Читать книгу Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті басқару - Өтеғали Шеденов - Страница 2

I тарау
ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1. Қауіп және қауіпсіздік ұғымдары: маңызы және түрлері

Оглавление

Кез-келген мемлекеттің өзінің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қашанда өзекті болып, заман талаптарына сай күрделене түсіп, мемлекет және қоғам өмірінің барлық жақтарын қамтитын жүйелі әлеуметтік-экономикалық саясатқа айналады. Жаһандану үрдісі күшейген сайын әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті басқару маңызы ерекше орын алады. Өйткені, әлемдік қауымдастықта егеменді ел ретінде әрекет ету, мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік қуаттылығы – әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті басқаруды қамтамасыз етудің бірден-бір көрсеткіші.

Жалпы алғанда, қауіпсіздік дегеніміз жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің өмірлік маңызды мүдделерінің ішкі және сыртқы қатерден қорғалу жай күйі. Айталық, жеке тұлғаның кезкелген іс-әрекеті әкелетін пайдасымен бірге кері нәтиже де әкеліп жатыр, мысалы, экологияның бұзылуы, жарақат алу, ауыру, тіпті қазаға ұшырау. Сондықтан қауіпсіздікті, нақты іс-әрекеттен болатын, адамды және оның өмір сүру ортасын кешенді қорғау шаралары деп түсінуіміз қажет.

Қауіп-қатер кез-келген уақытта әрі кез-келген жағдайда орын алуы ықтимал. Сәйкесінше, қауіп-қатердің негізгі көздері деп мыналарды атауға болады: адамның өзі; өмір сүру ортасының элементтері: заттар, еңбектің өнімдері мен құралдары, пайдаланатын қуат, еңбек жағдайы, адамдар ұжымы және жеке тұлға; адам мен өмір сүру әлеуметтік-табиғи ортасы элементтерінің қарым-қатынас үдерістері және т.б.

Қауіп-қатердің өзі өте күрделі, көпжақты құбылыс болғандықтан, олардың негізгі белгілері бір-бірімен ұштасып, араласып жатады. Сондықтан оларды дұрыс жіктеу, оның алдын алуға, себебін, сипаттамасын анықтап, шара қолдануға және салдарын жоюға үлкен маңызы бар. Қауіптің бірқатар түрлерін 1-суреттен көре аламыз.

Адамның қауіпсіздік іс-әрекетін – барлық қауіпсіздік кешеніндегі әртүрлі қауіп қатерлер мен адамның өмір сүру әрекеттері ұшыраспайтын және белгілі бір шеңбермен шектелетін тұйықталған дөңгелек ретінде елестетуге болады (2-сурет).

Аталмыш ойдан шығатын қорытынды, дөңгелек ішінде орын алған адамның кез-келген іс-әрекеті неғұрлым ауырлаған сайын соғұрлым шеңбер сыртындағы қаупі артып, одан сақтану жүйелі түрде орын алады. Сонымен, қауіпсіздік бұл қандай да бір қауіп қатердің туындауын нақты болжай алмайтын іс-әрекет жағдайы болып табылады, ал қауіп бұл кез-келген адам өміріндегі орын алуы мүмкін және алдын алуды қажет ететін арнайы құбылыс ретінде сипатталары белгілі. Сәйкесінше қауіп және қауіпсіздік ұғымдарының аражігін ажырата білу әр азаматтың мойнына жүктеледі. Себебі қауіп бұл кезкелгеніміз үшін сақтануға тиісті әрі ерекше маңызға ие құбылыс, қауіп қатер төнген кезде одан шығу жолдарын білу және ұтымды ой мен ұшқыр ақылға сүйене отырып бірқатар қауіп-қатердің алдын алудың өзі сақтық пен зеректіктің дәрежесін көрсетері сөзсіз, олай болса мейлі ол әлеуметтік болсын, мейлі экономикалық болсын өмірімізге берер әсері мол.

Қауіпсіздік түсінігіне әртүрлі елдерде әрқалай ұғымда түсініктеме берілген және тарихи кезеңдердің ауысуы барысында өзгеріп отырды.

Қауіпсіздік – ұғымына В. Даль сөздігінде қауіп-қатердің болмауы, қорғалғандылық, сенімділік деген түсініктеме берілген, яғни қауіп-қатердің объектісі болып табылатын жеке тұлға, қоғам мен мемлекетке қандай да бір қатерлердің төнбеуі, болмауы деген мағына береді [3].


1-сурет – Қауіптің сипатына қарай жіктелуі


Роббердің сөздігіне сәйкес қауіпсіздік бұл өзін кез-келген қауіп қатерлерден қорғалғанмын деп есептейтін адам рухының қалыпты жай-күйі. Бұл мағынада қауіпсіздік ұғымы ХІІ ғасырдан бастап қолданыла бастады.

