Читать книгу Сыр өңірі қазақтары. Тарихи-этнографиялық зерттеу (ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басы). 1-том - Тәттігүл Картаева - Страница 2
КІРІСПЕ
ОглавлениеБіз зерттеу нысанасына ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың бас кезіндегі Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойындағы Перовск және Қазалы уезі қазақтарын негізге алып отырмыз. Перовск және Қазалы уезі қазіргі Қызылорда облысының аймағы және «Сыр өңірі» деген шартты атау Сырдың төменгі ағысы бойында орналасқан Қызылорда облысы өңіріне, «Сыр өңірі қазақтары» атауы осы облысты мекендейтін қазақтарға қатысты қолданылады. Сырдарияның төменгі ағысы өңірі Арал теңізінің шығыс, солтүстік-шығыс жағалауымен шектеседі.
Қазақ халқының әртүрлі өңірлерде аймақтық ерекшеліктерге қарай қалыптасқан тарихи мәдениеті, ру-тайпалық құрамы мен дәстүрлі шаруашылықты жүргізу ерекшеліктері, материалдық және рухани мәдениеті аса күрделі ғылыми зерттеулер қатарына жатады. Осыған байланысты қазақ халқының бір аймақтағы сан ғасырлық тарихы, олардың қоныстану тарихы мен олардың этностық құрамы, саны, тұрмысы, дәстүрлі шаруашылығы, қоғамдық қатынастары, материалдық мәдениеті, соның ішінде баспанасы, тұрмыстық бұйымдары, киім-кешектері, тағамдар жүйесі, рухани мәдениеті, яғни отбасылық әдет-ғұрыптары, халықтық білімдер жүйесі, наным-сенімдері, некелесуге, өлікті жөнелтуге қатысты жосын-жоралғылары қамтылады. Осы өңірдің аймақтық ерекшелігін көрсететін байырғы этнографиялық ұғымдар мен категорияларды жинақтап, бір арнаға тоғыстырып жүйелеу, осыған орай жергілікті этнографиялық сөздерді жинау, яғни тіл ерекшеліктері сияқты іргелі тақырыптарды ғылыми тұрғыда зерделеу маңызды шара болып табылады.
Бүгінгі ғылым тарихымызды ұлттық мүдде мен еліміздің ізгілікке, елдікке ұмтылуының үздіксіз процесі, өткені мен бүгінгісінің сабақтасып, астасып халық жадында жаңаруы тұрғысынан қарастыруды талап етеді. Әсіресе жекелеген аймақ қазақтарының этносаяси, этномәдени, этношаруашылық, әлеуметтік-демографиялық тенденцияларны ғылыми біртұтас зерттеу, яғни қазақ жерінің әр аймағында өмір сүрген қазақтардың аймақтық ерекшеліктерін негізге алып, тарихи этнографияны ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық игеру отандық этнология ғылымында басты орынға шығып отыр.
Көшпелі шаруашылықтан жартылай отырықшылыққа ауысу кезеңіндегі ірі бетбұрыстар Қазақстанның әр аймағында қалыптасқан шаруашылық дәстүріне қарай әрқилы өтті. Біздің басты мақсатымыз осы тарихи бетбұрыстың Сыр өңірі қазақтарына әсерінің қаншалықты болғандығын анықтау.
Біз «Сыр өңірі» деп алып отырған аймақтағы «Сыр өңірі қазақтары» ХVIII ғасыр жазба деректерінде аралдықтар, XIX ғасырдың 1-жартысы мен орта кезіндегі жазба деректерде түркістандықтар, орынборлықтар деген атаулармен кездеседі. Бұл үш категориялық жіктеудің барлығын да назарға алуға болады әрі былайша географиялық классификациялаудың тарихи негізі де бар. «Аралдықтар» атауы Сырдарияның Арал теңізіне құюы, Арал теңізінің Сыр өңіріндегі бірден-бір ірі табиғи су көзі болып, халықтың сол теңіз айналасына шоғырлануымен байланысты. Қазақ даласында жүргізілген Ресей патшасының басқару ережелері Сыр өңірін де қамтып, Сыр қазақтары Орынбор ведомостволығына қарады. Орынбор ведомостволығына қарасты қазақ даласы солтүстігінде Орынбор губерниясымен, батысында Орал казактары әскери жерлерімен және Каспий теңізімен, шығысында Сібір қазақтары облысымен, оңтүстігінде Арал теңізі аймағын алып жатты, Сырдария өзені шекара сызығын қамтып, Түркістан облысымен шектесті.
