Читать книгу Жан сырым - - Страница 5

2

Оглавление

Ата-анам үйленген жылы алғашында Кентвудтағы шағын үйде тұрған. Анамды енді отбасы асырамайтын болғандықтан, өте кедей тұрған. Оған қоса олар әлі жас болған: анам жиырма бірде, әкем жиырма үште. 1977 жылы үлкен ағам Брайан туылды. Бұрынғы үйден көшіп, үш жатын бөлмесі бар шағын ранчо сатып алады.

Брайан туылғаннан кейін анам мұғалім болып, мектепке оралады.

Мұнай өңдеу зауыттарында дәнекерлеуші болып жұмыс істеген әкем (бір айға, кейде үш айға созылатын ауыр жұмыс) көп іше бастап, көп ұзамай бұл әдеті отбасына зиянын тигізбей қоймайды.

Анамның айтуынша, үйленгеннен кейін бірнеше жыл өткенде Барни атам жол апатынан қайтыс болып, әкем Брайан бір жасқа жетпей ішімдікке салынып кетеді. Брайанның кішкентай кезінде әкем рождестволық кешке ішіп келіп, ертесіне қаңғып кетеді. Сол кезде анамның да төзімі таусылған екен.

Сөйтіп, Лилидің үйіне кетеді. 1980 жылы наурыз айында ажырасуға арыз береді. Дегенмен Джун мен Джунның жаңа әйелі оның қайтып келуін өтініп, қайта барады.

Біразға дейін бәрі тынышталғандай болады.

Әкем дәнекерлеуді қойып, құрылысшы болады. Содан кейін көп қиналып, жаттығу залын ашады. Ол жер «Total Fitness» деп аталған. Нәтижесінде қаладағы біраз жігіттер, соның ішінде нағашыларым да бодибилдер болып кетеді. Ол жер біздің үйімізге көршілес жерде, жеке студияда орналасқан еді. Денесі буылтық-буылтық еркектер залға ағылып жатады.

Әкемнің ісі өте табысты бола бастайды.

Шағын қаладағы ең ауқатты адамдардың біріне айналады. Отбасым аулада үлкен шаяндар пісіріп, түні бойы би билеп, есер кештер өткізетін.

(Түні бойы ұйқысыз жүруінің құпия ингредиенті амфетамин деп ойлайтынмын, өйткені ол кезде бәрі соны ішетін.)

Анам болса әпкесімен, яғни тәтем Сандрамен бірге балабақша ашады. Некелерін нығайту үшін ата-анам екінші сәбилі болады, сөйтіп, мені туады. Мен 1981 жылы 2 желтоқсанда дүниеге келдім. Анам мені жиырма бір сағат бойы қиналып жатып, ауыр босанғанын айтудан шаршамайды. Отбасымдағы әйелдерді жақсы көретінмін.

Сандра әпкем екі ұлдан кейін отыз бес жасында күтпеген жерден сәбилі болып, Лаура Линді дүниеге әкелді. Арамыз бірнеше ай ғана, Лаура Лин екеуіміз егіз қозыдай едік. Ең жақын дос болдық. Лаура Лин мен үшін әрқашан әпкем сияқты, ал Сандра екінші анамдай еді. Ол мені үнемі қолдап, қатты мақтан тұтатын.

Өз әжем Джин мен өмірге келгеннен біраз уақыт бұрын дүние салса да, маған әжемнің анасы Лекси Пирсті көруді бұйырыпты. Лексидің әдемілігінде бір тылсым бар еді, ол аппақ бетіне қып-қызыл далап жағатын.

Біреулер әжемді құтырған кемпір дер еді.

Естуімше (күмәнім де жоқ), ол жеті рет тұрмысқа шыққан екен. Жеті рет! Күйеу баласы Джунды жақтырмағаны анық, бірақ қызы Джин қайтыс болғаннан кейін әкем мен оның бауырларын, одан кейін шөберелерін де бағып-қағып өсірген сол әжем болатын.

