Читать книгу Қазіргі заман кезіндегі Азия мен Африка елдерінің тарихы (1918–1945). I бөлім - Рыскелді Мырзабекова - Страница 2
ШЫҒЫС ЕЛДЕРІ: ҚОҒАМДЫҚ ДАМУДЫҢ НЕГІЗГІ АҒЫМДАРЫ
§ 1. ХХ ғ. бас кезіндегі шығыс қоғамдары. Капитализм феномені: қазіргі әлемдік тәртіптің қайнар көздері
ОглавлениеОтаршылдықтың адамзат қоғамы дамуына тигізген әсері
Отаршылдық тарихқа адамзат қоғамы дамуының ерекше кезеңі ретінде енді. Отаршылдықтың бастамасы ретінде негізін сонау XV ғасырдың соңында Васко да Гамма мен Христофор Колумб салған ұлы географиялық ашылуларды атауға болады. Географиялық ашылулар өркениеттердің өзара ықпалдасуына, ғылым мен техниканың дамуына, әсіресе, кеме жасау және теңізде жүзу ісінің дамуына үлкен себін тигізді.
Сонымен қатар Ұлы географиялық ашылулар кезеңінен бастап:
адамзат тарихы алғаш рет дүниежүзілік сипатқа ие бола бастады;
дүние әлемдік капиталистік шаруашылық (ӘКШ) жүйе мен біртұтас экономикалық кеңістік қалыптасуы барысында біріге бастады;
отаршылдық үдерістің дамуы барысында бірқатар елдер (Еуропа мемлекеттері; АҚШ, кейіннен Жапония) метрополияларға айналды;
отарлаудың нәтижесінде әлем елдерінің басым бөлігі (Азия, Африка, Орталық және Оңтүстік Америка елдері) тәуелді мемлекетерге, яғни отар және жартылай отарларға айналды.
Отарлық жүйе қалыптасуы қарсаңындағы кезеңдерде Азия мен Африканың халықтары өздерінің тарихи даму сатысы бойынша әртүрлі деңгейлерде тұрды. Азия елдерінің басым бөлігі феодалдық құрылыстың өркендеу шағын басынан кешіріп жатса, Африканың орталық, оңтүстік және батыс пен шығыс бөлігін мекендеген халықтар адамзат тарихы дамуының алғашқы қауымдық құрылыс пен әскери демократиялық кезеңінде өмір сүріп жатты.
Империализмнің отарлық жүйесінің пайда болуы. Отарлау үдерісінің басталуына негіз қалаған сол кездегі қуатты саналатын еуропалық мемлекеттер Испания мен Португалия болды. Бұл елдер өздерінің қуатты соғыс және сауда флотына арқа сүйей отырып, өзге еуропалық мемлекеттерден бұрын отарлау саясатын жүзеге асыра бастағандықтан олар отаршылдықтың алғашқы ке зеңіне негіз қалаған мемлекеттер болып табылады. Отарлаудың екінші кезеңінде нидерланды, Англия, Франция сияқты жаңа отаршыл мемлекеттер Испания мен Португалияға бәсекелестік таныта бастады. Нақ осы кезеңде отарлаудың әдістері мен тәсілдерінде үлкен өзгерістер болды. Атап айтқанда, отарлаудың алдыңғы шебінде Вест-Индия, Ост-Индия, Левантийлік және т.б. сияқты ірі монополиялық-компанияларды қолдану кең етек ала бастады. Аталған компаниялар өз мемлекеттері атынан және олардың қолдауымен кеңінен әрекет жасай отырып, отарлауды жүзеге асыратын ықпалды үлкен күшке айналды. Отарлау үдерісі барысында еуропалық мемлекеттер арасында өзара бәсекелестік күрес өрши түсті. Алғашында, яғни, ХV-ХVІІ ғасырларда испан-португал бәсекелестігі орын алса, кейіннен, XVIII ғасырдың орта шенінен бастап ағылшын-француз бәсекелестігі пайда болды. Ағылшын-француз бәсекелестігі ХІХ ғасырдың 80-90-жылдарына дейін жалғаса берді.
