Читать книгу Дипломатия тарихы - Амангелді Әліпбаев - Страница 2

1-дәріс
«ДИПЛОМАТИЯ» ЖӘНЕ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ

Оглавление

Жоспары:

– Дипломатия пәні мен «Дипломатия» терминінің шығуы.

– Дипломатия және дипломаттар.

– Дипломатиялық құжаттама.

– Халықаралық қатынастар, сыртқы саясат, әлемдік саясат.

– Дитоматиялық қызметтің түрлері.

– Дипломатиялық тіл.

Әлемдегі әрбір мемлекеттің өмірінде халықаралық қатынастар ежелден өте маңызды орынға ие болып келеді. Яғни халықаралық қатынастар – халықтар, мемлекеттер және бірлестіктер арасындағы саяси, экономикалық, дипломатиялық, әскери, мәдени, ғылыми-техникалық және т.б. байланыстар мен өзара қарым-қатынастар жиынтығы. Өйткені ұлттардың шығуы, мемлекетаралық шекаралардың құрылуы, саяси тәртіптердің қалыптасуы мен өзгеруі, әртүрлі әлеуметтік құрылымдардың орнығуы, мәдениеттің артуы, ғылымның, өнердің, техникалық үрдістің, тиімді экономиканың дамуы – сауда, қаржы, мәдени және басқа да байланыстармен, мемлекетаралық одақтармен, дипломатиялық түйісулермен және басқа да алмасулармен, қорыта айтқанда, халықаралық қатынастармен тікелей байланысты болды.

Күнделікті мемлекеттік қызметтің ерекше бір түрі ретінде дипломатия ХІV-ХVII ғасырдың тоғысында кең етек алғаны белгілі. Сол кезден бастап мемлекет билеушілерінің сарайларында тұрақты дипломатиялық өкілдіктер пайда болып, мемлекеттік мекеме жүйесінде – мемлекеттер арасындағы хат алмасумен айналысатын, шетелдік өкілдер мен елшілерді қабылдайтын, келіссөздер жүргізетін және басқадай да мемлекетаралық істерді орындайтын арнайы қызмет қалыптасты. Оны – дипломатиялық қызмет деп атаймыз.

«Дипломатия» сөзі гректің diploma – қосарланған тақтайшалар деген сөзінен шыққан. Diploma – жазу түсірілген қосарланған тақтайшалар Ежелгі Грек елінде елшілердің ерекше өкілеттігін айғақтайтын сенім грамотасы ретінде берілген. Ағылшын дипломаты Г. Никольсон өз еңбектерінде дипломатия сөзі: «Әңгімелесу тілінде «дипломатия» сөзі мүлдем бөлек төрт мағынаны береді. Кейбір кезде ол сыртқы саясаттың синонимы ретінде қолданылады… Басқа бір жағдайда келіссөздерді білдіреді. Сонымен бірге ол сыртқы істер ведомствосының шетелдік бөлімін белгілеу үшін қолданылады… Ең соңында, бұл сорлы сөз халықаралық келіссөздерді жүргізу кезінде жақсы мағынадағы ептілікті, жағымсыз мағынада – зымияндылықты білдіретін ерекше қабілеттілік», – деп көрсеткен.

Дипломатия сөзінің анықтамасын «Дипломатия сөздігінде» де кең көлемде аша түседі. Дипломатия – жалпы қабылданған анықтама бойынша:

– мемлекеттің сыртқы саясатын жүзеге асыратын құрал ретінде – бейбіт шаралардың жиынтығын, нақтылы бір мәселелерді шешуге арналған қабылдаулар мен әдістерді білдіреді;

– шетелдегі мемлекет және үкімет басшыларының, Сыртқы істер министрлігінің, сыртқы істер мекемелерінің, дипломатиялық өкілдіктердің ресми қызметі;

– мемлекеттің сыртқы саяси мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асырушы өкілдерінің халықаралық мәжілістердегі қызметі, сонымен бірге мемлекеттің шетелдегі мекемелері мен азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған қызметі.

«Дипломатия» ұғымын халықаралық қақтығыстардың алдын алу немесе реттеу, өзара тиімді шешімдер мен мәмілеге келу, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейте және тереңдете түсу мақсатында келіссөздер жүргізу шеберлігімен де байланыстырады. Яғни «дипломатия» ұғымы мемлекет басшыларының, мемлекеттік биліктің жоғарғы мекемелерінің, сондай-ақ сыртқы қатынастар мекемелерінің жан-жақты сыртқы саяси қызметінің барлығын қамтиды. Келіссөздер мен басқа да бейбіт құралдарды пайдалана отырып, дипломатия сыртқы саяясаттың мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыра отырып, халықаралық алаңда өз елінің мүдделерін қорғайды. Дипломатия саласында қызмет атқаратын тұлғаларды – дипломаттар деп атады.

