Читать книгу Сыр өңірі қазақтары. Тарихи-этнографиялық зерттеу (ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басы). 1-том - Тәттігүл Картаева - Страница 3
1. СЫР ӨҢІРІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ТАРИХИ ЭТНОГРАФИЯСЫНЫҢ ТАРИХНАМАЛЫҚ ЖӘНЕ ДЕРЕКТАНУЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Оглавление«Сыр өңірі» деп шартты түрде алып отырған аймақ қазақтарының тарихи-этнографиялық деректілігін келесідей топтарға бөліміз: ХІХ-ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі әскерилер, орыс саяхатшылары, зерттеушілер еңбектері; 1870-1926 жылдар аралығындағы статистикалық комитеттер жазбалары, санақ кітаптары; 1940-жылдардан кейінгі экспедициялық зерттеулер; архив құжаттары; музейлік құжаттар мен жәдігерлер; далалық экспедиция негізінде жинақталған деректер.
Біз зерттеу нысана алып отырған мәселенің тарихнамалық деректілігінің негізгі денін алғашқы авторлардың жазба деректері құрайды. ХІХ ғасыр ‒ ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі әскерилер, орыс саяхатшылары, зерттеушілер еңбектерінің біз зерттеп отырған уақытта, сол кезеңде жазылған мәліметтер ретінде ғылыми маңыздылығы аса жоғары.
Сыр өңірі қазақтары тақырыбына зерттеушілер, этнограф ғалымдар ХІХ ғасырдан бастап ден қойып, Сыр өңірі қазақтарының тарихи-этнографиясы жекеленгенген мәселелер қатарында қаралды. Алғашқы этнографиялық зерттеулер қатарына осы өңірде әскери басшылар мен әскери саяхатшылардың зерттеулерін жатқызуға болады. Әскерилер зерттеулері қазақ жеріне Ресей билігін орнатуды көздеген рекогносцировкалық мақсатта жүргенімен сол кезеңдегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігінің ерекшеліктерін анықтауға негіз болатын мәліметтер жүйесін қамтиды.
Франкфурт на Майнедегі дворян отбасынан шыққан белгілі әскери-шығыстанушы, дипломат, саяхатшы, топограф, генерал-мойор Иоган Франсуа (Иван Федорович) Бларамберг 1841 жылдан Орынбор корпусы Бас штабының обер-квартимейстірі қызметіне ауыстырылып, оған Орынбор өлкесінің статистикалық, топографиялық мәліметтер жинақтау арнайы тапсырылған. Ол Каспий теңізінің шығысы, Арал өңірі, Жылқуыр, Тобыл, үлкен Аят, Жем өзендері, Мұғалжар тауы етегі, Аралдың шығыс жақ беті, Аралдың шығыс жақ бетінен Ақмешітке дейінгі аралықтың әскери рекогнисцировкасына қатысумен қатар, этнографиялық, географиялық, статистикалық мәліметтерді жинақтаған, топографиялық түсірілімдер жасаған. Райым бекінісін салуды тікелей басқарған. 1852 жылы жазда В.А.Перовский И.Ф.Бларамбергтің басшылығымен Ақмешітке әскер аттандырады. Ақмешіт бекінісін алуға талпыныс осы кезде болған. И.Ф.Бларамбергке генерал-майор шені Сырдария – Ақмешіт жорығы үшін берілген. И.Ф.Бларамберг рекогнисцировкалық мақсатты көздей отырып, құнды тарихи-этнографиялық мәліметтерді жолжазбасына түсірген. Сырдария жазбалары «Воспоминания» [60] және «Военно-статистическое обозрения земли Киргиз-кайсаков Внутренней (Букеевской) и Зауральской (Малой) Орды Оренбургского ведомоство» [59] атты еңбектеріне енген. Ол Сырдарияны Яксарт деп те көрсеткен.
Көрнекті әскери-шығыстанушы, тарихшы, саяхатшы генерал-лейтенант Алексей Иванович Макшеев орыс әскери статистикасы мектебінің негізін қалаушылардың бірі, ол 1848-1854 жылдары Орынбор корпусында әскери қызметте жүріп, бірнеше рет Қазақ даласының рекогносцировкасына қатысқан. 1848 жылы лейтенант Бутаковпен бірге «Константин» шханасымен Арал теңізі мен оның жағалауына саяхат жасап, Арал теңізі мен оның жағалауының гидрографикалық және топографикалық тізбесі мен түсініктемелерін жасаған, нәтижесінде «Описание Аральского моря» атты еңбегі жарық көрді [229]. 1851 жылы Қазалы өңіріне, 1853 жылы Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойына жүргізген зерттеулері (Ақмешіт экспедициясы) нәтижесінде жазылған «Описание низовьев Сырдарьи» атты еңбегінде [226] көшпелі мал шаруашылығы және отырықшылықтың даму сипаты көрсетілген. Аталған еңбектер Сыр бойындағы уездердің әкімшілік бөлінісі, тұрғындардың этникалық құрамы, тарихи-демографиясы, тарихи-топонимикасы, дәстүрлі кәсіпшіліктердің дамуы, т.б. қамтиды. «Остатки старинного города на Сыр-Дарье» [230], «Еще несколько слов о развалинах Джанкента» [228], «Рекогносцировка истока Яны-Дарьи в 1853 г.» [233] атты жазбаларының да маңызы ерекше. 1867 жылы Түркістан өңіріне әскери-статистикалық мәліметтер жинақтау мақсатындағы жүргізілген жұмысының нәтижесінде «Географические, этнографические и статистические материалы о Туркестанском крае» [225] атты еңбегі жарық көрді, онда Сыр өңіріндегі дәстүрлі шаруашылықтың дамуы, көшпелілер мен отырықшылардың арасалмағы, этнодемографиялық мәліметтер, сауда ісінің дамуы қамтылған. А.И.Макшеевтің «Степные походы» [234], «Показание сибирских казаков Милюшина и Батырышкина бывших в плену у кокандцев с 1841 по 1851 года» [231], «Географическоие сведения «Книги большого чертежа» о Киргизских степях и Туркестанском крае» [227] атты еңбектері де Сыр өңірін қамтыған. Осы автордың «Путешествие по киргизскому степям и Туркестанскому краю» [232] атты еңбектері Сыр өңірі қазақтарының тарихи-этнографиясын саралауға керекті материалдар беретін деректің бірі.
Бас штабтың генерал-лейтенанты Лев Лаврентьевич Мейердің 1858 жылы Орынбор әскери корпусына қызметке жіберілуі Қазақ даласын зерттеуге деген қызығушылығын арттыра түседі. 1867 жылы Әскери министрліктің Қазақ даласының сипаттамасын жасау комиссиясының төрағасы қызметін атқарған. 1860 жылы мамыр-қазан айларында Жаңадария, Сырдария өзендерінің аңғарын, Арал теңізінің шығыс жақ бетін зерттеу мақсатында осы өңірді аралап, зерттеу нәтижелері ретінде жазылған «Дельта реки СырДарьи и ее отношение к России» [250], «Аральская флотилия в отношении к среднеазиатской торговле» [247], «Обзор западной оконечности Каратауских гор и несколько слов о взятии кокандской крепости Яны-Курган» [249] атты мақалалары «Морской сборник», «Военный сборник» басылымындарында жарияланған. 1861 жазда Жаңақорған бекінісінің рекогносцировкасын жасау Л.Мейердің үлесіне тиген [249, 263]. Топографиялық деректер 1840 жылдарға дейін Қуаңдарияның да Аралға құйғанын дәлелдейді. Л.Мейердің пайымдауынша Қуаңдария арнасының кебуіне Қоқан Хиуа хандарының арасындағы өзара қырқысулары, Қоқандықтардың Хиуа билігі орнаған Сырдың төменгі ағысы өңіріне су жібермес үшін Батпақөткел тұсынан бөгет салғандығы әсер еткен [249, 270]. Л.Мейердің басшылығымен жасалған «Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами генерального штаба» атты еңбекке енген әскерилердің Орынбор өлкесі туралы жазбалары Сыр өңірі қазақтарының этнографиясын саралауға негіз болар маңызды еңбектердің бірі [248]. Аталмыш еңбекте 1860 жылдардағы Сыр бойы қазақтарының дәстүрлі мал шаруашылығының сипаты, егін шаруашылығының дамуы, қосалқы шаруашылықтар, ру-тайпалық құрамы, саны және орналасуы, әдет-ғұрыптары мен күнделікті тұрмыс-тіршілігі қамтылған, олардың жаздық көші-қон бағытын, тайпалық ұрандарын көрсеткен.
Ресей ғылым Академиясының бірінші корреспондент мүшесі П.И.Рычков (1712-1777) Орынбор өлкесінің тұрғындары мен сол өлкені мекендеген қазақ халқының этногеографиясы мен тіршілігін жан-жақты зерттеуден өткізіп, қағаз бетіне түсірген ғалымдардың бірі. Ол Орынбор өлкесінде түрлі әкімшілік қызмет атқара жүріп жазған құнды ғылыми еңбектерінің бірі «Топография Оренбургская» кітабында Орынбор өлкесін мекен еткен халықтарға қатысты тарихи-этнографиялық сипаттамалар бере отырып, Орта жүз бен Кіші жүз руларын құрамы жағынан күрделі рулар қатарына жатқызып, Кіші жүздің бірқатар руларын атап кетеді. Аталмыш еңбекте Сыр өңірінің тарихи-географиясы, тарихи топонимикасы, атап айтқанда Сырдария, Қуаңдария, Төлікөл, Арал сияқты табиғи су көздерінің аңғары қамтылған, әрі бұл еңбек сол кездегі архив мәліметтеріне, ресми деректерге сүйеніп жазылған. 1762 жылы жазылған бұл еңбек сол кездің өзінде сирек кездесетін кітаптар қорын құрап, 1887 жылы қайта басылып шыққан [318]. П.И.Рычков Орынбор губерниясы қамтитын жерлер шекарасын: «Гурьев қаласынан Жайық өзенінің құяр сағасына дейін, қазақтар екі жақ бетінде қыстайтын Жем өзені аңғары, Арал теңізінің жоғарғы жақ бөлігі, Сырдария мен Қуаңдария өзендерінің аралығы, Қуаңдарияның Сырдариядан бастау алатын сағасынан бастап, Сырысу өзені құятын Төлекөл көлі аңғары, Сарысу өзені мен Жоңғар тауы етегі», – деп көрсеткен [318, 7]. П.И.Рычков осы еңбегінде Орынбор өлкесінде тұратын халықтар классификациясын жасап, оларды түрікмендер, хиуалықтар, аралдықтар, жоғарғы қарақалпақтар, Ұлы жүз қазақтары, түркістандықтар, ташкенттіктер деп бөлген [318, 8], соның ішінде Сырдың төменгі ағысы тұрғындарын «аралдықтар» классификациясына ендірген. П.И.Рычковтың жазбалары геодезиялық мәліметтерді де қамтыған. 1741 жылы геодезист Муравин Кіші жүз және Хиуа жерін аралап, Арал теңізінен 89 шақырым жерді картаға түсірген [318, 150]. Қазіргі кезде Арал теңізі тартылып, Кіші Аралға айналған тұста осындай тарихи картографияның теңіздің байырғы келбетін тарихи дерек ретінде сақтауда маңызы зор.
П.И.Рычков 1759 жылы академик Г.Ф.Миллердің «Сочинения и переводы, к пользе и увеселению служащия» атты журналда «История Оренбургская (1730-1750)» атты еңбегін жариялады. Кейін бұл журнал материалдары Г.Ф.Миллер құрастырған төрт томдық «История Сибири» атты жинаққа енді. П.И.Рычковтың жоғарыда айтып өткен еңбегі де сирек кітаптар қатарын құрағандықтан Орынбор губерниясының Статистикалық комитеті 1896 жылы қайта басып шығарды. Бұл шығармасында Арал, Сырдария өңірінің этногеографиясымен қатар, осы өңірді мекен еткен бірқатар рулардың аттары, қоныстары аталады, ежелгі кәсіпшіліктер қамтылып өткен. Бұл еңбектердің Орынбор өлкесін мекендеген ру-тайпалардың этникалық тарихын зерделеудегі маңызы зор [317]. П.И.Рычков осы еңбегінде Ұлы жүз қазақтары Ташкент, Түркістан өңірінде, Орта жүз қазақтары Түркістаннан Арал теңізіне қарайғы аймақта, Тобыл, Есіл өзендері, Ақсақал көлі, Қарақұм және Сібір өлкесінің елді мекендерінде; Кіші жүз қазақтары Каспий теңізі, Ор, Елек, Торғай, Жайық өзендері, Сырдария өзенінің Аралға құяр аймағында көшіп қонады, – деген [317, 71].
Бас штабтың генерал-майоры Александр Константинович Гейнс 1865-1867 жылдары Түркістан өлкесін басқарудың Ережесін жасау мақсатында қазақ даласына саяхат жасап, қазақтардың көшпелі тұрмысын, әдеттік құқығын, әлеуметтік қатынастарын зерттеген, нәтижесінде оның авторлығымен «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару Ережесі» жасалған. 1866 жылдың 1 тамызында Қарақұмға келіп жетіп, одан әрі Қазалы, Перовск өңірінің этнографиясын күнделікке түсірген, тамыздың аяғында Түркістанға аттанған. Оның «Собрание литературных трудов Александра Константиновича Гейнса» деген атпен жарық көрген 3 томдық жазбаларының 2 томы Сыр өңірі сапарын қамтыған. А.К.Гейнс 1866 жылдың маусым, шілде айларында Николаев (Ақтөбе), Ырғыз уездерінде болып, онда Сыр өңірлік көшпелілерді кездестірген және Сыр өңіріне батыс арқылы келген. Автордың жазбалары жергілікті қазақтардың мерзімдік жайылымдарға көшуінің дәстүрлі ережелерін саралауға нақты деректер береді [334].