Алғашында еуропалық мемлекеттер отарларды тек шикізат және ауылшаруашылық өнімдерін алатын және өз тауарларын шығаратын нарық ретінде қарастырған болса, ХІХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап, яғни, ескі капитализмнің «еркін» монополистік капитализмге ұласуы салдарынан жаңа кезеңнің дамуына байланысты отарларды қанаудың жаңа тәсілдері мен әдістері пайда бола бастады. Қуатты мемлекеттер арасында арта түскен қайшылықтар өзара байланысты екі үдерісті: бір жағынан, саяси және әскери қақтығыстарды тудырса, екінші жағынан, Шығыс халықтары есебінен отаршылдық келісімдердің күрделі жүйесінің пайда болуына әсер етті. Мысалы, Африкада Франция, Англия, Португалия, Бельгия және Германия сияқты елдер отарларды иемдену барысында бір-бірімен келісіп отырды. Кейбір жағдайларда отарлық езгіге түскен елде бірнеше отаршыл мемлекеттің ерекше мүдделері болса, онда бұндай елді олар ықпал ету аймақтарына бөліп алды. Мысалы, Қытайды бірнеше еуропалық мемлекет пен АҚШ, кейіннен Жапония ықпал ету аймақтарына бөліп алды. Яғни, қарастырылып отырған кезеңде жариялы болмаса да, өзіндік бір «отаршылдардың клубы» пайда болды. Дәл осындай жағдайды Сиам мен Иран да бастарынан кешірді. Атап айтқанда, Сиам француздық және ағылшындық, ал Иран британдық және орыстық ықпал ету аймақтарына бөлінді.
Осындай отаршылдық саясаттың нәтижесінде ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде алып отаршыл империялардың құрылу дәуірі аяқталды. Олардың арасында ең қуаттысы Британ империясы болды. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде әлемді отарлық бөліске салу үдерісінің аяқталуы, монополистік капитализмге дейінгі отарлық жүйенің империализмнің отаршылдық жүйесіне түпкілікті айналғандығын білдірді.
Отарлық жүйенің құрамына толық отар, яғни басқару жүйесінің қандай да болмасын формасынан айырылған елдер мен территориялармен қатар жартылай отар, яғни белгілі бір формада басқарудың дәстүрлі жүйелерін сақтап қалған елдер кірді. Іс жүзінде жартылай отар елдердің саны толық отар елдерден әлдеқайда аз болды және өзінің егемендігін формальды түрде сақтап қалды. Тең құқылы емес әрі әділетсіз шарттар, кіріптарлық несиелер және әскери одақтар шырмауымен маталған бұндай елдер өнеркәсібі дамыған елдерге тәуелді болды. Өзінің әлеуметтік-экономикалық құрылымы жағынан жартылай отарлардың толық отарлардан ешқандай айырмашылығы болған жоқ.
Капиталды отарлар мен тәуелді елдерге шығарудың басты формалары. Империализм дәуірінде отарлар мен жартылай отарлар метрополиялар үшін тауар шығару нарқына, шикізат беретін аймаққа және тегін жұмыс күшпен қамтамасыз территория қызметін жалғастыра берді. Уақыт өте келе, отарлық қанаудың жаңа, әрі басты формасы капитал шығару монополистік капитализмнің өмір сүруінің ең маңызды зандылықтарыньщ біріне айналды.
Отарлар мен тәуелді елдерге капитал шығару әртүрлі формада жүзеге асырылды. Империалитсік державалар банктерінің тәуелді елдердің үкіметтеріне берген кіріптарлық несиелері кеңінен таралды. Несиелер метрополия банктеріне орасан-зор пайда әкеліп қоймай, борышкер-елдердің үстінен қаржы бақылауының орнатылуына өз себін тигізді. Банкілер шикізат шығаруды, пайдалы қазбаларды өндіруді бақылайтын көптеген мекемелерді иемденді. Отаршылдар қарапайым өнегелілік ұстанымдарын да аяққа таптады. Мысалы, олар Индонезияда апиын мен араққа монополия орнатты. Кореяда жапондық банк мемлекеттік банктің рөлін атқарып, банктноттар мен облигациялар шығарды, валюталық және қазыналық операцияларды жүзеге асырды. ХХ ғасырдың бас кезінде тек Англияның өзі осындай 50 банкіні иемденді, ал олардың әртүрлі қалалардағы бөлімдерінің саны бес мыңнан асып жығылды. Банкілер тәуелді елдердің экономикасын басқарып қоймай, олардың үкіметтерінің саясаттарын да анықтап беріп отырды.