Дипломат мамандығы – ең ежелгі, яғни тарихтан білетініміздей ежелгі дәуірлерде арнайы өкілеттілікке ие тұлғалардың көмегімен соғыс пен бейбітшілік мәселесі шешілетін, шетжерлік қонақты қабылдаудың ерекше рәсімдерін жүзеге асыратын мамандықтардың бірі.

Бүгінгі күні дипломат – бұл өз елінде (Сыртқы істер министрлігінің орталық негізгі және қосымша мекемелерінде) немесе шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерде (елшіліктерде, миссияларда, консулдықтарда) шет мемлекеттердің өкілдерімен саяси байланысты жүзеге асырушы ресми лауазымды тұлға, Сыртқы істер министрлігінің қызметкері.

Дипломатия мамандығының өкілдері қандай кәсіби және жеке қасиетке ие болуы тиіс деген мәселе адамзатты ежелден толғандырып келеді. Тіпті, Ежелгі Үндістанның «Ману заңында» дипломатиялық табыс дипломаттың жеке басының қасиетіне тікелей тәуелді делінген. Сол себепті Ману заңында ел басшысы елшіні тағайындауда өте сақ және таңдап тағайындағаны дұрыс екендігі дәріптелген.

Дегенмен, адамзаттың дамуының әр дәуірі бұл мамандықтың мәнін өзінше айқындап, өз талаптарын қойып келді. Уақыт өте келе халықаралық қатынастар да күрделене түсті, саяси және жағрапиялық картадан бір мемлекеттер жойылып кетті, енді біреулері жаңадан пайда болды. Бұл өз кезегінде мемлекеттердің дипломатиялық қызметіне өзіндік әсер етті. Бұл шынайылықты әлемнің барлық ғалымдары мойындайды. Америкалық Честер Боулз 1962 жылы бұл жөнінде: «Дипломатияға деген талаптың өзгеруі елшілерден талап етілетін сапаның да өзгеруіне әкелді. Дегенмен, жеке басының жарқындығы, жұбайының тартымдылығы, саяси болашағы мен саралау қабілеттілігі әлі де өте қажет, олар бүгінгі күні де жетіспеуде. Бүгінгі күннің күрделі әлемінде елші кең көлемдегі іс-әрекеттерге жетекшілік етуге қабілетті әкімші, бастамашыл қасиетке ие, құзырындағы қызметкерлерді ынталандыра алатын, беделді және істің жөн-жапсарын түсіне алатын ойлы жетекші, табандылық пен ұстамдылықты үйлестіре алатын, зерделік пен зиялылық дарыған нағыз дипломат болуға тиіс», – деп жазады.

Қазіргі кезеңдегі дипломат жақсы жалпы гуманитарлық білімге ие, тарих саласында, оның ішінде халықаралық қатынастар мен дипломатияны, философияны, экономикалық теорияны, жағрапияны, елтанушылықты, құқықтануды (халықаралық құқық, дипломатиялық және консулдық құқықты) терең меңгерген, сонымен бірге діни ілімдерді, дипломатиялық протокол мен этикетті зерделеген тұлға болуы қажет.

