Читать книгу Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті басқару - Өтеғали Шеденов - Страница 5
I тарау
ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
4. Экономиканы мемлекеттік және жергілікті басқару жүйесіндегі қауіпсіздікті ұйымдастырушылық қабілеттілігі
ОглавлениеЭкономикалық қатынастар аясының кеңеюі, экономиканы мемлекеттік және жергілікті қауіпсіздікті ұйымдастырушылық қабілеті соңғы уақытта жүргізіліп жатқан өзгерістер аймақтардың әлеуметтік-экономикалық жүйедегі орны мен рөліне айтарлықтай ықпалын тигізді. Осыған орай елдің аймақ экономикасын басқару, олардың дамуын мемлекет тарапынан реттеу мәселелері өзекті. Республикамыздың әрбір аймағы еліміздің экономикалық шаруашылық кешенінде белгілі бір орынды ала отырып, осыған қоса басқа аймақтармен бүтіндей экономикалық бірлікті құрайды. Сондай-ақ, әр аймақтың өзіндік табиғи ресурстары, оларды орналастырудағы ерекшеліктері, экономикалық даму деңгейі, өзіндік экономикалық шаруашылық құрылымы бар. Соған байланысты аймақтық саясат қалыптастырылып, жүзеге асырылады.
Мемлекеттік және жергілікті экономиканың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзгешеліктер шынайы тұрғыдан аймақтық даму теңсіздігінің әмбебап экономикалық заң әрекеттеріне бағынышты. Сондықтан да бұл арадағы міндет осы заңның экономикалық талаптарына жекелеген аймақтардың даму деңгейлерін-теңестіру-үдерісін ыңғайлап, осыайырмашылықтарды біртіндеп жою болып табылады.
Нақты өмір шындығындағы экономикалық және әлеуметтік жағдай аймақтардың қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етілу мүмкіндіктері мен оған қажеттіліктері бойынша, өмір құндылығының деңгейі бойынша, жан басына шаққандағы мемлекеттік және жергілікті қызмет көрсетудің бюджеттік шығын деңгейі бойынша олардың арасындағы елеулі айырмашылықтар туралы мағлұмат береді. Бюджет шығыны есебінен мемлекеттік және жергілікті қызмет көрсетудің ең аз шамадағы мөлшері халықты білім беру, денсаулық сақтау, өрттен қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және т.б. бойынша бірыңғай қызметтердің жиынымен қамтамасыз етуді ұйғарады. Аймақтық саясат көбінесе аймақ шаруашылығын өндірістік тұрғыдан мамандандырудың аймақтық еңбек бөлінісінің жүйелеріне байланысты және индустриясын әртараптандыруда дамыған аудандардың шаруашылық құрылымдарын түрлендіруге қаржы жұмсау, өнімдеріне отандық экономика мүдделілік танытқан өндірісті дамытуға әлсіз дамыған аудандарда кәсіпорындар құрып, олардың жұмысын жандандыруға отандық және шетелдік инвесторлардың қаржылық ресурстарын тарту үшін қолайлы жағдайлар тудыру. Әртүрлі аудандардағы кәсіпкерлік қызметтердің жағдайларын теңестіретін табиғи өнімдерінің бағасын мемлекеттік тұрғыдан реттелуін қамтамасыз ету секілді әдістермен жүзеге асырылады. Аймақтың дамуына ықпал етудің ұйымдастырушылық мемлекеттік тәсілдері ең алдымен құрылымдық қайта құруға, импорт сыйымдылығы бар әрі экспортқа бағдарланған өнімдерді арттыру мақсатында кәсіпорындарды жаңартылуға бағдарлануы керек. Әр облыстарда аймақтық саясатты жүзеге асыру барысында қолданылатын әртүрлі экономикалық тұтқалар мен ынталандыруларды халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтерді, экологиялық, табиғи ресурстық құбылыстарды, қаржылық-экономикалық жағдайларды және т.б. ескеру арқылы түрлендіруге болады.
Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік мәселесін елдің аймақтарында жүзеге асыруы үшін алдымен, оның аймақтарының қандай әлеуметтік-экономикалық даму жағдайында екендігін қарау керек. Себебі, аймақтардың арасындағы әлеуметтік-экономикалық даму бойынша алшақтық біртұтас әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік бойынша саясат жүргізуге өз ықпалын тигізері сөзсіз.
