Читать книгу Жан сырым - - Страница 4

1

Оглавление

Оңтүстіктегі бала тәрбиесі ата-ананы сыйлау мен оларға артық сөз айтпаудан басталады. (Қазір ережелер өзгерек: енді керісінше, балаларды құрметтеу керек). Біздің үйімізде ата-анаға сөз қайтаруға қатаң тыйым салынды. Не болса да, үндемеу керек, болмаса арты жаман болады.

Інжілде «тіл – адамның қаруы» делінген.

Менің тілім де, қаруым да ән еді.

Сөйтіп, балалық шағым ән айтумен өтті. Би сабағына бара жатып, көліктегі радиоға қосылып ән айтамын. Мұңайғанда да ән айтамын. Мен үшін ән айтудың рухани маңызы бар еді.

Миссисипи штатының Маккомб қаласында туып, сол жақта мектепке бардым. Кейін ол жерден жиырма бес миль қашықтықтағы Луизиана штатының Кентвуд қаласында тұрдым.

Кентвудта бәрі бірін-бірі танитын. Ешкім есігін құлыптамайтын, қоғамдық өмір шіркеу мен ауладағы кештерден аспайтын. Әйелдер балаларын бірдей қылып киіндіретін және бәрі мылтық ата алатын. Бұл аймақтың басты тарихи көрнекі жері Кэмп Мур деп аталатын Жефферсон Дэвис салған Конфедерацияның оқу базасы болатын. Жыл сайын Алғыс айту күніне дейінгі демалыс күндері Азаматтық соғыстың қойылымы болады, ал әскери киім киген адамдар мерекенің келе жатқанын еске салатын.

Жылдың сол бір мезгілі ұнайтын: ыстық шоколад, қонақ бөлмеміздегі алауошақтың иісі, күзгі жапырақтар.

Жасыл жолақты тұсқағаздары бар, ағаш тақтайшалармен қапталған кішкентай кірпіш үйіміз болатын.

Қыз кезімде мен картинг айдап, баскетбол ойнадым. Парклейн академиясы деп аталатын христиан мектебіне барғанмын.

Мені алғаш тебірентіп, таңдандырған сәт үй қызметшіміздің кір жуатын бөлмеде ән салғанын естіген кезім еді. Кір жуып, киім үтіктейтін әдетте өзім едім, алайда жағдайымыз жақсы болған кездерде анам көмекші адам жалдайтын. Қызметші әйел шіркеу әнін шырқағанда, бір жаңа әлем ашылғандай болды. Ол сәтті ешқашан ұмытпаймын.

Содан бері әнге деген ынтықтығым, құштарлығым арта түсті. Ән айту – мен үшін сиқыр. Мен ән айтқанда өз билігім өзімде болатын. Әннің тілі еркін, ән айтқан кезде «сәлем, қал қалайдан» әлдеқайда тереңірек сырларды жеткізе аласың. Ән айтқанда тілдің маңызы жоғалып, бәрі де мүмкін болатын сиқырлы мекенге тап боламын.

Бар арманым – өмірден алшақтап, сезімдерімді еркін білдіру. Жалғыз қалғанда санам уайым мен қорқынышқа толатын. Музыка мені әлемнің шуынан құтқарып, өзіме сенім сыйлап, өзімді өз қалауымша танытып, тыңдауға жол ашты. Ән арқылы құдіретті күштің барын сезініп, бұл әлемнен жырақтайтынмын. Өзге балалар секілді аулада ойнап жүрсем де, ойым мен сезімім бөлек мекенге самғайтын.

Өз ісіме тыңғылықты едім. Құрбымның ауласында Мерайя Керидің әндеріне бейнебаян түсіріп ойнағанымды ойын деп ойламадым. Сегіз жасымда өзімді режиссер ретінде көрдім. Мен тұрған қалада ешкім мұндай іспен айналыспағандай. Әйткенмен бұл өмірден не қалайтынымды біліп, соған жетуге тырыстым.

Өнер жолында жүрген, әртүрлі рөлдер сомдайтын әртістер бұл әлемнен жырақтағысы келеді, мен де соны қаладым.

Өз қиял әлемімде өмір сүргім келді. Ән шындық пен қиялды, осы өмір сүріп жатқан әлем мен өмір сүргім келетін әлемді жалғайтын көпір еді.

Отбасыма қасірет үйір еді. Екінші атым әкемнің анасы Эмма Джин Спирстің есімінен шыққан. Мен оның суретін көргенде ғана неге жұрттың бәрі бізді ұқсататынын түсіндім. Шашымыз да, күлкіміз де ұқсас. Өз жасынан жас көрінетін.

Оның күйеуі – атам Джун Спирс оған қорлық көрсеткен екен. Джин баласынан босанғанына үш күн болмай айырылып қалады. Джун Джинді Оңтүстік-шығыс Луизиана ауруханасына, Мандевиллдегі ең нашар жерге апарып тастап, оған литий (дәрі) береді. 1966 жылы, отыз бір жасында, сәбиі шетінегеннен кейін сегіз жыл өткен соң Джин оның бейітінің басында өзін-өзі атып өлтірген. Мен оның қандай мұң мен қасіретке душар болғанын елестете де алмаймын.