Міндетті шарттар – кәсіби шеберлігін тиімді пайдаланудың құралы ретінде бірнеше шет тілдерін меңгеру. Заманауи дипломат өз білімдарлығын келесі қызметтерде: саяси есептерді, саяси хаттарды дайындау барысында, ақпараттық, ғылыми, мәдени, консулдық және қызметкерлер жөнінде есеп беру саласында, мәселелік анықтама, шартты белгілермен жазылатын жеделхаттар жобасын дайындауда, шетелдік қайраткерге қатысты саяси мінездеме жазуда, күнделік пен дипломатиялық сұхбат жазбасын ресімдеуде; дипломатиялық немесе басқадай хат жазысуды шет тіліне аударуда, тілмаштық қызметті жүргізуде; шетелдік баспасөзге шолу дайындауда, қажетті мәселелер бойынша кітаптар мен әртүрлі басылымдарға түйіндеме жаза білуде; күнделікті және болашақтағы мәселелер бойынша жұмыс жоспарын құрастыруда; ақпараттық және насихаттық қызметтерге қатысуда, оның ішінде радиода, телеарнада және баспасөз беттерінде, шетелдік тыңдаушылар алдында дәріс оқуда; баспасөз мәжілістерін жүргізуде және сұхбат беруде; «дөңгелек үстелдер» мен пікір-сайыстар ұйымдастыруда, қоғамдық-саяси еңбектерді тарату және баспасөз-түйіндеулерін дайындауда; келетін өкілдермен жұмыс жасауда, яғни олар үшін жадынама, сөйлеу мәтіндерінің жобаларын және басқа да құжаттар дайындауда, келіссөздеріне және кеңес берулерге қатысуда, олармен ілесіп жүруде және тілмашпен қамтамасыз етуде; қабылдаушы елдің сыртқы істер мекемесімен және билік органымен байланыс орнатуда, шетелдік әріптестермен іскерлік қарым-қатынастарды қалыптастыруда, осы байланыстарды нығайту және қолдау көрсетуде, оның ішінде қабылдаушы елдің басшылығына, қоғамдық және басқа да жетекшілігіне қажетті ақпаратты жеткізе білуде; жергілікті биліктің құқықтық әрекеттерін бақылауда, екіжақты шарттар мен келісімдердің орындалуын қадағалауда, өкілдік қызметкерлерінің қабылдаушы елдің заңнамалары мен салт-дәстүрін қадірлеуін, сонымен бірге протокол мен этикет ережелерін қатаң сақтауын талап етуде көрсете білуі тиіс.

Дипломатиялық қызметте саяси мәселелермен қоса бірқатар әкімшілік және техникалық мәселелер жиынтығы да аса маңызды болып табылады. Олардың ішінде: дипломатиялық қабылдауларды ұйымдастыру, дипломатиялық шабармандарды және олардың жүктерін күтіп алу және шығарып салу; факс, телекс немесе телетайп байланыстары арқылы түсіп жататын ақпараттарды саралау; шетелдік өкілдермен, жеке тұлғалармен хат жазысу және орталықпен қызметтік хат алмасуды жүргізу; еңбекті ғылыми тұрғыдан ұйымдастыру қағидаларына орай жаңа электронды және т.б. техникаларды қабылдау және игеру; кәсіби біліктілік деңгейін арттыру шараларын өткізу, оның ішінде референттік мәжілістер, тәлімгерлік, тіл білімін жетілдіру, қызметтік аттестация және т.б.; қаржылық, шауашылық, тұрмыстық және басқа да күнделікті әкімшілік мәселелері бар.

Сонымен бірге кәсіби дипломат консулдық жұмыстың дағдыларын да: төл құжаттар мен визаларды ресімдеу, қабылдаушы елде уақытша тұратын қандастарды тізімге қою, тұрақты түрде тұратын ел азаматтарымен жұмыс жасау, азаматтық беру немесе одан шығару мәселелерімен айналысу, теңіз және әуе кемелерінің жолаушыларына және экипаж мүшелеріне қамқорлық көрсетуді; төтенше жағдайлардың мән-жайын анықтау, тергеу жұмыстарын жүргізу, соттық және басқа да дау-дамайларды шешуге қатысу, қандастардың мүдделерін қорғау, қабылдаушы елдің полициясымен, кеден, кемежай, әуежай және басқа да билік мекемелерімен байланысқа шығуды; санитарлық және ветеринарлық қорғау қызметтерін орындауды; әртүрлі нотариалды әрекеттерді, азаматтық хал актілерін тіркеу, мұрагерлік ісін жүргізу, консулдық алымдарды ұйымдастыруды игеруге тиіс.

Әрине, болашақ дипломат осы мамандық бойынша білім алу сатысында қалыптаса бастайды. Кәсіби қызметінің төменгі сатысында күнделікті тапсырмаларды атқару барысында қажетті кәсіби дағдысы орнығады. Әрқырлы теоретикалық біліммен қоса дипломатия саласындағы қызметінің нәтижесінде тәжірибелі дипломат деңгейіне көтерілу мүмкіндігі туындайды. Бұл өз кезегінде тәжірибелі дипломаттың халықаралық келіссөздерде ұлттық мүддені табысты қорғауына әкелері сөзсіз.

Дипломатия сыртқы саясаттың бөлінбес бөлігі ретінде тек қане келіссөздермен ғана шектеліп қоймайды. Жалпы қабылданған анықтама бойынша мемлекеттің сыртқы саясатын жүзеге асыратын құрал ретінде дипломатия – бейбіт шаралардың жиынтығын, нақтылы бір мәселелерді шешуге арналған қабылдаулар мен әдістерді білдіреді; шетелдегі мемлекет және үкімет басшыларының, Сыртқы істер министрлігінің, сыртқы істер мекемелерінің, дипломатиялық өкілдіктердің ресми қызметі; мемлекеттің сыртқы саяси мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асырушы өкілдерінің халықаралық мәжілістердегі қызметі, сонымен бірге мемлекеттің шетелдегі мекемелері мен азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған қызметі.