Капиталдың шығарылуы, тауарларды шығарылу көлемінің азаюына ешқандай ықпал еткен жоқ. Әдетте, неселер беру кезінде кредиторлар өздерінің өндірістік тауарлары үшін мейлінше тиімді жағдайларды саудалап алды. ХХ ғасырдың бас кезі бірқатар жаңа тең құқылы емес әділетсіз шарттардың пайда болуымен, кедендік саясатты метрополиялардың мүддесіне бағындырылумен ерекшеленеді. Осы кезде бір мезетте ескі капитуляциялар да өз күштерін сақтап қалды. Империалистік елдердің монополиялары кең көлемде отарлар мен жартылай отарларда шикізат және азық-түлік дақылдарын өсіретін плантациялар үшін арзан бағаға жерлерді сатып алумен және тікелей басып алумен айналысты. Осылайша, Азия мен Африка елдерін капиталистік өндіріс үшін шикізат көзіне айналдыру жүзеге асырылды. Мысалы, ағылшын капиталының қолына Үндістандағы шай плантацияларының басым бөлігі өтсе, голландық монополиялар Индонезияда кең-байтақ плантацияларды иемденді. Француздар отқа өртеп, қанға бояп, Алжирды отарлап, Марокко мен Тунисте әртүрлі қулық-сұмдық арқылы ұлан-байтақ жерлерді басып алды.
Египетте пайдалануға берілген Суэц каналы да отаршылдардың мүдделеріне қызмет етті. Отарлар мен тәуелді елдерде шетелдік өндіріс мекемелерін, ең алдымен, тау-кен өндірісінде құру жүзеге асырылды. Отаршылдар ашылған және әлі де ашылмаған шикізат көздерін интенсивті түрде басып ала бастады. Осы мақсатпен олар кең көлемде концессиялар құра бастады. Бұл концессиялар ірі монополияларға тиесілі болды. Көптеген жағдайда, қойнауын тәуелді үкімет тарапынан еш бақылаусыз пайдалануға болатын концессиялардың территориялары мемлекет ішіндегі мемлекеттің бір түріне айналды. Бұндай концессиялардың қатарына Ирандағы ағылшын-иран мұнай компаниясын жатқызуға болады. Қытайдағы шетелдік концессиялардың территорияларында отаршыл қуатты мемлекеттер өздерінің билік органдарын, сот пен полицияларын иемденді. Мұнай, көмір, кен, сирек кездесетін металлдар, фосфаттар шетелдік монополиялардың қолына көшті. Жер қойнауын игеретін және пайдалы қазбаларды барлайтын сансыз компаниялар құрылды. Шетелдік мұнай компаниялары араб елдерінде, Иран мен Индонезияда мұнайлы аудандарды басып алды. Шетелдіктер Египетте, Үндістанда, Вьетнам мен Түркияда тұзды өндіру мен сату құқығына монополия орнатты. Үндістан мен Африка елдеріндегі аса бай алмаз және алтын топырақ кеніштері ағылшындық, француздық және бельгиялық компаниялардың қолына өтті.
Шетелдік компаниялар Шығыстың ішкі нарығымен қоса, сыртқы нарықтарын да басып алды. Тәуелді елді мономәдениетті және шикізат көзіне айналдыру, экспорт пен импорт операциялары саласында үстемдік құру арқылы қарқынды жүзеге асырылды. Бұндай жағдай шетелдік қаржы капиталының отарларда пәрменді жұмыс істеуіне өз себін тигізді. Капитал шығарумен айналысатын әрбір империалистік қуатты мемлекет қаржының басым бөлігін осы салаларға салды. Отар елдер мен тәуелділікке түскен елдердің тауар әкелу және шығару құрылымдарын талдау экспортта шикізаттың, ал, импортта фабрикалық тауарлардың басым екендігін көрсетеді. Мысалы, ХІХ және ХХ ғасырлар межесінде Үндістандағы шеттен әкелінетін тауарлардың жартысын ағылшынның мақта-мата өнімдері, ал, сыртқы шығарылған өнімнің %-ін отарлық шикізаттар мен азық түлік құрады. Египет осы кезеңде үлкен көлемде мақта-мата өнімдерін мен азық-түлікті сырттан әкеліп, шетке негізінен мақта шығарумен айналысты. Ал Филиппинде сыртқы шығарылған өнімнің 90 %-ын қант, кендір, кокос жаңғағы және темекі құрады. Осыдан-ақ, отарлыққа түскен елдер еуропалық мемлекеттерге тропиктік жеміс-жидек пен азық-түлік және минералды шикізат беретін көзге айналғандығын көруге болады. Ал, өз кезегінде еуропалық елдер отарлар мен жартылай тәуелді елдерді өздерінің өндірістік тауарларын шығаратын нарыққа айналдырғандығын көруге болады.