Кейінірек қауіпсіздік түсінігі қоғам дамуына сәйкес елеулі өзгерістерге ұшырады. Қауіпсіздіктің классикалық либералды түсініктемесі өзінің дамуында үш кезеңнен өткен. Бірінші кезеңде (ХII-ХVII ғасырлар аралығы) негізінен адамның физикалық қауіпсіздігі туралы айтылып келді. Бұл кезеңде мемлекетке азаматтардың өмірі мен меншіктерінің қауіпсіздігіне кепілдік беру міндеті жүктелді. Францияның Ұлы буржуазиялық революциясымен байланысты. Екінші кезеңде қауіпсіздік азаматтардың еркіндігі мен теңдігін қамтамасыз ету ретінде түсіндірілді. Үшінші кезең – ХХ ғасырда кауіпсіздік ұғымына кеңірек түсініктеме берілді. Ол өзінің мемлекеттік және аймақтық деңгейден бастап жалпыпланеталық (жаһандық) деңгейлерді енгізіп, өмірдің барлық салаларын (экономикалық, әлеуметтік, саяси, экологиялық, мәдени және т.б.), сондай-ақ адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтыды [4].


2-сурет – Іс әрекет қауіпсіздігінің сызбасы


Қауіпсіздік түсінігі кең мағынада «мемлекеттің барлық азаматтарының өзін-өзі дамытуына қолайлы жағдайды қамтамасыз ету, жеке адам мен мемлекет тарапынан олардың өміріне, бостандығы мен меншігіне зиян келтіруден қорғауды білдіреді [5]. Қауіпсіздіктің бұл түрін қарастыруға болады: қоғам үшін ешқандай, тіпті табиғи сілкінулер мен апаттардың болуы сияқты қауіптердің болмауы және оның қауіп-қатерлерден нақты қорғалуы, оларға сенімді қарсы тұру мүмкіндігі.

Қауіпсіздікке байланысты зерттеулерде субъектілер деңгейінің құрылымы келесідей болып келеді: мемлекет (қоғам), аймақ (кәсіпорындар) және жеке тұлға (үй шаруашылығы). Зерделеу жүргізу барысында экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуде ерекше маңызға ие мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі саясаты, құралдары мен шаралар механизміне мән берілді. Себебі, мемлекет өзінің жүргізетін саясаты, механизмдері және иелігіндегі ресурстары арқылы осы аталған деңгейлердегі жалпы қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады.

Қауіпсіздікті әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік жүйесінің құрылу деңгейі бойынша (ұлттық қауіпсіздік, кәсіпорын қауіпсіздігі және жеке адамның қауіпсіздігі), сондай-ақ құраушылары бойынша жіктеуге болады. Себебі, көпшілік жағдайларда әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік жүйесінің құрылуының әртүрлі деңгейлерінде құраушылардың жағдайы ұқсас болып келеді, мысалы, мемлекеттің қаржылық-несиелік қауіпсіздігі мен кәсіпорынның қаржылық қауіпсіздігі туралы бірге айтуымызға болады немесе мемлекеттің әлеуметтік қауіпсіздігі мен кәсіпорынның кадрлік қауіпсіздігі арасында параллель түсіндіруге болады.

Кез-келген мемлекеттің қауіпсіздігі ішкі саяси тұрақтылық пен оның халықаралық қатынастың басқа да қатысушыларымен өзара байланысын сақтау мәселесімен тікелей байланысты болады.

Ұлттық қауіпсіздік терминіне екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ерекше көңіл бөлініп, осы мәселе төңірегінде терең зерттеулер жүргізіле бастады. Алғашқы болып 1947 жылы Америка Құрама Штаттары (АҚШ) Үкіметі «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңын Президент жанындағы Қауіпсіздік Кеңесін құрып, басқа елдер үшін осындай заңдар мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету концепцияларын жасақтауға түрткі болды [6]. Тәуелсіздікке ие болғаннан кейін Қазақстан Республикасы да одан шет қалмай, 1998 жылы «Ұлттық қауіпсіздік туралы» ҚР Заңын қабылдап оны «ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының тәуелсіз егеменді мемлекет ретінде дамуының басты шарты болып табылады» деп көрсеткен [7]. Аталмыш Заңның негізінде мемлекетіміздегі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бағыттары, принциптері, міндеттері мен ұйымдық қамтамасыз ету күштері белгіленген.

Ұлттық қауіпсіздікті төмендегідей қарастыруға болады:

мемлекетті құраушы әрбір азамат, әлеуметтік топ, шағын және үлкен ұлт үшін бірдей өзекті әрі маңызды болып табылатын әмбебап құндылық;

– ұлттың қолайсыз факторлардың болуы мен әсер етуіне қарамастан оның күн көруіне, еркін, тәуелсіз өмір сүруі мен дамуына кепілдік беретін адамдардың мемлекеттік-территорялық қауымдастығы ретіндегі жай-күйі, даму жолдары мен өмір сүру жағдайы;

Ұлттық қауіпсіздік – бұл белгілі бір мемлекеттің қорғаныс қабілетін ғана емес, сондай-ақ қоршаған ортаның жағдайын, қауіпті аурулардың пайда болуы, террористтік ұйымдардың қызметін, экономикалық, әлеуметтік және ақпараттық қауіпсіздікті және т.б. сипаттайтын жалпы қоғамдық ұғым.