Дипломатиялық қызметте дипломатиялық құжаттарды дайындау дипломатиялық жұмыстың аса бір маңызды саласы болып табылады. Мемлекеттердің дипломатиялық құжаттамасы әр алуан. Оның басым бөлігін таза ішкі мекемеаралық сипаттағы құжаттар құрайды. Дипломатиялық құжаттардың басқа бір тобына – мемлекеттер арасындағы ресми қатынастарды хат алмасу арқылы жүзеге асыратын құжаттар жатады. Бұл құжаттар халықаралық өмірге қатысты мәселелерге байланысты мемлекеттердің саяси ұстанымдарын білдіреді.

Мемлекеттердің сыртқы саясатының мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруда нота, меморандум, мәлімдеме, ресми хаттар арқылы дипломатиялық хат алмасу – дипломатиялық қызметтің негізгі түрлерінің бірі.

Мемлекеттердің дипломатиялық қызметінің басқадай түрлеріне:

– халықаралық конгрестерге, мәслихаттарға, мәжілістерге қатысуы, яғни мемлекет өкілдерінің әрқилы деңгейлеріндегі жүйелі кездесулері;

– халықаралық қатынастардың әртүрлі мәселелеріне байланысты көпжақты немесе екіжақты халықаралық шарттар мен келісімдерді дайындау мен жасасу;

– мемлекеттің шетелдегі дипломатиялық өкілділігінің қабылдаушы елдің дипломатиялық мекемесімен күнделікті саяси және басқадай да келіссөздер жүргізуі;

– мемлекет өкілдерінің жалпы саяси және аймақтық халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуы;

– баспасөзде қандайда бір сыртқы саяси мәселеге қатысты үкіметтің саяси ұстанымын қарастыру, ресми хабарлама жариялау, халықаралық актілер мен құжаттарды ресми тұрғыда басып шығару жатады.

Дипломатиялық қызмет жазба жұмысымен өте тығыз байланысты. Дипломатиялық хат алмасу арқылы мемлекеттердің дипломатиялық қарым-қатынастары жүзеге асады. Дипломаттар өздерінің жұмыс уақытының басым мөлшерін өз Үкіметі мен Сыртқы істер министрлігі арасында ресми хат алмасуға арнайды: саяси хаттар, шартты белгімен жазылатын жеделхаттар, әртүрлі нұсқадағы анықтамалар, ұсыныстар, сұхбат жазбаларын, келіссөздер мен баспасөз мәслихаттарына арналған мәлімдеме жобаларын, жадынамалық жазбаларын, келісімдер мен шарттардың жобаларын және т.б. дайындайды, сондайақ шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен министрліктер арасындағы дипломатиялық құжаттарды: ноталар, мәлімдемелер, декларациялар, жеке жолдамалар, меморандумдар, коммюникелер, басқа да ресми құжаттарды жобалайды. Осы құжаттарды дайындау барысында дипломатиялық тілге ерекше көңіл бөлінеді.

Дипломатияда дипломатиялық тіл екі түрлі түсінікті білдіру үшін қолданылатын ұғым. Біріншіден, бұл ресми дипломатиялық қатынастар жүргізілетін және халықаралық келісімшарттар жасалынатын тіл. Екіншіден, бұл жалпы қабылданған дипломатиялық сөздікті құрайтын дипломатия саласындағы белгілі бір түсінікті дәл бейнелейтін терминдер мен сөз орамдарының жиынтығы. Мысалы: агреман, атташе, альтернат, денонсациялау, пакт, ратификациялау сияқты терминдер дипломатия саласына тән терминдер.

Қазіргі кезде ресми дипломатиялық қатынастар жүргізілетін және халықаралық шарттар жасалынатын міндетті бірыңғай тіл жоқ. Бүгінгі күні біртіндеп тілдердің тепе-теңдік қағидасы қалыптасуда. Сол негізде барлық мемлекеттердің сыртқы істер мекемесі (бірен-саран елдер ғана болмаса) дипломатиялық қатынастардағы ресми хат алмасуларды, әсіресе, дипломатиялық нотамен өзара алмасуды ұлттық тілдерінде жүргізеді.

