Читать книгу Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті басқару - Өтеғали Шеденов - Страница 4

I тарау
ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
3. Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің критерийлері, көрсеткіштері және шекті мәндері

Оглавление

Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік – бұл жалпы экономиканың және халықаралық деңгейлердегі қоғамдық сұраныстарды тиімді қанағаттандыру қабілеті. Немесе, әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік негізінен Қазақстанның экономикасының тиімді қарқынды дамуына қоғамның, мемлекеттің, жеке тұлғаның сұраныстарын қанағаттандыру қабілетіне қолайлы жағдай жасайтын, әртүрлі қауіптер мен шығындардан кепілдендіретін ішкі және сыртқы талаптар жиынтығы. Осыдан, екі қорытындыны шығаруға болады:

– Елдің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігі, ең алдымен экономиканың өзінің тиімділігімен қамтамасыз етілуі тиіс, яғни мемлекет жүзеге асыратын қорғаныс шараларымен қатар, ол еңбектің жоғары өнімділігі мен өнімнің сапасы негізінде өзін-өзі қорғауы тиіс және т.б.

– Елдің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қандай да бір жалғыз ғана мемлекеттік органның, қызметтің басымдығы болып табылмайды. Оны мемлекеттік органдардың бүкіл жүйесі, экономиканың бүкіл звенолары және құрылымдары қолдауы тиіс.

Алғашқы басталуы кезіндегі әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті сандық бағалаудың екі аспектісі бар: 1) масштабты өлшеу; 2) экономикалық бағалау.

Әр алуан әлеуметтік-экономикалық нәтижелердің салыстырмалы көрсеткіштерін салыстыруға болады, ал қажетті жағдайда оларды қосуға да болады. Мұндай жағдайда индексті әдіс пайдаланылады.

Тиімділігі тұрғысынан қауіп индикаторларын саралау үшін сараптамалық бағалаулардың танымал әдістері (сауалнама, «Дельфи» әдісі және т.б) қолданылады. Салыстырмалы әдіс, ол шекті көрсеткіштерді іс жүзіндегі көрсеткіштермен салыстыруды жүзеге асырады және шекті көрсеткіштер мен қолданыстағы көрсеткіштердің айырмасын ескере отырып, экономикалық қауіпсіздікке бағалау жасалады.

Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің шекті мәндерін іс жүзінде пайдалану аймақ атауын бөлетін шекаралық нүктелерді есептеу мен бағалауға негізделеді.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сипаттайтын көрсеткіштер төрт негізгі топқа біріктірілді (7-сурет).

Әрбір топтың өзіндік даму индексі бар. Олар ішкі көрсеткіштер сомаларын олардың санына бөлу арқылы ортақ арифметикалық көрсеткіштер ретінде есептелінді. Негізгі төрт топ бойынша шектік көрсеткіштерді еліміздің индикаторларына салыстырмалы талдау жасалды және төрт төмендегідей топтарға топтастырылды:

1) ұлттық экономиканың индустриальды-инновациялық және тұрақты экономикалық даму қабілеті индексі;

2) тұрақты қаржы жүйесі индексі;

3) сыртқы экономикалық қызмет индексі;

4) әлеуметтік және демографиялық даму индексі.

Мемлекеттік ерекшеліктер берілген мемлекеттің ғана емес, сонымен бірге жалпы елдің қауіпсіздігіне әсер ететін қауіптер мен қатерлердің барлық жиынтығын анықтайды. Бұл аспектілер мемлекеттік саясаттың қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мәнін айқындауы тиіс. Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті қарастырудағы бірінші кезектегі міндеттердің бірі экономикадағы дағдарыстық құбылыстарды дер кезінде және объективті көрсететін көрсеткіштер жүйесін әзірлеу болып табылады.

Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігі критерийлер мен көрсеткіштер жүйесінің көмегімен анықталады, олар төмендегілерді анықтауға мүмкіндік береді:

– мемлекеттің табиғи-ресурстық әлеуеті;

– мемлекетте өндірістік қорларды, капитал мен еңбекті тиімді қолдану деңгейі (оларды басқа мемлекеттер мен дамыған елдердегі қол жеткізілген шамаларымен салыстыра отырып, ішкі және сыртқы сипаттағы қатерлер ең аз болатын шекті мәнді анықтауға болады);

– экономиканың бәсекеге қабілеттілігі;

– мемлекеттегі әлеуметтік тұрақтылықтың жай-күйі және болуы мүмкін әлеуметтік жанжалдарды шешу және алдын алу шарттары [20].

Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік критерийлері зерттеу объектісінің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігінің нақты көрсеткіштерін (индикаторларын) таңдауға тікелей әсер етеді. Олар нарық өндірісінің эволюциясын сипаттайды, оның сандық және сапалық параметрлерінің әлемдік статистика жүйесіндегі деңгейіне сипаттама береді. Тұрақты даму көзқарасы тұрғысынан алғанда, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігінің критерийлері келесілер болуы мүмкін: тұрақты экономикалық өсу; әлеуметтік тұрақтылық; экологиялық тұрақтылық және т.б.

Бұл жерде айта кету керек, әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік үшін маңызды мәнге көрсеткіштер емес, керісінше, олардың шекті мәндері ие, олардың шамаларын қадағаламау өндірістің түрлі құрамдас бөлеіктерінің қалыпты дамуына теріс әсерін тигізеді, мемлекеттің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы облысындағы теріс, оңтайсыз құбылыстардың қалыптасуына әкеледі. Шекті мәндерді анықтау үшін келесілерді қолданған дұрыс: сарапшылар бағасын; нормативтік актілермен бекітілген нақты мәндерді; түрлі математикалық әдістерді қолдану арқылы алынған мәндер.