Біз зерттеп отырған Сыр өңірі Сырдарияның Арал теңізіне құяр тұсы Орынбор даласының орта бөлігін, Сырдарияның төменгі ағысын, Орынбор даласының шығыс бөлігін құрады. Сыр өңірінен өтетін ірі керуен жолдарының Орынборға қарай бағытталуы, Сыр өңірінен басталатын көш жолдарының солтүстік-батысқа қарай бағытталуы да зерттеушілердің Сыр қазақтарын «орынборлықтар» категориясына енгізуіне себеп болған. «Түркістандықтар» категориясына енуінің тарихи негізі Сыр өңірінің Түркістанмен шектесіп, қазақ жерінің оңтүстік батысын алып жатқандығымен әрі әкімшілік қайта құрулар кезінде Түркістан облысына, одан кейін Түркістан генерал-губернаторлығына қарауына байланысты туындаған.
Қазақ жерін тарихи-географиялық классификациялаудағы Маңғыстау өңірі, Сыр өңірі, Сарыарқа, Жетісу сияқты аймақтық бөлініс атауларының қалыптасуы тарихи-топонимикалық тұрғыда сол жердегі жер-су атауларымен байланысты. Біз зерттеп отырған өңірдің Сыр өңірі атауы бұл жердегі басты су көзі Сырдария өзені болғандығымен ғана байланысты емес, себебі «Сыр өңірі» атауы Сырдария өзенінің өне бойына емес, тек төменгі ағысы бойына қолданылынуының тамыры тереңде жатыр, оның үстіне ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі орыс жазба деректерінде «присырдаринские» атауының көп қолданылуы оның тарихи атауымен қатар, осы өңірдің әкімшілік басқаруда Сырдария облысына қарауы да негіз болған. 1867 жылы Түркістан өлкесін басқару Ережесіне орай құрылған Перовск және Қазалы уездері Сырдария облысының құрамына еніп, Түркістан өңірінің солтүстік-батысындағы құмды алқапты алып жатты. Перовск және Қазалы уездері Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойында өзеннің екі жақ бетінде орналасты.
Антик авторы Плиней: «Скифтер «Силис» деп атайтын «Яксарт» өзенін Александр мен оның әскері Танаид деп қабылдаған» десе, б.э.д. III ғасырдағы антик авторы Гай Юлий Солин: «Бұл аймақтың (екі өзен аралығы мен Бактрия жері) бір жағы Лаксат өзенімен шектеседі, Лаксат деп бакриялықтар айтады, ал скифтер оны «Силис» деп атайды. Димодамант, жауынгер Селевк және Антиохи (Александр Македонскийдің әскер басшылары) осы өзеннен кесіп өтіп, өздеріне Танаид өзенін ашқан», – дейді. Ежелгі антик авторлары жазбалары «Яксарт» деп Сырдария өзенінің орта ағысы бойының жергілікті тұрғындарының атағанын, ал Арал мен Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы скифтердің бұл өзенді «Силис» деп атағанын нақтылайды. Антик авторлары бойынша «Яксарт» атауы Сырдарияның бір бөлігі, яғни қазіргі Тәжікстанның Худжант қаласы мен Ташкенттің аралығындағы бөлігіне саяды.