Сыр өңірі қазақтарының тарихи-мәдени мұраларын кезінде жинақтап, қағаз бетіне түсіріп, кейінгі ұрпаққа артында мұра қалдырған тұлғаның бірі Иосиф Антонович Кастанье. И.Кастаньенің «Древности Киргизской степи и Оренбургского края» атты еңбегінен Перовск және Қазалы уездеріндегі Сыр өңіріндегі ертедегі ескерткіштермен қатар, этникалық тарихына да қатысты құнды мәліметтер табуға болады [168]. Осы автордың «Из области киргизских верований» атты мақаласы Сыр қазақтарының арасында жүргізілген бақылауының нәтижесінде жазылған, онда Сыр өңіріндегі бақсылық өнердің дамуы мен ерекшеліктері көрсетілген [169]. Ал, «Культ змей у различных народов и следы его в Туркестане» атты мақаласы қазақтарының байырғы дүниетанымындағы наным-сенімдер жүйесін нақтылауда көмек болды [170]. И.Кастаньенің «Надгробныя сооружения киргизских степей» атты еңбегінде Перовск және Қазалы уездеріндегі мазар, кесене тұрғызу ерекшеліктері, жерлеу ғұрпындағы ерекшеліктерді баяндаумен қатар, фотоқұжаттық деректер берілген [167]. Автордың «Поездка по Тургайской и Сыр-Дарьинской области (1906-1907) вдоль Ташкентской железной дороги» атты еңбегі де өзінің зерттеулерінің нәтижесі [171].
Павел Иванович Небольсиннің «Рассказы проезжего» атты еңбегінде Кіші жүз қазақтарының ұрандары, Сыр өңіріндегі этногеографиясы қамтылған [275, 296-299].
Контр-адмерал Алексей Иванович Бутаков 1848 жылы Арал теңізі флотилиясының бастығы ретінде Арал экспедициясын басқарып, алғаш рет Арал теңізіне кешенді зерттеу жүргізген, ал 1855 жылы Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойына саяхат жасап, нәтижесінде «Краткое описание реки СырДарьи от форта Перовский до устья» [63], «Записки о части реки СырДарьи между фортом Перовский и урочищем Байылдыр-Тугаем (в Ташкентских владениях» [62] атты еңбектер жариялады.
Түркістан әскери-топографиялық бөлімінің полковнигі Петр Карлович Залесский Түркістан әскери округінде 40 жылдан астам қызмет еткен, 1881-1913 жылдар аралығында Түркістан өңірінің географиялық кординатын жасау мақсатында 46 рет экспедиция ұйымдастырған, 1890 жылы Сырдария және Арыс өзендерінің аңғарын зерттеген. П.К.Залесский құрастырған «Полный каталог астрономических определений Туркестанского военного округа и прилегающих к нему земель. 1867-1911 г.» атты еңбегінде [136] Перовск және Қазалы уездері жеріне қарасты елді мекендер, суаттар мен құдықтар аттары енген, олардың қала орталығынан қашықтығы көрсетілген, бұл еңбектің Сыр өңірінің тарихи географиясы, тарихи топонимикасы үшін берері мол.
Сыр өңірінің археоэтнографиясы, соның ішінде Сыр бойын мекендеген ежелгі тайпалардың қоныстары, шаруашылығы мәселесін зерттеуде ерекше із қалдырған автордың бірі Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің белсенді мүшесі, генерал-майор Василий Андреевич Каллаур. Ол 1898 жылы Перовск уезінің бастығы қызметіне тағайындалып, 1901 жылы қызметінен босатылып, 1902 жылдың қараша айында осы қызметке қайта тағайындалады. Перовск уезін басқаруға келген уақыттан бастап осы өңірдегі ежелгі қала-қоныстарды аралап зерттеу жүргізуді мақсат етіп қойған. Алғашқы зерттеу жұмыстарын Сунақ, Тектұрмас, Ақбайлар қала-қоныстарынан бастаған. 1900-1901 жылдары Перовск уезіндегі ежелгі қоныстарды толығымен дерлік аралап, тізбесін жасап, картаға ендірген. Жүргізген зерттеулері нәтижесінде «О следах древнего города «Джент», «Древние города Саганак (Сунак), Ашнас или Эшнас (Асанас) и другие в Перовском уезде» [158], «Древние города, крепости и курганы по реке Сыр-Дарье, в восточной части Перовского уезда» [157], «Развалины «Сырлы-Таш» в Перовском уезде» [160], «Древние города и селения (развалины) в Перовском уезде в долине реки СырДарьи и Яны-Дарьи» [156], «Развалины древних крепостей по Яна-Дарье» [161], «По поводу сообщения А.А.Диваева о древних сооружениях «Тек-Турмас» и «Кок-Кесене» [159] т.б. хабарламалар жасап, жазбалары Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің протоколдарына және Орыс археология қоғамының шығыс бөлімінің жазбаларына енген. В.А.Каллаур археологиялық зерттеу жүргізе отырып, көне қоныстарға қатысты жергілікті тұрғындар арасында тараған аңыз-әңгімелер, наным-сенімдерді жинақтаған. В.А.Каллаурдың Перовск уезіне қатысты археоэтнографиялық жазбаларының толық нұсқасы Ресей Мемлекеттің әскери мұрағатында сақталған.
Белгілі әскери-шығыстанушы, этнограф, штабс-капитан Николай Николаевич Каразин де Түркістан өңірінің тарихи-этнографиясына ерекше із қалдырған зерттеушінің бірі. 1880 жылдары патшаның Қысқы сарайының Әскери галареясында Орта Азия мотивтері бойынша картиналар сериясының көрмесін жасап, бұл туындылар кейін Орыс музейіне табысталған. 1879 жылы Самара ғылыми экспедициясының құрамында болып, Самарқанд, Ходжент, Ұратөбе, Жизақ, Сыр бойы, Бетпақдаланы аралап, зерттеу нәтижелерін қағаз бетіне түсірумен қатар, қылқаламмен суретін де салып отырды. Соның бірі «Живописная Россия» басылымында жарияланған «Нижнее течение СырДарьи» [163] атты жазбасы және «От Оренбурга до Ташкента. Путевой очерк Н.Н.Каразина» атты еңбегі Сыр өңірі қазақтарының материалдық мәдениетін қамтыған [164].
Түркістан әскери округінде 20 жылдан астам әскери қызметте болып, өз қызметін зерттеушілікпен ұштастырған әскери шенеушіктің бірі генерал-майор Лев Феофанович Костенко. 1880 жылы жарық көрген «Туркестанский край. Опыт военно-статистического обозрения Туркестанского военного округа» атты 3 томдық еңбегі Перовск және Қазалы уездерін, Арал бойын толығымен дерлік қамтыған. Л.Ф.Костенко сондай-ақ өз жазбаларын әр жылдары «Туркестанские ведомости», «Морской сборник», «Военный сборник» басылымдарында жариялап отырды. Солардың қатарында «Аральская флотилия и плавание по реке Сыр-Дарье» [185], «От Хивы до Казалинска» [186], «Аральская флотилия» [184], «Современное состояние Аральской флотилии и очерк ее деятельности» [187], т.б. жазбаларын атауға болады. Л.Ф.Костенконың зерттеуінше Сырдарияның Жанысу, Қуаңдария арналары Аралға құйған, кейін экологиялық себептен арналары кеуіп кеткен. Жанысу мен Қуаңдария арқылы Әмудария Сырдариямен жалғасқандығын дәлелдейтін топографиялық түсірілімдер картаға енгізіліп, 1875 жылы Париждегі Халықаралық географиялық конгресте көрсетілген [187, 198-199].
Белгілі әскери шығыстанушы, географ, этнограф Николай Александрович Маев Орта Азия халықтарының тарихи-этнографиясын зерттеуге ерекше үлес қосқан тұлға. «Туркестанские ведомости» газетінде 1869-1892 жылдары редактор болып қызмет еткен жылдарында бұл басылым этнографиялық басылымға айналған. Н.А.Маевтың «Очерк истории киргизского народа с 1732 по 1868 год» [223], «К вопросу о родственных связях среднеазиатских народов между собою» [221], «Записки о древних развалинах и курганах в Сырдаринской области» [219], «Ирригационные работы в Казалинском уезде» [220], «Низовья СырДарьи» [218] атты жазбаларын деректік негізге алдық.
Сыр өңірінің Қызылқұммен шектесетін аймағының тарихи-этнографиясы жайлы деректер саны өте шектеулі екендігі ғылымға аян, осы тұрғыдан алып қарасақ подполковник Александр Павлович Хорошхиннің қалдырған мұрасының құндылығы ерекше. Түркістан генерал-губернаторы К.П. фон Кауфман Түркістан өлкесін зерттеудегі жауапты, әрі маңызды шараларды А.П.Хорошхинге сеніп тапсырған. Махрам түбіндегі қоқандықтармен шайқаста қайтыс болғаннан кейін оның мұраларын есте сақтау мақсатында А.П.Хорошхиннің жазбалары «Сборник статей, касающихся Туркестанского края» деген атпен 1876 жылы Санкт-Петербургтен жарық көрді. Бұл жинаққа «От Оренбурга до Казалинска, от Казалинска до Ташкента, от Ташкента до Токмака, от Ташкента до Коканда» [372] «От Самарканда до Оренбурга» [373] атты жолжазбалары енген, бұл жолжазбалар Сыр өңірі тайпаларының да дәстүрлі материалдық және рухани мәдениетін қамтиды [371].
Сыр бойынан көршілес ағайындар ортасына қоныс аударған қазақтарға қатысты құнды мәліметтердің бірқатарын да осы А.П.Хорошхин жазбаларынан таптық. А.П.Хорошхин жариялаған «Кызыл-кум (историки-этнографический очерк)» атты көлемді мақаласында Сыр қазақтарының Қызылқұм жеріне миграциясы және Қызылқұм қазақтарымен қарым-қатынасы мәселелері қамтылған, Қызылқұм құмдарында көшіп жүрген Кіші жүз тайпаларының құрамына талдау жасап, тізбегін берген. А.П.Хорошхин Қызылқұмға көшпелі тайпалардың ығысуын 1867 жылғы Әкімшілік Ережемен байланысты екендігін айта отырып, Кіші жүз тайпаларын көшпелі шаруашылықты жүргізуге қолайлы болу үшін Сыр бойынан қоныс аударған дейді [371].
Қызылқұмның Сыр өңірі қазақтарының тарихынан алатын орны ерекше. Қызылқұм біріншіден, Сыр қазақтарының мерзімді жайылымдағы қонысы, екіншіден, Орта Азия хандықтарымен сауда қатынасындағы басты пункт, Орта Азиямен байланыс жолы, үшіншіден 1930 жылдардағы аласапыран заманда Сыр қазақтарының кеңестік саясаттың қаны тамған қылышынан бас сауғалап барған жері болды. Жаугершілік заманда қазақ ру-тайпаларының бір бөлігі Қызылқұмға Сыр бойынан қоныс аударды. Қызылқұм қазақтарының ру-тайпалық құрамы Сыр қазақтарының ру-тайпалық құрамына сәйкес келетіндігі де сондықтан болар. В.Пельцтің еңбегінде Қызылқұмдағы алтын, алаша, жаппас, табын, арғын, шекті, қыпшақ, тарақты, қаңлы, ошақты, керейт руларының қоныстары берілген [303, 39-63].
Қазақ қауымының басына төнген түрлі қауіп-қатер, шапқыншылықтар нәтижесінде, яғни жоңғарлардың қазақ жерлерін басып алуы Қоқан, Хиуа хандықтарының Оңтүстік, Оңтүстік Шығыс Қазақстандағы билігі, орыс әскерлерінің келуі себепті жүздердің территориялық бірлестігі ыдырап, рулардың өзара араласуы басталды. Қоқан, Хиуа хандықтарының тарихына қатысты мұрағаттық құжаттарда табын, телеу, рамадан сияқты Сыр өңірі тайпаларының аттары кездесуі осының дәлелі [144].
П.И.Пашиноның «Туркестанский край в 1866 году» атты жолжазбасының «Форт № 2» бөлімінде [302, 33-44] Қармақшы қазақтарының балықшылық кәсібі, ауыл көші, қамыс буу, сексеуіл шабу, азық-түлік дайындау, «Форт Перовский» бөлімінде [302, 45-52] бау-бақша өндірісі, сауда ісінің дамуы, бүркітпен аң аулау дәстүрі, «Укрепление Джулек» атты бөлімінде [302, 53-62] Бұхар әмірінің Жөлекке сапары, ислам дінінің таралуы, бақсы емі, қазақтардың көктас қоюы қамтылған.
И.В.Аничковтың Сыр өңіріне қатысты «Забытый край» атты еңбегінде Қазалы уезінің қалыптасу кезеңдері, тарихи географиясы, этношаруашылығы қамтылған [23, 173-294]. Автордың «Очерки народной жизни Северного Туркестана» атты еңбегі көшпелілер мен отырықшылардың мал шаруашылығын ұйымдастыру ерекшеліктері, жұт сияқты қауіп-қатерлердің себеп-салдарларына тоқталған, еңбектің жазылу барысына Қазалы уезі қазақтары негіз болған [24].
Сыр өңірі қазақтарының тарихи-этнографиясы қай уақытта да зерттеушілердің назарын өзіне аударып келген. Сыр өңірі қазақтарының этнографиясын зерттеуге ден қойған әскери шенеуніктер авторлардың қатарында Е.А.Александров пен Г.С.Загряжскийді атауға болады. Көкшетау өңіріне қоныс аударған Сібір казагының отбасынан шыққан Қазалы уезінің басқарма бастығының көмекшісі болған Е.А.Александров қазақ тілін жетік меңгергендігі нәтижесінде жергілікті тұрғындармен етене араласқан. Ал, Ресейдің Смоленск губерниясынан келіп, 1867 жылдан бері қазақ жерінде әскери қызметте болып, Ыстықкөл, одан соң Тоқмақ уезінің, 1870 жылдан Перовск уездерін басқарған полковник Георгий Семенович Загряжский қай өңірде қызмет етпесін, сол өңірдің жергілікті тұрғындарының ерекшелігін жазып отыруға ден қойған. Г.С.Загряжскийдің Орта Азия ғалымдар қоғамына, Жаратылыстану әуесқойларының Түркістан бөліміне, Москва университеті жанындағы антропология және этнография қоғамына мүше болуы оның зерттеушілік қабілетін арттыра түсті, әрі осы қоғамдардың жиылыстарында Сыр өңірі қазақтарының этнографиясынан хабарламалар жасап отырған. Бұл екі автор да Сыр өңірінің қазақтарына қатысты жазбаларын Сыр бойында әскери қызметте жүріп, қағаз бетіне түсіріп, ел басқару ісін жергілікті қазақтардың тарихи-этнографиясын зерттеу ісімен ұштастырған.
Е.А.Александров Қазалы уезінде әскери қызметте жүріп жергілікті көшпелі қазақтардың дәстүрлі көшпелі мал шаруашылығын зерттеп, олардың қыстаудан жайлауға көшу жолдарының бағытын қағаз бетіне түсіріп, жазбаларын сол кезеңде-ақ ғылыми айналымға ендірген.
