Читать книгу Білім беру аймағындағы конфликтология - Әлия Құдайбергенова - Страница 4

1 – бөлім
КОНФЛИКТОЛОГИЯНЫҢ ЖАЛПЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ
3. Конфликт түрлері, оның даму сатылары және негізгі қызметтері

Оглавление

3.1. Әлеуметтік конфликтің негізгі түрлері.

3.2. Конфликт дамуының негізгі кезеңдері.

3.3. Әлеуметтік конфликт қызметтері.

3.1. Әлеуметтік конфликтің негізгі түрлері

Әлеуметтік конфликті топтастыру мәселелері бойынша зерттеушілер арасында бірыңғай көзқарас жоқ. Автор конфликтің түрін оны топтастыру негізіне не жататындығына байланысты В.И. Сперанскиймен пікірлестікте анықтау керектігін ұсынады. Егер топтастыру негізіне тараптардың ерекшеліктері алынса, онда конфликтерді былайша бөле аламыз: тұлғааралық, тұлға мен топаралық, топаралық, кіші және ірі әлеуметтік қауымаралық, ұлтаралық және мемлекетаралық. Егер топтастыру негізіне қоғамдық өмірдің салалары алынса, онда саяси, экономикалық, идеологиялық, әлеуметтік, заңгерлік, отбасылық-тұрмыстық, әлеуметтік-мәдени және т.б. конфликтер туралы айта аламыз.

Конфликт мотивациясына байланысты зерттеушілер әлеуметтік конфликтің үш блогын бөліп көрсетеді:

– билік жүргізуші өкілеттілігі мен ұстанымына байланысты туындағын конфликт;

– материалды ресурстарға байланысты;

– маңызды өмірлік ұстанымдардың құндылықтарына байланысты.

Конфликтің қозғалмалы күші мен тіршілік әрекеті саласының тоғыспалы талдауының қызықты схемасын А.Г. Здравомыслов ұсынды [4, 90-91]. Конфликтің қозғалмалы күштерді уәждемесіне байланысты ол қажеттілік, мүдделер мен құндылықтар (1-кестені қараңыз) арқылы белгіледі.


1-кесте

Конфликтің қозғаушы күштері және өмірлік іс-әрекет аясын тоғыспалы талдау


Келісілмеу типімен қатар конфликт қатысушылары арасындағы өзара қарым-қатынас сипатын ескеретін әлеуметтік конфликт типологиясын В.Н. Амелин (2-кестені қараңыз) ұсынады [5, 149].


2-кесте

Әлеуметтік конфликт типологиясы


Конфликтің бір түрін қарсыласуға тараптардың әртүрлі деңгейлері қамтуы мүмкін. Мысалы, билік өкілеттілігі, материалды ресурстар немесе құндылық бағдары бойынша шиеленістер адамдардың тұлғааралық, топаралық, мемлекетаралық өзара әрекеті деңгейінде туындауы мүмкін. Қалыптасу және даму үдерісінде шиеленістің бір түрі екіншісіне жүктеліп, бірнеше түрден тұратын қиын шиеленістерді құрайды.

Түрлі тараптар мен түрлі шиеленіс мүдделері бір уақытта өзара әрекет ететін (көмектеседі, қарсы тұрады) қиын шиеленістер де бар. Мұнда бір тарап ынтымақтастықта басқа тараппен, одақта үшіншісімен, қатты шиеленісте төртіншісімен, бейтараптықта бесіншісімен, қарама-қайшылықта алтыншысымен, ал алтыншысы екіншісімен қарама-қайшылықта, т. б. болуы мүмкін.

Әлеуметтік конфликтер қарсы әрекеттің формасы, тәсілі және қарқындылығына байланысты ерікті, еріксіз, барынша жоғары қарқынды және төмен қарқынды, ашық және жабық (жасырын) болып бөлінеді. Болу уақытына байланысты ұзақ мерзімді және жылдам, таралу масштабына байланысты жергілікті және кең масштабты болып бөлінеді.