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекеттің ұлттық мүдделердің қорғалуын сақтауға бағытталған шаралар кешенін сипаттайды.

Ұлттық мүдделердің қажетті деңгейде қорғалуын қамтамасыз ету мен қолдаудың жолдарына төмендегілер жатады:

– мемлекеттің осы саладағы қызметінің негізгі бағыттарын анықтау;

– ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерінің алдын алу мен жою бойынша ағымдық және ұзақ мерзімдік шаралар кешенін жүзеге асыру;

– ұлттық мүдделерге тікелей қауіп төнгенде, сондай-ақ мемлекет ішінде, шекаралық және жаһандық сипаттағы төтенше жағдайлар орын алғанда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге күш пен құралдарды жүгіндіру;

– ұлттық мүдделерді қорғау, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін заңсыз қызметтерді анықтау, өзге де құқықтық шектеулі шараларды жүзеге асыру бойынша кейінге қатырылмас шешім қабылдау және іс-әрекет жасау;

– ұлттық мүдделерге нұқсан келтіру нәтижесінде орын алатын салдарды оқшаулау және жою.

Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің принциптері:

1) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде заңдылықты сақтау;

2) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштерінің бір-біріне жедел хабардар етіп отыруы және келісілген іс-қимыл жасауы;

3) ұлттық қауіпсіздіктің барлық түрлерінің бірлігі, өзара байланысы және теңестірілгендігі;

4) саяси, экономикалық және ақпараттық шаралардың басымдығы;

5) жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің өзара жауапкершілігі;

6) ұлттық қауіпсіздікті қорғау жөніндегі іс-әрекеттің күллі жиынтығын іске асыруды бақылау болып табылады.

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек мемлекеттің бірегей саясаты шеңберінде жүйелік тәсіл қолдану негізінде ғана мүмкін болады.

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін қолданылып жүрген заңдардың негізінде және бірыңғай мемлекеттік саясат шеңберінде оны қамтамасыз ететін, бір-бірімен өзара іс-қимыл жасайтын күштер, өз құзыреті шегінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бүкіл жауапкершілікті толық мойнына алатын өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдар құрайды.

Ұлттық қаупісіздікке төнетін қауіп-қатерлердің түріне байланысты оның көрінісі мен қамтамасыз етуі келесідей салаларға жіктеледі:

– экономикалық қауіпсіздік;

– әлеуметтік қауіпсіздік (оған демографиялық жағдай, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және т.б. жатады);

– қаржылық қауіпсіздік;

– әскери қауіпсіздік (өзіне ядролық қауіпсіздікті қосады);

– ресурстық қауіпсіздік;

– ақпараттық қауіпсіздік;

– азық-түлік қауіпсіздігі:

– ғылыми-техникалық қауіпсіздік;

– саяси қауіпсіздік (оның негізіне жемқорлықпен күресті ескере отырып, құқықтық қауіпсіздік енеді);

– экологиялық қауіпсіздік.

Ұлттық қауіпсіздік жүйесінің барлық құрамдас мүшелерінің әрқайсысының да маңызы зор, ерекше екендігіне қарамастан, экономикалық және әлеуметтік қауіпсіздік мәселесі анықтаушы рөлге ие болады деп айтуға болады. Себебі, ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті ресурстар ұлттық экономиканың даму деңгейіне байланысты болады. Мысалы, әскери қуаты мен күші зор болған кезіндегі КСРО еліндегі экономикалық даму деңгейі мен оның ыдырауы осының дәлелі бола алады. Бұл ретте кез-келген елдің мемлекеттік стратегиялық дамуының негізгі бағыттары экономикалық жүйе қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізінде барлық басқа да әлеуметтік-саяси салаларының тұрақты әрі тиімді дамуына бағытталуы қажет.

Ұлттық әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті мақсатқа сай және жүйелі қорғаушы ұйымдық жүйе ретінде тек ХХ ғ. құрыла бастады. Бірақ, ұлттық әлеуметтік экономикалық қауіпсіздікті қорғау мәселелерінің теориялық түсінігі Рузвельттік Федералдық Комитеттің құрылуына дейінгі жүз жылдықта пайда болды. Ұлттық әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің теориялық концепциялары – бұл ұлттық мемлекеттің тиімді экономикалық және әлеуметтік саясатының пайда болуына арналған барлық базалық экономикалық концепциялар.

Соңғы жарты жүз жылдықта ұлттық әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің басты қауіп-қатерлерін қалай есептеу керек және онымен қалай күресу керектігі бойынша экономисттеоретиктердің үш негізгі тәсілі құрылды (1-кесте):

– сыртқы әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті қорғаудың камералисттік концепциясы (ХІХ ғ. ортасынан бастап);

– ішкі макроэкономикалық қауіп-қатерлерден қорғаудың кейнсшілдік концепциясы (ХХ ғ. екінші жарты жылдығынан бастап);

– әкімшілік тосқауылдардан қорғаудың институтционалдық концепциясы (ХХ ғ. аяғынан бастап).

