Читать книгу Дипломатия тарихы - Амангелді Әліпбаев - Страница 4

3-дәріс
ЕЖЕЛГІ ҚЫТАЙ ДИПЛОМАТИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

Оглавление

Жоспары:

– «Ши-цзин» жиназы.

– Чжоу (Гунь) билігінің орнауы және оның ілімінің маңызы.

– Мандат туралы идея. 546 жылзы конференция және оның маңызы.

– Цинь және Хань әулеттерінің дипломатиясы.

– «Әлемнің бірінші әміршісі» император Чжен және феодалдарды біріктіруі.

– У-ди дипломатиясы және оның маңызы.

– Чжань Цань және оның дипломатиялық қызметі.

– Қытайдың Парфиямен елшіліктер алмасуы.

Шығыс Азиядағы құлиеленуші мемлекеттің алғашқысы Хуанхэ өзенінің бойында біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықта пайда болған. Уақыт өте келе Инь-Шан үлкен патшалыққа айналған. Кейіннен бұл мемлекет көптеген жеке ұсақ құлиеленуші мемлекетке бөлінеді. Оның ішінде Ци, Чу, Цинь, Сун, Цзинь сияқты патшалықтар да болды.

Осы аймақта пайда болған ұсақ мемлекеттер бір-бірімен кейде қақтығысып, кейде татуласып одақтас та болып келді. Бұл қатынастар негізінен достық келіссөздер өткізу арқылы жүзеге асатын. Ол тығыз экономикалық, саяси және мәдени қатынастарды нығайтатын. Бұл мәліметтер ежелде пайда болған қытайлық жазбаларда (иероглиф) көрсетілген. Сол себепті көне заманнан бері қытайлық шежірешілер ел аумағында болып жатқан саяси, тарихи мәліметтерді сол кезде кең тараған сүйек, бамбук тақтайшаларына, кейіннен жібек маталарына, қағаздарға жазып қалдырған. Сондай жазбаларда ұсақталған ежелгі қытайлық мемлекеттерге азиялық аймақтан көшпелі тайпалар шабуыл жасап, тонап кететін дейді. Ондай тайпаны қытайлықтар «сюн-ну» немесе «хун-ну» (ғұндар) деп атаған. Ғұндар – қытайлықтармен көршілес болған елдердің ішіндегі ең басты дұшпаны болыпты.


2-сурет. Б.з.б. ХІІ-VІ ғасырлардағы ежелгі қытайлық патшалықтар


Осындай шапқыншылықтардан өз мемлекетгерін сақтап қалу үшін ежелгі қытайлық мемлекеттердің билеушілері одақтастыққа ұмтылды. Солардың бірі Чжэн бүкіл бақталастарын жеңіп, жеке шексіз билікті құлиеленуші ежелгі Қытай мемлекетінің негізін қалады. Өз қол астына Хуанхэ, Янцзы өзенінің ағысындағы Қытай аумағының орталық бөлігін біріктіріп, Цинь-ши Хуан ди (Циннің ұлы сары патшасы) атағына ие болып, маңайындағы тайпа мен елді мекенді өз иелігіне қосу үшін көптеген шапқыншылық жасаған болатын.

Сол кезеңнің өзінде патшалықтар арасында туындаған шиеленісті мәселелерді шешу мақсатында елшілер жасақталды. Біздің заманымызға дейінгі ІІІ-У ғасырларда ғұн мен қытайлықтар арасындағы қарама-қайшылықтарды бейбіт жолмен шешу талпыныстары да болған. Олар өзара шабуыл жасаспау мақсатында бірнеше келісімшарттарға келген. Дегенмен, бұл келісімшарттар берік болмаған. Сол себепті көршілес елдердің шапқыншылығынан қорғану мақсатында Қытайдың ұлы қорғаны б.з.д. ІІІ ғасырда Цинь Ши-хуанди дәуірінде басталып, 1644 жылға дейін салынды. Оның жалпы ұзындығы 8851 км 800 м құрайды. Қытайдың ұлы қорғаны Шығыстан Батысқа созылған. Ол Шаньхайгуань қаласынан басталып Ляодун шығанағының жағалауымен Цзякойгуань (Ганьсу провинциясы) аумағына дейін жетеді.

Цинь-ши Хуан ди өлгеннен кейін де (б.з.д. 209 ж.) Інжу өзені алқабының оңтүстігінде, Оңтүстік Қытай теңізінің жағалауында оған бағынбаған ұсақ құлиеленуші мемлекеттер қалды. Хань әулетінің патшалығы кезінде (б.з.д. 206 жылдан – б.з. 220 ж.) қытайлық құл иеленушілік билік қуатты орталықтандырылған мемлекетке айналып, әкімшілік тетіктер жүйесі жақсы ұйымдастырылған, қуатты әскери күшке ие болды. Қытай дипломатиясы көрші елдерді бағындыру, шетелмен сауданы кеңейту, халықаралық сауда-саттық жүретін жолдарда үстемділік танытуға бағытталған еді. Бұл кезде Қытайда феодалдық қатынас та қалыптаса түседі. Сондай-ақ осындай саясаттың негізінде Ұлы Жібек жолы қалыптаса бастайды. Ұлы Жібек жолы Қытай мен Орта және Таяу Шығыс арасында дипломатиялық, сауда және мәдени байланыстардың дамуында да маңызды рөл атқарды.

Осы кезеңде Қытай патшасының кеңсесінде өте маңызды бүкіл ішкі және сыртқы оқиғалар жазылатын болды. Қытай елшілігінің басшылығы өзіне жүктелген миссия бойынша жанжақты мәлімет беру жөнінде қорытынды есепті жазбаша жасауға міндетті болған.