Конфликт уәжділігін және жағдаятты субъективті түрде қабылдауды ескере отырып шиеленістің түрлерін анықтайды:

– жалған конфликт, субъект нақты себеп болмаса да жағдаятты шиеленіс деп қабылдайды;

– потенциалды конфликт, шиеленістің пайда болуына нақты негіздемелер бар, алайда тараптардың бірі немесе екеуі де қандай да бір себеп негізінде (мысалы, ақпарат жетіспеушілігінен) жағдаятты шиеленіс деп таныған жоқ;

– шынайы конфликт, тараптар арасындағы нақты қақтығыс. Өз кезегінде, шынайы конфликті төмендегідей тармақтарға бөлуге болады:

– сындарлы – субъектілер арасындағы нақты қайшылық негізінде туындаған;

– кездейсоқ – түсінбеушілік немесе жағдайлардың кездейсоқ тоғысуы бойынша туындаған;

– аралас – шынайы себеп жасырын болған кезде, жалған дерек негізінде туындаған. Мысалы, өз біліміне қойылған төмен бағаға наразы студент емтихан алушы оқытушымен қақтығысқа түсу үшін кез келген сылтау іздейді;

– дұрыс тіркелмеген конфликт – нағыз айыпкер болып табылатын конфликт субъектісі қарсыласудың «сыртында», ал конфликтіге оған қатысы жоқ адамдар тартылған. Мысалы, бір адамды өзі жасамаған қылмысы үшін айыптайды. Егер жіктеменің негізіне тараптардың психикалық жағдайы мен осы жағдайға сәйкес келетін конфликт жағдаятындағы адамдардың мінез-құлқы алынса, онда конфликтерді рационалды және эмоционалды деп бөледі. Конфликт мақсаты мен оның салдарына байланысты конфликтерді жағымды, жағымсыз, құрылымды және құрылымсыз деп бөледі.

3.2. Конфликт дамуының негізгі кезеңдері

Әдетте, әлеуметтік конфликте дамудың төрт кезеңі анықталады:

1. Конфликтіге дейінгі кезең.

2. Конфликтің өзі.

3. Конфликті шешу кезеңі.

4. Конфликтен кейінгі кезең.

Әрбір кезеңді нақтырақ қарастырамыз.

Конфликт алды кезеңі. Конфликт алды кезеңі – бұл белгілі бір қарама-қайшылықтан туындаған конфликтің потенциалды субъектілері арасындағы қарым-қатынастағы қарбаластықтың өсуі. Алайда қарама-қайшылық әрдайым конфликтіге айнала бермейді. Конфликтің потенциалды субъектілері тарапынан сәйкес келмейтін деп танылған қарама-қайшылықтар ғана әлеуметтік қарбаластықтың ушығуына алып келеді.

Әлеуметтік қарбаластық та әрдайым конфликт жаршысы болып табылмайды. Бұл қиын әлеуметтік құбылыс, оның пайда болу себебі түрліше болуы мүмкін. Әлеуметтік қарбаластықтың артуына себепші болатын себептерін атап өтейік:

1. Адамдардың мүдделері, құндылықтары мен қажеттіліктерінің шынайы түрде шектелуі.

2. Қоғамда немесе жеке әлеуметтік қауымдастықта болатын өзгерістерді дәлме-дәл қабылдау.

3. Қандай да бір (шынайы немесе жалған) факт, оқиға туралы дұрыс емес немесе бұрмаланған ақпарат және т.б.

Әлеуметтік қарбаластық, негізінен, адамдардың психологиялық жағдайын білдіреді, конфликт басталғанға дейін жасырын сипатқа ие болады. Бұл кезеңдегі әлеуметтік қарбаластыққа тән көрініске топтық эмоциялар жатады. Оңтайлы қызмет ететін қоғамда әлеуметтік қарбаластықтың анықталған деңгейі – әлеуметтік организмнің табиғи қорғаныш және адаптациялық реакциясы. Алайда әлеуметтік қарбаластықтың оңтайлы деңгейінің артуы конфликтіге алып келуі мүмкін.

