Читать книгу Сыр өңірі қазақтары. Тарихи-этнографиялық зерттеу (ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басы). 1-том - Тәттігүл Картаева - Страница 4

2. СЫР ӨҢІРІНІҢ ЭТНОГЕОГРАФИЯСЫ ЖӘНЕ ТАРИХИ ДЕМОГРАФИЯСЫ
2.1. Перовск және Қазалы уездерінің әкімшілік бөлінісі және этногеографиясы

Оглавление

Қазақ халқының әр аймақтағы ерекшеліктерін саралауда мәселенің мән-жайын ашуда алдымен сол өңірдің шекарасын, аймақтық бөлінісін, әкімшілік бөлінісін нақтылап алудың маңызы зор.

Қазақ даласында жүргізген Патша үкіметінің жоспарлы отарлау саясаты нәтижесінде 1845-1853 жылдар аралығында Сырдария әскери бекіністері қалыптасып, нәтижесінде 1853 жылы Перовск форты, № 1 форт – Қазалыда, № 2 форт Қармақшыда, № 3 форт – Қуаңдария бойында құрылды. 1852 жылы Ақмешітке бағытталған рекогносцировка сәтсіз аяқталғаннан кейін Перовск басшылығымен 2850 адамнан құралған отряд Ақмешіт бекінісіне аттанып, үш аптаға созылған қоршаудан соң 1853 жылы 23 шілдеде бекініс алынды. № 2 форт Қармақшы, № 3 форт Қуаңдарияны қосып, бұл аймақ Сырдария линиясы атанды. Перовск форты әкімшілік жағынан 1864 жылдың 27 шілдесіне дейін Сыртқы істер министрлігіне қараған, одан кейін 1865 жылы құрылған Түркістан облысы құрамында болып Орынбор-генерал губернаторлығына қарады. 1867 жылы Перовск форт ретінде ликвидацияланып, 1867 жылдың 11 шілдесінде уезд орталығы болды [226, 291; 314, 31-32].

1868 жылы құрылған Түркістан губернаторлығы құрамына Сырдария облысы және Жетісу облыстары еніп, орталығы Ташкент қаласы болды Кейін губернаторлыққа Каспий сырты облысы және Орта Азияның Ресейге жаңадан бағындырылған жерлері қосылды. Сырдария облысында ХІХ ғасырдың аяғында 818479 адам өмір сүрді. Сырдария облысы Әулиеата, Голодно-Степский (1922 жылдан Мырзашөл), Қазалы, Перовск, Ташкент, Түркістан, Шымкент (Черняев) уездеріне бөлінді. ХХ ғ-ң бас кезінде Сырдария облысының жер көлемі 343367 кв. шақырым жерді алып жатты.

Перовск уезі Сырдария облысының солтүстігінде, Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойында, екі жақ бетінде орналасты. Батысында Қазалы уезімен, шығысында Шымкент уезімен, солтүстік-батысында Торғай облысының Торғай уезімен, солтүстік-шығысында Ақмола облысының Атбасар уезімен, оңтүстігінде Қызылқұм құмдарымен, Жаңадария өзенінің кепкен арналарымен шектесті. Торғай және Ақмола облыстарымен шекараласатын жері 325 шақырым жерге созылып жатты. Уездің солтүстік-шығыс шекарасында Шу және Сарысу өзендері келіп құятын Телікөл, Ащыкөл, Саумалкөл сияқты көлдер орналасты, Қаратау тауының солтүстік қыраттарының етегі созылып жатты. Оңтүстігінде Қызылқұм құмдарымен шектесіп, Оңтүстік-шығысынан солтүстік-батысқа қарай 325 шақырым жерге дейін Сырдария өзені созылып жатыр. Солтүстік батысында Сырдарияның Қараөзек, Жамандария, Саурамбай сағалары басты су көздерін қамтамасыз етті [Қосымша А, Сурет А1-А2-, А6-, А8].

