Читать книгу Дипломатия тарихы - Амангелді Әліпбаев - Страница 3

2-дәріс
ЕЖЕЛГІ ҮНДІСТАН ДИПЛОМАТИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

Оглавление

Жоспары:

– Ежелгі Үндістан тарихы мен дипломатиясы.

– Ежелгішығыстық дипломатияның ескерткіштері және халықаралық құқық.

– «Ману заңы» бойынша елшілерді тазайътдау.

– Чандрагуптаның сыртқы саясаты.

– Мегасфеннің Үндістандағы миссиясы және оның маңызы.

Ежелгішығыстық дипломатия тәжірибесінде үнді тарихы да елеулі орындарға ие деп айтуға болады. Жалпы Үндістан тарихын шартты түрде:

Үнді (Харапптық) өркениетінің кезеңі (ІІІ мыңжылдық – XVII ғ. б.з.д.);

Ведий кезеңі (ХІІІ – VI ғасырлар б.з.д.);

Буддийстік кезең (V – ІІІ ғасырлар б.з.д.);

Классикалық дәуір (ІІ ғасыр б.з.д. – VI ғасыр);

Ортағасырлардағы Үндістан тарихы, Үндістанның қазіргі кезеңдегі тарихы деп бірнеше кезеңге бөлуге болады.

Алғашқы үнділік өркениетті біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырларда дравидтер құрып, Үнді немесе Харапптық деген атауға ие болған еді. Үнділік дравиттерде жекеменшіктік қатынастардың негізі қаланып, ауыл шаруашылығы, қолөнермен қоса сыртқы сауда да қалыптаса бастайды. Харапптық өркениетте Месопотамиямен, Орта Азиямен байланыстар орнатылып, тікелей сауда қатынастары Шумер мен Арабияға дейін жеткен.

Дегенмен, біздің заманымызға дейінгі ХІV-ХVII ғасырларда үнділік өркениеттің құлдырауы байқалады. Оған табиғи жағдай мен көші-қон үрдістерінің әсері болуы мүмкін деп жорамалданады.

Үнді өркениетінен кейін индуизм негізін қалаған ведийлік кезең біздің заманымызға дейінгі V ғасырға дейін созылды. Ал біздің заманымызға дейінгі VI ғасырдан бастап Үндістан аумағында көптеген Махаджанападтар – тәуелсіз корольдіктер мен республикалар пайда болды. Біздің заманымызға дейінгі III ғасырларда Оңтүстік Азияның көптеген бөлігі Чандрагупта Маурья билігіндегі Маурья Империясымен бірігеді. Империяның әлдеқайда өркендеген кезеңі буддистік патша Ашоктың билік құрған заманына сай келеді. Біздің заманымызға дейінгі II ғасырдың бастапқы кезеңінде Үндістанға Орталық Азия тарапынан жасалған басқыншылықтың салдарынан аумақта Үнді-грек, Үнді-сақ және Кушан империялары құрылған еді. III ғасырдан бастап Үндістан тарихында «алтын ғасыр» атауына иеленген Гупта әулетінің билік дәуірі басталады.

Оңтүстік Үндістанда әртүрлі кезеңде бірнеше әулеттер, олардың ішінде Чалукья, Чера, Чола, Кадамба, Паллава және Пандья сияқты әулеттер де билік құрды. Осындай билеушілердің қолдауымен Үндістанда ғылым, өнер, әдебиет, астрономия мен философия дами бастады.

Буддалық дәуірдің басында парсылық патша Кир үнділік жорықтарының нәтижесінде солтүстік-батыс үнділік тайпалар гандхар және ассакендерді, яғни Ашвак үнділерін өзіне бағындырып олардан алым жинатқан. Парсы жорықтары Үндістанның шеткері аймақтарын ғана қамтығандықтан, жалпы үнді аумағына үлкен залал әкеле қойған жоқ еді.

Б.з.д. 327 жылдары Александр Македонскийдің Үндістанды басып алу жорықтары басталады. Бірқатар аумақты басып алғанымен, Солтүстік-Батыс Үнді тайпалары қарсылық көрсеткен болатын. Дегенмен, екіжылғы жорық нәтижесінде үнді-эллиндік әлем мәдениеті де бір-бірімен байланысқа түсті. Гректік, кейбір кезеңдегі парсылық ықпал Солтүстік Үндістанның батыс аудандарына кең көлемде тарала басталуы Үнді өркениетінің эллиндік елдердің мәдени дамуына, әсіресе медицина мен философия саласына да өзіндік әсері болды. Дегенмен, біздің заманымызға дейінгі 317 жылдардағы көтерілістердің нәтижесінде үнділік аумақтан гректер біржолата қуылды. Гректерге қарсы күрестердің барысында Пенджаб және Үнді алқабы Маурьи әулетінен шыққан Чандрагуптаның билігімен біріккен болатын. Алғаш рет Үнді және Ганга алқаптарын қосқан солтүстікүнділік бірыңғай мемлекетін құрады. Біздің заманымызға дейінгі IV ғасырдың аяғында Чандрагупта Камбоджа, Гандхара және Шығыс Ираннның аралас өңірлерін басып алған еді.