Қазалы уезі көшпелілерінің негізгі тобы жазды Ырғыз уезі жеріндегі жайлауларда өткізген. Е.А.Александровтың көшпелі шаруашылыққа қатысты жазбалары жергілікті ру ақсақалдарының, ру басыларының дерек берулері, айтулары негізінде жазылған. Оның «Пути кочевок киргиз Малой Орды Перовского и Казалинского уездов» [11] атты мақаласында шөмекей, төртқара, шекті тайпаларының көшу бағыттарының күрделігі, асулар, өзен-суларды бойлай отырып көшкендіктері және бір рудың өкілдері болғанымн қоныстанған ауылдары мен біріккен қауымдарына қарай әртүрлі бөлек жолмен жүріп отырғандары қамтылған, мысалы төртқаралардың бағыты бір болғанымен үш түрлі жолмен көшкендігін көрсеткен. Е.А.Александровтың «О направлении летних кочевок киргиз Казалинского уезда» [10] атты келесі жазбасында Қазалы көшпелілерінің батыс және солтүстік жайлауларына көшу жолының екі бағытын көрсетеді. Е.А.Александров Кіші жүздің Әлімұлы тайпалық бірлетігі көшпелілерінің дәстүрлі мал шаруашылығын ұйымдастырудағы ерекшеліктеріне басты назар аударған. Автордың «Из жизни степных уездов Сырдарьинской области» атты мақаласында Қазалы қазақтарының күнделікті тұрмыс-тіршілігінің ерекшелігін қамтыса [8], «Конокрадство среди киргиз» атты мақалада Қазалы қазақтарының арасында барымташылық және оның әдеттік құқық бойынша реттелуі сөз болған. Аталған мақалалардан сол кездегі қазақтардың қоғамдық қатынастарының реттелуі мәселесіне қажетті құнды мәліметтер табуға болады.
Г.С.Загряжскийдің Перовск уезін басқарғанда алдына қойған мақсатының бірі жергілікті қазақтардың ерекшелігін зерттеу болды. Оның «О направлении торговых путей в Туркестанском крае» атты мақаласында Сыр өңірін кесіп өтетін керуен жолдарының бағыттары қамтылған [130]. «Очерки Перовского уезда» [133], «Быть кочевого населения долин Чу и Сырдарьи» [132], «Аш и тризна по умершим» [131], «Юридический обычай киргиз о различных родах состояний и о правах им присвоенных. О народном суде у кочевого населения Туркестанского края по обычному праву» [134] сияқты тақырыптарда жазылған еңбектерінің ғылыми қарымдылығы әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ, еңбектердің деректік құндылы уақыт өткен сайын күшейе түсуде.
Г.С.Загряжский «Очерки Перовского уезда» атты мақаласында Перовск уезі қазақтарының Сырдария өзенінің суының тасуын суармалы егіншілікке тиімді пайдалану жолдарын көрсеткен, сондай-ақ уездің оңтүстік шығысында Сырдария өзені жағалауындағы тоғайлы қамысты жерлерде қоныстанған Орта жүз қазақтарының көшпелі және жартылай көшпелі ауылдарын, олардың шаруашылықты жүргізу ерекшеліктерін қамтыған.
Қазақтардың мал шаруашылығымен қатар айналысқан кәсібінің бірі аңшылық еді. Сыр бойында аңшылық жеке кәсіп болған жоқ, олар малын баға жүріп аңшылық етті. Г.С.Загряжский «Быть кочевого населения долин Чу и Сырдарьи» атты көлемді мақаласында Сыр бойында қалыптасқан аңшылықтың ит қосу, қақпан құру, қуалап аулау ор қазу, тұзақ құру сияқты әдіс-тәсілдерін қамтыған. Г.С.Загряжский Сырдың төменгі ағысы бойы қазақтары айналысқан қосалқы кәсіп, балық шаруашылығы мәселесіне де көңіл аударған. Г.С.Загряжский қазақ қоғамында қолөнер шеберлерінің алатын орны ерекше екендігін, халық шеберлері мен ұсталарының әр ауылда кездесетіндігін жазып кеткен. Сондай-ақ, ағаш өңдеу, киіз басу, тері илеу, қамшы өру, арқан есу, сабын қайнату, жүн бояу, жүн сабау, оқ-дәрі құюдың дәстүрлі технологиясын жан-жақты ашып көрсетілген.
Г.С.Загряжский Сыр қазақтарының жосын-жоралғыларын да бақылып, нәтижелерін жариялап отыруды көздеген. Ол қазақтардың адамды ең арқырғы сапарға шығарып салу рәсімінің атқарылу жолдарын қарастырып, алғашқы болып «Туркестанские ведомости» газетінде жариялаған. Оның «Аш и тризна по умершим» атты мақаласы өлетінін сезген адамның туыстарымен араздасуы, қоштасуы, өлімді естірту, хабаршы жіберу, жоқтау айту, көрісу, көрістіру, «қаралы үй» тігу, өлікті жерлеу, сүйекшілерді күту, биіт тұрғызу, биіт басына белгі қою, ас берілге дейінгі өлген адамның отбасында ұсталатын дәстүрлер мәселесін қамти отырып, одан әрі астың атқарылу рәсіме тоқталады. «О направлении торговых путей в Туркестанском крае» атты мақаласынан Сыр өңірінің үстінен өтетін сауда жолдарымен қатар Сыр қазақтарының да сауда ісіне араласуы, саудагерлікке қатысты кәсіпшіліктердің дамуы мәселесіне қатысты деректер алуға болады. Е.А.Александров пен Г.С.Загряжский авторлар көтерген ортақ мәселе Сыр өңірі қазақтарының көшпелі шаруашылығы, мерзімдік жайылымдарды, көш жолдарын пайдалану ерекшеліктері және көшпелі қауымға қатысты статистикалық анықтамалар жасауы болып табылады. Екі автор да Сыр өңіріне қатысты зерттеулерін «Туркестанские ведомости» газетінде жариялатуға тырысқан. Ал, екі автордың айырмашылығы өздері қызмет еткен жерлері, яғни Е.А.Александров Қазалы уезі қазақтарын, Г.С.Загряжский болса Перовск уезі қазақтарын зерттеуді нысанаға алған.
Г.С.Загряжскийдің «Юридический обычай киргиз о различных родах состояний и о правах им присвоенных» атты еңбегінде қазақ қоғамындағы әлеуметтік қатынастарға қатысты әдеттік құқық қамтылған.
Е.А.Александров пен Г.С.Загряжскийдің Сыр өңірі қазақтарына қатысты жазбалары арқылы ХІХ ғасырдың екінші жартысы, ХХ ғасырдың бас кезіндегі көшпелі шаруашылықтан отырықшылыққа өту кезеңіндегі қазақтардың дәстүрлі көші-қон ырғағындағы өзгерістерді, көші-қон бағытын, көшу жолдарын, көшпелі шаруашылыққа қатысты әдет-ғұрыптық ерекшеліктерді нақтылауға болады.
Әскери зерттеуші О.Шкапскийдің «От Орска до Казалинска» атты мақаласында қазақ жерінің батыс өңірі мен Сырдың төменгі ағысын алып жатқан Қазалы өңіріндегі көшпелі қазақтардың тіршілік қамы жүйесі, көшпелі мал шаруашылығын ұйымдастыруы, мерзімдік баспаналары, тұрмыстық бұйымдары сияқты іргелі мәселелер қамтылған [283].
Сырдария облысында 1906-1908 жылдары қызмет істеген, Түркістан әскери округін басқарған генерал Николай Иванович Гродековтың «Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской области. Юридический быт» атты еңбегі Сыр бойы қазақтарының шаруашылығы, әдет-ғұрпы, тұрмысы, әдеттік құқығы сияқты іргелі мәселелерді жан-жақты қарастырған құнды еңбек, әрі Перовск, Қазалы қазақтарының этнографиясын Шымкент, Әулиеата уездері қазақтарының ерекшеліктерін салыстыруға негіз болады. Н.И.Гродековқа Қазалы уезі басқармасы бастығының көмекшісі Е.А.Александров, Перовск уезі биі Мекебай, Перовск уезінің сұлтаны, төре Дәулет Бушаев дерек берген, әрі Ә.Диваевтың осы еңбекке ендірген материалдарының да негізгі дені Сыр бойынан жинақталған [86].
Шоқан Уәлиханов жазбаларындағы Сырдария өзені аймағының тарихи географиясы, қазақ халқының көне діни-наным сенімдеріне қатысты ғылыми ақпараттар Сыр өңірінің тарихи-этнографиясын ғылыми қырынан нақтылауда маңызды роль атқарады [66].
Біз зерттеу нысанасына алып отырған өңірдің ру-тайпалық құрамының басым бөлігін Кіші жүз қазақтары құрағандығы белгілі. Кіші жүз қазақтарының руларының алғаш тізбесін елші Мәмет Тевкелев 1748 жылы құрастырған [154, 406]. М. Тевкелев 1748 жылы құрастырған тайпалар тізбегін негізге алған автордың бірі Алексей Ираклевич Левшин (1797-1879). Ол қазақтардың тарихы мен этнографиясына қатысты құнды мәліметтерді 1820-1822 жылдары Орынбор және Орал өңірінде қызмет ете жүріп жинақтаған [212]. Елші Тевкелев құрастырған тізімге сүйенген келесі бір автор Иван Иванович Крафт. Ол «Сборник узаконении о киргизах степных областей» атты еңбегінде ру-тайпалар тізбесін берумен қатар Кіші жүз тайпалары қоныстанған аймақтардағы әкімшілік Ережелердің жүзеге асырылу барысына бағыт-бағдар берген [190, с.17], ал «Положение об управлении Степных областях» атты жинақта Сыр қазақтарының көшу қашықтығына қатысты деректер енген [189]. Барон Игельстром да М.Тевкелев сияқты Кіші жүздің Алшындар деп Байұлы мен Қаракесек рулар бірлестігін, ал Жетіруды әлсіз рулар тобына жатқызып, оларды Тәуке ханның біріктіргендігін айтады [190, 58.] Бұл авторлар көрсеткен тізбелер Сыр өңірі қазақтарының ру-тайпалық құрамын нақтылаудағы басты дерек көздері болып саналады.
Сыр өңіріндегі ру-тайпалардың этногеографиясына, сауда қатынастары мен керуен жолдарының дамуына, дәстүрлі шаруашылыққа қатысты мұрағат құжаттары «Материалы по истории Казахской ССР (1785-1825 гг.)» атты жинақтан қаралды [243]. Бірақ алғашқы ресми құжаттардағы мәліметтердің бәрін нақты деп қарауға болмайды. 1805 жылы 25 маусымда Орынбор мүфтиі Мұхамеджан Хұсайынның Александр І патшаға жазған мәлімдемесінде Кіші жүздегі қазақ рулары 400000 шаңырақ, әр шаңырақта орта есеппен 10 адам, яғни барлығы шамамен 4000000 жуық адам болған, – деп жобалап, әрі адам санын асырып мәлімдеме берген [243, 227].
Сырдария, Арал бассейнінде қоныстанған байырғы тайпалардың этникалық тарихын қамтуда 1851 жылы жарық көрген Н.Я.Бичуриннің «Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена» [58] атты зерттеуіне сүйендік.
Қазақтардың дәстүрлі шаруашылығы, көші-қон бағыты, тұрмыс-тіршілігі мәселесін жан-жақты қаузаған көлемді еңбектің бірі – «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» атты жинақтың Түркістан өлкесі бөлімі. Осы жинақтың 1903 жылғы ХVІІІ томының «Киргизский край» [312], 1913 жылы шыққан ХІХ томының «Туркестанский край» [313] атты бөлімдеріндегі деректер жүйесі байырғы қазақ ауылының дәстүрлі құрылымы мәселесін қамтуға негіз болады. Осы жинақтың ХІХ томында 1897 жылғы Бүкіл Ресейлік санақ мәліметін негізге ала отырып: «қазақтардың жалпы саны 1884192 болып, оның 794 815 – Жетісу, 952061 – Сырдария, 63091 – Самарқант, 74225 – Закасспий облысында тұрған. Ал, 17000 қазақ Хиуа хандығынан тіркеуге алынған», – дейді [313, 366].
«Азиатская Россия» атты еңбектің 1-ші, 2-ші томдарында Перовск және Қазалы уездеріндегі елді мекендер, қоныстар, атакәсіптердің дамуы және осы өңірден түсірілген маңызды этнографиялық суреттер қамтылған. Тұрғындар демографиясына қатысты мәліметтер 1897, 1911 жылдардағы санақ нәтижесінде жазылған. Құрастырушылар Сыр өңірі қазақтарын «түркістандықтар» категориясына енгізген [6].
ХVІІІ ғасырда жоңғарлармен қақтығыс аяқталғаннан кейін, шапқыншылық кезінде бытыраушылыққа ұшыраған ру-тайпалар өз атамекендеріне қайтып орала бастады. Жоңғар шапқыншылығы барысында өз атамекендерінен айырылған тайпалардың басым көпшілігін Орта жүз тайпалары құрағаны белгілі. ХVІІІ ғасырдың аяғында Ұлы жүз тайпаларының басым бөлігі Сырдария жағалауынан, Түркістан өңірінен Жетісу өңіріне қарай, Орта жүз тайпаларының да басым бөлігі осы аймақтан Орталық, Солтүстік, Шығыс Қазақстан далаларына қарай үдере көшті. Осы кезеңдегі қазақ тайпалары туралы жазылған аса маңызды құжаттардың бірі Орынбор әскери губернаторы Г.Волконскийдің дерегі. 1803 жылы Г.Волконскийдің тапсыруы бойынша ағаман (старшын) Көбек Шүкірәліұлы мен Қазан татары аудармашы қызметін атқарған Ғали Шахмұратов Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз қазақтарының қоныстануы, көші-қон аймағы, сауда-саттыққа араласуы жайындағы дерек дайындап, бұл деректі жинақтауға өздеріне қарасты руды жақсы білетін ру ақсалдары қатысқан. Бұл құжатта үш жүздік құрылымдарды сипаттау барысында, Ұлы жүз бен Орта жүз құрамындағы ру-тайпаларды толық қамтымауы олардың Орынбор өлкесінен тыс өңірде орналасуымен байланысты болуы керек. Орта жүздің руларының тармақтары толық қамтылмағанымен, басты тайпалары толық беріледі. Негізінен Г.Волконский мәліметінде Кіші жүз қазақтарының жері Орынбор генерал-губернаторлығына қарағандықтан болар, мейлінше толық қамтылған. Сырдың төменгі ағысы қазақтарының негізгі дені Кіші жүз қазақтарынан құралатынын ескерсек, бұл құжаттың маңыздылығы ерекше. Г.Волконский жазбалары ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ ру-тайпаларының Сыр бойындағы көші-қон аймағын, мерзімдік қоныстарын, этногеографиясын нақтылауға негіз болды. Сондай-ақ бұл құжатта әр ру-тайпаны басқаратын би-сұлтан, ру басыларының аттары, сауда-саттық қарым-қатынастары да берілген [243, 514-516].
