Читать книгу Сыр өңірі қазақтары. Тарихи-этнографиялық зерттеу (ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басы). 1-том - Тәттігүл Картаева - Страница 5
2. СЫР ӨҢІРІНІҢ ЭТНОГЕОГРАФИЯСЫ ЖӘНЕ ТАРИХИ ДЕМОГРАФИЯСЫ
2.2. ХІХ ғасырдағы әкімшілік ережелер және қазақ ауылы
ОглавлениеБіз негізге алып отырған ХІХ ғасырдағы қазақ ауылдарының әкімшілік құрылымы байырғы қазақ ауылынан өзгеше болды. Территориялық құрылым және отарлық билікті күшейту мақсатында 1822 жылы «Орынбор қазақтары жайлы жарғы» қабылданды. Бұл жарғы хандық билікті жоюды көздеді. Қазақтардың саяси басқару институтын жою отарлау саясатының ең басты міндеттерінің бірі еді. Осы құжатқа сәйкес Кіші жүз қазақтарының территориясы батыс, орта, шығыс аймаққа бөлініп, «Орынбор өлкесінің қазақтары» деген жаңа атқа ие болды [112, 30]. Әр аймақ әкімшілік ауылдарға бөлінді. Әкімшілік билікке жоғарыдан бекітіліп қойылған, басыбайлы сұлтандар келді, ал ауылды старшындар биледі, осылайша басқарудың жаңа жүйесі пайда болды. 1844 жылы «Орынбор қазақтарын басқарудың ережесінің» жаңа жобасы қабылданды. 1831 және 1839 жылдар аралығында енгізілген дистанциялық басқару 1860 жылдарға дейін жүрді. 1822 ж. жарғы және Кіші жүз қазақтарын дистанциялық басқарудың нәтижесі ХІХ ғасырдың 20-50 ж. Кіші жүзді қамтыған Қаратай сұлтан және Қайып Ғали Есімов, Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісұлы, Жоламан Тіленшиев, Есет Көтібаров, Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған көтерілістерге ұласты.