Үндістан билеушілері сыртқы саясатта өте белсенді болған. Келіссөздер мен қарым-қатынастар тек ежелгі үнді мемлекеттерінің ішіндегі патшалықпен ғана шектелмей, Үндістаннан алыс жатқан елдермен де қатынастарын жандандыра білген.

Ежелгі үндінің қуатты елі Маурьяның негізін қалаушы Чандрагупта атақты А.Македонскийдің ізін басушы – Селевкімен өзіне тиімді келісімге келген болатын. Селевк Чандрагупта үнді елінің билеушісі екенін ғана мойындап қоймай, кезінде Македонский басып алған аймақтың қайта қайтуын мақұлдайды, сонымен қоса 500 әскери пілге Иранның оңтүстік-шығысындағы бірқатар аудандарды айырбастауға келіскен.

Кейіннен Чандрагупта мен Селевк бірнеше рет елшілермен алмасады. Одақтастықты нығайту мақсатында екі әулет некелескен: Чандрагупта Селевкінің қызына үйленеді. Селевкінің Үндістанға жіберген елшілерінің бірі грек Мегасфен болатын. Ежелгіүнділік мемлекеттің астанасы болған Паталипутру қаласы жөнінде жан-жақты жазылған жазба қалдырған. Мегасфеннің жазбасынан кей үзінді біздің кезеңге гректік географ Страбон еңбектерімен жеткен. Ежелгі Үнді елінің арман-мақсаттарын «Ригвед» жазбаларынан да көруге болады. Өлең түрінде жазылған «Ригвед» мәтінінде ежелгі Үнді елінде Сурья әлемге әйгілі болуына құдайдың назарын аударуды өтінеді. Жарқыраған шұғыласы әлем кеңістігін жарқырата түссе деген армандарын көрсетеді. Қараңғылық пен зұлматтан шығуға бізге шапағатын тигізді деген сенімдерін білдіреді. Сондай-ақ, Ежелгі Шығыс дипломатиясы мен халықаралық құқық үлгісі деп ежелгі үндінің Ману заңын атауға болады. Ману заңының түпнұсқасының мәтіні бүгінгі күнге жеткен жоқ. Оның соңғы сақталған (өлең күйіндегі) мәтіні жобамен біздің заманымыздың І ғасырына жатады. Осы нұсқадағы Ману заңы XVIII ғасырда ғана ашылды. Ол үндінің ежелгі әдеби тілінде (классикалық санскритте) жазылған. Соңғы 100-150 жыл көлемінде Ману заңы бірқатар еуропалық тілдерге, оның ішінде орыс тіліне де аударылған. Үндістандағы айтылуына сәйкес Ману заңы діни бағытта болған, арийлықтардың көсемі болған Ману дәуіріне жатады.

Ману заңы – өзінің сипатына сай ежелгі үнді қаулыларына, яғни саясатқа, халықаралық құқыққа, саудаға және әскери іске қатысты жинақ. Бұл жинақ біздің заманымызға дейінгі мыңжылдық бойында қалыптасқан. Соның нәтижесінде біз оны Ежелгі Үндістан заңының жинағы дейміз.

Ману заңы мазмұны жағына өте кең және көптеген саланы қамтыған. Ол өзінің философиялық ой түйінімен де бай. Басты назар діни жағына және салт-санаға бөлінген. Үнді философиясының негізінде жетілген саналы адам жөніндегі ұғым алынған.

Осы бағытта дипломатия саласы да талқыланған. Оның басты түйіні елшілік қызметтегі тұлғаның жеке басының қасиеттеріне бағытталған. Өйткені дипломатиялық табыс көп жағдайда дипломатия саласындағы жеке тұлғаның біліктілігі мен ептілігіне тікелей тәуелді екендігі белгілі. Ману заңына сай, дипломатия соғысты болғызбауға және бейбітшілікті нығайтуға негізделуге тиіс. Одақтас табу да, немесе қарама-қайшылықтарға, шиеленістерге әкелу де, бейбітшілік те, соғыстың шығуы да елшілерге қатысты деп жазылған. Өйткені патшалар арасындағы бейбітшілік пен соғыстың шығуына себепші болатын іс-әрекеттер – елшілердің билігінде. Елші өз ел басшысына басқа мемлекеттің көздеген мақсаты мен мүддесі жөнінде баяндауға тиіс. Соның негізінде ол өз мемлекетін төнген қауіптен сақтап қала алады деп жазған Ману заңында.

