Читать книгу Қазіргі заман кезіндегі Азия мен Африка елдерінің тарихы (1918–1945). I бөлім - Рыскелді Мырзабекова - Страница 5
ҚИЫР ШЫҒЫС ЕЛДЕРІ
Оглавление§ 1. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Жапония
Бірінші дүниежүзілік соғыстың нәтижелері. Бірінші дүниежүзілік соғыстың Жапонияның демократиялық дамуына тигізген әсері. Жапония 1914 жылдың тамызында Антанта жағында соғысқа кірісіп, Қиыр Шығыстағы герман иеліктерін басып алу мүмкіндігіне ие болды. Жапония соғысқа кіріскен Еуропаның өзге капиталистік мемлекеттеріне қысым көрсетіп, олардың Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарындағы экономикалық мүдделеріне қауіп төндіре бастады. Бұл бағытта Жапония басты күшін Қытайды экспансиялауға салды.
1919 жылғы Версаль бейбіт конференциясында Жапония Шаньдун түбегінен өзге, сол уақытқа дейін Германияның иелігі саналып келген Каролин, Маршалл, Мариан аралдарын мандат арқылы басқару құқығына ие болды.
Бірінші дүниежүзілік соғыс пен Версаль бейбіт конференциясында Жапонияның иелегіне өткен территориялардың басым бөлігі 1921-1922 жылдары Вашингтон конференциясы барысында қайтадан талқыға түсіп, ақырында Жапония олардан айырылып қалды. Атап айтқанда, АҚШ Ұлыбританияны Жапониямен одақтас болудан бас тартқызды және Шаньдун түбегін Қытайға қайтарып беруге мәжбүр етті. Сондай-ақ, Жапония Вашингтон конференциясы барысында қол қойылған «Бес елдің шартына» сәйкес әскери-теңіз қару-жарағы (әскери кемелердің тоннажы) бойынша негізінен АҚШ және Ұлыбритания тарапынан ұсынылған шектеулермен келісуге мәжбүр болды.