Читать книгу Дипломатия тарихы - Амангелді Әліпбаев - Страница 1
КІРІСПЕ
ОглавлениеНазарға ұсынып отырған оқу құралы дипломатиялық және консулдық қызметтің ежелгі кезеңнен қалыптасуы мен дамуын, оның мемлекеттер арасындағы өзара қарым-қатынастардағы мәні мен рөлін жан-жақты қарастырады.
Сондай-ақ халықаралық қатынастар мамандығының типтік оқу жоспарының Мемлекеттік үлгісіне сәйкес осы мамандықта оқитын студенттерге арналған оқу-әдістемелік құралы болып табылады. Дипломатия саласындағы негізгі алған білімдерін толықтырушы пән ретінде оқу құралында дипломатиялық және консулдық қызмет тарихына жан-жақты сараптама жасау мақсаты қойылған.
«Дипломатия тарихы» дәрістер жинағының негізгі мақсаттары:
– болашақ халықаралық қатынастар саласындағы мамандарды мемлекеттік қызметтің ерекше түрі ретіндегі дипломатиялық қызмет туралы мәліметтермен таныстыру;
– халықаралық қатынастар саласындағы дипломатиялық және консулдық қызметтің қалыптасуы мен даму эволюциясын қарастыру;
– ежелгі әртүрлі елдердегі дипломатиялық қызметтердің қалыптасу ерекшеліктерін сараптау;
– халықаралық қатынастар мамандарын даярлау ерекшелігін, олар үшін қазіргі уақыттағы дипломатиялық және консулдық қызметін меңгеруге көмектесу;
– дипломатия тарихын сараптай білуге үйрету.
«Дипломатия тарихы» дәрістер жинағының негізгі міндеттері:
– дипломатия тарихы бойынша студенттердің білімдерін кеңейту және жүйелеу;
– дипломатиялық және консулдық қызметтің өзара әрекеттестігінің негізгі қағидаларын айқындау;
– дипломатия тарихын жете түсіндіріп, жеткізу әдістемесін меңгеру.
Дәрістер жинағын дайындау барысында дипломатияның даму тарихының мәселелерін айқындауда көптеген тарихи зерттеулер мен дипломатиялық құжаттарға, дипломатия саласындағы ғылыми әдебиеттерге сүйендік.