Читать книгу Қазіргі заман кезіндегі Азия мен Африка елдерінің тарихы (1918–1945). I бөлім - Рыскелді Мырзабекова - Страница 3

ШЫҒЫС ЕЛДЕРІ: ҚОҒАМДЫҚ ДАМУДЫҢ НЕГІЗГІ АҒЫМДАРЫ
§ 2. Капиталистік қатынастардың дамуы жағдайындағы ауыл шаруашылығы

Оглавление

Отарларда капиталистік плантациялық шаруашылықтың қалыптасуы. Шығыс елдерінің негізгі шаруашылығы ауыл шаруашылығы болды. Ауыл шаруашылығымен халықтың үштен екі бөлігі айналысты. Отаршыл елдердің аграрлық секторды қалыптастыру әдістері сан алуандығымен ерекшеленді. Бірақ олардың барлығы екі бағытта топтасты. Біріншісі отаршылдықтың даму барысында жерге жеке меншіктің дамуы және жерді жалға беру, помещиктік тұрпаттағы ірі өндірістер құру. Екіншісі плантация түріндегі ірі өндірісті орнықтыру. Шетелдік плантациялық шаруашылық өзге шаруашылықтармен салыстырғанда ерте әрі жылдам сол заманғы капиталистік мекемелерге айнала бастады. Бұндай үрдіс отарларда капиталистік тәртіптің қалыптасуына өз себін тигізді.

Алғашқы палантациялар Молук бұғазының жағалауларында ХVІII-ХІХ ғасырларда пайда болды. Кейіннен Оңтүстік-Шығыс Азияның өзге аудандарында пайда бола бастады. Бірақ бұл аудандарда плантациялар сирек кездесетін құбылыс еді. Тек ХХ ғасырдың бірінші жартысында игерілмеген жаңа жерлерді игеру үрдісі қарқынды түрде жүрді. Бұл жерлерге техникалық дақылдардың жаңа түрлері әкелініп өсіріле бастады. Плантациялық шаруашылық Үндістан, Индонезия, Бирма, Египет, Малазия, Шри-Ланка және Филиппинде пайда бола бастады. Палантациялық шаруашылық үшін орасан зор жер бөлінді. Бұл жерлер тазарту, батпақты құрғату арқылы пайдаға жарамды етілді. Суармалы алқаптарда егін өсіру үшін дамбалар, каналдар, тоғандар, су айдайтын бекеттер салынды. Плантациялардың төңірегінде темір және тас жолдар, қойма ғимараттары, тұрғын үйлер, өнімді өңдейтін кәсіпорындар сияқты инфрақұрылымдар пайда болды.

Осы іспеттес кешендердің пайда болуы Шығыс елдеріне капитализмді тікелей импорттаудың көрінісі еді. Ірі плантациялық шаруашылықтарды құру және оларды дамыту сол кездегі алдыңғы қатарлы техникалық құралдар мен кадрларды пайдалану арқасында мүмкін болды. Сонымен қатар бұндай ірі плантациялық шаруашылықтарда жалақысы төмен жұмысшылардың еңбегін пайдалану кеңінен етек алды. Оларды контрактіленген кулилер деп атады. Плантацияларда қосалқы жұмысшылар да еңбек етті. Олар әдетте қайыршыланған немесе, борышқа батқан жалгершаруалар болатын. Сондай-ақ, бұндай ірі плантацияларда елдің нашар дамыған аудандарынан және көршілес елдерден мысалы, Қытай және Үндістаннан келген мерзімді жұмысшылардың еңбектері пайдаланылды. Плантациялардың әкімшіліктері барлық істер мен есеп-қисап жұмыстарды тікелей жұмысшылармен емес, басты жалдап алушылар арқылы жүргізді. Жалдап алушылар мен плантация әкімшіліктері кулилерді әкелу жөнінде шарттар жасасты. Кулилер контрактіге қолдарын қойған соң аванс алатын болды. Содан кейін олар шарт мерізімі аяқталғанға дейін жалдап алушының езгісіне түсті. Формальді түрде кулилерді контрактілеу жүйесі тек ХХ ғасырдың 20-жылдары жойылғанымен, ол кейінгі кезеңдерде әрекет жасай берді. Мақта, кендір, қант қамысы, темекі, кокос және май палмасы, жүзім, цитрус жемістері сияқты экспортқа арналған жергілікті өсімдіктерді өсіру қарқыны мен көлемі артты.