Г.Волконскийдің бұл мәліметі аталған рулардың көшу бағыттары мен қоныстары жайында дерек беретін, ғылым үшін маңызы зор бірден-бір құжат, дегенмен де саны жағынан аз рулардың мысалы рамадан, жағалбайлы, телеу руларының Сыр бойындағы қыстық қоныстары қамтылмаған, кей рулардың Сыр өңіріндегі тармақтары мен аталарының аты аталмайды, кей рулардың басқа аймақтарға кірігу себептеріне, мысалы Орта жүздегі уақ, арғынның жоғары шекті, төмен шекті руының Орынбор өлкесіне келуіне түсінік бермейді. Дегенменде, қазіргі кезеңде, әсіресе байырғы көші-қон бағытынан дерек беретін информаторлардың азайған тұсында, осындай құжаттардың маңызы арта түседі.
Н.А.Аристов жазған «Заметки об этническом составе и сведения об их численности» атты еңбегінде қазақ ру-тайпаларының санын нақтылау мақсатында Г.Волконский нұсқанысына сүйенгенге ұқсайды. Н.А. Аристов жазбалары да Сыр өңірі тайпаларының санын, орналасуын, ұранын, таңбасын нақтылауға негіз болады [32].
Сыр қазақтарының мерзімдік қоныстарын М.Галкиннің «Этнографическое и исторические материалы по Средней Азии и Оренбургском краю» атты еңбегіндегі кестеден де табуға болады. Онда Орынбор өлкесінің орта және шығыс бөліктеріндегі шекті, төртқара, шөмекей, табын, тама, арғын, кете, қыпшақ, керейт, жаппас руларының қысқы және жазғы көші-қон бағыттары көрсетілген [76].
Орынбор өлкесін мекен еткен тайпалардың тыныс-тіршілігін қамтыған еңбектер арасында әрине экспедиция материалдары маңызды орын алады. 1738-1740 жылдар аралығында Орынбор экспедициясының жетекшісі болған Василий Никитич Татищевтің (1686-1780) экспедициялық материалдары Арал және Сыр өңірінің тарихи географиясы мен осы өлкенің этногеографиясына қатысты құнды мәліметтер береді [341]. Сондай-ақ В.Н.Татищев өзіне дейін жасалған картографиялық мәліметтердің тізбесін жасаған автор.
1768-1774 жылдары Қазақстанның көптеген территориясын қамтыған экспедицияға қатысқан П.С.Паллас, И.П.Фальк, И.И.Лепехин, И.Г.Георги жазбаларының да маңызы зор. Неміс ғалымы П.С.Паллас (1741-1811) 1768 жылғы қазақ даласында болған сапар нәтижелерін бес томдық «Путешествия по разным провинциям Росийской империи» атты еңбегінде жариялады. Бұл еңбекте Кіші жүз қазақтарының қоныстары да қамтылды. 1768-1769 жылдары жүргізілген «Орынбор экспедициясы» материалдары И.И.Лепехиннің еңбектерінде жазылып, Еділ, Жайық бойын және Орынбор даласын қоныстанған халықтардың тұрмыс-тіршілігін қамтыған [301].
Сыр өңірін мекендеген ортағасырлық ұлыстар мен олардың байырғы тіршіліктерін танып-білуде қазақ даласын 1245-1247 жылдары жүріп өткен Джиовани Плано Карпини және 1253-1255 жылдары жүріп өткен Виллема (Гильома) де Рубрук жазбаларының маңызы зор, саяхатшылар «командар» деп Дешті қыпшақтың оңтүстігіндегі, яғни Сыр өңіріндегі қыпшақтарды қамтыған [308]. Саяхатшылардың жол картасы Джиовани Плано Карпинидің Сыр өңіріне Арал теңізінің оңтүстігі жағалауы арқылы кіріп Сырдария өзенінің сол жақ жағалауы арқылы жүріп, Сығанақ қаласы үстінен өткенін, ал Виллема (Гильома) де Рубруктың Сыр өңіріне Арал теңізінің солтүстік-шығысы арқылы кіріп Жент, Жанкент, Сығанақ қалалары өңірі арқылы жүріп өткенін көрсетеді [308, 245-246].
1785-1786 жылдары жүргізілген Орынбор экспедициясының жетекшісі болған швед ғалымы И. Фальктың (1727-1774) Орынбор даласындағы қазақ ауылдары жайында жинаған мәліметтерін осы экспедиция мүшесі болған И.Г.Георги жинақтап шығарған [83]. Швед ғалымы И.Г.Георгидің (1729-1802) Орынбор экспедициясы кезінде жинақтаған тарихи-этнографиялық деректерінің «О киргизцах» атты бөлімінде Кіші жүздің тайпаларына сипаттама берілген, Кіші жүз қазақтарының материалдық мәдениетімен қатар, көшпелі мал шаруашылығын да қамтыған [83, Ч 1., 115-142].
Қазақ халқының этногеографиясын анықтауға, соның ішінде Сыр өңірінде орналасқан тайпалардың қоныстануын нақтылауға басты бағдар болған еңбектің қатарында «Географическо-статистический словарь Российской империй» атты 5 томдық ғылыми-анықтамалықтың маңызы ерекше [81]. 1818 жылы «Сибирский вестник» журналында жарық көрген ресейлік шенеунік М.Поспелов пен Т.Бурнашевтың 1802 жылы қазақ жерінде болған кездегі жазбасында Кіші жүз тайпалары Орынбор шекарасынан бастап Бұхараға дейінгі аумақты алып жатыр, – деп көрсеткен [155, 149]. Осы журнал беттерінде қазақ халқының үш жүздік құрылымы жайында қалам тербеген автордың бірі Г.И.Спасский. Оның «Киргиз-кайсаки Большой, Средней и Малой Орды» атты еңбегінде қазақ ру-тайпаларының саны мен этногеографиясымен қатар, шаруашылық тарихына, салт-дәстүрлеріне сипаттама берген, көшпелі тайпалардың әлеуметтік қатынастары жазылған [335а].
Қазақтардың үш жүздік құрылымына анықтама бере отырып, олардың қоныстанған аймағын көрсеткен еңбектің бірі – «Народы России» атты этнографиялық очерк [272]. Бұл еңбекте: «Қазақтар Орта Азия аймағында, Жайық өзені және Каспий теңізінен Алтай, Алатау, Тянь-Шань тауларынан Батыс Сібірдің оңтүстік шекарасынан Сырдария, Әмудария өзендері бойларында көшіп-қонды… Қазақтардың жалпы саны 2 000 000. …Кіші жүз тайпалары Жайық өзені мен Арал теңізі аралығын мекендеген», – деп көрсетілген [272, 145]. Бұл еңбекте Кіші жүз тайпаларының қоныстану шекарасы тарылтып көрсетілген, Кіші жүз қазақтары жерін Аралмен шектеген, яғни Сыр өңірі Кіші жүз қазақтарының басым қоныстанған аймағы ретінде қамтылмаған. Бұл Сыр өңірінде Ұлы жүз, Орта Жүз руларының да шоғырлануымен де байланысты болуы мүмкін, бірақ осылай жіктеуге авторлар тарапынан түсінік берілмеген. Дегенмен, бұл еңбек қазақтардың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі жайлы анағұрлым толық мәліметті беретін дерек көзі болып табылады.
Қазақстанның батыс бөлігі мен Орынбор өлкесі халқының этнодемографиясына қатысты құнды мәліметтер П.Кеппеннің зерттеулерінен орын алған. «Девятая ревизия. Исследование о числе жителей в 1851» атты еңбегі негізінен Батыс өңірі және Бөкей Ордасы қазақтарына жүргізілген зерттеу негізінде жазылғанымен, атылмыш еңбекте Сырдария облысы жеріндегі Кіші жүз қазақтарының саны берілген, бұл еңбектің сол кезеңдегі Кіші жүз тайпалары санын анықтауға үлес қосары сөзсіз [173].
1880 жылы «Оренбургский листок» газетінде жарияланған «Киргизы Оренбургского ведомства» атты мақалада Орынбор өлкесінің орта және шығыс жағын қамтыған Сыр қазақтары да қамтылған [176].
В.В.Радловтың «Этнографический обзор тюркских племен Южной Сибири и Джунгарии» [309], атты еңбегі, «Из Сибири» атты жинаққа енген мәліметтерін Сыр қазақтарының тарихи географиясы мен тарихи-демографиясын саралауға негізге алдық [310].
Генерал-майор Георгий Александрович Арандаренко Түркістан генерал-губернаторының бұйрығымен 1870 жылы Перовск уезінде поручик, 1872 жылы Түркістан уездік соты, одан кейінгі уақытта Түркістан-генерал губернаторлығының аймақтарында әртүрлі әскери қызметте болған. Жергілікті жердің тұрғындарының тілін жақсы меңгерген Г.А.Арандаренко зерттеу жұмыстарын Шығыстанудың Императорлық қоғамының Ташкент бөлімінің жинақтарында, түркістандық басылым беттерінде жариялап отырған, оның Түркістан өлкесі бойынша жазылған әскери-статистикалық, этнографиялық жинағы «Досуги в Туркестане» деген атпен 1889 жылы жарық көрген [27].
И.Г.Андреевтің «Описание Средней Орды киргиз-кайсаков» атты еңбегі Сыр өңіріндегі Орта жүз тайпаларының да қоныстануын қамтыған [18].
Л.Ф.Баллюзектің Кіші жүз қазақтарының әдеттік құқығын қамтыған жазбалары Перовск және Қазалы уезі қазақтарына тікелей қатысты [45].
Е.Смирновтың «Сыр-Дарьинская область» атты еңбегінде 1879-1880 жылдардағы Перовск және Қазалы уездерінің сипаты тарихи-географиялық, тарихи-этнографиялық қырынан қамтылған, Сырдария облысын мекендеген тайпалар тізбесі қоса берілген және де осы кітапқа енген демографиялық мәліметтер статистикалық деректер қатарын толықтыра түседі [333].
Сыр көшпелілерінің Торғай облысының Ақтөбе, Қостанай, Торғай уездері жерлеріндегі жаздық қоныстары мен көктеу, жайлау, күздеуде болу мерзімі жайында және қыс кезінде Ырғыз қазақтарының Қазалы жерінде көшуі, олардың саны жайында Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесі және Ғылыми архивтік комиссия мүшесі Александр Иванович Добросмысловтың «Скотоводство в Тургайской области» атты еңбегінде қамтылады [111]. А.И.Добросмысловтың «Ветеринарный надзор в Тургайской области» атты еңбегінде Сыр өңірі көшпелілерінің жазда Торғай облысы жерлеріне көшу кезінде тоқтайтын бекеттері, олардың ара-қашықтығы көрсетілген, бұл мәлімет Сыр өңірі қазақтарының байырғы көшу жолдарын нақтылауға құнды дерек болар деректің бірі [108]. Осы автордың «Горада Сыр-Дарьинской области. Казалинск, Перовск, Туркестан, Аулиеата, Чимкент» атты қолжазбасында Қазалы және Перовск қалаларының тарихы, қаладағы сауда ісі, сауда айналымы, қаладағы қазақтардың кәсіпшіліктерінің дамуы жазылған [110].
Бабыр жазуларында Сырдария бассейнінің тарихи-экологиялық мәселерін қамтыған. Онда: «Сейхун өзені Ходженттің солтүстік-шығыс жағында жатыр, осы өңірден өтіп батысқа қарай ағады, Ходженттің солтүстігі, одан әрі Финакет, яғни Шахрухидің оңтүстігінен өтіп, одан әрі қайтадан солтүстікке Түркістан өңіріне қарай ағады. Түркістаннан төмен қарай ұл өзен ешқандай өзендермен қосылмайды, құмға сіңіп кетеді», – деп көрсетілген [40, 29]. Н.Вамберидің неміс тілінде шыққан «Das Tьқkenvolk in seinen ethnoloғischen әnd ethnoғқaphischen Beөiehәnғen» атты еңбегінде Сыр өңірі тайпаларының ортағасырлық этногеографиясы қамтылған [380].
Н.В.Остроумов құрастырған «География Туркестанского края (Родиноведение)» атты жинаққа Түркістан өлкесінің солтүстік-батыс бөлігін, яғни Перовск және Қазалы уездері қазақтарының демографиясы мен дәстүрлі шаруашылықты жүргізу жолдарын қарастырған материалдар енген [82].
Сыр өңірі қазақтарын этнографиялық қырынан ғылыми тұғыда зерттеу ХІХ ғасырдан бастап жүргізілген. Сыр өңірі қазақтарының этнографиясына бағыт-бағдар беретін Құдабай Қостанаевтың «Этнографические очерки киргиз Перовского и Казалинского уездов» атты еңбегінің маңыздылығы ерекше. Автордың бұл зерттеуі Перовск және Қазалы қазақтарының типі, киімі, баспанасы, тағам жүйесі, бұйымдары, көші-қон, қонақ күту, қыстау, құда түсу, некелесу, әдет-ғұрып, наным-сенім, бала тәрбиесі, бақсы емі, өлікті жөнелту сияқты тақырыптарға бөлініп, аталған мәселелерге жүйелі шолу жасаған [194].
Н.Калмаковтың «Некоторые семейные обычай киргизов северных уездов Сыр-Дарьинской области» аты мақаласы Перовск уезінің солтүстік шығысында орналасқан Жаңақорған өңірінен жазылған. Аталмыш мақалада құда түсу, некелесу, той өткізу, өлікті жөнелту сияқты жөн-жоралғылардың атқарылуын қамтыған. Мақала Түркістан генерал-губернаторлығының алғаш губернаторы Костантин фон-Кауфманның өлгеніне 25 жыл толуына байланысты құрастырылған жинаққа енген [162].