Қазіргі уақытта әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік деңгейін бағалау үшін әртүрлі әдістер қолданылады, оларды төмендегідей топтастыруға болады:


7-cурет – Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әдебиет негізінде көрсетілді [20]


– негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерді қадағалау және оларды шекті мәндермен салыстыру;

– түрлі ғалымдардың топтары кеңінен қолданатын қатысты көрсеткіштер (үлес салмағы, индекстер коэффициенттері және т.б.) базасында;

– қатер көрсеткіштері базасында, олардың мәндерін іс жүзіндегі параметрлермен салыстыру шекті мәндердің асып кетуіне атқарушы құрылымдардың назар аударуын дер уақытында көру және назар аудару. Олар мемлекетаралық, мемлекеттік және мемлекеттік құрылымдардың дер уақытында араласуының дабылы болып табылады.

Объектілерді және олардың функционалды байланыстарын зерттеу мен құрастырудың шекті мәндері әдісі бұрыннан бері ғылыми білімнің түрлі облыстарында жемісті қолданылып келеді. Ол техникалық әзірлемелерде анағұрлым тиімді қолданылады, мысалы, машиналардың сенімділігін математикалық дәлелдеу кезінде: техникалық объект үшін жүктемелердің шекті параметрлері пайдаланылады. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерді қадағалау әдісін қолданудағы негізгі мәселе кейбір көрсеткіштерді бөлуде болып отыр. Бұл көрсеткіштерді шекті мәндермен салыстыру экономиканың жай-күйін кешенді бағалауға, объективті қатерлі тенденцияларды айқындауға мүмкіндік береді. Мәселен, С. Глазьев және В.В. Локосов өздерінің әдістемесінде келесі көрсеткіштерді бөліп көрсетеді: ЖІӨ, өнеркәсіптік өдірістегі қайта өңдеу өнеркәсібінің үлес салмағы, инвестициялар көлемінің ЖІӨ-ге%-бен қатынасы, ғылыми зерттеу шығындары, тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы, жұмыссыздық деңгейі, инфляция деңгейі, ішкі және сыртқы қарыз көлемі және т.б. [21].

Индикаторлар, индекстер және шекті мәндер жүйесін әзірлеу мен қолданудың қолданыстағы шет елдік және отандық тәжірибесі көрсеткендей, олардың негізіне түрлі базалық көрсеткіштер жатады. Сыныптамалық белгілердің түрлілігі де осымен анықталады. Шет елдік тәжірибені жалпылау бір немесе басқа мемлекеттің экономикалық дамуын бағалау үшін индикаторлар топтарын пайдалануға екі негізгі әдісті бөлуге мүмкіндік береді. Дамыған елдердің экономикалық дамуын бағалау үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) индикаторлардың екі тобын қолданады:

– 1-ші топ – сәйкес келетін экономикалық индикаторлар, олар мемлекеттегі ағымдағы экономикалық жағдайды сипаттайды;

– 2-ші топ – жалпыэкономикалық белсенділікті сұлбалайтын жетекші және қосымша экономикалық индикаторлар.

Бірінші топ келесі көрсеткіштерден тұрады: ауыл шаруашылық емес жұмысшылар мен қызметкерлердің саны; көлік төлемдерін есептемегендегі жеке табыстары; өнеркәсіптік өндіріс (индекс түрінде); өнеркәсіптегі және саудадағы сатылым көлемі және т.б.

Индикаторлардың екінші тобы келесі көрсеткіштермен сипатталады: өндірістегі ұзақ мерзімді қолданатын тауарлардың тапсырысының орындалмауы; тұтыну тауарлары мен шикізатқа жаңа тапсырыстар; өнеркәсіп пен сауда қорларының сатылым көлеміне қатынасы және т.б.

Кейбір елдерде мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті бағалау және реттеудегі әдістердің бірі қатер көрсеткіштерін құру әдістері болып табылады. Олар мәндері шектен асқанда критикалық аумақ басталатын және мемлекеттің араласуын қажет ететін көрсеткіштердің рұқсат етілетін ауытқуларын білдіреді.

Мәселен, жұмысбастылық деңгейінің көрсеткіші үшін қатерлер критерийі 3 ай бойы 2,5 %-дан асатын жұмыссыздар саны болып табылады. Ал сыртқы сауда теңгерімділігінің қатері критерийі орташа жылдық негізде 3 ай бойына импортты экспортпен 90 %-дық жабу саналады. Экономикалық өсудің тежелуін қадағалау үшін жалпы ішкі және өнеркәсіптік өнімнің, өндірістік капитал салымдарының, жұмысбастылық деңгейінің өсу индикаторларын қолданады.

Инфляциялық тенденцияларды қадағалау үшін сыртқы сауда мен бағалардың жалпы деңгейінің теңгерімділігі индикаторларын қолданады.

Ғылыми әдебиеттерде мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін бағалау индикаторлардың екі тобының көмегімен жүзеге асырылады: бірінші тобын белгілеуші индикаторлар құрады. Олардың негізінде мемлекеттің жай-күйінің диагностикасы жасалады, шаруашылық құрылымының деградациялану процесінің тереңдігі және олардың серпінінің инерттілігі талданады. Екінші топты «өсу әлеуеті» индикаторлары құрады – мемлекеттің ішкі әлеуетін, ішкі күш пен құралдар есебінен депрессиялық күйді және артта қалушылықты жою алғышарттары мен мүмкіндіктерін, мемлекеттің федералдық көмек сұрауының негізділігін анықтауға септігін тигізетін, өсудің тиімді импульстері мен нүктелерінің болуын сипаттайды.

Мемлекеттің потенциалды әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының факторларын кешенді қамту мақсаттары үшін ғалымдар әлеуметтік-экономикалық шиеленістің синтетикалық индикаторларын әзірледі, олар жұмыссыздық, қылмыстылық, саяси жағдай, ұлтаралық қатынастар, экология, тұтыну нарығының жай-күйі, тұтыну және сауда-саттық тауарлары бағаларының индексі, азаматтардың табыстары, экономиканың жай-күйі, потенциалды әлеуметтік-экономикалық шиеленістің қосымша факторларының болуы сияқты жағдайларды сипаттайды. Жалпы мемлекеттері үшін, алдыңғы кезекте, артта қалған және депрессивтік мемлекеттер үшін бұл индикаторлар осы мемлекеттерді қолдау бойынша ұсыныстарды негіздеу кезінде шешуші рөлге ие болуы мүмкін.

