бейнесі істің шынайы жағдайына сәйкес келуі міндетті емес. Жағдаятты қабылдаудағы бұрмалау едәуір маңызды болуы мүмін. Кей жағдайларда конфликтіге субъектінің екінші бір субъектіні дұрыс түсінбеуі себеп болуы мүмкін. Осыған байланысты мамандар «жартылай түсінікті конфликт» және «жалған конфликт» ұғымдарын ерекшелеп көрсетеді (Л.А. Петровская).
«Жартылай түсінікті» конфликте тараптардың жағдаятты бағалауы істің шынайы жағдайынан ерекшеленеді (мысалы, туындаған мәселенің масштабы едәуір артады немесе керісінше, кемиді). Басқаша түсіндірер болсақ, конфликтік жағдаят толық емес немесе жартылай бейнеленеді. Ұлтаралық конфликтерде мұндай жағдай барынша жиі байқалады.
«Жалған» конфликте объективті конфликтік жағдаят толығымен болмайды, субъектілер арасында байқалатындай қайшылық жоқ, алайда оған қарамастан, тараптар қарым-қатынас конфликтін сезіп, тайталасқа түседі.
Кейбір конфликтерде тараптардың бірі жағдаятты бұрмалай немесе қате, ал екіншісі оны барынша адекватты түрде түсіндіреді. Жағдаятты конфликтік деп қабылдап бірінші субъект әрекет ете бастайды, ал конфликтік әрекеттердің адресаты атанған екінші субъектінің жағдаятты конфликтік деп бағалауға көбірек негіздемесі болады. Дегенмен ол да туындаған мәселенің кездейсоқтығын түсінбесе, толығымен объективті болмайды.
Жағдаятты конфликтік деп бағалаудың өзі негіздеме береді және конфликті болдырмайтындардың бәрін әрекет етуге міндеттейтіні белгілі. Бұл туындаған конфликтіні және оның болжап болмайтын салдарын уақытылы жоюдың барынша ыңғайлы сәті болып табылады.
Сонымен, конфликтік жағдаят қарапайым, күн сайынғы өмірлік жағдайлардан бірнеше ерекшеліктермен айрықшаланады.
Енді, әдетте, конфликтік жағдаятқа және конфликтің өзіне ілесе жүретін әлеуметтік-психологиялық атмосфераға толығырақ тоқталамыз. Оны шартты түрде әлеуметтік шиеленістік деп атаймыз.
4.2. Әлеуметтік қысым
Әлеуметтік қысым қоғамдық таным және мінез-құлық жағдайын, шындықты бағалау және қабылдаудың ерекше жағдайын білдіреді. Әдетте, бұл жағдай конфликтіге тән. Әлеуметтік конфликт масштабы, негізінен, конфликт масштабымен салыстыруға келеді. Қоғамдағы тұлғааралық, топаралық, ұлтаралық конфликт туралы немесе жаһандық конфликт туралы сөз қозғауға болады. Орыс тілі сөздігінде конфликт ұғымы қандай да бір қарым-қатынас жағдайының тынышсыз әрі қолайсыздыққа ұшырататын қауіп-қатерімен түсіндіріледі. Құқық, әлеуметтану, психология, әлеуметтік философия бойынша еңбектерді талдай келе, біз әлеуметтік конфликтің қысқа әрі нақты түсініктемесін беруге тырыстық.
Әлеуметтік қысым табиғи немесе әлеуметтік орта қысымынан туындаған және барынша ұзақ уақыт бойы созылатын топтың немесе қоғамның эмоционалды жағдайын толығымен білдіреді. Адамдардың қарапайым жағдайы табиғаттың бақылауға көнбейтін әсерлерінен күрт өзгереді: климаттың өзгеруі, ресурстардың жойылуы, жер сілкінісі, т. б.
Әлеуметтік қысым кез келген қоғамдық құбылыс секілді нақты бір орын, уақыт және жағдайлар үйлесімінде әрекет ететін жалпы алғышарт пен локалды себептерге ие.