Сырдың төменгі ағысы бойында орналасқан Кіші жүз қазақтары үстірт және Батыс және Торғай өңірі қазақтарымен қоян-қолтық араласта болған. Сыр қазақтары жазда батыс, солтүстік батысқа қарай, ал Батыс қазақтары қыста керісінше Сыр бойына қарай көшіп, ауылдары қоңсы отырды, қыз алысып, қыз берісіп құдандалы болып жату ертеден қалыптасқан. Оның үстіне Сыр қазақтары Орынбор өлкесінің орта және шығыс бөлігін қамтыған. Жалпы Орынбор өлкесін мекендеген қазақтардың салт-дәстүрлері ішінара аймақтық ерекшеліктері болғанымен бір-біріне жақын келеді. «Орынбор қазақтары» тақырыбына жазылған зерттеу деректер Сыр қазақтарының аймақтық ерекшеліктерін анықтап, көрші аймақтар қазақтарымен салыстырмалы сараптама жасауға, кей мәселелерді толықтыруға, саралауға негіз болды. Олардың қатарында Рихард Каруцтың «Среди киргизов и туркменов на Мангышлаке» атты еңбегін [166], Ф.Лазаревскийдің «Московские ведомости» газетінде жарияланған «Свадебные обычай киргизов Оренбургского края» атты мақаласын [363], Ы.Алтынсариннің «Очерки обычаев при сватовстве и свадьбе у киргизов Оренбургского ведомоства» [16], «Очерки обычаев при похоронах и поминках у киргизов Оренбургского ведомства» атты мақалаларын [15], А.Е.Алекторовтың «Основание брака и свадебные обычай у киргизов» атты мақаласын [13], Н.Дж-баев деген автордың «Свадебные обычай киргизов» атты мақаласын [269] атауға болады.
Сыр бойы қазақтарының наным-сенімі, көне діни ғұрыптары, бақсылық өнердің дамуы, байырғы дәстүрлі білімдер жүйесі, М.Миропиев, П.Комаров сияқты зерттеушілердің еңбектерінде қамтылған. М.Миропиев 1887 жылы Перовск уезі қазақтарының арасында болып, Сыр қазақтарының мифологиялық күштерге сенгіштігі жөнінде барлығы 27 деменологиялық әңгімелер жинап, нәтижесінде «Демонологические рассказы киргизов собраные и переведенные М.Миропиевым» атты еңбегі жарық көрді. М.Миропиевке дерек бергендердің қатарында Ешмұхамед Букин, Досмұхамед Букин, Ысмайыл Қасымов, Кенжебай Мәтенов, Жүсіп Қасымовтар болған [252]. П.Комаров «Из киргизских поверий» атты топтамаларын «Туркестанские ведомости» газетінде, ал Қазалы қазақтарының арасында болып жазып алған наным-сенімдер жүйесін «Самаркандская газетада» [182] жариялаған.
Белгілі этнограф Әбубәкір Диваев 1880 жылдардан бастап Сыр бойында бірнеше рет болып, ертегі, мақал-мәтел, аңыз-әңгіме, наным-сенімдерді жинақтап, жазып алып жариялап отырған. Әбубәкір Диваевқа мәлімет берушілер қатарында Қазалы уезінен Қансабай Амандықов, Перовск уезі Кеңтүп болысынан Ақмамбет Тоқпаев, Мүсілім Қарақожаев, Перовск уезінен Жұманазар ақын, Перовск уезі, Қысбөгет болысынан Пірмұхамед Тойтанов, Перовск қазағы Мұхамедәли Шахмұратов, т.б. болды. Ә.Диваевтың 1920 жылғы Сырдария экспедициясы кезінде жинаған материалдары жарияланып үлгірмей, қолжазба күйінде қалған.
Әбубәкір Диваевтың «Несколько слов о свадебном ритуале киргизов Сырдарьинской области» атты мақаласы Сырдария облысы қазақтарының үйлену рәсіме қатысты сал-дәстүрлерге арналып, араб және орыс тілдерінде басылып шыққан, мақалада қалыңдықтың ұзату тойында айтылатын «ау-жар» мен қалыңдықтың күйеу жігіт ауылына келін болып түскеннен кейін беташарда айтылатын өлең мәтіндері берілген [97]. Осы автордың «Древне-киргизские похоронные обычай» атты еңбегінде егде тарқан адамды, орта жастағы адамды және жас адамды жерлеудегі айырмашылықтары мен жерлеуден кейінгі атқарылатын рәсімдердің айырмашылығы мен атқарылуының жон-жосығын берген [90]. Ә.Диваевтың «Ит-ала-каз» [93] «Поверье» [99] «Поверье, призыв ветра» [100] «Приметы» [101], «Шайтан-искушитель» [104], «Баксы» [88] «Волшебный заговор против укуса ядовитых насекомых и пресмыкающихся» [89], «Причитание» [102], «Из области киргизских веровании. Баксы, как лекарь и колдун» [91], «Киргизские болезни и способы их лечения» [96], «Из области киргизского скотоводческого хозяйства» [92], «Пастухи» [98], «Киргизские болезни и лечение их посредством пения бедик» [95], «К вопросу о наречении имен у киргизов» [94], «Промыслы и занятия туземцев Азиатского города Ташкента» [103] және т.б. көптеген еңбектері Сырдария экспедициясы нәтижесінде жазылған. Ә.Диваев тұрмыс-салт жырларының қай түрі болсын, жинап алысымен ретке келтіріп, орысшаға аударып, түсініктемелерін жазып, жариялауға асыққан және олардың негізгі денін Перовск уезінде болған сапарында жазып алған.
Белгілі түрколог-ғалым Александр Николаевич Самойловичқа қазақ ұлтының зиялысы, Перовск уезі, Гродеков болысының қазағы Мұстафа Шоқайдың дерек беруі бойынша жазылған «Запретные слова в языке казак-киргизской замужней женщины» атты мақаласы Сыр бойы келіндерінің күйеуінің туыстарына «ат қою» мәселесіне арналып, оны «Живая старина» беттерінде жариялаған [325, 161-168]. Мұстафа Шоқай мен Александр Самойлович Санкт-Петербургте Әлихан Бөкейханов арқылы кездескен болуы керек. Бұл уақытта Мұстафа Шоқай Петербор университетінің заң факультетінде оқып жүрген, оны тамамдаған соң 1914 жылы Ә.Бөкейхановтың ұсынысымен ІV Мемлекеттік Думаның мұсылмандар фракциясының секретары міндетін атқарды. А.Н.Самойлович Мұстафа Шоқайдың айтып беруі бойынша, Перовск уезі, Гродеков болысы қазақтарының әзіл-қалжыңдарын да орысшаға аударып, «Из казак-киргизских материалов М.Чокаева» атты мақала жариялап, ғылыми түсініктемелерін берген [326, 05-07]. А.Самойловичтің «К вопросу о наречении имени у турецких племен» атты мақалаласы да осы журналда басылған [327, 197-300]. Автордың «Оседлое население Туркестана» атты шолуында [328, 8.] Сыр қазақтары да қамтылған.
И.И.Гейердің «Туркестан» [78] деп аталатын еңбегін автордың Түркістан-генерал губернаторлығында қызмет еткен жылдарындағы зерттеу жұмыстарының қорытындысы деуге болады, осы еңбектің негізгі мазмұндары 1898 жылы «Туркестанские скитания» деген атпен «Туркестанские ведомости» газетінде жарияланды [79]. И.И.Гейердің жазбаларынан Сырдың төменгі ағысы бойы қазақтарының аң шаруашылығы, балық шаруашылығындағы сирек кездесетін әдіс-тәселдерді іздеп табуға болады.
Н.Н.Балкашинның «Киргиз и вообще о подвластных киргиз мусульманах» [44] атты еңбегінде Сыр өңірінің тарихи-демографиясына да қатысты мәліметтер қозғалады.
М.Тынышпаевтың «Материалы к истории киргиз-казахского народа» [359], «Историческая справка и племенной состав коренного населения Ташкентского уезда (из материалов к национальному размежеванию в Туркестана» [358] атты зерттеулерінің қазақ халқының этникалық тарихына, миграциясына, этнониміне қатысты зерттеулерінің ғылыми қарымдылығы ерекше. М.Тынышпаев телеу, табын, т.б. Кіші жүз руларының Алтай өңірінен Жетісу арқылы қоныс аударғанын ғылыми тұрғыда негіздейді.
И.И.Зарубин жазбаларынан тарихи-демографиялық, саяси-экономикалық мәліметтер алуға болады [137; 138].
Н.Дингельштедттің «Опыт изучения ирригации Туркестанского при Сыр-Дарьинская область» атты еңбегі [107] Сыр өңіріндегі ирригация жүйесін, арық, тоғандардың аттарын қамтыған және жер жырту, жер өңдеу мәселелерінің ХІХ ғасырдың екінші жартысында қалай атқарылғандығынан толыққанды мәлімет беретін құнды туынды, сондай-ақ автор көшпелілер мен отырықшылардың арасалмағына өзіндік саралау жасаған.
М.В.Лавровтың «Туркестан. География и история края» атты еңбегінде Түркістан өлкесінің тарихы, халқы жер-суы, архитектурасы қамтылған. Әсіресе Қазалы уезінен түсірілген бай қазақ отбасының киіз үйінің ішкі көрінісінің тарихи-этнографиялық маңыздылығы ерекше және аталмыш сурет мазмұны Сыр өңірі қазақтарының материалдық мәдениетіндегі ерекшеліктерді нақтылауда бағыт беретін фотоқұжат деп санауға болады [208].
Ашмариннің «Кочевые пути, зимовые стойбища и летовки (Историческое описание)» атты мақаласында Ырғыз шектілерімен қатар Сыр бойындағы шектілердің көшу жолдарын қамтыған. Автор ХХ ғасырдың 20-шы жылдарындағы көш жолдары мен ХІХ ғасырдағы көш жолдарының қашықтығын салыстыра отырып, көш жолдарының дәстүрлі ырғағының бұзылуының себептерін «отаршылдықпен» байланыстырып, шындықты ашып көрсеткен [37].
М.Д.Спиридоновтың 1922 жылы «Сибирская природа» атты журналға жарияланған «Киргизские пустынные степи» атты еңбегінің Сыр өңірінің тарихи географиясы үшін маңызы жоғары, әрі автор Перовск уезінің шығысында орналасқан қазақтардың жаздық қоныстарын, Ұлытау, Сарыарқа жерлеріне көшу жолдарын қамтыған [336].
М.А.Лялинаның «Путешествие по Туркестану Н.Северцова и А.Федченко» атты еңбегі халықтық білімдер жүйесіне қатысты құнды мәліметтерді қамтиды [215], Янурий Алоизий Маг-Гаханның «Военные действия на Оксусе и падение Хивы» атты еңбегінің «Еділден Сырдарияға дейін», «Қазалы», «Форт Перовск», «Жолда», «Қазақ ақсақалы», «Көне қала» атты бөлімдері байырғы қазақ ауылының келбетін сараулаға негіз болады [216].
Көрнекті географ-ғалым Л.С.Бергтің экспедициясы Арал теңізімен қатар Сырдарияның төменгі арнасы өңірін де қамтыған, оның палеогеографиялық, ихтиологиялық, картографиялық, этнографиялық материалдарының ғылыми құндылығы жоғары [55].
В.В.Бартольдтың «История культурной жизни Туркестана» атты еңбегінде Сыр өңіріне ислам дінінің таралуы, Сыр өңірін мекендеген қыпшақтар мен оғыздардың көрші тайпалармен сауда-саттық қарым-қатынастары сияқты мәселелер қамтылған [46, 109-163]. В.В.Бартольдтың «Туркестан в эпоху монгольского нашествия» [48], «К истории орошения Туркестана» атты еңбектерінің Түркістан өлкесі, соның ішінде Сыр өңірінің тарихы мен тарихи-этнографиясына қатысты берер ғылыми деректерінің маңызы жоғары [47]. В.В.Бартольдқа арналған Түркістандық достарының жинағында Сырдың орта ағысы тұсындағы қазақтардың тарихи-этнографиясына қатысты мәліметтер баршылық, осы жинақтағы көптеген деректер салыстырмалы сараптау жасауға дерек көздер болады [64].
Сырдың төменгі ағысы Арал теңізінің шығыс шақ бетін қамтитындықтан Тарас Шевченконың А.И.Бутаков экспедициясына қатысып, Аралда өткізген жылдарында салған көркем суреттерінің мазмұны материалдық мәдениеттің, әсіресе дәстүрлі баспана жүйесін саралауға дерек көз болады [377].
П.П.Румянцевтің «Киргизский народ в прошлом и настоящем» атты еңбегінде Патша үкіметі әкімшілік Ережелерінің қазақ даласына жүргізілуіне сәйкес көшпеліліктен отырықшылыққа өту кезеңдерінің ерекшеліктері қамтылған [314].
Г.Н.Потаниннің «Казак-киргизская и алтайская предания, легенды и сказки» атты еңбегінде [307, 54-64] қазақ халқының этникалық тарихына, шығу тегіне қатысты әңгімелер Сыр өңірін мекендеген қазақтарға тікелей қатысты. Г.Н.Потанин үш жүзді құраған қазақ руларының қоныстарын қамтығанда Перовск уезінде көрсеткен, рулардың қоныстарын толық қамтылмағанымен, жекеленген рулардың этногеографиясы үшін маңызды мәлімет болып табылады.
Халел Досмұхамедов «Кіші жүздің рулары» атты жазбасында Кіші жүз руларының Перовск және Қазалы уездеріндегі қоныстары да қамтыған [114].
Әлихан Бөкейхановтың жазбалары Сыр өңірі қазақтарының көрші уездер қазақтарымен салыстырмалы көрсеткіштер жасауға және этникалық тарихын саралауға негіз болды [61], ал Мағжан Жұмабаевтың «Сырдағы Алашқа» атты жазбасы [129] Сыр қазақтарының рухани мәдениетін нақтылауға қатысты маңызды дерек болады.
В.П.Ивановтың «Джут в Сырдарьинской области» атты жазбасында 1927-1928 жылдардағы болған Сырдария облысын қамтыған үлкен жұттың салдары, жұттан болған мал шығындары қамтылған [143].
А.Рязановтың «Прошлое Кзыл-Орды (Ак-Мечеть)» тарихи очеркінде Сыр өңіріне Қоқан, Хиуа хандықтарының шапқыншылықтары, ежелгі өркениет іздері, қала-қоныстардың тарихы, жергілікті қазақтардың сауда-саттық қарым-қатынастары, дәстүрлі шаруашылық пен кәсіпшіліктеріне қатысты тарихи-этнографиялық мәліметтер жүйелі қамтылған [319].