Сырдарияның «Яксарт» атауына қатысты этимологиясын анықтаған ғалымның бірі – И.Маркварт. Ол: VIII ғасырдағы ежелгі түркі жазуларындағы «Йенчӱ – ӱгӱз» – «Гаухар өзен», сол кезеңдегі қытай жазуларындағы «Чжен-чжу-хэ», «Таза гауnарлы өзен» деген атаулар ежелгі иран тілдік материалдардағы «Яксарт» атауының жергілікті аудармасы, қытай транскрибіндегі «Jy-ṧa», «jok-ṧat» сөздері «таза гауnар» деген мағына береді, – деп жазады. Ортағасырлық авторлар әл-Масуди (Х ғ.) жазбасында Сырдария – Яхшарт, әл-Бируниде (Х-ХІ ғ.) – Хашарт, Бабырнамада – Сейхун атауларымен кездеседі. Дегенмен, ортағасырлық тарихи-географиялық әдебиеттерде Шығыс Аралдың топонимикасына қатысты деректер саны шектеулі, өзен бойындағы ірі қалалар атауы өзеннің белгілі бір бөліктеріне қатысты қолданылған. Мысалы, «Шаш өзені», «Ходжент өзені». Сырдария өзенінің Сейхун атауы да орта ғасырларға саяды. Бабыр жазуларында Сейхун өзені «Ходжент сулары» топтамасына енгізілген. «Тарихи-Вассаф» жазбасына сүйенсек, нақты «Сыр» сөзінің қалыптасуы XIII-XIV ғасырларға саяды, Жошының ұлдары мен немерелерінің Жент маңындағы ордасы «Сыр орда» деп аталған.
И.Г.Маллицкий мен Д.Т.Таджиевтер «сыр» сөзінің этимологиясын Орта Азия халықтарының говорындағы «сир об» сөзімен байланыстыра отырып, мағынасын «көп су», «мол су» деп түсіндірген. Шетелдік ғалымдар Е.Лейман мен Ф.Росенберг Шығыс Түркістан сақ және соғды құжаттарынан «ṧirӓ», «ṧyr» сөздерін тауып, оның «жақсы», «өте жақсы», «көп», «көбірек» деген мағына беретіндігін оқыған. Квинт Курция Руф ортаазиялық сақтардың сиымдылығы үлкен ыдысты «сир» деп атағанын анықтаған.
«Сырдария» атауының этимологиясына қатысты зерттеулерді ғылыми ізге түсірудегі белгілі ғалым С.Кляшторный мынадай қорытындыға келген: 1) «Яксарт» атауы алғаш рет б.э.д. IV ғасыр оқиғасын баяндайтын жазба деректерде кездесіп, Сырдария өзенінің жоғарғы және орта ағысы бойына қатысты қолданылған, «Jy-ṧa – arta» – «таза гауnарлы өзен» этимологиясының жойылуы, жергілікті иран тілінің бірте-бірте түркі тілі говорымен ассимиляциялануымен байланысты; 2) «Сыр» атауы – ежелгі сақ тіліндегі өзеннің төменгі ағысы бойына қатысты атауы. Екі мыңжылдықта бұл атау сақталып қана қойған жоқ, сонымен бірге XV-XVI ғасырларда ортаазиялық екі өзен аралығын Арал өңірі көшпелі өзбек тайпаларының жаулап алуымен өзеннің барлық ағысына таралған. Яғни топонимикалық, ономастикалық жазба деректер «Сыр» атауының осы жерді мекендеген арғы түркілер тіліндегі көне атау екендігін де дәлелдейді.
Арал теңізінің орта ғасырларда Жент теңізі деп аталуы Жент қаласының әкімшілік, саяси-экономикалық және сауда орталығы ретінде өркендеуімен байланысты. Арал теңізі көптеген орыс жылнамаларында Көк теңіз деген атпен белгілі. П.И.Рычков, В.Н.Татищевтар Көк теңіз деп татарлардың атағанын айтады.