Шынайы өмірде әлеуметтік қарбаластықтың қалыптасу себептері біріне-бірі жүктелуі немесе бірі екіншісімен ауысуы мүмкін. Мысалы, ресейлік азаматтардың көпшілігінің рынокқа деген жағымсыз қарым-қатынасы, ең алдымен экономикалық қиындықтарға байланысты туындаған, алайда құндылық бағыты ретінде жиі танылады. Және керісінше, құндылық бағдары ереже бойынша экономикалық себептермен түсіндіріледі.

Әлеуметтік конфликте негізгі ұғымдардың бірі қанағаттанбаушылық болып табылады. Оқиғаның даму барысы мен іс жағдайына байланысты қанағаттанбаушылықтың жиналуы әлеуметтік қарбаластықтың артуына себепші болады. Мұнда қанағаттанбаушылықтың субъективті-объективті қарым-қатынастан субъективті-субъективті қарым-қатынасқа ауысуы жүзеге асады. Аталған ауысудың мәнінде конфликтің потенциалды субъектісі өзінің қанағаттанбаушылығына себеп болған шынайы айыпкерлерді анықтауы жатыр.

Конфликт алдындағы кезеңді шартты түрде дамудың үш сатысында бөліп көрсетуге болады, олар үшін тараптардың өзара қарым-қатынасы негізінде келесі ерекшеліктер тән:

1. Белгілі бір даулы объект бойынша қарама-қайшылықтың қалыптасуы; сенімсіздік пен әлеуметтік қарбаластықтың артуы; бір жақты немесе өзара шағымдарды ұсыну; қарым-қатынас пен ренішті азайту.

2. Өз ниетінің дұрыстығын дәлелдеуге тырысу және даулы мәселелерді «әділ» тәсілдермен шешуді қаламайтындығы үшін қарсыласын айыптау; өзінің жеке стереотиптерімен шектелу; эмоционалды салада қате түсінушілік пен жақтырмаушылықтың пайда болуы.

3. Өзара әрекет ету құрылымының бұзылуы; ортақ айыптаудан қауіп-қатерге көшу; басқыншылдықтың өсуі; «дұшпан образын» қалыптастыру және күреске деген нұсқау.

Осылайша, шиеленістік жағдаят бірте-бірте ашық шиеленіске өтеді. Алайда ол өздігінен ұзақ өмір сүруі және шиеленіске айналмауы мүмкін. Конфликт нақты болуы үшін жанжал қажет.

Инцидент (дау) – тараптардың тікелей қақтығысуына себеп болатын жағдай, формалды сылтау. Мысалы, 28.08.1914 жылы бір топ босния террористері тарапынан орындалған Сараево қаласындағы австро-венгрлік тақ мұрагері Франц Фердинанд пен оның әйелін өлтіру ісі алғашқы дүниежүзілік соғыстың басталуына формалды түрде сылтау болды. Алайда Антанта мен Германдық әскери блок арасындағы қарбаластық көп жылдардан бері орын алып келеді.

Инцидент кенеттен болуы мүмкін не конфликтің субъект (субъектілер) тарапынан туындауы және оқиғаның табиғи барысы нәтижесі де болуы мүмкін. Ұсынылатын «бөтен» конфликте өз мүдделерін көздейтін қандай да бір үшінші күш инцидентті дайындайды әрі туындайына негіз болады.

«Внимание: конфликт!» кітабының авторлары Ф.М. Бородкин мен Н.М. Коряк қалыптасу сипатына қарай конфликтік жағдайының төрт түрі мен инциденттің төрт типін атап көрсетті:

1. Объективті мақсатты (мысалы, оқытудың жаңа формалары еніп жатыр, соған сәйкес оқыту құрылымын өзгерту мен оқытушылық құрамды ауыстыру қажеттілігі туындайды).

2. Объективті мақсатты емес (өндіріс дамуының табиғи барысы еңбектің ұйымдарымен қақтығысады).

3. Субъективті мақсатты (адам өз мәселелерін шешу үшін шиеленіске түседі).

4. Субъективті мақсатты емес (екі немесе бірнеше тараптардың мүдделерінің кездейсоқ қақтығысуы); мысалы, сауықтыру орнына бір ғана жолдама, ал үміткерлер бірнеше.