Ұлттық әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің камералисттік түсінігі осы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күрестің негізгі ауыртпалығы импортты шектеу бойынша заңдарды бастаушы орталық үкіметке, сонымен қатар шетел тауарларының контрабандасымен күресті жүргізетін кеден және шекара қызметкерлеріне түседі деп болжайды.

Кейнсшілдер ұлттық экономика үшін негізгі қауіптер шетел тауарларының бәсекелесі емес, жұмыссыздық және экономикалық тоқырау болып саналды. Осы қауіптермен күресу үшін үкіметке шаруашылық қызметін белсенді реттеуді тек субсидия мен мемлекеттік тапсырыстарды үлестіріп беру арқылы ғана емес сонымен қатар, бәсекелестікті тікелей әкімшілдік басқару мен бағалау орнату арқылы жүзеге асыруды ұсынды.

ХХ ғ. екінші жартысында кейнсшілдердің әсері азайып, неоклассикалық экономикалық теорияның приоритетті әсері пайда болды. Егер кейнсшілдер мемлекеттік реттеуді дұрыс деп үміттенсе, ХХ ғ. екінші жартысындағы неоклассиктер оның шектеулілігін алға тартты.

Дегенмен, неоклассиктер ұлттық экономикалық мүддеге қауіптермен күресу әдісін ұсынды. Олар осынысымен кейнсшілдерден ерекшеленді. Бірақ, олар сол мүдделерді түсінуге кейнсшілдермен ұсынылған тәсілді қабылдады. ХХ ғ. екінші жартысында неоклассиктер декларация деңгейінде жалғыз экономикалық субъект индивид деп сендіруді жалғастырды.

Э. де Сотоның институтционалдық нұсқасына сәйкес ұлттық әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің негізгі қауіп-қатерлері әкімшілік тосқауылдар табылады – «жаман» заңдар немесе «жақсы» заңдардың нашар орындалуы. Сәйкесінше, мазмұны экономикалық демократияның нормаларына сай келетін және осы заңдардың орындалуын бақылайтын жаңа заңдардың қабылдануы осы қауіп-қатерлерді тоқтату шаралары болуы тиіс.

Ұлттық әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің үш негізгі парадигмалары – камералисттік, кейнсиандық және институтционалдық – бір-бірін өзара толықтырады. Әрбір елдің ұлттық экономикасына нақты немесе потенциалды қауіпқатерлер шетелдік бәсекелестерден де (Ф. Лист осыған көңіл бөлген), «нарық құлдырауымен» де (Дж. М. Кейнс осы туралы жазған), және «мемлекет құлдырауымен» де (Э. де Сотоның ойы бойынша) болуы мүмкін. Ұлттық саясаттың мақсаты – барлық қауіп-қатерларге қарсы әсер ету үшін шектелген ресурстарды үнемді пайдалана отырып, неғұрлым қауіпті қатерлерді объективті түрде сипаттау.


1-кесте

Ұлттық әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік түсінігі парадигмаларының эволюциясы


Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік түсінігінің дәстүрлі теориялық-тұжырымдамалық әзірлемесі жетекші ғылыми шетелдік мектептер аясында жүзеге асырылған. Осы мәселе бойынша отандық зерттеулердің жеткіліксіздігі және іс жүзінде жоқтығы мына жайтпен түсіндіріледі, яғни ұлттық қауіпсіздіктің тарихи мәселесі ұлттық, соның ішінде әлеуметтік-экономикалық мүдделердің қалыптасуы мен әзірленуі жүзеге асырылатын тәуелсіздікке қол жеткізу мен мемлекеттің қалыптасуы кезеңдерінде туындайды.

Экономикалық қауіпсіздік мазмұны, оны құраушы элементтер, сондай-ақ қамтамасыз ету механизмдері әртүрлі интерпретацияланады, ол әр алуан теориялық-әдістемелік тәсілдемелер аясында мәселені зерттеумен байланысқан. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, ұлттық әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік – бұл экономиканың және билік институттарының жай-күйі, ол ішкі және сыртқы процестердің дамуының өте қолайсыз нұсқалары кезінде де ұлттық мүдделердің кепілдікті қорғанысын, елдің үйлесімділігін, әлеуметтік бағытта дамуын қаматамасыз етеді.

Ғылыми әдебиеттерде әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік келесі ретте қарастырылады:

1) Ұлттық қауіпсіздіктің біртұтас, бөлінбейтін қатаңдығы.

2) Ұлттық қауіпсіздік аясында дербес, автономды жүйе.