1867 жылғы қабылданған Түркістан өлкесін басқару Ережесі бойынша өлкедегі уездер арасындағы шекара нақтыланып белгіленді [314, 32]. Сырдария облысының Торғай облысымен шекарасы Сырдария өзенінің «Перовск тұсына» сәйкес келетін Термембес тауы, одан Теректі, одан әрі Қалмас тауы, Мұзбел шатқалы, Аққұм тауы, Шұбартөбе тауы, Мойынқұм құмдарының оң жақ қиыры, одан әрі Мыңбұлақ сайынан Сарысу мен Шу өзенінің қиылысар тұсына дейін жалғасты. Бұл шекара сызығы 1866 жылы 24 маусымда генерал-майор Л.Ф.Баллюзектің басшылығымен өткен старшындар съезіндегі қабылданған шекара бөлу актісі бойынша нақтыланып, Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы Ережеге қосуға патша ағзамның назарына ұсынылған. Перовск уезі солтүстік шығысында шектесетін Ақмола уезі қараған Ақмола облысы мен Сырдария облысының шекара сызығы 1894 жылы Түркістан-генерал губернаторлығы мен Далалық губернаторлықтың ерекше комиссиясының қарауы негізінде нақтыланған. Шекара сызығы Белең ана сайынан басталып Қотанқамыс шатқалы арқылы Сарысу өзенінен оңтүстік-шығысқа қарай, одан әрі Құтыш моласы, Боқтықарын өзенінің Ащыкөлге құяр тұсы, Жанысу өзені Томарөткел өткелі, Жаланжал құмы, Самалкөл көлі, Сарытөбе қорғаны, Бисары моласы, Далакөл көлі, Шу өзені, Бестамақ сайынан аяқталды [5, 10].

1886 жылғы дерек бойынша Перовск уезі 65965 кв. шақырым, 1906 жылы Перовск уезінің жер көлемі 95965 кв. шақырым болған [287, 1]. Перовск уезі 1907-1908 жылдардағы деректе 95965 кв. шақырым [288, 1] деп көрсетілсе, 1910 жылғы мәліметте 82720 кв. шақырым [262, I] жерді алып жатты делінген. Перовск уезінің жер көлемінің әр әдебиетте әртүрлі көрсетілуі зерттеулер кезінде статистардың Қызылқұм мен Арысқұм құмдарының көлемін қаншалықты енгізу, енгізбеуіне байланысты.

С.Неуструевтың «Зона южной полупустыни. Перовский уезд Сырдаринской области» атты жазбасы бойынша статист-зерттеушілер Перовск уезін 5 аймаққа бөліп қарастырған: 1. Сырдария өзені мен оның сағалары; 2. Сарысу өзенінің төменгі ағысы бойындағы Телікөл және Ащыкөл аңғары; 3. уездің солтүстік бөлігі немесе Сырдария өзенінің оң жақ беті және уездің оңтүстігі немесе Сырдария өзенінің сол жақ беті мен Қызылқұм құмдары мен Тақыр жазығы; 4. Қаратау тауының сілімдері мен қыраттары;

5. уездің солтүстік қиыры мен Арысқұм құмдары. Ал, ауылшаруашылығы санағы кітабындағы дерекке сүйенсек 1910 жылы статистар Первоск уезінің адам қоныстанған өңірін 4 аймаққа бөлген:

1. Таулы өңір, Қаратау таулары етегі; 2. Сырдарияның тоғайлы оң жақ беті; 3. Сырдарияның тоғайлы сол жақ беті; Телікөл, уездің солтүстік-шығысы, Сарысу өзенінің төменгі ағысы бойы [262, ІІ-ІІІ]. Перовск уезі аймақтық-әкімшілік тұрғыда Перовск және Жөлек учаскелеріне бөлінген.

Перовск қаласы Перовск уезінің әкімшілік орталығы, әрі сауда орталығы, Перовск сауда нүктесінен жүн, тері сияқты мал өнімдері таратылған. Сауда орындары татарлар, оралдықтардың қолында болған. Сауда күздің соңғы күндерінде көшпелілердің жайлаудан оралған кезінде қызған [313, 597].

Перовск қаласы Сырдария өзенінен тартылған арықтар мен шығырлар көмегімен суарылды [302, 47]. Қалаға жақын орналасқан қоныстанушылардың Александровск және Ново-Астраханское поселкелері болып, ондағы тұрғындар мал шаруашылығы, егіншілік, бау-бақша өндірісімен шұғылданған.

Бәйгеқұм бекетінен үш шақырым жерде 1861 жылы құрылған Жөлек бекінісі орналасты. Жөлекте учаскелік пристав, почта-телеграф бөлімі, орыс-түзем мектебі, бірнеше лавкалар болған. Аптасына бір рет сауда базары жұмыс істеген. Жөлек маңында Жөлек атанған орыс селениесі болды. [313, 598] Ал, И.И.Зарубин жолжазбасында Жөлекте өндіріспен қатар, ешқандай сауда да жоқ деп көрсетілген [138, 622]. И.И.Зарубиннің осындай жансақ пікірге ұрынуына оның Жөлек үстінен көшпелілердің жайлауға кеткен уақытында өткендігі себеп болған шығар, себебі жоғарыда айтқандай Сыр өңірінде сауда көшпелілердің оралған уақытында қызған. Статист А.Фишер түсірген «Жөлектегі базар» атты фотосы Жөлек базарының ірі сауда орталығы болғандығын айғақтайды [Қосымша Л, Сурет Л3].