Сырдарияның төменгі ағысының оң жақ бетін Қарақұм, Арысқұм, Дариялықтақыр құмдары, Телікөл, Шөмішкөл сияқты т.б. көптеген майда көлдер, сол жақ алқабын Қызылқұм құмдары мен Әмудария өзенінің оң жақ бетіне дейінгі Мавераннахр алқабы алып жатты. Мавераннахр «екі өзен аралығы» деген сөзді білдіреді. Сырдың құмды алқаптарында, ежелгі қала-қоныстарында сақталған арықтар, каналдар, плотина, су қоймасы сияқты суландыру жүйелерінің іздері құмды алқапты өндірісті оазиске айналдыру мақсатында жүргізілген осы өңірді мекен еткен тайпалардың жүздеген жылдарға созылған маңдай терлерінің нәтижесі. Дала тұрғындарының құрғақ құмды алқаппен күресі Сыр өңірінің тарихының басты ерекшелігі болып табылады. Құмды алқаптардағы арық іздері теңдесі жоқ тарихи ескерткіш болып саналады. Бұл өңірді қолдан суландыру жүйесінің қалыптасуы ерте дәуірлерге саятыны сөзсіз, суландыру жүйесінің іске асуымен адам қоғамында отырықшы өмір, ежелгі мәдениет қалыптасты. Ирригация жүйесі дамыған бұл өлкеге ежелден әлемнің алпауыт жаулаушылары – парсы патшасы Кир, Александр Македонский, Шыңғысхан, Темірлан, Азияның көшпелі тайпалары көз тікті. Түркістан, Сыр өңірінің Қытай, Үндістан, Парсы мемлекеттерінің Еуропаға барар жолында, Еуропа мен Азия қақпасында орналасуы себепті бұл жер – ежелден түрлі халықтар мен халықтар мәдениетінің тоғысқан арнасы, халықтар қақтығысы, көшпелілер мен отырықшылар мәдениетінің қатар дамыған өңірі болды.
Географиялық жағынан ежелгі өркениеттердің ошағы Орта Азия оазисінің орталығында орналасуы ежелгі мәдениеттер мен сауданың дамуына қолайлы жағдай тудырды. Б.э.д. VI ғасырда Түркістан өңірін ежелгі парсылар жаулап, Персия монархиясы бұл өңірден өздеріне Зороастризм ілімін қабылдап, олардың мемлекеттік дініне негіз болды. Б.э.д. IV ғасырда Түркістан өлкесіне Македония патшасы Александр Македонский 3 жылға созылған әскери жорығы болып, ол Сырдария өзені аңғарына жеткен. Сыр өлкесінен македондық жаулаушы Үндістанға аттанған. Б.э.д. II ғасырдан бастап б.э. VII дейінгі аралықта Орталық Азияның көшпелі түркі тайпаларының қоныс қоныс аудару процесі болып, жергілікті арии тайпаларының түркілермен этникалық араласу процесі орнады. Түркі тайпаларының Сыр өңірін қамтыған Қыпшақ мемлекеті, Оғыз мемлекеті қалыптасты. Сырдария бассейнінен Ұлы Жібек сауда жолының өтуі қала экономикасының дамуына айтарлықтай әсер етті.