Осы орайда бұл мәселе екі аспектіде қарастырылады:

– Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік экономиканың әртүрлі факторлар мен қауіптерден қорғалуы ретінде. Қауіпсіздік экономика саласындағы мемлекеттік-ұлттық мүдделердің барлық қажетті құралдармен және мүдделермен сенімді қорғалуын, яғни ішкі және сыртқы қауіптерден, экономикалық және материалдық залалдардан қорғалуын түсіндіреді;

– Жай-күй ретіндегі әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік жағдайында оның белгіленген шекті мәндері сақталады. Яғни, әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік ұғымы – қоғамның, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-саяси тұрақтылығын және заң талаптарын орындайтын қоғамның әрбір мүшесінің экономикалық және құқықтық жағдайын қамтамасыз етуге экономиканың дайындығы мен мүмкіндік жағдайы.

Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің әр алуан зерттеушілік тәсілдемелерін талдау негізінде, біздің пікірімізше, экономикалық жүйенің тұрақты дамуы сыртқы және ішкі қауіптерден қорғалуды әрі шоғырлануды қамтамасыз етеді, ал мұндай жағдай қоғамдық-мемлекеттік дамуға арналған әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың тиісті деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен, жүйелік білім ретіндегі әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік төмендегі негізгі компоненттерден тұрады: технологиялық, азық-түлік, қаржы-несиелік, өнеркәсіптік, сыртқы экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-коммуникациялық, әлеуметтік (әлеуметтік-экономикалық) және т.б.

Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік мемлекеттің жалпы ұлттық қауіпсіздік жүйесінің негізгі элементі болып табылады. 1998 жылы 26 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңында «әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік – Қазақстан Республикасы ұлттық экономикасының тұрақты дамуы мен әлеуметтік-экономикалық тәуелсіздігіне қатер төндіретін ішкі және сыртқы жағдайлардан, үдерістер мен факторлардан қорғалуының жай-күйі» деп көрсетілсе, 2012 жылы 6 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңда «экономикалық қауіпсіздік – экономиканың орнықты дамуы және оның тәуелді болмауы қамтамасыз етілетін, Қазақстан Республикасы ұлттық экономикасының нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден қорғалуының жай-күйі» делінеді. Яғни, қазіргі Қазақстанның ұлттық экономикасының тәуелділігін болдырмау басты мәселе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекетімізге инвестиция тарту маңызды болды. Бұл мәселе шешілгеннен кейін ендігі кезекте оның жемқорлық салдарымен күресу келесі орынға шықты, яғни әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік мәселесі арта түсті. Ал 2007-2014 жылдардағы әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс, Қазақстандық өнеркәсіп салаларындағы өндіруші мен өңдеуші сала арасындағы диспропорция, аймақтардың әлеуметтік экономикалық дамуының диспропорциясы, халық кірісіндегі дифференциясының күшеюі әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікке одан әрі баса назар аудару керектігін көрсетті. Сонымен қатар, соңғы жылдары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері үнемі күрделене түсуде, әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің қауіп қатерлерінің орнына келесі одан да қиынырақ және күрделірек жағдайдың болуын байқауға болады.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экономикалық және әлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз ету – бұл ел егемендігінің кепілі, қоғамның тұрақты және тиімді өмір сүруінің жағдайы, жетістікке жету жолы. Экономика қоғам, мемлекет және тұлға қызметінің маңызды жақтарының бірін сипаттайды, яғни ұлттық қауіпсіздік түсінігі экономиканың өміршеңдігі мен оның мүмкін болатын сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерге төзімділігіне бағалау жүргізілмей еш мағына бермейді. Сондықтан әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ұлттың маңызды басымдылықтарының бірі болып табылады. Әрине, экономикалық қауіпсіздік органикалық түрде мемлекеттік қауіпсіздік жүйесіне енеді, сонымен қатар мемлекеттік қауіпсіздік жүйесіне сенімді ел қорғанысын қамтамасыз ету, қоғамның әлеуметтік жағдайын қолдау, экологиялық апаттардан қорғау жатады.

Экономикалық және әлеуметтік қауіпсіздік дәстүрлі түрде экономикалық жүйенің маңызды сапалы сипаттамасы ретінде қарастырылады, ол өз кезегінде халықтың қалыпты өмір сүру жағдайын қолдау мүмкіндігін, халық шаруашылығының дамуын ресурстармен тұрақты қамтамасыз етуді, сондай-ақ осылардан туындайтын ұлттық-мемлекеттік мүдделерді жүзеге асыруды анықтайды.

Осылайша, әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік – ұлттық экономиканың егемендігін, оның қалыпты дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін жағдайлар мен факторлардың жиынтығы, оның үнемі жаңару және өзін-өзі жетілдіру қабілетін сипаттайды. Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің мәнін анықтауда берілген мәселемен айналысатын авторлардың бірегей көзқарасы жоқ. Мәселен, батыс экономист-ғалымдарының арасында бір тұжырымдама кеңінен таралған ол бойынша, әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік экономикалық дағдарыстар шарттарында ұлттық экономиканың өміршеңдігі ретінде, сонымен бірге жалпы экономиканың және оның жетекші салаларының дүниежүзілік экономикалық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету қажеттілігі ретінде қарастырылады.