Бүкіл кедендік саясат метрополияларға бағынышты болды. Мысалы, американдар, Филиппинде, француздар Вьетнамда, ағылшындар Үндістан мен Египетте кедендік және темір жол тарифтерін орнатып, осыдан көп пайда тапты. Метрополиялар мен тәуелді елдер арасындағы сыртқы сауда қатынастарында эквивалентті емес тауар алмасу жүйесі үстемдік құрды. Отарлар мен жартылай отарлардың халықтары екі жақты тонаушылыққа түсті.
Отаршылдықтың ортақ заңдылықтары мен негізгі нұсқалары Отаршылдық кең мағынада әлемдік тарихта маңызды құбылыс болып табылады. Отарлау үдерісі барысында бос жатқан және сирек қоныстанған жерлер игерілді. Өздерімен бірге қоғамдық құрылысын, еңбек және тұрмыс салтын алып келген еуропалық мигранттардың жаңа жерлерге қоныстануы, оларды алғашқы кезде дамуы тұрғысынан алғанда әлдеқайда төменгі сатыда тұрған жергілікті халықтармен күрделі қатынастарға түсуге мәжбүр етті. Мәдениет пен салт-дәстүр, діни наным-сенім, шаруашылықты жүргізу сияқты қоғамдық өмір салаларында интенсивті өзара ықпалдасу үдерісі жүрді. Бұл өзара ықпалдасу бірнеше ғасырға созылды. Дегенмен, бұл үдерісте еуропалық мәдениет пен салтдәстүр және шаруашылықты жүргізу формасы үстемдікке жетіп отырды. Нәтижесінде еуропалық салт-сана жергілікті халықтардың арасында кеңінен тарала бастады. Осыдан келіп отаршылдық феноменінің негізгі бірнеше нұсқасын түсіндіруге болады.
Олардың біріншісі жырақта жатқан бөгде, бірақ, бос немесе сирек қоныстанған жерлерді қоныстанушы-колонистердің біртіндеп игере бастауы. Бұндай жағдайда жергілікті халық әдетте, отырықты жерлерінен шетке және шаруашылық жүргізуге қолайсыз, құнарсыз және жайсыз жерлерге тықсырылды. Бұндай жерлерде жергілікті халық бір жағынан біртіндеп қырыла бастаса, екінші жағынан отаршылдар оларды қырып-жойып, ассимиляцияға ұшыратты. Осындай жолмен Солтүстік Америка, Австралия, Жаңа Зеландия игерілген болатын. Белгілі бір дәрежеде бұндай механизм бурлардың Оңтүстік Африка Республикаларында қолданыс тапты. Уақыт өте келе бұл жерлерде еуропалық үлгідегі мемлекеттік құрылымдар пайда болды.
Отаршылдықтың тагы бір келесі нұсқасы даму жағынан ерте мемлекттік сатыда тұрған жергілікті халық тығыз қоныстанған аудандарға жаңа қоныстанушылардың миграциясы болып табылады. Аталмыш типтегі отарлаудың жарқын мысалы Оңтүстік және Орталық Америкадағы қоғамдар болып табылады. Еуропадан қоныстанушылардың (испандар мен португалдардың) пайыздық қатынасының жергілікті үндістермен және Африкадан әкелінген құл-негрлермен (бұл өз кезегінде мулаттар мен метистердің көбеюіне алып келді) салыстырғанда төмен болуы, Латын Америкасы елдерінде әлеуметтік қатынастар формасының гибридті болуына әсер етті. Отарлаудың екінші нұсқасы отарлардың тез дамуына ықпал ете алмады. Испандық және португалдық отаршылдар өздері феодалдық қоғамнан шыққан феодалдық католицизмнің үндістік дәстүрлі қоғам формасымен синтезі дамудың пәрменді формаларының қалыптасуына және өндірістің алдыңғы қатарлы түрлерінің пайда болуына өз себін тигізе алмады.