Сондықтан да дипломат өте сезімтал, жан-жақты білімді және елге жағымды, басқаны өзіне тарта алатын тұлға болуы қажет делінген. Ол шетелдік мемлекеттің көздеген мақсатын олардың сөзі мен ісінен ғана емес, сондай-ақ бет-жүзінен, ым-ишаратынан, іс-қимылынан-ақ сезінуге тиіс.

Ману заңында Мемлекет басшысына елшіні тағайындауға өте сақ және таңдап тағайындау ұсынылады. Елші – егде жастағы , зиялы, батыл, шешен, әділ, шебер, ісіне жаны ашитын, жақсы есте сақтау қабілетіне ие, өз ісін жақсы білетін адам болуға тиіс делінген. Ежелгі кезеңнен кез келген қақтығысты жағдайды болдырмау мақсаты да осы үнділік заңдар жинағында да назардан тыс қалмаған. Яғни шиеленістің алдын алуда бейбіт іс-әрекеттер ұсынылады. Ману заңы бойынша халықаралық қатынастардағы ең күрделі де маңызды мәселелер ең алдымен, дипломатиялық жолмен шешілуге тиіс. Ал шиеленісті мәселені шешуге қатысты күш қолдану әрекеттері соңғы кезекке қалуы қажет деп біледі.

Осыған орай, яғни Ману заңына сәйкес ежелгі үнді билеуші тобының ішінде дипломатиялық келіссөздер өткізуге байланысты нақтылы бағыт қалыптасқандығы айқын.

Чандрагупта мұрагерлері Биндусара (б.з.д. 293-268 жылдар) мен Ашока (б.з.д. 268-231 жылдар) ежелгі Үндістан тарихындағы ең қуатты билеушілер болды. Ол билікке келген бойда өзінің барлық ағаларының көздерін жойып, оңтүстікте жүргізген қырғын соғысының нәтижесінде Деканды толығымен қосып алған еді. Дегенмен, кейіннен Ашоканың қатыгездік саясаты империя ішінде «жақсылықты тарату» саясатымен алмасады. Оның негізгі мақсаты кең байтақ елдің әр бөлігіндегі халықтарды рухани негізде біріктіру болатын. Барлық діндерге қамқорлық болады деген уәде болғанымен, буддизмге ерекше қамқорлық жасалынды. Көптеген ғасырдар бойы буддизммен бірге ведийлік дінде бейбіт қатар өмір сүрді.

Орталықтандыру саясатындағы кемшіліктер б.з.д. ІІІ ғасырдың соңында-ақ өз иеліктерін жоғалта бастаған Маурья елінің тез арада ыдырауына себепші болды. Өйткені әртүрлі тайпалар тұрақтанған Үндістанның әр бөлігіндегі экономикалық және қоғамдық даму деңгейі де бірқалыпты емес еді. Махадхадағы Маурья әулетінің толығымен күйреуі б.з.д. 180 жылға келеді.

Үндістанның ежелгі Эллада елімен дипломатиялық қатынастары біздің заманымыздың ІІІ ғасырында да өз жалғасын тауып жатқан. Чандрагупта немересі Ашок патшаның тұсында үнділік елшілер Селевкид мемлекетінде ғана емес, тіпті, сол кезеңдегі Македонияға дейін жеткен.

Классикалық дәуір тұрақты діни, қауымдық-касталық және бір-бірімен бақталасқан көптеген ұсақ әулеттердің экономикалық жүйесінің қалыптасуымен, соның нәтижесінде бірінің орнына бірі құрылған әлсіз мемлекеттердің болуымен сипатталады. Б.з.д. ІІ ғасырларда – б.з. ІІІ ғасырларында Солтүстік Үндістан солтүстік-батыстан келген әртүрлі күштердің басқыншылықалаңына айналады. Басқыншылардың алғашқысы б.з.д. ІІІ ғасырдың басында Селевкид патшалығынан бөлініп шыққан эллиндік мемлекет Гректік-бактриялық патшалық еді. Гректік-бактриялық билеушілері құрған Үнді-гректік патшалық өз шекарасын Арабия теңізіне дейін кеңейткенімен б.з.д. ІІ ғасырының аяғында толығымен ыдырап бітеді.


