Читать книгу Жан сырым - - Страница 8

5

Оглавление

Ұяң болсам да, ән айтқан кезде жаным кіреді. Жақсы қимылдау үшін гимнастикаға да барып жүргенмін. Бес жасымда жергілікті би жарысына қатыстым. Көрсеткен өнерім шляпа киіп, таяқшаны айналдыра билеу болды. Жеңдім. Содан кейін анам мені облыстың түкпір-түкпіріндегі жарыстарға апара бастады. Ескі суреттер мен бейнежазбаларда мен ең күлкілі киім кигенмін. Үшінші сыныпта қатысқан мюзиклде басыма рождестволық сыйлыққа ұқсайтын, үлкен күлгін бантигі бар, кең күлгін футболка кидім. Шынымен, ұсқынсыз еді.

Батон-Ружда өткен аймақтық байқауда жеңіске жетіп, аудандық деңгейге өттім. Көп ұзамай-ақ ата-анам мектеп гимназияларында жүлде алудан гөрі үлкен жүлделерге назар аудара бастады. Олар газеттен «Микки Маус» клубының жарысы өтетінін көргенде, барайық деді. Сөйтіп, Атлантаға сегіз сағат көлікпен жүріп бардық. Онда екі мыңнан астам бала болды. Өзімді барынша көрсетуге тура келді. Тек келгеннен кейін ғана он жастан асқан балаларды іздейтінін білдік.

Кастинг-директор Мэтт Каселла есімді кісі менен неше жаста екенімді сұрағанда, сегіз дей жаздадым да, жарысқа тек он жастағыларды қабылдайтыны есіме түсіп: «Тоғыз!» – дедім. Ол маған күмәндана қарады.

Жарыста «Sweet Georgia Brown» әнін бимен және гимнастика қосып айтып шықтым. Олар елдің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған топты бірнеше балаға дейін азайтты, олардың ішінде Калифорниядан келген Кери Рассел есімді менен бірнеше жас үлкен сұлу қыз болды.

Оған қоса Пенсильваниядан келген Кристина Агилера есімді қыз екеуіміз ұтпасақ та, бізге өте талантты екенімізді айтты. Мэтт бізге сәл үлкенірек, тәжірибелі болған кезде іріктеуден өтер едіңдер деді. Анама Нью-Йоркқа бару керек деп кеңес берді. Ол бізге жас өнерпаздарға театрдан бастауға көмектесетін жақсы агент табуымызға кеңес берді.

Бірден кете қойған жоқпыз. Оның орнына мен Луизианада алты айға жуық болдым, «Lexie’s» теңіз өнімдері мейрамханасында, «Granny’s Seafood» and «Deli»-де даяшы болып жұмыс істедім.

Мейрамханадан жағымсыз балық иісі шығатын. Десе де ол жердің тамағы өте керемет болатын. Сөйтіп, жас балаларға арналған қызық жерге айналып кетті. Мейрамхананың ішкі бөлмелерінің бірінде ағам мен оның мектептегі достары ішімдік ішетін болды. Сол кезде тоғыз жастамын, ұлу тазалап, табақтар тасып, сүйкімді кішкентай киім киіп, би билеп жүрдім.

Анам Мэтт ұсынған агент – Нэнси Карсонға бейнежазбамды жіберді. Бейнежазбада «Shine On, Harvest Moon» әнін орындағанмын. Жұлдызым жанып, ол мені кездесуге Нью-Йоркқа шақырды.

Нэнси үшін Манхэттен орталығындағы ғимараттың жиырмасыншы қабатындағы кеңседе ән айтқаннан кейін біз «Амтракқа» (пойыз) отырып, үйге қарай бет алдық. Таланттар агенттігімен ресми түрде келісімшарт жасастым. Олар мені алды.

Біз Луизианаға оралғаннан кейін көп ұзамай сіңлім Джейми Линн дүниеге келді. Лаура Лин екеуіміз онымен сағаттап ойнайтынбыз, ол құдды біздің қуыршағымыздай болатын.

Анам нәрестемен үйге келген соң бірнеше күннен кейін би жарысына дайындалып жатқанымда біртүрлі жайт болды. Ол костюмімнің жыртығын жамап жатты да, кенет лақтырып жіберді. Өзінің не істеп жатқанын білмеген секілді. Костюм, шынын айтқанда, өте нашар болған, бірақ ол маған жарысқа қатысу үшін керек еді.

«Анашым! Костюмімді неге лақтырдың?» – дедім де, кенет қан көрдім. Бүкіл жер қан. Босанған соң іші дұрыс тігілмеген, қансырап жатты. Әкемді шақырып айғайладым. «Не болды? Не болды?» – дей бердім.

Әкем оны ауруханаға алып кетті. Жол бойы: «Анам аман қалуы керек!» – деп айғайлай бердім.

Ол кезде мен тоғызда едім. Анасының қансырап жатқанын көру кімге болса да ауыр тиер, алайда тоғыз жастағы қыз бала үшін тіпті қорқынышты еді. Бұрын-соңды мұндай қанды көрген емеспін.

Біз дәрігерге жеткенде, олар оны екі секундта емдеп тастағандай көрінді. Сөйтсем, босанғаннан кейінгі қан кету соншалықты сирек жағдай емес екен. Бірақ сол бір жайт жадымда жатталып қалыпты.

Гимнастика сабағында әрқашан анамның терезенің арғы жағында аяқтағанымды күтіп тұрғанын тексеретінмін. Рефлекс секілді, өзімді қауіпсіз сезінуім үшін қажет. Бір күні әдеттегідей терезеден қарағанымда, ол орнында болмады. Бірден қорқып кеттім. Кетіп қалған еді. Ол жоқ еді! Мүмкін, мәңгілікке! Мен жылап жібердім. Тізерлей құладым. Сол кезде мені көрсеңіз, өліп қалды деп ойлайтын едіңіз.

Ұстазым мені жұбату үшін жүгіріп келді де: «Жаным, ол қазір қайтып келеді! Еш нәрсе етпейді! Ол жай Уолмартқа кетіп қалған шығар!» – деді. Сөйтсем, анам, расында, Уолмартқа барыпты. Дегенмен мен өзімді нашар сезіндім. Оның кетіп қалғанын көтере алмадым. Қайтып келгеннен кейін қатты ренжігенімді көріп, сабақ кезінде маған көрінетін жерде тұратын болды. Содан бірнеше жыл бойы анам мені қасынан тастамай жүрді.

Мен үлкен армандары бар кішкентай қыз едім. Мадонна, Долли Партон немесе Уитни Хьюстон сияқты жұлдыз болғым келді. Одан да қарапайым армандарым болған. Оған қол жеткізу тіпті қиын, дауыстап айту тым артық болып көрінетін. Әкемнің ішуді қойғанын қаладым. Анамның айқайлауын тоқтатқанын қаладым. Барлық адамда бәрі жақсы болғанын қаладым.

Отбасымның жағдайы күрт өзгеріп, нашарлап кетуі мүмкін еді. Еш нәрсе істей алмай қалуым мүмкін еді. Менде тек өз өнерім ғана бар еді. Манхэттендегі конференц-залда армандарымды жүзеге асыра алатын әйелдің алдында тұрғанда ғана әлдененің өз бақылауымда екенін сезетінмін.

Жан сырым

Подняться наверх