А.Нестеровтың «Прошлое приаральских степей в преданиях киргизов Казалинского уезда» [276], А.Башмановтың «Первобытная история турецко-монгольских племен» [49] атты мақалаларында Сырдың төменгі ағысын ру-тайпалардың қоныстану тарихы мен оғыз тайпасының этникалық тарихына қатысты аңыздар берілген.
Ф.А.Фиельструп жазбаларында Сыр өңірі қазақтары ішінара ғана қамтылғанымен құнды мәліметтер бар. Автордың «Скотоводство и кочевание в части степей Западного Казахстана» атты мақаласы Перовск қазақтарының қазақ жерінің батысына қай уақытқа дейін көшкендігін анықтауға негіз болса [366], «Из обрядовой жизни киргизов начала ХХ века» атты жазбасынан Перовск уезі қазақтарының жерлеу ғұрпына қатысты дерек табуға болады [365].
Сыр өңірі қазақтарының тұрмыс-тіршілігінің ерекшелігі туралы ХІХ-ХХ ғасырдың 1-ші жартысындағы Сыр сүлейлері мен шайырларының айтыстары, термелері де этнографиялық дерек көздер бола алады [201; 7]
ХІХ-ХХ ғасырдың бас кезінде жарық көрген баспасөз материалдары кеңінен қамтылды. Бұрынғы баспасөз беттерінде жарияланған мәліметтерді ғылыми маңыздылығы жағынан архив құжаттарымен тең қоюға болады.
М.А.Крямечевтің «Дисперсия коэффицента детей школьного возраста кочевого и оседлого населения Туркестана. Котта-Курганский и Перовский уезды» [191], О.Полочанскийдің «За новый аул-кстау» [304], атты еңбектерін негізге ала отырып, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ ауылдарындағы әкімшілік, әлеуметтік-экономикалық жағдайларға қатысты өзгерістерді нақтыладық.
Жоғарыда тізбектелген ХІХ ғасыр – ХХ ғасырдың бас кезінде жарияланған еңбектердің Сыр өңірі қазақтарының біз зерттеу нысанасына алып отырған кезеңдегі тарихи этнографиясының қыр-сырын ашып, зерттеуде басты ғылыми дерек болып табылады.
Зерттеу мәселесінің тарихнамасының келесі тобын статистикалық комитеттер жазбалары, санақ кітаптары және санақ нәтижесі бойынша жазылған еңбектер құрайды.
1865 жылдан бастап құрылған облыстардағы статистикалық комитеттер, статистикалық партиялардың қызметі негізінен патша үкіметінің отарлау саясатымен астарлас болды. Олардың басты міндеттерінің бірі орыс шаруаларын қоныстандыруға ыңғайлы шұрайлы жерлерді іздестірумен қатар, жергілікті жерге патша үкіметінің билігін нығайтуға бағытталды. 1870 жылы Түркістан статистикалық комиссиясы мүшелері жүргізген санақ қорытындыларына негізделген Н.А.Маев басшылығымен шығып тұрған «Материалы для статистики Туркестанского края» атты жинақтан Түркістан өлкесін мекен еткен тайпалармен қатар, Перовск және Қазалы уезіндеріндегі қазақтардың түтін саны, қоныстары жайында маңызды мәліметтерді алуға болады. Жинақтың 1-шығарылымының Сыр өңіріндегі халықтардың этнодемографиясы мен көшу жолдарын анықтаудағы маңызының ерекше екендігі даусыз [242].
Сырдың төменгі ағысы бойын мекендеген қазақтардың ру-тайпалық құрамы, статистикалық көрсеткіші, мерзімдікқоныстары, суару көздері, егін шаруашылығының дамуы, салық жүйесі сияқты өзекті мәселелерін айқындауда, ХІХ ғасыр – ХХ ғасырдың бас кезінде ауыл шаруашылығы негізінде жүргізілген статистикалық санақ нәтижелері басшылыққа алынды. Статистикалық санақ нәтижелері этнодемография, этностатистика салалары үшін құнды деректер болып табылады. Ауыл шаруашылығы негізінде жүргізілген статистикалық партия санағы нәтижелері Сыр бойындағы қазақтардың ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі нақты қоныстары жайындағы маңызды мәліметтерді жинақтаған. Әсіресе қыстау аттарын нақтылауға басты нұсқау материалы болып, нәтижесінде Сыр өңірі қыстауларының атаулары мен қыстауды қамтамасыз еткен су көздерінің атаулары жинақталды [Қосымша В, Қосымша Г].
Ауылшаруашылығы негізінде жүргізілген бұл санақ Қазақстанның барлық аймағын дерлік қамтып, әрбір санақ кітабында сол аймақтың тарихи-географиясы, дәстүрлі жайылымдары, қоныстарының аумағы, мерзімдік қоныстары жайында маңызды сипаттаулар беріліп отырылды. Бірақ ондағы хаттама, тіркеме қағаздардың жүйесіз екендігін, ауыл ақсақалдары сияқты жеке адамдарға қатысты анықтамалардың берілмеуін ескерсек, оларды әлі де зерттеу қажеттігі тағы бір дәлелдене түседі. Оның үстіне санақ жүрген кезеңде қазақтардың көшпелі тұрмысына байланысты, алысқа көшетін тайпалардың шалғайдағы ауылдарының көпшілігі санаққа кірмей қалды, кейбір шалғай ауылдың мәліметі кейде көрші ауылдың айтуы бойынша жазылды.
Ауылшаруашылығы санағы Перовск уезінде 1910 жылы көктемнің басы мен күздің соңында көшпелілердің қыстауда болатын уақытында П.Скрыпловтың басшылығымен жүргізіліп, оған И.И.Рылов, В.А.Якиманский, И.Е.Суслов, П.И.Путилов, Е.Е.Яшловтар қатысты, [262] ал Қазалы уезінде санақ 1911 жылы статист И.Рыловтың басшылығымен жүргізілді [261]. Статистар есеп кезінде кей ауылдың әлі қыстауға оралмауы себепті санаққа кірмей қалғанын жасырмаған, себебі алысқа көшетін ауылдар қазан-қарашада күздеуде отырып, Сыр бойына желтоқсанның 1-жартысында оралған. МКЗ кітаптарына енген Перовск және Қазалы уездерінің қыстауларының орындары көрсетілген карта қыстау аттарының каталогын жасауға бағыт болар құжат болып табылады.
Перовск және Қазалы қазақтарының бір бөлігі Қостанай уезіндегі жайлауларға көшіп, 1898 жылы Қостанай уезі жерінде жүргізілген ауылшаруашылығы санағы кезінде, ондағы статистар Сыр қазақтарының жайлауында болып, олардың қонысы мен саны, жайлауда болу мерзімі жайында маңызды анықтама берген [256]. Перовск және Қазалы қазақтарының жазғы және қысқы көші-қон бағытын нақтылауға көршілес Ырғыз уезінде [253], Ақтөбе уезі [257], Торғай уезі [254], Әмудария бөлімдерінде [244] жүргізілген санақ нәтижелері негіз болды. Шымкент уезі [259], Шу және Черняев бөлімдерінде [260], Семей уезінде [258], Темір уезінде [255] жүргізілген санақ нәтижелері жергілікті рулардың этникалық миграциясын нақтылауға көмек көрсетті.
Ауылшаруашылық санағы экспедициясы зерттеуге алған аймақтың географиясын, жер-су шаруашылығын, табиғатын зерттеп, аймақтық карталар жасау ісін негізге алған. Зерттеу нәтижесі «Предварительный отчет об организации и исполнении работ по изследованию почв Азиатской России в 1910 года» атты еңбекте жинақталып, жинаққа С.С.Неуструевтың «Зона южной полупустыни. Перовский уезд Сырдаринской области» атты мақаласы мен «Почвенные районы Перовского уезда Сырдаринской области» атты картасы енді, сондай-ақ, Сыр қазақтарының жайлауға көшу жолында қырда түскен аса құнды бірегей фотосуреттерін енгізген [277]. С.С.Неуструевтың осы зерттеуі нәтижесі «Почвоведение» журналында да жарияланды [278].
Сырдария Облыстық Статистикалық комитеттің «Обзор Сыр-Дарьинской области» атты жинақтарындағы статистардың 1886 [294], 1889 [284], 1892 [285], 1895 [286], 1906 [287], 1908 [288], 1909 [289], 1910 [290], 1911 [291], 1912 [292], 1913 [293] жылдардағы жүргізген еңбектерінің есебі берілген, соның ішінде мал шаруашылығын ұйымдастыру, көшпелілер мен отырықшылардың, ауыл мен қала тұрғындарының ара салмағы, дәстүрлі кәсіптердің дамуы, агрокешендік мәліметтер, жергілікті халықтардың жастық және жыныстық құрамы, діни сенімдерінің статистикасы, халықтың қоныстану тығыздығы, табиғи өсуі мен кемуі сияқты тарихи-демографиялық мәліметтердің де маңызы зор. «Обзор Сыр-Дарьинской области» атты жинақтардың қай жылғы басылымын алып қарасақта, өткен жылдың қорытындысымен салыстырмалы көрсеткіш беріп отырған.
1920 жылы 28 сәуірде сол кездегі ауыл шаруашылық санағымен қоса қабат жүрген алғашқы кеңестік санақ өткен. Бұл уақытта Азамат соғысы біте қоймағандықтан санақ Қазақстанның территориясын, соның ішінде Сырдария облысын да толық қамтымаған. Санақ нәтижесі жарияланған еңбек Перовск және Қазалы уездері тұрғындарының демографиясымен қатар, сол кезеңдегі әкімшілік бөлінісін және болыстардың географиясын нақты береді. Осы санақтың Сырдария облысында жүргізілу нәтижесінің қорытынды есебі «Материалы Всероссийских переписей 1920 года» атты жеке еңбек болып жарияланып, Перовск және Қазалы уездерінің мәліметтері 1-бөлімінде қамтылған [241]. Д.П.Красновскийдің жетекшілігімен Түркістан Республикасының Орталық Статистикалық Басқармасының есеп кітабының мәліметтері де осы 1920 санақ кезінде жүргізілген зерттеулерге негізделген, аталмыш еңбекте қала мен ауыл тұрғындарының, көшпелілер мен отырықшылардың арасалмағы, өңірдің этникалық құрамының статистикасы берілген [299].
Қызылорда уезінде қазақ ауылдарында Казақ Кеңестік Социалистік Автономия Республикасының Орталық Статистикалық Комитеті 1924-1925 жылдары зерттеу жүргізіп, нәтижесінде 1926 жылы О.Жандосовтың алғы сөзімен В.Г.Соколовскийдың «Казахский аул» атты еңбегі жарияланған. Аталмыш еңбектегі деректер 1920 жылдардағы қазақ ауылының келбетін, байырғы қазақ ауылынан айырмашылығын нақтылап береді. Зерттеушілер Қызылорда уезіне қарасты Төлес ауылы, Тереңөзек, Жалағаш, Қараөзек болыстарының картасын жасаған, оған болыстардың шекарасы мен гидрологиялық сызбасы енген, Төлес ауылының шежіре кестесін жасап қосымшасына енгізген. В.Г.Соколовскийдің осы еңбек арқылы ғылыми айналымға ендірген Қызылорда уезі болыстарының картасы, шежірелік диаграмасы мен сол кездегі қыстау үйлердің сыртқы көрінісінің сызбасының этнографиялық мәні зор [335]. 1926 жылғы Бүкілресейлік санақ қазақ жерінің этнодемографиясын қамтып қана қоймай, қазақ уездерінің әкімшілік бөлінісін көрсететін карталар сызбасын берген [74].
Н.Гавриловтың «Переселенческое дело в Туркестанском крае (области Сырдаринская, Самаркант и Ферганская)» атты еңбегі Перовск және Қазалы уезіндегі көшпелі және отырықшы мал шаруашылығы, қосалқы кәсіптердің дамуын Сырдария облысының басқа уездерімен салыстыра саралауға негіз болады, әрі 1910 жылы Перовск уезінен түсірілген этнографиялық фотоқұжаттар топтамасы Перовск қазақтарының сол кезеңдегі тұрмысына нақты дәлел болады [75].
Жоғарыда берілген авторлар жинақтаған деректердің ғылыми танымдылығы уақыт өткен сайын арта түсетіндігі, құнды материалдар ретінде бірқатар іргелі зерттеулерге арқау болатындығы еш күмән тудырмайды. Қазақтың дәстүрлі этнографиясын нақтылауға дерек берер информаторлардың қатары азая түскен қазіргі уақытта байырғы қазақтардың ортасында болып жазылған осындай еңбектердің құндылығы, ғылыми танымдылығы арта түсетіні анық.
Зерттеу жұмысының тарихнамасының келесі тобына 1940 жылдардан кейінгі ХІХ-ХХ бас кезінің таихи-этнографиясына ғылыми зерттеулерді топтастырдық. Сырдың төменгі ағысы бойына тайпалардың қоныстануы, ерте түркілердің миграциясы, осы жерді мекендеген ру-тайпалардың дәстүрлі шаруашылығының қалыптасуының тарихи-түп тамырын, кәсіпшіліктердің қалыптасу тарихын саралауда археоэтнографиялық зерттеулер, археологиялық экспедициялар материалдарының деректері қамтылды.
А.Н.Бернштамның археологиялық зерттеу обьектісі Сыр өңірін де қамтыған, Сыр өңірі тайпаларының этногенезіне қатысты өзіндік көзқарастары жұмыс мәтінінде қарастырылды [56; 57]. КСРО ҒА Хорезм экспедициясы аясында С.П.Толстовтың басшылығымен 1946-1951 жылдар аралығында Жетіасар мәдениетіне жататын бірнеше асарларға, одан әрі 1957-1966 жылдар аралығында Сырдарияның төменгі ағысын мекендеген ежелгі тайпалардың қала-қоныстарына, қорымдарына қарқынды зерттеулер жүргізіліп, жұмыс нәтижесі С.П.Толстовтың «Города гузов» [349], «Приаральские скифы и Хорезм ( к истории заселения и освоения древней дельты Сырдарья)» [353], «Древний Хорезм» [350], «По следам древнехорезмской цивилизации [352]», «По древним дельтам Окса и Яксарта» [351], т.б. ғылыми еңбектерінде жарияланды. С.П.Толстовтың Арал өңірінің этникалық мәселелерін саралаудағы деректерінің маңызы зор. Ол біз зерттеп отырған өңірдегі тайпалар локализациясын б.э.д. 1-мыңжылдықтардағы тарихи оқиғалармен [350, 231-, 243-244], Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы археологиялық ескерткіштер деректерімен [351; 352] байланыстырған, өзіне дейінгі жазба деректермен нақтылаған. С.П. Толстов 1940-1960 жылдар аралығын қамтыған Хорезм экспедициясының ғылыми нәтижелері Арал маңының ежелгі тайпаларының этногеографиясын, палеогеографиясын ғылыми тұрғыда нақтылай түседі. С.П.Толстов Сыр өңірі тайпаларының көшпелі шаруашылығын осы өңірді мекендеген ерте және ортағасырлардағы көшпелі тайпалар өмірімен байланыстырады [349, 99].