Қытай ғалымы Джанг Ёнг әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік ұғымына қысқа анықтама береді: Қытай сияқты дамушы елдер үшін экономикалық қауіпсіздік, экономикалық тәуелсіздікті сақтай отырып ұлттық экономикалық даму арқылы барлық тұрғындардың өмір сүруінің дүниежүзілік стандарттарын біртіндеп өсіруді қамтамасыз ету қабілеті деп анықтаған дұрыс. Басқаша айтқанда, әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің екі жағы бар – бәсекеге қабілеттілік және тәуелсіз экономикалық еркіндік. Осы екі жақтың ішінен авторды екіншісі көбірек толғандырады. Ол барлық тұжырымдарын шетел капиталының қытай экономикасына алып келген зардаптарына арнаған [8].

Ресей ғалымы Сенчагов В.К. мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін «..мемлекет тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға жететін мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және қаржылық әлеуетін сақтауға ішкі және сыртқы қатерлері жоқ, жоқтың қасы немесе көзі жойылған жай-күйі» деп түсіндіреді [9]. Бұл жерде автор мемлекет тұрғындарының әл-ауқатының жоғарылауын әлеуметтік жанжалдардың жоқтығы (немесе баяу байқалуы) және мемлекет біртұтастығын қамтамасыз етудің негізі ретінде көрсетеді.

Акинин П.В., Гаевский В.В., Рязанцев С.В. көзқарастары бойынша мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігі үшін мемлекеттердің сыртқы көршілермен нәтижелі қарым қатынасы мен аумақ ішіндегі экономиканың серпінді дамуы жеткілікті [10]. Профессор Губин Б.В., академик Олейников Е.А. мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік қауіпсіздігін мемлекеттер экономикасының даму тұрақтылығын және сарынды дамуын, нақты тәуелсіздігін және ел экономикасымен ықпалдасуын сипаттайтын шарттар мен факторлардың, олардың ағымдағы жайкүйінің жиынтығы ретінде түсіндіреді, олар келесі жағдайлардан көрінеді:

– мемлекет аясында жеке экономикалық саясат жүргізу мүмкіндігі;

– елдегі жедел геосаяси өзгерістерге төтеп беру қабілеті;

– жекелеген экономикалық апаттармен немесе федералдық деңгейдегі экономикалық қате есептеулермен байланысты мемлекеттегі төтенше әлеуметтік жағдайлар бойынша ірі экономикалық іс-шараларды жүзеге асыру (немесе жүзеге асыруды бастауға) қабілеттілігі;

– келісім-шарт негізінде қолданыстағы теңгерімсіз экономикалық жағдай мемлекеттің экономикалық мүдделеріне теріс әсер етуі мүмкін аумақтарға көмек көрсету [11].

Гуськов Н.С., Зенякин В.Е. және Крюков В.В. сынды зерттеушілердің көзқарастары бойынша мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігі келесідегідей анықталады: табиғи, еңбек, материалдық, қаржылық ресурстарын қолдану тиімділігін, экономикалық өсудің жоғарғы қарқындарына қол жеткізуді, мемлекеттік өндірістің тиімділігін, өнім, жұмыс, қызметтер сапасының жоғарылауын, өндірісті монополиядан арылтуды, шаруашылық субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды мемлекеттік биліктің басқару органдары тарапынан нәтижелі бақылау мүмкіндігі [12].

Қазақстандық экономика ғылымында әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік тек ұлттық ауқымдарда ғана зерттеледі. Д.К. Ахметов берілген түсінігі экономикалық тұрақтылық деңгейін арттыруға әсер ететін ұлттық экономиканың еркіндігі мен оның сауда-саттық еркіндігін, оның өзін-өзі жетілдіруін және жаңаруын қамтамасыз ететін барлық шарттар мен факторлардың жиынтығы ретінде анықтайды [13]. Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің мәнін түсіну үшін автор оның даму және тұрақтылық түсініктерімен байланысын түсіндіреді. Дәлірек айтқанда, нақ осы түсініктер бірыңғай жүйе ретіндегі экономиканың маңызды сипаттарында болуда.

Қ.С. Мұхтарова әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктүсінігін бұл экономикалық жүйенің жай күйі, мұндай экономикада оның тұрақты дамуы, ішкі және сыртқы қатерлерден қорғануы және шеттелуі қамтамасыз етіледі, олар қоғамдық-мемлекеттік даму үшін әлеуметтік-экономикалық шарттардың жеткілікті деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ғалымның пікірінше, жүйелік құрылым ретінде әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік өзіне келесі құрамдас бөліктерді қосады: технологиялық, саудасаттық, қаржы-несиелік, өнеркәсіптік, сыртқы экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-байланыс, әлеуметтік [14].