Дипломатиялық қызмет қашанда елмен елді табыстыратын алтын көпір ғана емес, халықаралық алаңда мемлекеттерді бірбірімен беттестіріп, мемлекеттің бет-бейнесін әлемге паш етеді.

Ежелден ұлтты ұйытқан ұлағатты бабаларымыз елінің бейбітшілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында іргелес жатқан елдерге сан мәрте өз елшілерін аттандырған. Қазақ халқының басынан өткен небір қиын-қыстау сәттерде мемлекетаралық байланысты орнатуда дипломатиялық тілді ұтымды пайдалана алуы елінің елдігі мен жерінің тұтастығын сақтап қалуына мүмкіндік туғызып келді. Қазақ тілінде іс жүргізу әрекеті бұрынғы Кеңестер Одағы кезінде де қолға алынғанымен, сол кездегі жергілікті солақай саясаттың ықпалы ма, әлде өзіміздің дәйексіздігіміз бе әйтеуір, алға жылжымай аяқсыз қалып келді.

Дегенмен, бүгінгі күні қазақ тілін түлету мақсатында еліміздің көптеген қоғам қайраткерлері мен тіл саласының мамандары елдегі қазақ тіліне деген самарқаулықтан, дүмбілездіктен арылтып тіліміздің мәртебесін көтеруге бар күш-жігерлерін жұмылдыруда.

ХХ ғасырдың 60-70-жылдары шыққан салалық терминологиялық сөздіктерге қосымша ретінде бүгінгі күні жаңа арнадағы сөздіктер шыға бастады. Сол ретте ресми іс қағаздарын жүргізуге жәрдем ретінде 1994 жылы «Атамұра» баспасынан «Екі тілде іс жүргізу: сөздік-анықтамалық» атты көмекші құралдың шығуы осы бағыттағы шаруаны біршама жеңілдете түсті. Алайда, әр сала өзіндік ерекшеліктерге толы.

Қазақстан Республикасының бұрынғы Сыртқы істер министрі болған белгілі дипломат Қ.К.Тоқаев: «Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері бұрын ұмтыла бастаған ұлттығымыздың басты белгілері, асыл мұраларымыз-тарихымыз, дініміз, ділімізбен қоса, тілімізді қалпына келтіруге сыртқы саясат ведомствосы да атсалысып, министрліктің құрылымдық бөлімшелерінде және шетелдердегі елшіліктер мен өкілдіктерде іс жүргізу және қатынас қағаздарын кезең-кезеңімен мемлекеттік тілге көшіру жоспарланып отыр«, – деп тіл мәселесінің мемлекетаралық қатынастарда да өте маңызды екендігін атап өткен еді.

Ал арнайы терминдер мен сөз орамдарының жиынтығы ретінде жалпы дипломатиялық қатынастарда қалыптасқан «дипломатиялық тіл« ұғымының екінші мәніне келетін болсақ, оларды қазіргі дипломатиялық құжаттарда жиі кездестіруге болады. Дипломатиялық құжаттардың тілі мен жазылу тәсіліне қатысты неміс ғалымы Х. Вильднер өз еңбегінде бірқатар ұсыныстар береді. Х. Вильднер бойынша, дипломатиялық жазу тәсілі – ең алдымен, қарапайымдылық және айқындығымен ерекшеленуі тиіс, бұл жай қарапайымдылық емес, әр сөз өз орнын дәл тауып, тура мағынасын жеткізе алатындай болуы қажет. Дипломатиялық құжаттың тілі – бұл мемлекеттің сыртқы әлеммен байланысқа түсетін тілі. Көп жағдайда мемлекеттің дайындаған дипломатиялық құжатының тілінен сол мемлекеттің бет-бейнесін көрінеді. Сондықтан да, тілге, дипломатиялық құжаттардың жазылуына аса жоғары талаптар қойылады. Бұл тіл – анық та, нақтылы болуға тиіс.

Егер дипломатиялық құжаттарды тілдік тұрғыдан қарайтын болсақ, онда олар көп жағынан саяси деректі басылымға жақын тұрады. Саяси деректі басылымдарда, дипломатиялық құжаттарда көркем әдебиеттен алынған сөз орамдары кеңінен қолданылады. Көркем әдебиеттегідей салыстырмалы түрде, мазмұндау әдісін пайдалану дипломатиялық құжатты жан-жақты толықтырып, оған айқындылық, тартымдылық берері сөзсіз.