Хорезм экспедициясына қатысқан Л.М.Левинаның «К вопросу об антроморфных изображениях в джетыасарской культуре» [209], «Этнокультурная история Восточного Приаралья: 1 тыс, до.н.э. – 1 тыс. н.э.» [211], «Керамика нижней и средней Сырдарьи в І тысячелетии н.э.» [210] материалдары Сырдың төменгі ағысы бойындағы ежелгі өркениеттің дамуымен қатар, өндірісті шаруашылықтардың дамуы тарихын, көне тайпалардың шаруашылықтары мен кәсіптерінің даму эволюциясын заттай және жазба деректер арқылы нақтылай түседі. О.А.Вишневскаяның «Культура сакских племен низовьев Сырдарьи в VII-V вв. до н.э.» атты монографиясы [69] Сырдарияның ескі арнасы Іңкардария бойындағы Ұйғарақ қоныстарының материалдары негізінде жазылған, аталмыш еңбекте Сыр өңірін қоныстанған байырғы сақтардың мәдениеті қамтылған, ондағы ғылыми деректер Сыр өңірін қоныстанған қазақтардың этникалық мәдениетінің түптамырын тарихи кезеңдермен байланыстыруға негіз болады. Хорезм экспедициясы материалдары негізінде археоэтнографияның барлық салаларын қамтыған «Низовья Сырдарьи в древности» атты жинақ-журнал жарық көріп, онда этноархеологиялық мәлімет беретін экспедиция зерттеулерінің нәтижесі жарияланып тұрды.
Ресейлік ғалым Б.И.Вайнберг 1960 жылдардан бастап, Арал, Каспий, Сырдария және Әмударияның төменгі ағыстары бойында өмір сүрген тайпалардың этногеографиясы, палеогеографиясы, Ежелгі Тұранның экологиясы мәселелерін зерттеумен шұғылданып, бірнеше құнды еңбектер жазған. Автордың «Этногеография Турана в древности VІІ в. до н.э. – VІІІ в.н.э.» атты монография, 1960 жылдардан бергі зерттеу жұмыстарының нәтижесі, онда Тұран ойпаты аймағындағы тайпалардың ертедегі миграциялақ ағымдарын, сақ, қаңлы, алан, ғұн, т.б. Сыр бойылық ежелгі тайпалардың этномәдени үдерістері қамтылған [65]. Б.А.Литвинскийдің зерттеулері де Орта Азия және Қазақстандағы ежелгі көшпелілердің этногеографиясын қамтыған [213].
Белгілі ғалымдар С.Г.Кляшторный [177], Т.И.Султанов [338], С.Г.Агаджановтар [1] Сырдария, Арал бассейніндегі ежелгі көшпелі тайпалардың тарихы мен қоныстану мәселесін жіті зерттеген.
Сыр өңірі қазақтарының этникалық географиясын нақтылауда кеңестік дәуірдегі этникалық картографияның теориясына, тәжірибесіне сүйене отырып, этникалық картографиялық зерттеулерді басты нысанаға алдық, осы тұрғыдан келгенде КСРОҒА «Историко-этнографический атлас Средней Азии и Казахстана» атты ғылыми жобасы бойынша жасаған жұмыстар мен оның нәтижелерінің маңызы зор.
Т.А.Жданконың «Историко-этнографический атлас Средней Азии и Казахстана (принципы и методы составления) [121], «Проблема полуоседлого населения в истории Средней Азии и Казахстана» [124], «Номадизм в Средней Азии и Казахстана (некоторые исторические и этнографические проблемы)» [122] атты еңбектерінде Сыр өңірінің тарихи-этнографиялық мәселелері ішінара қамтылған.
Б.В. Андриановтың «Карта народов Средней Азии и Казахстана (по данным переписи 1926 г.)» [21], «Древние оросительные системы Приаралья» [20], «Неоседлое население мира» [22] атты еңбектерінде Орта Азия, соның ішінде Арал жағалауындағы отырықшы және көшпелі-малшы қазақтарды зерттей отырып, шаруашылық-мәдени типіндегі өзіндік ерекшеліктерді нақтылады және дәстүрлі шаруашылықтың дамуындағы архайкалық ғұрыптарды көрсеткен.
«Народы мира. Этнографичечкие очерки» сериясы бойынша жарық көрген «Народы Средней Азии и Казахстана» атты ұжымдық еңбекте Сыр бойы қазақтары ішінара қамтылып, шолу жасалған [273] «Хозяйственне-культурные традиции народов Средней Азии и Казахстана» атты жинаққа енген Б.В.Луниннің «Материалы к историографии истории хозяйства народов Средней Азии и Казахстана» [399], М.В.Сазонованың «Обзор материалов из фондов Центрального Государственного архива УзССР по ирригации и земледелию (к Историко-этнографическому атласу народов Средней Азии и Казахстана, конец ХІХ-начало ХХ в.)» [400] атты еңбектерінде де Сыр өңірінің қазақтары ішінара қамтылған.
Сыр өңірі тайпаларының кей бөлігінің жаугершілік замандарда бас сауғалап қоныс аударуы, көрші халықтың тайпаларының құрамына кіру тарихы мен олардың өзге елдегі тұрмыс-тіршілігі жайындағы деректер К.Ш.Шаниязов [375], Р.Г.Кузеев [192], Т.А.Жданко [123] еңбектерінен көрініс тапқан.
П.Г.Галузоның «Аграрные отношения на юге Казахстана в 1867 – 1914 гг» атты еңбегінде Перовск және Қазалы уездері көшпелілерінің отырықшылыққа өту процесі қамтылған [77].
С.Е.Толыбековтың «Общественно экономический строй казахов в ХVІІ-ХІХ веках» [355], «Кочевое общество казахов в ХVІІ-ХХ века (политико-экономический анализ)» [354] атты зерттеулерінде Сыр өңіріндегі көшпелі қазақтардың дәстүрлі шаруашылық харекеттері қамтылған.
К.М.Байпаковтың «Культ барана у сырдарьинских племен» атты мақаласының байырғы және қазіргі Сыр өңірі қазақтарының наным-сенімдеріндегі қой, қошқар культінің тарихи-түп тамырын негіздеуге ғылыми жолсілтеу болды [41], ал осы автордың «Қазақстанның ежелгі қалалары» атты кітабынан Сыр өңіріндегі ежелгі қала-қоныстарға қатысты этноархеологиялық материалдарды пайдаландық [42], С.М.Ахинжанов [36], С.Жолдасбаевтың «Сығанақтың сырын ашалық» атты мақаласы Сыр өңіріндегі байырғы қаңлы, қыпшақтардың қонысын, байырғы отырықшылық өркениетін негіздейді [126]. Археолог ғалымдардың Сыр өңіріндегі байырғы тайпалардың қоныстары мен осы өңірдегі ежелгі мәдениеттің, шаруашылықтардың дамуын археологиялық деректерді жазба деректермен негіздей отырып жүргізген зерттеулері археоэтнографиялық деректердің негізгі ұстанымы болды.
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты этнология бөлімі 1955 жылы «Қазақстан және Орта Азия халықтарының тарихи-этнографиялық Атласы» атты тақырып бойынша кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастап, Қазақстанның бірқатар облыстарында экспедиция ұйымдастырып, далалық материалдар жинақтады. Экспедиция 1958 жылы Қызылорда облысы қазақтарын қамтып, В.В.Востровтың жетекшілік етуімен зерттеу жұмыстары Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Шиелі аудандарында жүргізілген. Экспедиция құрамында Тарих, археология және этнография институтының мамандары М.С.Мұқанов, Р.Д.Ходжаева, В.Галиев, М.Оразбаков, ҚР Орталық Мемлекеттік Музей маманы Н.А.Оразбаевалар болып, зерттеу нәтижелері В.В.Востровтың «Некоторые вопросы этнографии казахов Кзыл-ординской области» [71], М.С.Мұқановтың «К вопросу о родорасселении казахов на территории Казалинского и Перовского уездов Сырдарьинской области (вторая половина ХІХ века)» [264] атты мақалаларында, И.В.Захарова, Р.Д.Ходжаеваның «Казахская национальная одежда (ХІХ – начало ХХ вв.)» [139] атты зерттеуінде, М.С.Мұқановтың «Казахская юрта» [265] атты еңбектерінде қамтылған. Бұл еңбектердің иллюстрациялық деректерінің де маңызы айырықша. Экспедиция мүшелері зерттеу жұмыстары кезінде алынған материалдық мәдениет мұраларын ҚРМОМ коллекциясына өткізген [204].
В.В.Востров, М.С.Мукановтың «Родоплеменной состав и расселение казахов (конец ХІХ – начало ХХ вв.)» [72], Х.Арғынбаев, М.Мұқанов, В.Востровтардың «Қазақ шежіресі хақында» [31] еңбектерінде Перовск және Қазалы уездері қазақтарының ру-тайпалық құрамы мен мерзімдік қоныстары қамтылған. Авторлардың бұл еңбектерінің жазылуына алғашқы санақ материалдары, әскерилер зерттеулері және Қызылорда этнографиялық экспедициясы материалдары деректік негіз болған. «Родоплеменной состав и расселение казахов (конец ХІХ – начало ХХ вв.)» атты еңбекте Перовск және Қазалы уездерінің ру-тайпалық құрамы картамен берілген.
Қызылорда экспедициясының материалдары «Хозяйство казахов на рубеже ХІХ-ХХ веков. Материалы к историко-этнографическому атласу» [370] атты ұжымдық еңбектің «Перовский уезд», «Казалинский уезд» бөлімдерін жазу кезінде, сондай-ақ, Х.Арғынбаевтың «Қазақ отбасы» [28], «Қазақ халқының қолөнері» [29], «Народные обычай и поверья казахов, связанные со скотоводством» [398] атты еңбектерінде қолданылған. Э.А.Масановтың «Казахское войлочное производство в 2-й половине ХІХ в. и нач. ХХ в.» [240], Ө.Жәнібековтың «Жолайырықта», «Эхо» атты [120; 87] еңбектерінде де Қызылорда облысы қазақтарының материалдық және рухани мәдениеттері қамтылды. 1940 жылы ҚРҒА-ның Тіл және әдебиет институты Қызылорда облысы, Арал ауданына диалектологиялық зерттеу мақсатында экспедиция жүргізген. Зерттеу нәтижелері С.Аманжоловтың жазбаларында [17] және Ж.Досқараевтың «Арал, Каспий балықшыларының тіліндегі профессионалдық лексиканың материалдары» [113] атты мақалаларында қамтылған. Диалектологиялық зерттеулер Сыр қазақтарының тіліндегі этнографиялық сөздерді анықтап, яғни этнолингвистиканың әдет-ғұрыппен байланыстылығын нақтылауға негіз болады.
1960, 1989, 1991 жылдары ҚРМОМ этнографиялық экспедициясы материалдық мәдениет мұраларын жинау мақсатында Қызылорда облысында болып, жергілікті тұрғындар қолындағы заттық мәдениет ескерткіштерін жинақтап, ғылыми паспортын жасаған [204].
1998 жылы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты тарихи-мәдени мұраларды жинау мақсатында Қызылорда облысында экспедиция жүргізген. 2000 жылы маусым айында Астана қаласындағы Президенттің мәдени орталығының Этнографиялық залын жасақтау мақсатында этнограф-ғалым Нұрсан Әлімбайдың басшылығымен Қызылорда қаласы, Тереңөзек, Сырдария аудандарында этнографиялық экспедиция жұмыс жасады. Экспедиция нәтижесінде жиналған мұралар аталмыш орталықтың қорына тіркеліп, ғылыми паспорты жасалып материалдық мәдениеттің заттай деректері ретінде зерттелді.
ҚРМОМ-ның «Қазақтың дәстүрлі этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулар жүйесі» ғылыми-зерттеу жобасы бойынша музей қызметкерлері Досымбек Қатран мен Ақеділ Тойшанұлы 2007 жылдың 26 қыркүйек – 8 қазан аралығында Сыр бойының Арал, Қазалы, Жалағаш, Тереңөзек аудандарында болып, шаруашылық заттардың жергілікті атауларын, мәнісін, қолданыс аясын зерттеумен шұғылданды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Археология, этнология және музеология кафедрасы «Қазақ халқының дәстүрлі мұраларын жинау, жүйелеу және жариялау» ғылыми-зерттеу жобасы аясында 2012-2013 жылдары Қызылорда облысына далалық-этнографиялық экспедиция ұйымдастырды.
Ә.Марғұлан [236;237], У.Шалекенов [374], О.Исмағұлов [147; 148], С.Әжіғали [38; 4; 5; 3], Ә.Төлеубаев [348], Ж.Артықбаев [34; 33], Н.Әлімбай [39; 14], А.Тоқтабай [347; 198, І, 116-125-б], Ш.Тоқтабаева [346] сияқты отандық этнограф ғалымдардың зерттеулері қамтылды. С.Әжіғалидың «Крател елінің асыл мұрасы» [38], «Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии» атты еңбектерінде [3] Арал теңізінің шығыс жағалауындағы бейіт, мазарларды есепке алып, картасын ұсынған. Бұл еңбектердің Сырдың төменгі ағысының Аралмен шектесетін тұсындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің қазақ тарихы мен этнографиясында, жалпы түркі әлемінде алатын орын нақтылауда маңызы зор. С.Әжіғали, Р.Бекназаровтар Сырдарияның төменгі ағысы бойын «Арал-Каспий» аймағы компонентінде қарастырады. Н.Э. Масановтың «Кочевая цивилизация казахов (Основы жизнедеятельности номадного общества)» [239], В.Ф.Шахматовтың «Казахская пастбищно-кочевая община (вопросы образования, эволюции иразложения)» [376] атты еңбектерінің қазақтардың көшпелі қоғамын саралаудағы теориялық негіздерінің маңызы зор.