Қысымның жалпы алғышарттарына наразылықтың жинақталуына, психологиялық шаршау мен ашуланшақ мінездің артуына, жеке топтар мен индивидтердің агрессияшылдығының өсуіне алып келетін қажеттіліктер, мүдделер, тұрғындардың барлық жиынын немесе белгілі бір бөлігін әлеуметтік тұрғыдан күту және оларды қамтамасыз ету шаралары арасындағы келіспеушілік жағдаятының тұрақты әрі ұзақ уақыт бойы шешілмеуі жатады.
Басқа сөзбен айтар болсақ, мәселе конфликтік жағдаяттың тұрғындар санасында бейнеленуі туралы болмақ.
Әлеуметтік конфликт кемінде екі түрлі жағдайда туындайды:
– көптеген адамдар басында өздерінің әлеуметтік, экономикалық, саяси, ұлттық, мәдени немесе қандай да бір өмірлік маңызы бар қажеттіліктер, мүдделер мен құқықтарын қанағаттандыру үдерісінің қауіпті екенін немесе тіпті мүмкін еместігін күңгірт түсінген жағдайда;
– салыстырмалы тұрғыда бастапқыда қоғамдағы орын алған жағдай негізінде өз қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және өз мүдделерін жүзеге асыруға мүмкіндігі жоқ адамдардың шағын бір тобы қоғамда қанағаттанбау, қорқыныш, торығушылық және т.б. көңіл күйді тарата отырып, анық (алдамшы) кедергілерге немесе өз құқықтарына шынайы (ойластыра отырып) шек қоюға қарсы күреске түседі.
Екі жағдайда да әлеуметтік конфликт «пат жағдайында», яғни жетілген дағдарыс өз уақытында анықталмай, ал оған қарсы тұру еш жойылмай тұрған кезде туындайды.
Осылайша, әлеуметтік конфликт бұл бір уақытта әлеуметтік дағдарыс және оған ілесетін барлық мүмкін болған конфликтердің құрамдас бөлігі мен көрсеткіші болып табылады.
4.2. Конфликт қатысушыларының психологиясы
Кез келген қоғамда тұлғалық және топтық конфликтер тек сыртқы себептерден (экономикалық, әлеуметтік, мәдени және т.б.) ғана емес, сондай-ақ жеке тұлғалар мен топтардың психологиялық ерекшеліктерінен де туындайды. Сонымен қатар көптеген зерттеушілер конфликтің ішкі және сыртқы (психологиялық) нақты факторларын паритетті, шамалас ретінде қарастыруға бейімді.
Ішкі детерминант/нақты фактор тұлғааралық конфликтерде ерекше маңызға ие, себебі олар тұлғааралық және топаралық конфликтер болып көрінгенімен, оларды өздері туындатады.
Психологтар үшін конфликтік жағдайларды талдау мен оларды реттеу бойынша практикалық шараларды анықтаудағы ең маңыздысы – жоғары конфликтогендікке себеп болатын тұлғалар мен топтардың мінез-құлқындағы типологиялық психологиялық ерекшеліктерді ашу. Мұндай ерекшеліктер арасынан, ең алдымен талап, өзін-өзі бағалау, тәртіпсіздіктің аса көтеріңкі деңгейін, жоғары доминанттық, өзіне қатысты ескертулерге тым жоғары сезімталдылықты, қоршаған адамдар тарапынан құрметтеу мен таңдануға деген қажеттілікті, ренжуді және т.б. атап өту қажет.
Осы негізде зерттеушілер (нақтырақ айтар болсақ, А.Л. Журавлёв) әлеуметтік өзара әрекеттесудегі тұлғаның екі қарама-қайшы психологиялық типін атап көрсетеді:
1. Агрессивті тұлға – эмоционалды түрде тұрақсыз, тынымсыз, мұны наразылық табандылығымен, қатерге ұмтылу арқылы орын толтыруға тырысатын тұлға. Мұндай типтегі тұлғаларға жағдайдың барлық нюансын есепке алу мен қоршаған адамдардың көзқарасын ескеру қабілетсіздігі тән; олардың қарым-қатынас жасау стилі, әдетте дөрекі, ожар; олар тым атаққұмар, өздерін артық бағалайтын әрі менмен болып келеді. Агрессивті кертартпалықтың оңай туындауы олардың болжап болмайтын мінез-құлқымен түсіндіріледі.