Шиелі бекеті маңында 1896 жылы құрылған 3580 десятин жерді алып жатқан Скобелев поселкесі орналасып, 500 десятина жерін Шиелі арығы суарған, бұл жерде үлкен базар болып, мал саудасы жүрген.

Төменарық бекетінен бастап, темір жол Сырдария өзенінен қашықтап, Түркістанға қарай пошта жолымен қатар жүріп отырады. Төменарықтан солтүстікке қарай кезінде қыпшақтардың орталығы болған Сығанақ қаласының орны бар. Жаңақорған бекетіне жақын маңдағы қоқандықтардың Жаңақорған бекінісін 1861 жылы 23 қыркүйекте орыс әскерлері алып, кейін бұзып тастаған [313, 599].

Перовск қазақтарының қыстаулары Сырдария өзенінің Қуаңдария, Қараөзек, Шіркейлі сағалары, Қызылқұммен шекарада, Сырдарияның сол жақ бетінде, уездің солтүстігіндегі Сарысу өзеніне қарай Ащыкөл, Телікөл көлдері бойында орналасты. Л.Мейер Жөлек пен Перовск аралығы, Мешеуліқұм, Төменараық, Жаңақорған, Оқшыата мазары, Сарыкөл көлі, Қаратаудың бір бөлігі Қарамұрын тауы, Сорқұдық апаны жерлерін Қаратаудың батыс қыраттары өңіріне жатқызған [249, 269].

Перовск уезі 1910 жылы әкімшілік бөлінісі жағынан Айнакөл, Аламесек, Байзақ, Головачев, Гродеков, Жөлек, Қаракөл-Қуаңдария, Қарөзек, Кеңтүп, Қостам, Көткеншек, Қысбөгет, Маслов, Приречная, Сауран, Скобелев, Телікөл, Царская, Шаған, Жаңақорған болыстықтарына бөлінді. Кейіннен олардың қатары Сорқұдық, Қағайлы, Сабалақ, Ақарық, Тереңөзек, Сұлутөбе, Шаған, Қостам болыстықтармен толықты, кейбірінің аты өзгеріп қайта құрылды. Перовск уезінің Бикесары, Дариялықтақыр, Арысқұм өңірлерінде қыстаулар әкімшілік жағынан Телікөл болысына қарады.

1920 жылы Перовск уезінде 24 болыстық, 192 әкімшілік ауыл болған. 1920 жылғы болыстардың әкімшілік бөлінісі мен географиялық орналасуы келесідей болған:

Телікөл болысы – Сарысу өзенінің төменгі бойы мен Телікөл көлдері жағасында;

Сауран болысы – уездің шығыс қиырында, Сырдарияның екі жақ бетінде;

Өзгент болысы – Сырдың сол жақ бетінде, төменгі ағысына қарай;

Приречная, Жөлек, Жаңақорған, Сабалақ болыстары – Сырдың екі жақ бетінде;

Шиелі болысы – Шиелі арығы бойында;

Ақарық, Қағайлы болыстары – Жөлектен солға қарай, Сырдың сол жағында;

Сорқұдық болысы – Жөлектен төмен қарай, Сырдың екі жақ бетінде;

Сұлутөбе болысы – Сырдың екі жақ бетінде;

Айнакөл, Қараөзек, Тереңөзек болыстары – Сабалақтан оңға қарай, Сырдың оң жақ бетінде;

Жалағаш, Байзақ болыстары – уездің батыс қиырында Сырдариядан солтүстікке қарай;

Шаған, Аламесек, Қысбөгет, Қостам болыстары – Сырдың сол жағындағы Шіркейлі және Қуаңдария сағаларының бойларында;

Қаракөл-Қуаңдария болысы – Қуаңдария бойынан Қазалы шекарасына дейін;

Сорқұдық болысы – Сырдариядан солтүстікке, Шиеліден солтүстік-шығысқа қарай;

Кеңтүп, Көткеншек болыстары – Сырдариядан оңтүстікке қарайғы аймақта орналасты [241, 7].