Ә.Қоңыратпаевтың Сыр қазақтарының этникалық тарихына, діни тарихына қатысты этнофольклорлық саралауларының маңызы зор [202]. Т.Қоңыратпаевтың зерттеулерінен Сыр өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштеріне қатысты тарихи-этнографиялық мәліметтерін назарға алдық [203].
«Қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерi: өткендегiсi және бүгiнi» атты жинаққа енген А.Құдайбергенованың «Сырдарияның төменгі ағысында тұратын қазақтардың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүр ерекшеліктері» [205], А.Құдайбергенова мен Қ.Бекбалықтың «Оңтүстік Қазақстан қазақтарының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүр ерекшеліктері» [198, 1 т., 200-225] атты мақалаларының ішкі мазмұндары бірін-бірі толықтырады. Аталған мақалалар 1998 жылғы Қызылорда экспедициясы кезінде жинақталған материалдарға сүйене отырып жазылған, отбасылық әдет-ғұрыптар, құрбандық шалу, аруақтарға арнап иіс шығару, әулие аралау, Сыр өңірінде ХХ ғасырда өмір сүрген бақсылар, отбасылық-некелік қатынастарға негізделген әдет-ғұрыптар, құда түсу, қалта қарау кәдесі, құйрық-бауыр асату, келін түсіру, табақ тартуда қалыптасқан әдет-ғұрыптар, жерлеуге байланысты әдет-ғұрыптар мен ырымдар деген тақырыптарға бөліп қарастырған.
Е.Ж.Оразбектің «Некоторые черты традиционной культуры Сырдарьинских казахов» [295] атты мақаласы Сырдарияның сол жақ жағалауы бетінде орналасқан Жалаңаш ауданы, Таң ауылында 1993-1994 жылдары жүргізген бақылауы негізінде жазылып, онда бесікке салу, қырқынан шығару өлікті жөнелту, биіт тұрғызу, бастаңғы жасау, руаралық дәстүрлі билік атты тақырыптарды қамтыған.
Бүгінгі таңда ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениетіміздің қайта жаңғыруының, әсіресе қазақ этнографиясының етене дамуының, жекеленген мәселелердің арнайы зерттеу объектісіне айналып, ғылыми тұрғыда жан-жақты зерделеніп, этнография ғылымының жаңа қырынан дамуының куәсі болып отырмыз. Осы тұрғыдан келгенде Ахантаева Әмина Жағыппарқызының «Сыр өңірі қазақтарының дәстүрлі жер шаруашылығы: тарихи-этнографиялық зерттеу (ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басы)» деп аталған кандидаттық диссертациясы ғылыми-танымдық маңызы үлкен, қолданбалық-саяси мәні салмақты тақырыпты зерттеуге арналған [35]. Диссертациялық жұмыста ХІХ-ХХ ғасырлардың басындағы Сыр өңірінің қазақтарының жер шаруашылығы тарихи-этнографиялық тұрғыдан зерттеліп, онда егіншілік, бау-бақша шаруашылығы мен дәнді дақылдар мен бау-бақша өнімдерінен жасалатын тағамдар жүйесі қамтылған. Ибадуллаева Злиханың «Қазақ халқының құрамындағы қожалар (тарихи-этнографиялық зерттеу)» атты кандидаттық диссертациясында қазақ жерінің әр өңіріндегі қожалармен қатар Сыр өңірінде қоныстанған қожалардың отбасылық әдет-ғұрыптарындағы ерекшеліктер қамтылған [141]. Тахсин Парлак «Сыр-Арал аймағындағы тоқымашылық дәстүрі және оны дамыту жолдары» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап [342], онда Сырдария, Арал бассейні қазақтарының дәстүрлі тоқымашылық өнерінің, соның ішінде кілем тоқу өнерінің қалыптасу тарихы мен әдіс-тәсілдері басты нысанаға алынып, ежелгі дәуірден қазіргі кезеңге дейінгі аралық қамтылды. Бұл диссертациялық зерттеулер Сыр өңірі қазақтарын қамтығанымен, жекеленген тақырыптардың мәнін ғана ашады. Осы тұрғыдан келгенде біз ұсынып монографияда Сыр өңірі қазақтарының тарихи-этнографиясы кешенді тұрғыда қарастырылып, зерттеу жұмысы тұтастай бір тақырыптың бірнеше қырларын сараптап зерделейді.
«Мәдени мұра» Ұлттық стратегиялық бағдарламасы аясында жарық көрген «Қазақстан тарихы туралы түркі дерекмелері» атты еңбекке енген «Сығанақ жарлықтары» атты құжаттың [199] Сыр бойындағы ортағасырлық тайпалардың тарихи-этнографиясына қатысты маңызды мәліметтердің құндылығы жоғары.
«Алаш» тарихи-зерттеу орталығының «Ру-тайпалар тарихы» ғылыми жобасы бойынша жарық көрген кітаптарда Сыр бойындағы ру-тайпалардың қоныстану тарихы қамтылған. Атап айтқанда, «Оңтүстік аймақтардағы тамалар», «Оңтүстік аймақтардағы табындар», «Жағалбайлы», «Керейт», «Кердері», «Перовск уезіндегі телеулер», «Қазалы уезіндегі телеулер», «Сыр бойындағы жалайырлар», «Перовск уезіндегі арғындар», «Бағаналылардың қоныстануы», «Балталы наймандардың қоныстануы» атты бөлімдерде Перовск және Қазалы уездері қамтылған, онда аталған ру-тайпалардың қоныстануы «Материалы по киргизскому землепользованию» атты жинақ дерегі бойынша жазылып, тек этногеографиялық, статистикалық мәселелер қысқаша қамтумен шектелген [196, 1 т., 204-224; 2 т., 292-328; 3 т., 320-321; 5 т., 130-163; 6 т., 447-453; 8 т., 437-438; 9 т., 384-388; 10 т., 279-303]. Ғалымдардан тама, жағалбайлылардың қоныстануын жазуға А.Б.Қалыш, Е.Пірімбетова, керейт, кердерілердің қоныстануын жазуға Ә.Исаева, ал телеу, табын, жалайыр, арғын, найман руларының қоныстануын жазуға Т.Е.Картаева қатысқан.
М.С.Сазонованың «Традиционное хозяйство узбеков Южного Хорезма» атты еңбегінің «Пути сообщения и средства передвижения», «Торговля» атты бөлімдерін Орта Азия шығатын керуен жолдарының Сыр үстінен өтетін бағыттарын, керуен жолдарының қашықтығын және Орта Азия хандықтарынан келетін сал, кеме сияқты қатынас құралдарының жеткізілу жолдарын анықтау мақсатында қарастырдық [323].
Сыр өңірі қазақтарының және жалпы халықтардың тарихи-этнографиясының деректік негіздерінде палеографиялық ескерткіштердің маңызы ерекше. Сырдария және Арал бойының тарихы мен этнографиясына қатысты қытай, монғол, парсы, шағатай, араб тілдерінде жазылған ортағасырлық шығыс және мұсылман жазба деректері мен олардан үзінділер базасын жасау, «Сырдария жазуы», монета бетіндегі жазулар сияқты палеографиялық ескерткіштерінің тарихы мен мазмұнының мәнін ашу арнайы зерттеуді, оны этнология мен этнолингвистика, түркітану, шығыстану, деректану ғылымдарының тоғысы аясында зерттеуді қажет етеді.
Әбу-л-хайр Фазлаллаn ибн Рузбеханның «Михман наме-йи-Бұхара» атты еңбегінде XV-XVI ғасырлардағы Сырдария бойындағы қалалар мен қазақтардың тұрмысы, шаруашылығы қамтылған. Әбу-л-Фадл әл-Қарши Орта Азия мен Сырдария бойына бірнеше рет саяхат жасап, Баршынкент, Жент қалаларын зерттеген, оның «Мұлхақат ас-Сурах», Әбу Жафар ат-Табаридың «Тарих ар-русул уә-л-мулук» атты еңбектері орта ортағасырлардағы қазақ жерінің оңтүстігі тарихының дереккөзі. Әбу-л-аббас Ахмед әл-Иақуби «Китаб-әл-бұлдан», Әбу Дулаф әл-Хазражидің «Рисалла», Әбу-л-Қасым ибн Хаукалдың «Китаб әл-масалик уә-л-мамалик» атты еңбектерінде оғыздар, тоғыз-оғыздардың; Әбу-л-Аббас Ахмед әл-Белазуридің «Китаб футух әл-бұлдан», Әбу-л-Хасан әл-Масудидің «Ахбар әз-заман» атты еңбегінде, Әбу-л-Қасым ибн Хордадбехтің, Әбу-л-Хасан ибн Сайдтың жазбаларында оғыздардың тарихи-этнографиясы қамтылған. Әбу-л-Фарадж әл-Басридің «Китаб әл-харадж» атты еңбегінің Сырдария бойы қалаларының тарихы үшін маңызы зор. Әбу Абдоллаn әл-Идрисидің «Сурат әл-ард», «Нұзхат әл-мұштақ фихтирақ әл-афақ» атты еңбектерінде Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал бойының тарихи географиясы, картографиясы, оғыздар мен қыпшақтар туралы құнды деректер берілген. Әбу-л-Фарадж жазбаларында оғыздар сарайының сән-салтанаты қамтылған, оның шар тәрізді картасында Сыр-Арал өңірі, Қыпшақ даласы көрсетілген.
Ал, Сырдария петроглифтік ескерткіштеріндегі (Қаратаудың Сыр өңіріндегі қырат, жоталарындағы жартастағы суреттер) ежелгі тайпалардың дүниетанымынан тұрмыс-тіршілігінің сырын ашу, ғылыми паспорталуы этноархеология ғылымында терең зерттеуді қажет етеді.
Сыр өңірі қазақтарының этнографиялық тарихнамасында архив құжаттарының алатын орны ерекше. 1910 жылы Ресей әскерилері түсірген «Карта южной пограничной полосы Азиатской Россий. ХІ. Казалинск, Туркестан» атты карта Сыр бойындағы тайпалардың қыстауларын, көш жолдарын нақтылауға дерек болады [165]. ҚР Мемлекеттік Орталық Мұрағатында сақталған «Управление киргизами Сыр-Дарьинской линий» атты – 383-қор; «Управление коменданта форта№ 1 урочище Казалы» атты 384-қор; «Казалинское уездное управление Министерство инностранных дел. г. Казалинск» атты 267-қор, «Перовское уездное управление Министерства Внутренных дел. г. Перовск» атты 232-қор құжаттары және «Казахско-русские отношения в ХVІІІ-ХІХ веках (1771-1867 годы)» атты жинаққа енген Сырдария әскери линиясының басқа құжаттары қаралды.
Сыр өңірі қазақтарының дәстүрлі материалдық мәдениетін жазба деректерді заттай деректермен нақтылауда Қазақстанның музей қорларындағы Қызылорда облысының әр аймағынан жинақталған экспонаттардың атқаратын ролі зор.
Қазақ халқының ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың бас кезіндегі Сыр өңірі қазақтарының мәдениеті, тұрмысы мен шаруашылығы статистар, зерттеушілер мен әскерилер түсірген фотосуреттерінде сақталып, ғылыми деректік фотоқұжаттар қатарын құрап отыр. Олардың қатында В.Оливецкий, А.Л.Кун, А.Фишер, В.Ю.фон-Бранке, С.Неуструев және Сырдария облыстық статистикалық басқармасының статистарын атауға болады.
ҚРМОМ-ның фотоқұжаттар қорында, ҚР Орталық Мемлекеттік фотоқұжаттар және дыбыс мұрағатының қорында Сыр өңірінен ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың 1-жартысында түсірілген Сырдария өзенінен қойларды қайықпен өткізу, суатқа тоқтаған көш, көш аялдамасы және дәстүрлі баспанаға қатысты суреттер де сақталған. Сондай-ақ, Қызылорда болысынан кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарында 1920-1928 жылдары түсірілген суреттер музейлік, мұрағаттық фотоқұжаттар қорының бірқатарын құрайды. Тарихи кезеңдерде түсірілген кез келген фотосуреттер сол дәуірдің болмысын дәлме-дәл бере алады және мәңгілікке сақталады. Уақыт керуені алға жылжыған сайын олардың тарихи-мәдени құндылығы арта түспек.
Визуалдық фотоөнердің өзіндік соны ерекшелігі – белгілі бір тарихи кезеңдердегі адамдардың тұрмысындағы этномәдени сипаттарды нақты, боямасыз түрде, қимыл қозғалыстың, этникалық стереотиптерінің үлгілерін, мінез, әрекет, қозғалыста шынайы таңбалай алуында болып табылады. Түркістан генерал губернаторы Константин Петрович фон Кауфман (1818–1882) тапсырмасымен құрастырылған «Түркістан альбомындағы» фотоқұжаттар – қазіргі кезеңдегі қазақ этнографиясы мен археологиясына деген сұранысты белгілі бір талапта қағаттандыра алатын құндылықтар. Осы тұрғыдан алғанда ХІХ ғасырдағы өлке тарихына қатысты соны зерттеулерде визуалдық фотоқұжаттардың деректік мәлімет ретінде маңызы ерекше құнды. Аталмыш альбомға шығыстанушы Александр Людвигович Кунның (1840–1888 жж.) Сыр өңірінен түсірген фотолары енген. Қазақтардың этномәдени болмысы жөнінде жан-жақты танымдық, ғылыми мәлімет беретін альбомның құндылығы мен маңыздылығы уақыт өткен сайын арта түсуде [357]. «Түркістан альбомы» РҒА Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейінде (Кунскамера) сақталған. Сыр өңірі қазақтарының тарихи-этнографиясына айғақ болатын фотоқұжаттардың негізгі денін статистар мен топографтар түсіріп, ғылыми айналымға ендірген [6, І, 158-160; 6 , ІІ, 304-, 310-, 358; 262; 227].
Этнограф ғалымдар үшін тарихи дәуірлерден келіп жеткен заттай деректер, жазба деректер, визуалдық деректер, наротивтік құжаттар зерттеу нысанасындағы халықтың тіршілігіндегі байырғы дүниетанымның іздерін, олардың біз зерттеп отырған кезеңдегі сақталу, синтезделу жолдарын ғылыми талдауға негіз болады.
Қорыта айтқанда, жоғарыда аталған деректер Сырдария өзенінің төменгі ағысында қоныстанған қазақтардың этнографиясының ерекшелігін ғылыми-теориялық және методологиялық саралауға негіз болады.