Академік Л. Абалкиннің ұсынысын қолдана отырып, аймақтардағы әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің ішкі құрылымын негізінен үш блокқа бөлуге болатынын көруге болады:
1) Ұйымдастырушылықтағы әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік – аймақтың орталыққа экономикалық – саяси тұрғыдан тәуелді болуын сипаттайтын жағдай. Егер аймақ орталыққа тәуелсіз болса, онда ол өзінің өндірістік деңгейін, өнім сапасын және оның тиімділігін арттыра отырып, бәсекеге қабілетті аймақ болуға тырысады. Оған қоса, аймақаралық және халықаралық сауда байланыстары нығаяды.
2) Ұйымдастыруда аймақтық әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік ондағы жеке меншік формаларының қорғай алу мүмкіндігіне ие болуы. Кәсіпкерлік дамуды тежеуші факторларды анықтау арқылы әлеуметтік – экономикалық проблемаларды шешу қабілеті.
3) Жеке өз алдына дами алу мүмкіндігі – инвестиция мен инновацияға қолайлы ұйымдастыруда жағдай туғызу, қызметкерлердің кәсіби, білім беру және мәдени деңгейін көтеру.
Осы тұрғыдан экономиканы ұйымдастыруда «тұрақты даму» түсінігіне келер болсақ, ол экономикалық, саяси, әлеуметтік және психологиялық факторлардың кешені, осы факторлардың үйлесуі қоғамның, аймақтың, мемлекеттің дамуын қамтамасыз ету үшін алғышарттар жасайды. Экономиканы тұрақты дамытудың ұйымдастырушылық негізі, оның басты көрсеткіші болып әлеуметтік-экономикалық өсудің қарқыны, оның шамасы және тұрақтылығы саналады. Экономикалық тұрғыдан алғанда тұрақты даму мен қауіпсіздік екі түрлі, бірақ кез-келген аядағы бір-бірімен өзара байланысты жағдайлармен сипатталады. Мұнда тұрақты даму анықтаушы болады да, ал қауіпсіздік осы дамуды қамтамасыз етеді. Сонымен, әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді экономиканың қалыпты жұмыс істеуі мен тұрақты дамуының қажетті шарты ретінде қарастыру керек.
Жоғарыда көрсетілгендей, қатерлер әрбір аймақ үшін ерекше және әртүрлі әлеуетке ие. Сондықтан бұл объективті түрде көрсетілген нақты қатерлер факторын анықтау негізінде экономикалық қауіпсіздік қатерін терең зерттеу, талдау және нақты аймақтардың әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін бағалаудың қажеттілігін негіздейді.
Мемлекеттік және жергілікті экономикалық шаруашылықтың элементтерінің дамуындағы қажетті ұйымдастырушылық қатынастардың бұзылуы, әлеуметтік мәселелерді шешудегі артта қалушылық, экологиялық жағдайдың нашарлауы және аймақтық ресурстарды тиімсіз қолдану макродеңгейдегі әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік қатерлерін күшейтеді. Мемлекетттік және жергілікті экономикадағы мамандандыру тұрпаты көбінесе әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік факторларын анықтайды. Мемлекетттік және жергілікті әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін бағалау үрдісінде қолданылатын көрсеткіштер мен индикаторлардың жүйесіне қойылатын талаптарды қарастырайық:
– Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен индикаторлар жүйесі бір-бірімен байланысты болуы;
– Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен индикаторлар жүйесі экономикалық қауіпсіздіктің негізгі қатерлер тізіміне сай болуы;
– Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен индикаторлар жүйесі қажетті және жеткілікті болуы;
– Алынған талдау нәтижелері нақтылыққа сай тексеру мүмкіндігіне ие болуы;
– Олар уақытқа сай болып, әлеуметтік-экономикалық өмірдің белгілі бір кезеңін сипаттауы қажет.
