Читать книгу Дипломатия тарихы - Амангелді Әліпбаев - Страница 5

4-дәріс
ЕЖЕЛГІ ЕГИПЕТ ДИПЛОМАТИЯСЫ

Оглавление

Жоспары:

– Ежелгі Египет дитоматиясының қалыптасуы.

– Ежелгі Шығыс мемлекеттерінің құжаттары.

– Телль-Амарна жазбалары және олардың маңызы.

– 1278 жылғы фараон ІІ Рамзес мен хеттер патшасы ІІІ Хаттушил арасындағы шарт.

– Халықаралық қатынастарды сақтау міндеттілігі туралы ұстаным.

Ежелгі Шығыстағы көне мемлекеттер бір-бірімен саудасаттық, саяси қатынастарын ертеден бастаған. Біздің заманымызға дейінгі төртінші мыңжылдықта оңтүстік Месопотамия (Қосөзен) – Тигр мен Евфрат жерінде алғашқы саяси құрылымдағы қаламемлекеттер пайда болған. Египет – Алдыңғы Шығыстағы ең ірі және Ежелгі Шығыстағы жетекші мемлекет болды. Египет ХVІІІ әулет кезінде (б.з.д. екінші мыңжылдық) Евфрат өзеніне дейінгі кең-байтақ аумақты қамтыды. Египеттіктер өз әлеміне белгілі мемлекеттермен – Алдыңғы Азиядағы хеттер мемлекеттерімен, Месопотамияның солтүстігі мен оңтүстігіндегі мемлекеттер: Митанни, Вавилон, Ассириямен, сириялық және палестиналық князьдермен, Криттік патшалық және Эгей теңізіндегі аралдармен сауда, мәдениет және саяси байланыстарын белсенді түрде дамытқан.

Ежелгі Египетте бірқатар дербес қалалар болды. Мемлекетті перғауындар (фараондар) басқарды. Олардың құзырына сонымен қатар дипломатиялық хат алмасу, сыртқы саясат мәселесі де қарады. Перғауындар дәуірінде сыртқы істер жөніндегі ерекше мемлекеттік кеңсе жұмыс жасады. Перғауындардың сыртқы саясатының нәтижесінде Египет сол дәуірдің өзінде солтүстігіндегі Синай, оңтүстігіндегі Нубия және батыстағы Либия елдерімен де қарым-қатынастарын қалыптастырды. Кейінгі дәуірлерде перғауындар билігі құлдырай бастағанда да, Нубия мен Либияға, Азияға бағытталған басқыншылық жорықтары тоқтатылмады. Бұл аймақтағы елдерді жаулап алу барысында, олардың қазыналық байлықтарын, алтын, күміс, бағалы тастар мен піл сүйектерін Египетке тасу толастамады.

Ежелгі Египет біздің заманымызға дейінгі ХVІ-ХІ ғасырларда Азиядағы бірқатар елдерді жаулап алып, осы аймақтағы қуатты әскери негіздегі мемлекетке айналған болатын. Ежелгі Египеттің саяси-әлеуметтік жағдайы жөнінде, оның мемлекетаралық қарым-қатынастары жайлы, жалпы сол кезеңдегі сыртқы саяси ұстанымы туралы көптеген құжаттар белгілі. Оның Митания, Хет патшалығы, Вавилон сияқты елдердің билеушілерімен хат алмасқандығына Телль-Амарна жерінде табылған жазбалар айғақ бола алады. Амарна – ортаңғы Египеттегі Нілдің оңжақ жағалауындағы аумақ, египеттік перғауын IV Аменофистің (Аменхотеп) бұрынғы мекені. Осы мекенде табылған құжаттар сол дәуірдегі мемлекетаралық қатынастардың қалай қалыптасып, дамығандығын көрсетеді. Сол құжаттардың ішінде Телль-Амарна жазбалары мен б.з.д. 1278 жылғы египеттік перғауын ІІ Рамзес пен хеттер патшасы ІІІ Хаттушил арасындағы шарт өте құнды ескерткіш болып табылады.

Телль-Амарна мұрағаты сол кездегі египеттік ел билеушілерінің басқа елдердің патшаларымен өзара жазысқан жазбалары бейнеленген 360-қа жуық қыш тақтайшалардан тұрады. ТелльАмарна жазбаларының басым бөлігін египеттік перғауындарға жазған сириялық және палестиналық князьдердің хаттары құрайды. Олар Египетке тәуелді болған еді және ежелгі шығыс әлеміндегі екі қуатты мемлекет – хеттер мемлекеті мен Египет арасында орналасқан. Египет перғауындары аймақтағы өз ықпалын нығайту мақсатында кішігірім мемлекеттердің бірбірімен араздасуына да себепкер болып отырған.