Ө.Қ. Шеденовтың көзқарасында ұлттық қауіпсіздіктің аса маңызды құрамдасы ретінде әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік экономикалық жүйенің нақты жай-күйін көрсетеді, мұндай экономикада азаматтық қоғам мен мемлекеттің басты қажеттіліктерінің қанағаттандырылуы, елдің қорғаныс қабілеті мен болуы мүмкін ішкі және сыртқы қатерлерінің көрінуі қамтамасыз етіледі. Ұлттық әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік жүйесінде келесі іріленген блоктарды бөліп көрсетуге болады: табиғи-ресурстық, экологиялық, әлеуметтік-экономикалық, қаржылық-несиелік [15].

О.Н. Өксікбаев басқаша көзқарасты ұстанады, ол экономикалық қауіпсіздіктің негізгі сапасы ретінде тұрақтылықты бөліп көрсетеді. Жеке алғанда ол көрсетеді: сыртқы қысымға қарамастан әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті, қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси-құқықтық тұрақтылығын, жалпы мемлекеттің және оның әрбір мүшесінің даму тұрақтылығы мен ілгерілемелі дамуын қамтамасыз етуге дайындығы мен мүмкіндігі ретінде түсінген дұрыс [16].

Көрсетілген тұжырымдар аясында мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігі түсінігінің заманауи экономикалық әдебиеттерде көрсетілген анықтамаларын жалпылай отырып яғни, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігі ретінде экономика тұрақтылығын, оның даму кезеңділігі мен даму тұрақтылығын, еркіндік деңгейі мен ел экономикасымен ықпалдасу деңгейін, сонымен бірге, мемлекеттік биліктің мемлекеттік органдарының экономикалық шаруашылық субъектілерінің мүдделерін іске асыру мен қорғау тетіктерін қалыптастыру қабілетін, мемлекеттік ықпалдастықтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қалпында ұстау қабілетін сипаттайтын шарттар мен факторлардың жиынтығын түсінуге болады.

Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігінің түсінігі оның қағидаларын анықтауға мүмкіндік береді, ол қағидалар төмендегідей:

– мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі ретінде қамтамасыз ету;

– мемлекеттің экономикалық жай-күйінің объективті көрсеткіштерінің мониторингі және индикативті талдауы;

– инновациялық бағыттылық экономикалық ілгерілеу мен оның тұрақты дамуының шарты ретінде;

– сыртқы экономикалық қызметті мақсатты басқару;

– әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру барысында биліктің барлық органдарының өзара тиімді ықпал етуі;

– белсенді құрылымдық-инвестициялық саясат жүргізу.

Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік түсінігінің тұрақтылық және даму түсініктерімен байланысын көрсету қажет. Егер тұрақты экономикалық даму болмаса, онда оның өмір сүруінің мүмкіндіктері қысқарады, ішкі және сыртқы қатерлерге төтеп беруі төмендейді. Бірыңғай жүйе ретіндегі экономиканың ең маңызды сипаты тұрақтылық. Ол жүйе ішіндегі тікелей, көлденең және тағы басқа байланыстардың төзімділігі мен сенімділігін, ішкі және сыртқы әсерлерге қарсы тұру қабілетін сипаттайды.

Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін тұжырымдық негізде Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамасының мемлекеттік деңгейге жобаламасы ретінде қарастырған абзал. Бұл жеке адамдардың, қоғамның, мемлекеттің өмірлік маңызы бар мүдделерін ішкі және сыртқы қатерлерден қорғауды қамтамасыз ету үшін қажет.

Экономикалық және әлеуметтік қауіпсіздік мәселелері мемлекет тарапынан ішкі және сыртқы қауіптерден қорғалуда экономикалық қуаттылықты, әлеуеттік қалыптастырудағы арнайы саясаты негізінде жүргізіледі. Себебі, әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік – бұл ішкі және сыртқы экономикалық қауіптердің бетін қайтаруға қабілетті, экономикалық тұрақтылықты сақтау және ұлттық экономиканың мемлекет тарапынан қорғалуына бағытталған өзара байланысты экономикалық кешенді шаралардан тұратын динамикалы жүйені білдіретін әлеуметтікэкономиканың жай-күйі ретінде анықталған.

Даму – әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік компоненттерінің бірі. Егер экономика дамымаса оның өмір сүруінің, сондай-ақ сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерге қарсы тұру және бейімделу мүмкіндігін төмендетеді. Тұрақтылық пен қауіпсіздік – экономиканың тұтас жүйе ретіндегі маңызды сипаттамасы болып табылады. Оларды бір-біріне қарсы қоюға болмайды, себебі олардың әрқайсысы өздігінен экономиканың жай-күйін сипаттайды. Экономиканың тұрақтылығы оның элементтерінің, тік, көлденең және ішкі жүйенің басқа да байланыстарының беріктігі мен сенімділігін, ішкі және сыртқы ауыртпалықтарды көтеру мүмкіндігін, сондай-ақ күтпеген немесе болжауы қиын факторлардан туатын іс-әрекеттерді сипаттайды. Қауіпсіздік – ішкі және сыртқы қауіп-қатер туындаған жағдайда өзін-өзі қорғау мүмкіндігін қамтамасыз ету байланыстар жүйесіндегі объектінің жай-күйі.