Сандық сипаты бар мұндай көрсеткіштер төнген қауіпті алдын ала көрсетуі тиіс. Мұндай көрсеткіштер жүйесі экономикалық ресурстардың, өндіріс факторларының айналысы жүзеге асырылатын аймақтық жүйенің ұдайы өндіріс сипатын бейнелейді. Әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің маңызды көрсеткіштерінің бірі аймақта бір жыл ішінде өндірілген өнім, яғни жалпы аймақтық өнім болып табылады. Жалпы аймақтық өнім – аймақтарда орналасқан салалардың қосымша құндарының сомасы ретінде анықталынады. Жалпы аймақтық өнім динамикасын анықтайтын экономикалық қауіпсіздіктің факторлы көрсеткіштері еңбек, капитал және табиғи ресурстарды қолдану болып табылады. Бұл көрсеткіштердің байланысын келесі функция түрінде көрсетуге болады:
WRP = f (Ka,Lb Zc), (1)
мұндағы: WRP – ЖАӨ;
К – капитал көлемі;
L – еңбек шығыны;
Z – жер мен ресурстарды пайдалану көлемі.
а, b, с – әрбір факторға қатысты жалпы аймақтық өнімнің икемділігін көрсететін коэффициенттер.
Мемлекеттік және жергілікті экономиканың әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік деңгейіне әртүрлі факторлардың әсерін бағалау үшін талдаудың корреляциялық-регрессиондық әдісін қолдануға негізделген экономикалық-математикалық модель құрылады. Кез-келген модель объектінің, жағдайда жалпы аймақтық өнім динамикасымен анықталынатын аймақтық жүйе үшін жасалынады. Модельді құру негізінде мемлекеттік және жергілікті экономикалық әлеуеті, даму деңгейі мен мамандануы бойынша бөліп, оларды топтастырады. Қазақстанның аймақтарының әрбір тобында жергілікті ерекшеліктеріне негізделген әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігінің ерекше қатерлер кешені бар. Осыдан, мемлекеттік және жергілікті экономиканың дамуының жағдайын саралау олардың дамуының әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігін бағалауды талап етеді.
Мемлекеттік және жергілікті экономиканың әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздігі – жергілікті аймақ экономикасының оның дамуының әлеуметтік-экономикалық және қоғамдықсаяси тұрақтылығын қамтамасыз етуге ұйымдастырушылық қабілеттілігі, халықтың өмір сүру сапасын жоғары әлеуметтік стандарттар деңгейіне жеткізу, табиғат ресурстарын ұтымды пайдалана отырып, ішкі және сыртқы қауіптердің ықпалына қарсы тұру. Демек, жергілікті аймақ экономикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тұтас ел экономикасының өркендеуінің негізгі шарттарының бірі деп тұжырымдауға болады. Осыған байланысты әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздіктің қатерлерін мемлекеттік және жергілікті аймақтық деңгейде анықтаудың маңызы да арта түспек.
Осылардың саралануының күшеюі жалпы аймақтық өнім сияқты көрсеткіштер динамикасынан көрінеді. Мемлекеттік және жергілікті дамудың саралануына байланысты, әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік факторлары әрбір жергілікті аймақ деңгейінде өзінің аймақтық ерекшеліктеріне ие болады. Әрбір жергілікті аймақта әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік факторларын анықтау нәтижесінде ғылыми негізделген шешімді талап ететін экономикалық қауіпсіздіктің ерекше мәселелері туындайды.
Жергілікті аймақтар дамуының тікелей қатерлеріне келесілерді жатқызуға болады:
– орталық және жергілікті билік органдарының арасындағы өкілеттіліктер мен жауапкершіліктердің айқын бөлінбеуі;
– аймақтардағы реформалардың жүргізілу қарқынындағы ұйымдастырушылық айырмашылықтар;
– халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасы бойынша жергілікті аймақтардың саралануы;
– әлемдік нарық сұранысына сәйкес Қазақстан экономикасының салалық және аймақтық құрылымының өзгеруі, нәтижесінде өнеркәсіптік және аграрлық жергілікті аймақтардан басым шикізат пен отын өндіретін жергілікті аймақтар иерархиясы қалыптасуы;
– жергілікті аймақтар дамуындағы аумақтық және салалық ұйымдастыру мен үйлестіру қағидасының бұзылуы.