Перовск және Қазалы уездерінде ХІХ ғасырдың екінші жартысында көшпелі мал шаруашылығы басым болса [313, 351], 1910 жылы шаруашылықтың 80 %-ы егіншілік пен отырықшы мал шаруашылығы, 20 %-ы көшпелі мал шаруашылығы болды. ХІХ ғасырда көшпеліліктің басым болғандығын Орынбор Бас штабы офицерлерінің жазбалары да дәлелдейді. 1862 жылы Сыр бойындағы тайпалардан 10000 шаңырақ отырықшы, 25000 шаңырақ көшпелі болған екен [248, 95]. ХХ ғасырдың бас кезінде Перовск қазақтарының отырықшылана бастауына жұт әсерінен малдың қырылуы әсер етті [262, 18].

Қаратау бөктерінің солтүстік қыраттары аяқталатын тұстағы ауылдар (қазіргі Жаңақорған, Шиелі аудандары), яғни осы өңірден 30 % көшпелілер жазда Қаратау таулары етегіндегі жайлауларға қарай көтерілген. Басқа ауылдар жазда Атбасар, Торғай, Қостанай өңіріндегі жайлауларға барып қоныстанды. ХХ ғасырдың бас кезінде Перовск қазақтарының 60 %-ы қыстау маңында қалып, 40 %-ы жайлауға көшіп отырған. Шамамен 200-ге тарта (191) шаңырақ санақ кезінде көшіп жүрген.

Қазалы уезі Сырдария облысының солтүстік батыс қиырында Сырдарияның төменгі ағысы бойында орналасты. Қазалы уезінің батыс және солтүстік шекаралары Арал теңізінің жағалауларымен жалғасты, солтүстік-батысында Торғай облысының Ырғыз уезімен, солтүстік шығысында Торғай уезімен, оңтүстігінде Әмудария бөлімімен, оңтүстік шығысында Перовск уезімен шектесті. Қазалы уезінің аймағы, құмды-алқапты болып келеді, Сырдарияның солтүстігінен Қарақұм құмдары басталып, Орынбор өлкесі аймағына дейін жетті. Сырдың оңтүстігіндегі Қуаңдария сағасынан Қызылқұм құмдары бастау алады. Сырдың сағалары Қуаңдария, Жамандария, Жаңадария алқаптары Перовск және Қазалы уездерін қосып жатты.

Қарақұм құмдары Орал бекінісі өңірінен Түркістан облысына өтетін қақпа секілді. Қарақұмнан Жөлек бекетіне дейінгі аралық 120 шақырым жерді құрады. Қарақұм Орал өңірі мен Түркістан өңірінің жаңа шекарасының Қарақұм үстінен өту себебі біріншіден, № 1 форт қазақтары жазда Орынбор линиясына қарай көшіп, жыл мезгілінің көп уақытын сонда өткізеді, екіншіден Бұхара, Хиуа сауда керуендері Орынбор, Орск, Тройцкіге № 1 форт үстінен өтеді [302, 9].

Қазалы өңірі орыс әкімшілігінің Түркістан өңіріндегі әскери әрекетінің алғашқы базасы, алғашқы қадамы болып саналады. 1846 жылы Орынбор әскери генерал-губернаторы Обручев Сырдарияның төменгі ағысы бойы жөнінде мәлімет жинақтау үшін штаб капитан-генералы Шульцты командировкаға жібереді. Шульцтың мәлімдемесінен соң, Обручев патша үкіметінен рұқсат алып, 1847 жылы Сырдария өзенінен 60 км. жерде жатқан Райым елді мекенінен Райым бекінісі салынды [313, 594]. Райым бекінісі 1848-1849 жылдары Бутаков бастаған экспедициясының Сырдың төменгі ағысы мен Арал бассейніне зерттеу жүргізуіне қолайлы жағдай тудырды. Осы кезеңдердегі қоқандықтардың шабуылы, Ақмешіт қазақтарымен арасындағы ішкі қырқыстар орыс әскерлерінің күшін Сыр бойына жұмылдыруға әсер етті.