Экономикалық жүйе (мысалы: салааралық қарым-қатынас) сонымен қатар, өндірістік және қаржылық-банктік капитал қатынастар жүйесі неғұрлым тұрақты болса, соғұрлым эканомиканың өміршеңдігі жоғары болады, яғни оның қауіпсіздігін бағалау мүмкіндігі артады. Жүйенің әртүрлі компоненттері арасындағы қатынастармен байланыстарының бұзылуы тұрақсыздыққа алып келеді және ол экономиканың қауіпсіз күйден қауіпті күйге өту белгісі болып табылады.

Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік – экономикалық тәуелсіздігі мен тұрақты дамуына қауіп төндіретін ішкі және сыртқы факторлардан, үдерістерден, жағдайлардан қорғау. Экономикалық қауіпсіздікке төнетін қауіп мемлекеттік жүйенің басқару жүйесінің негізгі буындарының құлдырауы, ұлттық байлыққа нұқсан келуі, технологиялық артта қалушылық, қаржынесие, валюта жүйесінің бұзылуы, ғылыми әлеуметтік регресс, қоғамның ыдырауы, конституциялық әлеуметтік және кепілдікпен адамдарды қамтамасыз ете алмау сияқты ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен туындайтын қауіптің мүмкіндігі. Факторлар – үдеріс, құбылыстардың пайда болу жағдайы, олардың сипатын анықтайтын жеке белгілер, нәтижелер, ішкі немесе сыртқы болуы мүмкін, бір мезгілде, бір немесе бірнеше бағытта болуы мүмкін. Әлеуметтік-экономикалылық қауіпсіздікке әсер ететін факторларға табиғи, техногендік және экологиялық сипаттағы төтенше жағдайларды жатқызуға болады.

Ұлттық экономикалық қауіпсіздіктің жүйелік құрылымы төмендегідей негізгі компоненттерден тұрады (3-сурет):

Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік жүйесі – экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатына қол жеткізуге бағытталған және нормативтік актілердің жиынтығы. Әлеуметтікэкономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі – атқарушы билік органдарымен, төтенше жағдайлардың салдарын жою мен бөлу қаупінің алдын алуға арналған қаражаттар мен күшті қамтитын экономикалық қауіпсіздік жүйесінің құрамдас бөлігі.


3-сурет – Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік жүйесінің негізгі компоненттері, осы дерек көзінен құралды [17]


Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік объектісі – экономика мен мемлекетті тиімді басқару жүйесі аумақтық тұтастықты, егемендікті сақтауға ықпал ететін жағдайлар. Әлеуметтікэкономикалық қауіпсіздік субъектісі адам мен қоғам заңдыатқарушы сот билігі түріндегі мемлекет.

Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету стратегиясы, негізгі мақсаттары мен оларға қол жеткізу жолдары, жалпы қоғамның әрекетінің ортақ бағыттылығын қамтамасыз етуге бағытталады. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік саясатының мақсаты болып, әлуметтікэкономикалық дамуын қамтамасыз ету жағдайын жасау, негізгі құндылықтарды қорғау, Қазақстан халқының өмір сүруінің материалдық негіздерін, оның құқықтары мен бостандықтарын, республиканың ішкі және сыртқы саясатына саяси қысым мүмкіндіктерін болдырмауға жағдай жасау.

Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік пен тәуелсіздік қойылған мақсатқа қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік шаралар мен кепілдіктердің жүйесімен қамтамасыз етіледі, және одан мынадай міндеттер туындайды:

– Республикада экономикалық және әлеуметтік қызметтің тұрақты заңды базасын құру;

– Валюта – қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ішкі және сыртқы қарызды реттеу;

– Өндіріс, экспорт, импортты оңтайландыру;

– Шетел капиталын пайдаланатын кәсіпорындардың дамуы мен қызмет істеуін реттеу;

– Жабық, құпия, комерциялық құпияны және басқа да ақпаратты, меншіктік зияткерлікті қорғау жүйесін құру;

– Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік пен тәуелсіздікті қамтамасыз етуге жауапты мемлекеттік басқару органдарының жүйесін ұйымдастыру.

Қойылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін құрылымдық инвестицияның, валюталық-қаржылық, экспорттық-импорттық, кедендік институционалдық және кадрлық саясатты, экономикалық реформаларды құқықтық қамтамасыз ету талап етіледі. Ұлттық қаупсіздік мемлекеттің тұтастығымен өмірін қамтамасыз етуден, елдің қажеттіліктерінің жиынтығын білдіретін, мемлекеттің ұлттық мүддесімен анықталады. Кез-келген мемлекеттің негізгі ұлттық мүдделеріне мыналар жатады:

– елдің аумақтық тұтастығы;

– мемлекеттің егемендігі;

– елдің және халықтың экономикалық өркендеуі;

– әлемдік қауымдастықта лайықты орынға ие болу т.б.

Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті басқару

Подняться наверх