Х ғасырда ислам дінін қабылдаған түркілер араб мәдениетін жергілікті өмірге бейімдеді. ХІІІ ғасырда Шыңғысхан бастаған монғол-татар шапқыншылығынан кейін Сырдың төменгі ағысында гүлденген ежелгі түркілердің көптеген қалалары өмір сүруін тоқтатты, мәдени оазистер көшпелілердің мерзімдік жайылымдарына айналды. Сыр өлкесін қамтыған монғол ордаларының негізгі тұрғындары түркілер болды. Түркі жеріне келген монғолдар ислам дінін қабылдады. Монғол монархиясына енген Түркістан өңірі Батыс Еуропа мен Шығыс Азия арасын жалғап жатқан өңір болды. Сыр өңіріне XIV ғасырда Ақсақ Темірдің ықпалы болды. Сыр өңіріндегі түркілер ХV ғасырда «қазақ» халқының этникалық қалыптасуына қатысты, Қазақ хандығының құрамына енді. 1731 жылы Сыр өңірі Кіші жүз қазақтарымен бірге Ресей патшасының қол астына енді. Қоқан, Хиуа хандықтарының Ресей патшалығымен күресі Сыр өңіріне тікелей әсер етті. 1847 жылы Райым бекінісінің негізі қаланды. 1853 жылы Сыр өңірінде Қоқан хандығының бекінісі Ақмешітті Перовский әскері алып, нәтижесінде Перовск форты, одан кейін № 1 форт (Қазалы), № 2 форт (Қармақшы), Қуаңдария бойындағы Қамысқорғаннан № 3 форт негіздері қалынып, Сырдария линиясы қалыптасты. 1861 жылы Жаңақорған бекінісіне рекогносцировка жасалды. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін Ақмешіт қаласы Қазақ мемлекетінің астанасы ретінде Қызылорда атауын алды.
Қалыптасу тарихы осындай күрделі, тарих қойнауының бірнеше белестері мен сатысынан өткен өңірдің тарихи этнографиясы да аса күрделі. Яғни Сырдың төменгі ағысы бойы қазақ халқының тарихында маңызды орын алатын аймақ, атап айтқанда бұл өңір ежелгі арийлердің, сақтардың, қаңлылардың, Тұран ойпаты ежелгі түркілердің мемлекеттерінің отаны, Дешті Қыпшақ конфедерациясы, Алтын Орда, Ақ Орда мемлекеттері, одан кейін Қазақ хандығының құрамында болған қазақ жері. Сыр өңірі қазақтарының тарихи-этнографиясы сол өңірді мекен еткен ежелгі тайпалардың археоэтнографиясының заңды жалғасы. Сыр өңірі қазақтары осы жердегі атақазақтардың тарихи танымдарын қабылдап, көптеген үрдіс-дәстүрлерін қазіргі заман ұрпақтарына сақтап жеткізген, ата дәстүрді жалғастырып отырған ұрпақ болып табылады.
Зерттеу жұмысының теориялық негізіне зерттеу жұмысы бойынша алға қойған міндеттерін дұрыс шешуге бағыт-бағдар беретін ғылыми көзқарастар алынды. Жұмыстың ғылыми аппараты үш бағытта жасақталды, біріншісі тікелей тақырыпқа қатысты, екінші тақырыпқа жанама қатыстылары, үшіншісі салыстырмалы түрде қарастырылды әрі бірқатар авторлардың еңбектері сыни көзқарастан өткізілді. Әр тараудың қорытынды бөлімінде өз пікірімізді білдіруге ұмтылдық. Тарих ғылымдарының қай саласы болмасын зерттеліп отырған мәселенің географиялық шеңберіне сәйкес, сол және көрші өңірдегі сәйкестік пен сәйкессіздіктерді байқау үшін салыстырмалы көрсеткіштер даярлап, оның нәтижелерін зерттеу жұмысының ішкі мазмұнына ендірудің маңызы зор.
Сыр өңірі қазақтарына қатысты алғашқы зерттеулер мен деректерді жинақтап, оны ғылыми тұрғыда игеріп, зерделегенде, яғни сол кезеңдегі қазақ қоғамының зерттелуіне қазіргі өскелең талаптағы ғылыми тұрғыдан зер салсақ, олардың методологиялық ауқымдарының және осыған байланысты теорияның жетпей жатқандығына көз жеткізу қиын емес. Алғашқы авторлардың еңбектерін пайдаланғанда сол кезеңдегі ғылыми ортаның зерттеу дәстүрін, зерделеу өресін, идеологиясын назарға алып, оған өзіндік көзқараспен пікір беру ескеріліп отырды. Осындай методологиялық ұстаным зерттеліп отырған мәселенің тақырыптық-проблемалық ауқымын анықтауға әрі зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттерін ойдағыдай жүзеге асыруға мұрындық болды. Сондай-ақ, көзделген мәселелерді саралағанда жұмыстың хронологиялық шеңберін және географиялық шеңберін үнемі нысанада ұстауға тырыстық.