Отаршылдық феноменінің үшінші нұсқасы еуропалықтар үшін мекендеуге қолайсыз аудандарды отарлау болып табылады. Бұндай жерлерде әдетте жергілікті халық саны жағынан көп болғандығына қрамастан, біртіндеп еуропалықтардың ықпалына түсе бастады. Бұндай жағдай Африкада толығымен ал, Азияның кейбір аймақтарында (мысалы, Индонезияда), Океанияда ішінара орын алды. Аталған аймақтар саяси әкімшілік пен мемлекеттік аппараттың әлсіздігімен және кейбір жағдайларда олардың толықтай жоқтығымен ерекшеленеді. Бұл ең алдымен отаршылдарға форпостар жүйелерін, теңіз айлақтарын, сауда компаниялары мен кварталдарды құру арқылы жаңа жерлерге тез қоныстануына кең мүміндіктер қалыптастырып берді. Олар көп ұзамай-ақ, жергілікті сауданы өз бақылауларына алып үстемдіктерін нығайта түсті. Жекелеген жағдайларда отаршылдардың бақылауына жақын жатқан өзге аудандардың бүкіл шаруашылығы өтті. Осындай ұтымды жағдайды иемденген отаршылдар аймақтар мен тұтас мемлекеттерге өздерінің еркі мен нарықтық қатынастар принциптерін күштеп таңды. Бұндай мақсаттарын жүзеге асырудың ең оңай әрі сенімді жолы тең құқылы емес шарттар жүйесін жасау арқылы жетуге болатын. Уақыт өте келе, отаршылдықтың мұндай түрі өзге саяси үстемдік түріне айналды.
Отаршылдық феноменінің төртінші нұсқасы Шығыстың көптеген елдеріне тән болды. Бұндай жағдайларда отаршылдар мемлекеттік дәстүрлері бай және мемлекеттік басқару жүйесінің құрылымдары бірнеше ғасырлар бойы дамыған елдерді тәуелділікке түсіре бастады. Әдетте отаршылдар саны жағынан аз болғандығына қарамастан, жергілікті халықтарды өздерінің заңдары мен дәстүрлеріне бағындыра білді. Бұндай елдер жартылай отар елдерге айналды.
Алғашқы империалистік қақтығыстар. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Бірінші дүниежүзілік соғыстың жаршылары болған алғашқы империалистік қақтығыстар орын алды. Олардың ең біріншісі 1898 жылғы испан-американ, 1899-1902 жылдардағы ағылшын-бур және 1904-1905 жылғы орыс-жапон соғыстары болды. Бұл соғыстардың алғышарттары мен себептері мемлекеттік-монополистік капитализмге өту және отарларды қайта бөліске салу ұмтыластары кезінде қалыптасты.
Испан-американ согысы Испанияға тиесілі Кариб теңізі бассейніндегі Куба аралының жергілікті халқының бас көтеруіне байланысты бұрқ ете түсті. Америка үкіметі 1898 жылы испандық отарлық әкімшіліктің бас көтерушілерге қарсы қолданған шараларын шамадан тыс қатал және олар Монро доктринасы мен адам құқықтарын бұзады деп есептеді. АҚШ Кубаның Испаниядан тәуелсіздігін мойындап қана қоймай (іс жүзінде АҚШ Кубаға өз протекторатын орнатты), өзінің оңтүстік жағалауларына таяу орналасқан Пуэрто-Рико аралдарын басып алып, Испанияның азиялық иелігі болып табылатын Филиппин аралдарындағы Манила портына әскерлерін түсірді. Американ әскерлерінің Филиппин аралдарына түсірілуі, Филиппин қарсыласу қозғаласының жетекшісі Агинальдомен келісілді. Эмиграцияда жүрген Агинальдо АҚШ-қа Испанияға қарсы соғыста қолдау көрсетуге уәде берді. Американ әскерлері аралдарға түсірілген соң, Агинальдо Филиппин аралдарының тәуелсіздігі үшін қозғалысты бастады. АҚШ Филиппин аралдарының тәуелсіздігі үшін күресті басу және Агинальдоны берілуге мәжбүрлеу үшін үш жылын сарп етті. Осымен бір мезетте американдықтар Гавай аралдарының ең соңғы патшайымы Лилиуокаланиді тақтан тайдырып, (1831 ж.), аралдарды АҚШ территорияларының құрамына (1900 жылы қосылған территория, ал 1950 жылдан бастап штат) қосты. 1898 жылы Тынық мұхиттағы Самоа аралдар тобы Германия мен АҚШ арасында бөліске салынды. Осылайша АҚШ отаршыл державалардың қатарына қосылды.