Әрине, көркем әдебиеттің әдіс-тәсілдерін орынды пайдалана білу керек. Тілдік құралды дипломатиялық құжаттарда ұтымды пайдалана білуіңіз құжаттың жазылу құндылығын арттыра түсіп, мазмұнын нақты түсінуге мүмкіндік туғызады. Дипломатиялық құжаттарды дайындау барысында бұл құжаттың кімдер үшін, қай елге бағытталатындығын бір сәт те естен шығармау керек. Кей жағдайларда сол елде кең етек алған ұғымдар мен нақысты сөздерді дипломатиялық құжаттарда қолдануы мүмкін. Егер дипломатиялық құжаттар өте айқын, жүйелі, тартымды тілде жазылған болса, оған көңіл бөлушілік те арта түсері хақ. Ал ресми құжат сайқымазақ, кекесінді, өткір мысқылмен жазылса, ондай құжаттар мемлекетаралық қатынастарды негізінен қайшылықты жағдайларға әкеліп тірейді. Дипломатиялық құжаттарды дайындау барысында ақиқат пен жалғандықтың аражігін ажырата білуге талпыну қажет.

Халықаралық қатынастар жүйесінде көптеген ұсыныстар мен тілектер жарияланады. Бұл ұсыныстар шарттар, келісімдер, қарарлар жобаларының тармақтарына таралып тасталуына байланысты бұл саладан бейхабар жанға оларды толық қабылдап, дұрыс түсінуі қиынға соғады. Сол себепті ол тармақтардың мазмұнын әлемдік қоғамға түсінікті, жалпыға бірдей ашық түрде болуын қамтамасыз ету дипломатиялық құжаттардың маңызды жақтарының бірі болып табылады.

Мәселені тек баяндау күйінде ғана хабарлау дипломатиялық құжаттардың мәнін ашпайды. Өйткені онда баспа бетінен, радио, телеарналардан немесе бұған дейінгі дипломатиялық құжаттарда келтірілген мәліметтерден белгілі хабарлама күйінде жарияланады. Сондықтан мәселені қарапайым түрде хабарлау белгілі ақиқатты қайталаумен тең. Егер мәселе баяндау түрінде емес, белгілі мәліметтермен мәселенің жаңа жақтары өзара байланыстырылып, жаңа қырынан ашыла түсетін болса, дипломатиялық құжатқа деген қызығушылық арта түседі.

Сөйлем, құжатпен танысатын жақты ойландыратындай, сұраулы мағынада, пікір алмасу кейпінде, әр сөз өзіне тән екпінде, яғни сұхбаттасу тіліне жақындата алсаңыз, дипломатиялық құжатыңыз сөзсіз өте мәнді болады. Бүгінгі күнге дейін дипломатиялық құжаттардың тілі қарапайым, майда, икемді, құрғақ болу керек деген түсінік қалыптасқан. Кезінде дипломатияда солай сұхбаттасқандығы ақиқат. Дегенмен, құжаттардағы бүкіл мәтіннің біржақты, нақты мәліметтің өзі ғана келтірілуі құжатпен танысушы тарапты жалықтыруы мүмкін. Бұл құжат мазмұнын соңына дейін толық түсіну мүмкіндігін азайтуы ықтимал.

Мәселеге қатысты алғашқы дипломатиялық құжат дайындалған кезде мәліметтер нақтылы күйінде дәйектеу қажет. Ал осы мәселеге қатысты келесі құжаттарды әлде қайда кең көлемде, алғашқы мәліметтерді жан-жақты ашып көрсеткен дұрыс. Дипломатиялық құжаттардың стилистикалық құндылығы сөздер мен сөз тіркестерін тиімді пайдалана алу мүмкіндігіне тікелей қатысты. Бір сөздің өзін әр сөйлем сайын қолдана берсеңіз де дипломатиялық құжаттың сапасына кері әсер етері белгілі.

Дипломатиялық құжаттарда жалпылама сипаттағы түсініктерге тым жиі сілтеме жасамаған дұрыс, өйткені керісінше жағдайда бұл құжат басқа тарапқа ақыл айтумен тең болып қабылданады. Сондықтан да қарсылық білдіру құжаттарын дайындауға жеткілікті мөлшерде дәлелдеме болғаны жөн. Сол негізде тым асыра сілтеушіліктің де болмағаны дұрыс. Егер дипломатиялық құжаттарды грамматикалық тұрғыдан қарастыратын болсақ тек жадынамалық жазбаларында ғана емес, сондай-ақ ноталар мен мәлімдемелерде де болымсыз сөйлемдер көп мөлшерде кездеседі. Өйткені бұл дипломатиялық құжаттардың белгілі өзіндік ерекшеліктерімен айқындалады.