Отарлардағы ірі плантациялық шаруашылық дамуының салдарлары. Ірі плантациялық шаруашылықтың өсуі отаршылдықтың негативті формасы болды. Шетелдік капитал, жұмысшыларды контрактілеу, шаруашылықтың бір жақты дамуы, және тағы басқалар жергілікті халық пен жалданушы жұмысшылардың жағдайларын нашарлатты. Олардың ауыр әлеуметтік-экономикалық салдарлары да көрініс бере бастады. Мысалы, аграрлық ірі плантациялық аудандарда халықтың шамадан тыс тығыз қоныстануы, кең-байтақ жерлерді плантациялар үшін күштеп тартып алу, кешегі қауымдастықтар мен жалгер-шаруалардың қайыршылануына алып келді. Сонда да болса, бұл үдеріс жалпы алғанда отарларда капитализмнің дамыған түрлерінің қалыптасуында прогрессивті роль атқарды. Уақыт өте келе, жергілікті экономикаға интеграцияланған палантациялық шаруашылық (әсіресе отаршылдықтың соңғы кезеңінде) экспортқа шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімінің негізгі бөлігін өндірді және бұндай елдердің экономикасында маңызды орынды иеленді.

Отарлардағы ұсақ тауарлы шаруашылықтардың жағдайы. ХХ ғасырдың бірінші жартысында ауыл шаруашылығында шаруашылықтың аралас экономикалық түрі үстемдік құрды. Бұндай шаруашылықтарда тауарлық дақылдармен қатар өздері тұтынатын азық-түлік өндірілді. Осындай араласқан шаруашылық өндіріс, ішкі еңбек бөлінісі мен ұлттық нарықтың нашар дамуына байланысты мәжбүрліктен туындаған болатын.

Шығыстың ауылдық елді мекендерінде тауар-ақша қатынастарының дамуы, тауарлы мәдениет өндірісімен үздіксіз әрі тығыз байланыста болды. Бұл нарық үшін немесе дәстүрлі азық-түлік және техникалық дақылдар (бидай, күріш, мақта, кендір және т.б.) немесе мүлдем жаңа экспорттық дақылдар (кофе, шай, темекі, апиын, қант қамысы және т.б.) болды. Отарларда экспорттық өндірісті шаруалар ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде қолдана бастағанымен бұл тәжірибе тек ХХ ғасырдың бас кезінен ауқымды және көлемді сипатқа ие бола бастады. Ақшалай қаржы шаруларға рента мен салықты, жылдан-жылға үздіксіз өсіп келе жатқан қарыздарды, өсімқорлық пайыздарды төлеу үшін, сондай-ақ жерді сатып алуға немесе жалға алуға, өндірістік тауарлады және батыстың ықпалымен қалыптасқан мұқтаждықтарды өтеу үшін қажет болды. Бұның барлығы шаруаларды метрополиялар мен әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие дақылдарды өсіруге және оларды делдалдық механизмдер арқылы сыртқы нарыққа шығаруға мәжбүрледі.

Отарлардың экспорттық өнімдері жергілікті өндіріс дамығанға дейін толығымен сыртқы нарыққа, ал азық-түліктің бір бөлігі сыртқы және қала тұрғындарын азықпен қамтамасыз ету және тауар алмасу үшін ішкі нарыққа жөнелтілді. Сондықтан ХХ ғасырдың бас кезінен Шығыстың көптеген елдерінде тауар айналымына ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым бөлігі тартылды. Нәтижесінде шығыстың бірқатар елдерінде ұсақ тауарлы шаруа өндірісі жаппай сипат ала бастады. Бірақ бұған қарамастан, алдыңғы қатарлы буржуазиялық элемент басымдық танытатын «ауылшаруашылық» қалыптаса қойған жоқ. Бұл өз кезегінде прогрессивті болып табылатын жаңа өндіріс тәсілінің «төменнен» қалыптасуына кедергі келтірді.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі шығыс елдеріндегі жер иелену формалары. Шығыс елдерінің көптеген елдерінде «помещиктік» капитализм, яғни ірі жер иелену үстемдік етті. «Помещиктік» капитализм өндірістің коммерциялық бағытына әртүрлі жолдармен бейімделді және жаңа шаруашылық қызметке бірдей қатысқан жоқ.