Барлық жергілікті аймақтар экономикасы үшін тән жалпы қатерлер: жұмыссыздық; ірі өңдеуші нақты сектор экономикасындағы кәсіпорындардың қарқынды немесе толық қуатында жұмыс істелмеуі; экологиялық проблемалардың көбеюі; шағын қалалар экономикасының жағдайларының мардымсыздығы; жергілікті аймақтар экономикасында жан басына шаққандағы табыстың төмен деңгейі және табыстарды күнкөріс минимумынан төмен халық үлесінің кемімеуі; жергілікті аймақтарда әлеуметтік сфера салаларының дамуындағы жағымсыз тенденциялардың сақталуы.
Мемлекеттік және жергілікті аймақтар экономикасын басқару және ұйымдастыру тиімділігін қамтамасыз ету – аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын мемлекеттік және нарықтық реттеу бойынша сәйкес механизмдерді қалыптастыру мен шаралардың тұтас кешенінің қабылдануында. Жергілікті аймақтық экономиканың ерекшелігін шешу үшін әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік билік органдарының да, жеке кәсіпорындар мен ұйымдардың да, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының да қатысуы талап етіледі. Осымен байланысты аймақ экономикасын басқару механизмін жетілдіруді өзара байланысты және бірін-бірі өзара толықтыратын үш бағытта жүргізу көзделеді:
– біріншісі – макродеңгейде жергілікті аймақ экономикасын басқару және ұйымдастыру механизмдерін одан әрі жетілдіру;
– екіншісі – мезодеңгейде тиімді жергілікті аймақтық менеджмент механизмін қалыптастыру;
– үшіншісі – жергілікті өзін – өзі басқару және басқару ұйымдастыру әдістерін жетілдіру.
Жергілікті аймақ экономикасын басқару мен ұйымдастыру механизмідерін бұлай шектеу әрине, өзін-өзі ақтайды. Өйткені, жергілікті аймақ экономикасын басқару және ұйымдастыру механизмдерінің негізінде барлық аумақтарға өмір сүру мен еңбек етудің әртараптандыруы жағдайларына жету үшін тең жаңартылуға мүмкіндіктер беру және әрі қарай олардың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейлерін теңестіру жатса, ал жергілікті аймақтық менеджмент пен жергілікті өзін-өзі басқару мен ұйымдастыру механизмдері тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету мен бүкіл халықтың тұрмыс жағдайын көтеру үшін жергілікті аймақтың ішкі әлеуетін және тартылған сыртқы ресурстарды барынша пайдалануға бағытталады.
Нарықтық реформалардың жүргізілуі мен жергілікті аймақтар экономикасы арасындағы сараланудың күшеюі олардың біразы ғана өзінше экономикалық өсу мен дамуға қабілетті екендігін көрсетті, соған орай жергілікті аймақты басқару мен ұйымдастыру механизмдері мемлекеттің, жергілікті аймақтардың әр түрлі меншік субъектілері мен барлық халықтың мүдделерін ұштастыра отырып, барлық жергілікті аймақтардың проблемаларын шешуге бағытталуы тиіс.
Сонымен, жергілікті аймақтар экономикасының дамуын басқару мен ұйымдастыру механизмдерінің негізгі міндетіне кіретіндер:
– Қазақстан Республикасының экономикалық, әлеуметтік, шаруашылық – құқықтық кеңістігінің тұтастығын сақтау;
– Жергілікті аймақтардың әлеуметтік-экономикалық теңсіздігін қысқарту және біртіндеп жою;
– Жергілікті аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын ғылыми техникалық прогресстің қазіргі талаптарына сәйкестендіру;
– Барлық жергілікті аймақтарда табиғатты ұтымды пайдалану мен адамдардың өмір сүру ортасын сақтауды қамтамасыз ету;
– Мемлекеттің унитарлық құрылымымен анықталған өкілеттіліктер шегінде жергілікті аймақтардың дербестігін қамтамасыз ету.