Грамматикалық категорияға қатысты міндеттеуге жататын нақысты сөздер мен сөздер тізбегін дипломатиялық құжаттарда пайдалану жан-жақты сақтық пен өнегелілікті қажет етеді. Ең алдымен, тепе-теңдік қатынастар жөнінде, егеменді мемлекеттердің қатынастары туралы сөз болғанда басқа мемлекет үшін оның не істеу немесе істемеу керектігін міндеттеу әдептіліктен тыс деп есептелінеді. Сол себепті дипломатиялық құжаттарда міндеттеу қағидасы әлдеқайда икемді, жұмсақ түрге ие болады. Яғни шартты-келісімді сөйлемдерге «егер» сөзінен бастауы қарсы тараптармен қоса өздеріне де қатысты екендікті білдіреді.

Міндеттеу сөздерін пайдаланудың екінші қауіптілігі талап еткендік болып қабылдану мүмкіндігі. Ал талап етушілік – егер құжат қандай да бір төтенше жағдайға қатысты болмаса, шын мәнінде, талап ету емес болса, онда бұл пайдасыз, қайта зиянды болып табылады.

Дипломатиялық құжаттардағы қарапайымдылық түрін құптайтын Х.Вильднердің өзі де мұқияттылықты талап етеді. Дегенмен, құжаттың басым көпшілікке түсінікті болуын ешкім де жоққа шығармайды. Қысқа түсініктер мен қарапайымдылық көп жағдайда бірдейлікті білдірмейді. Дипломатиялық құжаттардағы қысқа сөздер, немесе ұзақ сөздер не жетіспеушіліктің не құндылығының белгісі емес, ең бастысы, мағынасыз сөздердің, бос сөздер мен сөйлемдердің болмағаны дұрыс. Мәтінге ешбір қосымша мазмұн, мағына бермейтін сөздерді сөйлемге қыстырудың қажеттігі жоқ. Ең маңыздысы – белгіленген мазмұнды нақты ашу.

Толыққанды дипломатиялық құжаттардың тілдік және стилистикалық құрылымы құжат бағытталған тараптарға деген сенімділік туғызатындай, олардың дұрыс шешім қабылдау қабілеттілігіне түрткі болатындай сипатта құрылады. «Күрделі мәселелерге қарапайым шешімнің» болмайтындығын дұрыс түсінуге тәрбиелеу, халықаралық алаңда болып жатқан дүниені ой елегінен өткізуге ұмтылуына дипломатиялық құжаттың құрамындағы нақтылы дәйектер мен дәлелдердің негізінде түрткі болу үшін дипломатиялық тілге талғампаздықпен қарап, шетелдік оқырманға деген әдептілікті жоғары деңгейге жеткізу қажет.

Өйткені Сыртқы істер министрлігінің қызметі сан қырлы әрі күрделі жұмыс болғандықтан, ол – тындырымды зерделік пен зиялылықты қажет етеді. Бүгінгі Қазақ елі әлем елдерінің бір қатарымен тұрақты қарым-қатынастар орнатып, сан алуан салада халықаралық келісімдер мен шарттарға отыруда. Әрине еліміз тәуелсіздігін жариялай салып халықаралық қатынастарды ұлттық тілде жүргізуге шамасы келмеді. Өйткені еліміздің дипломатия саласында ұлттық тілін терең меңгерген мамандар жоқтың қасы болды. Сол себепті тәуелсіз Қазақстанның әлеммен байланысы орыс тілінде жүргізілді. Соңғы кездегі қазақ тілінің өрісін кеңейту саясаты дипломатия саласын да қамти бастады. Өйткені тіл – қашанда мемлекет тірегі, ұлттың ұлт болуының басты белгілерінің бірі.

Яғни еліміздің дипломатиялық саласында қазақ тілін терең меңгеру бүгінгі күннің қажеттілігіне айналуда. Әрине, бұл бағытта әлі де қатаң саясат ұстанған дұрыс болар еді. Сонда ғана дипломатия саласында ұлттық намысымыз бен сезіміміз асқақ болары айқын. Билік тармақтарында ұлттық тілде ресми құжаттар дайындауда кездесетін келеңсіздік пен жанайқай тумас еді. Жоғалуға шақ қалған асылымызды қайта жинау жеңіл бола қоймайды. Әрбір мәлімет қазақша ойлау жүйесінің жемісі ретінде, тілдік ерекшеліктерді сақтай отырып, түпнұсқа күйінде дүниеге келгенде ғана толыққанды құжат ретінде қабылданбақ. Дипломатиялық құжаттарды әзірлеуде бұл өте құнды талап.