Агылшын-бур согысының тарихы XVII ғасырлардан бастау алады. Оңтүстік Африканың «Қайырымды Үміт» мүйісіне жақын аудандарда голландықтар 1652 жылы «Кап колониясы» деп аталатын шағын, бірақ тұрақты отардың негізін қалады. Бұл отарда голландықтармен қатар саксондықтар және өзге де еуропалықтар мәңгілікке қоныс тепті. 250 жыл ішінде олар бір-бірімен некелік қатынастарға түсті. Олардың ұрпақтарын бурлар («шаруалар») деп атай бастады. XVIII ғасырдың соңында бурлардың саны 15 мыңға жетті. Бурлар өздерінің билік органдарын құруға әрекет жасады. Бірақ 1795 жылы Кап колониясын ағылшындар басып алды. Бурлар тәуелсіздік үшін күрес бастады. Бастапқы кезде бұл күрес бурлар үшін сәтті болды. 1852-1854 жылдары Кап колониясының оңтүстік-шығысында бурлар өздерінің «Оранжевая» және «Трансвааль» деген екі республикасын құрды.
Оранжевая және Вааль өзендерінің алқаптарында 1867 жылы алмаз, ал 1870 жылы Витватерсранд пен Трансваальда орасан-зор алтын кен көздерінің табылуы жағдайды күрт өзгертті. Бур республикаларының халқы келесі ширек ғасырда төрт есеге өсті. Республикаларда темір жолдар салынып, қалалар шапшаң өсе бастады. Алмаз бен алтынды өндіру қысқа мерзімде ағылшын-бур монополиялық компанияларының қарауына өтті. Еуропадан толассыз ағылып жатқан «жат жерліктердің» үлкен легіне байланысты, Бур республикаларының тәуелсізідіктеріне үлкен қатер төнді. Алмаз бен алтын өндіруден алынған салық республикалардың салық табысының басты көздері болды. Трансваальдың президенті Крюгер мен парламенті уайтландерлердің (негізінен ағылшындардың) дауыс беру құқықтарын шектейтін (жасына және қоныстануға байланысты ценздер жоғарылатылды) заңдар шығарды.
Англия алмаз өндіруден түсетін табыстан айрылғысы келмеді. Ағылшын миллионері және Кап колониясының сол кездегі премьер-министрі Сесиль-Род, 1895 жылы Тарнсваальға қарулы шабуыл ұйымдастырды. Англия Трансваальдың сыртқы саясатына бақылау орнатуға тырысты. Өзінің әрекетін жүзеге асыру үшін Лондон, Оңтүстік Африкаға әскер жөнелте бастады. 1898 жылы ағылшындар мен бурлар бір мезгілде бір-біріне ультиматум қойды. Ультиматумды тараптардың қабылдамауы, ағылшын-бур соғысының басталуына әкеліп соқты. Алғашқыда бурлардың әскери қимылдары табысты жүрді. Англия әскери қимылдар театрына қосымша күштер жіберуге мәжбүр болды. 1900 жылдың күзіне қарай ағылшындар Трансваальды басып алды. Крюгер қашып кеткенімен партизандық соғыс 1902 жылға дейін жалғаса берді.
Соғыс кезінде ағылшындар қатаң екі шараны қолданды. Олар кейінгі екі дүниежүзілік соғыс барысында кеңінен қолданыла бастады. Атап айтқанда, «өртелген жер» шарасын ағылшындар шегінуге мәжбүр болған жағдайларда қолданды. Ал екінші шара концентрациялық лагерьлер болды. Бұндай лагерьлерде әйелдер мен партизандардың балалары қамауда отырды.