Лекси екеуіміз өте жақын болдық. Кішкентай кезімдегі ең жарқын және қуанышты естеліктерім онымен бірге өткізген сәттер еді. Екеуіміз бірге ұйықтайтынбыз. Түнде оның опа-далаптарын түгендейміз. Таңертең маған тойымды таңғы ас әзірлеп беретін. Көрші тұратын ең жақын досы қонаққа келіп, Лексидің үнтаспалар жинағынан 1950 жылдардағы баяу балладаларды тыңдайтын едік. Күндіз Лекси екеуіміз бірге бір мызғып алатынбыз. Оның опа-далабы мен өзіндік хош иісін сезіп, тыныс алуын тыңдап жатып, ұйықтап кеткеннен артық ештеңені жақсы көрмеппін.

Бір күні Лекси екеуіміз бір фильмді жалға алуға бардық.

Бейне жалға беретін жерге кетіп бара жатқанда өзге көлікке соғылып, бір шұңқырға түсіп кеттік те, шыға алмай қойдық. Эвакуатор шақыру керек болды.

Сол апат анамды қатты қорқытты. Содан бастап маған үлкен әжеммен араласуға рұқсат етпеді.

«Бұл сондай жаман апат болған жоқ еді!» – деп анама айтып, Лексиді қайта көруді сұрап жалынатынмын. Ол сүйікті адамым еді ғой.

«Жоқ, мен ол кісі қартайып қалды ма деп қорқамын, – деді анам. – Енді онымен жалғыз қалуға болмайды».

Содан кейін әжемді үйімізде көріп жүрсем де, онымен бірге көлікке отыра алмадым, үйіне қона алмадым. Өзіме аса қымбат адамды жоғалтып алғандай болдым. Жақсы көретін адамымның қасында болудың қандай қаупі барын түсінбедім.

Ол кезде әжеммен бірге болудан бөлек, сүйікті істерімнің бірі тығылмаш ойнау еді. Бұл кейін отбасылық әзілге айналып кетті: «Бритни қайда кетті?» Әпкеміздің үйінде үнемі тығылмаш ойнайтынмын.

Бәрі мені іздейтін. Енді үрейлене бастап, шкафтың есігін ашқанда ғана мені табатын.

Олардың мені іздегенін қалаған болсам керек. Көп жыл бойы тығылмаш ойнау сүйікті ісім болды. Тығылу арқылы жұрт назарын өзіме аударамын. Сонымен қатар билеп, ән айтқанды жақсы көретінмін. Аптасына үш рет шіркеу хорында ән айттым, сенбі күндері би сабақтарына қатыстым. Содан кейін бір сағаттық жердегі Ковингтон, Луизианадағы гимнастикаға бардым. Би билеуге, ән салуға, акробатикаға келгенде алдыма жан салмайтын едім.

Бастауыш сыныптағы мамандық күнінде заңгер боламын дейтінмін, алайда көршілер мен мұғалімдер мені «Бродвей әртісі» дейтін. Біртіндеп өзімді «кішкентай жұлдыз» ретінде қабылдай бастадым.

Алғашқы би кешінде үш жаста едім, ал бірінші жеке әнімді орындаған кезде төрт жаста едім: анамның балабақшасындағы рождестволық бағдарламада «Бұл қандай бала?» деген ән айттым.

Бәрінен тығылып, ешкімге көрінгім келмейтін. Шкафтың ішінде отырып, өзімді жоқ болып кететіндей, сондай кішкентай сезінетін едім. Дегенмен бәрінің назары маған ауған сәтте бөлек адамға айналатынмын.

Сөйтіп, айналамды басқара алатын болдым. Ақ колготка киіп, ән айтқанда бәрі қолымнан келетіндей сезімде болатынмын.

Жан сырым

Подняться наверх