1-сурет. Б.з.д. 600 жылдардағы Үндістан


Кашмирмен шектесіп жатқан көшпенді-сақтар мемлекетінің б.з.д. І ғасырында жүргізген кең көлемді басқыншылығы бірқатар иеліктердің құрылуына әкелгенімен, ішіндегі ең ірісі Үнді-скиф патшалығы болды. Дегенмен, б.з. І ғасырының екінші ширегінде Парфиядан бөлінген қуатты мемлекет бүкіл үнділік-скифтік аумақты басып алғанымен, өз кезегінде Үнді мүйісіне дейінгі үлкен иелікті басып алған Бактрияның кашандарының құрбаны болды. Кушан патшалығының аса қуатты ел ретіндегі кезеңі Канишке (97-120 жылдар) тұсына сай келеді. Тіпті әлемдегі қуатты төрт мемлекеттің бірі деп есептелінді. Алайда, ІІІ ғасырда Сасанидтік Иранның қысымымен Кушандық патшалық соңғы аумағынан да айырылады. Солтүстік Үндістанды келесі біріктіруші Гупта әулеті еді, оның патшасы Самудрагупта (335-380 жылдар) өзінің жорықтары арқылы Гималай мен жоғарғы Үндіге дейін жетті. Оның ұлы ІІ Чандрагупта Викрамадитья (380-415 жылдар) Үндістанның дамуында «алтын ғасырды» енгізген еді. Дегенмен, Гупталық қуатты мемлекет те келесі солтүстік-батыстан келген ирантілді эфталит көшпенділері ұйымдастырған басқыншылыққа төтеп бере алмады. Олар ІУ-У ғасырларда гуптық Үндістан аумағын қосқан мемлекетін құрады. Осы кезеңдегі оқиғалармен шартты түрде ежелгі Үндістан тарихы аяқталады.

І-ІІ ғасырларда үнділік билеушілер Кушан патшалығынан елшілер Рим империясында болған. Император Август өзінің саяси өсиетінде: «Маған римдіктер бұған дейін ешқашан көрмеген үнді патшалығының елшілері жиі келетін…» деп жазып кеткен. Император Траянның тұсында да Рим империясына, біздің заманымыздың шамамен 100 жылдары, үнділік елшілердің келгендігі жөніндегі мәліметтер белгілі.

Қытайдың атақты саяхатшысы Сюань Цзан (596-664 жылдар), буддалық монах, Қытайдағы ұлы Тан әулеті тұсында (618-906 жылдар) будданың отаны Үндістанға саяхат кезген екен. Негізгі мақсаты: танымдық, діни және саяси-тыңшылық болған деген мәліметтер бар. Ол Солтүстік-батыс Қытайды, осы біздің аймақты басып өтіп, 630 жылдары Чандхаруға (бүгінгі Солтүстік Пәкістан аймағы) жетеді. Содан, Ганганың бойындағы Канаудж мемлекетінде (Князь Харша, 606-647 жылдар) болады. Сол елдің иелігіндегі Оңтүстік және Шығыс Үндістан бөлігінде 8 жылдай болып (635-643 жылдары) кейін Чиндукуш тауымен Қытайға қайтады. Осы саяхат жөнінде ол өз күнделігінде жазып кеткен.

Х ғасырдан ХІІ ғасырға дейін Орталық Азиядан келген ислам жаугершілігінен кейін Солтүстік Үндістан Делийлік сұлтанаттың бақылауына көшті. Кейінірек өңірдің үлкен бөлігі Ұлы Моғол Империясының құрамына кірді. Дегенмен, Виджаянагара империясы сияқты бірқатар корольдіктер Моғолдар ықпалынан тыс қалған жартыаралдың оңтүстігінде өмір сүрді. XVIII ғасырда Моғол Империясы дағдарысқа тап болғанда аймақта Маратхо Империясы оның орнын басқан еді.

Ежелгі Үндістанның көршілес елдерімен, алыс жатқан мемлекеттермен қарым-қатынастары жөнінде де белгілі болған көптеген мәліметтер осы аймақтағы дамыған дипломатиялық қызметтің айғағы.

Тақырып бойынша бақылау сұрақтары:

1. Ежелгі Үндістан дипломатиясының тән даму үрдісі қандай?

2. «Ману заңы» дипломатия жөнінде қандай ұсыныстар береді?

3. «Ману заңы» бойынша дипломаттарға қойылатын талаптар қандай?

4. Чандрагуп қандай сыртқы саясат ұстанған?

5. Мегасфеннің Үндістандағы миссиясы және оның маңызы.

Дипломатия тарихы

Подняться наверх