Түптеп келгенде, жергілікті аймақтардағы басқарудың бүкіл механизмі барлық жергілікті аймақтардың күшін біріктіре отырып, елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы негізінде республика халқының әл-ауқатын көтеруге бағытталғаны жөн. Демек, бұл механизм тұратын аумағына байланыссыз өмір сүрудің белгілі бір сапасына кепілдік беретін теңдестірілген жергілікті экономиканы аймақтық дамуды қамтамасыз етуі тиіс, яғни, халық табысындағы, жұмыссыздық деңгейіндегі, әлеуметтік инфрақұрылымдағы, көлік және байланыс желісіндегі және т.б. Жергілікті аймақаралық айырмашылықтарды теңестіруді көздеуі қажет. Жергілікті аймақтар экономикасының дамуын басқару жүйесіндегі қауіпсіздікті ұйымдасытруды жетілдіру үшін, ең алдымен, республикалық облыстық және жергілікті деңгейлердегі билік органдарының бірлесіп әрекет ету мәселесін шешу керек. Жүзеге асқан жағдайда орталық пен аймақтар арасындағы қалыптасқан өзара қарым-қатынастардың тиімділігін айтарлықтай арттыруға ықпалын тигізетін бірқатар шарттар бар.
Бірінші және негізгі шарт – Қазақстан Республикасының жергілікті аймақтары өздерінің табиғи, экономикалық, ғылымитехникалық және әлеуметтік әлеуеті жағынан әртүрлі жағынан болғандықтан, орталық тарапынан жергілікті аймақтардың экономикасын басқаруға және ұйымдастыруға сараланған жаңа көзқарас қажет.
Екінші шарт – қатынасқа түсуші субъектілердің арасындағы әлеуметтік-экономикалық өкілеттіліктерді айқын бөлу, бұл, ең алдымен, орталық пен жергілікті аймақтардың экономикасындағы бюджеттік өкілеттіліктер, салықтық міндеттемелер және әлеуметтік-экономикалық мәселелер аясындағы құзыреттерін шектеуге қатысты.
Үшінші шарт – жергілікті аймақтардың экономикасының әлеуметтік-экономикалық еркіндігін кеңейту, бірақ, ол жергілікті аймақтық саясаттың толықтай ырықтандырылу нысанына енбеуі керек.
Бұл қарастырылған шарттардың жүзеге асырылуы бірқатар басымдықты шараларды іске асыру жолымен мүмкін болмақ. Олардың қатарына келесілерді жатқызуға болады:
– Бір жағынан, бюджеттік қарым-қатынастарды әрбір жергілікті аймақ экономикасы бойынша сараланған салықтың негізгі түрлері бойынша аударымдардың орта мерзімді тұрақты нормативтер қағидасына көшіруге, екінші жағынан, бюджеттік жоспарлаудың мерзімін ұзарта отырып, жетілдіруге бағытталған орталық пен жергілікті аймақтардың бюджеттік өкілеттіліктерін шектеу саясатын жалғастыру;
– Жергілікті аймақтың экономикасының жалпы республикалық еңбек бөлінісіндегі орнын ескеру, орталықтандырылған қаржы-қаражатты жергілікті халықтың жұмысбастылығын және жергілікті аймақтық экономика өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында жергілікті аймақ экономикалық шаруашылықтарын қайта құруға бағыттау сияқты негізгі қағидаларға сүйене отырып, жергілікті аймақтарға әлеуметтік-экономикалық көмек көрсету;
– Әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардың белгілі бір бөлігін орталық атқарушы органдардан жергілікті басқару көлемін сақтау;
– Алдағы жылдың бюджетін жасақтауға барлық жергілікті аймақтар экономикасының өкілдерінің міндетті түрде қатысуы.
Макро деңгейде жергілікті аймақтық экономиканы басқару және ұйымдастыру механизмдерінің құралы ретінде: әлеуметтік-экономикалық, қаржылық әдістер, инфрақұрылымды ұсыну және қазіргі уақытта Еуропалық Одақтың көпшілік елдері қолданып жүрген жергілікті аймақтардың экономикасының дамуын ынталандырудың ортақ шараларын қолдану. Қазақстан Республикасында жергілікті аймақтар экономикасын дамытуды басқарудың қаржылық әдістері көбірек қолданысқа түседі, атап айтқанда, бюджетке демеуқаржы (дотациялар), жаңа жұмыс орындарын құруға субсидярлар, жеке компаниялардың дамыған немесе дағдарысты жергілікті аймақтарға инвестиция салуын ынталандыру үшін салықтық жеңілдіктер беру. Сонымен бірге қаржылық әдістерді қолдану жеткілікті негіздеусіз жүргізіліп, бірқатар жергілікті аймақтар тарапынан масылдық пиғылдың тууына және олардың дамуын тежеуге алып келеді, сондай-ақ донор – жергілікті аймақтардан алынатын қаржының шамадан артуы, олардың өсуге деген ынтасын төмендетеді және тиімсіз жағдайға қояды, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру мүмкіндіктерін қысқартады.