Ғылыми әдебиеттерде мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігінің көрсеткіштері мен критерийлеріне көзқарастардың нақтысы жоқ. Мәселен, И.В. Долматов мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігінің жай-күйінің басты индикаторлары ретінде әлеуметтік индикаторларды қабылдауды ұсынады, олар демографиялық қауіпсіздік, өмір сүру сфераларының және еңбек нарығының индикаторларынан тұрады. Бірақ мұндай индикаторларға қандай көрсеткіштер кіретінін автор анықтамайды [22].

Н.В. Дюженкова мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігінің жай-күйін рейтингтік бағалаудың үш нұсқасын келтіреді, олар Тамбов технологиялық университетінің ғалымдарымен әзірленген. Осы нұсқаларда мемлекеттік еңбек нарығының өндірістік, ғылыми-техникалық, қаржылық, әлеуметтік-демографиялық, қоғамдық, сауда-саттық, экологиялық құрамдастарын сипаттайтын көрсеткіштер блогы жүйесінің оқшау көрсеткішін айыру қарастырылады. «Орындар сомасы» атауымен рейтингтік бағалау әдістемесінің бірінші нұсқасын пайдаланған уақытта нақты зерттеу объектісіне берілген балл саны берілген көрсеткіш бойынша ранжирлеу кезінде объектпен алынған орынмен анықталған. Ақырғы ранжирлеу нақты көрсеткіш негізінде жүргізілген, ол келесі әдістермен анықталады: біріншіден, көрсеткіштердің бүкіл жиынтығы бойынша балл сомасы ретінде; екіншіден, көрсеткіштердің әр блогы бойынша объект орналасқан орындар сомасы; үшіншіден, көрсеткіштердің әр блогы бойынша олардың әрқайсысының маңыздылығын есепке алғанда, объект орналасқан орындар сомасы [23].

Әдістеменің екінші нұсқасы ең кіші квадраттау әдісін модификациялау көмегімен интегралды көрсеткіштерге негізделген. Мұнда әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігі анағұрлым жақсы күйдегі объектінің мәні квадраттар сомасы да, сонымен бірге осы санның түбірі (орташа квадраттық ауытқу) де ең аз шамада, болуы тиіс.

Үшінші нұсқа, «орындар сомасы» және ең аз квадраттар әдістерінің комбинациясына негізделеді. Мұның негізінде әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің ерекшеленген құрамдастарының маңыздылығын есепке алу жатыр. Ең аз квадраттар әдісін қолданған кезде бірнеше кезеңде барлық құраушылары бойынша барлық объектілердің рангтері анықталады. Әрі қарай көрсеткіштердің маңыздылығын ескере отырып, объектінің рангтерін қосу арқылы интегралды көрсеткіш есептеледі. Көрсеткіштер блогының салмақтық коэффициенттері сарапшылар көмегімен анықталады.

Берілген әдістеме тым алпауыт, интегралды көрсеткіштің есептемесі жеке мақсат болып табыла алмайды, өйткені мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігі жүйесін құру стратегиясын әзірлеу үшін аймақ экономикасының нақты салаларының және олардағы тәуекелдердің бағасы қажет, олар жағымсыз ықпалдарды жоюға негізделген басқару шешімдерін қабылдауға мүмкіндік береді. Одан басқа, сараптамалық бағалау әрдайым субъективті болады және есептемелер үшін негіз бола алмайды.

Н.П. Огарев атындағы Мордовия мемлекеттік университетінің ғалымдары көпқырлы статистикалық әдістер көмегімен республиканың әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін бағалау әдісін әзірледі. Ол үшін алғашқы кезде аймақ экономикасының бірнеше саласы алынды: өндірістің өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы салалары, тұрғындардың өмір сүру деңгейінің, демографиялық ахуалдың, құқық реттеу саласының әлеуметтік көрсеткіштері және т.б. талдау процесінде 16 факторлық белгілер қолданылды, олар екі топқа бөлінген: экономикалық және әлеуметтік. Нәтижесінде төрт интегралды көрсеткіш алынды: мемлекеттің ауыл шаруашылығы даму деңгейі мен ауа бассейнінің ластануы арасындағы өзара байланыстылығы; негізгі капиталға инвестициялардың аймақ экономикасына әсері; өмір сүрудің жалпы деңгейі мен тұрғындардың әл-ауқаты; еңбекақы мен жұмыссыздық деңгейінің өзара байланыстылығы. Одан соң нәтижелік көрсеткіштер таңдалып алынды, олар: өнеркәсіптік өнімді өндіру индексі, инвестициялардың физикалық көлемінің негізгі капиталға индексі, табыстары ең төменгі күнкөріс көзінен төмен тұрғындардың үлесі, тұрғындардың табиғи өсуі (кемуі) коэффициенті.

Әрі қарай ғалымдар есептелген интегралды және нәтижелік көрсеткіштер арасындағы байланысты корреляциялық-регрессиялық талдау жүргізіп, нақты тәуелділіктерді анықтады. Олардың негізінде төрт теңдеуден тұратын жүйе құрылды, ол Мордовия республикасының ахуалын сипаттайтын кешендік сандық үлгіні көрсетті [24].

Дегенмен, математикалық талдау әдістері мемлекетте болып жатқан әлеуметтік-экономикалық процестердің жай-күйін бағалау үшін әрдайым сенімді құрал бола алмайды.

Э.А. Уткин мен А.Ф. Денисов еңбегінде мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін бағалаудың басқа әдісі ұсынылған. Біріншіден, әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік критерийлері ретінде олар келесілерді көрсетеді:

– мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымының кеңейтілген өндірісі;

– алғашқы қажеттілік тауарларының маңызды түрлерін әкелуге мемлекеттің критикалық тәуелділігінің шектері;

– аймақ тұрғындарының қалыпты өмір сүруін қамтамасыз етуі үшін жағдайлар қалыптастыру барысында тұрғындар қажеттілігін қанағаттандырудың қажетті деңгейін қамтамасыз ету [25].