Жалпы, Телль-Амарна жазбаларынан сол кезеңдегі мемлекетаралық қатынастар туралы көптеген мәліметтер алуға болады. Бұл дипломатиялық құжаттарда некелесу жөніндегі келісім, әскер жағынан көмек алу, алтын, сый-сыяпат жасау мәселесі кездеседі. Сонымен қоса хатта екі князьдіктің өтініші, арызы, бір-бірін қаралауы да айқын көрініс тапқан.

Хетт патшалығының да Азиядағы ықпалы өте күшті болған.

Олар да египеттіктермен қатар сириялық және палестиналық өңірге ұмтылды. Біздің заманымызға дейінгі 1380-1346 жылдар аралығында, яғни Суббилулиум патшасының дәуірінде қуатты елге айналған Хетт мемлекеті синайлық кендер, ливандық ормандар мен сауда жолдары үшін Египетпен бәсекелестікке түсе бастады. Бұл осы аймақтағы Египеттің ықпалын шектеумен парапар еді. Египет өзіне одақтас ел іздейді. Египет Месопотамия елдерімен байланысты нығайту үшін – Митанни және Вавилон елімен жақындасады, бұл екі ел хеттік патшалықтың қас жауы еді.

Телль-Амарна мұрағатында осы қарым-қатынастарға қатысты хат-алмасулар да сақталынған. Египеттік перғауындар мен митаниялық және вавилондық билеушілер арасындағы хаттар сақталынған. Біздің заманымызға дейінгі ХV-ХІV ғасырларда ІІІ Аменофис пен IV Аменофиске арналған хаттардың мазмұны әрқилы болғанымен, негізгі түп-тамыры патшалар арасындағы қарым-қатынастар туралы еді. Сондай хаттадың бірінде ІІІ Аменофис вавилондық ханшайымды өз жұбайларының қатарында көргісі келетіндігін және осы жөнінде «бауыры», вавилондық патша Кадашман-Харбені хабардар ететіндігін білдіреді. Вавилондық патша бұл өтінішті қанағаттандыруға асықпайды, өйткені бұған дейін перғауынның жұбайы болған қарындасының қайғылы тағдыры әлі есте еді. Перғауын жауап хатында патшаға қарындасының жағдайы туралы жалған мәсліметтер жеткізген елшілердің арсыздығын айыптайды. Өз кезегінде КадашманХарбе перғауын тарапынан вавилондық уәкілдерге лайықты құрметтің көрсетілмегенін айтып, бетіне басады. Оларды тіпті, мерейтойға да шақырмаған дейді. Ең соңында, Кадашман-Харбе өз қызын перғауынға ұзатуға келісетіндігін білдіріп, соның алғысы ретінде египеттік ханшайымды өзіне әйелдікке беруін және оған қоса алтын мен сыйлықтар сыйлауын өтінеді. Хаттар қарапайым ілтипаттылықпен басталып, өзара «бауырлық» адалдықпен қуатталады. «Египет патшасына, менің бауырыма, Кардуниаш (Вавилон) патшасы, өзіңнің бауырың Кадашман-Харбе. Сенің отбасыңа, сенің жұбайларыңа, бүкіл ел-жұртыңа, сенің күймелеріңе, сенің жылқыларыңа, сенің уәзірлеріңе, барлығына дұғай-дұғай сәлем». Жолдауы алтын мен сыйлықтар жіберуін өтінген талаптармен аяқталады. «Алтынға қатысты, – деп жазады патша, – маған алтын, өте көп алтын жібер, оларды елшілік келгенге дейін жібер. Оларды қазір жібер, неғұрлым тезірек жібер, осы астық жинау науқанында, Таммуз айында жібер».

Миттания патшасы Тушратта алтын талап етеді. IV Аменофиске жіберген жолдауында: «Сонымен, менің бауырым маған алтын жіберсін, сансыз көп алтын жіберсін… Өйткені менің бауырымның елінде алтын өте көп емес пе, қанша топырақ болса, сонша алтын. Құдайлар енді менің бауырымның еліндегі алтынды да он есеге арттырсын». Өз тарапынан Тушратта аса қадірлі перғауынға қандай болмасын көмек көрсетуге, сый тартуға дайын екендігін білдіреді. «Егер менің бауырым өз отбасы үшін не қажет етсе, оны мен талабынан он есе асыра орындаймын. Менің жерім – оның жері, менің үйім – оның үйі», – деп жазылған осы құжаттардың бірінде.