Британия үшін ағылшын-бур бейбіт шартының басты нәтижесі бурлардың Англияның суверенді билігін мойындауы болды. Бейбіт шарттың өзге де баптары бурлар үшін айтарлықтай ауыр болған жоқ. Атап айтқанда, бурларға қатысты қатаң сот процестері өткізілген жоқ және бурлар контрибуция (тікелей соғыс шығындарын) төлеуден босатылды. Көп кешікпей концлагерьлер таратылды. Трансвааль мен Оранжевая өзені, Кап және Наталь сияқты колониялар өзін-өзі басқару құқығын иеленді. Олардың басшылығына бур генералдары тағайындалды. 1910 жылы төрт колония Оңтүстік-Африкандық одаққа біріктірілді. Бурлардың талабы бойынша түрлі-түсті және қара нәсілді тұрғындар дауыс беру құқықтарынан айырылды.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде отарлық бәсекелестік күрес Қиыр Шығыста орын алды. Маньчжур династиясы тұсындағы Қытай қуатты капиталистік мемлекеттердің оңай олжасына айналды. Елдің территориясы батыстық державалардың «ықпал ету аймағына» бөлінді.
1894-1895 жылдары Қытай мен Жапония арасында соғыс өрті тұтанды.Қытайлық-маньчжур династиясының әскерлері модернизацияланған жапон армиясынан ойсырай жеңілді. Қытайда жапон үстемдігінің артуы, Ресейдің наразылығын тудырды. Ресей мен Жапонияның мүдделері Маньчжурияда қақтығысқа түсті. Бұрыннан Маньчжурияға көз тіккен жапондықтардың қатты алаңдаушылығын тудырған жайт Ресейдің Қытай императорынан бұл территорияларда темір жол салу құқығын иемденуі болды. Маньчжурия арқылы өтуге тиісті теміржол Владивостоктан Порт-Артур аралығындағы қатынасты екі есеге қысқартуға тиісті еді. Теміржол аумағындағы билік толығымен Ресейдің құзырына өтті. Қиыр Шығыстағы осындай оқиғалар 1904-1905 жылдары орыс-жапон соғысына алып келді.
1904 жылдың 8-ақпанынан 9-ақпанға қараған түні жапондардың басты флоты Порт-Артурға тұтқиылдын соққы берді. Жапондар орыстардың бірнеше ірі әскери кемелерін суға батырып жіберді және гаваньды тығыз блокадаға алды. Сонымен бір мезетте жапондар орыстардың Қытай мен Корея порттарында тұрған бірнеше әскери кемелерін суға батырды және кейбіреулерін басып алды. Содан кейін Маньчжур майданы мен қоршаудағы Порт-Артудың маңында құрлықтағы әскери қимылдар басталды. Орыстардың ай сайын Маньчжурияға 30 мың әскер жібергеніне қарамастан, орыс әскерлері Ляолян мен Мукден түбінде жеңіліске ұшырады. Тынық мұхит флотына Петербургтен көмекке жіберілген орыс эскадрасы әлемнің жартысын айналып өтуге мәжбүр болды. Бұл эскадраны адмирал Макаров басқарды. 1905 жылдың мамырында адмирал Макаровтың флагман кемесі теңіз минасына соғылып суға батып кетіп, Макаров бүкіл штабымен қаза тапты. 1905 жылдың 27-28 мамырында Цусима бұғазында жапон флоты орыс эскадрасын талқандады. Орыстардың бүкіл флоты су түбіне кетті, тек бірнеше жүрдек кемелер ғана қоршаудан сытылып шықты. Бұл кемелер бейтарап суларға барып паналады. Ел ішіндегі халық наразылығынан сескенген патша үкіметі АҚШ-тың араласуымен жапондармен бейбіт келісім жасауға мәжбүр болды.
1905 жылғы Портсмут шарты бойынша Ресей Ляодун жартыаралын, Оңтүстік Сахалинді Жапонияға берді және Кореядағы өз мүдделерінен бас тартып, Маньчжуриядан әскерлерін шығарды. Порт-Артур және Кореяның Чемульпо портында суға батырылған орыс кемелері, соның ішінде әйгілі «Варяг» крейсерін жапондықтар су бетіне көтеріп шығарды. Бұл кемелер жөндеуден өткізілген соң жапон флотында ұзақ жыл қызмет етті.
Білімін тексеруге арналған сұрақтар:
1. Кап колониясы қашан құрылды. Колонияның қандай ерекшеліктері бар?
2. Ағылшын-бур соғысы барысында ағылшындар бурларға қатысты қолданған шараларды атап беріңіз.
3. Алғашқы империалистік қақтығыстардың басты себебі не?
4. Отаршылдықтың ортақ заңдылықтары мен негізгі нұсқалары қандай болды?