Шығыс елдерінің ауылшаруашылығында капитализмнің «помещиктік» (консервативті) даму моделінде жер рентасы қатынасы мен шаруаны қанаудың үстемдік құруы, (жалға алудың біршама модернизацияланған түрі белгіленген, ақшалай, бөліктік), жалгер-шаруаны өндірген өнімінің негізгі бөлігінен айырып, оның өз бетінше шаруашылықты жүргізу мүмкіндігін шектеді. Бұл ХХ ғасырдың бірінші жартысында шығыс елдерінің ауылшаруашылығында отаршылдық пен тоқыраудың келеңсіз жақтарына қарамастан өндірістің жаңа түрінің қалыптасқандығын білдіреді.

Ірі жер иеленуші помещик немесе оның іс басқарушысы шаруаларға азғантай жер, оны өңдейтін малды, бірқатар құралдарды, тұқымдық астықты және т.б. жалға бере отырып, өндірске бақылау орнатты, ал кейбір жағдайларда оны ұйымдастырушының функцияларын атқарды. Жер иеленушілердің шаруашылық қызметке араласуы, олардың ұйымдастырушылық функциялары мен құқықтарының ұлғаюы, өтпелі кезеңдегі үлестік шаруашылықтың дамуына алып келді. Осылай, шығыс елдерінде жалгерлердің арнайы қоныстары пайда болды. Дамудың бұндай үдерісі шығыс елдерінің созылмалы отарлық-капиталистік эволюциясын білдірді. Дәстүрлі және қазіргі заманғы элементтердің синтезі баяу қарқынмен қалыптаса бастады.

Сыбағаластық шаруашылық түрлері Өтпелі аралық кезеңдегі үлескерлік шаруашылықта феодалдық, жартылай феодалдық және ерте капиталистік қатынастардың элементтері үйлесім тапты. Үлестік шаруашылық әлі де болса таза капиталистік сипатқа ие бола қоймағанымен, оған буржуазиялық кәсіпкерлік тән болды.

Өтпелі аралық кезеңнің мұндай шаруашылық түрі (сұраныстың жоғарылауына байланысты) үлкен көлемде капиталистік нарыққа бұрынғыдай дақылдар мақта, апиын, темекі, кокос пальмасы, күріш, бидай және т.б. немесе жаңа техникалық дақылдар болып табылатын кофе, какао, шай, қант қамысы, каучук және т.б. өндіре бастады. Бұл дақылдардың барлығын жалгер-шаруалар әртүрлі жекеменшіктен жалгерлік негізде алған шағын жер телімдерінде өсірді. Үлестік жалгерлік жартылай феодалдық меншік иелері (көбіне олардың жерге, суға меншігіне және шаруалардың құқықсыздығына байланысты) үстеме өнімді иеленуге тиімді жағдай жасап берді.

Помещик өз өндірісін ұйымдастыруға қатыса отырып, шаруашылықты жүргізудің жаңа әдістері мен тәсілдерін қабылдап, өз табысының бір бөлігін жерге сала отырып оның рентабельділігін арттырды. Осындай жолдармен үлестік шаруашылықтың жаңа түрі ірі жер иеленушілердің біртіндеп буржуазиялануына алып келді.

Үлестік шаруашылық екі бағытта дамыды: 1) терең құрылымдық реформалар нәтижесінде өндіріс құралдарын иеленушіге айналды; 2) жалгерді өндіріс құралдарынан және дербес шаруашылық жүргізу құқықтарынан айырып, батракқа немесе күнделікті жалданушыға айналдырды. Ал үлестік шаруашылық иесі өз жерін жалдамалы жұмысшылардың еңбегімен өңдейтін жағдайға жетті.