Қазалы уезінің орталығы Қазалы қаласы 1850 жылы Қазалы өзені бойынан форпост ретінде құрылған. 1850 жылы Райым бекінісі Арал қаласы болып өзгертілді. 1855 жылы Арал бекінісіне айналған Райым бекінісіне әскери басқарма мекемесі көшірілді. 1867 жылы № 1 форт ретінде ликвидацияланып, Қазалы қаласы болып өзгертілді, 1867 жылдың 11 шілдесінен Сырдария облысының уездік қаласына айналды. Қазалыға келген қоныстанушылардың қатарын Орынбор казактары, Арал флотилиясының солдаттары мен матростары құрады. Осылайша Түркістан өңірі қоныстанушыларының пионерлері әскери сословие болды [313, 595]. № 2 Қармақшы фортының үстінен Сырдарияның сол жақ бетін қыстаған көшпелілердің көш жолы өткен. Қармақшыдан оңтүстік-батысқа қарайғы 50 шақырым жердегі Жетіасар қалашығында ертедегі тіршіліктің іздері сақталған.

1867 жылдары Қазалы уезі Қаракөл, Қостам, Райым, Сарытоғай, Қарабастоғай, Заңғар болыстарына бөлініп, 41 қазақ ауылын құраған. Ал, 1911 жылы 18 болыс, 160 қазақ ауылынан, 1920 жылы 11 болыс, 69 әкімшілік ауылдан тұрды.

Қазалы қаласы уезінің нақ ортасында орналасып, 1867-1906 жылдар аралығындағы деректер бойынша Қазалы уезінің жері 59550 кв. шақырым болса, 1911 жылы 87 263 кв. шақырым, 1920 жылы 86 688 кв.шақырым жерді алып жатты [287, 1; 261, I]. Қазалының оңтүстік-шығыс бөлігінде Перовск уезімен шекарасында орналасқан Қармақшы болыстығы 1867 жылғы әкімшілік өзгерісі бойынша Перовск уезі құрамында болатын, ХХ ғасырдың бас кезіндегі әкімшілік өзгерістерге байланысты Қармақшы болыстығы Қазалы уезіне қарап, нәтижесінде Қазалы уезінің жер көлемі кеңейді. Қазалы уезі Қазалы және Қармақшы учаскелеріне бөлінген.

Қазалы қаласы Сырдарияның төменгі ағысындағы ірі сауда орталығы болған. Орынбор Ташкент аралығындағы жолда орналаласып, Қазалыдан Орынборға, Ташкентке, Хиуаға, Бұқараға апаратын сауда жолдары бағыт алды. Темір жолдың салынуы, Арал қаласының ірі балық шаруашылығы орталығына айналуы себепті Қазалы қаласының сауда орталығы ретіндегі ролі тарыла бастады. Дегенмен, Қазалының сауда орындарынан жүн, мал, балық, қарбыз, т.б. сатылып жатты. Қазалыға оңтүстіктен Қызылқұм арқылы екі сауда жолы кірді. Оның бірі Петро-Александровскіден Әмударияға апаратын жол (460 шақырым), екіншісі қашықтығы 660 шақырым болатын Гышдуванға апаратын жол, бұл жол Бұхара қаласына апаратын ең қысқа жол болып саналады.

1920 жылғы мәлімет бойынша Қазалы уезін құраған құраған болыстардың орналасу келесідей болған:

Аққыр болысы – уездің оңтүстік-шығысында;

Жамансыр болысы – Сырдария мен Қуаңдария аралығында;

Қуаңдария, Көшербай, Заңғар, Қалымбас болыстары – Қуаңдарияның төменгі ағысы бойында;

Ақтөбе болысы – Сыр бойы, Қазалы уезінің оңтүстік-батысында;

Қаракөл, Сарытоғай болыстары – Қазалы қыстағын қоршай, уездің солтүстік бөлігі, Қызылқұм, Арал теңізі бойларында;

Қамыстыбас, Шыбынды болыстары – Қамыстыбас көлі мен Сырдарияның Аралға құяр сағасы мен Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағында;

Райым болысы – Арал теңізінің солтүстік шығысында;

Қостам болысы – Сырдың оң жақ бетінде, уездің шығыс қиырында;

Мақбал болысы – уездің солтүстік-батысында, Қарақұмда орналасты [241, 7].

Кеңес үкіметінің орнауына байланысты 1918 жылы уезд орталығы ретінде ликвидацияланды. Перовск, Қазалы Қазақ даласында жүргізілген Әкімшілік Ережелер патша үкіметінің отаршылдық саясатының түпкілікті орнауын жүзеге асырды, қазақ даласын әкімшілік аймақтарға бөлу қазақ даласын басқарудың тиімді жолы болды.

Сыр өңірі қазақтары. Тарихи-этнографиялық зерттеу (ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басы). 1-том

Подняться наверх