Инцидент конфликтің жаңа сапаға ауысқандығын білдіреді. Қалыптасқан жағдаятта конфликтіге түскен тараптардың мінезқұлқының үш нұсқасы болуы мүмкін:

1. Тараптар туындаған қарама-қайшылықты реттеуге және ымыраға келуге тырысады.

2. Тараптардың бірі «маңызды ештеңе болмағандай» түр танытады.

3. Инцидент ашық қарама-қайшылықтың басталуына түрткі болады. Қандай да бір нұсқаны таңдау көбінде тараптардың жағдаяттық нұсқауларына (мақсат, эмоционалды бағдарға) байланысты болып келеді.

Конфликтің даму сатылары. Тараптардың ашық қарсыласуының басталуы конфликт тәртібінің нәтижесі болып табылады, мұндағы әрекет қарсы тарапқа даулы объектіні ұстау мақсатына бағытталған немесе оппонентті өз мақсаттарынан бас тартуына және оларды өзгертуіне мәжбүрлеуге бағытталған. Конфликтологтар конфликт тәртібінің бірнеше формасын атап көрсетеді:

– белсенді-конфликт тәртібі;

– селқос-конфликт тәртібі;

– конфликтік-ымыраға келу тәртібі;

– ымыраға келу тәртібі.

Конфликтік нұсқамаға және тараптардың тәртібіне байланысты конфликт даму логикасына ие болады. Дамып жатқан конфликт тереңдеудің және ұлғаюдың қосымша себептерін жасауға бағыт береді. Әрбір жаңа «құрбан» конфликтің бірте-бірте ұлғаюы үшін «дәлел» болады.

Сондықтан әрбір конфликт өз алдына ерекше болып келеді. Дамудың екінші кезеңінде конфликт дамуының үш негізгі сатысын ерекше атап көрсетуге болады:

1. Конфликтің жасырын жағдайынан тараптардың ашық қақтығысына ауысуы. Күрес шектелген ресурстармен жүргізіледі және жергілікті сипатқа ие болады. Күшке алғаш рет сынама жүргізіледі. Аталған сатыда ашық күресті тоқтату және конфликті басқа тәсілдермен шешу мүмкіндігі бар.

2. Қарсыласудың әрі қарай бірте-бірте үдеуі. Өз мақсаттарына қол жеткізу және қарсыластың әрекеттерін шектеу үшін тараптардың жаңа ресурстары енгізіледі. Ымыраға келудің барлық мүмкіндіктері дерлік аяқталды. Конфликт басқарылмайтын және болжап болмайтындай күйге енді.

3. Конфликт өзінің шарықтау шегіне жетіп, барлық мүмкін болған күштерді қолдана отырып, жаппай қырғын соғыс формасын қабылдайды. Аталған сатыда дауласқан адамдар конфликтің нақты себептері мен мақсаттарын ұмытып қояды.

Қарсыласудың негізгі мақсаты қарсыласқа барынша максималды апат келтіру болып табылады.

Конфликті шешу сатысы. Конфликтің созылмалылығы мен қарқындылығы тараптардың мақсаттары мен нұсқамасына, күрес жүргізу ресурстары, әдістері мен тәсілдеріне, қоршаған орта конфликтінің реакциясына, жеңіс пен жеңіліс таңбаларына, келісімге келудің мүмкін болған тәсілдеріне байланысты болып келеді.

Конфликт дамуының белгілі бір кезеңінде қарсыласқан тараптарда өз қарсыластарының мүмкіндіктері туралы көзқарасы маңызды түрде өзгеруі мүмкін. Жаңа өзара қарым-қатынас, күшті орналастыру, нақты жағдаятты ұғынуға негізделген құндылықтарды қайта бағалау кезі келеді. Мұның бәрі конфликт тәртібінің стратегиясы мен тактикасының өзгеруіне түрткі болады. Аталған жағдайда конфликтіге түскен тараптар татуласу жолдарын іздей бастайды. Осы сәттен конфликті аяқтау үдерісі басталады, алайда ол жаңа ушығуға қарсы бола алмайды.