Тарихи методологияның өзегі іспеттес осындай теориялық және методологиялық негіздер тарихи-нақтылық принципінен ауытқушылыққа жол бермейді. Біз қарастырып отырған тақырыптағы аймақтық номодология, аймақтық этногеография, аймақтық этностық құрылым, аймақтық этношаруашылық, аймақтық этностық мәдениет, аймақтық этнолингвистика мәселелерін бір-бірімен сабақтастыра бір тарихи хронологияның шеңберінде қарастыру және оны қорытып тұжырымдау арқылы мәселенің түйінін беру тарихи үдерістегі күрделі методологиялық ұстанымға жатады. Зерттеу жұмысының негізгі мәселелерін қаузағанда зерттеу нысанасындағы Перовск, Қазалы уездерінің көрсеткіштері Сырдария облысының басқа уездерінің көрсеткіштерімен салыстырылып отырылды. Жұмысты орындау барысында хронологиялық-проблемалық, абстрактылық, логикалық сияқты ғылыми танымның әдістері мен тәсілдері қолданылды. Зерттеу жұмысының теориялық негізі далалық экспедициясының нәтижелерімен салыстырылып отырылды, алғашқы авторлар деректері информаторлық мәліметтермен толықтырылды.
Зерттеу жұмысының қосымша бөлімін жасақтауда да тақырыптық жүйелілік принципін сақтай отырып, қазіргі таңдағы инновациялық нонотехнологиялардың жетістігін пайдалана отырып этнокартографиялық, фотографиялық аппарат беріліп, ғылыми мәліметтер картографиялық, фотографиялық деректермен дәлелденді.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері ХІХ ғасырдың екінші жартысынан – ХХ ғасырдың 1927-жылдары аралығын қамтиды. Нақтырақ айтқанда зерттеу кезеңі 1847 жылдан басталған Сыр өңірі бекіністері рекогносцировкасы мақсатында жүргізілген зерттеулер деректерінен бастап 1926 жылғы Ф.А.Фиельструп зерттеуімен, 1926 жылғы Бүкілресейлік санақ деректерімен, 1927-жылдарда болған жұттың көрсеткіштерімен, Кеңес үкіметінің жаппай ұжымдастыру саясатының нәтижесінде көшпелі шаруашылықтың тоқтауымен шектеледі.
Монографияның ішкі мазмұнындағы негізгі тұжырымдар ҚРБжҒМ Білім және ғылым саласындағы Бақылау комитеті бекіткен басылымдарда, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Түркия мемлекеттерінің ғылыми басылымдарында, Халықаралақ және Республикалық конференциялар жинақтарында және басқа әртүрлі ғылыми айналымдағы басылымдарда жарияланды.
Сыр өңірінің өткенінен бастап қазіргі дәуірге дейін тарихына шолу жасалып өткен «Сыр өңірі тарихы (көне заманнан бүгінге дейін)», «Сыр өңірі энциклопедиясы» «Дария жағасындағы қала», «Қызылорда», «Сыр өңірі орыс деректерінде» сияқты еңбектер мен аудандық энциклопедиялар, жергілікті зерттеушілердің өңір тарихын қамтитын еңбектер, сондай-ақ Сыр өңірінің тарихына қатысты «07.00.02 – Отан тарихы» мамандығы бойынша қорғалған диссертациялар қатары да баршылық, бұл еңбектерді Сыр өңірінің тарихы мен тарихнамалық деректеріне қосылған сүбелі үлес деуге болады. Ал Сыр өңірі қазақтарының тарихи этнографиясын кешенді тұрғыда қамтыған арнайы ғылыми еңбек жоқтың қасы, сол себепті этнографиялық мазмұндағы осы монографиямызды оқырманға жолдап отырмыз.