Бұл құжаттардың барлығы сол дәуірдегі дипломатиялық тіл – вавилон тілінде сына жазумен жазылған.

Біздің заманымызга дейінгі 1278 жылгы египеттік пергауын ІІ Рамзес пен хеттер патшасы ІІІ Хаттушил арасындагы келісімшарт.

Б.з.д. ХIV-ХIII ғасырлар хеттер мен египеттіктер арасындағы қиян-кескі соғыстарға толы болды. Соғыстар екі елдің халқын да күйзеліске, өте көп шығынға әкелді. Бұл екі елдің билеушілерін бейбіт келісім жасасуға итермеледі. Бітімге келу және достық келісім жасасу хет патшалығы тарапынан ұсынылады. Ұзақ келіссөздердің нәтижесінде Хаттушил болашақ келісімнің жобасын күміс тақтайшаға жазғызып Рамзеске жібереді.

Құжатты куәландыру мақсатында тақтайшаның алдыңғы бетінде найзағай мен жел құдайы Тешубтың қасында тұрған патшаның бейнесі, ал екінші жағында күн құдайы Ариннаның қасында патшайымның суреті салынған.

II Рамзес хет патшасы ұсынған бітім шартын қабылдайды, өзінің келіскендігін білдіру үшін III Хаттушилге келісімнің мәтіні жазылған басқа күміс тақтайшаны жібереді. Келісімнің екі түпнұсқасына да мемлекеттік мөр басылып, патшалардың қолы қойылған.

Осылай б.з.д. 1278 жылы египеттік перғауын II Рамзес пен хеттер патшасы III Хаттушил арасында келісімшарт жасалынады.

Келісімнің үш жазылымы сақталынған, екеуі – египеттік басылым, біреуі хеттік басылым, Богаз-Кеёде ашылған. Келісімнің мәтінімен қоса келісімге келу жағдайы жазылған құжаттар да сақталынған.

Келісім:

1) кіріспе;

2) мәтіннің келісілген баптары;

3) қорытынды – құдайға тәубә ету, ант беру және келісімді бұзғандарға қарғыс жариялау сияқты үш бөлімге бөлінген.

Келісімнің кіріспе бөлімінде ғасырлар бойы хеттер мен египеттіктер жаулық қатынаста болмағандығы айтылады. Олардың арасындағы қатынастардың бұзылуына Египеттің ұлы патшасы Рамзеспен соғысқан Хаттушилдің ағасынының патшалығы кезі кінәлі екен. «Тамаша келісімге» қол қойған күннен бастап патшалықтар арасында мәңгілік бейбітшілік, достық және ағайындық орнайтындығы айтылады.

«Мен Хет патшасы болғаннан бастап және Египеттің ұлы патшасы Рамзеспен бейбітшілік пен бауырластық қатынастамыз. Бұл жер бетінде болған ең тамаша бейбітшілік пен достық болып табылады» делінген.

«Хеттердің Ұлы патшасы мен Египеттің Ұлы патшасы Рамзестің балалары арасында да ең тамаша бейбітшілік пен достық болсын. Египет пен Хеттер елі бізге ұқсап барлық кезеңде бейбітшілік пен достықта болсын».

Хетт патшалығы мен Египет арасындағы келісімшарттың негізгі мәнінде:

– екі ел арасында әскери одақ құру белгіленген;

– елдің ішкі мәселесінде де әскери көмек көрсету мәселесі қарастырылған.

Келісімшартта: «Рамзес иеліктеріне қарсы қандай да бір дұшпан пайда болса, онда Рамзес Хеттердің ұлы патшасына: дұшпанға қарсы өзіңнің барлық күш-қуатыңмен бірге жүр десе болды», – деп жазылған. Келісімшартта тек сыртқы жауға ғана емес, сонымен бірге ішкі жауға қарсы да қолдау көрсету мәселесі талқыланған. Одақтастар өз иеліктеріндегі өңірде көтеріліс және дүрбелең шыққан жағдайда да бір-біріне жәрдемдесуге кепілдік береді. Өйткені азиялық өңірде, әсіресе, сириялық-палестиналық аумақтарда соғыс әрекеттері, көтерілістер мен тонаушылық ісқимылдары толастамаған еді. Соған қатысты шартта: «Егер Рамзестің құлдары (азиялық иеліктерінде) көтеріліс шығаратын болса, онда оларды басып-жаншуда Хеттер патшасы да Рамзеспен бірге әрекет етеді», – делінген.