Көрші мемлекеттермен қарым-қатынастар орнатуда арнайы саяхатшы елшілер институты жұмыс істейді. Сол кезеңдегі У-ди патшаның (б.з.д 140-87 жылдар) сыртқы саясаты да өте белсенді болды. Алыс Батыста, ғұн тайпасы мекендеген кең даланың екінші жағында мәдени елдердің мекендегенін естіген ол б.з.д 138 жылдары солармен байланысқа шығуды көздейді. Осы жылы Батысқа жасақталған Қытай елшілігін әскери қолбасшы Чжань Цань бастайды. Оның негізгі міндеті Батыс патшалығымен одақтасып, көшпенді тайпаны жою еді.

Тек, ғұн даласында Чжань Цань тұтқынға алынып, сол елден он жыл бойы кете алмайды. Ол ғұнның салт-дәстүрін қабылдап, жанұялы болады. Ыңғайлы сәт туғанда ол Батысқа қашады. Ферғана алқабына жеткен Чжань Цань өзі бет алған Гректік-Бактриялық патшалықтың енді жоқ екендігін естиді. Ол елді бұған дейін көшпенді сақ тайпалары басып алған болатын. Чжань Цань олармен ғұндарға қарсы одақтасуды ұсынғанымен, келісімге келе алмайды.

Чжань Цань өзі өткен Орталық Азия мен Иран жөнінде көптеген мәліметтер жинап, оның ішінде әскери күштері жөнінде, қалалар мен сауда жолдары туралы мағлұматтар алып, кездескен халықтардың қоғамдық және мемлекеттік құрылымдарын біліп, Қытайға кері қайтады. Жол азабын әбден тартқан ол тек б.з.д. 126 жылы еліне жетеді.

Бірнеше жылдан кейін Чжань Цань жинаған мәліметтерді пайдалана отырып, қытайлық әскерлер ғұн тайпаларына қатты соққы беріп Орталық Азия шекараларына жақындайды.

Сол кезде салынған бекіністердің негізінде, кейін Қытайды Батыс елдерімен байланыстырған керуен жолдары құрылып, 300 жыл көлемінде қызмет етті.

Қытай елшілері оңтүстік мемлекеттермен байланыс орнатып, олардың Қытай билеушілеріне бағынуына жағдай жасады. Қытайдың сыртқы саясатының басты нысаны Пан-Нюэ мемлекеті болды, оның астанасы бүгінгі Кантон жерінде орналасқан еді. Осы елді қосып алу дайындығы кезінде қытайлық елшіге аймақты тез басып алуға қолайлы өзен жолын барлауды міндеттеген еді. Пан-Нюэ мемлекетіне келгеннен кейін елші қандай да бір тойлату кезінде дастарханға қойылған сирек кездесетін көкеніс өсетін жер жағдайын әңгіме қылады. Әңгіме барысында Інжу өзенінің жоғарғы ағысы Янцзы өзенінің жоғарғы ағысынан әлдеқайда жақын екендігін айқындап, жедел түрде өз елін осы мәліметтермен хабардар етеді.

Екінші бір елші Пан-Нюэ мемлекетінің ішінде ішкі өзара даудамайдың шығуына ықпал етеді, нәтижесінде кәмелетке толмаған ұлы үшін билік еткен ханшайым Қытайдан көмек сұрайды, соның негізінде қытайлықтар Пан-Нюэ мемлекетін (б.з.д. 111 ж.) еш соғыссыз басып алған болатын.

Б.з.д. І ғасырда қытайға парфяндық патшалардың елшілері бірнеше мәрте келіп, «ұлы жібек жолы» арқылы керуендермен алмасқан. Халықаралық қатынастар саласында қытайлық әскери қолбасшы және дипломат Бан Чао өте белсенді қызмет жасаған. Б.з. І ғасырының соңында Бан Чао Батыс өлкенің басшысы болған кезінде ғұн тайпалары арасында араздық туғызып, оларға қатты соққы беру барысында қытай шекарасынан аластатқан.

Қытайлықтар Та-Цинь (Батыс Цинь – Рим империясы) деп атаған қуатты елмен Бан Чао дипломатиялық қатынасқа түсуге ұмтылады. Ол «Та Цань» еліне елшілікті аттандырады, олар АвСи (Парфия) елі арқылы өтеді. Парфия астанасы Ктесифонға жеткен елшілер Рим империясына қарай жол көрсетуді өтінеді. Тек парфиялықтар екі елдің одақтасуын қаламағандықтан, оларды Тигр өзені арқылы Таяу Шығысқа, сонан кейін Қызыл Теңіз арқылы Арабияны айнала өтіп жете алатындықтарын айтады. Жолдың ұзақтығынан қорыққан қытайлықтар кері елдеріне қайтқан болатын. Бан Чао талпынысы жүзеге аспай қалады.

Елшілердің сапары кезінде жиналған мәліметтер сол кездегі мемлекеттер үшін өте маңызды еді. Елдің табиғаты, салт-санасы, әлеуметтік жағдайы, саяси ахуалы жөніндегі мағлұматтарға көп көңіл бөлінді. Осындай мағлұматтар жинағының алғашқысы Сыма Цяннің «Ши-цзин» еңбегі өте құнды болып табылады. Онда халықтың ой-сезімі жазылған. Ел билеуші әкімнің іс-қимылы сыналған. Жинақ өткен кезеңді бейнелеген.

Тақырып бойынша бақылау сұрақтары:

1. «Ши-цзин» жинағының мәні қандай?

2. Цинь және Хань әулеттері қандай дипломатия ұстанды?

3. «Әлемнің бірінші әміршісі» император Чженнің рөлі қандай?

4. У-ди қандай сыртқы саясат ұстанған?

5. Қытайдың Парфиямен елшіліктер алмасуының маңызы.

Дипломатия тарихы

Подняться наверх