Жергілікті аймақтар экономикасын дамуды орталықтан басқарудың басқа нысандары, атап айтсақ, нарықтық инфрақұрылымның түрлі элементтерін ұсыну; ақпараттық желілердің, консалтингілік қызметтің дамуына, белгілі бір жергілікті аймақтың экономикасының аумағында бизнесті жүргізу жағдайларын жақсартуға ықпал ету; білім беру және басқа да қызметтер көрсету жолымен аймақтарға аталуы, қолдау көрсету сияқты нысандар салыстырмалы түрде көп қолданысқа түсе бермейді. Жалпы алғанда, жергілікті аймақтық механизм құралдарын тиімді қолдану орталық пен жергілікті аймақтар экономикасы арасында қаржылық-экономикалық өзара әрекеттің оңтайлы үлгісін (моделін) табумен байланысты. Жергілікті аймақтар экономикасы деңгейінде жергілікті аймақтық менеджмент механизмі жергілікті аймақтардың ресурстық әлеуеті мен даму мүмкіндіктерін толықтай пайдалану барлық жергілікті аймақтарда бірдей емес болғандықтан, әр облыста әртүрлі дамиды немесе мүлде болмауы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, жергілікті аймақтық менеджмент механизмін жетілдіру жолдарын ұсыну. Жалпы мақсаттардан оның негізгі міндеттері келіп шығады, олар мынадай:
– жергілікті аймақтардың экономикасын өндірістік қызметінің ауқымын және жалпы табысын арттыру;
– ұтымды мамандандыру және салалар мен қызмет аяларының оңтайлы түрін құру;
– аумақтық жоспарлау мен өндіргіш күштерді орналастыруды жетілдіру;
– қолайлы инвестициялық, инновациялық климат жасау;
– кәсіпкерлік қызметті дамыту мен бәсекелестік ортаны құру үшін жағдайлар қалыптастыру.
Жергілікті аймақтық менеджмент, жергілікті аймақтық мүдделер айқын бейнеленіп, олар жалпы мемлекеттік мүдделермен үйлестірілгенде, оларды іске асырудың нақты қадамдары, тәсілдері мен әдістері айқындалғанда ғана белсенді әрі тиімді жүзеге аса алады. Жергілікті аймақтық менеджмент механизмін тиімді қолдану биліктің республикалық және жергілікті аймақтық органдарының арасында қызметтерді міндетті түрде бөлуді көздейді.
Сонымен, жергілікті аймақтардың экономикасын дамуын мемлекеттік және жергілікті басқарудың және ұйымдастырудың маңызды міндеттерінің қатарына мыналарды жатқызуға болады:
– жергілікті аймақтардың экономикалық және әлеуметтік даму деңгейлеріндегі бастапқы айырмашылықтарды тегістеу, халықтың лайықты өмір сүру деңгейі мен сапасын қамтамасыз ету;
– мемлекет пен оның жекелеген жергілікті аймақтарының мүдделерін үйлестіру арқылы біртұтас ұлттық экономиканың қызмет етуін қамтамасыз етуге бейімді әрекетті әлеуметтікэкономиканың қауіпсіздік механизмін құру;
– меншіктің түрлі нысандарын тең негізде дамыта отырып, көпукладты экономиканы, әлеуметтік және нарықтық инфрақұрылымды қалыптастыру.
Мемлекеттік және жергілікті аймақтар экономикасының дамуын басқару мен ұйымдастыру бағдарламасын тиімді жүзеге асуы үшін ол әрине, ресурстар көлемімен сәйкес келуі, әрбір нақты жағдайға сай реттеуші шараларының баламалары болуы, көзделген іс-әрекеттің орындалуын бақылауы тиіс. Осыған орай жергілікті аймақтар экономикасын дамуын басқару мен ұйымдастыру жүйесін қалыптастыру, ресурстарды жүзеге асыруда және бақылауын нығайтуды қажет етеді.