Екіншіден, залалдардың алдын алу бойынша тиімді шараларды әзірлеу тәуекел факторларына жауап ретінде әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті төмендетудің шекті деңгейлері жүйесін анықтауға тәуелді.

Үшіншіден, тұрғындардың өмір сүру деңгейі индикаторларының шекті мәндері ретінде келесі көрсеткіштерді қолдану ұсынылады: табысы ең төменгі күнкөріс көзінен төмен азаматтардың үлесі; табысы ең жоғары тұрғындар табыстарының және табысы ең төмен тұрғындар табыстарының арасындағы айырмашылық; туу деңгейі; өлім және түрлі себептерге байланысты ауру деңгейі; орташа еңбекақы мен зейнетақының ең төменгі күнкөріс көзімен салыстырмасы; жұмыссыздық деңгейі; ұзақ мерзімді қолданылатын тауарлармен қамтамасыз етілу деңгейі; қылмыстық деңгейі.

Төртіншіден, ақырында авторлар мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін бағалау үшін шекті мәндерді емес, керісінше, аймақ қауіпсіздігінің функционалды талдауын қолдануды ұсынады. Ол дербес қолайсыз жайттардың болу ықтималдығын және залалдың ықтимал көлемін бағалауға негізделген.

Сонда мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігі беті қайтарылған залалды бағалау ретінде анықталатын болады. Алайда мұндай әдіс дербес муниципалды құрылым мен кәсіпорын үшін ғана өзекті.

В.Сальников «Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігінің тұжырымдамасы» атты мақаласын да әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті «жұмысшылардың орташа еңбекақысы, ең төменгі күнкөріс көзі, әлеуметтік сипаттағы алымдарды алып тастағандағы орташа еңбекақының еңбекке қабілетті тұрғындардың ең төменгі күнкөріс көзіне қатынасы, тіркелген жұмыссыздар саны, жұмысшыларға сұраныс (вакансиялар), кәсіпорындар мен ұйымдардың тұтынуға беретін қаражаттары бойынша уақыты өтіп кеткен қарызы, кредиторлық қарыз, дебиторлық қарыз, анықталған экономикалық қылмыстардың саны» сияқты индикаторлар көмегімен анықтауды ұсынады. Осы көрсеткіштердің рұқсат етілетін шекті деңгейге жақындауы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігі қатерлерінің ұлғаюын, ал шекті мәндерден асып түсуі – тұрақсыздық және әлеуметтік жанжалдар зонасына түскендігін білдіреді. Соңғысы мемлекеттің депрессивті разрядқа енгендігін білдіреді [26]. Көзқарастан байқалғаны, бұл әлеуметтік салаға тән индикаторлардың тар ауқымы, одан басқа, шекті мәндердің шамалары да ұсынылмаған.


2-кесте

Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің шектік көрсеткіштері


2-кестеде сандық және пайыздық түрде әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің шектік көрсеткіштері жазылған, егер осы көрсеткіштерден асып кетсе онда Қазақстанның экономикасына қауіп төнеді.

Енді осы кестедегі көрсеткіштерге тоқтала кетсек, онда біріншісі ЖІӨ-ге қатысты инвестицияның көлемі 25 %-дан кем болмау керек. Инвестиция дегеніміз экономиканың қаны десек те болады. Көрсетілген өлшем бойынша мемлекеттің даму функцияларына назар аударғанда Қазақстанның ілгері тұрғандығы байқалады (39 %). Бірақ, капиталды сыртқа шығару индикаторы бойынша артта қалып отыр – 1,4 %. Басқа елдерге келетін болсақ, бұл көрсеткіш дамыған елдерде – 9,8 %, өтпелі экономика елдерінде – 7,7 %, дамушы елдерде – 11,6 %. Әлемдегі дамыған мемлекеттердің өзі инвестицияға таласып, көптеген инвесторларға преференциялар жасайды және инвест форумдар жинап отырады, демек инвестициясыз ешқандай мемлекет дами алмайды. Оған дәйек болатын жайт – әлемдегі инвестицияның тең жартысы АҚШ-тың экономикасына салынады.

Мысалы, Қазақстанның және Ресейдің ұлттық қорындағы миллиардтаған долларлар американдық бағалы қағаздарына портфельді инвестиция түрінде салынып отыр. Ал олар осылай өздерінің бюджет тапшылығын жабады. Жыл сайын Қытай Халық Республикасына тартылған тікелей және портфельді инвестициялардың, оның ішінде тікелей инвестициялардың көлемі артып отыр. Тек 2010 жылы Қытайға 600 миллиард АҚШ долларындай инвестиция салынды. Сонымен қатар, инвестицияны сырттан тарту ғана емес, белсенді түрде басқа елдерге инвестициялар құю да мемлекетке өте керек. Себебі, үлкен көлемдегі қаражаттың елдегі шоғырлануы оның инфляциясының артуына және ақша құнының инфляциямен желінуімен өтеді. Сондықтан, қай мемлекет болсын инвестицияларды сыртқа салуға тырысады. АҚШ капиталды тарту мен сыртқа салу жағынан мысалы, ешкімге орын бермей келеді. Алайда, сыртқа инвестиция салу бойынша тек мемлекеттің қаражатын санасақ, онда 2011 жылы Қытай бірінші орынға шығып, керек десеңіз Дүниежүзілік банктен озып кетті. Дүниежүзілік банк 100 млрд.доллар, Қытай үкіметі 116 млрд. АҚШ долларына тікелей инвестиция салған. Дағдарыс дендеді деген 2008-2009 жылдардың өзінде қытайлықтар АҚШтың көлік өнеркәсібінің, Африканың мұнай-кен орындарының және Қазақстанның мұнай-газ саласындағы компанияларының біразын сатып алды. Қазақстан болса, Румынияның Котреігоі компаниясын сатып алды. Бұл компанияға мыңдаған жанаржағармай станциялары мен мұнай өндіру зауыттары тиесілі. Сонымен бірге біздің компаниялар Грузиядағы Тбилгаз және Тбилтелеком компаниясын сатып алған, осылайша сыртқа тікелей инвестициялар құйылып жатыр десе де болады.