Конфликті шешу кезеңінде оқиға дамуының нұсқалары болуы мүмкін:

– тараптардың бірінің айқын басымдығы оған барынша әлсіз оппонентке конфликті тоқтату бойынша өз шарттарын айтуға мүмкіндік береді;

– тараптардың бірі толығымен жеңгенше күрес жалғаса береді;

– ресурстардың жетіспеушілігі салдарынан күрес ұзаққа созылу сипатына ие болады;

– тараптар ресурстардың әлсіреуін және нақты (потенциалды) жеңімпазды анықтамай тұрып, конфликте өзара шегінімге жол береді;

– конфликт үшінші күштің ықпалымен тоқтатылуы мүмкін.

Әлеуметтік конфликт оны тоқтатудың нақты шарты пайда болмайынша жалғаса береді. Толығымен ресми мойындалған конфликте мұндай шарттар қарсыласу басталмай жатып анықталуы мүмкін (аяқтау ережелері белгілі болған ойындағыдай) немесе даму барысында жасалып, бекітілуі мүмкін. Егер конфликт жартылай ғана ресми мойындалған немесе толығымен ресми түрде мойындалмаған болса, оны аяқтаудың қосымша мәселелері туындайды.

Сондай-ақ қарсыластың біреуін немесе екеуін де толығымен құртатын абсолютті конфликтер бар. Жанжал пәні қаталырақ сипатталса, тараптардың жеңісі мен жеңілісін білдіретін белгілер нақтырақ көрінеді, сол арқылы оны оқшаулаудың мүмкіндіктері көбейеді.

Конфликті аяқтау тәсілдері, негізінен, қатысушыларға әсер ету жолымен немесе конфликт объектісі сипаттамасының өзгерту тәсілімен, болмаса басқа да әдістермен конфликт жағдайының өзінің өзгеруіне бағытталған. Аталған тәсілдердің кейбіреуін қарастырайық:

1. Конфликт объектісін жою.

2. Бір объектіні басқа объектімен ауыстыру.

3. Конфликт қатысушылары тараптарының бірін жою.

4. Тараптардың бірінің ұстанымын өзгерту.

5. Конфликт объектісі мен субъектісінің сипаттамасын өзгерту.

6. Объект туралы жаңа мәлімет алу немесе қосымша жағдай жасау.

7. Қатысушылардың өзара тікелей және жанама әсерін болдырмау.

8. Конфликт қатысушыларының бірегей шешімге келуі немесе кез келген шешіміне бағыну шартымен арбитрға бет бұру.

Конфликті еріксіз түрде аяқтау тәсілдерінің бірі – мәжбүрлеу. Мысалы, босниялық себртер, мұсылмандар және хорваттар арасындағы әскери конфликт. Бітімгерлік (НАТО, БҰҰ) күштер конфликтіге түскен тараптарды келісім жасау үстеліне отыруға мәжбүрледі десек те болады.

Келіссөздер. Конфликті аяқтау сатысының қорытындылаушы кезеңі келіссөздер жүргізу мен қол жеткен уағдаластықты заңды түрде рәсімдеуді ұсынады. Тұлғааралық және топаралық конфликтерде келіссөздер нәтижелері ауызша уағдаластық және тараптардың өзара міндеттемелеріне ие болады. Әдетте, келіссөздер үдерісін бастаудың бір шарты уақытша бітімге келу болып табылады. Алайда алдын ала уағдаласу кезеңінде тараптар әскери әрекеттерін тоқтатып қана қоймайды, сондай-ақ келіссөз кезінде өз ұстанымын нығайту үшін конфликтің ушығуына да алып келетін нұсқалар болуы мүмкін.

Келіссөздер конфликтіге түскен тараптардың өзара ымыраны іздеуін ұсынады және мүмкін болған рәсімдерді ұсынады.

Конфликтің бар екендігін мойындау.

1. Тәртіп ережелері мен нормаларын бекіту.