Оңтүстікте Джун сияқты ер адамдар жайлы «оның көңілінен шығу қиын, ол – перфекционист» дейді.

Мен оны бұлай тым жұмсақ сипаттамас едім.

Спорт фанатигі болған Джун әкемді шаршағанына қарамай жаттығуға мәжбүрлеген. Әкем күн сайын баскетбол ойнап, қанша шаршаса да, аш болса да, ішке кірмес бұрын тағы жүз рет доп лақтыруы керек болған.

Джун Батон-Руж полиция департаментінің офицері болған, оның үш әйелінен он баласы бар. Білуімше, өмірінің алғашқы елу жылында ол жайлы ешкім бір ауыз жылы сөз айтқан емес. Тіпті отбасымызда Спирс әулетінің ер адамдарынан жақсылық күтуге болмайтынын, олар өз әйелдерін аямайтыны жайлы айтатын.

Джин Джунның Мандевиллдегі психикалық ауруханаға жіберілген жалғыз әйелі емес еді.

Екінші әйелін де сонда жатқызып тынған.

Әкемнің әпкесі он бір жасынан бастап он алты жасында қашып кеткенге дейін Джунның оны жыныстық зорлыққа душар еткенін айтқан.

Джин қайтыс болғанда әкем он үште болған. Әкемнің сол шақтағы жарақатынан кейін бауырларым да зардап шекті. Әкеме де ештеңе жақпайтын. Әкем інімді спортта үздік болуға мәжбүрледі. Есі ауысқанша мас болып ішетін. Бірнеше күн бойы жоғалып кететін. Ішкен кезде өте қатыгез болатын.

Дегенмен Джун жасы ұлғайған сайын жұмсарды.

Мен әкеме және оның бауырларына қиянат жасаған жауыз адамды емес, сабырлы әрі жылы көрінетін атамды көрдім.

Әкем мен анамның әлемі бір-біріне мүлдем қарама-қайшы еді.

Анамның айтуынша, нағашы әжем Лилиан «Лили» Портелл Лондондағы кербез, талғампаз отбасынан шыққан.

Бәрін ашып айтатын, тік мінезді кісі болған деседі. Анасы британдық, ал әкесі Жерорта теңізіндегі Мальта аралынан. Оның нағашысы кітап түптеуші болған.

Бүкіл отбасы аспапта ойнап, ән айтқанды ұнатқан.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Лили америкалық солдат – атам Барни Бриджеспен сарбаздарға арналған би кешінде танысыпты. Ол генералдардың жүргізушісі болған. Алайда ол атаммен бірге Америкаға келген соң өкініпті. Өз өмірін Лондондағыдай болады деп елестеткен екен. Күйеуінің Жаңа Орлеандағы сүт фермасына жақындай бергенде Лили көлік терезесінен Барнидің әлеміне көз тастайды.

«Жарық шамдардың бәрі қайда кеткен?» – деп күйеуінен сұрай берген екен.

Мен кейде Лили Луизианада көлікте кетіп бара жатып, түнекке қарап, не туралы ойлады екен деймін. Енді үлкен, музыкаға толы, күндізгі шайлар мен Лондон мұражайларына толы өмірі келмеске кеткенін ойлаған шығар.

Ол театрға барып, шопинг жасаудың орнына шалғай ауылда тамақ істеп, үй жинап, сиыр саууға мәжбүр болған.

Сол себепті әжем өмірден өткенше өзін бекем ұстап, көп кітап оқып, тазалыққа құмар болған. Өмірінің соңына дейін Лондонды сағынды. Отбасым Барнидің Лилиді Лондонға жібергісі келмегенін, жіберсе, қайтып келмейді деп ойлағанын айтатын.

Анамның айтуынша, Лилидің өз ойларына беріліп кететіні сонша, тамақ ішіп болмастан дастарқанды жинай бастайтын болған.

Әжемнің сондай әдемі болғаны және оның британдық сөйлеу мәнерін қайталағанды жақсы көретінім есімде. Қазір де британдық мәнермен сөйлесем, қуанамын, өйткені ол кербез әжемді есіме түсіреді.

Бойымда әжемдікіндей мінез бен сазды дауыстың болғанын қалайтынмын. Лилидің ақшасы болғандықтан, анам мен інісі Сонни, әпкесі Сандра Луизианада ақшадан еш тарлық көрмеген.

Олар протестант болса да, анам католик мектебіне барған.

Анам жас кезінде қысқа қара шашты, таңдай қақтырардай әдемі болған. Ол әрқашан мектепке биік тақалы етік пен барынша қысқа белдемше киетін. Қаладағы гей жігіттермен араласып, мотоциклдеріне отырып, қыдырған.

Әкемнің оған қызығуы да бекер емес. Джун ауыр жұмыс істеуге мәжбүр еткендіктен, әкем спортта керемет дарынды болды. Адамдар оның баскетбол ойнағанын көру үшін бірнеше шақырым жерден келетін.

Анам оны көріп, бірден: «О, бұл кім?» – депті.

Жобалауымша, олар бірін-бірі бірдей ұнатып, қызықты күндер көп боларына сеніп, бас қосқан.

Бал айы да мен дүниеге келгеннен біраз уақыт бұрын болған.

Жан сырым

Подняться наверх