Сыртқа инвестиция салу сол елдің өндірістерін бағынышты ету тәсілі. Тарих көрсеткендей, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ-та Маршалл жоспары қабылданып, миллиардтаған қаражатты соғыстан әлсіреп қалған Еуропаға инвестиция ретінде ақша салған. Содан бері, біразға дейін еуропалық мемлекеттер американдықтарға тәуелді болып келді. Егер Қазақстан әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз еткісі келсе, басқа да елдердің экономикасына тікелей инвестициялар салуы тиіс. Егер аталмыш көршілеріміз бізге толық емес экономикалық тәуелді болса, онда сол мемлекеттердің басшылары да Қазақстанға қатысты саясатын лояльді қылар еді.

Қазір Ұлттық қорымызда және ұлттық резервте бірге санасақ, 90 млрд. АҚШ доллары жинақталған. Көрші мемлекеттердің экономикасын санамалай отырсақ, мысалы Қырғызстанның ЖІӨ-і 9 млрд. АҚШ долларында шамалап, біз 2-3 млрд.доллар тікелей инвестиция сала алсақ, онда біздің үкімет саяси-экономикалық пайдаға кенелер еді. Қырғызстандағы алтын кенінен басқа, Тәжікстанның ГЭС-теріне қаражат салса болады.

Сонымен әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің келесі аспектісі, ол ЖІӨ-нен қорғанысқа бөлінетін қаражат көлемі 5%дан төмен болмау керек. Алайда ол бізде 1 %-ды ғана құрайды. Қорғанысқа қаражат аз бөлінсе, мемлекетіміздің қорғанысына ғана қауіп емес, экономикамызға да нұқсан келеді. Себебі, заманауи технологиялардың біразы осы әскери-өндіріс саласынан пайда болған. Сонымен қатар, Батыс елдері мен Ресей қаружарақ сатудан қыруар пайдаға кенеліп жатыр, мәселен 2010 жылы ресейліктер 2,5 млрд. АҚШ долларына қару-жарақ сатты. Демек, өндірісті сақтай отырып, жұмысшыларға жаңа жұмыс орындарын ашып тың инновацияларға жол ашу мүмкіндігі пайда болып отыр. Сондықтан, біз ЖІӨ-нен 5 % қаражат бөлді десек, ЖІӨ-міздің қазір мөлшері 181 млрд. АҚШ доллары екенін ескере отыра есептесек, онда қорғаныс саласына 9 млрд. АҚШ доллары құйылады. Онда көптеген әскери салалар қайта ашылар еді, айталық әскери кеме жасау ісі (Каспийдегі жаңа кемелер түрі т.б.).

Келесі өте маңызды аспект, ол ғылыми зерттеулерге қаражат бөлу. Теориялық тұрғыда экономикалық қауіпсіздікті сақтау үшін ЖІӨ-нен ғылыми зерттеулерге қаражат 2 %-дан төмен болмауы керек. Өйткені, одан төмен болса онда оның бәсекеге қабілеттілігінің ықтималдығы кемиді, соның нәтижесінде ғылым қарқынды дами алмайды. Осы мәліметке қарамастан, Қазақстан ғылым саласына ЖІӨ-не қатысты небәрі 0,2 % ғана қаражат жұмсайды, бұл тым төмен демек, Қазақстан Республикасының бұл экономикалық саласының дұрыс дамымағанын көреміз. Мысалы, халқы небәрі 6 млн. адам болатын Израильдің потенциялы тым жоғары болғандықтан, көршілес мемлекеттерден сескенбей сыртқы саясатын тәуелсіз жүргізіп отыр. Себебі, оның ғылыми қауқары зор пайда әкеліп, өздерінің қорғаныс саласын күшейтіп отыр.

Финляндияның экономикасы ең инновациялы болғандықтан, оның өзіндік құны төмен болады және заманауи болғандықтан, экономикасы бәсекеге қабілетті болып отыр. Ал АҚШ-қа келсек, американдық университеттерде ғылымға бөлінетін қаражаттың көлемі өте жоғары. Мысалы, Гарвардта ғылымға бөлінетін қаражат көлемі 28 млрд. АҚШ доллары. Ғылымды дамыту арқылы бар шығындарды азайтуға болады. Сонымен қатар, білімге бөлінетін қаражат мөлшері ЖІӨ-нің 10 %-нан төмен болмауы керек, алайда бізде сол меже пайыздық үлеске де жетпей отыр. Білім сапасы төмендесе, онда ешқандай ғылым саласы дамымайды.

Осылайша, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігінің индикативті үйелерін анықтаудың шетелдік және отандық әдістерінің көп жерде ортақ сипаттамалары бар, бірақ әр әдіс үшін әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті бағалаудың және мониторингін жасаудың өз әдістемесі тән.

Айта кету қажет, қазіргі уақытта әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік теориясында экономиканың критикалық нүктелерін көрсететін индикатор-көрсеткіштерді пайдалану арқылы экономикалық қауіпсіздікті талдау және бағалау әдісі анағұрлым өзекті болып отыр. Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігінің критерийлері мен көрсеткіштері жүйесін әзірлеу келесі жалпы әдістемелік белгілерді қолдануға негізделуі тиіс: біріншіден, жиынтықтық, зерттеу объектісінің барлық жақтарын талдау және есепке алу қажеттілігі; екіншіден, жүйелік, байланыстылық пен өзара байланыстылықтың қатарын есепке алу; үшіншіден, нұсқалылық (альтернативтілік), дағдарыстық ахуалдан шығудың бірнеше нұсқасын негіздеу, төртіншіден, тәуекелдің жеткілікті деңгейі, яғни, шекті жайттардың пайда болуын болдырмауды анықтау және іске асыру.