2. Негізгі даулы мәселелерді анықтау («Келіспеушілік хаттамасын» рәсімдеу).

3. Мәселе шешімінің мүмкін болған нұсқаларын зерттеу.

4. Әрбір даулы мәселе бойынша келісім іздеу және конфликті толығымен реттеу.

5. Барлық қол жеткен келісімдерді құжатпен рәсімдеу.

6. Барлық қабылданған өзара міндеттерді атқару.

Туындаған келіспеушілік пен келісім жүргізетін тараптардың деңгейі бойынша да келіссөздер ерекшеленуі мүмкін. Алайда келіссөздің негізгі рәсімдері (элементтері) өзгеріссіз қала береді.

Гарвард жобасы аясында жасалған, Роджер Фишер және Уильям Юри тарапынан жазылған «Путь к согласию, или переговоры без поражения»/«Келісімге келу немесе залалсыз келіссөздер» атты кітапта баяндалған «принципті келіссөздер» тәсілі төрт пункке бөлінген.

1. Адамдар. Келіссөз қатысушылары мен келіссөз пәні арасына шектеу қойыңыз.

2. Мүдделер. Ұстанымдарға емес мүдделерге назар аударыңыз.

3. Нұсқалар. Шешім қабылдар алдында мүмкіндіктер тобын ерекшелеңіз.

4. Критерийлер. Нәтиже қандай да бір объективті ережеге негізделуін талап етіңіз [6, 28].

Келіссөз үдерісі негізіне тараптардың өзара ымыралық шешіміне негізделген компромис (мәміле, ымыра) әдісі немесе туындаған мәселелерді бірлесіп шешуге бағытталған консенсус әдісі алынуы мүмкін [7, 137].

Келіссөз жүргізу тәсілі және оның нәтижелері қарсылас тараптардың арасындағы тек қарым-қатынасқа ғана емес, ол сондай-ақ әрбір тараптың ішкі жағдайына, басқа да шиеленістен тыс факторлар мен жақтастарының қарым-қатынасына да байланысты болып келеді [8, 96].

Конфликтен кейінгі саты. Тараптардың тікелей қарсыласуының аяқталуы әрдайым конфликтің толығымен шешілгендігін білдірмейді. Бейбітшілік келісімін түзген тараптардың қанағаттану немесе қанағаттанбау деңгейі көбінесе төмендегі жағдайларға байланысты болады:

– конфликт кезінде және кейінгі келіссөздерде көзделген мақсатқа жету қаншалықты орындалды;

– күрес қандай тәсілдер мен әдістер арқылы жүргізілген;

– тараптардан айырылу қаншалықты маңызды (адами, материалдық, территориялық және т.б.);

– қандай да бір тараптың жеке адамгершілік сезімінің қысым көру деңгейі қаншалықты жоғары;

– бейбітшілік орнату нәтижесінде тараптардың эмоциялық конфликтісін жою мүмкін болды ма;

– келіссөздер үдерісінің негізіне қандай тәсілдер алынды;

– тараптар мүдделерінің тепе-теңдігі қаншалықты сақталды;

– тараптардың бірі немесе үшінші күш тарапынан ымыра жасалды ма немесе ол шиеленіс шешімін бірге іздеу нәтижесі болып табылды ма;

– конфликт қорытындысына қоршаған ортаның әсері қандай.

Егер қол қойылған бейбітшілік келісімдері тараптардың ойынша олардың мүдделеріне қайшы келіп жатса, қарбаластық сақталып, конфликтің тоқтатылуы уақытша жағдай ретінде қабылданады. Ресурстарды ортақ әлсіреуі нәтижесінде бекітілген бейбітшілік негізгі даулы мәселені шешуге әрдайым қабілетті емес. Тараптар конфликті толығымен шешілді деп ойлап, сенім мен ынтымақтастық негізінде өз қарым-қатынасын құратын, консенсус негізінде жасалған бейбітшілік барынша мықты болып есептелінеді.