ХХ ғасырдың бірінші жартысында ауыл шаруашылығында капитализмнің орнығуының екінші үдерісі көрініс бере бастады. Ақша қорларының бір бөлігі капиталға айналған помещиктік шаруашылықтарда жалдамалы жұмысшылардың еңбегі мен машиналы техника қолданылды. Бұндай шаруашылықтар негізінен ХХ ғасырдың 20-30-жылдары Шығыс елдерінің барлығында пайда бола бастады. Алайда шығыс елдерінде помещиктік капитализм тек екінші дүние жүзілік соғыстан кейін қарқынды дами түсті.

Шығыс елдеріндегі жер иеленудің жаңа түрлері. ХХ ғасырдың бас кезінде шығыста сауданың және егін шаруашылығының дамуы, агарлық салада жаңа үрдістердің орнығуы жер иелену құрылымында үлкен өзгерістерге алып келді. Бұл үрдіс бірінші дүние жүзілік соғыстан кейін қарқынды түрде өз жалғасын тапты. Өзгерістердің жалпы тенденциясы жерге деген бұрынғы феодалдық немесе әдеттегі құқық, «шартты жер иелену», қауым жерлерін «мәңгілік жалға алу» және ауыл шаруашылығы мейлінше дамыған аудандарда жерге иелікті ұсақ буржуазиялық меншікпен алмастыру болды. Кейде бұл жасырын түрде шаруаларды қауымдық жерлерден қуып шығару немесе жасырын жерді тіркеу жүйесі бойынша кедергілер келтіру арқылы жүзеге асырылды.

Жерді сату және сатып алу, әдеттегі іске айналды. Бұл өз кезегінде бір адамның қолына жер иеліктерінің көлемді түрде шоғырлануына алып келді. Қауымдық және мемлекеттік жердің айтарлықтай бөлігі (іс басқарушылардың имениесі, әлі де болса бос қауымдық жер немесе тайпаның жері) феодалдық ақсүйектердің, жоғары лауазымды шенділердің, сауда-өсімқор буржуазияның, дін басыларының, шетелдік компаниялар мен шетелдік азаматтардың қолына өтті. Мемлекеттік және шаруалар иелегіндегі жерді талан-таражға салу нәтижесінде шығыс елдерінде іс жүзінде жерге жеке меншіктік құқығы орнағанымен, халық аз қоныстанған және томаға-тұйық жатқан кейбір аудандарда әлі де болса қауымдық жер иелену формасы сақталып қалды.

Барлық жерде жерге жеке меншік институттарын ұйымдастыру (заңды, заңнамалы немесе экономикалық), іс жүзінде шаруаның санын қысқарту, жалгерліктің әр алуан түрлерін, соның ішінде кәсіпкерлікті таратумен қабаттаса жүрді. Сонда да болса, Шығыс елдерінде жер өндіріс және шаруашылық таза буржуазиялық қатынастарға айналудан көп бұрын тауарға (иеліктен шығарылатын меншік) айналып үлгерді. Азияда пайда болған капитализм батрактарды жалдаудың қанаушылық формасымен және борыштарын жұмыспен өтеумен, жеке меншіктің буржуазиялық меншікке айналуы барысында кезігетін әртүрлі орта ғасырлық кедергілермен қабаттаса жүрді.

Білімін тексеруге арналған сұрақтар:

1. Отаршыл елдердің аграрлық секторды қалыптастыру әдістерінің екі бағытын атаңыз.

2. ХХ ғасырдың бірінші жартысында плантациялық шаруашылық пайда болған шығыс елдерін атап беріңіз.

3. Кулилер дегеніміз кімдер?

4. Отарлардағы ірі плантациялық шаруашылық дамуының салдарлары қандай болды?

5. Шығыс елдерінде аралас шаруашылық өндіріс қандай мәжбүрліктен пайда болды?

6. Ірі жер иеленуші помещик немесе оның іс басқарушысы қандай жолдармен шаруаның өндірісіне өз бақылауларын орнатты?

7. Үлестік шаруашылықтың даму бағыттарын атаңыз.

8. Шығыс елдерінде жерге жеке меншік институттарын ұйымдастыру қандай шаралармен қабаттаса жүрді?

Қазіргі заман кезіндегі Азия мен Африка елдерінің тарихы (1918–1945). I бөлім

Подняться наверх