Шетел мен отандық ғалымдардың әдістемелерінің сынамалы зерттеуіне сүйене отырып, зерттеуде мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігі көрсеткіштерін анықтаудың кешендік әдісі қалыптастырылды, ол мемлекеттің тұрақты даму критерийлерін ескереді: тұрақты экономикалық өсу, әлеуметтік тұрақтылық, экологиялық тұрақтылық және т.б. Шекті мәндер ретінде негізге орташа республикалық мәндер алынады, олар әлемдік тәжірибе, мәндер, бекітілген нормативтік актілер, сарапшылар пікірлерін ескере отырып, толықтырылады. Тұрақты экономикалық өсуді сипаттайтын мемлекеттік деңгейдегі әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің іріленген көрсеткіштерін 2-кестеден көруге болады (2-кесте).

Мемлекеттегі аймақтардың әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік мәселесі де айырықша мәнге ие. Аймақ экономикасының барлық салаларының жұмыстарын жалпылайтын индикаторлардың бірі жан басына шаққандағы ЖАӨ болып табылады. Бұл өте маңызды көрсеткіш, өйткені ол аймақ тұрғындарының материалдық мүмкіндіктерін көрсетеді, ал берілген аймақ тұрғындарының төмен материалдық мүмкіндіктері түрлі экстремистік көңіл-күйлерді қолдауға ықпалын тигізеді және мемлекеттің берілген геосаяси бағыттағы мемлекеттік бүтіндігіне қатер төндіреді. Жан басына шаққандағы ЖАӨ орташа республикалық көрсеткіштен кем болмауы тиіс.

Тиімді экономикалық өндірістің серпінді процесін сипаттайтын, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігінің ахуалының маңызды көрсеткіші ЖАӨ-ге пайызбен есептелген, негізгі капиталға инвестициялар көлемінің көрсеткіші болып табылады. Бұл көрсеткіштің шекті мәні әлемдік тәжірибемен айқындалған, ЖАӨ-нің 15-25 %-ынан басталатын мән болып табылады. Ауыл шаруашылығының физикалық көлемінің индексі (ФКИ) қатысты көрсеткіш болып табылады, ол ауыл шаруашылығында өндірілген өнім массасының өзгеруін сипаттайды. Берілген жағдайда шекті мән ретінде елдің, мемлекеттің дамуының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында бекітілген жоспарлық көрсеткіштер қабылдана алады. Осыған ұқсас әдіс өнеркәсіптің физикалық көлемі индексі қатысында да қолданыла алады.

Бағалар деңгейі – мемлекеттегі әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік ахуалына ықпал ететін маңызды құрамдас болып табылады. Инфляцияның жоғарғы деңгейі тұрғындардың ақшалай табыстары мен жинақтарының құнсыздануына, өндірістің жалпы көлемінің төмендеуіне, мемлекеттердегі қолма-қол масса көлемінің ұлғаюына және т.б. әкеледі. Тұтыну бағалары индексінің шекті көрсеткіші желтоқсаннан өткен жылдың желтоқсанына дейінгі аралықта 106-110 % саналады.

Өндірістік саланың қауіпсіздігі экономиканың негізгі қорларының қаншалықты рационалды қолданылатындығы және жаңартылып отырылатындығына көбінесе тәуелді болады, бұл жаһандану және бәсекелестік процестердің күшеюі шарттарында ерекше көкейкесті болады: негізгі қорларды дамыту және жаңартуға бағытталған салымдардың оптималды қатынасы экономикалық дамудың әр кезеңінде анағұрлым жауапкершілікті және әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағытты мәселесі, өндірістің бәсекеге қабілетті типін қарастыру стратегиясының құрамдас бөлігі болып табылады. Индикаторларың тағы бірі өнеркәсіптік ұйымдардың негізгі қорларының тозу деңгейі болып табылады, оның шекті мәні, көптеген ресей ғалымдарының пікірі бойынша, 60 % болып саналады.

Басқа индикатор таза мемлекеттік өнім (ТАӨ) түсінігімен байланысты, ол жалпы мемлекеттік өнім мен амортизациялық аударымдардың арасындағы айырманы көрсетеді. К.Р. Макконелл и С.Л. Брю пікірлері бойынша, таза ұлттық өнім өндірісінің теңгерімді деңгейіне, ол тұрғындар жинақтарына инвестицияларды қосқандағы көлеміне тең болған жағдайда, қол жеткізіледі. Яғни, тең салмақты өндіріс болуы үшін инвестициялар мен жинақтардың теңгерімділігі керек. Яғни, тұрақты, қауіпсіз экономика үшін жинақтар мен инвестициялардың қатынасының шекті мәнін 1-ге тең деп алу қажет. Осы авторлардың көзқарастары бойыша бұл шекті мән 1-ден көп болуы да мүмкін, бұл кезде ТАӨ деңгейі тұрақты болуы үшін тым жоғары болады [27].

Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті анықтауда маңызды мәнге өндіріс тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігінің индикаторлары ие, әсіресе әлемдік көрсеткіштермен салыстырғанда. Қазіргі уақытта ешқандай, тіпті ең ірі және ресурстық қамсыздандырылған экономикалық жүйе де жаһандық шаруашылыққа араласпай тиімді дами алмайды; олардан алшақ болу анағұрлым ілгерілемелі ғылыми сиымды ғылымдардағы артта алушылыққа, сөйтіп – әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің төмендеуінен әкеледі. Ресей экономисті Н.Д. Елецкий көрсеткендей, мұнай-газ «инесінен» тәуелділік жағдайында және ішкі нарықты импорт есебінен дайын тауарлармен толықтыру шарттарында тұрақты экономикалық даму және экономикалық қауіпсіздіктің болашағы туралы айтуға болмайды. Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік ахуалын бағалау кезінде ұлттық-мемлекеттік экономикалық жүйе қонақтайтын әлемдік экономика баспалдағын анықтау шешуші маңызға ие. Егер әлемдік «хай-тек» нарығындағы АҚШ үлесі 36 %, Германия – 16 %, Қытай – 6 % болса, онда Ресей үлесі – 2%дан көп емес, бұл қазіргі уақытта ғылыми-техникалық ілгерілеу бағытын анықтайтын мемлекеттерден біздің елдің тәуелділігін көрсетеді. Осы контекстте ол инновациялық кәсіпорындардың олардың жалпы санындағы үлесі және инновациялық өнімнің жалпы өнім көлеміндегі үлесі сияқты көрсеткіштерді де бағалауды ұсынады. Ресейде инновациялық кәсіпорындардың саны, түрлі бағалар бойынша, 9-11 % аралығында, Ұлыбританияда – 39 %, Францияда – 46 %, Германияда – 66 %, Ирландияда – 75 %, АҚШ пен Жапонияда – 70-80 % аралығында [28].

Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік тұрғындардың қорғалу ахуалымен сипатталады, ол жұмыссыздықтың жоғарғы деңгейінің болмауымен, тұлғаның деградацияланбауымен, әлеуметтік жанжалдардың болмауымен, қоғамдағы әлеуметтік шиеленістердің төмен деңгейімен, білім беру стандарттарының, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылымның қол жетімділігімен, тамақтану және өмір сүру сапасының жақсартумен сипатталады. Мемлекеттің әлеуметтік әл-ауқатын сипаттайтын маңызды көрсеткіштерінің бірі өмір сүру ұзақтығы болып табылады. Көрсеткіш тұрғындардың денсаулық сақтау, қоршаған орта, ұлт генофоны жағынан өмір сүру деңгейін көрсетеді. Берілген көрсеткіштің шекті мәндерін анықтауда дамыған елдердің көрсеткіштеріне сүйену қажет. Шетелде орташа өмір сүру ұзақтығы 69-70 жасты құрайды, бұл шама ер азаматтар үшін де, әйел азаматтар үшін де бірдей. АҚШ пен Ұлыбританияда орташа өмір сүру ұзақтығы – 75 жас, Швецияда – 78 жас, Жапонияда – 79 жас. Орташа өмір сүру ұзақтығының шекті мәніне қол жеткізбеудің арты ел тұрғындарының өмір сүру қабілетінің төмендеуіне, әлеуметтік тұрақтылық деңгейінің төмендеуіне әкеледі.

Децильді коэффициент сияқты көрсеткіш аймақ тұрғындары табыстарының арасындағы айырмашылықты көрсетеді және анағұрлым ауқатты тұрғындардың 10 %-ының жан басына шаққандағы орташа табысының ең аз қамтылған тұрғындардың 10 %-ының жан басына шаққандағы орташа табысына қатысы ретінде анықталады. Әлемдік стандарттарға сәйкес, шартты бай және кедей тұрғындардың табыстарының алшақтығы 7 реттен артық болмауы тиіс. Децильдік көрсеткіш аймақ тұрғындарының өмір сүру деңгейі мен ондағы жұмыссыздық деңгейімен тығыз байланыста. Тұрғындар табыстарының шоғырлану коэффициенті (Джини коэффициенті) – макроэкономикалық көрсеткіш, ол табыстарды ел тұрғындары арасында тең бөлістіруден нақты бөлістірудің ауытқу деңгейін көрсететін, тұрғындардың ақшалай табыстарының әртараптануын сипаттайды. Бұл коэффициенттің көлемі 0-ден 1-ге дейінгі аралықта ауытқиды. Қоғамның табыстар деңгейі бойынша поляризациялану деңгейі анағұрлым биік болған сайын, соғұрлым бұл коэффициенттің шамасы 1-ге жақын келеді. Және, керісінше, қоғамда табыстарды тең бөлістіру болған кезде Джини коэффициенті 0-ге тең.

Ең төменгі және орташа еңбекақы көлемінің қатынасын көрсететін көрсеткіш Кейтц индексі болып табылады, ол еңбек ақыны реттеу деңгейін сипаттайды. Ереже бойынша, дамыған елдерде ең төменгі және орташа еңбекақы көлемінің қатынасы 40-50 %-дан төмен түспейді. Ал Еуропа Кеңесінің әлеуметтік құқықтар бойынша комитеті Еуропалық әлеуметтік хартияның төртінші бабын талқылай отырып, салықтарды алып тастағандағы ең төменгі және орташа еңбекақы көлемінің қатынасы 60%дан кем болмауы тиіс деп ұйғарады. Тым болмағанда – 50 % рұқсат етіледі, егер осы 50 % өмір сүрудің жеткілікті деңгейін қамтамасыз етсе [29].

Еуропалық ынтымақтастық 1984 ж. қабылдаған кедейшілік анықтамасы бойынша ең төмен қалыпты өмір салтына қол жеткізуге ресурстары (материалдық, мәдени және әлеуметтік) шектелген тұлғалар, жанұялар және адамдар тобы кедейлер болып саналады. Көптеген елдерде кедейшілік деңгейі ең төменгі күнкөріс бюджеті негізінде анықталады. Ең төменгі күнкөріс бюджеті еңбекке жарамды тұрғындарға әлеуметтік кепілдердің негізі бола отырып, физикалық белсенділік пен денсаулық бұзылмайтын шектердегі нормативтер деңгейінде жұмысшылардың ең маңызды ағымдағы қажеттіліктерін қанағаттандыратын тауарлар мен қызметтердің жиынтығын көрсетеді. Кедейшілік шегінде өмір сүретін тұрындардың үлес салмағы 8 %-ды құрайды. Берілген көрсеткіштің асып кетуі тұрғындардың кедейленуіне әкеп соғады.