Конфликті шешудің кез келген нұсқасында бұрынғы қарсыластар арасындағы қарым-қатынаста әлеуметтік қарбаластық белгілі бір уақытқа дейін сақталады. Кейде өзара жағымсыз әсерді жою үшін болып өткен конфликтің барлық қорқынышын сезінбеген жаңа ұрпақ дүниеге келгенше шамамен он жылдықтар қажет болады. Санадан тыс деңгейде бұрынғы қарсыластардың мұндай жағымсыз әсерлері ұрпақтан-ұрпаққа берілуі және кезекті даулы мәселелердің әрбір ушығуы кезінде «қайта көтерілуі» мүмкін.

Конфликтен кейінгі кезең жаңа объективті шындықты көрсетеді: күшті жаңадан жұмсау, қарсыластардың бір-біріне және қоршаған әлеуметтік ортаға деген жаңаша қарым-қатынасы, бұрыннан бар мәселелерге деген жаңаша көзқарас, өз күші мен мүмкіндіктерін жаңадан бағалау.

3.3. Әлеуметтік конфликт қызметтері

Конфликт жағымды және жағымсыз әлеуметтік қызметтерді атқарады. Конфликт салдарын бағалаудың объективті және субъективті түрлері де бар. Мысалы, өндірістік (әлеуметтік-еңбектік) конфликт нәтижесінде мүмкін болған кәсіпорынның қайта құрылуы – дәлелді түрде жағымды құбылыс, алайда кәсіпорыннан штаттың қысқаруы нәтижесінде жұмыстан шығуға мәжбүр болған жұмысшылардың белгілі бір бөлігі тарапынан аталған конфликт жаңымсыз деп бағаланады.

Конфликтің жағымды және жағымсыз әсерлері көп жағдайда әлеуметтік жүйеден туындайды. Конфликт қалыпты жағдай болып саналатын еркін құрылымдалған топтар мен ашық қоғамдарда оны реттеудің түрлі механизмдері бар, конфликт өмірге бейімділікке, динамизмге және ілгері дамуға деген қабілеттілікке негіз болады. Тоталитарлық қоғамда әлеуметтік конфликт мойындалмайды, ал оны шешудің жалғыз механизмі күшті басу (мысалы, 1962 жылы Новочеркассктағы жұмысшылар шеруіне қару қолдану) болып табылады. Тұншыққан конфликт дисфункционалды, ескі қайшылықтарды ушықтыру мен жаңасының пайда болуына, қоғамның ыдырауына себепші болады. Шешімін таппаған қайшылықтар жинала береді, ал егер олар конфликт формасында көрініс тапса, ол маңызды әлеуметтік сілкініске алып келеді.

Ашық әлеуметтік құрылымдарға тән конфликтің кейбір оң қызметтерін қарастырайық.

1. Конфликт қарама-қайшылықты айқындайды және оның шешімін табады, сол арқылы қоғамдық дамуға негіз болады. Уақытылы айқындалып, шешімін тапқан конфликт ауыр салдарға жетелейтін ірі конфликтің алдын алады.

2. Ашық қоғамда конфликтер топішілік және топаралық қарым-қатынастың ықпалдастығы мен тұрақтылығы қызметін анықтайды, әлеуметтік конфликті төмендетеді.

3. Конфликт байланыстар мен қарым-қатынас қарқындылығын бірнеше рет арттырады, әлеуметтік үдерістерді ынталандырады, қоғамға қарқындылық береді, шығармашылық пен инновацияны ынталандырады, қоғамдық өрлеуге түрткі болады.

4. «Конфликт жағдайында адамдар өздерінің және өздеріне қарсы келетін қызығушылықтарды нақты түсінеді, қоғамдық дамудың объективті мәселелері мен қайшылықтарының бар екендігін толығырақ анықтайды» [9, 52].

5. Конфликт қоршаған әлеуметтік орта және бәсекеге қабілетті құрылымдардың әлеуетінің арақатынасы туралы ақпарат алуға түрткі болады.

6. Сыртқы конфликт топішілік ықпалдастық пен сәйкестендіруге түрткі болады, топтар, ұлттар мен қоғамның бірлігін арттырады, ішкі ресурстарды жұмылдырады. Ол сондай-ақ достар мен жақтастар табуға, дұшпан мен қаскөйлерді анықтауға көмектеседі.