Болашақ дипломаттар тұрған еліміздің тұлғалық қасиетіне, ұлттық тіліне, мәдениетіне, парасаттылығына, өзіндік ерекшелігіне мән бере отырып, қазақ халқының ұлттық сипатын жарқырата ашып көрсетуге талпынуы керек. Мақсат тұтқан іс қауқарлы болу үшін әрбір маман өзінің біліктілігін арттыра түсуге тиіс. Яғни халықаралық қатынастарды қарқынды дамыту мен нығайту дипломатиялық тілдің негізінде жүзеге асады. Тілді терең меңгергеннің өрісі мен тынысы кең болары сөзсіз.

Сол негізде дайындалатын дипломатиялық құжаттарды жанжақты талқылау барысында әлемдік дипломатиялық тәжірибеде қолданылатын дипломатиялық құжаттардың рөлі мен мәнін, құрастырылу әдіс-тәсілдерін жан-жақты танып білу мақсатында көптеген дипломатиялық құқықтың негізін қалаған халықаралық құжаттар мен әлемдік авторлардың ғылыми еңбектерін қарастыру өте қажет.

Жалпы дипломатиялық қызметке қатысты еңбектер өте мол. Солардың ішінде А.Г. Ковалев «Азбука дипломатии» атты еңбегінде дипломатиялық құжаттардың түрлері мен оның ішкі мәтінінің қалай жазылатындығына ерекше көңіл бөлген. Қазақстандық ғылыми айналымға да осы бағытта бірқатар еңбектер қосылды. Мәселен, Қ.К. Тоқаевтың «Беласу. Дипломатиялық очерктер» атты еңбегінде қазақстандық дипломатиялық қызметтің қалыптасуы мен дамуы қарастырылған. Ал Қ.К. Тоқаевтың жалпы жетекшілігімен шыққан «Қазақ және орыс тілдерінде дипломатиялық іс жүргізу», 2008 жылы шыққан құрастырушы-автор М. Кәрібайдың «Дипломатиялық хат алмасу (үлгілер)» атты кітабы, А.Р. Әліпбаевтың «Дипломатиялық құжаттама», «Халықаралық келіссөздер» оқу құралдары нақтылы үлгілердің негізінде дипломатиялық құжаттарды құрастыруға және дипломатиялық келіссөздердің мәні мен рөлін қарастыруға арналған. Дипломатия саласына, жалпы халықаралық қатынастар жүйесіне арналған кітаптар қатарына «Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар» атты оқулықты да (авторы С. Батырша-ұлы) жатқызуға болады. Бұл еңбекте ежелгі кезеңдегі дипломатиялық және консулдық қызметтің қалыптасуына да көңіл бөле кеткен.

Мемлекетаралық қатынастарды жүйелеу мақсатында мемлекеттер 1961 жылы 18 сәуір күні Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясына қол қояды. Әлемнің барлық мемлекеттері, оның ішінде конвенцияға әзірше қосылмаған елдер де, конвенция көлеміндегі ережелерді сақтайды, дипломатиялық протокол қызметтері өз қызметінде осы ережерлерді ескереді. Бірқатар елдер Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясы ережесінің негізінде қосымша өз заңнамаларын қабылдауды дұрыс көрген. Сол ретте Қазақстан Республикасы да тәуелсіз мемлекет ретінде 1997 жылы 12 қарашада «Дипломатиялық қызмет туралы заңын» қабылдайды. Бұл заң мемлекеттік қызметтің бір бөлігі ретіндегі Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ ұйымдастыру тәртібін белгілейді.

Осы заңның негізінде Қазақстан Республикасының «Дипломатиялық қызмет туралы заңына» толықтырулар енгізіліп, 2002 жылы 7 наурызда жаңа мәтіні қабылданады. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі осы заңның негізінде жүзеге асырылуда.

Тақырып бойынша бақылау сұрақтары:

1. «Дипломатия» деген ұғымды қалай түсінесіз?

2. Дипломатиялық тіл ұғымын қалай түсінесіз?

3. Мемлекетаралық қатынастарды жүйелеу мақсатында мемлекеттер қандай халықаралық деңгейдегі құжаттарды бекітті?

4. Қазақстан Республикасының «Дипломатиялық қызмет туралы заңы» дипломатиялық қызметтің міндеті мен функциясын қалай айқындаған?

5. Дипломатиялық арнайы терминдер мен сөз орамдарына түсініктеме беріңіз?

Дипломатия тарихы

Подняться наверх