Жұмыссыздық деңгейі – жұмыссыздар санының экономикалық белсенді тұрғындардың жалпы санына қатынасы. Әрбір мемлекет үшін экономикалық өсу үшін зиянын тигізбейтін жұмыссыздық деңгейінің ресми мәліметтері бар. Халықаралық стандарттарға сәйкес, егер жұмыссыздық деңгейі еңбекке жарамды халықтың 20 %-ына жетсе, онда бұл мемлекеттегі дағдарыстың бар екендігін білдіреді және төтенше жағадайлар енгізуді қажет етеді. Ең қолайлысы он проценттік көрсеткіш болып табылады.

Келесі көрсеткіш – тұрғындардың жұмысбастылығы деңгейі. Жұмысбастылық деңгейі тек жұмыссыздық деңгейімен ғана емес, сонымен бірге аймақ экономикасының ахуалымен де байланысты. Бұл жерде 60 % шекті мәнін қабылдауға болады. Қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын сипаттайтын көрсеткіштер аясында мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігі үшін жұмыс күшінің психикалық және физикалық денсаулығы үлкен маңызға ие. Адам капиталының сапасы аймақ экономикасының бәсекеге қабілеттілігін және еңбек өнімділігін анықтайды. Оған қоса, адамның өмір сүру шарттары қиындауда. Заманауи өндіріс қарқындарының өсуі және шиеленісуі әсерінен жүйкелікпсихикалық жүктемелер көбейеді. Осының барлығы күйзелістің және психоэмоционалдық стресстердің өсуіне алып келеді. Бұл стресстерді жою мемлекеттегі әлеуметтік саланың қаншалықты жақсы қызмет ететіндігіне байланысты болады. Сондықтан, әлеуметтік саланың қызмет етуінің қауіпсіздік критерийлерінің бірі суицид деңгейі болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының берген бағасы бойынша өзіне өзі қол жұмсаудың шекті деңгейі 100 мың адамға шаққанда 20 суицид ретінде анықталады. Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін анықтайтын келесі индикатор қылмыстылық деңгейі болып табылады. Ол тұрғындардың 100 мыңына шаққанда саналады. Дүниежүзілік тәжірибеде 100 мың тұрғынға шаққанда 6 мың қылмыс шекті мән болып саналады. Экологиялық тұрақтылық, әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің анағұрлым маңызды блогы болып санала тұра, тек республика аумағындағы экологиялық нақты ахуалды ғана емес, сондай-ақ барлық салалар мен экономикалық қызметтің құрамдастарымен органикалық тығыз байланыста болады. Мәселен, еліміздің тұрақты даму стратегиясының маңызды басымдықтарының бірі табиғи ресурстарды рационалды қолдану адамның өмір сүруінің салауатты ортасын қалыптастыру, оның мәдени және рухани жетілуіне жағдайлар жасау болып табылады.

Осыған сәйкес, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігі және тұрақты дамуы келесі көрсеткіштерді қамтуы тиіс: аймақ бюджетіне экологиялық төлемдер есебінен түсетін түсімдер, аймақ бюджетіндегі қоршаған ортаны қорғауға кеткен шығындардың үлесі, қоршаған ортаға ластанған заттардың көлемі, утилизацияланған ластаушы заттардың көлемі, стационарды көздерден тасталған ластанған заттар, сұйық және газ сияқты ластанған заттар, қатты ластанған заттар, стационарлы көздерден адам басына шаққанда атмосфераға тастаған ластанған заттар.

Мемлекеттің экологиялық тұрақтылығын сипаттайтын көптеген көрсеткіштер бойынша шекті мәндер ретінде талдау процесінде орташа мемлекеттік мәналу қажет. Келтірілген көрсеткіштерді қолдану қауіпсіздіктің қоғамдық өмірдің әртүрлі экономикалық, әлеуметтік, экология саласындағы негізгі түрлерінің ахуалын бағалауда маңызды мәнге ие. Бұл көрсеткіштер қауіпсіздік деңгейлерінің шекті мәндерін бекітуге мүмкіндік береді. Демек, бір немесе басқа міндетті шешуде тәуекел деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Келтірілген көрсеткіштерге және олардың әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің шекті мәндерінен ауытқу шамаларына сәйкес, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігінің жай-күйін төмендегідей сипаттауға болады:

– қалыпты ахуал, бұл кезде мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігінің индикаторлары шекті мәндер шегінде болады;

– дағдарыс алды ахуал, бұл кезде мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігінің ең болмағанда бір индикаторының шекті мәні асып түседі;

– дағдарыстық ахуал, бұл кезде мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігінің негізгі индикаторларының көбісінің шекті мәндері асып кетеді;

– критикалық ахуал, бұл кезде негізгі де, екінші деңгейлі де индикаторлардың шекті мәндері асып кетеді.

Сондықтан, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін қарастыру кезіндегі алдыңғы кезекті мәселелердің бірі экономикадағы дағдарыстық құбылыстарды дер кезінде және объективті көрсететін көрсеткіштер жүйесін әзірлеу болып табылады. Мемлекеттің тұрақты даму қатысынан алғандағы оның әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін бағалау және мониторингі көрсеткіштерінің кешендік жүйесінде керек. Оған қоса, қауіпсіздік параметрлерінің жүйесі аймақ ерекшеліктерін есепке ала отырып түзетуге болады. Нақты аймақ үшін көрсеткіштер жүйесін әрі қарай жетілдіру кезінде барлық көрсеткіштерді екі топқа бөлген абзал: әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік деңгейін бағалауға негізделген көрсеткіш-критерийлер және жалпы жағдайды толықтыратын талдамалық-ақпараттық көрсеткіштер. Сонымен бірге есептелінбейтін көрсеткіштерді немесе қауіпсіздіктің шекті мәндерін анықтау мүмкін емес көрсеткіштерді алып тастаған дұрыс. Көрсеткіштердің шекті мәндері тек экономиканың даму кезеңдерінің ерекшеліктерін есепке алумен ғана анықталуы мүмкін, ал бұл көрсеткіштердің шекті мәндерін нұсқалық бағалаудың қажет екендігін дәлелдейді.

Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті басқару

Подняться наверх