7. Ішкі конфликті (топта, ұйымдарда, қоғамда) төмендегі қызметтерді атқарады:

күш теңгерімін (сондай-ақ билікті) жасау және қолдау;

– жалпы қабылданған ереже, норма мен құндылықтарды сақтау бойынша әлеуметтік бақылау.

– жаңа әлеуметтік нормалар мен институттарды құру, бұрынғыларын жаңарту;

– индивидтер мен топтардың бейімделуі мен әлеуметтенуі;

– топтардың түзілуі, топтардың нормативті және физикалық шектерін орнату және қолдау;

– топішілік және топаралық қарым-қатынастың тұрақты құрылымына қатысты орнату және қолдау [10, 7];

– топ пен қоғамда формалды емес сатылы лауазымды орнату, сондай-ақ формалды емес көшбасшыларды анықтау.

8. Конфликт қатысушылардың көзқарасын, қызығушылықтары мен мақсаттарын анықтай отырып, туындаған мәселелердің оңтайлы шешімін табуға негіз болады. Ашық әлеуметтік жүйеде конфликт туындаған қарсыластықты уақытылы анықтай және әлеуметтік құрылымды толығымен сақтай отырып, «қауіпсіздендіретін тетік» рөлін атқарады.

Конфликт төмендегі жағдайлар орын алған сәтте келеңсіз қызмет атқарады:

– ретсіздік пен тұрақсыздыққа алып келеді;

– қоғам бейбітшілік пен тәртіпті қамтамасыз ете алмайды;

– күрес күштеу тәсілімен жүргізіледі.

– конфликт нәтижесінде үлкен материалдық және рухани шығын болады;

– адамдар өмірі мен денсаулығына қауіп төнеді.

Көпшілік эмоциялық шиеленістерді және адамдардың әлеуметтік психологиялық тұрғыдан үйлеспейтіндігі нәтижесінде туындайтын конфликтерді жағымсыз деп тануға болады. Қажетті шешімді қабылдауды қиындататын конфликтерді де жағымсыз деп атаймыз. Жағымсыз салдар ұзаққа созылған позитивті конфликтіге ие болуы да мүмкін.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:

1. Сіз конфликтің қандай түрлерін білесіз?

2. Эмоционалды конфликт ерекшелігі неде?

3. Конфликтің даму сатыларын және тәсілдерін атаңыз.

4. Конфликті шешудің негізгі тәсілдерін атаңыз.

5. Конфликт институционализациясы дегеніміз не?

6. Әлеуметтік конфликтің негізгі қызметтерін атаңыз.

7. Әлеуметтік конфликт салдары қандай болуы мүмкін?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Здравомыслов А.Г. Социология конфликта. – М., 1995. – С. 90-91, 103.

2. Козер Л.А. Функции социального конфликта. Социальный конфликт: современные исследования. – М„ 1991. – С. 23-25.

3. Амелин В.Н. Социология политики. – М., 1992. – С. 149.

4. Бородкин Ф.М., Коряк Н.М. Внимание: конфликт! – Новосибирск, 1984. – С. 13, 18.

5. Введение в теорию международного конфликта. – М., 1996. – С. 17, 96.

6. Конфликт и пути его разрешения. – Куйбышев, 1990. – С. 8.

7. Конфликтные ситуации в трудовых коллективах и методы их разрешения. – Л., 1990. – С. 29-30.

8. Лысихин И.Е. Духовные факторы возникновения и обострения конфликтных ситуаций. Социальные конфликты: экспертиза, прогнозирование, технологии разрешения. – М., 1995. – Вып. 9. – Ч. I. – С. 46.

9. Сперанский В.И. Основные виды конфликтов: проблемы классификации // Социально-политический журнал. – 1995. – № 4. – С. 168.

10. Фишер Р., Юри У Путь к согласию или переговоры без поражения: пер. с англ. – М., 1992. – С. 28.

Білім беру аймағындағы конфликтология

Подняться наверх