2. Конфликт құрбаны. Мұндай типтегі тұлғалар адамдар арасындағы қарым-қатынастағы конфликті арттыра түседі, яғни қоршаған адамдарға деген агрессивті қарым-қатынасқа себеп болатын психологиялық қасиеттердің жиынтығына ие.
Конфликтік жағдайларды жеңіп шығуда позитивті рөлді ойнайтын тұлғалардың аралық типі де анықталады.
Жеке тұлғаның психологиялық мәселелеріне байланысты ішкі конфликтерді зерттеу үшін әлеуметтанушылар мен психологтар «маргинал адам» және «маргиналдылық» ұғымдарын қолданады. Америкалық ғалым Р. Парк аталған ұғымдарды халықтар арасындағы конфликтерді зерттеу кезінде ғылыми айналымға енгізген.
Екі немесе одан да көп әлеуметтік әлем шекарасындағы адамдарды маргиналды деп атайды. Маргиналды адам белгілері төмендегідей: өзінің жеке қасиеттеріне деген күдік, белгісіз жағдайлардан, кемсіту қатерінен қашуға тырысу, басқа адамдар бар кездегі кеселді ұялшақтық, жалғыздық және шамадан тыс арманшылдық, болашақ туралы тым артық алаңдау және кез келген тәуекелмен басталған істен қорқу, айналасындағылар онымен әділетсіз қарым-қатынаста болатынына сенімділік.
«Маргиналдылық» термині (лат. тагдіпаііз – шетте орналасқан) қоғамдық даму арқылы екі мәдениет арасында орын алған, осы аталған екі мәдениеттің өзара әрекет етуіне қатысатын, алайда ешқайсысына да толығымен қосылмайтын жеке тұлғалар немесе адамдар тобының жағдайын білдіреді.
Маргиналдылық, ең алдымен адамдардың көшіп-қонуы кезінде пайда болатындығы байқалған және мигранттар/көшіпқонушылар ерекше маргиналдар болып табылады. Нәсіларалық және ұлысаралық некеге тұрғандар да маргиналды адамдар болып саналады. Жеке тұлғаның маргиналды типі еуропалық отарлаушылар әсерінен бұрынғы колонияларда/отарларда жиі кездескен. Барлық жағдайларда маргиналды мәдениет әлеуметтік жіктеу және әлеуметтік-демографиялық үдерістерге себепші болған.
Маргиналдылық психикалық конфликт тудыруы және тұлғаның сана-сезімінің күйреуіне алып келуі мүмкін. Сонымен қатар маргиналды психикалық тип шығармашылық мүмкіндіктермен ерекшеленеді, бұл типтегі адамдар көп жағдайда ұлттық қозғалыстардың көшбасшылары, мәдениеттің көрнекті өкілдері және т.б. болады.
4.4. Конфликтің дамуы
Конфликт алдында латентті (жасырын) саты болады (нақтырақ айтар болсақ, болуы мүмкін).
Бұл жағдайда субъектілердің кем дегенде біреуі өз мүдделерін түсінеді. Бұл мүдделер жалған түсіндірілуі мүмкін, алайда оларды түсінбейінше алдағы күрес негізсіз болып табылады.
1- кезең – кедергіні түсіну. Объективті және субъективті жағдайлар өз мүдделерін (немесе анықталған басқа да көзқарастарды) жүзеге асыруға кедергі болатындығымен түсіндіріледі. Аталған кедергілер кем дегенде үшінші түрге жатады.
Біріншіден, олар алдағы конфликтінің потенциалды қатысушылары ретінде қарастыруға болатын тұлға ұстанымына қатыссыз, істің объективті жағдайынан туындай алады.
Екіншіден, мүмкін болған конфликт жұмысшылардың жеке тұлғалық қасиеттерін шектеуі мүмкін.