Ерекше бапта текті және қарапайым саяси қашқындар мен сатқындарды беру айқындалады. Құжатта: «Егер кімде-кім Египеттен қашып, хеттер елін паналайтын болса, онда хеттер патшасы оны өз елінде қалдырмай, Рамзеске кері қайтарады», – деп нақты белгіленген. Кашқындар бірге олардың дүние мүлкі де, адамдары да толығымен қайтарылады. Бұл туралы шартта: «Егер египеттік аумақтан біреуі, екеуі, үшеуі және т.с.с. адамдар хеттер жеріне қашқан болса, онда олар Рамзес аумағына қайтарылсын», – деп көрсетілген. Олардың өздері сияқты дүние-мүліктері де, әйелдері мен балалары да, малайлары да аман-есен қайтарылуға тиіс болған. Уағдаласушы тараптар: «Олар өлтірілмесін, олардың көздері мен қол-аяқтарына нұқсан келтірілмесін», – деп шарттасқан.

Келісімде белгіленген шарттардың толыққанды орындалуына куәгер ретінде екі тараптың да құдайлары шақырылады. Барлық құдайлардың тізімі келтірілген. Шартты бұзғандарды қатал жаза күтіп тұрды. Адал орындағандарға құдай денсаулық пен ізгілік сыйлады. Бұл жөнінде шартта: «Уәдені бұзғанның үйі, құлдары мен жері жермен-жексен болсын. Шартты мүлтіксіз орындағанның өзі, құлдары мен жері аман-сау болып, өмірлік шапағатқа бөленсін», – деп айтылған. Сол кездің заманауи заңдылығына сай келісімдер осылай ерекшеленген.

Екі ел арасындағы дипломатиялық хат алмасу, елшіліктер тағайындау келісімшарт жасалынғаннан кейін де толастамайды. Кейінгі кезеңде тек патшалар ғана емес сондай-ақ патшайымдар да хат алысады. Египет пен хеттер мемлекеті арасындағы саяси қатынас некелік жолмен де нығайтылған.

Дипломатия тарихында б.з.д. 1278 жылы египеттік перғауын ІІ Рамзес пен хеттер патшасы ІІІ Хаттушил арасында жасалынған осы келісімшарттың маңыздылығы ерекше деп айтуға болады. Ол ең алдымен, халықаралық құқықтың ең көне ескерткіштерінің бірі. Екіншіден, өзінің нұсқасы бойынша Ежелгі Шығыс патшалықтарында, сондай-ақ ежелгі Грекия мен Римде жасалынған кейінгі келісімшарттар үшін де үлгі бола алды. Ежелгі дүние тарихында халықаралық келісімдердің нұсқасы жалпы өзгеріссіз осы шартқа негізделген болатын. Ежелгі Грекия мен Римде ежелгішығыстық келісімшарттар тәжірибесінің көшірмесін жасады десе болады.

Жалпы, ІІ Рамзес пен хеттер патшасы ІІІ Хаттушил арасында жасалынған осы келісімшарт Ежелгі Шығыстағы мемлекеттік құрылымның айнасы іспеттес. Бұл келісімшарт ел билеушісінің жеке басының мемлекетпен үйлесуін айқын көрсетеді. Барлық келіссөздер тек патшаның атынан жүргізілген. Келісімшарттың кейбір баптары шабуыл жасаспау және өзара көмек туралы міндеттемелерді қамтиды. Тіпті, ел ішіндегі көтерілістерді басу мақсатында өзара ел ішіне басып кіру мәселелері де өте маңызды болып табылады.

Қорыта айтқанда, египеттік-хеттік келісімшартқа үш мың жылдан астам уақыт өтсе де, кейінгі дәуірлердегі халықаралық келісімдерге үлгі боларлық жақтары басым болды.

Тақырып бойынша бақылау сұрақтары:

1. Телль-Амарна жазбалары және олардың маңызы қандай?

2. Ежелгі Египеттегі «шарттық тәжірибе» қандай мәнге ие?

3. ІІ Рамзес мен ІІІ Хаттушил арасындағы шарттың рөлі қандай?

4. ІІ Рамзес мен ІІІ Хаттушил арасындағы шарт қандай мәселені қамтыған?

5. Ежелгі Египет дипломатиясының мәні қандай?

Дипломатия тарихы

Подняться наверх