Үшіншіден, сыртқы кедергі бар және ол дербестендірілген. Мұнда анықталған және түсіндірілген кедергі конфликтінің алдағы дамуы үшін маңызды шарт болып табылады.
2- кезең – өз мүдделерін және өзге тарап тұрғысынан жасалатын сәйкес кедергіні түсіну. Әрине, бұл алдын болуы да немесе бірінші тараптың әрекеттерімен сәйкес келуі де не аталған саты мүлдем болмауы да мүмкін, сол себептен тараптардың мүдделері сәйкес келіп, кедергілер туындамауы да мүмкін.
Тараптардың бірі өз мүдделерін қорғау бойынша нақты әрекеттерді жүзеге асыра бастады. Екінші тараптың жауап беру әрекеті конфликтінің басталуын білдіреді, себебі тараптардың позициялары нақты анықталып қана қойған жоқ, сонымен қатар бірбіріне қарама-қайшы практикалық әрекеттер де басталды.
Конфликтінің жасырын дамуының көрсетілген реттілікке сәйкес алмасуы міндетті емес. Кейбіреуі түсіп қалуы, қалғандары қайталануы мүмкін, ал олардың реттілігі өзгеше бола алады.
Конфликтінің жасырын кезеңінен ашық конфликтіге ауысу үш ерекшелікпен анықталады:
1. Конфликтінің бар екендігі әрбір қатысушы үшін анық болады. Тараптардың әрқайсысы екінші тарапты «жеңуге» тырысатын рефлексивті ойындар іске түсуі мүмкін.
2. Әрекеттер бұқаралық ақпарат құралдарын қолдануды, даулы нысанды басып алу, күштеу, қауіп-қатер және т.б. әрекеттерді қамти отырып, практикалық түрге, сыртқы формаға ие.
3. Жасырын кезеңнен шыққан конфликт туралы үшінші тұлғалар, бөгде адамдар хабардар болады, олар конфликтіге әсер етуі мүмкін. Алайда бұл әсердің мүлдем бір мағыналы еместігін ескеру қажет. Жұртшылық, әдетте, «конфликтіні» өшіреді деп ойлаудың қажеті жоқ, керісінше, бір немесе бірнеше тараптардың агрессивті көңіл күйін көтере отырып, оған көмектесуі мүмкін, мысалы бұл жағдай ұлтаралық және отбасылық конфликтілерде көрінеді.
Кейбір конфликтілерде жаңа деңгейге, мысалы, жеке қарым-қатынастан топтар, ұйымдар арасындағы конфликтіге ауысу және керісінше, билік саласындағы ірі әлеуметтік конфликт жеке адамдардың мінез-құлқы мен өмір сүру салтын өзгерте отырып, «микродеңгейге» де «төмендеуі» мүмкін.
Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:
1. Конфликтік жағдаят деп нені түсінеміз?
2. «Жартылай түсінікті» конфликт қалай сипатталады?
3. «Жалған конфликт» ұғымына анықтама беріңіз.
4. «Әлеуметтік қысым» ұғымын сипаттаңыз.
5. «Маргиналдық» ұғымын сипаттаңыз, ол ішкі конфликтімен қалай өзара қатынаста болады?
6. Маргиналды адамның белгілерін атаңыз.
7. Конфликтің латентті (жасырын) сатысын сипаттаңыз.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Бородкин Ф.М., Коряк Н.М. Внимание: конфликт! – Новосибирск, 1983. – С. 55-57, 72-80.
2. Дмитриев А.В. Конфликтология: учебное пособие. – М.: Гардарики, 2001. – С. 100-108, 112-124.
3. Дмитриев А.В., Кудрявцев В.Н., Кудрявцев С.В. Введение в теорию конфликта. – М., 1994. – С. 95-112.
4. Динамика социально-психологических явлений в изменяющемся обществе. – М., 1996. – С. 46-47.
5. Иванова В.Ф. Социология и психология конфликтов. – М., 1997.
6. Шибутани Т. Социальная психология. – М., 1969. – С. 475.